Ертегінің балаға берер үш пайдасы

Бала психологиясын зерттейтін ғалымдар ертегінің бүлдіршін дамуына берер игілігі зор екенін айтып, оны күнделікті оқудың пайдасымен жарыса бөлісуде. 

Ертегінің балаға берер үш пайдасы - adebiportal.kz

«Ертегі – фольклордың негізгі жанрларының бірі. Ол – халық  прозасының дамыған, көркемделген түрі, яғни фольклорлық көркем проза. Негізгі мақсаты – тыңдаушыға ғибрат ұсынумен бірге эстетикалық ләззат беру. Ертегінің атқаратын қызметі кең: ол әрі тәрбиелік, әрі көркем-эстетикалық рөл атқарады. Бүкіл жанрлық ерекшелігі осы екі қызметтен шығады. Сондықтан ертегілік прозаның басты міндеті – сюжетті барынша тартымды етіп, көркемдеп, әрлеп баяндау», - деп қазақтың фольклортанушы ғалымы Сейіт Қасқабасов айтпақшы, ертегі кімді болмасын алаңсыз бала шақтың таусылмас арманына жетелейтін тартымды сюжетке құрылған, эстетикалық мәні зор ерекше жанр. 

Бүгінде бала психологиясын зерттейтін ғалымдар ертегінің бүлдіршін дамуына берер игілігі зор екенін айтып, оны күнделікті оқудың пайдасымен жарыса бөлісуде. Сәби шағынан тұрақты түрде ертегі тыңдап өскен баланың ой-өрісі, таным-түсінігі, ұшқыр қиялы дамып, тілі ерте шығады. Сондай-ақ, ертегі оқуды әдет қылған ата-ана баланың тез сөйлеуіне оң әсерін береді дейді мамандар. Бұл бір деңіз. Екіншіден, зерттеулерге сүйенсек, ертегі бала бойындағы түрлі қорқыныштарды еркін еңсеруге көмектесетіні белгілі болған. Бала дүниетанымының әр жастағы дамуына қарай түрлі қорқыныштары болады емес пе?! Мысалы, бір бала қараңғыдан, жабық бөлмеде болудан қорықса, енді біреуі жалғыз қалудан, судан қорқып жатады. Мамандар ертегіні дауыстап, рөлге еніп оқып беру арқылы баланың бойындағы осындай қорқыныштарды табиғи жолмен жеңуге болатынын айтады. Мәселен «Қараңғы орманда жалғыз келе жатқанда...» деп басталатын тылсым сюжетке құрылған ертегілерде бала сол эмоцияны сезініп, кейіпкердің орнына өзін қою арқылы ойша параллель жүргізеді. Қараңғыда өзі жалғыз келе жатқандай үрейді бойынан өткеріп, ертегі соңында кейіпкер жеңіске жетіпті, бақытты болыпты деген сөздер бала көңіл-күйіне, ішкі сезімдеріне ерекше әсер етеді. Кейіпкердің мақсат-мұратына жетуі арқылы қорқыныш пен үрей сезімі қуаныш пен бақытқа алмасады. Осы тұста бала қорқынышты жеңуге, оны бағындыруға болады екен деген сигналдарды миға жіберіп, өмірде де оны жеңіл қабылдай бастайды. Үшіншіден, ертегі – балаға шексіз қиялдауға мүмкіндік сыйлайтын ерекше әлем. Мида шектеу жоқ екендігінің айқын көрінісі ертегіден бастау алғандай. Ертегі тыңдап отырған бала өз қиялында кейіпкерлерді түрлі-түрлі етіп елестете алады. Сол арқылы олардың рөлдеріне сай әрқилы дауыс ырғағын келтіру сияқты іс-әрекеттер эмоционалдық интеллектіге, баланың ортаға жеңіл үйренуіне септігін тигізетіні анықталған. Мысалы, қазір бүлдіршіндер арасында танымал «Груффало» ертегісін оқи отырып, ондағы кішкентай тышқанның дауысын әлсіздеу, нәзік етіп шығарып, оның алдынан кезіккен қасқырдың дауысын батылырақ әрі қорқынышты етіп дыбыстау – тыңдап отырған балаға түрлі мінезді жеткізіп қана қоймай, оған болашақта өз эмоциясын да дұрыс меңгере алуды үйретеді. 

Осы тұста, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегінде ертегі жайлы айтқан мына сөздері еске түседі. «Бала ертегіні жан тәнімен тыңдайды. Оған шын көңілмен сенеді. Бала құрғақ ақылды ұқпайды, жандандарып, суреттеп алып келсең ұғады. Мысалы, балаға өтірік айтпа деген құрғақ сөзің желге айтқанмен бірдей. Егер, сен балаға өтірікші туралы ертегі айтсаң, сол ертегіде өтірікшінің өтірігі үшін қор болғанын, зиян көргенін сезінсе, міне, бала өтірік айтпау керек екендігін сонда ұғады»,- дейді жазушы. Бала психологиясын зерттеген педагог, көрнекті ақын ұрпақ тәрбиесінде ерте­гінің маңызы қаншалық зор екендігін өз еңбегінде дәл келтірген. 

Жүрегі таза, қиялы ұшқыр, санасы аппақ парақтай, ақпаратты жылдам сіңіріп алатын әр бүлдіршін ертегідегі кейіпкерлердің қылығына шын сенетінін атап айтқан. Жағымды-жағымсыз образдағы кейіпкерлермен қуанса бірге қуанып, мұңайса бірге күрсінетін бала қиялы үшін ертегінің беретін игі нәтижесі қашанда мол. Балаға біреудің ала жібін аттама, өтірік айтпа, ұрлық жасама, сабағыңды жақсы оқы, білімді бол деп ақыл айтқаннан гөрі, ертегі арқылы мысалмен келтіріп, кейіпкерлердің әрекеттерімен дәл жеткізе білу,  соңында «Сен қалай ойлайсың, ол неге өтірік айтты?» деген сынды сұрақ қою арқылы ой тастап, шешім шығаруды баланың өзіне қалдыру – Жұмабаев  айтқан тамаша тәсілдердің бірі. Ертегіні оқып отырып, қателіктерді емес, сол шығармадағы кейіпкерлер мен бала арасындағы жетістіктер һәм жеңістерін теңестіре отырып байланыстыру – әдемі әдіс. Соңында бала ертегіден қорытындыны өзі шығарып, ондай іс-әрекеттердің бұрыстығын түсіне алуы да аса маңызды. 

Бұл туралы жасөспірімдер психологы, психотерапевт Зере Смағұл былай дейді: «Бала ертегіні оқығанда не ата-анасы оқып бергенде, ол сол ертегінің ішкі сюжетін өзіне «өлшеп» көреді. Егер ертегідегі бас кейіпкер яки қаһарман мен болсам былай істейтін едім, ал былай істемейтін едім деген сияқты ой әр балада туындайды. Бұл ми қатпарларының дамуына, өмірде кездесетін тығырықтардан шығу жолдарын үйренуге болашақта үлкен септігін тигізеді. Баласына немесе немересіне ертегіні тұрақты оқуды әдетке айналдырған жандар ең әуелі, баламен эмоционалдық тығыз байланыс орнатады. Күнделікті күйбең тіршілікпен балаға сапалы уақыт бөле алмай жүрген ата-ана үшін «ертегітайм» баламен арасындағы жақындықты жандандыра түседі. Бүгінгі уақытта ұрпақ тәрбиесіндегі ең маңызды дүниенің бірі – балаға сапалы бөлінген уақыт. Ата-анасымен эмоционалдық жақындық балада ішкі сенім мен тұрақтылыққа жетелейді. Статистикаға сүйенсек, болашақта ондай балалар табысты болады. Кез келген қиындықты жеңіл өткеріп, биік белестерді оңай бағындырады. Бала кездегі бір жақсы әдет – мықты тұлға болып қалыптасуда маңызды рөл атқарады»,- дейді маман.

Ал ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин ертегі турасында: «Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады»,- деген. Ұлы ағартушының өз заманында айтып кеткен ойы бүгінгі ұрпақ үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Баламен бірге рөлдерге бөлініп ойнау, ертегі желісін үйде шағын қойылым ретінде сахналау да бала дамуы үшін оң дүние. Бөбек үш жасқа жақындағанда баланың даму сатысында шақалақ кезден бастап айтылған ертегілер балаға ерекше игілігін береді екен. Сонымен ертегі баланың эмоциясын дұрыс басқара алуына, жақсы-жаманды байыппен ажырата білуіне, қорқыныштарымен жеңіл күресуіне, қиындықтан кейін қуаныш, жамандықтан кейін жақсылық келетініне сендіретін ғибратты әңгіме, өсе келе ішкі тірегі мықты болып қалыптасуына көмектесетін көркем құрал деп нақты айта аламыз. Жастайынан баланың кітапқа құмартып, рухани бай болуына себепкер болатын да  – ертегі.   

Ертегіні баланың жас ерекшелігіне қарай ғалымдар мен психологтар төрт негізгі топқа бөлген. Олар баланың қиялын, тілін және ойлау жүйесін дамытуы  бойынша былайынша жүйеленген екен. Бала ертегіге алғашқы қадамдарын бір-үш жас аралығында бастаса, бұл жастағы бөбектерге қарапайым және ырғақты шығармалар қажет дейді зерттеушілер. Мысалы, жануарлар туралы қысқа әрі көңілді ертегілер. Бұған сюжеті жеңіл, қайталанатын сөздері мен қарапайым оқиғалары бар «Бауырсақ», «Шалқан», «Мақта қыз бен мысық» сияқты ертегілер жатады. Бұл жаста ертегі оқу – баланың тілін дамытып, дыбыстарды тануға үйретеді. Ал үш-бес жастағы балаларға басымдықты қиялдың дамуына, ойдың ұшқырлығына қою керек. Бұл жастағы балалар  қоршаған ортаны белсенді танып, кейіпкерлермен бірге қуана бастайды. Өз сезімдерін түсіну арқылы, эмпатияны меңгеріп, логикалық ойлау жүйесі дамиды. Сол себепті ертегі түрлері де тұрмыс-салт және адамдар мен жануарлардың қарым-қатынасы жайлы болғаны абзал деседі. Жақсылық пен жамандықтың айырмашылығын көрсететін сюжетке құрылған «Қызыл телпек» ертегісі осы жастағы балаларға әдемі келеді. Ал бес-жеті жастағы жақсы мен жаманды ажыратып, қиял-ғажайыпқа қызығатын кезеңдегі балалар үшін «Мақтаншақ үйрек» немесе «Тазша баланың өтірігі» сияқты ертегілер сай келеді. Бұл жаста балаға мақтану мен өтірік айтудың зардабын көрсетіп, тапқырлық туралы түсіндірген дұрысырақ. Мектеп жасындағы балаларға сюжеті мен мағынасы терең, құрылымы күрделірек адамгершілік, адалдық, еңбекқорлық немесе адал достыққа үндейтін ертегілер оқыған абзал. Бұл кезеңде оқушы балалар шынайы өмір мен адам психологиясына мән бере бастайды. Мәселен, батылдық, Отанды қорғау, бірлік туралы тақырыпты қаузаған «Ер Төстікті», сондай-ақ, адамды сыртқы түріне емес, ақылы мен әділдігіне қарай бағалауды үйрететін «Аяз би» ертегісін айтуға болады.

Қорыта келе, сонау көне замандағы алғашқы қауымнан бастауын алған ертегі жанры – ғажайыпқа сендіретін көркемдік ойдың ошағы. Өзінің қалыптасу тарихынан бастап, әр кейіпкері арқылы адамзатты мейірім мен махаббатқа, достық пен бауырмалдыққа, ерлік пен батылдыққа баулып келеді. 

Баланың қиялына қанат бітіретін ертегі туралы белгілі  академик, қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезов: «...ертегі деп баяғы  замандағы елдің дүниеге көзқарасын білдіретін, я сол көзқарастың белгілі ізін көрсететін, онан соң белгілі елдің салтын білдіретін, арнаулы үлгі айтатын; жамандықты жерлеп, жақсылықты көтеріп айтқан, ойдан шығарған көтерме әңгімені айтады»,- деген еді. Жақсылық пен ғажайыпқа сендіретін балалар әдебиетіне қалам тербер жазушыларымыз көп болғай!

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan