Абайтанушы болса да, көп көзіне түсе бермейтін Педагогика ғылымдарының докторы, Назарбаев Университетінің профессоры, ұстаз Гүлтас Құрманбаймен Абайдың 180 жылдығына орай аз-кем сұхбаттасқан едік. Назарларыңызға сол сұхбатты ұсынып отырмыз.
- Әйел заты арасында абайтанушылар өте аз. Негізінен ер азаматтар Абайтануға атсалысып жатады. Абайтануға, Абайға келу себебіңізді айта отырсаңыз. Қалай, қашаннан қызықтыңыз?
Г.С: - Рақмет, орынды сұрақ. Бірақ мен өзімді Абайтанушы ғалыммын деп есептемеймін. Мен Абай әлемінде жүрген, Абай шығармаларының мөлдір бастауынан рухани шөлімді қандырған, Абайдың ақындық қуатынан от алған, бір сөзбен айтқанда, Абай күйінгенге күйген, Абай сүйгенді сүйген қарапайым қазақпын. Абайға, Абай әлеміне келуге Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы себеп болды деп айтар едім. Мектепте Абай жолын шала оқып, шала мейірленген екенмін. Университеттің бесінші курсын Алматы қаласындағы 46-мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен практикадан бастайтын болдық та, төртінші курсты аяқтап, демалысқа шыққанда мен сабақ беруге дайындала бастадым. Оқушылардың алдына піспеген, шала мұғалім болып баруға болмайды екен. Сондықтан мен мектеп бағдарламасына енген бүкіл шығармаларды оқып алуым керек деп ойладым. Бірінші «Абай жолынан» бастадым. Өзіме былай сұрақ қойдым, «Менің Мұхтарым» деп, ол кезде мен Мұхтар Әуезовті жекеменшігіме айналдырып алған едім. Оның «Көксерек», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қилы заман», т.б шығармалары маған ашылған планеталар болатын. Мен: «Мұхтар аға, сіз ғажапсыз, кереметсіз!», - деп жүргенде, Мұхтар Әуезовтің жиырма томдық кітабы қолыма түскен. Жиырма томдық: көркем шығармалары, мақалалары, Америка, Жапония, Индияға барғанда жазған күнделіктері, бәрі – Әуезовті асқақтатып, мен үшін Мұхтар Әуезов Хан Тәңірі шыңына айналды. Шынымды айтсам, мен Мұхтар Әуезовпен оқырман ретінде бірге ғұмыр кешкендеймін. Ал енді осы алып, асқар жазушы Әуезов ұлы ақын Абайға арналған шығармасын неге «Абай жолы» деп атады екен?..
Бірінші кітапты оқи бастадым. Мен де «Абай жолындағы» үш күндік жол жүрген жас бала Абаймен, жолаушылармен Құнанбай ауылына жеттім. Есейгенімді сезіндім. Бір сөзін қалдырмай түсініп, тұшынып оқыдым. Құнанбай аулына келген Барлас пен Байкөкшедей ақындардың қайтпауын мен де тіледім. Ақын қонақтарға сый-сияпат жасап, шығарып салған анасы Ұлжанды мен де мейірленіп құшақтағым келді. Сүйіндіктің аулына барып, алғашқы махаббатты сезінген бозбала Абай сезіміне сүйсініп, тілекші болдым. Иә, солай, шығарманы оқып отырып, Абай жолымен жүріп отырыппын.
Абай заманындағы адамзаттың бір бөлігі - Қазақ атты жұрттың қайғысын жұтып, бодандықтың босатпас қамытын киген, салт-дәстүріне, дініне, діліне қиянат жасаған патшалық Ресейдің зорлығына қолдан келер шама жоқ күйдегі Абай күйігіне бірге күйіп: «Қайнайды қаның, ашиды жаным» - деп, төрт томның соңына жеткенде: «Бұл жол тегін жол емес екен. Абайдың жолы, адамзаттың бақыт жолы екен ғой, шіркін! Абайдың бар арманы – адамзаттың ақ жолы. «Адамзаттың бәрін сүй», «Адам баласының бәрі – бауырың» деген, шындығында, Жаратушының жарлығы емес пе?! Соны қазақтың ұлы баласы Абай дана айтты. Заңғар Мұхтардың да жанайқайы, тілегі дала философы Абаймен үндесіп, Абайды толық таныған соң, Әлем халықтарына арналған шығармасына «АБАЙ ЖОЛЫ» деп ат берген екен.
Абайға махаббатым оянды. Оны «Абай жолы» оятты. Міне, Абайға осылай келдім. Ол 1980і жылдың тамыз айы еді. Ұстаздық жолымдағы тұңғыш шәкірттеріме Абайды оқуды ғана емес, сүюді үйреттім. Сол жолдан бүгінге дейін айныған жоқпын.
- Абай атамыздың 180 жылдығы деп жатырмыз. Осыдан отыз жыл бұрын 150 жылдығы да өтті. Енді жиырма жылдан соң 200 жылдығы болады. Дата санау біздегі науқаншылдықтың көрінісі деп айта аласыз ба? Уақыт санаған қазақтың есеюі қай деңгейде?
Г.С: - Иә, науқаншылық деп ойлаймын. Абайды мерейтойларда ғана ұрандатып, содан соң суы тартылған өзендей күйге түсудің не қажеті бар? Абай ең алдымен, қазақ баласы, саған керек. Айтар ақылы болса, ақын қазағына айтты. Қатты да айтты, ыза да болды. Түзетпек боп заманды жанған отқа да, жапқан жалаға да күйді.
Екі жүз, үш жүз, бес жүз жылдығы болсын, Абай аты өшпейді. Бірақ қазақ ол заманда қандай болады? Тіл, діл, дін бола ма? Ал болмаса ше? Дәл бүгін де суға кеткен тал қармайдының күйінде екеніміз шындық қой. Ауызбен, Абай дегенімізбен, Абайды оқып, түсініп жатқандар аз. Абайдың сыны өздеріне тигендіктен, көп мансап қуған, қулық сауған, тілінен безген қара көздеріміз Абайды жақсы көрмейді. Бұл жек көру, бөтенсу әдеті атадан балаға мирас болып қалса, ол – қауіп. Уақыт өтер, қазақтардың саны да көбейер. Бірақ санасы өспесе, есеймесе, ес кірмесе, шырқыраған Абай үні жүрекке жетпей ме деп ойлаймын.
- Абайдың рухани мұрасы қаншалықты ұлттанды, яғни қаншалықты қазақтың топырағына сіңді деп ойлайсыз? Сіңді десеңіз, қандай белгілерін көресіз? Сіңбесе, неліктен сіңбей жатыр?
Г.С: - Абайдың рухани мұрасы жалпы ұлттың сана шеңберінде, тілінде бар. Абайдың атын естімеген қазақ баласы жоқ деп ойлаймын. Масса бар, яғни жалпы деген көлем бар, бірақ оның ішін толтыратын мән, мазмұн сирек. Сирек болған соң, әр жерде жалғыз қайың сияқты. Қаптаған қалың орман емес. Біздер кішкентайға да місе етіп үйренген үлкендерміз ғой. Жастар жейделеріне: «Толық адам», «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», «Адамзаттың бәрін сүй», «Сенбе жұртқа, өзіңе сен», - деген Абай сөздерін жазып алып, мақтанышпен киіп жүргендеріне қуанамын. Қараңғыдағы жылт еткен бір шырақ сияқты.
- Абайды білген қазақ қандай қазақ, білмегені қандай? Абайды біліп тұрып, адамдық қылмаған қандай қазақ?
Г.С: - Абайды білген қазақ – атажұрттың адал баласы, еліне ес болатын елдің күзетшісі, қорғаушысы болатын қазақ. Ақылы нұр, жүрегі жұмсақ, досқа дос, жауға сес болатын қазақ. Яғни, бұл – Абайды білетін қазақтар. Ал Абайды білмеген қазақ немесе, білгісі де келмеген қазақ, жалпы қазақ па өзі? Олар үшін бәрі бос сөз, сандырақ. Ондайлар: «Абай деген болмаған. Оның өлеңдерін басқа біреулер жазған... Жиырма бірінші ғасыр аңызға сенетін ғасыр емес» дейді. Өкініштісі, оларда туған жер, ұлт деген құндылықтар жоқ. Тарихынан да, тамырынан да қол үзгендер – Абайды керек етпейді.
Ал енді, Абайды біліп тұрып, адамдық қылмағандар нағыз қорқынышты, ұлт үшін қорқынышты. Өз ішімізде жүріп, қастық қылатындар – солар. «Адам бол», - деген Абай сөзіне қарама-қарсы әрекетке барып, «адам болмайтын» тірі жандар, қорықсаң, солардан қорқу керек.
- Сіз бір пікіріңізде Батыс жұрты тұлғаларын еске алып, атап өтер кезде туған күнімен есептемей, өмірден қайтқан күнімен есептеп, еске алады деген едіңіз. Туған күн мен қайтыс болған күннің айырмасы, мәні, философиясы неде?
Г.С: - Мен де солай ойлаймын. Тұлғаның туған жылы, туған күнінде адамзат үшін еш мән жоқ. Барлық тіршілік иесі солай. Барлық адамның туған күні бар. Ол адам өмірге келе сала тұлға болған жоқ. Ал енді Тәңірі өнер беріп, ол өнерді адамзат игілігіне арнап сөз шығарған, музыка тудырған, сәулетші болған, кемеңгер ғалым болғандар – ұлты, қоғамы мойындаған, талантына бас иген жеке дара тұлғалар. Олар – сол ақылымен, жүректегі махаббатымен, терең білімімен аянбай еңбек еткен көптің қалаулысы, көп ішіндегі жалғызына айналғандар. Ел үшін сондай таланттарды, «жалғыздарды» жоғалту – трагедия! Сол күн, сол жыл қаралы күн, қаралы жыл. Сондықтан кейінгі ұрпақ қайғырып, олардың өмірден кеткен жылын, күнін есте сақтайды.
- Абайдың күнделікті өмірімізде тұтынатын қандай асыл өсиетін атар едіңіз? Абайы бар ұлт неге өспей жатыр? Кінә Абайда ма, қазақта ма?
Г.С: - Абайдың «Алланың сөзі де рас, өзі де рас, рас сөз ешқашан да жалған болмас», - деген сөзі менің бойтұмарым! Шын мәнінде, адамзаттың, бәріне ортақ бір Жаратушы бар. Яғни оған сену, оның бар екенін сезіну, одан әділет күту ол – адамзаттың жалғыз таянышы, жүрегінің тыныштығы.
Абайы бар ұлт неге өспей жатыр дейсіз, Абайын танып білмегендіктен өспей жатыр деп ойлаймын. Ал, Абайда не кінә болсын, жеріне жеткізіп айтып кеткен Абайда кінә жоқ. Жалпақ жұрт қазағымды да кінәлі демеймін. Кінә – әр адамның өзінде. Абайды керек етпеген жан өмірден босқа өтерін білмейді-ау деп қиналамын. Абай сөзі өмір сүрудің мәнін түсіндіріп, сырын ашып беретін рухани қазына ғой.
- Мемлекет машинасы Абайды қалай пайдаланып отыр?
Г.С: - Мемлекет машинасы Абайды толыққанды пайдаланып отырған жоқ деп ойлаймын. Мерейтойларын атойлатып атап өту, кітап оқымайтын жұртқа Абай кітаптарын шығарып беру. «Өтті, өтті» деп, есеп беру, жалған сөз, жалған жарнама. Ондай жалған сөз, даңғой жарнама не берер дейсіз қазаққа?
- Шетелде Абай институттары ашылса, қандай бағытта ашылғаны дұрыс?
Г.С: - Шетелде Абай институты ашылса, ең алдымен Абайды түсінген, сүйген жан, халқына жаны ашып, күйген жандар сол Абай институттарында жүру керек. Ел жүгін арқалап жүру керек. Ол үшін Қазақстан Республикасы– АБАЙ ЕЛІ болу керек. Абайдың рухани үйі болу керек. Шетелге баратын әр қазақ баласы оқуға болсын, қызметке, бизнеске, «Болашақ» бағдарламаларымен баратындар т.б. Абай сөзін көкірегіне тұмардай қылып тағып алып кетуі қажет. Себебі ол қазақтың, Абайдың елінің азаматтары болып, ақыл, қайрат, жүрегін тең ұстап, Әділетке бағынған адал азаматтар болуға тиіс, «Әр қазақ – жалғызым» демекші, шет елде, шет жерде жүрген қазақ азаматы – еліміздің төлқұжаты.
Абайды оқымаған, сүймеген рухани жарым жандар ұлттың ұранын айта алмайды. Шетелдегі Абай институты Абайды адамзат ойшылы деңгейінде таныту қажет. Сонда ғана Абай өз биігінде тұрады.
- Гүлтас Сайынқызы, уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге көп-көп рақмет!
