Моңғолия қазақтары қазақтың өнер-мәдениетінен, әсіресе Кеңестік Қазақстан дәуірінің өнерінен, мәдениетінен кенде емес. Кеңес Одағының социалистік серіктесі, турасын айтсақ, отары болған Монғолияның Қазақстанмен арадағы мәдени қатынасы коммунистер дәуірінде үзілген жоқ.
Бала кезімізде үш батареялы (әрқайсысы 5 келі), көшкенде бір өзі бір түйеге жүк болатын «Родина-52» радиоқабылдағышын жастанып жатып, қазақтың ән-күйін тыңдап өстік. 80 жылға жуық тарихы бар аймақтық қазақ ұлттық музыкалы театрының негізін Қазақстаннан келген мамандар бірге қаласты. Театрдың көркемдік жағына Алдаберген Мырзабеков, Қабидолда Тастанов, Мәлғаждар Әубәкіров сынды Қазақ елінің театр саласындағы білгір мамандары жетекшілік етті.
Өнер жұлдыздарының гастрольдік сапары да жолға қойылған еді. Сонау 1950 жылдары Жамал Омарова, 1960 жылдары Роза Бағланова апаларымыз Моңғолиядағы қазақ ауылдарын аралап ән салған. Ата-әжелеріміз, әке-шешелеріміз ол кісілерді көзімен көріп, әнін өз аузынан тыңдағандарын мақтанышпен айтып отыратын. Қазақстандық әнші-күйшілердің Монғолияға сапарламағаны кемде-кем десек, артық айтпағандық болар еді.
Сондай дүлділ әншілердің бірі қазақтың соңғы сал-серісі, қазақ ән өнерінің антологиясы, тіпті тұтас энциклопедиясы іспетті телегей дарын талант иесі Жәнібек Кәременов те 1990 жылдың басында жазушы Әкім Тарази, ақын Ұлықбек Есдәулетовтермен бірге Баян-Өлгий аймағына барған еді. Атына, әніне радио арқылы бұрыннан қанық ондағы қандастарымыз Жәкеңді тікесінен тік тұрып қарсы алды.
Жәнібек Кәрменов, Ақселеу Сейдімбек, Ұлықбек Есдәулет
– Бәріміз де ауылдан шықтық, әнді ауылдан бастайық, Моңғолия қазақтарының ауылын көрейік, – деп, алғашқы концертін Өлгий қаласындағы аймақтық музыкалы драма театрында өткізу жөніндегі ұсыныстан бас тартты.
Ауылдарға аймақтық Партия Комитетінің идеология ісін басқарған хатшысы Хабсатор Омарұлы өзі бастап, Монғолия Жазушылар одағы аймақтық бөлімшесінің басшысы Кәкей Жаңжұңұлы қостап, екі жеңіл машинамен жолға шықтық. Газет, радио тілшілері де (бірі мен) қастарынан бір елі қалған жоқпыз. Жәнібек екеуіміз құрдас екенбіз, етене танысып, бір апта бойы еркін шүйіркелескен едік. Жәкеңнің әуелеткен әндері ғана емес, көңіл елітер әсерлі әңгімелері де жүрекке жатталып қалды.
150 шақырымдағы Дэлүүн сұмынына (аудан дәрежесіндегі әкімшілік бірлігінің атауы) жол тартық. Жолай Тұлба сұмынында Әкім деген малшының үйінен дәм татық. Жәнібек «бұлбұл құсы, тіл білгіші» Майлықожа бабасынан қалған шанағы шөмішттің басындай ғана, тұрқы қолдың қарынан аспайтын кіп-кішкентай қара домбырасын күмбірлетіп, үш-төрт үйлі ауылдың шал-кемпір, қатын-баласына бірнеше ән салып берді. Ауыл адамдары дән риза.
Сол күні кеште Дэлүүн сұмынының шағын клубына сыймаған ауыл тұрғындарының концертке кіргендері де, кіре алмай қалғандары да арманда еді. Сахна төрінде тек Жәкең: басында тақия, үстінде кестелі қазақ шапан. Қолында томардай қара домбыра.
Мен бұрын-соңды әншінің тыңдаушы қауымды әнмен, нақтырақ айтқанда ән әуенімен тәнті еткенін көрсем де, әсерлі әңгімесімен бауырағанын көрмеппін (кейін Жәкеңнің шәкірті Бекболат Тілеуханов інімізді көрдік). Жәкең бұл сапардағы бірде-бір концертін әнмен бастаған жоқ. Ылғи да әңгімемен басталы. Әңгіме болғанда, ұзын-сонар әңгіме. Бір ғажабы, сол ұзын-сонар әңгіме тыңдаушысын жалықтырған жоқ, қайта елітті, баурады, балқытты. Жұрт ауыздарының суы құрып тыңдады.
Қандай әңгіме дейсіз ғой? Қазақ әндері антологиясының парақтарынан төгілген сыр-сұхбат Жәкең әр жолғы әңгімесінің әлхиссасын «Қайра-а-ан қазағым-ай», - деп, дауысын соза түсіп, толқыған, мұңлы кейіппен бастайды. Дәл осы екі сөздің өзі-ақ көрерменді селт еткізіп, өзіне тартады. «Ары қарай не айтар екен, қазақтың қай қырын сөз етпек екен», - деп, үздіге құлақ түрді, зейіндерін салды.
https://www.youtube.com/embed/PHDP1OiltKw
Жәнібек Кәрменов қазақтың ұлы жазушысы Ғабит Мүсіреповті еске алу кешін өткізуде
Жәкең қазақтың ән тарихынан сыр ақтарды. Әуелі қазақтың кең сахарасын тауымен, тасымен, өзенімен, көлімен түгелдей көрерменнің көз алдыңа елестетті: «Қайран қазағымның басынан ғасырлар керуенінде не өтпеді! Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жұмақ жылдар да, көздерінен қанды жас сорғалап, табандары тасқа тілінген ылаң жылдарда өтті. Сол заманның қайсысында да қазағым қара домбырасы мен қара өлеңін жандарына серік етті. Мұңын әнмен шақты, сырын әнмен шертті. Шаттығын әнмен шалқытты. «Елім-ай» деп еңіреді. «Ағажай Алтай» деп егілді.
Кешегі Ақан, Біржан, Естайлар аңыратып салған Арқаның асқақ әндері-ай десеңші! Ойлылығымен, сыршылдығымен жан дүниеңе нұр сәулесін төгіп, таза ғашықтық сыр айтады. Жүректің түбіндегі мұңын да, санадағы сары тап сағынышын да, жүзіндегі қуаныш, шаттығын да бәр-бәрі сол әндерге сіңірді».
Жәкең Арқаның арқалы ақын-әншілерін түгендеді. Аракідік сол сөзінің дәлелі ретінде әнге кезек береді. Тағы да сөйлеп кетеді. Құдды қағаз бетіне түскен тексті жатқа мәнерлеп оқып тұрғандай:
«Біз сол өзінің дарқан даласындай кең әрі зеңгір аспанындай биік, ойлы да сыршыл ән тудырған бабаларымызға басымызды июіміз керек (Жәкең бар жүрегімен тебіреніп тұр) – Өкініштісі, мыңдаған жылдық тарихы бар қазақтың ән өнерінің майталмандарынан біз өткен ғасырда ғана өмір сүрген Ақан, Біржан, Ыбырай, Мәди, Жаяу Мұса, Естай, Балуан Шолақ, Ғазиз сияқты саусақпен санарлығын ғана білеміз. Қалғандарының үні сахараға сіңіп, құрдымға кетті. Аттың жалында, атанның қомында тозды. Олардың әндерін Әміре, Жүсіпбек, Манарбек, Қали, Күләш, Жамал сынды күміс көмей, жез таңдай әнші аға, апаларымыздың аузынан естідік, өз құлағымызбен естідік. Әміре өзінің ерекше жаралған кең тынысымен, асқақ үнімен қазақ әнін Париж аспанында қалықтатып, талғампаз француз тыңдармандарын тебірентті. Асыл мұрамызды айнытпай жеткізген, сол асылдарымыздан айналайық! Басымызды иейік ағайын! Олар ұлттық өнерімізді өшпестей етіп, тасқа қашады».
Ине шаншар орын жоқ, лық толы залға риза сезіммен бір қарап алады да, тағыда ағытылады: «Сондықтан қазақтың ән өнерінің бай мұрасы енді өлмейді, өшпейді. Болашаққа жеткізетін мына сіздердің орталарыңыздағы «боқмұрындар» – ертеңнің аптал азаматтары.
Айтпақшы, халқымыздың асыл өнеріне өзіміз ғана емес өзгелер де тәнті болғанын ойлағанда менің жүрегімді мақтаныш сезімі билейді. Орыстың әйгілі ғалымы Г.Потанин: «Маған қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді», - десе, Н.Савичев: «Құрманғазы егер Европалық білім алса, әлемнің, музыка әлемінің ең жарық жұлдызы болған болар еді», - деген екен. Мұнан артық баға, мұнан артық теңеу жоқ шығар! Қазақ әнінің құдыретіне тәнті болмаса, Затаевич халқымыздың 2000 ән, күйін жинап, нотаға түсірмес еді ғой. Халқымыздың қасиетін бағалаған оларға да рахмет!»
Сәл-пәл пауза. Жәкең омырау қалтасынан күміс қырсаулы мүйіз шақшасын шығарып, көк бұйра насыбайды алақанына үйді. Сосын ерніне басты да әңгімені әрі қарай сабақтады. Тыңдаушылар үздіге түсті.
«...Қазақтың байтақ даласының батысындағы ән қандай!!! Кейде Қорқыттың қобызы күңіренгендей, кейде Ақжайық пен қарт Каспийдің толқыны шулағандай. Сол толқын аспанға ән болып өрлігендей, төменге құлдырып жүрекке төгілгендей. Теңіздей тасыған, нөсерлей сорғалаған төкпе әндер. «Қайран Мұхит, қайран Сары, қайран Бала Ораз. Солар болмағанда Ғарифолла ағамыз да болмас еді».
Жәкең күллі қазақ даласын шарлап кетіп бара жатыр.
«Сыр сүлейлерінің жырлары – Сүлеймен патшаның кеніші ғой, таңды таңға ұрып жырласа, бір таусылмайды. Мақамы қандай – ешкім таласпас халқымыздың дара мақтаныш ғой», - деді.
Міне, әңгіме осылай төгіле берді, өріле берді. Енді Шығысқа ойысты: «Жетісудың желмаясы еді Кенен жарықтық». Аспандағы аққуға үнін қосып, нөселетіп селдеткен әнші Әсетке тоқталды. Дәнештің өрнектеріне үңілді.
Тағы да томардай домбырасын қолға алады, құлақ күйін келтіреді. Еріндегі насыбайды сұқ саусағымен үйіріп, «қазақский клей» деп тиектің астына түкіріп тастады. Бәрі жарасып тұр. Бәрі қазақы. Сосын «Сары бидайды» сар желдірді. Той-думанда қолына домбыра алып, «әу» деп ән салатындардың аузынан түспейтін «Сары бидай» Жәкеңнің орындауында құбылып, құлпырып кетті. Жоқ, бұрын-соңды ешкімде бұрмалап айтпаған. Дәл осылай шырқайтын. Бірақ бүгінгі әуезде бір ерекше мақам, бұрылыс, бұлтарыс бар. Тұп-тура лық еткезді. «Сары бидай әнім, сағынып сонда-өу салғаным» Бар сиқыр, бар гәп – ернін шүршитіп тұрып саңқ еткізген осы «өуде» тұрған сияқты (Кейін әлгі «әу» дейтіннің бәрі «Сары бидайды» шырқаса, Жәкеңнің мақамымен «өу» дейтін болды).
Сол кеште қазақ әндері Алтайдың арғы бетінде бұрынғы-соңғыдан бар болмысы бөлек, арда қалыппен өрілді. Аспанға әлдебір ғайыптан келгендей әуен әуеледі, домбыра шанағында қозғалыс ырғағы, мың құбылған саусақ қимылы да бірде екпіндей шауып, бірде жайымен жорғалап, енді бірде кілт тоқтап, тыңдаушысын үздіктірді. Отырған халықтың жүректері балқыды, көңілдері толқыды. Сейтжанның «Қанатталдысына» басқанда, аспан төріне тік өрмелеген дауыс шырқау биікке шыққан соң төменге төгіле сорғаласа, Мұхиттың «Айнамкөзіне» келгенде қоңыр әуен әуелі көлбей көтеріліп, біртіндеп аспан төріне жеткенде қалықтап тұрып қалды. Енді бірде Ақанның бұрала басқан «Балқадишасы» төгілгенде бойыңды мұң балқытып, жүрегіңді арман әлдиледі.
Тағы да Мұқиттың тұңғиығына батырып «Зәуреш» сыңсығанда тыңдаушылардың өзегін аяныштың, сағыныштың, жо... жоқ, өкініштің өрті шалды. Бұл асыра әсерлеу емес, боямасыз, қапысыз шындық еді. Оны мен сол сәттегі көрермен ауанынан анық аңғарған едім. Үш сағат бойы Жәкеңнің асқақ әуені мен қара домбыраның беу-беу бебеуінен өзге селкеу сыбдыр жоқ. Көрермен ой құрсауына қамалып қалған болатын.
Ертеңінде Алтайдың асқар таулардың теріскейіндегі малшы ауылдарын араладық. Қоналқада Қоншық ақсақалдың ауылына ат басын тіредік. Жәкеңнің кеше кешкі концертінің дақпырты әлдеқашан осы ауылға да жетіп қойыпты. Сөзге шешен, тарихқа шежіре, адамның қадірін тани білетін қонақжай Қоншық қария Жәкеңді қара шаңырағына бір қондырмай жібермейтінін кесіп айтты.
– Қарағым Жәнібек, біз қазақпыз ғой. Қай қазақпен кездесе қалсақ та, аманнан кейін ру сұрасамыз, шыққан тегін сұраймыз. Әніңді радиодан естиміз. Өнеріңмен тәнтіміз. Арғы тегіңді таныстыра отыр дейді, – Қоншай ағамыз.
Жәкең:
– Әй, қазақтың шалдары-ай! Бар жақсылық пен жамандықты тегіңнен іздейді. Айтайын аға, Орта жүз арғын, тобықтыны білетін шығарсыз?
– О, бәркелді, «жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да тартпай қоймас негізге» деген, қаракөктің тұқымы екенсің ғой. Өзіміздің Орта жүзді, соның ішінде Абай шыққан тобықтыны білмейтін, Монғолияда керей бар деп ойлап па едің!
– Онда сол Абай атамыздың досы Ерболдың ұрпағымын. Отырғандар дүбірлесіп қалды. Өйткені қазіргі жастарды кім білсін, ол заманда «Абай жолы» романын оқымаған пенде Монғолия қазақтарында ілуде біреу болатын.
Сол кеш қазақ шаңырағының аспа-төк кең дастарқаны басында тағы да әңгіме, тағы да ән. Арасында Ұлықбек ақын «Бұзылмаған қаймағы, Баян-Өлгий аймағы» деп бастап, сапар әсерінен туған жаңа жырларын бұрқыратты. Үркер жамбасқа түскенде ғана басымыз жастыққа тиді. Ертеңінде тағы жол, тағы қазақ ауылдары. Көл-көсір қошемет. Қас қарайып барады. Күн суық. Жәкең қатты шаршады. Қызуы көтеріліп, сырқап қалды. Жүрегі сыр бергенін айтты. Енді сұмынға жетуге асықтық.
Сұмындық қонақ үй мен клуб бір аулада орналасқан. Аула есігіне машинамен таяу мүмін емес, қара құрым қаптаған халық. Жастар жағы ауланы айғай-шуға көмді. Шақырусыз концертке жиналған көрерменде есеп жоқ. Таяғына сүйенген қариялар, ақшаңқан шұлауыштары көлеңдеген әжелер. Біз ауланың шығыс жақ қақпасымен жаяу ішке ендік.
– Енді не істейміз, Жәке?!
Жәкеңнің де өзіне тәңірдей табынып, жолын тосып жүрген халық нөпірін көргенде, сырқаты сергіп, бойына қуат құйылғандай.
– Шегінерге жол жоқ. Қайран, қазағым-ай! Сендерден әнім де, жаным да садаға! Кірсін халық клубқа!
Тағы да ән, тағы да әңгіме.
Ол заманда қалта телефон қаперге кірмеген, Өлгий қаласында келген соң Жәкең: «Жеңгелеріңнің аяғы ауыр, бүгін бе, ертең бе деп отырғанбыз. Мені алыстағы ағайындарға деген сағаныш жетелеп кетті. Сәтті мүмкіндікті жібергім келмеді, хабарын білуім керек еді», - деп, байланыс орнына келді. Жарты сағат бойы «Байна уулап» жүріп, «Алолап» жүріп, тілдесті-ау, әйтеуір! Кабинадан баладай қуанып, күлімдеп шықты.
Шах-Керім Жәнібекұлы Кәрменов
– Ұлды болдым, жігіттер! Біз жапа-тармағай құттықтап жатырмыз. Сол түні ал бір «жудық» кеттік дерсің! (Сол күні іңгәлап өмірге келген Шах-Керімді мен 26 жылдан соң кезіктірдім. Тұлпардың тұяғы ғой, аман жүрсін!)
Қайрат Байбосынов пен Жәнібек Кәрменов
Өлгий қаласында Әкім Тарази ағамыз Ұлықбек Есдәулет үшеуі жазушылармен, театр артистерімен дегендей, жеке кездесулер өткізді. Жәкең радио студиясына көп ән жазғызды. Өнерге жаны құштар, олардың жекебастық өмірін де білгіміз келіп тұратын, әрі өсек айтпасақ «ішіміз кебетін» қазақпыз ғой, сол жылдары халық арасында: «Телқоңыр» атанып кеткен Жәнібек пен Қайрат бақталас екен», - деп Моңғолия қазақтарының өзі пыш-пыштап жүретін. Кезекті бір кездесуде осы өсекті тұспалдаса керек, біреу Жәкеңе: «Қайрат Байбосынов екеулеріңіздің ара қатынастарыңыз қандай?» - деге сұрақ берді. Жәкең бір жымиып алды да асықпай ерініне насыбай толтырды. Сосын барып сөзге тосылмайтын әдетімен Қайраттың дарын талантына байланысты әңгімені төкті-ай келіп. Ұзақ мақтады: «Қайраттың салған әнін санасында таным-түйсігі бар адам тебіренбей, елтімей, жайбарақат тыңдауы мүмкін емес. Ол өзгеге ұқсамайтын, өзіне ғана тән дауысты, нақыш, иірімді әнші. Менің пайымым осы, ара қатынасымызды да санасы барлар осы қорытындыдан түсінер деп ойлаймын», - деген. Қайран Жәкеңнің бақастық сезімнен ада екенін аңғардық.
Жәкең Өлгий қаласында бірнеше концерт берді. Көрермен орта болған күн жоқ. Соңғы концертін жергілікті әншілермен қосылып өткізді. Жәкең сахнаға Өлгийде өнерімен енді-енді таныла бастаған жас әнші, өрімдей бозбала Шерікбай Ұнатұлын жетелеп шықты:
– Жүсекеңдердің ізін жалғастыратын дарын иесі. Бойында зор талант бар, оқуы керек. Мен бұл баланы Алматыға шақыртып аламын, – деді залдағыларға жар салып. Зал дүркірете соғылған алақан үніне көмілді.
Артынан солай болды. Шерікбайды жетелеп барып, Қайрат Байбосыновтың қолына тапсырды.
Жәкең Алматыға қайтқанда артында, Моңғолия қазақтары бұрын-соңды ешкімі айтпаған, айтпақ түгілі естімеген екі жаңа ән қалды. Қандастардың ән қазынасының алтын қорына қосылды. Ол – өзінің «Өмір туралы» термесі мен ағасы Жанболаттың «Домбыра» әні еді. Бұл әндер – күні бүгін сол жақта сахнадан түскен жоқ. Әр отбасында өтетін той-думанның да ең сүйікті әндері.
Жәнібек өнерін танып, Алматыға алдырған Ұнатұлы Шерікбай баласы, белгіл әнші Өзгеріс Шерікбайұлы
Сол кезде Баян-Өлгийдегі қазақ радиосының тілшісі ретінде Жәкеңмен сұхбат да жүргізгенмін. Қазақы салдыр-салақтықпен әндері болмаса, сұхбаты алтын қорға сақталмағаны өкініш болып қалды. Жәкең сол сұхбатында: «Бала кезден тек әнші болуды, жай әнші емес, тыңдаушысын тебіренте білер халқымның сүйікті әншісі болуды армандадым. Он үш жастан кейін қолымнан домбыра түскен емес, сол арманның шыңына жетпесем де, күні бүгін жетегінде келемін, арман шыңы биіктеп барады», - деген еді, қарапайымдықтың қалпын танытып. Шын мәнінде Жәкең ән өнерінің шыңына сол кезде-ақ жетіп қойғанын аңғармаған сияқтымыз. Баяғы өзі айтатын «Қадірі болмас пенденің ортаңда тірі жүргенде». Көбіміз қадірін пәниден көшкен соң танып жүрміз.
Жәкең кезінде өзінің ұстазы, пір тұтқан әншісі Жүсекеңнің әншілік құдіретін бағалап: «Ол бірде ой сауған қоңыржай сарыала күздің сабырлы қалпын ұсынса, ізінше көктемге ауысып, ыңырана толғатқан жер-ананың күн сүйген маңдайындағы қым-қуыт тіршілік-тынысты қаз-қалпында береді. ...Бояудың қанықтығы, әңгімешіл сыршылдығы талантына еріксіз бас идіреді», - деп тебіренген екен. Мен Жәкеңнің өзінің бойындағы тұнған әншілік дарынынан айнытпай осыны көремін. Иә, асырып айтуға, асыра бағалауға да болар еді, оған тіл жетпейді.
Қайран қазағымның өнер аламанындағы өрен жүйрік, қақпан бел қарагері еді-ау Жәкең!
Бодаухан Тоқанұлы,
журналист
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.