Қаусылхан Қасымханұлы. Анамның ақ талқаны

1138

Қаусылхан Қасымханұлы. Анамның ақ талқаны - adebiportal.kz

Аяулы анам есіме түсті болды, сол кісі үнемі дайындайтын, таңғы шайымыздың табылмас тамағы, студенттік өмірімнің қорегі болған кенеуі мол ақ талқан ойыма оралады. Ақ талқан алдыма келе қалған сәттерде, ақ жаулығын тағып, мұрынын әлісін-әлі құрғақ тартып, кеше «ішкен-ішпегеніңді» өңіңнен, ұлы мен келіні ара кірбеңдік бар-жоғын екеуара көзқарасыңнан қалт жібермей байқап, отырғандардың өз сөзіне құлақ асқан-аспағанын көзінің үстімен жіті бақылап, шыны бүйіріне жұққан талқан жұғынын шайымен айналдыра шайып, шайын анда-санда бір ұрттап, ақ қағаздай болып отыратын иман жүзді анам есіме түспей қойған емес! Жарықтық, қаракөктің тұқымы, төре болғандығынан ба, жоқ әлде, өмірдегі өзгеше ұстанымынан ба, бар болсын, жоқ болсын, әйтеуір өле-өлгенше кірпияздығын, тәкапарлығын, жалына қол жуытпас асаулығын өзгертпей-ақ кетті. Шүйкедей ғана анамның болмыс-бітімін есіме алсам, күні кеше жаутаңдап жүріп, тырнақтай абырой, аз байлық біте қалса талтаңдай қалатынбасқаларға иегімен қарап, шенденіп отырып, тағынан тайғанда бишара күй кешетін алпамсадай еркектер көз алдыма келеді. 

Иә, ақ талқан сол жылдары біздің үйдегілердің тамаша тамағы-тұғын. 

– Бүгін талқан қуырып алайын. Жарықтық тоқ тамақ. Оның үстіне нанға да сеп болады, дейтін, екі күнде бір таба нан пісіретін анам. Анамның таусылып бітпес үй шаруасымен күйбеңдеп жүріп, табадағы нанды ұмытып кетіп, астыңғы бетін күйдіріп алатын жайттары де жолығады. «Албасты басып ұмытып кеткенімді қарашы. Сәл байқамасам, қоқ болып кетеді екен жарықтық», - деп нанды табаға аударып салады да, есік алдындағы ең сүйікті шаруасы – өрмек тоқуға беттейді. 

– Енді бір беті де күйіп кетпесін, пышақпен анда-санда нанның шетін көтеріп байқап отыр. Қолыңды күйдіріп алма!

Анам жайлауда сары-ала етек болып сиыр сауып, құрт-май алады. Шешем құрт қайнатқанда жерошаққа қойылған қара қазан басына шоқиып отырып ожаумен құрт көбігін жалау, ірімшіктен қалған қою тосапты ішу, ірімшіктің мәйегін жеу дегендер де керемет. Түс ауа бере шешем қыстау жақтағы, желкесін қыналы бұжыр шоқпар тасқа тіреп, бір қырынан жантая көсіліп жатқан жалда шошайып, өрістегі малдарды көздей отырып, университеттен қайтатын ұл-қыздарын күтеді. Шілде айы басталысымен әр күні қайталайтын әдеті. Қолы босады болды, алақаны ойылып ұршық иіреді. Дөңгелек тісті тас өткізілген ұршығының ұшына әртүрлі бояу сіңген. Бұл – жіп бояғаннан қалған белгі. Сырлы тегенеге бояу қайнатып, дайындаған жүн жіптерін әртүрлі бояумен бояп, ағаш үйдің құлағына, өренің ағашына іліп құрғатып алады. 

Қыстауға көшіп келіп, әбден орныққан соң анам есік алдына үшбұрыштап үш қазық қағып, жіпті айналдыра, алдымен күзу жасап алады. Сосын, мосы орнатып, күзуді мосыға іліп, қос қабат жіптердің алма-кезек асты-үстіне алмасуын адарғымен меңгере отырып, арасына арқау жүргізіп, өрмек тоқуды және бастайды. Жарықтық тым ұқыпты еді. 

– Мына бір өрнегімнің мүйізі теріс болып қалыпты. Кербағып, бұл өрнектің бір жібі артық болып кетіпті, деп түрлі себептермен бір күн тоқыған өрмегін ертесі қайта тарқатып жататын. 

– Апа, - деймін жаным ашып, - мұндай кішігірім мәселені өзіңізден басқа кім байқай қояды дейсіз. Тұра берсейші.

– Ел көрсін-көрмесін, бұл жұмысты өзім үшін істеп отырмын. Өз жұмысыма өзім жауапкер болуым керек. Алда-жалда біреу байқап қалып, «мынауың болмапты-ғой» десе не бетімді айтамын?! Істеген жұмысыңнан селкеу шығып тұрса жаның қайтып жай табады? Есіңде болсын, шаруаны қол ұшымен немкетті істейтін нашар әдет қалыптастырма! Не істесең де ұқыпты істе. Мүлтіксіз істеуге дағдылан, ұлым. 

– Елде жоқ мынадай бір өрнектерді салып көрейін, - деп қағазға түрлі өрнек сызып, маған көрсетеді:

– Қандай екен?

– Тамаша екен! - деймін түсінбесем де. 

Бұл күнде, өрмектің жұмыс принципін әлі толық түсінбесем де, әке-шешеммен бірге өткізген ессіздеу күндерімді елестету арқылы сәл кеш болса да өмірдің заңдылығын бір қырынан ептеп түсінгендеймін. 

Анам ертесі сызған өрнегін тоқиды. Тоқыған жерін аударып-төңкеріп көріп, қағазға сызғандағысындай болғанға дейін неше тарқатып, неше тоқып әбігерленеді де отырады. Сәтті шыққан өрнегіне разы бола қарап отырғанын да көремін. 

Дәл осыдан кейін, тапсырма орындағанда қате жазғанымды шимайлай салатын әдетімді өзгертіп, тап-таза өшіріп, қайта жазатын болдым. Бұл ыждағатты әдет қазір өз балаларыма да сіңген. 

Қазір ойласам, зырлаған ұршық анамның ерікті-еріксіз өз қолымен жасаған жапаға толы сәттерінің қырпулы жастық шағын келмеске үйіріп алып бара жатқан сұлбасы екен-ау!

Нан күйіп кетсе нан емес «май шелпек» жейтінімді шамалап, оқып отырған кітабымды жауып қоюға мәжбүр боламын. Табаның дөңгелек ағаш қақпағын әлісін-әлі ашып қарап, мұрныма ұрылған нанның жағымды буын ішіме құшырлана тартып-тартып қоямын.

Анам талқанды әкем екеуінің шынысына салып, бетін қасықпен топырақ баттағандай етіп, үстіне шай құйып, бір салған талқанын бір шәугім шайға жеткізіп баппен ішеді. Біздің ішуіміз басқаша. Кесеге төрт-бес қасық талқан салып аламыз да, анам шай құйған соң, талқанды араластырамыз. Шай аз болса, доғалатпаға айналады. Мұндайда анам үстемелеп шай құйып береді. Шайымыз қою. Өте дәмді. 

–Қою ғып ішіңдер, тоқ жүресіңдер, - дейді анам. 

Үш ағам мен жалғыз әпкем іркес-тіркес университетке оқуға кіргеннен кейін, үйде шошайып, ошақтың үш бұтындай болып әке-шешем үшеуіміз ғана қалдық. Тамағымыздан талқан үзілген емес. Бір байқағаным, әке-шешемнің де талқан шайлары бұрынғыдан недәуір қою. Әкем анда-санда бір базар жаққа барғанда:

– Ұмытпай қойдың құйрық майын ала кел. Балалар демалыстан қайтарда талқан қуырып берейін. Қуат болсын. Байқұстар жүкаяқтың астына шыққан шөптей боп-боз болып, жұбына жетіп, ілмиіп әрең келеді, - деп жатады. 

Ағаларым мен әпкем қысқы демалысқа келгенде үй ішіміз жанға, бір сыдырғы тұрмысымыз сәнге тола қалады. Балалары келіп, әке-шешем де көңілді. Әңгімеге құлықты. Қысқы соғымның ең майлы жері мен арамза туған қойдың уызын студенттеріміздің ғана езуінен табасың. 

– Қалаға оқуға баратын ағаларың мен әпкең жесін. Дәмді-құжырмен іштері әбден майланып алсын, - дейтін анам күн бойы өріске кеткен ішті қойлардың артын аңдып, сарала-сатпақ болып мал төлдетсем де игілігін көре алмай нәубез болған мені жұбатып, басымнан сипап:

– Үйде бар адамсың ғой, ақылды қарғам сол. Көктемгі сиырдың уызы сенікі, -деуші еді.

Ағаларым қаладан көрген қызықтарын сан құбылтып әңгімелейді-ау шіркін. «Қалада мынадай биік ғимараттар бар», - деп екінші ағам Тоқан сіріңке қораптарын үсті-үстіне жиып көрсетеді.

– Құлап қалмай ма?

– Құламайды, бір үйдің үстінде бір үй болады, - дейді әпкем Шолпан қала көргенін білдіріп.

– Ой тәубе, - дейді анам таң-тамаша болып:

– Дәрет сындырмай ма сонда олар?

– Дәретханасы үйдің ішінде болады, - дейді үшінші ағам Сұлтан түсінік жасап. 

– Басқалар төбеңе тышады, – деші деп сылқ-сылқ күледі әкем:

– Адамдар бір-бірлерінің төбесіне шай қайнатып, ойнақ салатын тар заманының басталғаны осы.

Малды қоралап тастаған соң тақтай сакіге жайғасып, аласа үстелді (шайтақтай деуші едік) қоралай отырып, жұмбақ бастаймыз. Үлкен ағам Какен түзім орнатады. 

– Жұмбақтың шешуін ең алдымен Қаусылхан табады. Тауып кетсе, жұмбақ айтқан адам түнде оны қасына алып жатып, ертегі айтып береді. Таба алмаса, атқа ертең шөп салу, суғару осының міндеті. Келісесіңдер ме?

– Келісеміз. 

– Екі басы жұдырықтай, ортасы қылдырықтай. Ол не?

– Тұтқыш.

– Белі бүкір, алысқа түкір.

– Мылтық. 

– «Жүндіге жүнсіз кіреді». Жұмбаққа енді әкем де араласқан.

– Қайдағы бәдік бірдеңені айтады екенсің осы, - деп анам әкеме алая қарайды. Шешуін таба алмай дал боламыз. 

–Таба алмадыңдарма көкбұттар? Тері шалбарды кию ғой, шешуі, - деп әкем қарқ-қарқ күледі. 

Ағаларым келгенде ауыл балаларымен ойыным да азаяды. Мен үшін үйде мәнді әңгіме көп, қызық мол. Оқитын кітап әкеп берген. Үшінші ағам өзінің жұдырықтасу үйреніп жүргенін, қытай шаңбашылығына, жел гүмпісіне недәуір жетік болып қалғанын мақтан етіп, ауылдағы мен-мен деген пәлен, түген палуандар мен жуан жұдырықтардың өзіне мүлде тең келмейтінін айтады. «Тәуетше тебе жұдырықтасу», «мас адамша сенделіп жүріп жұдырықтасу», «жыланша ысылдап жұдырықтасу» дегендерді айтып, әрекетін көрсетіп, «айт-үйт», «шаң-шұң» деп аяқ-қолын сермеп-сермеп қояды. 

– Кинодан шығып келе жатыр едім екі содыр жолымды тосты, - дейді ағам, – бойы екі метірге таяу біреуі атылып келіп жұдырық сілтегенде жалт етіп өткізіп жібердім де қайта бұрылғанда тура иектің астынан көтере тептім. Қаңбақша ұшты.

– Маған да үйретші. 

– Сен алдымен жұдырығыңды қатайтуың шарт. Сақ еткізіп ұрғанда қолың ауырмайтын болуы керек. Есіңде болсын, жұдырықтасуға жатылу әсте басқаларға әлімжеттік жасау үшін емес, өзіңді заңды қорғау үшін, – деп ағам ағаш үйдің қабырғасына бір көне оқулықты шегелеп берді, – осы кітаптың бетін күнде ұра бер. Кем дегенде он кітаптың бетін тоздырып түгетсең, төрт саусағыңның буынындағы мына жыл санағанда үлкен жылды көрсететін «төбешіктер» тегістеліп, жұдырығың тастай болады. Темірдей жұдырығың өзіңе тиіскендерді қан қақсатады.

Кітапты тарсылдатып неше күн ұрдым. Қолым босай қалса, ермегім сол. Арманым – тез арада ағам секілді айтулы жұдырықшы болып шыға келіп, ауылдағы барлық баланы қабағыма қарату. Бір күні анам мұрты да қисаймаған кітапты жұлып алып, пешке тығып, ағама ұрысты:

– Үйді дүңкілдетіп маза бермеді ғой мынау. Артыңдағы ініңді жуан жұдырық етіп тәрбиелейін деп пе едің? Көрсеткен өнегең осы ма, сен қарақұрттың? «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» деген. 

– Өзін қорғауды үйретейін дегенім ғой, - деп міңгірледі ағам. 

– «Кәрі жілік елді қорғағанды қойып, өз басын амандап алсын» депті біреу, - анам ағамның түнгі тойдан көзі көгеріп оралғанын мысқылдай мырс етті, - сол айтпақтайын, алдымен өзіңді қорғауды үйреніп алшы, сен! 

– Ауылдың азаматтары тәртіпті жұдырықтасуды білмейді екен. «Соғысуды білмейтін адам көз шығарады» деген осы, - деп түсіндірді ағам маған.

Десе де, ағамның айтқандары көршінің ұлы Асаумен соғысқанда мықтап ес қатты. Оқуда жақсы болатын. Бір айыбы: көрінгенді түртпектеп пәле іздеп, өзінен асқандарға күндестік жасап, ағай-апайларға шағымданып кеп жүретін жайсыздау неме еді. Ол екеуіміз кеште мектептен қайтқанда қызарақтасып қалып, ертесі жолығып соғысуға келістік. «Соғысамыз» дегенді шығарған ол. Жеңе алмаса мұғалімге мені жамандап, арыз айтып баратыны даусыз. Таңертең сыныпқа отын апара жатқамын. Кезекшімін. Уәдеміз бойынша соғыс бастау алдында тұрмыз. Шегініп-шегініп барып, атылып келіп сүзетін қошқарларша көзін менен алмай шегініп бара жатты қарсыласым. Әрекеті ширақ, бейнесі сұсты. Қаша жөнелуге намыс шіркін жібермей тұр. Сүзбейтіні әрине маған белгілі. «Дәу де болса секіріп келіп тебесің-ау», - деп жорамалдап, ағамның айтқанын ойлай қалдым. Ол атылып келіп, секіріп тепкенде, бұлт етіп шетке шығып, арқасына қарағайдың қатқан бұтағымен аямай періп кеп қалдым. Мықшың етіп отыра кетті. Қайта айналып ол да соқтықпады, мен де өкшелемедім. Мектепте «үште жақсы» (оқуда, тәртіпте, еңбекте) оқушы едім. Асаудың: «Жазықсыз мені жолдан тосып алып, сойылмен ұрды, қабырғамды сындырып тастай жаздады», - деген арызы себеп болып, сол маусым озат бола алмай қалдым. Асау «үште жақсы» болып марапатталды.

Бір жолы үлкен ағам маған бес таңбалы сан жазғызды. «2, 5, 4, 3, 7» деп жаза салдым. Сосын ол кісі теңдік таңбасын қойып, алты таңбалы қосынды жазды да маған қарады: 

– Енді мен сен жазған санның астына төрт қатар тік өрнек құрып, кез келген бес таңбалы сан жазамын. Өзара қосқанда, жаңағы жазған қосындым шығады. 

Неше рет сан жаздым. Ағамның жазған қосындысы дәл шыға берді. Мұның сырын ағам байыппен үйретті. 

Ауыл балаларына үйренгенімді істеп, таң-тамаша еттім. 

–Маған үйретші, - деп жалынды ауыл әкімінің ұлы мені оңашалап. 

– Ақы бересің. 

– Қанша аласың?

– Бір юань.

– Келістік. 

– «Бисмилла, рахман, рахим» деп үш рет күбірлеп, ойыңа түскен сандарды жаза саласың. 

Осы қулығымнан қалай құтылдым екен? Білмеймін. Есімде жоқ. Студенттер мектепке аттанарға таяғанда, балаларына азық-түлік әзірлеуге қам жасаған анам, «аларың болса, саларың болсын деген» деп ең әуелі, жұқа мақта бұлдан дорба дайындауға отырады. «Пластик дорбаға салған талқан дым тартып, тез көгереді. Қалың кездеме дорбаға салсаң, қой майы араласқан ұн дереу қызып, иістеніп кетеді» дейтін. «Көбелек» маркалы тігін машинасын іске қосып, бұлды теріс бетінен сырып тіккен соң, дорбаны өң бетіне аударып, аузына ширатылған жіп жүгіртіп, жіпті тұйықтап тастайды. «Салар» дайын болғаннан кейінгі шаруа «Алар» дайындау. 

– Жақсылап үйреніп ал, - дейді анам қойдың қалың тоңмайын пышақпен бөліп, қазанға тастап жатып, – астауға үш шыны күріш салып, тазалап жуып әкел. Май қатты қызып кетпесін, тез бол! 

Анам күрішті қызған майға салып қуыра бастайды. Талқанның пісуін күтіп мен де қарап отырамын. Күріштің шет-шеті сарғая бастағанда анам қазанға алты-жеті шыны ұн салып, тоқтамай араластырып, ұн сәл сарғыштағанда:

– Қазанның қалған қызуы және ұнның өз жылуымен әбден бабына келіп піседі, - дейді тұтқышпен қазанды оттан түсіріп, ошаққа қойып, ағаш қақпағын жауып жатып:

- Талқан суыған соң шай ішейік. Жымың ете түсем. 

Арманым орындалып, мен де университетке аттандым. Ақ самайлы томардай шеше мен сақалынан су ағып, белі бүгілген жапакеш әке тауда қалды. Өзімнің олардан осы беті алыстап бара жатқанымды қайдан сезейін!? Ессіз жастық-ай!

Физика мұғалімдерін даярлау сыныбында отыз екі студентпіз. Үш-ақ қазақ. Жатақханадағы бір бөлмеде сегізбіз. Жетеуі ұйғыр. Олар алақаны мүйіз болған егіншінің, ал мен қаратабан малшының баласымын. Таңғы аста қазақ, ұйғыр студенттер дерліктей суханадан қайнаған су әкеліп, жатақханада тамақтанамыз. Бірі – мектеп тегін беретін тамақ билетін үнемдеп ай соңына жеткізу үшін болса, енді бірі – бәріміздің үйімізден әкелетін азығымыз болғандықтан. Үкіметтен айлық алатындардың балалары азық-түлік әкелмейді. Тұзға шылаған, қуырған құмыра-құмыра шөп-шалаң ғана әкелетін қытай студенттер асханаға бармай амалдары жоқ. Оның үстіне олардың қай-қайсысы бізге, аз ұлт студенттерге қарағанда әлдеқайда қалталы. Ата-ана болған адам ұрпақтарына ақша жинап қалдыруды кешірілмейтін шөре ететіндіктен, қомақты ақшаның әулеттерінде үзілмей домалап жүретінін кейін білдік.

– Әке-шешеміз бізге ақша жиғанды қойып, қарыз арқалатпағанына шүкір. Жандарын шүберекке түйе жүріп университет оқытты. Сол кісілердің үмітін ақтасақ болды, - дейтінбіз, екінші қабаттағы сегіз қазақ бала жататын, бәріміз «Қазақстан» атап алған 211-жатақханаға себепсіз жиналып, гу-гу әңгімеге түскенімізде.

Ұйғырлар қаңылтақ нан, сүтке иленіп пісірілген, қайнаған суға салсаң демде жібитін тоқаш, жаңғақ, өрік секілді жеміс-жидектерін алып шығып үстелге қойғанда, мен де барыммен базарлап қуырдақ пен анам қуырып берген ақ талқанымды алып шығып, теңбіл гүлді кездеме дорбаның шүршиген ауызын ашамын. «Өле жегенше бөле же» дегенді бәріміз білеміз. 

–Бұл не? - деп сұрады алғаш рет жатақтастарым.

– Талқан. Жеп көресіңдер ме?

– Көрейік.

Шыныларына екі қасықтан салып, баттап бердім. 

– Дәмді екен, - десті бәрі. Кейін басқа жатақханадағы ұйғыр группаластарым да сұрай келіп, салғызып жейтін болды. 

– Сауағдышім, - деді бір жолы Садыр деген жатақтасым, - талқаныңды бізге баттап салып беретініңді ептеп түсінгендейміз. Біздің аз жеуіміз үшін екен ә. 

– Үй тауда, анам қартайды, - дедім қысыла.

– Біз көп ауыз. Түсінеміз, - деді қалғандары.

Студент кезде неқилы қызықтар бастан өтті ғой. Талқанымды тақпақтаған мынадай бір істі ұмытпай тұрғанда сіздерге айта кетейін. Полат атты Іле жақтан келген бір жатақтасымыз болды. Жатақхана шамы сөне шығып кетіп, түн ортасы ауа оралып жүретін. Оның басқа жатақханаға барып, «үш карта» ойнап, ақша ұтысып жүргенін артынан білдік. Көңілді оралған күндері жетеуімізді түскі асқа қонақ қылатын. Бәріміз Полаттың тілеуін тілейтін болдық. Бір күні үлкен тегешінің түбіне менен бір қасық талқан сұрап салып, тілін тістеп суретке түсіп, суреттің артына өлең жазып, үйіне салып жіберді. Өлеңі мынау:

Білмейсің қымбат қаланы,

Ұмыттың ба, әке, балаңды?

Тілімді тістеп өлермін,

Болмаса қазақ талқаны.

Біраз уақыттан кейін Полат шам сөне шығып кетуін мүлде қойды. Оның жастығының астынан әкесінің жазған «хатын» тауып алғанда барып, Полаттың құмарға құрықталудан құтылғандығының себебін білгендей болдық. Әкесінің жыртық шапан киіп, төрт қалтасын аударып түскен суреті екен. Артына бір шумақ өлең жазыпты. «Ел құлағы елу», ұлының карта ойнап жүргенін естігені белгілі. 

Қуатты қазақ талқаны,

Қағып болдың қалтамды.

Ажалдан бұрын өлерміз,

Қоймасаң, балам, картаңды.

Мен үйлі-баранды болғаннан кейін, анам бір рет үйге келгенде талқан қуырдым. Соңғы кездері нан-пан жемей, тек талқанды қорек етіп жүрген. 

– Талқан қандай болыпты апа? - деп сұрадым.

– Дәл өзім қуырған талқандай болған екен. Бала-шағаңның қызығын көр, құлыным. Сонда, мына келін талқан қуыруды білмей ме?

– Беске біледі. Сізге өз қолыммен әдейі бір қуырғаным ғой.

Шешемнің көз жиегінде мөлтілдеп тұрған жасты көрдім.

– Қазір кеңшілік заман ғой. Талқанды баттап жемейтін шығарсыз? – дедім күліп. 

– Қалай же десеңдер солай жеймін ғой. Балаңның қабағын баққан заман болды. 

Сол реткі талқанның анамның қолымнан татқан ең соңғы дәніv боларын кім білген....

Бұл күндері, қатыным қуырған талқанды шыныға тастап жіберіп, ыстық шай бетіне қалқып шыға келетін балық көз майларға қарап отырып, анамның талқан қуырғанда шекесіне шып-шып шыға келетін ащы терін елестетемін.....

Қайран анам-ай! 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan