«Ламалардың қанды қырғыны» туралы

125

«Ламалардың қанды қырғыны» туралы - adebiportal.kz

Осындай үрейлі атаумен аталған моңғол романы ақиқаттың нағыз өзі екен.

Аз күннен бері жазушы, аудармашы Абай Мауқараұлы ағамыз Монғол тілінен қазақ тілінде сөйлеткен Моңғолия мемлекеттік сыйлығының және халықаралық «Алеко» әдеби сыйлығы иегері Цэндийн Доржготовтың «Ламалардың қанды қырғыны» атты тарихи романын тұшына оқып шықтым. Төгіліп тұрған төл тілі мен көз алдыға көркем фильмдей көрінетін жанды оқиғаларға елтіп тоқтаусыз бір деммен оқып шықтым десем де болады. Осы бөтен елдің романын өз тілімде оқығанда Қазақ Еліндегі сонау 1920-1930 жылдардағы молдалар, қожалар, ишандар мен ахундардың қуғын-сүргіні еріксіз еске түседі екен. Моңғолияда будда ламалары мен байларын «эсэргу» (өкіметке қарсылар) деп жариялап, жаппай ұстап атса, Қазақстанда сол елдің иесі болған ақсүйектері мен діни, рухани зиялыларын «бай-қулақтар», «панисламшылар», «алашордашылар», «ұлтшылдар», «контрреволюционерлер» деген жаламен қуғындады. Сондықтан, Доржготовтың бұл романы қазақ оқырманы үшін бөтен халықтың ғана емес, өз тарихымыздың да көркем шежіресіндей көңілге ұялады.

«Ламалардың қанды қырғыны» романында автор жеке адамдардың тағдырын суреттеу арқылы бір халықтың діни сенімін мүлде жойып жіберу сұрқия саясаттың астарын ашып береді. Сөйтіп, дін өкілдері ламаларды жою арқылы ғасырлар бойы қалыптасқан бір елдің рухани әлемін күйретіп, неге болса соған көне беретін қараңғы тобырды ғана қалдыруды мақсат еткен алапат апатты суреттейді. Міне, Моңғолияда тоқсаныншы жылғы демократиялық өзгерістен кейін, бірден күйреп қалған руханиятты қайта қалпына келтіруді жаңашыл зиялы қауымы қолға алған еді. Соның бірі жазықсыз жазаланған діни элитаның басына түскен жойқын қырғынды әшкерелеген романның жарыққа шығуы болды. Осы роман шыға сала қайта-қайта басылып, жетпіс жыл ақиқаттан мақұрым қалған халық өткен шындықты біліп рухани көзі ашыла бастаған. Ал, жаңа қалыптасқан демократиялық үкімет атақты романның дүмпуімен Моңғолия елінде ұсталып атылған жетпіс мыңдай лама, төрт мыңдай сол елдегі қазақтардың молдаларын ресми түрде ақтап, артында қалған ұрпақтарына ақтау куәлігін беріп миллиондаған төгрөг ақшалай құн төлегенін естідік.

Ал, тәуелсіздік алған Қазақстанда дәл осылайша бұл тақырыпқа тікелей қалам тартқан ешбір қаламгердің болмағаны өкінішті. Тек қана, ауқымды репрессия мен жаппай аштықты баяндаған жекелеген шығармалар ғана жазылды. Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы, Дулат Исабековтің «Қыл көпірі», Тұрсынжан Шапайдың «Тамұқ», соңғы жылдары жазылған Мұнайдар Балмолданың «Қырық жылғы қырғын», совет жылдарында банды атанған қазақтың батырлары туралы «Иманжүсіп», «Ерғали» туындылары мен «Он төрт» романын атауға болады. Дін өкілдерінің қудалануы тарихшы Талас Омарбековтің еңбектерінде молдалар мен ишандардың қудалануы жан-жақты қарастырылса, Мәмбет Қойгелдиев Алаш кезеңі мен советтік қуғын-сүргін туралы зерттеулерінде діни элитаның тағдырына тоқталады яғни діни элитаның қайғылы тағдыры тарих ғылымында ғана ресми түрде қарастырылған.

Ал Цэндийн Доржготов «Ламалардың қанды қырғыны» романында өзінің туған нағашы ағасы Агваан атты жас ламаның тағдырын суреттейді. Өзі бала күнінен естіп есіне сақтаған оқиғалар мен аман қалған көзі тірі ламалардың естеліктерін негізге алып жазған шынайы оқиғаларға толы тарихи роман.

Романның басталуындағы «Естен кетпес елес» атты арнаулы тарауда қайғылы тағдырларына мойынсұнған момақан ламаларды машинаға тиеп апарып иен орманның арасында апарып оқбүріккішті қарша боратып қырып салады. Оқ тиген ламалар бірін бірі құшақтай теңселіп, қызыл жамылғылары желібіреп, ақырғы сәтте аспанға қадала қарап, дұға жасаған хәлде арғы дүние аттанып жатқан ешбір жазықсыз дін өкілдерінің халі естен кетпестей етіп суреттелген.

Сол қырғында, қанды төңкерістің қолдаушысы Лувсанбалдан деген әпербақан белсенді өзі Сономпил деген сұлу қыз үшін іштей бақталас болып жүрген Агваан ламаны жеке апарып аяқ-қолынан кезек-кезек атып азаптап өлтіреді. Қаны саулап жатқан лама сонда Лувсанбалданға аянышпен қарап: «Саған жаным ашып тұр, ауыр күнә арқаладың ғой. Енді, өлім алдында сенен өтінерім бейкүнә қыз Сономпилге тиіспеші, өз жайында өмір сүрсін!» деуі, ламаның рухани адамгершілігін паш еткен өте ғажап көрініс болып оқырманды баурап алады. 

Романның басталуында будда әулиесі Зонховтың тау шыңына қашалып ойылған алып бейнесі суреттеледі. Зонхов будда діннің ең биік өкілі, тау бетіне ұзақ жылдардан өшпей келе жатқан әулие кескіні, қарапайым халықтың арқа сүйер рухани күші болып тұрғанын көрген қызыл коммунистер бірден өшіруге кіріседі. Бірақ өшіре алмайды, бетін бес жұлдызды қызыл тудың бейнесінде баттастыра бояйды, алайда жаңбыр мен жел, ащы күннен аз уақыттан соң әулие бейнесі тау қапталында қайтадан жарқырап көрініп тұрады. Халық бұған іштей сиынып дұға жасап жүреді.

Одан кейінгі «Ақ өлімнің жолы мен арам қашқындық жолы» атты тарауда Агваан гавж (титул) ламаның ішкі жан дүниесі көрініс береді. Ол өкіметтің жазасынан өзіннің өлетінін анық білген соң, ауылдағы қартайған әке-шешесіне қоштасуға келеді. Әке-шешесі жалғыз ұлына алыстағы туыстарына қашып кетіп жанын құтқаруын қанша айтса да, отызға жаңа келген сүйікті ұлы өз дініне адалдығын сақтайды. «Әке, мен де өз дін жолдастарыммен бірге болғаным жөн. Жанымды аман алып қаламын десем, олардың сеніміне сатқындық жасаған болмаймын ба? Бұрханның шәкірттері не жасаса менде соны жасайыншы!» дейді. Амалы таусылған әке көршісіне барады, ол үйдегі ұлының бала ғашығы арқылы жалғызын өлімнен аман алып қалуды жас қызға мезірет етеді. Сұлу да ақылды Сономпил күндіз келіп Агваанға жолығып, әкесі айтқан алыстағы туысына қол ұстасып бірге кетуді, қалған өмірінде қара халық ретінде ғұмыр кешуді өтінеді. Алайда, Агваан Гавж жүрегін елжіреткен жас сұлудың ұсынысын қабылдауға ар-ұяты жібермейді. Амалы құрыған ғашығы ұяттан жүзі өртене отырып, өзінен бір ұрпақ қалдырып кетуін өтінеді, түнде келуін тілейді. Әйтседе, нәпсісі мен пендешілік арманнан діни сенімін жоғары қойған жас лама сол түні ғибадатханасына кетіп қалады. Содан кейінгі «Ақбоз ат» тарауында кешті зорға батырып түні бойы ғашығын күткен қыздың нәзік сезімі, алып-ұшқан жүрек дүрсілі, сырттағы иттің үрісі, аттың дүбірі көшпенді өмірдің тап-таза тірлігін, сағынышын саз қылып шертеді. Жігітінің кетіп қалғанын білген қыз азанмен жолға шығып, тым құрығанда Агваанның көзіне бір көрініп қоштасып қалғысы келеді. Ғибадатханаға барғанда машинаға тиеліп жатқан ламалардың ішінен жігітін соңғы рет көріп көңілі айықпас мұңға батады.

Агваан ламаның сабырлылығы мен ішкі таза жан-дүниесі арқылы автор рухани құндылықтарды күшпен жоюға келмейтін, оның өлмейтін құбылыс екенін шынайы оқиғалармен дәріптейді. Ламаның рухы тәнінен бөлінген соң да өз шәкірттеріне жиі келеді, кәдімгі тірідей көзге көрініп, аршасын тұтатып, дұғасын оқып, дем салып аралап жүреді, рухани пір ретінде романның соңына дейін тірілермен бірге болады.

Діни білім алып жатқан, екі шәкірт осы азапты өлімнен қашып аман қалғанмен ұстаздары айтқан олардың қиянатқа толы ит өмірі басталады. Туваан деген шәкірт лама заманның өзгерісіне бейімделіп іші де сырты да басқа адамға айналады. Соңында Туваан ішкі істердің заңды өкілі болып қызмет атқарады. «Арқасында мылтық, аузында дұға» атты тарауда Туваанның жоғарыдан келген бұйрықты орындау үшін кінәсіз, момын өз халқын өзі оққа байлайтын бишара халі баяндалады.

Моңғол тайпасы ежелден Тәңір, Шаман діни сенімдерін ұстанған асау халық еді. Сол төл мінезін сақтаған адам ретінде ламалықтан жәй адамға айналған Банзырдың жігіттік іс-әрекеттері оқырманды сүйсіндіреді. Ол өзін ұстап алып кетіп бара жатқан билік өкілін ұрып жығып, қол-аяғын байлап далаға тастайды, өлтіруге толық мүмкіндігі болса да ұстаздарынан естіген адам өлтірудің өте ауыр күнә екенін біліп тірі тастап кетеді. Өзі Өгий көл деген көлдің жағасындағы биік жартастың шетіне барып киім-кешегін, ат-әбзелін сонда қалдырып бөтен жаққа қашып кетеді. Іш істер оны көлге түсіп өлді деп, іздеусіз қалдырады. 

«Шайтандардың ойны» атты тарауда отарлаушы орыстардың моңғол жеріндегі тергеуші өкілдері сұраққа алған адамды аяусыз теуіп қабырғасын қаусату әдетін, өктем сөйлеп, қорқытып үркітетін, сұрақсыз ататын жауыздығын да деректі жанды оқиғалармен жеріне жеткізе баяндаған. Лувсанбалдан сияқты шаш ал десе бас алатын әпер-бақан, жергілікті биліктің белсенділерінің адамшылықтан жұрдай сойқан әрекеті қарапайым халықты әбден шаршатады. Романның ақырында халықтың қарғысына ұшыраған ол суырға құрған қасқыр қақпанға аяғынан қабылып иен далада іздеусіз өледі. 

Осы романдағы қарапайым аналар мен әйелдердің аянышты тағдырына қоғамда болған ауқымды репрессияның залалы жан-жақты ашылған. Ғашығынан, жарынан, баласынан, әкесінен айырылып ауыр қайғыға батып, мұң шөлінде қалған адамдармен бірге жүргендей болып оқырман ретіне жан азабына түсесің.

Бұл қаламгер Доржготовтың өз кейіпкерлерін психологиялық тұрғыда терең білгенін, танығанын ғана емес, адамзат басынан кешкен осынау тарихи құбылыстың өшпес символы ретінде бере білгенін паш етеді.

Доржготовтың бұл кітабының басты жетістігі - кейіпкерлерді тарихи оқиғаның куәгерлері ретінде ғана емес, ламалардың қырғыны бір әлеуметтік қауымның түгел жойылуы арқылы, халықтың тарихи жадын, мәдени кодын және рухани сабақтастығын күйрету ретінде көрсете білгендігі.

Егер, біздің қазақ қаламгерлері елімізде болған дін өкілдерінің жаппай қудалануын суреттейін кітапты қолға алса бұдан кем емес, талай тағдырларды қайта ашып, халқымыздың рухани жадын оятар еді, демекпін. 

НҰРХАЛЫҚ ӘБДІРАҚЫНҰЛЫ, жазушы, аудармашы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan