Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
«Алыста жылай-жылай бала қалды, Жүрген жер Ақмола ...

«Алыста жылай-жылай бала қалды, Жүрген жер Ақмола мен Қарағанды...»

401

«Алыста жылай-жылай бала қалды, Жүрген жер Ақмола мен Қарағанды...» - adebiportal.kz

Астанаға іргелес Ақмол ауылындағы (Малиновка делінеді) «Алжир» музейіне барып көрген адам ол жерден көргеніне қуанып, сергіп, жеп-жеңіл болып шықпайды. Бұл мүмкін емес. Адам бұл жерден ой арқалап шығады. Өйткені бұл жерде қасіретті жылдардың үрейі  әлі тұр, ауладағы жүк пойызы вагонындағы көріністен бастап музей ішіндегінің бәрі адамның жалғыз ғұмырының кейде соншама құнсыз, қадірсіз екенін тағы бір дәлелдейді. Бұл жерде сарғайған деректер, құжаттар, ескі фотосуреттер жетеді. Суреттердегі адамдардың жанарына көз тоқтатып тұрып ойлайсың, кейде тарих архивтерде емес, адамның үнсіз жанарында тұратындай ма... қараңызшы,  олар да біз сияқты ғұмыр кешті, мақсаты болды, бірдеңеге сенді, бір күні… тағдыры тас-талқан болды. Ал шын мәнінде бәрі саяси жүйенің «қажеттілігі» еді. «Халық жауының әйелі» атанған осы аналардың тағдыры бізге бір дәуірдің зұлматын ғана емес, адамның төзімі мен рухының шексіз күшін де көрсетеді. Олардың көз жасы қағазға хат болып түсті, сағынышы сарғайған суреттерде қалды, ал арманы мен үміті ұрпақ жадында өмір сүруі тиіс. Сондықтан да бұл жерге студент жастарды мүмкіндігінше жиірек әкеліп тұру керек деп есептеймін, өйткені лагерь азабын көрген әйелдердің өмірі арқылы адам рухының төзімі, аналық махаббаттың күші және тарихи жадтың маңызы ашылады. Мұнда сақталған хаттар, естеліктер мен жеке заттар, аналардың өзіне берген наннан жасаған мүсіндері, көз жасын ішке жұтып отырып перзентіне тоқыған кеудеше, аналық махаббатын салып тіккен көрпе... оның бәрі сол үнсіз тағдырлардың жан айқайын жеткізеді.

«Әдебиет порталы» ұлт тарихының қасіретті бір кезеңін түгел қамтып, тарихи жадымызға қызмет етіп отырған осы Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының АЛЖИР мемориалды-музей кешені директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлымен сұхбаттасқан еді.

- Дәулеткерей мырза, сұхбат алдында «Әдебиет порталының» оқырмандарына фотосуреттер арқылы бір аздаған репортаж жасасақ қайтеді? 

Әрине, мен қарсы емеспін. 

- Мысалы, мына нәрсенің кофе ұнтақтағыш  екенін білгенде таңғалдым, ол заманда да осындай зат  болған екен ау деп. Бұл өзі сіздің музейге қалай тап болған? Өзі заводтан шыққан екен… 

- Ия, бұл осы «АЛЖИР» тұтқыны Е.Найдис дегеннің тұтынған кофе ұнтақтағышы екен. Көріп тұрсыз, бұл өзі екі бөліктен тұрады: жоғарғы жағы сары металдан жасалған дөңгелек айналдыратын тұтқасы бар, ал төменгі жағы ағаштан жасалып қара түспен боялған квадрат, бір жағында әйелдің, бір жағында ер адамның бейнесі бар, тағы бір жағында шетел тілінде жазу жазылған. Мұқият қарасаңыз, жазудың астыңғы жағында ұнтақталған кофе жиналатын қызыл ысырма бар. Түбіндегі таңбаның не мағынасы барын түсіну қиын. Бұл кофе ұнтақтағышты 2010 жылы Санкт-Петербург қаласына зерттеу іс-сапары барысында заттың иесі Е.Найдис тапсырған. Есепке алынған уақыты 1940 жылдар деп есептеледі.

 

 

- Музейдегі ең құнды жәдігер деп қай затты атар едіңіз және неге? 

- «АЛЖИР» музейіндегі әр жәдігердің артында бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің шынайы тағдыры тұр. Сондықтан «ең құнды жәдігер мынау» деп бір ғана затты бөліп айту өте қиын. Сол дәуірдің шынайы болмысын сезіну үшін музейді міндетті түрде келіп аралап, әр детальге мән беру  керек. Сізге қазір бірнеше экспонатты атап өтейін. Мысалы, мынау  – тергеу изоляторының темір есігі. Бұл есік ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы НКВД тергеу абақтыларынан сақталған. Оның кішкентай бақылау тесігі, зілдей ауыр құлпы – сол дәуірдің үрейін үнсіз сөйлетіп тұрғандай әсер қалдырады. Кейде келушілер сол есіктің алдында  үнсіз ұзақтау тұрады. Себебі бұл жай темір емес, мыңдаған адамның тағдырын өзгерткен табалдырық қой.

 

- Тағы бір өте құнды жәдігер – тұтқын әйелдердің нан қамырынан жасаған кішкентай мүсіндері. 

Лагерьдегі аштықта бір үзім нанның өзі тіршілікпен тең болған заманда әйелдердің сол наннан өнер жасап, сәбиін құшағына алған ананы бейнелеуі – адам рухының сынбағанын көрсетеді. Бұл заттар менің ойыма «адамнан бәрін тартып алуға болады, бірақ оның жан дүниесін толық жеңу мүмкін емес» деген сөзді оралтады. Джордж Оруэллдің «1984» атты шығармасында: «Ойланыңдар. Өйткені ойлануға әлі тыйым салынған жоқ», - дейтіні бар ғой. Міне, қанішер ғасыр әйелдердің қолынан отбасы, бала-шағасына дейін тартып алса да, ойлану, ойлану арқылы сезіну қабілетін ала алмағанының бірден бір дәлелі – осы бір өнер туындысына айналған экспонат болса керек...

Музей қорындағы «тұтқындарды Ақмолаға тасыған теміржол вагоны» да келушілерге өте ауыр әсер етеді. Өйткені сол вагондармен Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен аналар айдалып әкелінді. Бұл вагон – тарихтың көзбен көріп, қолмен ұстайтын дәлелі секілді.

Жалпы, «АЛЖИР» музейі – жай ғана экспозициялық кеңістік емес. Бұл – тарихи жадының мекені. Мұнда хаттар, тергеу құжаттары, жеке заттар, балалар киімі, тұтқындардың қолөнер бұйымдары, фотосуреттер сақталған. Әр жәдігер адамның үнсіздікпен жазаланған тағдырын сөйлетеді. Кейбір заттарды музейге тұтқындардың өздері әкелсе, кейбірін балалары мен немерелері ондаған жыл сақтап, кейін халық жадында қалсын деп тапсырған.

- Музей қорында сақталған хаттардың ішінде ең әсерлісі немесе ең ауыр мазмұндысы қайсы? Бір-екеуіне тоқталып, мысал келтіре кетсеңіз... Сол сақталған хаттардан сол кезеңдегі адамдардың ішкі жан айқайын байқауға бола ма, әлде олардың үрейі ғана көріне ме?

- Музей қорындағы хаттардың әрқайсысы – бір дәуірдің үлкен естелігі. Солардың ішіндегі ерекше жәдігерлердің бірі – тұтқын Ксения Ивановна Никольскаяның ұлы Генаның анасына жазған хаты. 

Бұл хаттың ауырлығы – онда саясат та, айыптау да жоқ. Онда тек баланың анасына деген сағынышы мен ерте есейген жүрегі бар. Генаның әкесі «халық жауы» ретінде атылып кеткен, ал анасы «Отан сатқынының отбасы мүшесі» деген жаламен лагерьге айдалған. Осындай қасіретті тағдырдың ортасында қалған баланың хаты жүректі елжіретеді. Хатты Гена анасына: «Мен өскен соң жұмыс істеймін, ақша табамын, сізге әдемі көйлек алып беремін» деген мазмұнда жазады. Бірақ оның сол уәдесін дәл қазір орындай алмағаны үшін анасынан кешірім сұрауы – адамның ішін қозғап кетеді. Бала анасына еркелеп хат жазудың орнына, өзін отбасының жауапкершілігін арқалаған үлкен адамдай сезінетінін көреміз. Репрессия дәуірінің ең ауыр қасіреті де осында, балалардың балалығын ұрлауында шығар. Хаттың төменгі жағында Генаның өз қолымен салған суреті бар. Қарапайым ғана үйдің суреті. Бірақ сол суреттен лагерьден тыс күнделікті өмірге деген сағыныш сезіледі. Бала қиялындағы жылылық пен отбасы тыныштығы – анасына хат кейпінде жіберілген рухани медет сияқты әсер қалдырады. 

 

Мен кейде осы суретке қарап отырып, темір тордың ар жағындағы аналарды дәл осындай кішкентай үміт сыйлайтын дүниелер ғана тірі алып қалған шығар деп ойлаймын. Бұл хаттың тағы бір ерекшелігі – оның тарихи құжат болуымен қатар, өте үлкен адамгершілік құндылыққа ие екендігі. Өйткені біз репрессияны көбіне сандар, үкімдер, архивтер арқылы ғана танимыз. Ал осындай хаттар арқылы сол зұлматтың адамның жан дүниесін қалай жаралағанын тереңірек сезінеміз. Сондықтан бұл хат музейдегі ең ауыр әрі ең бірегей жәдігерлердің бірі деп ойлаймын. 

 

 

«...Балаларымды жетімдер үйінен алып, ие болыңыздаршы. Жалынып Сұраймын»

- Жаңа хаттар мазмұны жайлы сұрадыңыз ғой, музей қорында сақталған хаттардың ішінде үкіметке «қылмыссыздығын» анықтау туралы өтінішпен жазылған хаттар, аналардың туыстарына жазған хаттары, балалардың аналарына жазған хаттары сынды бірегей құжаттар бар. Хат мәтіндерінде аналар жан айқайларын үреймен емес, керісінше, батылдықпен, ертеңге деген сеніммен, болашақта ақталатындарына деген үлкен үмітпен жазғанын көреміз. 

Бұл хаттарда әйелдердің «өзі үшін» емес, аналық инстинктпен балаларының, отбасының, хабарсыз кеткен күйеуінің  жағдайына ғана алаңдаушылық танытқанын байқауға болады. Тіпті Мария Минкина есімді бір тұтқынның туыстарына жазған хатында: «...Балаларымды жетімдер үйінен алып, ие болыңыздаршы. Жалынып Сұраймын. Маған алаңдамаңыздар. Тірі болсақ, барлық жерде өмір сүруге болады...», - іспеттес жолдар кездеседі...

- Ол хаттардың музейге жету тарихы қалай?  Олар қалай сақталып қалған?

- Бұл хаттардың музейге жету тарихының өзі тұтас бір тағдыр шежіресі десек болады. Өйткені олардың көбі ондаған жыл бойы адамдардың жеке архивтерінде, ескі сандықтардың түбінде, сарғайған альбомдардың арасында сақталған. Кей отбасылар бұл хаттарды қорыққаннан ұзақ уақыт ешкімге көрсетпеген. Себебі «халық жауының» туысы болудың өзі қауіпті болып саналған кезең тұғын. Көп жағдайда хаттарды аналардың балалары мен немерелері сақтап қалған. Олар бұл құжаттарды жай қағаз емес, отбасының үзілмей қалған жалғыз рухани мирасы ретінде қабылдаған. Уақыт өте келе сол ұрпақтар музейге арнайы келіп, «отбасылық мұра халық жадында қалсын» деген ниетпен тапсырып отырған. Мысалы, Ксения Никольскаяға қатысты материалдарды 2012 жылы Мәскеуде тұратын қызы Татьяна Никольская музей қорына әкеліп тапсырды. Ал Мария Минкинаның қызы И. Бронштейн анасының 1938 жылы жолда жазған хатын 2014 жылы музейге өткізген. Леон Нұрмұхамедов те өз анасына жазған хатын «Ұрпақтар ұмытпайды» жобасы аясында арнайы Санкт-Петербургтен алып келіп тапсырған. Осындай әрекеттердің өзінен ұрпақтардың тарихи жадыны сақтауға деген жауапкершілігін көруге болады. Тағы бір маңызды нәрсе – бұл хаттардың қалай сақталғаны. Лагерьде сол кезеңде хат алмасу қатаң бақылауда болған. НКВД цензурасы әр сөзді тексеріп отырған. Соған қарамастан адамдар хаттарды көзінің қарашығындай сақтады. Кейбір әйелдер хаттарды киімінің астарына тігіп жасырған, кейбірі туыстарына аманаттап беріп жіберген. Тіпті музей қорында араб графикасымен, төте жазумен аралас жазылған хаттар да бар. Бұл – цензурадан аман қалудың тәсілі болған. Мәселен, Әзиза Рысқұлованың хаттарында орысша мәтіннің арасына төте жазумен құпия жолдар енгізілген. Бұл сол кезеңдегі адамдардың тек хат емес, отбасылық байланысты сақтап қалу үшін күрескенін көрсетеді. Меніңше, бұл хаттардың аман қалуының өзі ғажайып құбылыс. Себебі оларды сақтап қалған адамдар өткеннің үрейіне қарамастан, тарихи жадты жоғалтпауға тырысқан. Бүгінде сол сарғайған хаттар жеке бір отбасының естелігі ғана емес, тұтас ұлттың тарихи санасын тірілтетін құжаттарға айналып отыр.

Өзіңіз ақын адамсыз. Ақын адам бұндай жерде басқалар байқамаған күйді, атмосфераны ерекше сезінеді деп ойлаймыз ғой. Келгелі біраз мәліметке өзіңіз де қанық бола түскен шығарсыз, көп құжат, құнды деректер қолыңызға түскен шығар, лагерьде отырған аналардың тағдырынан сізді ең қатты толқытқан қандай естелік не оқиға  деп айта аласыз?

 - «АЛЖИР» мемориалды музей кешені 2007 жылғы 31 мамырда Ақмола облысы, Целиноград ауданының Ақмол ауылында бұрынғы «Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері» деп аталған орында ашылды. Музей 1997 жылғы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын Еске алу күні – 31 мамырды белгілеу туралы» Жарлықтың қабылданғанына он жыл және жаппай қуғын-сүргіннің басталғанына 70 жыл толуына орай ашылған.

 Бұл жерде жалпы саны 20 000-ға жуық экспонат сақталған. Жоғарыда айтқанымдай, тарихтың тірі қуәгері болған топырақта бой көтерген бұл орындағы әр естелік, әр зат, әр экспонат – кез келген адамды қатты толқытатыны анық. Сол себепті де музейге келетін адамдардың қарасы қалың. Ел аумағын былай қойғанда, шетелдік қонақтарымыз да жыл сайын ағылып жатады. Және олардың бәрі дерлік музейден көз жасын сығып шығып бара жатқанын жиі байқаймыз. Осының өзі бұл жердің тарихи шындықты, рухани құндылықты, тарихи-мәдени-әдеби сананы жаңғыртудағы рөлінің  орасан зор екенін көрсетеді.  

Мен бұл музейге келгеннен бері талай тағдырмен таныстым. Соның ішінде ананың баладан айырылу қасіретін көрсететін Сақыпжамал Назарованың тағдыры ерекше толқытты. Ол кісі «Отан сатқынының отбасы мүшесі» деген жаламен сегіз жыл лагерь азабын тартқан. Күйеуі  қазақ руханияты мен журналистикасына еңбек сіңірген өзіңіздің әріптесіңіз Зарап Темірбеков. Ол кісі репрессия құрбаны болып, атылып кеткен. Сақыпжамал Назарованың трагедиясы репрессияның тек бір адамның емес, тұтас отбасының тағдырын балталағанын айқын көрсетеді. Сақыпжамал апай лагерьден шыққанда оның паспортына «3» деген таңба басылған екен. Бұл  «совет мемлекетіне қауіпті элемент яки антисоветтік элемент» деген сөз. Яғни адам жазасын өтеп шықса да, қоғам оны кешірмеген. Бірақ соның бәрінен де ауыр соққы  баласынан көз жазып қалуы болып отыр.

- Ол кісінің босап шыққан кейінгі тағдыры да өзгеше өрілген екен…

- Иә, Сақыпжамал апаның босап шыққаннан кейін қызы Алмамен консерваторияда кездескен кезін баяндаған естелігі жүректерді елжіретері анық. Сегіз жылдық сағыныштың бір сәтте бұрқ етіп сыртқа шығуы... Анасының «Алма» деп емес, қызының «маматайым!» деп жүгіріп келуі  бұл енді тарихи дерек қана емес, адам жанының жанайқайы. Сол сәтте бүкіл залдың жылауы  бір ананың емес, тұтас ұлттың көз жасы сияқты әсер қалдырады. Ал одан да ғажабы  қырық жылдан кейін жоғалған ұлы Жаңарттың табылуы. Баласының кеудесіндегі қал арқылы анасының оны тануы  қазақ трагедиясының ішіндегі ең аянышты әрі ең сәулелі көріністердің бірі шығар. Бұл жерде тарихтың қатыгездігі де, ананың жүрегі де қатар тұр. Сақыпжамал апайдың «30 жыл жыладым, көз жасымды құрғатып алғанмын» деген сөзі бар екен. Осындай оқиғаларды оқығанда біз репрессияны құр статистика ретінде қабылдай алмаймыз. Оның артында тірі адамдардың күл-талқан болған ғұмыры, жоғалған балалығы, сарғайған сағынышы жатыр. «АЛЖИР» музейінің ең үлкен миссиясы да  сол үнсіз қалған тағдырларға қайтадан «үн» беру деп ойлаймын.

 

 

- Біздің оқырмандарымыз үшін құнды мәлімет айтып отырсыз. Сол кезде еркіндігін жоғалтып, балаларынан айырылып,  қоғамның «халық жауының әйелі» деген таңбасына қалған тағдырлас әйелдер бір-біріне  рухани демеу берген шығар, ол демеу қандай сипатта болды екен? Олардың арасында ел білетін адамдардың әйелдеріне қатысты дерек бар ма?

- «АЛЖИР» лагеріндегі әйелдердің тағдырына үңілген сайын бір нәрсені анық сезінесің. Оларды сақтап қалған, аман алып қалған – бір-біріне деген мейірім мен рухани сүйеу. Себебі ол жерге жиналғандар – әртүрлі ұлттың, әртүрлі ортаның әйелдері болғанымен, қасіреті ортақ жандар еді. Бәрінің маңдайына «халық жауының әйелі» деген қорлық таңба болып басылды, бәрі де баласынан, отбасынан, қалыпты өмірінен айырылып қалды. Күләндәм Қожанованың естеліктерінен біз сол рухани демеудің қандай болғанын анық байқаймыз

Түрмеге қамалған әйелдердің арасында емшектегі баласымен келген жас өзбек келіншек болыпты. Үйде қалған бес баласын ойлап еңіреп жылапты. Сонда өз қайғысы өзегін өртеп отырған Күләндәм апай әлгі ананы жұбату үшін оған құмалақ ашып береді. «Балаларың тоқ, сиырыңның сүті бар» деп үміт сыйлайды. Бұл жай ғана жұбату емес, адамды тірі алып қалудың жолы еді. Өйткені лагерьде үмітінен айырылған адам рухани тұрғыдан күйреп түседі.  Сондықтан әйелдер бір-біріне аналық мейіріммен қараған. Бірі жыласа, екіншісі жұбатты. Бірі ауырып қалса, қалғаны қолтығынан демеп сүйемелдеді. Кейде бір үзім нанды бөліссе, кейде туған жер туралы әңгіме айтып бір-бірінің көңіліне медеу болды. Тіпті Күләндәм апайдың өзі қой бағып жүріп шығарған: 

«Алыста жылай-жылай бала қалды,

Жүрген жер Ақмола мен Қарағанды...» – деп келетін өлеңі сол әйелдердің ортақ зарына айналған. Лагерьде батқан күнмен бірге көңілге шөгетін мұңды сәттерде апай бұл өлеңді тұтқын әйелдердің ортасында ән қылып шырқайды екен. Бұл жерден поэзияның да олардың рухани панасына айналғанын көруге болады. 

Ал ел білетін тұлғалардың әйелдеріне келсек, «АЛЖИР»-де қазақтың ірі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің жарлары отырды. Соның бірі – Сұлтанбек Қожановтың жары,жаңағы Күләндәм апайдың өзі. Сұлтанбек Қожанов – Алаш рухын жалғаған, Түркістан мен қазақ халқы үшін күрескен аса көрнекті қайраткер. Күләндәм апайдың естеліктерінде Сұлтанбектің Сталинге тайсалмай жауап бергені, туған халқының сөзін сөйлегені айтылады. Осындай азаматтардың жұбайлары олардың тағдырын бірге көтерді. Жалпы, бұл әйелдер күйеулерінің «кінәсі» үшін емес, солардың жары болғаны үшін жазаланды. Бірақ олар сынып кетпей, іштей үнемі күйеулерінің адалдығына сенім білдіріп күн кешті. Керісінше, лагерь ішінде адамдықты, аналық мейірімді, рухани биіктікті сақтап қалды. Сондықтан «АЛЖИР» тарихы – тек қуғын-сүргіннің ғана емес, әйел рухының жеңісі туралы тарих деп те ойлаймын.

Күләндам Қожанова суреті

 

 

- Әлі күнге дейін табылмай жатқан немесе құпия болып қалған деректер бар ма? Осындай бар деп естідік, бірақ, сұрастырып, таппай жатырмыз дегендей мысалдар бар ма дегеніміз ғой.

Иә, өкінішке қарай, «АЛЖИР» тарихында әлі күнге дейін толық ашылмаған, жұмбағы қалған тұстар өте көп. Себебі Сталиндік репрессия тек адамдарды ғана жойған жоқ, олардың ізін, естелігін де өшіруге тырысты. Көп құжаттар әдейі жойылды, кей архивтер әлі толық ашылған жоқ, ал кей адамдардың тағдыры мүлдем жұмбақ күйде қалып кеткен. «АЛЖИР»-де отырған әйгілі тұлғалардың әйелдерінің өзіне қатысты әлі де зерттеліп жатқан деректер бар. Белгілі әнші Лидия Русланованың лагерь жүйесіне қатысты материалдары, актриса Татьяна Окуневскаяның естеліктеріндегі кейбір тұстар, адмирал Колчактың жары Анна Тимиреваның Қазақстан лагерлерімен байланысына қатысты құжаттар әлі де толық ашылмаған. Кейде бір дерек Мәскеуден, екіншісі Омбыдан, үшіншісі жеке отбасылық архивтен шығып қалып жатады. Сондықтан зерттеу әлі жалғасып жатыр.

-  Жазасын өтеген сол әйелдер қайда жерленген? 

-    Лагерьге қатысты зерттелмеген мәселелердің бірі – осы жерде қаза болған әйелдердің нақты жерленген орындарына қатысты болып отыр. Ақмол маңындағы ескі қорымдарға қатысты түрлі ауызша деректер бар. Кей куәгерлер белгілі бір аумақтарды көрсетеді, кейбір карталарда белгісіз төмпешіктер кездесіп жатады. Бірақ олардың нақты кімдерге тиесілі екені анықталмаған. Себебі ол кезде көп жағдайда аты-жөні жазылмаған, әйелдер нөмірмен ғана тіркеліп жерленген. Кейбірі қатты аязда, аштықта, аурудан қайтыс болып, жаппай жерлеу орындарына көмілген деген мәліметтер кездеседі. 

- Сол аналар жайлы қандай да бір дерек-мәлімет іздеп хабарласатындар бар шығар?

Бізге әлі күнге дейін «анам осы лагерьде болған шығар», «әжемнің аты архивте кездесті ме?» деп іздеп келетін адамдар бар. Кейбірінің аты құжатта қате жазылған, кейбірін мүлде өзгертіп жіберген. Соның кесірінен тұтас бір отбасының шежіресін қалпына келтіру ұзақ уақытқа созылып жатады. Кейде музейге күтпеген жерден жаңа деректер келіп түседі. Мысалы, шетелде тұратын ұрпақтары аналарының, апаларының хатын, суретін немесе лагерьден қалған затын алып келеді. Сол кезде біз бұрын белгісіз болып келген бір адамның тағдырының бір үзігін қайта тірілткендей боламыз. Сондықтан «АЛЖИР» тарихы толық зерттеліп бітті деу мүмкін емес. Бәлкім, ең үлкен құпия ақпараттар әлі біреудің сандығында, бір архивтің жабық сөресінде жатқан шығар…

Талай байқадық, Астана халқын білмедім, өңірлердің адамдары бұған қызығушылық білдіретінін, Астанаға келген сапарында міндетті түрде барып кеткісі келеді. Мұны тіпті бір парыз сияқты көретіні толқытады..

Қазір музейге Қазақстанның барлық өңірінен ғана емес, шетелден де келушілер көп екенін жоғарыда атап өттім. Әсіресе жастардың қызығушылығы қуантады. Көп адам Астанаға келгенде «АЛЖИР»-ге арнайы соғып кетуді парыз көреді. Себебі бұл жерге келген адам репрессияны жай тарихи дата ретінде емес, тірі тағдырлар арқылы сезіне алу мүмкіндігіне ие.

-  Сол қуғын сүргін жылдары адамды еркіндігінен ғана емес, үмітінен, отбасынан, болашағынан айыруға тырысты. Алайда сол зұлматтың ішінде де мейірім мен сенімнің оты өшпеді. Бұл тақырып өткенді еске алу үшін ғана емес, адам қадірін, әділеттің құнын және ұмытпау жауапкершілігін түсіну үшін маңызды. Себебі тарихтың ең ауыр сабағы адам жанының үнін жоғалтпау қажеттігін еске салады.

Әрине. Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды музей кешені – жай ғана бір музей емес, ХХ ғасырдағы тоталитаризмнің адам тағдырын қалай таптағанын дәлелдейтін рухани, мәдени ескерткіш. Бұл ескерткіш мыңдаған адамның, ананың көз жасы, үміті мен сабырынан тұрғызылған. Сол себепті де біз үшін әрбір музейлік зат, әрбір архивтік құжат, осы жердегі әр есім – тұтас ұлттың жадын құрайтын қасиетті мұра іспеттес. 

- Енді қалай ойлайсыз, қоғам қуғын-сүргін құрбандарының алдындағы тарихи қарызын толық өтеді ме?-

-  Бұл сұрақтың жауабы өте күрделі. 

Себебі тарихи қарызды толық өтеу деген – тек ескерткіш орнату немесе ақтау құжаттарын беру, кітап шығару ғана емес. Қоғамның басынан өткен қасіретті кезеңді шын мәнінде түсініп, оны ұлттық жадқа айналдырып қана қоймай, халықтың санасындағы үрейді, жараны емдей алған кезде ғана біз қуғын-сүргін құрбандарының алдындағы қарызымыз толық өтелді дей алатын шығармыз.

Әрине, тәуелсіздік жылдарында үлкен жұмыстар атқарылды. Қуғын-сүргін құрбандары ақталды, архивтер ашыла бастады, «АЛЖИР» сияқты музейлер құрылды. Бұрын атын атауға да қорыққан тұлғаларымызды халқымен қайта қауыштырдық. Бұлар – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадамдар. Бірақ тарихи қарыз толық өтелді деуге әлі ерте. Өйткені әлі күнге дейін тағдыры беймәлім адамдар бар. Кей аналардың нақты қайда жерленгені белгісіз. Кейбір архивтер толық зерттелген жоқ. Демек бұл – әлі күнге жалғасын тауып жатқан үлкен процесс

Ең бастысы – тарихи қарыз тек мемлекетке ғана емес, қоғамның өзіне де қатысты ұғым. Егер біз репрессия құрбандарын жылына бір рет қана еске алып, кейін ұмытып кетсек, онда тарихи санамыз толық қалыптасты дей алмаймыз. Ал егер олардың тағдырынан әділеттің, еркіндіктің, адам қадірінің құнын түсінсек – сонда ғана тарихи жауапкершілік іске асады. Қуғын-сүргін құрбандарының алдындағы ең үлкен қарызымыз – олардың үнін өшірмеу арқылы іске аса алады. Өйткені тоталитарлық жүйе оларды тірілей ғана емес, тарихи санадан да өшіруге тырысты. Ал біз олардың есімін атап, тағдырын айтып, ұрпаққа жеткізген сайын – сол үнсіз қалған адамдар қайта сөйлей бастайды. Сондықтан тарихи қарызды өтеу – ұлттың ар-ожданымен бірге өмір сүретін мәңгілік жауапкершілік деп ойлаймын.

- Бүгінгі жастар бұл тарихтан қандай сабақ алуы керек?

Бүгінгі жастар «АЛЖИР» тарихынан ең алдымен еркіндіктің, адам өмірінің қадірін және тарихи жадтың құнын түсінуі керек. Өйткені тоталитарлық жүйе ең әуелі адамның ойын, сөзін, болмысын жоюға тырысты. Тарихқа тек өткеннің мұрасы ретінде қарауға болмайды. Ағылшын тарихшысы Эдвард Каррдың «Тарихтан сабақ алу  біржақты процесс емес. Өткеннің жарығымен бүгінді тану, бүгіннің жарығымен өткенді тану керек», - деген сөзі бар. «АЛЖИР» музейінің мәні де дәл осында. Біз бұл жерге тек қайғыны көру үшін келмейміз. Біз бүгінгі қоғамның қадірін, жүйесін түсіну үшін келеміз. Себебі лагерьдегі әйелдер ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Олардың «кінәсі» – зиялы адамның жары болу, ойлы адамның жанында жүру немесе өз ұлтын сүйген азаматтың отбасы мүшесі болу еді. Демек, жастар тарихтан бір елдегі ғана емес, кез келген ортадағы «әділетсіз жүйенің» адам тағдырын қалай таптай алатынын ұғынуы керек.  Бірақ бұл тарихтың екінші бір қыры бар.Бұл – адам рухының беріктігін шыңдауы. Аштықта, қорлықта жүрсе де аналардың бір-біріне демеу болуы, балаларын ұмытпауы, өлең жазуы, хат сақтауы – мұның бәрі адамдық қасиеттің түбі жеңгенін көрсетеді. Сондықтан жастар тек қасіретті емес, сол қасіретке төтеп берген рухани беріктікті де көруі керек деп ойлаймын.

- Біздің портал үшін уақыт бөлгеніңізге рахмет. 

 

P.S. Бұл әйелдер еркіндігінен айырылса да, адамдық қасиетін жоғалтпауға тырысқан адамдар. Қараңғы заман, тар вагон, қапырық камерада олар баласын, үйін ойлап өмір сүрді, жақынын сағынып күн кешті, қалай болғанда да жүрегіндегі мейірімді сақтап қалды. 

Тарихтан белгілі, адамзат өткенін ұмытқан кезде, одан сабақ алмаған  зұлмат қайта оралады. Сондықтан бұл естеліктер мұражай қабырғасында ғана емес, әр адамның санасында сақталуы керек. Себебі бір ананың жазықсыз төгілген көз жасында бүтін бір халықтың тағдыры тұрады.

 

                         

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan