Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
Ғабдул-Сәбит Юсупов. Детектив – күрмеуі қиын, күрд...

03.09.2025 260

Ғабдул-Сәбит Юсупов. Детектив – күрмеуі қиын, күрделі жанр

Ғабдул-Сәбит Юсупов. Детектив – күрмеуі қиын, күрделі жанр - adebiportal.kz

Одақтың оң қадамы

 

Бұрындары заман ағымының құйынды желіне төтеп бере алмай тұралап, сонымен қатар, объективті және субъективті себептерге байланысты басынан дау-дамай арылмаған  Қазақстан Жазушылар одағы 2023 жылдан бері жаңару және түлеу жолына түсіп отыр. Әрине, қасиетті қаламды қару еткен жазушылар қауымы үшін мұндай түпкілікті өзгеріс – жаңаша, соны леп – олардың шығармашылық еңбектері үшін айқын, сенімді және жемісті жол болмақ. 

 

Осыдан дәл екі жыл бұрын еліміздің жазушылар қауымы танымал жазушы-журналист, ұлт жанашыры, қоғам қайраткері Мереке Әбдешұлы Құлкеновты Одақтың Пленумында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы қылып бірауыздан сайлады. Осы аз ғана уақыт аралығында басқару және ұйымдастыру ісінде зор тәжірибесі бар Мереке Әбдешұлы одақ жұмысына жаңаша, соны леп әкелді десек, еш қателеспейміз. Атап айтқанда, Қазақстан Мәдениет және Ақпарат Министрі Аида Балиева ханыммен стратегиялық әріптестік орнату арқылы Жазушылар одағы үш жаңа жобаны іске асырып отыр. Жобаның мақсаты, бағыты мен міндеті, атқарылып жатқан қыруар шаруалары туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Оларға тоқталып, қайталаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Сондықтан, негізгі мақсатым – одақтың жанынан құрылған, еліміздегі тұңғыш рет детектив жанрына қалам тартқан майдангер жазушы Кемел Тоқаев салған сара жолды әрі қарай дамыту, өркендету мақсатында, Жазушылар одағы жанынан құрылған детектив жанры кеңесінің  жұмысына қысқаша тоқталып, оқырмандарды хабардар ету. Республикамыздың әр аймағындағы детектив жанрына қалам тартып жүрген жиырмаға жуық жазушымыз осы жанр кеңесінің мүшелері. 

Осы жаңа жанрда қарымды   еңбек етіп, оқырман назарын бірден жаулап алған ақтөбелік журналист  Зияш ханымның  романын оқып болған соң, Жазушылар одағының мүшесі, одақ жанындағы детективтік Кеңестің   белді мүшесі Зияш Телеуованың шығармашылығымен өзім де  кеңінен  танысып, оқырмандарын да таныстырып өткім келіп, автормен онлайн  сұхбат жүргізген едім.

 

Талант пен талғам

Зияш ханым, осы жанрда өнімді еңбек етіп келе жатқан қаламгерсіз. Детектив жанрында жазуыңызға не себеп болды және өзіңіздің мамандығыңызға қатысы бар ма?

– Мамандығым – ұстаздық. Оралдағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтқа түсіп тұрғанымда, облыстық газетке тілшілік қызметке шақырылдым. Ол кезде әйел журналистер аз болғандықтан, редактордың қолқа салуын қабыл алып, сырттай оқуға мәжбүр болдым. Сонымен, өмір бойы  облыстық, республикалық және құқықтық басылымдарда еңбек еттім. Ара-арасында аудармашы болып жұмыс істедім. Осы әр тараптық шығармашылық еңбектер детектив жанрына қалам тартуда пайдасы тиді. Ал өмірлік серігім, саналы ғұмырын құқық қорғау саласына жұмсап, подполковник дәрежесінде зейнет демалысына шыққан Өмірғали Телеуовтың Ішкі Істер Министрлігінің оперативтік лауазымдарында қызмет етуі де – желісі қылмыстық оқиғаларға тірелетін детектив жанрына қызығушылығымды туғызды.

Алғаш жазған еңбегіңіз балаларға арналған екен. Ол ой қалай туды?   

– Бірде қызметтен шыққан соң,  кітап дүкеніне кірсем, бір топ қазақ балалары   мұқабасы көз тартатын кітап толы сөрелерге  қызыға қарап: «Біздің жазушылар осындай кітаптарды неге жазбайды екен? Мыналар орысша, біз түсінбейміз ғой, – дегендерін құлағым шалды. Соны естіген соң маған: «шынымен, біз неге жазбаймыз, шет ел жазушыларының миы біздікінен артық емес шығар» деген ой келді. Сол ойдың жетегімен жергілікті «Эврика» газетті оқып отырып, бір қарияны пәтерін тартып алу үшін алаяқтардың бопсалағаны туралы мақаланы оқыдым. Міне, соның желісімен, балаларға « арналған алғашқы «АБКА-тобы ашқан қылмыс» атты кітабымды жазып бітіріп, оны арқалап Алматыға аттандым. Басылымдарды жағалай жүріп, қолдағы еңбегімді ұсынсам, барлығы қаржыға тіреледі екен.  Көшеде қаңғалақтап келе жатып, маңдайшасына «Жеті Жарғы» деп жазылған ғимаратқа көзім  түсіп, ішіне кірдім. Директоры әйел адам екен. Ұлты ұйғыр - ау деймін, әйтеуір қазақ емес. Бірақ қазақшаға судай. Мені мұқият  тыңдап, флешкімді алып қалды. Ол келесі күні «сіздің  кітабыңызды басып береміз» дегенде, қуанышым қойныма сыймай, жылап жібердім. Кітап екі мың данамен шығып, тез тарап кетті...

– Иә, Зияш ханым, сіздің ең бірінші кітабыңыз балаларға арналғанымен, жалпы оқырмандарға арнаған детективтеріңіз солардың салмағын басып кеткен тәрізді. 

–Дұрыс айтасыз, менің балаларға арналған кітаптарыма сұраныс көп болды. Артынша, 2013 жылы  «Жазушы» баспасынан мемлекеттік  тапсырыспен шыққан екі романым – «Банкирдің өлімі» мен «Махаббаттың ажалы» таразы басын басып кетті ме, балаларға көңіл бөле алмай қалдым. Алайда, кішкентай оқырмандарымды біржолата ұмытқан жоқпын, «Құлаған үйдің құпиясы» деген шытырман оқиғаға толы кітабым «Фолиант» баспасынан 2019 жылы 5000 данамен  шықты. Шынында, нарық заманда бұл кітаптың бестселлер дәрежесінде көп тиражбен шығуы балалар үшін де, мен үшін де сәттілік еді. 2023 жылы «Балалар әдебиеті» баспасынан «Көл жағалауындағы көмбе» атты кітабым да мол тиражбен  жарық көрді.

–Екі бағытта жазу сізге қиын емес пе?

–Әрине, қиын. Бірақ жасөспірімдердің шытырман оқиғаға деген қызығушылығы мен сұранысы мені бейтарап қалдыра алмайды. Қазір де бір кітапты соларға арнап жазып жатқан жәйім бар.

Осы кезге дейін шығарған кітаптарыңыздың ішінде өзіңізге ең ұнайтыны қай кітап?

– Қазақта: «Іштен шыққан шұбар жылан» деген тәмсіл  бар ғой, бәрін де бөтен көрмеймін. Дегенімен, «Дәуір» баспасынан  2021 жылы шыққан «Тірі өлік» деп аталатын кітабымның басқалардан шоқтығы биік сияқты. Ол кітап 2023 жылы жыл қорытындысында белгілі журналист, талантты жазушы Мағира Қожахметованың жылы лебізіне ие болды. Ол баға маған ғана  емес, әдебиетке сығалап, сыналап еніп келе жатқан жаңа жанрға берілген  оң баға десем артық айтқандық болмас...

–Зияш, әлігінде аударма саласы туралы айтып қалдыңыз...

–Ия, аударманы шығару үшін емес, өзім үйрену үшін аударатынмын. Дегенмен, аударманың шығармашылық адамына  пайдасы орасан. Агата Кристидің  «Жеті цифрблат құпиясы» кітабын аудардым, шынымды айтсам, ол кітап орысшаға жеңіл-желпі аударылған, өзіме ұнамады. Бұл кітап та «Фолиант» баспасынан шықты. Алайда, кітап жастардың тілімен сөйлеген, сол ғасырдың «алтын жастарына» арналған екен. Қазіргі біздегі бай балаларының өміріне өте ұқсас, сол үшін қызықтым. Оқырмандар жақсы қабылдады. Одан соң, Агатаның «Ночная тьма», «Түн түнегі»романын  аудардым. Ол архивімде. Жорж Сименонның «Комиссар Мегрэнің  ұрысын» аударсам, менен бұрын  аударылып қойыпты. Негізінен, аударманың шығу немесе шықпауы маңызды емес, аударма жазушыға көп нәрсе үйретеді.

–Сіз заманауи жазушы ретінде әдебиетімізге тың ізденіс, соны жаңалық әкелу арқылы ерекше көріндіңіз...

–Біздің әдебиетте детектив жазудың өзі жаңалық болса, мен сериалды  кітаптар шығарудың үлгісін жасадым. Менің кейіпкерлерім келесі оқиғаларда жалғасып отырады. Мұны біздің әдебиеттегі үлкен жаңалық деуге болатын шығар.

Қалай ойлайсыз, біраз кітап шығарыпсыз. Еңбегіңіз бағаланып келе ме?

–Меніңше, жазушының еңбегі – ішіндегісін сыртқа шығарып, соған көңілі толып рахаттанып отырғанда, бір өтеледі. Кітабы оқырманын тапқанда, екінші рет өтеледі. Ал өзегіңді жарып шыққан дүниеңе өтемақы сұрағандай, омырауыңа тағатын  орден мен медаль дәмету пендешілік қой. Менде де сол пендешілік бар шығар. Біреулер алып жатады. Көзің болған соң  көресің. Бірақ, соған оншалықты қызықпаймын. Қызыл-жасыл дүние кімнен болса да қалып жатқан соң ба екен. Жалпы дымым жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Бұйырғанын алып жатырмыз...

(Автордан: Осы орайда мақтанып, көкірек соғудан алыс жазушы Зияш Телеуованың қол жеткізген марапаттарын да назарларыңызға жеткізуді құп көріп отырмын. Мәселен, көп жылдан бері ол Ашық Евро-Азия гильдасының белсенді мүшесі ретінде Халықаралық байқауларға қатысып, бірнеше рет финалға шығып, әлемдік Сертификатқа ие болыпты. Өз еліміздегі әр деңгейдегі конкурс, байқауларда да жүлделілер қатарынан көрінген. 2023-жылғы Республикалық «Айбоз» ұлттық байқауында шығармасы «үздік проза» номинациясына ілігіп, Қазақстан Жазушылар одағының Сертификатына ие болды. 2024 жылы ІІМ-нің «Серт» байқауында (детектив жанры) жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Журналистика саласындағы еңбегі еленіп, Одақ тұсында «КСРО Баспасөз қызметінің үздігі» төс белгісіне иеленеді. Еліміз егемендік алған тұста «Қазақстан Республикасының Құрметті Журналисі», «ҚР Мәдениет саласының үздігі» атақтарын алған, сол сияқты Зияш ханымның елімізде кенже қалып отырған сериялды  детектив кітаптарын шығару үрдісінің «алғашқы қарлығашы» атануы оқырман қауым үшін де зор жетістік. Ал, енді Зияш-ханымның «Бас» роман-триллері жайлы рецензияма көшейін...

 

«Бас»

Автордың осы триллер романы «Алқа» баспасынан биыл шыққан. Триллердің аннотациясында былай деп жазылған екен: «Роман – тоқсаныншы жылдардың басында шағын шаһарда орын алған жантүршігерлік қылмыстың желісіне құрылған. Оқиға – тергеуші мен кесілген бастың диалогы және қойын дәптердегі жазба арқылы баяндалады. Тағдыр талқысына ұшыраған екі жас – Ғалым мен Мөлдірдің алғашқы асыл сезімдері өлім мен өмірдің ортасына қағылған мықты сынадай шынайылығымен тебірентеді...» 

Сонымен, «жақсыны – көрмекке» демекші, кітапты бір рет қана емес, екінші рет қызыға да, сүйсіне оқып шығып, романға «бисмиллә» деп, пікір жазуға отырдым. Бұл арада оқырмандар мені кәсіби - әдеби сыншы ретінде емес , тек өзіме ұнаған кітап туралы шынайы пікір білдіруші ретінде қабылдар деп үміттенемін...

Тергеушінің тегеурінді  тірлігі...

 

Детектив жанрына әп дегенен роман жазумен келіп, оқырмандарын елең еткізген қаламы қарымды журналист-жазушы (автордың өзі осылай атауды жөн көреді екен) Зияш Телеуованың әдебиетімізде дамымай қалған жанрға аз уақытта қомақты үлес қосуы, әрине, арнайы зерттеуді, зерделеуді қажет етеді. Осы тұрғыда әшейінде жаңалыққа елең етер елгезек әдебиетшілеріміз бен сыншыларымыздың заманауи қаламгердің қоржынынан шыққан қомақты дүниелеріне лайықты баға беруде кібіртіктеулеріне, жанрды жатырқауларына, оның бүге-шүгесін бүтіндеп біле бермеулері себеп болуда деген күмәніміз бар. Дегенімен, еңбектің аты еңбек. Оның өз бағасын  алуы, өз дәрежесіне лайықты бағалануы – қаламгердің шығармашылығын шыңдайтын рухани демеу екенін де ұмытпағанымыз жөн.

Сол себепті, автордың «Алқа» баспасынан шыққан триллер-романының кейбір ерекшелігіне тоқталып өткім келеді. Жалпы біздің әдебиетіміз кейіпкерге бай .Сан қилы мамандық иелері жазушылардың қаламынан тыс қалған емес. Солай десек те, көбіне қоғамның көлеңкелі жақтарында жүретін, қылмыспен бетпе -бет күресетін пагон таққандардың күнделікті қызметін, тыныс-тіршілігін суреттейтін, мінез-құлқын сомдайтын туындылар саусақпен санарлықтай. Осындай кем-кетігімізді толтыра келген, «Бас» романының жарыққа шығуы осы жанрдағы үлкен жетістік, автордың өзіндік ізденісінің жемісі болғанына куә болып отырмыз десек артық айтқандық болмас.

Ешбір жасырып, жалтақтайтыны жоқ, көбіміздің қолымыз батпай, жүрегіміз де дауаламай, айналшықтап жүрген қиындықты Зияш ханымның толық меңгеріп алғаны – оның осы туындысынан анық та айқын көрініс тапқан. Бұл кітап қаламгердің осы жанрдағы терең ізденісі мен шеберлігінің жемісі. Шығарма әп дегенен бізге таныс емес стильмен – тергеуші мен кесілген бастың арасындағы диалогке құрылып, оқуға деген құмарлығыңды арттыра түседі. Денесі жоқ, қанқұйлы қылмыстың бірде-бір куәгері жоқ, баспен іштей тілдесу – тергеушінің жан күйзелісін, тығырықтан шығатын жол іздеу ұмтылысын білдіретін беймарал шағы.

Куәгер іздеп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген тергеушінің бар ынта-шынтасы «бастың иесі кім, оны осылай айуандықпен өлтірген жауыз кім?» деген сауалдың төңірегінде өрбиді. Сондай  толғаныспен жүріп, айналасында болып жатқан күнделікті тіршілікке, қызметтегі қарбаласқа өзіндік ұстанымымен баға беріп отырады.

Тергеуші қолындағы де-факто басты сүйрелеп, қайда қоярын білмей (қолдағы жалғыз айғағы қолды болып кетуінен қорқып) жүргенде, аудандық милиция бөлімінің ұжымы жоғары жақтан келетін мәртебелі қонақтарды  күтіп алу дайындығына кірісіп кетеді. Осы жүгіріс, сүрлігіс шебер суреттеледі. Онда сарказм да, күйініш те бар. Оқырман детективті оқи отырып, өмірдің айна қатесіз шынайы көріністеріне, төменгі жақтағылардың жоғары лауазымдағыларды қарсы алудағы көзбояушылық іс-әрекеттеріне куә болып, миығынан күліп отырады. Себебі, шығарма  шындықтың айнасы. Жазушының сол сәтті жеріне жеткізіп суреттеп беруінен бір күндік, бір мезгілдік қонақ үшін тазарып қалатын мекемелер мен шенеуніктердің жалған, жағымпаздық әрекеттеріне куә боласыз. 

Жалпы детектив  деген не? Осы сұрағымызға Зияш ханымның аталмыш  шығармасын оқи отырып, жауап алғандай боламыз. Осы тұрғыдан оның кітабының қан-тамырында өмір болмыстарын шынайы суреттеу детальдары асып жығылады. Бізге керегі де осы емес пе?! Куәгерлердің кесілген басты тануға келгендегі пенделік үрейге берілуі өте нанымды баяндалуымен қаламгердің қылмыспен күресу органдарының тыныс-тіршілігін соншалықты жақсы білетіндігімен таң қалдырады. 

Сонымен қатар, бір елең етерлігі, тергеуші кесілген бастың өмірбаянын жиып -теріп, оның образын жасап шығарады. Ол қылмысты ашып қана қоймай, өзінің кейіпкеріне айналған кесілген бастың, жазықсыз жапа шеккен жан екенін дәлелдеп шығады. Соның нәтижесінде, өмірі трагедиямен аяқталған жас жігіттің әділетсіздікке жем болған қарапайым көп  жанның бір екеніне көзіңді жеткізеді.

Жалпы, Зияш диалог арқылы кейіпкерлер образын сомдаудың хас шебері. Соның айғағындай, мына бір диалогына көз жүгіртіңіз: 

Әйелі есік  ашып, аңқып тұрған арақ иісінен жиіркеніп, мұрнын басты.

- Түу... сонша ішкенің не?

- Көшедегі ит-құспен ішкен жоқпын ғой.

- Кіммен ішсең де бәрібір емес пе? Тойып алыпсың... 

- Жоқ...жоға... шырағым, аса мәртебелі қонақтармен іштім. Ондай қонақтармен табақтас болу, рөмке соғыстыру әркімнің маңлайына жазылмаған екен. Солай десті аналар…

- Жақсы болған екен. Жұғысты болсын. Енді жатып ұйықташы, балаларды оятасың.

Тергеушінің жатып ұйықтайтын ойы жоқ.

- Әй, сен не білесің? Солар келеді деп менің ана байғұс «басымды» қаңғытып жіберді ғой. Біздің бастық та қызық. Өлгенше айттым, онда бармайды. Құлағалы тұрған жертөлеңді, хан сарайына үйреніп қалғандар не істесін, қозғамайық дедім. Тыңдады ма, қадалған жерінен қан алды. Ну что, бас тұрса, олар бас көрмеген бе, немене, шошып кетіп, іштеріндегі баласы түсіп қала ма, еркек емес пе, то есть аты еркектер ғой. Мені қыстама, мен жатпаймын, ұйқым келмейді. Сен мені тыңда, сол бастықтардың ішінде менің «басыма» ұқсайтын бір бас жоқ. Әйелі күлді:

- Айтпа, сен ғұламасың ғой..

- Сен менің «басымды» айтып тұрмысың, ақымақ басты. Ақымақ болмасам, саған иттің итақайы салып жатқан екі этажды коттеджі салып бермеймін бе, тақияңа шетелдік машина тар келе ме?

- О... басталды, мен сенен соны сұрадым ба?

- Сен де ақымақсың.

- Ұйықташы енді.

- Жоқ, ұйықтамаймын! Сен шатыстырма, мен өзімнің басымды айтып тұрған жоқпын. Ана кесілген бас туралы айтып тұрмын…

- Менің сейфімде бас, қойнымда бомба  флешке. Қалай ұйықтаймын? Сен болсаң ұйықтар ма едің...?

-Ой, Алла-ай, қайдағы бас, қайдағы бомба? Сонша есіңнен танғанша ішіп, нең бар еді…

- Оңбағандар, қарақшылар, ақша үшін әке-шешесін, Отанын сататын опасыздар. Басқа обал, жап-жас жігіт...

Ол күбірлеп барып қор ете түсті...

Тергеуші мен әйелі екеуінің арасындағы осы диалогтен ерлі-зайыптылардың қулық-сұмдықтан аулақ, қарапайым адамдар екенін бірден аңғарасың. 

 Сондай-ақ отставкадаңы генералмен арадағы болған диалогке назар аударыңызшы:

Райс сәл қобалжып, кібіртіктей сөйледі:

-Сіз сияқты мен де екі ғасырдың жемісін де, жеңілісін де көрдім.Мен де көбі неге олай, неге бұлай деген сауалдарға жауап іздеп, қиналам. Мысалы қазір жол оқиғасы бұрынғы кездердегіден екі есе,үш есе өсті. Бұл жоқшылықтан болып жатыр ма? Жол-көлік оқиғасына себепкерлер қымбат көліктің рөлінде отырғандар. Тоқшылықтың топалаңы.

– Ал мен бұл сауалыңыздың жауабын тауы берем!,– кәрі тарлан жөткірінді.– Ол – өзімшілдік! Екі жүргізуші жолға таласып, бір-біріне жол бермейді. Сосын өзімшілдік екеуінің де түбіне жетеді. Кімді соттайсыз? Кім кінәлі? Өзімшілдік! Соны соттайсыз! Соттаңыз!Мысалы тұрмыстық қылмыс. Ері мен әйелі төбелесіп,ері әйелін өлтіріп алады, немесе әйелі ерін өлтіріп алады. Қазір мұндай көп. Тағы да кім кінәлі? Ері әйелін тыңдамайды, әйелі ерін тыңдамайды. Ақыры ұрыстың аяғы төбелеске ұласады. Төбелестің аяғы өлімге ұласады. Кім кінәлі? Өзімшілдік! Өркөкіректік! Ал сіздер болсаңыздар, тергеу жүргізіп,куәгер іздеп, жауап алып, сараптамаға салып әуре боласыздар. Ақыры тірі қалған кінәлі болып шығады. Өлінің өзімшілдігі өзімен кетеді. Ал кінә тәрбиеде ме, тәрбиеде... Қазір шет елдерді көріп отырмыз, шет ел дейміз-ау, мына тұрған Қазан қаласында мектептің бұрынғы шәкірті жазықсыз оқушыларды атып, жайратып тастаған жоқ па?! Әлімсақта оны осы мектепте оқып жүрген кезде, мұғалімдер шететіпті-міс. Ау, сол мұғалімдерді тауып алып, содан өшін алмай ма, жазықсыз жандарда несі бар?! Себебі, оның өн бойын өзімшілдік уы жәйлап алған. Ол тек өзін ғана ойлап , өзгелерге өлім уын шашқан у жылан.Ондай улы жыландардың  көшеде толып жүрмесіне кім кепіл?!Міне, қазіргі қоғам сонысымен қауіпті. Біз тәрбиеден кемшін қалдық,адамдар тек өзін сүюге, тойымсыздыққа, тоғышарлыққа бой алдырды. Айтпақшы, қазіргілерді бюрократ дейді, бюрократ емес,олар да өзімшіл. Өздерінен басқаны ойламайды. Көрмейді. Естімейді.

Кезінде «көкжал» атанған атақты генералдың сөзі Райсқа «кейінгі ұрпаққа сендер жеткізіңдер» деп, өсиетін айтқандай естіледі...

Міне, Зияш ханымның жүрегінен шыққан жанайқайы осы. Бүгінгі қоғамның хал-ахуалы. Соны киелі сөз өнері арқылы жеріне жеткізе баяндауы – сіздің де жүрегіңізді шым еткізіп, жанарыңызға ыстық жас үйіреді. Жан дүниеңізді зар еңіретеді. «Мен кейбір кітаптарымды жазып отырып, өзім жылаймын,– дейді қаламгер. – Шет елдің детектив жазушылары жыламайды ғой. Негізі мен қазақы менталитетке түсіп кете беретін болармын, –дейді  жазушы. Онысы да рас шығар.

Мен сыншы емеспін, әдеби зерттеушідіктен де аулақпын, бірақ детектив жанрына көптен қалам тартып жүрген жазушы ретінде замандасым, әріптесім Зияштың шығармашылығына өз хал-қадерімше шолу жасадым.

Әрине, кез келген тәжірибелі де тәжірибесіз шығармашыл адамның туындылары кемшіліксіз болмайды, детектив жанрын да төрт аяғынан тең басып кетті деуге ерте шығар. Дегенмен, ауыз толтырып айтарлық, сусынды қандыра оқуға тұрарлық дүниелердің бар екендігін мойындап, қажетті жерінде қолдап отырғанымыз жөн-ау... 

 

Ғабдул-Сәбит Юсупов, 

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Кемел Тоқаев атындағы детектив жанры байқауларының бірнеше дүркін жүлдегері, Қаратал ауданының құрметті азаматы. 

Алматы қаласы.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар