Кеш келген өкініш
Өмір бойы табыт жасауды кәсіп қылған шалдың соңғы сәтіндегі өкініші жайлы айтатын шығарма кімдікі?
Өмірден тек есеп көретін, адамды, уақытты, сезімді болсын, «оның маған берер пайдасы не, шығыны қанша?» деп қана қарайтын адамды түсіне аласыз ба?
Осынша жасқа келдік, өмірді көрдік, не түйдік, нені бағалауды үйрендік немесе кімнің қадіріне жетпей жүрміз? - деген сұраққа ерте ме, кеш пе, бұрылмасқа болмайды. Жақында біздегі сайттар шетелге көшіп кеткен апалы-сіңлілі қыздардың осы елдегі әкелерінің қайтыс болғанын төрт айдан соң естіп-білгені жайлы жамыраса жазып жатты. Әрине, бұл жерде әртүрлі мәселелер болуы мүмкін, мүмкін, ата-аналары ажырасып, балаларымен байланыс болмаған шығар, біз шынайы жағдайды түгел білмейміз ғой. Ол түгілі бір елде, жақын отырып та кәрі ата-анасымен сирек хабарласатындар бар. Шыны сол, жанымыздағы жанды емес, TikTok-тағы көрілімді көбірек бағалайтын кезеңге келдік. Телефон мен әлеуметтік желіге тәуелділіктен бір-бірімен сөйлеспейтін, бір үйде тұрғанымен, бір-біріне көңіл бөлмейтіндер қаншама. Сосын бір күні жақын адамымыздан көз жазып қалғанда: «Тағы бір рет сөйлессем ғой», - десіп, керемет шақтарын бағаламай, кейін барып: «Сол кездер қайтып келгенде ғой», - деп өкініп жүру де адамның табиғатына тән бе…
Қазір коучтер болсын, әлдебір жарнамаларда болсын: «Өміріңді өзгерт», деп жатады ғой. Тап бір оп-оңай нәрсе сияқты. Сондайда «өміріңді өзгерт» демей-ақ, бір кейіпкер арқылы-ақ өмірді қай жағынан танып-көруге болатынын көрсететін жазушылар ойға оралады. Бұны баяғыда оқысам да, оқыған сайын басқа қырынан ашылатын әңгіме деп есептеймін. Жас кезімде бұндағы кейіпкер маған бір байғұс сараң шал болып көрінетін, қазір оның сараңдығынан бұрын бос өткен өмірін ойлаймын. Қызық болсын, бұның кімнің шығармасы екенін бірден айтпайық, оқырман өзі есіне түсіреді.
Сонымен… деревнядан да нашар шағын қалашықта бір табыт жасаушы шал болады. Ол өзі табытты қатырып жасайтын, ер адамдарға кең жататындай, ыңғайлы етіп, әйелдерге келістіріп, тек балаларға жасауға көңілі онша соқпайтын. Шағын қалада адам аз болған соң қаза көп емес, нанын содан тауып күнелтіп отырған табытшының табысы өте аз, тұрмысы өте жұпыны. Оның тағы бір сүйікті ісі - скрипканың құлағында ойнайды. Кейде оны жергілікті ансамбльге адам жетпей жатыр деп шақырып, елу тиын төлейтіні бар. Бірақ ол сондағы бір жігітті ұнатпайды, анау флейташы жігіт тіпті салтанатты тойдың үстінде де флейтасын қайдағы бір мұңға батырып ойнайтын да, шалдың жүйкесіне тиетін. Содан ол кесірленіп, жігітке тиісіп, жәбірлейтін. Содан да мінезі ауыр шалды ондай жерге де сирек шақыратын.
Бір күні кемпір сырқаттанып қалады, шал болса әдеттегідей бір бөлмеден тұратын үйіне келіп, шығындарын есептей бастайды. Соңғы кездері оның шығындары көбейген үстіне көбейіп бара жатқан. Ол есебіне кіріскенде кемпірі бүкшие түсетін, өйткені өзін пайдасыз, құр арамтамақ көретін. Сол күні де шал есеп жүргізіп, тіпті жылдық шығынын есептеп, мың сом шығыны барына көзі жетіп, жүзі күреңітіп, қатты қапаланып, қайғыға батады.
Осы кезде кемпірі оны: «Мен өлгелі жатырмын», - деп қасына шақырады. Шал осы сәтте өмір бойы бозарып, өңі қуарып жүретін кемпірдің екі беті алаулап, бір әдемі күйде жатқанын, біртүрлі әлденеге қуанып жатқандай күйін көріп таңғалады. Марфа шынымен біртүрлі сұлуланып,
тап қазір осы үйден, шалынан, оның өмірі бітпейтін есебінен, мына қараң қалғыр жоқшылықтан кететініне қуанып жатқандай еді. Сол кезде шал оған еш уақытта жылы сөз айтпағанын, еш уақытта жаңа орамал да сыйламағанын, тіпті өзі барған тойдан тәтті бірдеңе әкелмегенін де, құр шығын деп шай ішуге де рұқсат етпегенін ойлайды.
Кемпірін дәрігерге апарады. Дәрігер науқастың беті бері қарамайтынын дөрекі түрде білдіреді. Келген соң Марфа пешке қарап ұзақ тұрады, от жағайын десе шамасы жоқ, тұла бойы дел-сал, бірақ жатайын десе шалы: «Түк істемей жата бересің», - деп айта ма деп… Бұл кезде діни мерекелерге байланысты және жексенбіде жұмыс істемейтін қағида бойынша не болса да бүгін үлгерейін деп шал табыт жасауға кірісіп кеткен еді.
Сөйтіп ол кемпірі өлмей тұрып оған арналған табытты жасап бітіріп: «Марфа Иванова. 2 сом 40 тиын», - деп жазып қояды. Кемпір қайтар алдында шалына: «Елу жыл бұрын біздің сәбиіміз жарық дүние есігін ашып еді ғой. Ол ақсары шашты қыз еді, біз өзен жағасында ән салып едік», - дейді. «Сандырақтап жатырсың ғой», - дейді шалы. Кемпір ұзамай жер бетіндегі өзін қажытқан нәрсенің бәрінен босап, қайтыс болады. Шал шіркеу қызметкеріне ақша төлемес үшін псаломды өзі айтады, жер қазу да тегінге түседі, оның қарауылшысы кіндік баласы болатын. Ол Марфаны жерлеудің қымбатқа түспегеніне қуанады, өмірлік серігімен соңғы рет қоштасу алдында табытты қолымен ұстап көріп, өз жұмысына өзі сүйсініп: «Тәуір жасалған», - деп сүйсінеді.
Бірақ кемпірді жерлеп үйге келгеннен кейін өзін жайсыз сезінеді, кемпірін ойлай береді, елу екі жылда оған бір жылы сөз айтпағанын, үйде жүрген күшік не мысық сияқты қарағанын, кейде ұрмақ болып оқталғанын... Марфаның елу екі жыл бойы осы үйге от жағып, тамақ жасап, су тасып, отын жарып, бұл мас келгенде скрипкасын әрі алып қоятын, барлық уақытта жанында болған. Осы жерде ішіңде бірдеңе болып жатады, бейшара Марфаның ажалды қорықпай күтіп жатуы, бақиды өмірден жақсырақ көргені - оның бүкіл ғұмыры сүйіспеншіліксіз, мейірімсіз өткенінен еді (е-е-е, адам жанындағы адамды жоғалтқан кезде оның кім болғанын ғана емес, өзінің де кім болып өмір сүргенін түсінеді екен. Кейде біз адамнан бұрын, өміріміздің кей сәттерін көбірек жоқтаймыз).
Яков Марфа айтқан сәби туралы ойлайды. Марфаның есінде бар, Яковтың есінде жоқ. Бұл қалай? Осы жерде діні қатты деп жазғырып отырған шалды да еріксіз аяп кетер едің.
Өйткені, ойыңа сап ете түседі, автор басында табытшының балалар табытын жасағысы келмейтінін, жасаса ниетсіз жасайтынын айтты ғой. Шынында, Яков бұл жерде өзі түсінбейді, ол үлкендердің табытын кәсіп ретінде жасайды, ал балалардың табытына келгенде қолы жүрмейді, бұл адамның ішінде қанша тасбауырлық болса да, сәби қазасына деген табиғи қарсылығы еді.
Бұдан оның жүрегі толық өлмегенін, тек ішінде бірдеңе қатып қалғанын көреміз. Өйткені қайғыны ұмыту мүмкін емес, керісінше, адам ең ауыр қайғысын жүрегінің терең түкпіріне көміп тастауы мүмкін, ол сөйтіп қызынан айырылғанда қайғырудың орнына тіршілік қамымен кетіп қалған ғой. Сондағы ең әсерлі жері – өлер алдында өзенге баратыны.
Қараңызшы, автор шалдың өлер алдында өзенге баратынын қалай жаза алған, тағы да бас иеміз! Өйткені осы әңгімедегі ең үлкен символ осы өзен, яғни, өзен деген - өмір! Яков қырық-елу жыл бойы келмеген өзенге қарап тұрып таңғалады, өзінің қаншама мүмкіндіктен айрылғанын түсінеді. Бұл өзенде балық бар еді, соны аулап сатуға болатын еді. Бұл өзенде қайықпен жүзіп отырып, скрипка тартып та халықтың көңілін көтеріп ақша табуға болатын еді. Немесе қаз асырап, оны базарға сатуға болар еді, немесе.... Ол болса осының бірін ескерместен өмір бойы жоқшылықтан қиналып, өмір бойы шығынын санап келіпті ғой! Сөйтіп еш пайдасыз, ақшасыз, қуанышсыз өмір өткізіпті! (Біз де кейде өмір бойы өзеннің жанында тұрып, оны көрмеген Яков секілдіміз, өмірді сезінбейміз).
Иә, өзен оған балық та бере алатын еді, қайықпен жүзіп, скрипкада ойнап, әртіс болып, ары-бері кісі де тасыр ма еді, қаз да өсірер еді, қаншама жақсы адамдармен де араластырар еді, күн шуағы түспей қалған жанына қуаныш та сыйлар еді, ол болса өмір бойы тек шығын дәптерін ашып, жазып-сызып, есептеумен өтті. Сонда ол неге өзіне-өзі қарсы болған, ол неге кемпірін, флейташыны ешқандай қажеттілік тумай-ақ өкпелеткен, жәбірлеген? Соның бәрі шығын емес пе! Түнімен көз алдына жаңа туған сәби, балықтар, қаздар, қайық, Марфа елестеп, шалдың әбден мазасы қашады. Чехов бұнда адамның материалдық кедейлігін айтайын деп отырған жоқ ( ол заманда да, бүгінгі уақытта да кедейшілік жетеді ғой), кейде тағдыр бізге ештеңе бермегендей көрінеді, шын мәнінде, оның бергенін байқамаған кезіміз әлдеқайда көп.
Дәрігерден келе жатып та: «Өмір адамға тек шығын әкеледі, пайда өлімнен ғана», - деп ойлайды. Бірақ осы ойына өзі қарсы шыққанын көреміз, өйткені үйге келгесін скрипкасын соңғы рет қолына алғанда скрипка бұрын-соңды болмаған бір ғажап әуен төгеді. Барған сайын мұң мен зар көтеріліп, ағындап, бой берер емес, бұған шалдың өзі таңғалады. Бұл оның тек Марфаны жоқтауы емес, оның өзінің босқа өткен өмірін жоқтауы еді. Ол түсінді, адамның ең үлкен шығыны ақша емес, ең үлкен шығын - босқа кеткен уақыт, керек кезде айтылмаған жылы сөз, жазықсыз өкпелеткен адамнан кешірім сұрамау еді... Өмірдегі ең қымбат нәрселердің бағасы болмайды: бір ауыз жылы сөздің, шын жақсы көріп пейілдене құшақ ашып, жаныңа жақын адаммен бірге отырып ішкен бір кесе шайдың бағасы жоқ.
Сөйтіп өлер алдында скрипкасын флейташыға тапсырып кетеді. Ротшильд флейтасын тастап, тек қана скрипка ойнап, елдің сүйіктісіне айналады.
Міне, оқырман, жоғарыда бірден айтпай жұмбақтап отырғанымыз - Антон Чеховтің «Ротшильдтің скрипкасы» атты әңгімесі еді.

Жас кезде ғой: «Неге автор табыт жасаушы Яковтың өмірі туралы айтып отырып, әңгіменің атын «Ротшильдтің скрипкасы» деп қойды екен, бұл жерде флейташының не қатысы бар, әңгіме шалдың өз өмірі туралы емес пе?» деп ойлағаным бар еді. Соның бір жауабын енді ғана тапқандай болдым, бірақ, ол да жай қисын, келіспеуіңізге болады. Яков көзі тірісінде скрипкасының шынайы үнін ешкімге тыңдата алмады, өзі де айналасына жан дүниесімен ашылған емес. Иә, ол скрипкада керемет ойнайтын, оны бәрі білетін. Ротшильдтің ренжігенде айтатыны бар ғой: «Әттең, сіздің талантыңызды мойындаймын, әйтпесе…» деп. Бірақ шал қандай талантты скрипкашы болса да, өзі өмір бойы ашу мен өкініштің ішінде өмір сүрді, оның өнері де өзімен бірге тұншығып жатты. Содан да ақкөңіл Ротшильдті түсінбеді, оның флейтасының мұңын түсінбеді, оны жәбірлеп, қорлайтын. Ең соңында сол өзі жәбірлеген адамға ең қымбат дүниесін берді. Бұл кешірім сұрағаны. Ал Ротшильд скрипканы қолына алған кезде әуен бірден халықтың жүрегіне жетеді. Сыры неде? Демек, өнер бір адамға тиесілі емес, ол тек мейірім бар жерге көшеді. Автор осы себепті де әңгіменің атын «Ротшильдтің скрипкасы» деп атаған болуы мүмкін. Өйткені Яков өмір бойы жеткізе алмағанды Ротшильдтің скрипкасы жеткізді ғой.
P.S. Біз бәріміз тап қазір Яков құсап өзімізше бір нәрсенің есебін жүргізіп жүрміз, біріміз ақшаның, біріміз уақыттың, біріміз тірліктің есебін дегендей... Бірақ ең маңызды есепті ұмытып кетеміз. Күндердің күнінде Яков сияқты өзеннің жағасында тұрып, босқа өткен өмірімізді жоқтамас үшін не істесек болады? Шынымен де кімнің қадіріне жетпей жүрміз, не нәрсеге мән бермей жүрміз...
