Кезінде «Елім-айды» бір қойға айырбастап оқыған

156

Кезінде «Елім-айды»  бір қойға айырбастап оқыған - adebiportal.kz

Жазушы, драматург, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, журналист, атақты «Елім-ай» трилогиясының авторы Софы Сматаев бүгін 85 жасқа толып отыр. Арқаның аңызы атанған рухы биік қаламгердің қазақтың қара сөзі мен әдебиетіне деген құштарлығын әкесі қалыптастырған екен. 

Софы Қалыбекұлы Сматаев – 1941 жылы 22 маусымда таңғы сағат жетілер шамасында, Фашистік Германия әскері елімізге соғыс ашқан күні Қарағанды облысы Ағадыр ауданы, Киік елді мекенінде өмірге келеді. Шағын теміржол бекетінің бойында орналасқан ауылда оқып, сонда ер жетеді. Әкесі майданға аттанғанда сәби болған жазушы әкесі жоқта әкесінің туған ағасын «әке» деп атап кетсе керек. Араға 5 жыл салып, майданнан балдақпен оралған жаралы әкесін танымаған бала Софы, қорыққанынан төсектің астына тығыла берген. Жазушы естеліктерінің бірінде: «Балалық шағымыз соғыспен тұспа-тұс келді. Біз Кеңес Одағы кезінде өмір сүрдік қой. Өзінің қарамағындағы әр ұлтқа өткеніңе үңілме, кеткеніңе бүгілме деген саясатты насихаттаған СССР-дің қатқыл заманы еді. Менің жазу-сызуға ден қойып, қызығып жүргенімді әкем байқап қалады. Сәкен Сейфуллиннің әкесі Садуақаспен араласқан әкем, олардың жазықсыздан айдалып бара жатқанын көрген соң, менің жазу-сызуға келгенімді әу баста құптамады» дейді. Кейін Мәскеу Әдебиет институтына оқуға түсіп тұрған студент Софы, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің кеңесімен Мәскеуде техникалық бағытта оқуға түсіп кете барады.

«Мен тек шындықты ғана жаздым, ақиқатты ғана аңсадым, әділетті ғана іздедім» дейді қаламгер өз сөзінде. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңы мен жетпісінші жылдарының басында ұлттық тарихты айтпақ түгіл, елім деп егіле алмайтын шақта, жазушының көлемді «Елім-ай» тарихи романы жарық көреді. Шығармаға арқау болған – XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ халқының азаттық жолындағы күресі еді. 1723 жылы көктемде жайлауға көшуге жайланып отырған қалың елді жоңғар қалмақтары он мың қолмен шабады. Үлкен ұрыстан аман қалған халық, басы ауған жаққа үдере көше бастаған. «Елім-ай» зары сол трагедияның жаңғырығы десек те болар. 

Роман жайлы ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, әдебиет сыншысы Аманхан Әлім: «Софы ағаның «Елім-айы» ұлт тағдырын тұтастай қамтыған кең панорамалы проза. «Елім-айды» оқып отырғанда автордың ақын екенін бірден аңғаруға болады. Өйткені шығармада ақындық пен жазушылықты әдемі үндестіріп бергенін көреміз. Бұл сирек құбылыс» деп баға берген. Ал ақын Болат Үсенбаев Софы Қалыбекұлы турасында: «Қазақ әдебиетінде тарихи роман жазып, тыңнан жол салған, оқырманға жаңа серпіліс туғызған қаламгер, -» десе, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ысмақова: «Тәуелсіздіктің иісі де шықпаған заманда, қазақтың әдебиеті, қазақтың тарихы деген концептіні «Елім-ай» романымен орнықтырып берген – Софы Сматаев еді. Сол кезде бәрімізді елең еткізгені, прозалық шығарманың өлеңмен жазылған тұстары болатын. «Елім-ай» романының бір тарауы прозамен жазылса, енді бір тарауы өлеңмен жазылғанына қалайша деп таңқалғанымыз рас» дейді. 

Иә, жалаң мақтауға мұқтаж емес жазушыны қалай деп бағаласақ та дөп келер. Тұтас ұлттың жан-жарасын жазу – аса бір жауапкершілікті іс. Қарап отырсақ, ол кезде автордың өзі отызға жетер-жетпес жаста ғана екен. «Қаратаудың басынан көш келеді-ай, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді-ай» деген осы бір мұңлы жыр –  «Елім-ай» романына түрткі болған. Зұлмат жылдардың трагедиясынан сыр шертетін «Елім-айдың» алғашқы таралымы жүз жиырма мың данамен шыққан. «Ол кезде мұндай таралыммен таралу деген жоқтың қасы. Сол жүз жиырма мың дана бір айға жетпей өтіп кетті. «Елім-айдың» бірінші кітабын бір қойға айырбастап алғанды да өз көзіммен көрдім» дейді рухты жазушы.

Софы Қалыбекұлының шығармалары – өте терең, оқырманын философиялық ойға жетелейтін кең тынысты дүниелер. Мұның айқын дәлелі – қаламгердің «Мұңлы ойлар» атты афоризммен көмкерілген кітабы. Ақын жүректі тұлғаның әрбір сөзі афоризмге ұштасып, толық бір кітап болып басылып шыққан.  Одан өзге «Әулет сыры» дастаны, «Аналар-ай, даналар-ай», «Жарылғап батыр», «Жылдарым-жырларым», «Мәңгілік бастауы», «Мен тірімін» атты кітаптары бар. Сәкен Сейфулиннің «Көкшетау» поэмасының негізінде жазылған ақынның «Жұмбақ қыз» либреттосын, талантты композитор Сыдық Мұхамеджанов музыкамен әрлеп опера еткен. Әдебиет майталманының шығармашылық қоржыны драматургиядан да кенде емес. «Жұлдызым менің жоғары», «Зар заман» пьесаларында адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі –  азаматтықты биікке көтеру насихатталады. Небәрі отыз жасында «Елім-ай» деп роман жазған ұлттың ұлы жазушысы Софы Сматаев – бүгін де 85 жаста! Әдебиеттің барлық жанрында еркін қалам тербеген ұлы тұлға алғашқы «Елім-ай» кітабын осыдан 45 жыл бұрын жарыққа шығарған екен. Арада жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, сөз зергері Софы Қалыбекұлының маржан туындысы халық үшін қашанда қымбат, елі үшін әрдайым өзекті. Ойы ұшқыр, сөзі өткір драматург ағамызға қашанда қаламыңыздың сиясы кеппегей дейміз!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan