Бибол Жұмағалиұлы. Мен қайта оянам!

2009 жылдың жазында Тараздағы дайындық курсын тәмамдаған Бибол Алматыға білімін жалғастыруға аттанды. Арада көп уақыт өтпей маусымның ыстығында Алматыдан суық хабар келді. 

Бибол Жұмағалиұлы. Мен қайта оянам! - adebiportal.kz

Мен Тараздағы студенттік жылдары екі ақын досымнан айырылдым. Бірі – марқұм Өрнек Күлекеев еді. Ол туралы алдыңғы жазбамда айтқан едім. Ал екіншісі – аз ғана уақыт аралассақ та, көңіл дәптеріне өшпей есімі қалған жас ақын Бибол Жұмағалиұлы.

Біз университеттің соңғы курсында оқып жүргенде Шығыс Түркістаннан бір топ қандас жастар Таразға дайындық курсына оқуға келді. «Араларында ақындар бар екен» дегенді ести сала Серік Жолдасбай екеуміз әдейілеп іздеп барып таныстық. Расында, сөз өнеріне ынтық, жүрегі жырға жақын жастар екен. Сол таныстық бізді бүгінгі Ербол Алшынбай, Ықылас Шалғынбай және басқа да жігіттермен табыстырды. Солардың арасында Бибол Жұмағалиұлы да бар еді. Сол күннен бастап жиі бас қосып, кейде күн сайын, кейде күнара кездесіп жүрдік. Біріміз жаңа жазған жырымызды оқып, біріміз әдебиет туралы пікірімізбен бөлісеміз дегендей. 

Сондай кездесулерде Бибол:

«Қашайын ба екен Ілеге,

Қарагерімді қамшылап,

Жанардан жасым тамшылап,

Даңғаза мынау тірліктен

Өзімді түгел аршып ап, – деп жырласа. Бірде: 

«Кетіп жатыр кір дүние кінә артып,

Өтіп жатыр мұң дүние мұнартып.

Мейлі, қойшы,

маған мынау жалғанда,

Барлығынан жалғыз шумақ жыр артық, – деп жазатын.

Биболдың мінезі бірқалыпты еді. Ол ешқашан асығып-аптықпайтын, артық қимылға да, артық сөзге де әуес емес, жер сілкінсе де селт етпестей сабырлы, ұстамды жан еді. Ақынның мінезі мен поэзиясы бір-бірінен ажырамас тұтас әлем ғой.  Оның өлеңдері де өз болмысынан алыс кеткен жоқ.

Сондай-ақ Биболдың өлеңдерінен қазақы дәстүрі мен мол мұрасы берік сақталған өңірде дүниеге келіп, сол ортаның тәлімі мен тәрбиесін бойына сіңіріп өскені аңғарылып тұратын. Ол 1988 жылдың 3 шілдесінде Шығыс Түркістандағы Іле Қазақ автономиялық облысы, Тоғызтарау ауданында дүниеге келген. 

Осылайша жүргенде бір жылға жуық уақыт өте шықты.

2009 жылдың жазында Тараздағы дайындық курсын тәмамдаған Бибол Алматыға білімін жалғастыруға аттанды. Арада көп уақыт өтпей маусымның ыстығында Алматыдан суық хабар келді. Достарымен бірге Талғар өзеніне шомылуға барған Бибол қайта оралмапты. 

Естіген бойда Тараздан бірнеше жігіт жолға шығып, Жетісудың табиғаты ерекше, өз мінезінімен үндесетін сұлу беткейіне Бибол ақынды қимай да қимай жерлеп қайттық. 

Мен қайта оянам!

Шолпанын туғанда таңғы аспан,

Бәсірем жер тарпып таңды асқан.

Бөрілі байрағым желбіреп,

Қолымда жарқылдап алдаспан.

Мен қайта оянам!

Бұл Биболдың құлпытасында тұрған өлеңі. 

Кейін Биболдың артында қалған өлеңдерін ағалары мен достары жинақтап, «Ан Арыс» баспасынан «Мен қайта оянам!..» деген атпен жарыққа шығарды. Бұл жинақты – не бары 21 жыл ғана ғұмыр кешкен ақынның өмірде қалдырған ізі деуге болады.

Жас ақынның өлеңдерін оқыған Таласбек Әсемғұлов: «Апыр-ай, мына баланың өлеңдерінен ақыреттің исі шығады екен», депті. Мұны Биболдың өзі де сезбеген болар. 

Бибол Жұмағалиұлының өлеңдерін «Әдебиет порталынан» оқи отырыңздар.  

***

Ей, адам, маған қабағың түйме,

Бақытты сүйгем кеше мен.

Ал бүгін іштім мейханаларда,

Көзімнің жасын кесемен.

 

Арғымақ мініп шауып жүргенде,

«Қысметті» айтып қымсынбай,

Құлағым шалды алты ала қаздан,

Сумандап шыққан сұңқылды-ай.

 

Дір етті жүрек,

        сезіктендім мен,

Емес-ау есте жақсылық.

Қайғыны маған табақтап тартты,

Тасбауыр тағдыр бас қылып.

 

Ағыл да төгіл ағып жатқанмен,

Көзімнің қазір сорасы.

«Көлінде жатып көркейе алмас

Ортайса көлдің қоғасы».

 

Болар да болар көңілім менің,

«Пыр-пырлай ұшқан қасқалдақ».

Бейішім келіп өмірімдегі,

Кетемін ертең аспандап.

 

***

Мына маған дәулет бітті сенсеңіз,

Берер едім бөлісем деп келсеңіз.

Баяғыда байлығымды мыңғырған,

Алып кеткен өзіменен он сегіз.

 

Қараңызшы!

        Менде қандай жылқы көп,

Белден белге асып жатыр дүркіреп.

Құлан шалыс, құндыз түкті құнандар,

Сауырына шыбын қонса сілкінед.

 

Сүт сәулесін еміп тұрып айдың да,

Апай төсін ұрып алып айдынға.

Жалт-жұлт етіп жағалауда жүреді,

Қап-қара бір айғырлар.

 

Құрық алып күзет тұрсаң кешкілік,

Шайнасады бесті дауысы естіліп.

Сен барғанда үрке-үрке қарайды,

Арғымақтар үдірейе осқырып.

 

Кілең бәрі қамыс құлақ, қаз мойын,

Жусады-ай бір жылқыларым жаз бойы.

Қысқа салым мекендеді сап-сары,

Сар қамысты саз бойын.

 

Отарға айдап мен соларды аттанам,

Ұлып-ұлып қарсы алады ақ боран.

Соны өріске салып қойып жатайын,

Бұрын ешкім таптамаған, таппаған.

 

Отар ғой деп от арудың от демін,

Үйір-үйір жылқылардай беттедім.

Үйір-үйір ұлы сағынышымды,

Дүркіретіп саған қарай беттедім.

 

***

Әке!

Шешем кетіп дүниеден тым ерте,

Тамұқ болып кетті білем гүл өлке.

Ақын болып кетер болсам мен егер,

Шумақ-шумақ жыр арнаймын күні ертең.

 

Мұңға бола қалмайықшы таусылып,

(Қане келсін қасіреттер қаншылық!?)

Бұлт торлаған күліп бір күн көк аспан,

Қаларсың-ау қалың мұңнан аршылып.

 

Кетіп жатыр кір дүние кінә артып,

Өтіп жатыр мұң дүние мұнартып.

Мейлі, қойшы,

        маған мынау жалғанда,

Барлығынан жалғыз шумақ жыр артық.

 

Әкетайым, бұл күндері күнім мұң,

Бақыт іздеп сан сабылдым, сүріндім.

Бақыт деген жыр құшағы ұлыңа,

Басқа бақыт садағасы жырымның.

 

Аман болсаң, аман болса өлеңім,

Әйтеу бір күн бәйгемді алып келемін.

Ешкім мені қаға алмайды тіземенен,

Себебі, мен достарыма сенемін.

 

Сенемін мен ақиқатқа ауырған,

Сенемін мен ағаларға бауырмал.

Ертең олар ем-домдарын істейді,

Арқамдағы ер қажаған жауырға.

 

Көрінетін болса ұлыңа соңғы нұр,

Құлағына естіледі мол дүбір.

Пырағыңның тұяғынан сен жайлы,

Жалғыз шумақ оқылады...

                                        соңғы жыр.

 

Желтоқсан монологі

Басымды тауға ұрдым, тасқа ұрдым,

Жұбатар дейсің бұл жас кімді.

Қасым хан жұртына қарап ап,

Ұлыған жаралы қасқырмын.

 

Жебеден жанымды улаған,

Сұп-суық бір хабар тыңдағам.

Қай қырдан кісінеп келеді,

Бәсірем – мінгізген ғұн бабам.

 

Жанымды басады батпан мұң,

Ерлігім қан болып аққан күн.

Аспаннан күтемін жасындай,

Семсерін сақтардың.

 

Ақын боп шағамын айға мұң,

Жырлайтын тарылды айлағым.

Қай шыңға апарып қадаймын,

Бабамның бөрілі байрағын.

 

Ылғи да түс көрем түндерде,

Дұшпаным күлсе де іргемде.

Қып-қызыл қанымнан нәр алып,

Бәйшешек қаулайды мүрдемде.

 

Мен қайта оянам!

Шолпаным туғанда таңғы аспан,

Бәсірем жер тарпып таңды асқан.

Бөрілі байрағым желбіреп,

Қолымда жарқылдап алдаспан.

Мен қайта оянам!

 

***

                   Бірақ та, жынданып кететін

                  Мен саған Мәжнүн емеспін.

                                                       Ж. Жақыпбаев

Арасы түс пенен елестің,

Білмеймін не сезіп, не кештім.

Қарғам-ау, мендағы жынданып

кететін Мәжнүн емеспін.

 

Жұматай ақын көп жырлаған,

Әуенді мендағы тыңдағам.

Есі жоқ сезіммен соңғы рет,

Қоштасып кеткенмін Құлжада.

 

Кейін де көп қызға «ұрындым»,

Салты ғой олдағы ғұмырдың.

Түсінген бірі жоқ,

    жөнелдім,

Соңынан қаңғыған жырымның.

 

Қыз ғой деп өзіңді ұятты,

Іздедім тұрақтар миятты.

Амал не, қаламның ұшынан,

Қағазға қасірет жиі ақты.

 

Жамылып досымның шапанын,

Қымыздай мұңымнан татамын.

Жырымның соңынан қаңғыдым,

Сірә да бітпейді сапарым.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan