Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Бір нұсқалы үш мәтін...

04.08.2023 1762

Бір нұсқалы үш мәтін 14+

Бір нұсқалы үш мәтін - adebiportal.kz

Осыдан жүз елу жыл бұрын, дәл осы күні дүниеге келген америкалық суретші, Джон Слоун «өнерді өмір сүріп жатқандардың өмірге деген қарсылығы» деп таныған. Осы бір танымдамадан көз алдыңызда жазылып жатқан мәтіннің жолына түсетін болсақ, алда ұсынылатын сөйлемдердің өнерге қатысты екенін дереу байқауға болады. Бірақ өнердің не екенін немесе Джон Слоун секілді өнерпаздардың өнер жайлы пікірлері жайлы сөз қозғамақ емеспіз. Әйтсе де «өнердің шек пен шегарасын белгілейтін нендей зат?» -сынды антологиялық сұрақтардан қашып құтыла алмайтынымыз тағы бар. Олай болса жазбамыздың негізіне өтпей тұрып, жазбамызды жазба хәліне алып келген өнердің не екені һәм өнер жайлы пікірлердің атласына көз жүгіртсек бәріміз үшін пайдалы болады деген үміттеміз. 

Сөзімізді «өнерді белгілейтін нендей зат?» немесе «өнердің шегі» мәселесінен бастайық.  Өнердің шегі жайлы ойлар мен пікірлер «өнердің өзі не?» деген әуелгі сұраққа алып барады. Яғни, «өнер дегеніміз не?» деген сұрақтың бір бөлшегі «өнердің шегі» жайлы ойлармен автоматты түрде байланысқа түседі. Ал мұнда біздің қолға алмақшы болған өнер ұғымымыз – өз болмысын, онтологиясын, шек пен шегарасын өз алдына автомония болған кезден бастау алғанын айтқанымыз жөн. Сөйлемімізді жинақтайтын болсақ, бүгінге дейін трансценденттік шындықтар мен гегемонияның езгісінде болған өнердің өз алдына «отау» тігіп, жеке дара, өз қолының өз аузына жеткен кезеңді «автомониялық кезең» десек артық айтқанымыз болмас деген ойдамыз. Олай болса бұл автономия идеясының қайнар көзі ретінде И. Кант пен романтика философтардың пікірлерін пайдалануымызға әбден болады деген сөз. Кант өзіне дейінгі өнерді сынап, оны ақыл мен моральдан толыққанды бөлек қарастырады. Басқаша айтқанда, өнерді ғылым мен діннен автономды етеді. Яғни, өнердің ақиқаты өнердің өзінде дейді. Ол ешқандай басқа шындықты, табиғатты, ойды, адамды, әулиелерді, Құдайды, императорларды, патшаларды, белгілі бір халықтарды т.б. бейнелемейді. «Sensus communis» (қаз. ортақ ақыл) арқылы өнерді сұлулық деп бағалауға болады. Сәйкесінше өнердің болмысы трансценденттік емес, имманентті дейді Кант. Сондықтан оны сырттан түсіндіру немесе басқару мүмкін емес. Әрине, модерн өнердің алғышартын жасауға тырысқан Канттан бері өнер түсінігі адам танымастай тым басқаша бағытта өрбіді. Мысалы, «Өнерді өнер ететін оның сұлулығы ма?!» «Өнерді сұлу ететін не?!», «Өнер бәріне сұлу болып көрінуге міндетті ме?!» «Сұлулық қаншалықты сұлу?!» деген сынды сұрақтарды Кант өз деңгейінде қарастырса да, қазіргі таңда аталған сұрақтарды қайта қарауға қажеттілік туып отыр. Десе де, осы сұрақтардың қойылуына, қолға алынуына, себепші болған кісірлерді бірі һәм бірегейі жоғарыдағы Кант екенін ешқашан ұмытпағанымыз жөн. Ештеңені бейнелемейтін, еліктемейтін, сипаттамайтын «Канттың өнерінде», Гегельдің тілімен айтатын болсақ, мимесистік эстетиканың орнын жаратылыс эстетикасы алады. Ал бұл эстетика сол уақытқа дейін өнерге қойылған барлық шектеулерді бұзып өткенін  мойындауымыз керек. 

Кант «өнердің автономиясын» қолға алып жатқанда, «өнердің еркіндігі» жайлы да сөз қозғайды. Яғни, барлық қағидалардан ада өнердің эстетикалық тәжірибесі де ешқандай гегемонияның астында болмауы керек. Бұл дегеніміз өнер алдындағы эстетикалық тәжірибе қабылдау заңдарынан, басқаша айтқанда, когнитивтік жүйеден еркін болуы ләзім дегенді білдіреді. «Сондықтан өнер сыйлаған эстетикалық еркіндік – «заңдары» жоқ еркіндік дейді Кант. Өнер заңы – қиялдың заңсыздығы. Өнер  ережесіздікті, заңсыздықты көрсеткені үшін еркін. 

Романтик философтардың бірі Шеллинг (1775-1854) Канттың пинцинтеріне бас ұра отырып, өнер сыйлаған эстетикалық күй қоғамға өмір береді дейді. Өйткені адам сұлулық (мұндағы сұлулықты өнер деп ұққанымыз жөн) арқылы ғана әлеуметтік болмысқа ие болады. Ал сұлулық сезімі жалпыға ортақ сезім /Sensus communis (қаз. ортақ ақыл). Тек осы сұлулық қана бүкіл әлемді бақытты ете алады. Ең маңыздысы, өнер арқылы әлеуметтік болмысқа ие болған әрбір адам қоғамның бір бөлшегі екенін ескерсек, саясаттың да өнерге қатысы жайлы ойлар туындайды. Осындай ойларды мөрлеп, қағазға түсірген Канттың тағы бір ізбарасы романтик Шиллер. Шиллер, Канттың өнер жайлы пікірлерін одан әрмен дамытып, саясатты өнердің шекарасына енгізеді. «Адамның эстетикалық тәжірибесінде» сұлулық және ойын ұғымдары арқылы өз философиясын аша түседі. Ол үшін «әдемі» - еркіндіктің сыртқы көрінісі, еркіндіктің сезімдік бейнесі. Еркіндік «сұлулық» деген сезім арқылы ғана пайда болады. «Өнер – еркіндіктің қызы» дейді Шиллер. «Егер адамзат саясат мәселесін шешетін болса, оған эстетикалық тұрғыдан келу керек, өйткені тек Сұлулық қана бостандыққа жол ашады» деп романтикаға беріледі. Яғни, Шиллердегі еркіндік көзі – сұлулық. Сұлулық – ол өнер. Кантта да, Шиллинг пен Шиллерде де өнер сұлу болуға міндетті. Сұлулық –  еркін эстетикалық тәжірибенің жемісі. Ал еркін эстетикалық тәжірибені жандандыратын өнердің формасы. Яғни, сұлулық –форма. Адам формаларда өмірге келетін сұлулыққа бойлау арқылы ғана емес, сонымен бірге «формасыз нәрселерге пішін беру» арқылы да өзінің еркін екенін дәлелдейді. Ең қызығы, формалар мен өмірде сұлулылықты тудыратын тек қана ойын дейді Шиллер. «Адам тек сұлулықпен ойнайды... Адам адам болғанда ғана ойнайды және тек ойын ойнағанда ғана адам». Яғни, өнер Шиллердің түсінігінде ақыл-ойдан алыс шығармашылық ойын. 

Сонымен Канттан басталған модерн өнер түсінігі Шиллерде нығыздалып, бертіндегі Эко, Гадамер, Рансьерге дейін адам танымайтын болып өзгереді. Әрине, өнердің ақиқатқа, ақиқаттың өнерге байланысы жайлы Кантқа дейін/кейін ұзын-созар мәтін жазуға болар еді. Бірақ бізге қажетті негізгі ұғымдарды қолға түсіргеннен кейін, әрмен қарай тереңдеуді жөн көрмедік. Яғни, осы жерге дейін оқығаныңыз бойынша «өнердің болмысы имманетті», «өнер – шығармашылық ойын», «өнер – сұлулық», «сұлулықты бағалайтын ортақ ақыл» сынды ұғымдар жазбаның алдағы бөлімдеріне қажетті. Дәлірек айтсақ, бұлардың ішіндегі алғашқы екі пікір біздің пайдамызға аспақ, қалған екі пікірді жаратқан Кант пен романтиктерге қарсылығымыз бар. Енді осы біздің пайдамызға асар екі пікірден жолға шығатын болсақ, төмендегі мәтіндерді қолға алу әлдеқайда оңайырақ болады деген ойдамыз. Ол үшін сөз қылар мәтіндерімізге көз жүгіртіп шығайық. 

Бірінші мәтініміз – Нобель сыйлығының иегері, ақын,жазушы Хулио Кортасардың «Саябақтардың сабақтастығы» атты кішкентай ғана әңгімесі. Бір қарағанда қарапайым ғана мәтін болып көрінгенімен, мәтіннің трансценденттік емес, имманетті екенін көзіңіз жетеді. Шама шарқымыз жеткенше осыдан бірнеше жыл бұрын ағылшын тілінен қазақшаға қотарып көріп едік, аудармамыз төмендегідей шыққан:

Ол романды бірнеше күн бұрын оқи бастаған болатын. Алайда осы кітаптың әріптерін сөзге, сөздерін мағынаға айналған күннен бері барлығы қарбаласып кетті. Жұмыс... жұмыс... жұмыс... Әйтеуір күнұзақ қу тіршіліктен соң пойызбен үйге қайтып бара жатып, кітаптың мұқабасын қайта ашты.  Бейне бір қазына аңсаған қарақшыдай оқиғалардың өрімі, кейіпкерлердің ерекшелігі оны біртіндеп қызықтыра бастады. Осылайша кітаптан бас алмай үйге жетті. Келесі күні түстен кейін өзінің өкіліне хат жазып үй қызметшісіне берілетін еңбек демалысының уақытын ескерткеннен кейін, терезесі емен ағаштарына қараған жұмыс бөлмесінде кітапқа қайта оралды. Кез-келген адамға бөлменің құшағын жайып тұрған есікке арқасын беріп, жасыл орындығын сол қолымен сипалап отырған күйі романның соңғы бөлімдерін оқи бастады. Қанша мәрте үзіп-үзіп, араға уақыт салып оқығанына қарамастан, кейіпкерлердің есімдері мен олардың ерекшеліктері есінде сақталып қалған екен. Көп ұзамай өзі де сол романның ортасына түсті де кетті. Қол ұстасқан әріптермен үлкен бір әскерге айналған сөздердің соңынан ерген сайын өз-өзінен алыстап бара жатқанын сезді. Бірақ жасыл барқыт орындықта басының жайлы тұрғанын, шылымының шырыны әлі тілінің ұшында екенін, терезесінің арғы жағында күннің өзі емен ағаштарының астында би билеп бара жатқанын анық біліп тұр. Сөздердің салып берген жолымен жүріп келе жатып, таудағы лашықта болған соңғы кездесудің куәсі болды. Уәде етілген мекенге алғаш жүрегін қолына ұстап әйел келді. Әнеу бір жерден жас шыбыққа бетін тілгізіп ғашық жігіт келе жатыр. Бетінен аққан қанды әйел сүйіп тоқтатқандай болды. Бірақ жігіттің дәл қазіргі ойы әйелді құшу емес. Бейне бір жас шыбықтардың жапырақтары мен сол мекенге алып келген аяқ іздеріне қамалған әлемге құмарлық үшін келмеген адамдай. Қолындағы қанжары мен кеудесіндегі шарасыздығы оның тұлай бойын тұншықтырып барады. Әр парақты аударған сайын жылан секілді олардың сөздері де қолды-аяққа тұрмай зымырайды-ай келіп.  Барлығы кездеспей тұрып шешіліп қойған секілді-ау шамасы. Сүйіктісін райынан қайтару үшін талпынған әйелдің құшағы, сүйісі, әрбір әрекеті жігіттің жолында тұрған басқа бір адамға тиесілі болатын. Оны жолымнан тайдырмасам жігіт атым құрсын деген секілді қанжарды мыжып жіберердей ұстап тұр. Әрине, ештеңе ешқашан ұмытылмайды. Жігіт үшін де, әйел үшін де... Тек ең өкініштісі, дәл қазір әр сәттің арқасына өздерінен де үлкен жүк артып қойғандарында еді. Ал олардың белі сынып кетеді-ау ойлап жатқан ешкім жоқ. Қанжарын қолына қысып ұстаған жігіт жоспарын соңғы бір пысықтап алды да, әйелдің иегінен сипады. Осылайша шарасыз һәм көңілсіз кездесудің дәргейінде күн қарая бастады.

Енді олар өздеріне жүктелген міндетті орындаулары үшін бір-біріне қарамай лашықтан шығуға бекінді. Әйел солтүстікке қарай бет алған іздердің артынан жүруі керек. Жігіт қарама-қарсы бағытқа бет түзіп бара жатып, шашы толқынданып жүгірген әйелге соңғы рет қарау үшін артына бұрылды. Сосын ымырттың қойнына сіңген ағаштардан, қоршаулардан аулақ, үйге қарай жүгіре жөнелді. Жасырын келген бұл жолдың бойында иттер үрмеуі керек болатын, үрмеді. Үй қызметшісі де ол уақытта үйде болмауы керек еді, болмады. Демі деміне жетпей, аптыққан күйі баспалдықтың алғашқы үш сатысын аттап үнсіз ғана ішке кірді. Қанша қатты жүгіріп келсе де әйелдің айтқан сөздері бейгеге шапқан жылқылардай артынан бір елі қалмапты, әлі жаңғырып тұр: әуелі көк зал, сосын кең дәліз, кілеммен жабылған баспалдақтар. Жігіт көтеріліп келеді. Жоғары қабатта екі есік. Бірінші бөлмеде ешкім жоқ. Екіншісінде де ешкім жоқ. Жұмыс бөлмесіне жігіттен бұрын жылт-жылт қанжар кірді. Қанжар секілді емес, терезеден бөлмеге имене кірген күннің сәулесі жігітке алақ-жұлақ қарайды. Жігіттің алдында жасыл орындық және сол орындықтан шығып тұрған адамның кәлласы...

Бір беттен сәл асатын әңгіменің ерекшелігі – оқиғаның оқырманға ұсынылуында. Өз өлімін қолындағы кітаптан оқыған адамның соңғы сәтте не сезініп үлгергені сізге де қызық шығар. Бәлкім сәлден кейін сізге не болатынын сіз де дәл осы мәтіннен оқып оқырған шығарсыз, кім біледі?! Кортасар осы әңгімесі арқылы уақыттың, кеңістіктің кейіпкерлердің, баяндаушының, оқырманның, автордың классикалық статусын қайта қарастыруға мүмкіндік береді. Мысалы, осыған дейінгі жаңашыл мәтіндерде уақыт пен кеңістіктің белгісіздігі, орын алмастырулары немесе олардың тіптен жоқтығы; баяндаушы мен кейіпкерлердің өзара қатынастары, шиеленістері; автор мен оқырманның таусылмас қақтығы, гегемониясы орын алса, Кортасардың мәтінінде барлығы бар және барлығы жоқ. Себебі мұндағы бас кейіпкер оқырманның өзі. Шығарманы қашан, қалай, қайтып оқитынын өзі ғана шешеді. Әңгімедегі оқырманның романды оқуға мүмкіндік таппай ұзақ уақыт бойы оқығанына назар аударатын болсақ, уақыт та асығыс емес. Классикалық шығармалардағыдай ешкімге бағынбайтын, өз алдына бар бола алатын, қалаған сәтінде өзінікін тартып ала алатын, барлық оқиғаны өз ережесінде ойнататын «құдіретті күшті» уақыт Корсатардың шығармасында оқырманға тәуелді, дегеніне көнген, айтқанын екі етпейтін, еш қарсылығы жоқ қол бала секілді. Мұнымен қоса қатып қалған оқиға да жоқ. Оны да қалағаныңызша өзгертуіңізге болады. Мысалы, ұзақ уақыттан бері кітабын оқып бітере алмаған адам үй қызметшісін өз қалауымен еңбек демалысына жібереді, өз қалауымен жасыл орындыққа отырады. Ең қызығы, бұл әрекеттердің кітабындағы роман оқиғасын өзгертіп жатқанын оқырманның өзі де білмейді. Баяндаушы да, кейіпкерлер де ішінара кіріктірілген. Бұл белгілі бір сәттен кейін орыс халқының матрешка ойыншығына ұқсайды. Оқиғаның ішінде оқиға, кейіпкер ішінде кейіпкер, мәтін ішіндегі мәтін. Кортасардың ерекшелігі, осы бір әңгімеге бізді де қосуында деп білеміз. Себебі оқиғаны объективті түрде бақылап/оқып отырған кез-келген оқырман, соңында сол оқиғаның субъектісіне айналып шыға келеді. Осы арқылы мәтіннің түзілу/жазылу процессіне автор оқырманды да қатысты етеді. Яғни, мұнда мәтіннің ниеті мен оқырманың ниеті және автордың ниеті біріктіріліп, үлкен бір өрмекші торындай алгоритмалық сеть құрағанын көреміз. 

Енді Корсатардың осы бір мәтіне ұқсас, дәлірек айтсақ, бір нұсқалы екінші мәтіннің түзілуіне келетін болсақ, тағы да центрилизацияның (ол мейлі автор болсын, оқырман болсын, мәтін болсын) толығымен көзден ғайып болғанын байқаймыз. Мұнда да бастауы мен соңы жоқ процесстің түзілуіне барлық элементтер тікелей қатысты. Сөзіміз әрмен қарай түсінікті болу үшін постмодернист түрік ақыны Эдип Жансевердің «Кітап, менекше, тырнақ» атты өлеңін түрік тілінен қазақша ұсынып көрсек, төмендегідей нұсқа шығады: 

 

Бақшада, шезлонгта жатыр,

кітап оқыған адам

анда-санда кітаптан басын көтеріп қояды

резеңке түтік жатқан  гүл орнындағы

менекшенің М-сына қарайды – 

күннің көп бөлігі онсызда көкпеңбек –

менекше гүл деген ұғымнан ада болғаны үшін бар,

адам махаббат ұғымынан қашқаны үшін бақытты

теңіз де сол адам секілді тыныш.

 

Қыркүйек, өлеңнің көлеңкесі болуы керек!  

деуге оқталып еді,

Өлең оқымаймын ғой деді әйелі,

арқасын қабырғаға сүйеп,

көктегі ұшақтың ізіне қарады –

бір-біріне ұқсамайтын үш бөлек қашықтық –

Тағы біраз тырнақтарымды кессем

күз менікі болады.

 

КІтапқа көз салды адам,

кішкентай шөп жұлады әйел.

мен бұл жерден көре алар емеспін,

үстелден,

оның қандай шөп жұлып алғанын.

қайырлы күн тілеймін оларға

алыстан

және жалғыздыққа қатысты көп дүние білемін.

 

адамның қолымдағы кітап менің кітабым,

оқыған өлеңі де осы өлең.

Өлеңдегі менекше дегеніміз гүлдің атауы, қазақ тілінде шегіргүл, орыс тілінде фиалка болып аударылады. Өлеңге объективті түрде қарайтын болсақ, мұнда ер кісі мен әйел және автордың ара қатынасы белгілі болады. Корсатар секілді мұнда да кейіпкерлер, дәлірек айтсақ әйел мен ер кісі мәтін жаратыып отырған авторға, оқиғаға, уақытқа, мекенге тәуелді емес. Керісінше классикалық мәтіндегі тиран-автор енді өз кейіпкерлеріне тәуелді. Ал оқырман болса тағы да «өз өлімін кітаптан оқыған адам секілді» әйелімен бірге өткізген күндерін өзі жазып отыр. Тек автор мұнда қауқарсыз. Оны біз «мен бұл жерден көре алар емеспін, үстелден,оның қандай шөп жұлып алғанын» дегенінен автор құдіреттілігінің жойылғанын байқауға болады. Себебі бүгінге дейін шығармаларда автор «бәрін көруші, бәрін білуші, құпия жасырушы» болатын. Бірақ Эдиптің өлеңінде автор қарапайым ғана кейіпкердің қандай шөп жұлып алғанын білмейді. Олардың тағдырын да өзгерте алмайды, жай ғана «қайырлы күн тілеймін» дейді. Бірақ автордың қауқарсыздығы кейіпкерлердің қауқарлығын білдірмейді. Себебі үш бағытқа жол алған ұшақ іздері, махаббат ұғымынан ада болуға тырысқан ер кісі, өлең оқымайтын әйелі барлығы кейіпкерлердің өзінен де тыс орын алып жатқан оқиғалар. Уақыт ұғымы да дәл Корсатар шығамасындағы секілді кейіпкерлерге тәуелді. Байқап қарайтын болсақ, адам оқып отырған өлеңін жарты жолдан қалдырып әйеліне сөйлейді. Ал бұл уақытта «оның отырған өлеңі осы өлең» деген автор кейіпкердің бұл әрекетіне кедергі бола алмайды. Жәй ғана бақылауға және адамның өлеңді қайта оқуын күтуге ғана шамасы жетеді. 

Корсатар мен Эдип шығармаларындағы ең маңызды бөлшегі кейіпкерлердің бір-бір кітап оқып отырғанында деп білеміз. Есіңізде болса, Корсатардың шығармасында ұзақ уақыттан бері «өз өлімі» жайлы жазылған романды бітері алмаған кейіпкер бар болатын болса, Эдиптің шығармасында өлең түсінбейтін әйелінің жанында «өзінің жалғыздығы» жайлы өлеңдер жинағын оқып отырған ер кісі. Назар салып қарайтын болсақ, екі шығармада да кейіпкердің қолындағы кітаптың сол кейіпкердің өзі, бірақ кітап кейіпкерден тыс жазылып/оқылып жатыр. Шығарманы бар етуші элементтердің орын алмасулары яки мүлде кейіптерінің өзгертулері жоғары Канттың «өнер болмысының имманеттілігінің» айқын көрінісі деп айта аламыз. 

Сонымен Корсатар мен Эдиптен кейін жазбамызға қолға алған үшінші мәтін иран ақыны Шехрами Рейфизаденің «Бітір» атты өлеңі. Қазіргі таңда Канадада өмір сүретін Рейфизаденің өлеңі хранологиялық тұрғыдан Корсатар мен Эдиптен кеш жазылған. Өзіне дейінгі екі автордың шығармасынан шабыттанып жазды деуден аулақпыз. Өнер заңы – қиялдың заңсыздығы екенін ескерсек, қиялды құрайтын кей элементтердің феноменнен бастау алатынын да ойлайтын болсақ, Рейфизаденің де өзіне дейінгі екі автор секілді қиялдауы, «сұлулықпен ойнауы» заңды құбылыс. Олай болса, үшінші мәтінді парсы тілінен қазақ тіліне еркін аударма жасасақ, төмендегідей мәтін түзіліп шығады: 

Барлығы бар мұнда.

үстел үстінде жасанды гүл салынған ваза

өз орнында тыныстайтындай

есік те тұр

қабырғалар да бір бірімен бас қосқан

телефон ұйқыда

бәлкім сөйлейтін сөзі жоқ

лампа басын төмен түсірген, 

үнсіз

 

барлығы бар мұнда

және мен бармын

ақ қағаз бар алдымда

қаламмен

жазып отырмын

осы оқып бітіргеніңді. 

Рейфизаденің Кортасар мен Эдиптен айырмашылығы шығармасында «өз өлімін оқыған адам» мен «өз жалғыздығын өлең қылып отырған адам» жоқ. Олардың орнына, сізді қояды. Сіз қаласаңыз бұл өлеңді жартылай оқып, жұмысыңызға кетіп қалуыңызға болады. «Үй қызметшісін еңбек демалысына жіберіп» жасыл орындыққа отыруыңызға болады немесе шезлонгта жатсаңыз болады, әйеліңізге «тырнағымызды тағы кішкене кессем, күз менікі болады» деуіңізге болады. Не істесеңізде өзіңіз білесіз, себебі мұндағы орын алу потанциалы жоғары оқиғалар немесе гүл салынған ваза, есік, қабырға, телефон, лампа тіпті осыны хатқа түсірер автор да сізді күтіп тұр. Тек сіз пейіл танытсаңыз бәлкім өлеңнің соңында бір оқиғаға тап болуыңыз мүмкін. Ал автор сізге «барлығы бар мұнда» тіпті «мен де бармын», «ақ қағазым да дайын» «осы ооқып бітіргеніңді жазып отырмын» дейді. Шығармаға сіз кірсеңіз де, кірмесеңіз де шығарма шығарма күйінде қалмақ. Мұнда Канттың айтытын ортақ сезімі роль ойнамайды. Себебі барлық шығарма көптің тарапынан мойындалуы міндетті емес. Шығарма құраушы элементтер болмаса да, шығарма шығарма күйінде қала бермек.Сөзіміз түсінікті болу үшін Канттан бастау алған өнер эстетикасын, қазіргі Америкалық өнертанушы Артур Дантоның «After the Brillo Box-The Visual Arts in Post-Historical Perspective» атты кітабындағы пікіріне жалғағымыз келеді. Артур Данто барлық заттың өнерге айналу қабілетіне ие болуын өнердің соңы деп біледі. Яғни, «тарихи тұрғыдан ештеңе қарастырылмағандықтан, бәріне рұқсат етілген. Мен бұған өнердің пост-тарихи кезеңі деп атаймын. Ал бұл кезеңнің алдағы уақытта аяқталуына ешқандай себеп жоқ. (...) Басқаша айтқанда, өнердің автономиясы күйреді, ендігі уақытта өнердің өз шекарасы да, тарихы да жоқ» дейді Данто. Осы пікірден Рейфизаденің өлеңіне қайта оралатын болсақ, барлығына рұқсат етілген өнерде белгілі бір элементтің объект ретінде ұсынылуымен бірге, ештеңенің ұсынылмауы да, яғни бала күніміздегідей жоқ ақшасы «мә» деп бергеніміз секілді жоқ дүниені де бар деп қиялдап  өнер жаратуымызға әбден болады. Олай болса, ешқандай кейіпкері жоқ Рейфизаденің жоғарыда өлеңі сізді өзіне кейіпкер қылып шақырады. Бірақ сіз кейіпкер болмасаңыз да, ол өнер статусынан айрылып қалмайды. Себебі шығарма кейіпкерге де, оқырманға да, авторға да, уақыт пен оқиғаға да тәуелді болып тұрған жоқ.

Сонымен үш мәтіндегі мәтінді құраушы элементтердің үлкен бір алгоритмалық сетьте қалайша әрекет еткенін қал-қадіріміз жеткенше түсіндіріп беруге тырыстық. Автордың гегемониясынан еркіндік алған шығармалардың соңында кейіпкерлер мен оқиғалардан да бас тартқаны немесе қажет етпегені еш таңғаралық құбылыс емес. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар