Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ахмад Хатами. Иранның қазіргі дәуір әдебиеті – қал...

11.04.2023 1458

Ахмад Хатами. Иранның қазіргі дәуір әдебиеті – қаламгерлердің танымдарының нәтижесі 14+

Ахмад Хатами. Иранның қазіргі дәуір әдебиеті – қаламгерлердің танымдарының нәтижесі - adebiportal.kz
Ахмад Хатами

Иран ғалымы, доктор Ахмад Хатамидың «Иранның қазіргі дәуір әдебиеті» атты кітабы 2017 жылы «Асыл кітап» баспасынан қазақ тілінде жарыққа шықты.

Еңбекте прозадағы Жамалзаденің «Йеки буд, йеки набуд» (Ерте, ерте, ертеде...) (1921 ж.) деп аталатын новеллалар жинағы мен поэзиядағы Нима Йушидждың «Ғоғнос» (Жалынқұс) (1937 ж.) өлеңімен басталатын Иранның қазіргі дәуір әдебиеті (1921-2011 ж.ж.) жайлы жан-жақты мәлімет және танымал жаңашыл ақын-жазушылардың өмірбаяндары саяси-әлеуметтік оқиғалар тоғысында қамтылған. Шығармаларының үзінділері түпнұсқа тіл – парсы тілінен қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып, оқырманға ұсынылып отыр. Кітап зерттеушілерге, соның ішінде, әдебиеттанушылар мен шығыстанушыларға, фольклортанушыларға, студенттер мен магистранттарға, жалпы әлем әдебиетіне қызығушылық танытатын оқырманға арналған.

Кітапты парсы тілінен аударып, парсы тілі мен әдебиетінде кездесетін этномәдени сөздерге түсінік жазып, жалпы редакциясын басқарған – шығыстанушы-ирантанушы, филология ғылымының кандидаты Айнаш Қасым.

Конституциялық режимнен (1906 ж.) осы уақытқа дейінгі Иран әдебиеті тарихтың саяси, қоғамдық, мәдени және әдеби ағымдарымен тығыз байланысты. Шын мәнінде, қазіргі дәуір әдебиеті – әдебиетшілер мен оқырмандардың өздерінің айналасындағы әлемдегі оқиғалар мен құбылыстарға қатысты екіжақты хабардарлықтары мен танымдарының нәтижесі. 

Иранның қазіргі заман әдебиетінің негіздері Қажарлар дәуірінен басталып, елдің еуропалық өркениетпен байланысы нығайған Фатхәли шаһтың заманында арта түсті. Сол кез бен еуропалықтардың Иран жеріне қатынауы кезінде Фатхәли шаһтың мұрагері Аббас Мырза ирандық студенттердің алғашқы тобын Еуропаға жіберді. Ол ирандық жастардың техника мен өнеркәсіптің жаңа салаларын игеріп, меңгеріп, таратуы бағытында талпыныс жасады. Сол істердің қатарына баспахана ашып, газет шығаруы жатады.

Иран халқының жаңа өркениетпен көбірек танысуы Насыреддин шаһтың (1848-1896 ж.ж.) кезеңінде орын алды. Насыреддин шаһтың білікті, іскер уәзірі Мырза Тағихан Әмір Кәбірдің мұрындық болуымен «Дар әл-Фонун» медресесін ашып, медреседе сабақ беру үшін еуропалық мұғалімдерді шақыруы, әртүрлі газеттер шығарып, аударманы дамытуы ирандық зиялылардың назарын өз қоғамы мен еуропалық қоғамдардың арасындағы айырмашылыққа біртіндеп аудара бастады. Нәтижесінде Фатхәли Ахундзаде (1812-1878 ж.ж.), Сейіт Жамаладдин Асад Абади (1838-1897 ж.ж.), Мырза Ағахан Кермани (1854-1897 ж.ж.), Мырза Әбдіррахим Талыбов (1837-1911 ж.ж.), Зейнолабедин Марағеи (1840-1910 ж.ж.) және Мырза Малкумхан Табризи (1833-1908 ж.ж.) сынды қаламгерлер өз ойларын жазып, кітап шығарып, мақалаларын елдің іші мен шетелдерде жариялап, жаңа ойлардың таралуы мен азаттыққа қол жеткізу үшін негіз әзірледі. 

Поэзияда да азаттық пен Конституция талап еткен сыбырлардың естілуімен сын мен наразылық күшейе түсті. Зиялылар үндеу дайындап, мадақтаушы классикалық әдебиет пен сарай ақындарына шабуылдай бастады. Әртүрлі қалаларда халықтық шерулер басталып, Әділет үйі мен Ұлттық кеңес мәжілісін, конституциялық үкімет құру туралы талаптар баршаның ұранына айналды. Соңында көптеген қақтығыстардан кейін азаттық талап етушілердің талпыныстары Конституцияға ұласты.

Мұззаффереддин шаһ 1906 жылы конституциялық жарлық шығарды. Осы жарлықпен басталған конституциялық кезең Реза шаһ Пәһләвидің билігі басталған 1926 жылға дейін жалғасты. Жазушылар мен ақындар сөз бен қалам азаттығына куә болған конституциялық кезеңнің басталуымен әдеби тіл өзгеріске ұшырап, жазу мен өлең шығарудың тәсілі өзгерді. Проза қарапайым тілде жазылатын болды. Проза, пьеса, мақала және әдеби, ғылыми, тарихи зерттеулер сияқты әдебиеттегі жаңа жанрлар жазушылардың жұмыстарының күн тәртібінде жаңа тәсіл, тың идеялар арқылы жүзеге асырылды. Жазушылардың тілі ауызекі сөйлеу тіліне жақындады. Бұрынғы қиын, ескі ұйқастың орнына қарапайым жазу стилі кең тарады. Өлең де сарайдың тұсауы мен мадақ мазмұнынан босап, қарапайым халықтың тілінде жазыла бастады. Қоғамдық, саяси, мәдени және экономикалық тақырыптар негізгі тақырыпқа айналды. Өлең мазмұнының өзгеруі адамдардың көңіл-күйін оятуда және оларды конституциялық қозғалысты ілгерілету үшін ынталандыруда үлкен үлеске ие болды. 

Отансүйгіштік, азаттық, заң, әйелдер мен ерлердің құқық теңдігі бойынша әділет талап ету, әйелдердің азаттығы, ырымшылдықпен күрес, зұлымдық пен үстемшілдікке жеккөрініш танытып, дінмен қарсыласумен күресу сол кезең поэзиясына тән көп мазмұнды құрады. Біртіндеп еуропалық сөздер де поэзияға жол тауып, байырғы көркемдеу әдістерін қолдану өзектілігін жоғалтты. 

Конституциялық әдебиеттен халықтың заңды үкіметке қол жеткізу, зұлымдықты жою жолындағы талпыныстары мен ізденістері айқын байқалды. Еуропалық түсініктегі азаттық Иран әдебиетінің конституциялық кезең әдебиетінің келесі жетістіктерінің бірі саналады. Прозадағы Жамалзаденің «Йеки буд, йеки набуд» (Ерте, ерте, ертеде...) деп аталатын әңгімелер жинағымен поэзиядағы Нима Йушиждың «Ғоғнос» (Жалынқұс) өлеңімен басталатын Иранның қазіргі заман әдебиетін ресми түрде бірнеше кезеңге бөлуге болады:

Әли Жамалзада

Бірінші кезең (1921-1941 ж.ж.) «Резашаһ» кезеңі деген атпен танымал. Сол кезеңде Теһран университеті ашылып, әдеби, тарихи зерттеулер мен мәтіндердің текстологиясын жасау ісі өркендеді. Нима Йушиждың «Ғоғнос» (Жалынқұс) өлеңі мен Жамалзаденің «Йеки буд, йеки набуд» (Ерте, ерте, ертеде...) әңгімелер жинағының жазылуына қарамастан, классикалық поэзия мен әдебиет бұрынғысынша өз күшінен айрылмады. Мәлік аш-Шұарайе Баһар (1884-1951 ж.ж.), Парвин Этесами (1907-1941 ж.ж.), Мирзаде Ешқи (1893-1924 ж.ж.), Ираж Мырза (1874-1926 ж.ж.) және тағы басқа бірнеше ақын осы стильдің мәртебесін асқақтата түсті. Проза жанры жылдамырақ дамыды. Мұхаммед Әли Жамалзаданың (1892-1997 ж.ж.) алғашқы заманауи әңгімелері 1921 жылы жазылды. Одан кейін Садық Һедаят (1903-1951 ж.ж.), Бозорг Алави (1904-1997 ж.ж.) сынды жазушылар да заманауи әңгімелер жаза бастады. Садық Һедаяттың «Буфе кур» – «Соқыр байғыз» романының 1936 жылы жарыққа шығуы Иранның проза саласындағы жаңалық болды.

Екінші кезең (1941-1953 ж.ж.) үлкен оқиғалармен, соның ішінде I-ші және II-ші Дүниежүзілік соғыстармен қатар жүрген Мұхаммед Реза Паһлави патшалығы билігінің алғашқы кезеңімен тұспа-тұс келді.

Реза шаһтың қудаланып, жер аударылып, Иранға одақтастардың әскерінің енуі, қуаңшылық, Иранның «Туде» партиясы мен «Әзірбайжан демократтық фракциясы» атты партиялардың құрылуы мен 1953 жылдың  тамыздың 18 күнгі көтеріліс саяси-әлеуметтік оқиғалардың қатарын құрады. Сол кезеңдегі поэзия мен прозада саяси-әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлінді. Ахмад Шамлу (1925-2000 ж.ж.), Меһди Ахаван Салес (1928-1990 ж.ж.) пен басқа ақындар Ниманың поэзияда салған сүрлеуін жалғастырса, проза жанрында Садық Чубак (1916-1998 ж.ж.), Ибраһим Гүлстан (1922 ж.), Жалал Але Ахмад (1923-1968 ж.ж.) шығармаларын орыс, ағылшын және америкалық әдебиеттер бағытында жазды.

Садық Һедаят

Үшінші кезең (1953-1961 ж.ж.) – екінші деспоттық кезең. Бұл кезең құрықтау, қамау, цензура және көптеген зиялыларға өлім жазасын қолданумен қатар келді.

Бұл кезеңнің әдебиетінде символизм мен аллегориялық тәсілдерді пайдалану басымдық танытты. Аталмыш кезеңді «Жаңа өлеңді тұрақтандыру» кезеңі деп те атайды. Көптеген ақындар өздерінің озық туындыларын осы кезеңде жазды. Сол ақындардың арасынан Ахмад Шамлуды (1925-2000 ж.ж.), Меһди Ахаван Салесты (1928–1990 ж.ж.), Надыр Надырпурды (1929-2000 ж.ж.), Форуғ Фаррахзадты (1935-1967 ж.ж.), Суһраб Сепеһриді (1928-1980 ж.ж.), Сияуыш Касраиді (1927-1996 ж.ж.), Носрат Рахманиді (1929-2000 ж.ж.), Ферейдун Мошириді (1926-2000 ж.ж.), Махмұд Мошарраф Азад Теһраниді (1934-2006 ж.ж.) атау қажет. Бұл кезең поэзиясының басты бағыты ғашықтық пен сезімді жырлауға арналып, тіркескен төртжолдық – "чаһарпаре-чарпаре" өлеңдердің таралуы өзінің шыңына жетті.

Проза жанрында да екі бағыт кең таралды: біріншісі – ғашықтық, дүрліктірерлік қауесетпен надандық тақырыбында алдымен сол кезеңдегі саржағал журналдарда тізбекті түрде жазылған, кейін роман түріне келтіріліп тараған қарабайыр әңгімелер; келесісі – құпия-сыр, аллегориямен астасып, шебер жазылған проза. 

Сол кезеңдегі ең танымал жазушылардан Тақи Моддареси (1932-1996 ж.ж.) мен Баһрам Садеқиді (1936-1984 ж.ж.) және Жалал Але Ахмадты (1923-1968 ж.ж.)  атаған жөн. 

Жалал Але Ахмад

Төртінші кезең (1961-1978 ж.ж.) – Иранның қазіргі дәуір әдебиетінің дамып, гүлденген кезеңі. Бұл кезеңде әдебиеттің барлық жанры жақсы дамыды. Классикалық және жаңа поэзиядан бастап, көптеген жанрлар, соның ішінде проза мен ғылыми проза және журналистика ігеріледі. Аталмыш кезеңдегі дәстүрлі бағытты ұстанған мықты ақындардың қатарын Шаһрияр (1906-1988 ж.ж.), Рахи Моайари (1909-1968 ж.ж.), Һушанг Ебтеһаж (1928 ж.), Пежман Бахтияри (1940-1974 ж.ж.), Меһрдад Авеста (1930-1999 ж.ж.), Меһди Хамиди Ширази (1914-1986 ж.ж.), Ферейдун Таваллали (1917-1985 ж.ж.) құрады. Жаңашыл ақындар «жаңа толқын», «көлем поэзиясы», «ақ өлең» деген әртүрлі поэзиялық мектептер құрып, сюрреалистік бағытқа бет бұрып, парсы поэзиясында жаңа бағыттардың келешегін қалыптастырды. Иранның жаңа дәуір әдебиетінің үшінші кезеңі ақындарының стильдері кемелдік деңгейіне жетіп, келесі жаңашыл ақындар жаңа идеяларымен солардың топтарына қосылды. 

Меһди Ахаван Салес (1928-1990 ж.ж.), Форуғ Фаррахзад (1935-1967 ж.ж.), Ахмад Шамлу (1925-2000 ж.ж.), Мохаммад Реза Шафии Кадкани (1939 ж.), Манучеһр Аташи (1931-2005 ж.ж.), Йадолла Руйаи (1931 ж.), Исмаил Хуи (1938 ж.), Таһере Саффарзаде (1936-2008 ж.ж.), Носрат Рахмани (1929-2000 ж.ж.), Соһраб Сепеһри (1928-1980 ж.ж.), Хамид Мосаддеқ (1940-1998 ж.ж.), Бижан Наджди (1941-1997 ж.ж.), Ахмад Реза Ахмади (1940 ж.), Мохаммад Али Сепанлу (1940 ж.) сол кезеңдегі басқалардан озық ақындардың қатарын құрады. 

Төртінші кезеңде партизандық-халықтық әндер де жазылды. Хосроу Голсорхи (1944-1974 ж.ж.) – осы тәсілдің көрнекті өкілі. 

Бозорг Алави

Ғоломхосейн Саеди (1936-1985 ж.ж.), Симин Данешвар (1921-2012 ж.ж.), Әли Мохаммад Афғани (1925 ж.), Исмаил Фасих (1935-2009 ж.ж.), Ахмад Махмуд (1931-2002 ж.ж.), Махмуд Доулатабади (1940 ж.), Һушанг Голшири (1938-2000 ж.ж.) өздерінің ең жақсы прозалық шығармаларын жазды. Осы кезеңде проза жанрында басқа да тамаша шығармалар дүниеге келді. Олардың жазушылары Парвиз Нател Ханлари (1914-1991 ж.ж.), Моджтаба Минови (1903-1977 ж.ж.), Саид Нафиси (1896-1966 ж.ж.), Ғоломхосейн Йусефи (1927-1990 ж.ж.) және Абдулхосейн Зарринкуб (1923-1999 ж.ж.) сынды көбінесе жоғары оқу орындарының ұстаздары болды. 

Бесінші кезең (1978-1991) – құнды әдебиет кезеңі. Иран ислам революциясының жеңісімен басталған бұл кезең көптеген маңызды оқиғаларға толы болды. Соның ішінде лаңкестік әрекеттер мен жекелеген және топтық қақтығыстарды, мәдени төңкеріс пен халықтық ереуілдерді, көші-қон мен сегіз жылға созылған таңылған соғысты[1] атау керек.

Кезеңнің бастапқы жылдарындағы өлең үдерісі ішінара ұраншыл, саяси болды. Патриоттық, халықтық поэзия да сол кезеңнің басында бұрынғысынша өзінің дәстүрлі жолын жалғастырды. Таңылған соғыс жылдары да өнер мен мәдениет саласында өндіріс көлемі қатты төмендеді. Бірақ классикалық стильдегі поэзия жаңа мазмұнға көшті. Бұл кезеңде жаңа поэзияда жаңашылдық солғындап, орнын жаңа тәсілдегі ғазал мен рубаиге, мәснауиге берді. Сол уақыттағы ақындардың көбісі классикалық өлең формасына аздап өзгеріс енгізу арқылы жаңа стильге қол жеткізуде табысқа жетті. Олардың қатарына Симин Беһбаһани (1927-2014 ж.ж.), Ғейсар Аминпур (1959-2007 ж.ж.), Хосейн Монзави (1946-2003 ж.ж.), Саид Биабанаки (1968 ж.), Мохаммад Али Баһмани (1942 ж.) кіреді. 

Нима Иушиж

Дегенмен революция поэзиясы жылдам дамыды. Революция поэзиясының танымал ақындарының қатарын Али Моаллем Дамғани (1951 ж.), Машфақ Кашани (1925-2014 ж.ж.), Фереште Сари (1956 ж.), Масуд Ахмади (1943 ж.), Мохаммад Реза Абдулмалекин (1958 ж.), Хамид Сабзевари (1926-2016 ж.ж.) құрайды.

Ислам революциясы мен таңылған соғыстың жақындауы сол кезең ақындарының ойын қасиетті қорғаныс тақырыбына бұрды. Бұл тақырып жылдар бойы, тіпті соғыс аяқталған соң да көптеген ақындардың өлеңдерінің басты өзегі мен мазмұны болып келді. Бүгін де сол күйде қалып отыр. Қасиетті қорғаныс тақырыбында жазған ақындардың қатарында Әли Моусави Гармарудиды (1941 ж.), Меһрдад Авестаны (1930-1991 ж.ж.), Саед Бағериды (1960 ж.), Насролла Марданиды (1948-2003 ж.ж.), Сейед Хасан Хосейниді (1956 ж.), Йусефали Миршаккакты (1959 ж.) Салман Һаратиды (1959-1986 ж.ж.), Хосейн Исрафилиді (1952 ж.), Сабер Емами (1969 ж.) мен тағы басқаларды  атауға болады. Осы ақындардың кейбіреуі қасиетті қорғаныс тақырыбымен бір мезгілде, тіпті одан кейін де ғашықтық және әлеуметтік мәселелер туралы шығармалар жазып, поэзияның бірнеше түрінде есімдерін қалдырды. Кейбір ақындар поэзиядағы жаңашылдықты жалғастырып, Ахаван Салес (1929-1990 ж.ж.) өлеңдерін «нимаи»[2] тәсілінде жазса, Ахмад Шамлу (1925-2000 ж.ж.) мен Мохамммад Реза Ахмади (1940 ж.) «ақ өлең» түрінде жазды. Ахмад Реза Ахмади жаңа стиль тудырса, Сейед Али Салеһи (1955 ж.) мен Али Бабахани (1973 ж.) одан да жаңашыл формаларды ұсынды.

Проза жанры да әлеуметтік-саяси реңкке ие болды. Жазушылар ассоциациясы революциядан кейін қайта ашылғанымен, сол жылдардың өзінде-ақ саяси және пікір қайшылығына ұшырап, соңында «Туде» партиясының жіктелуіне соқтырды. Соғыстың алдыңғы жылдары роман жазу дәстүрі ислам революциясынан бұрынғы кезеңді жалғастырғанымен, таңылған соғыс жылдары шәһәдәт, соғыс, майдан, мәзһәб және діни сенімдер тақырыбындағы қысқа повестер мен романдар қалыптасты. Соғыстан кейінгі көп жылдар бойы бұл әдебиет прозалық жанрда өнім берген басты әдебиет болды. Қазірдің өзінде жазушылардың көбі сол әдебиетпен өмір сүріп, шығармаларын сол тілде және сол әдебиетте жазып жүр. Таңылған соғыстан кейін жаңа үлгіде повесть жазу қайтадан қалыптасып, дамыды. Бұл кезеңдегі проза жанрының өкілдері ретінде Муниро Раванипурды (1952 ж.), Ғазале Ализадені (1947-1996 ж.ж.), Әли Моазениді (1958 ж.), Сейед Меһди Шоджаи (1960 ж.) мен Мостафа Мастурды (1965 ж.), Мохсен Махмалбаф (1957 ж.) пен Шаһрнуш Парсипурды (1945 ж.), Реза Бараһени (1935 ж.) мен Исмаил Фасихты (1935-2009 ж.ж.) және Шаһрияр Манданипурды (1957 ж.) атауға болады.

Парвин Етесами

Алтыншы кезең (1991-2001 ж.ж.) – өткінші тәжірибелер немесе постмодернизм кезеңі. Сырттай қарағанда Иранның осы кезеңдегі әдебиеті алдыңғы кезең әдебиетінің жалғасы саналғанымен, форма мен мазмұн тұрғысынан терең өзгерістерге ұшырады.   

Бұл онжылдық Еуропа және Латын Америкасы елдерінің философиялық-мәдени теорияларының аудармасымен, тәржімә мәтіндеріне қатысты көзқарастар мен ой түюлер және сараптамалардың алуандығымен қатар келді. 

Осы әдеби ағымның бастаушысы ретінде «Хатаб бе парванеһа ва чера мен дигар шаере нимаи нистам?» (Көбелектерге арнау және неліктен мен «нималық» ақын емеспін?) (1996 ж.) атты өлеңдері және мақалалар жинағымен Реза Бараһениді (1935 ж.) атауға болады. Бұл еңбек пен әдеби-философиялық аудармалар 1990 жылдары әдебиетте көпүнді ағымның пайда болуына себеп болды. Модернизм де осы кезеңде радикалды  сынға ұшырады. 

Ролан Барт шығармаларының аудармасы «Автордың өлімі» теориясына ұластырып, постмодернизм әдебиетін ерте жетілдірді. Лакан, Делез, Жан-Франсуа Лиотар мен Дерриданың философиялық ойлары әдебиетке жол тауып, осы кезең әдебиетінде бірнеше үн, бірнеше мағына, афазия, деконструкция тудырып, әйелдердің жазуы тәжірибеден өтіп, кейде әсірешілдікке ұласып, өзінің жалпы оқырманынан айрылды. 1990 жылдарғы еркін өлең өзінен бұрынғы онжылдықтың жалғасы болғанымен, өзіне ғана тән ерекшеліктерге ие болды. Сол кезеңдегі поэзиядағы басым ойды үмітсіздік, торығу, мағынаны теріске шығарып, содан қашу құрады.

Алтыншы кезеңдегі поэзияның келесі ерекшеліктеріне әдеби тілдің қалыбынан босап шығып, анық, айқын тілге бет бұруын, ұсақ тақырыптарға шоғырланып, үлкен сюжеттер мен асқақ армандарды қабылдамауды, поэзия тілінің прозаға жақындауын, көпсөзділікті пайдалануды, философиялық ойлар мен аударма поэзияға жүгінуді, өзінің немесе басқалардың өлеңдерінің мазмұнын қайталауды, өлеңнің жолдауын сонылау үшін грамматиканы теріске шығаруды, мағынаға тәуелділікті, тақырып пен мазмұндағы плюрализмді, қасиеттілікті теріске шығаруды, поэзияның ұлттық шеңберден асып жаһандануын, технологияға қатысты сөздерді, қазіргі әлемдегі қиындықтар мен дағдарыстарға көңіл аударуды атауға болады. Сол кезеңдегі өлеңнің басты келбетін поэзия ағымдары мен әдеби жаңа мектептердің қалыптасуы, соның ішінде, ауызекі поэзия, қозғалыс поэзиясы, көбінесе еуропалық поэзияның бір бөлігіне еліктеу және аударудан туындаған визуалды поэзия құрады. Бұл ағымдардың көбісі көптеген шығармаларына қарамастан, парсы әдебиетінің қазіргі поэзиясының табиғи жолында тұрақтана алмады. Бірнеше негізгі ағымнан басқасы ХХІ ғасырдағы парсы әдебиетіне жол таба алған жоқ. 

Сол кезеңдегі проза жанры да аударманың ықпалында болды. Көптеген себептерге байланысты осы онжылдық 1981-1991 жылдардағы проза жанры арасындағы жікке айналды. Аталған онжылдықтың басындағы алғашқы жылдар алдыңғы онжылдықтардағы проза жанрындағы шығармалармен басталды.

Форуғ Фаррахзад

Аббас Маруфидің «Сале болва» (Бейберекеттік жылы) (1992 ж.), Ибраһим Йунесидің «Гурестане ғарибан» (Бөгделердің зираты) (1993 ж.), Исмаил Фасихтың «Фараре Форуһар» (Форуһардың қашуы) (1993 ж.), «Бадейе коһан» (Ескі шарап) (1994 ж.), «Асире заман» (Уақыттың тұтқыны) (1994 ж.), «Сорайа дар ағма» (Комадағы Сорайа), «Земестане сале шаст о до» (62-ші жылдың қысы), Шамс Лангорудидың «Реже бар хаке пук» (Қопсыған жердегі парад) (1993 ж.), Бижан Наджадидың «Йузпалангани ке ба ман давиданд» (Менімен жүгірген қабыландар) (1994 ж.), Реза Бараһенидің «Азаде ханум ва невисандеаш» (Азаде ханым мен жазушысы) (1997 ж.), Симин Данешвардың «Джазирейе саргардани» (Сергелдеңдік аралы) (1993 ж.), «Аз парандеһайе моһаджер бепорс» (Жыл құстарынан сұра) (1997 ж.), Абутораб Хосравидің «Асфаре катебан» («Бестік» кітаптың жазушылары) (2000 ж.), Шаһрияр Манданипурдың «Һаштомин рузе замин» (Жердің сегізінші күні) (1992 ж.), «Мумиа ва асал» (Мумие және бал) (1996 ж.), «Маһе нимруз» (Тал түстегі ай) (1997 ж.), «Раз» (Сыр) (1997 ж.), «Шарғе банафше» (Көгілдір шығыс) (1998 ж.), «Делдадеги» (Ғашықтық) (1999 ж.), Зуйа Пирзадтың «Таме гасе хормалу» (Құрманың тұтқыр дәмі) (1997 ж.), Мохаммад Реза Сафдаридың «Тиле аби» (Көгілдір шар – The Blue Marble) (1998 ж.), Мохаммад Реза Катебтың «Һис!» (Тыныш!) (1999 ж.), Хосейн Шенапурдың «Ниме ғайеб» (Жартылай ғайып) (1999 ж.), Наһид Табатабаидың «Чеһелсалеги» (Қырық жас), Сепиде Шамлудың «Енгар гофте буди, Лейли» (Айтқан сияқтысың, Ләйлі) атты шығармалары мен Муниро Раванипурдың кейбір повестері осы онжылдықтағы шығармалар саналады. 

7. Жетінші кезең (2001-2011 ж.ж.)  – ХХ ғасырдың 90-шы жылдарындағы әдебиеттің нығайған кезеңі. Бұл кезеңде поэзия мен проза 90-шы жылдарға қарағанда өзінің жолын тыныш жалғастырды. Ұсынылған теориялар мен мазмұндар жалпы оқырманға етене жақындай түсті. Осы кезеңдегі «төртінші толқын» немесе «төртінші ағым» деген атпен танымал поэзия ерекшеліктерге ие. Ол ерекшеліктердің кейбіреуінің қатарын өлең тілінің қарапайымдылығы мен формаға азырақ көңіл бөліну құрады. Интернеттің виртуалды кеңістігі оқырманның шығармамен танысуына көмектеседі. Өлеңдердің электронды жарияланымы ақындардың жаңа буынын тәрбиелейді. Бұл кезеңдегі ақындар көбінесе алдыңғы кезеңдердегі өлеңдердің тәжірибелеріне көңіл аударып, шығармалар сол тәжірибелердің үйлестірілген түрінде жазды. 7-ші кезеңнің танымал ақындарының өлеңдері шынайы, бүгінгі заман адамы тіршілігінің болмысына жақынырақ, сезілетін шындықтарға толы болды. Бұл – алдыңғы онжылдықтарда көзге азырақ түскен тақырып. 

Шаһрияр

2000 жылдың басындағы поэзияға жаңашылдыққа батылдықтарының жетпеуіне байланысты біркелкі жазу, ақындық ауыс-түйістер, өлеңге қатысты үстірт көзқарас деген шынайы сын да тағылды. Осы кезеңнің ақындарының қатарын Шамс Ағаджани, Беһзад Зарринпур, Али Бабачаһи, Һормоз Әлипур, Әли Абдолрезаи, Шамс Лангоруди, Ахмадреза Ахмади, Роза Джамали, Сейед Али Салеһи, Хафез Моусави, Беһзад Хаджат, Масуд Ахмади, Ғоламреза Борусан, Реза Бахтияри Асл, Әли Реза Раһеб, Руджа Чаманкар, Сара Мохаммади Ардеһали, Мазиар Нистани, Гароус Абдулмалекиан, Саджад Гоударзи, Аббас Саффари, Реза Сареми, Маздак Панджеи, Араш Шафаи, Али Йари, Араш Носрателаһи, Наһид Арджуни, Алиреза Аббаси, Сейед Меһди Мусави, Фатеме Ехтесар және Мохаммад Хосейни Моғаддам құрады. 

ХХІ ғасырдың басындағы проза кеңістігі де поэзия сынды жаңа кезеңді бастан өткерді. Интернет желілері проза жанрының дамып, кеңеюіне көмектесті. 

Сол кеңістік әлемнің түкпір-түкпіріндегі парсытілдес жазушылардың интернет кеңістігінде жиналып, шығармаларды оқып, сынау үдерісінің дамуына себеп болды. Осы кезеңде шетелдік мықты шығармалардың 90-шы жылдары жасалған асығыс аудармалары қарастырылып, сынға алынды. Қарапайым тілмен жазылған қысқа повестер кең таралып, дамыды. Кейбір жазушылар Иранның бұрынғы әдеби мұраларына бет бұрды. Дегенмен, жаңа және кезеңнің тынысын бейнелеген шығармалар да жазушылардың назарынан тыс қалмады. Сол кезеңдегі прозадан алдыңғы кезеңдердегі негіздерінен айтарлықтай айырмашылық көзге түсті. Әсіресе, повестің элементтерінің қатарында жаңа көзқарас, жаңа формалар мен тәжірибелер, баспа индустриясы және жарыққа шыққан шығармаларды қайта қараудың жағдайы сынды кітапқа қатысты сыртқы факторларды атау керек.

2000 жылдардың басындағы жазушылардың кейбіреуі 1991 жылдардағы және одан бұрынғы жылдардағы танымал жазушылар болды. Бұл кезеңде жазушы әйелдердің саны артты. Осы кезеңдегі проза жанрының келесі ерекшеліктеріне алдыңғы кезеңдердегідей сюжет құрылымының жаңаруы, тарихқа сын көзқарас, жаңа тарихқа ену, адамдардың барлығына бірдей әрі тең қатынас білдіру және аударманың ықпалына берілу жатады. Проза жанрының шығармалары мен танымал жазушылардың қатарында Симин Данешвардың «Сарбане саргардан» (Адасқан түйеші) (2001 ж.), Зуйа Пирзадтың «Черағһа ра ман хамуш миконам» (Шырақтарды мен сөндіремін) (2001 ж.), Наһид Табатабаидың «Хонакайе сепидедаме сафар» (Сапардың таң алагеуімдегі салқыны) (2001 ж.), Фариба Вафидің «Парандейе ман» (Менің құсым) (2001 ж.), Хосейн Мортазаиан Абкенардың «Ағраб руйе пеллеһайе раһе аһане Андимешк» («Андимешк» темір жолы баспалдақтарындағы сарышаян) немесе «Аз ин ғатар хун мичекад, ғорбан» немесе (Мына пойыздан қан тамып тұр, құрметтім!) (2006 ж.), Амир Хосейн Хоршидфардың «Зендеги мотабеғе хастейе то пиш миравад» (Өмір сенің қалауыңа сай алға басуда) (2006 ж.), Муниро Раванипурдың «Назлы» (2003 ж.), Хамид Йаваридың «Шаһрбази» (Аттракцион) (2003 ж.), Таһере Алавидың «Хануме невисанде» (Жазушы ханым) (2005 ж.), Фарһад Жафаридың «Пианино бары» (2007 ж.), Маһса Махабалидің «Ашеғиат дар паварағи» (Ескертпедегі ғашықтық) (2007 ж.), Ғазал Заргардың «Жомейе бист о һаштоме руйе сандалие лаһестани» (Польшалық орындықтың үстіндегі жиырма сегізінші жұма) (2007 ж.), Наташа Амиридың «Хула... хула» (2001 ж.), «Ешқ руйе чакрайе доввом» (Екінші чакраның үстіндегі ғашықтық) (2008 ж.), Амир Ахмад Ариан «Чархбандеһа» (Тегершік) (2009 ж.), Жейран Гаһанның «Зире афтабе хушхиале аср» (Кештің жақсы ойлы күнінің астында) (2010 ж.) атты туындыларын атау керек.


[1]Саддам билігі кезінде Ирактың 1980 жылы Иранға жасаған басқыншылық соғысы Иранда «таңылған соғыс», Иракта «Қадиссия Саддам» деп танымал. 1988 жылға дейін созылған соғысты ирандықтар «қасиетті қорғаныс» деп те атайды.

[2]Иранның қазіргі дәуір әдебиетінде жаңа өлеңнің негізін қалаған Нима Йушидждің (1897-1959) тәсілі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар