Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Мәлік Ғабдуллин. Жәкеңнің сәлемі...

28.02.2018 5732

Мәлік Ғабдуллин. Жәкеңнің сәлемі

Мәлік Ғабдуллин. Жәкеңнің сәлемі - adebiportal.kz

Ұлы Отан соғысына дейін Жәкеңді сан рет Алматыда сырттай көргенім, өлең-жырларын білетінім болмаса, онымен ауызекі сөйлескен жан емеспін. Ақындық өнердің алыбымен кездесу, оның әңгімесін, даналық сөздерін тыңдау – сол кездегі үлкен арманымыздың бірі болатын.

Міне, сол арманыма 1943 жылғы август айының 23-і күні жеткен сияқтымын. Тап осы күні мен Жәкеңмен жүзбе-жүз кездестім. Кездесіп қана қойған жоқпын, ұлы ақынның құрметті қонағы болдым. Ол былай болып еді.

Июль айының аяқ кезінде Москвада, Совет Армиясының бөлімдеріндегі ұлт жауынгерлері арасында саяси-тәрбие жұмыстарын жүргізетін партия-комсомол қызметкерлерінің семинар-мәжілісі болып өтті. Бұл жиынға барлық майданнан келген өкілдермен бірге Калинин майданынан да бір топ адам қатысқан едік.

Аталған семинар-мәжіліске шығар алдында маған бір айлық демалыс беру туралы майдандық Саяси басқарманың (Политуправление) бұйрығы болған еді. Басқарманың бастығы генерал майор Дребеднев:

– Москвадағы семинар біткеннен кейін бір ай демалыңыз, ел жағыңызға барып қайтыңыз, – деген еді.

Жиынымыз да аяқталды. Оған қатысқан жолдастар келген бөлімдеріне қайта бастады. Ал мен поезға отырдым да елге тарттым. Беталысым: Петропавловск (Қызылжар), одан ары Көкшетауға жету.

Ол кезде кісі таситын поезд әрі сирек, әрі шабан жүретін. Сондықтан болу керек Москвадан Петропавловскіге үш тәулік дегенде әрең жеттік. Вокзал басынан бір топ адам қарсы алды. Оның ішінде Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші секретары Николаев, тағы бірнеше жолдас бар екен. Бір-бірімізбен танысып жатырмыз.

– Демалысыңыз осы арадан басталады, – деді Николаев. – Сіздің осылай қарай демалысқа шыққаныңызды екі-үш күн бұрын естідік. Содан кейін Алматымен байланыстық.

– Демалысқа келе жатқаным рас. Ойым: ауылдағы ағайын-туыстарыма жетіп, сол арада біраз күн демалған соң майданға қайту.

– Оныңыз түсінікті. Сол еліңізге келдім дей беріңіз. Осы арадағы халық бәрімізге ағайын-туыс болады, – деді қарсы алушының бірі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жауапты қызметкері Қаһарман Серікбаев. Ол Солтүстік Қазақстанда командировкада жүрген өкіл екен.

Вокзалдан шықтық та обкомға келдік. Обком секретары Николаев жолдас өте жайдары, ақкөңіл адам екен. Ол менің демалысымның қалай өтетіні жайында жасалған жоспармен таныстырды.

– Алматымен келісіп, – деді ол, – сіздің демалысыңыз туралы жоспар жасадық. Ертең кешке дейін сіз осы қалада боласыз. Мұндағы өндіріс орындарына апарамыз, митингілер өткіземіз. Онда сіз сөйлейсіз, майданшыларға көмекті аямай беріңдер дегенді айтасыз. Содан соң кешкі поезға отырғызып Көкшетауға шығарып саламыз.

– Бәрі де жақсы екен. Бірақ демалыс жайы қалай болмақ? – дедім.

– Әлгі айтқанымның бәрі демалыс болады. Қазір демалып шалқайып жататын кез емес. Қызыл Армиямыз шабуылға шығып, жау қолынан көптеген жерді азат етуде. Бұл шабуыл күн сайын үдеп барады. Кеше Совет Армиясы жаудан Орел қаласын босатты. Осы жеңіске арнап Москвада бүкіл Армиямыздың тарихында бірінші рет салют берілді. Мұның бәрі халықтың рухын көтеруде. Осындай жағдайда өткізілетін митингілер мен үгіт–насихат жұмыстарына майдангерлердің өкілдері ретінде сіздің қатысқаныңыз өте пайдалы. Сізді Алматыда да күтіп отырған көрінеді. Оған жеткенше жолшыбай көп жерде боласыз, бәрінде өтетін жиналыс, митингілерге қатысасыз, сөйлейсіз. Міне, әдемі демалыс деп осыны айтамыз.

Алматының жоспары бойынша, – деп жалғастырды сөзін Николаев, сіз Көкшетауда бір күн, ауылыңызда екі күн боласыз. Ол жерлерде де жоғарыда айтылғандағыдай жұмыстарға қатысасыз. Содан кейін Бурабай, Макинка, Ақкөл, Ақмола (қазіргі Целиноград ол кезде солай деп аталатын), Нұра бойын аралап, Қарағандыға жетесіз.

Николаевтың бұл айтқандары рас болып шықты. Қарағандыға дейін көп жерлерді араладық. Қарағанды көміршілерінің арасында, шахталарда болдық. Соның бәрінде, барлық жерде, аянбай еңбек етіп жатқан халықты көрдік. Бәрінің тілегі де, айтары да: фашистерді талқандап жеңу үшін жан аямаймыз, майдангерлердің қару-жарақ, азық-түлік, киім-кешекпен толық қамтамасыз етеміз. Ал майдандағыларға жолдар сәлеміміз: қаскөй жауды қайсарлана соғыңдар, совет жерін фашистік сұмдардан тез аластаңдар, туған елге жеңіспен оралыңдар! – дейді.

Халықтың бұл аманатына мен майдангерлер атынан жауап қайырып, жеңеміз жауды, фашистердің тас-талқанын шығарамыз, елге тек жеңіспен қайтамыз. Ал қаскөй жауды қирата соғу үшін, елдегі ағайын-туыстар, көмектеріңді аямаңдар, қару-жарақты көп беріңдер деймін.

Демалыс дегеніңді осылай өткізе отырып, август айының 18-і күні Алматыға жеттік. Орталық Қазақстан еңбекшілерінің арасында жүргізілген үгітшілік қызметіме Алматының аэропортынан-ақ кірісуге тура келді. Содан кейін бұл жұмыс Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде жасалған жоспар бойынша жүргізіле берді. Күн сайын төрт-бес жерге барамыз, онда не жиналыс, не митинг өтеді. Бәрінде сөз сөйлейміз. Сонда айтарымыз: Совет жерін фашистік зұлымдардан тазарту үшін, жауды күйрете жеңу үшін тылдағы еңбекшілер майданға деген күш–көмектеріңді аямаңдар, ал біз, жауынгерлер, Отан алдындағы борышымызды абыроймен орындаймыз, дұшпанды жеңіп қайтамыз, елге тек жеңіспен ораламыз!

Августің 22-сі күні төрт жерде жиналыс өткізіп, іңір түсе таудағы демалыс үйіне қайттық. Жаңағы жиналыстардың бәріне белгілі жазушымыз Сәбит Мұқанов та қатысып отыратын. Ол соңғы жиынға бармады да, ЦК-ға (Орталық Партия Комитеті) кіріп шығатын жұмысым бар еді деп кетіп қалған еді. Кештетіп демалыс үйіне жеткен Сәкең үлкен қуаныш хабар ала келді.

– Ертең кешке Жамбылға барамыз. Ол кісі сені келеді деп күтіп отырған көрінеді, – деді Сәкең.

– Сонда қай мезгілде жүреміз және қанша адам барамыз?

– Күннің ыстығы қайта кешкі сағат алты шамасында жүріп кетеміз. Машинаға бір-ақ сағаттық жер ғой. Барамыз деушілер біраз адам сияқты. Ал нақты кімдер баратыны ертең белгілі болады.

– Жәкеңмен кездесу, ұлы ақынның қасында отырып ауызба-ауыз сөйлесу мен үшін үлкен арман болушы еді. Енді оған да жеткелі отырмыз. Бұл қандай қуаныш десеңізші, – деп Сәкеңе шаттық ойымды айтып жатырмын. – Сіз Жәкеңнің мінезін жақсы білесіз ғой. Ал мен бұл жағынан хабарсызбын. Ертең барғанда не істеуім керек? Алдымен сәлем берем, содан кейін...

– Не сұрап, не айтқалы келе жатқаның түсінікті, – деп Сәкең шәкірттеріне сабақ беретін мұғалімше сөйлеп кетті. – Жәкең сәлеміңді алғаннан кейін құшақтап бетіңнен сүюі, қасына отырғызуы, содан кейін майдандағы жауынгерлерге арнап бір азырақ жыр айтуы мүмкін. Оның сені шақырып отырғандағы негізгі бір себебі – жаумен қалай соғысып жатқандарыңды, қандай ерлік жасап жүргендеріңді өз аузынан есту болса керек. Сондықтан жауынгер жолдастарыңның майданда жасаған ерліктері жайында қызықты әңгімелер айтып бергенің дұрыс болар.

– Ондай әңгіме айтам деп Жәкеңді шаршатып алармыз.

– Жоқ, оған Жәкең шаршамайды. Қайта ол мұндай ерлік әңгімелерді ықыластана тыңдайды, тіпті таң атқанша қалжырамасына мен кепіл. Тек әңгімеңде бір ғана нәрсені есіңе ал. Бүгінгі соғыс құралдарын, қазіргі соғысу тәсілдеріңді айтқанда, олардың Жәкеңе түсінікті болу жағын ұмытпассың. Өйткені осы айтқандарыңды ол өзінің кейіндегі бір жырларында пайдалануы мүмкін. Айтпақшы, сен Алғадайды білесің бе?

– Жәкеңнің баласы ғой, майданда асқан ерлік жасап қаза болыпты дегенді естігенім бар.

– Сол Алғадайың, – деді Сәкең әңгімесін жалғастырып, – Жәкең аса жақсы көріп, «өзге балаларым – бір төбе, бұл – бір төбе» деп отыратын еді. Алғадай әскер қатарына алынып, майданға барғанда көп ерліктер жасапты, жауға қарсы жан аямай күресіпті. Бұл жөнінде оның командирі Жәкеңе хат жазып, Алғадайдың қандай ерліктер жасағанын хабарлапты. Алғадайдың өзі де әкесіне жазған хаттарында кейбір ерліктерін айтқан екен. Мұның бәріне қатты қуанған Жәкең баласының ерлігіне сүйсіне отырып:

Есіңде, балам, бар шығар,

Айтқаным Отан әмірін.

Шегінбе жаудан, жанды сал,

Шешілмек содан тағдырын! –

деп рух береді. Хатын Жәкең:

Достарыңа сәлем айт,

Жауларыңды жеңіп қайт, –

деп тілек білдіре аяқтайды. Сөйткен Алғадай шиеленіскен бір ұрыста ерлікпен қазаға ұшырайды. Қайғылы бұл хабарды Жәкеңе үкімет адамдары арнайы келіп естіртті де, көңіл айтты. «Ауыр жүкті нар көтереді, ауыр қазаны ер көтереді» дегендей, Жәкең Алғадайдың қазасын ерлікпен көтерді. Қазасы қанша ауыр болса да, уайым тартып құлдырап кетпеді, қайта баласының халық үшін, Отан үшін ерлікпен құрбан болғанын жыр етті. Жәкең майданда ерлік жасаған жігіттердің есімін естігенде «менің Алғадайым екен ғой» деп отыратын болды. Мұның бәрін еске алып жатқан себебім: ертең Жәкеңмен бас қосқанда, соғысып жатқан жігіттердің ерліктерін әңгімелеумен қатар біз Алғадай үшін де кек алып жүрміз дегенді айтуды ұмытпа деу.

– Жақсы, мұны ұмытпаймын.

Сәкеңмен осылай әңгімелесіп отырғанда түн ортасынан ауып кеткен екен. Жатып демалдық. Ертеңіне түске дейін тағы бір-екі өндіріс орнында жиналыста болдық та, түс ауа Жәкеңнің ауылына тарттық. Біз бірнеше адамбыз. «ЗИС–101» деп аталатын машинаға орыс балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Самуил Яковлевич Маршак, Қазақ ССР Министрлер Советі Председателінің орынбасары Төлеген Тәжібаев, Сәбит Мұқанов – төртеуіміз отырдық. Екінші машинада тағы бір топ адам бар.

Заулатып келе жатырмыз. Ұзынағаштан аса бергенде тас жол екіге бөлінеді екен. Бірі ілгері тарта береді де, екіншісі Жәкең ауылына бұрылады екен. Машинамыз Жәкеңе апаратын жолға түсті. Сол кезде көз ұшында екі-үш салт атты көрініп еді, олар біздің келе жатқанымызды тезірек жетіп ауылға хабарлағысы келді ме, әлдеқалай, ілгері қарай шаба жөнелді.

Күн бата машинамыз Жәкең үйінің алдына тоқтай қалды. Машинадан түстік те, қасында бір топ адамы бар Жәкеңе қарай беттедік.

– Тәте, ассалаумағалайкум! – дегенді қаттырақ айтып, Жәкеңе бірінші болып қол берген Сәкең болды. Сол ретпен басқаларымыз да амандаса бастадық. – Күтіп отырған және майданнан келген балаң мына жігіт, – деп ол Жәкеңе мені таныстырды.

– Өзім де танып тұрмын. Балам, бері келші, – деп Жәкең мені құшағына алды. Аймалап, бетімнен сүйді. – Мен сені Қобыланды батыр сияқты еңгезердей екен десем, талдырмаш қана жігіт екенсің ғой. Әлі-ақ өсіп кетесің. Жас шыбықты отқа қыздырсаң күймейді, қатаяды ғой. Сендер де сол секілдісіңдер. Ал, кәне, не тұрыс бар, үйге кірейік, – деп Жәкең қонақтарын ішке бастай жөнелді.

Жәкеңнің үйі үлкен де кең, бөлмелері көп екен. Жәкең бізді өзі отыратын бір үлкен бөлмеге жайғастырды. Қазақы дөңгелек столды айнала отырыса қалдық. Дастархан жайылып, қымыз да құйылып жатыр.

– Алты жасар бала алыстан келсе, алпыстағы шал алдынан шығар деген мақал бар екенін білсем де, – деді Жәкең қонақтарына қарап, – сонау Алматыға баруды денсаулығым көтермеді. Өздеріңді бүгін келеді деп күн ұзаққа далада тосып отырдым. Сапарларың оң болсын.

Содан кейін ірге жақта тұрған домбырасын алды да, бұрай бастады. Бәріміз ішіп отырған қымызды қоя салып, Жәкеңе қарай қалдық.

– Бұл келістерің мен үшін үлкен той, қуаныш қой. Сондықтан үйдің үш ауызын өзім айтып берейін, ал ауылдың алты ауызын мына Балуан Шолақ айтар, – деп Жәкең әзілдеп Сәбитті нұсқады. Бұған бәріміз мәз-мәйрам болып жатырмыз.

Домбырасының әуенін келтіріп алды да, Жәкең жырлай жөнелді. Ол фашистерге қарсы қаһарлана соғысып жатқан ер-азаматтардың ерліктеріне қанық та разы екенін, майдандағы жауынгерлердің халық алдындағы борыштарын тамаша ерлік істерімен орындап жүргенін әңгіме етті. Содан соң ол батырлық іс халқымыздың ежелден келе жатқан ерлік дәстүрі екенін, ертедегі Қобыланды, Ер Тарғын, кейіндегі Сұраншы, Саурық, бертіндегі Амангелді, Чапаев, Клим сияқты батырлардың ел қорғау жолында жан аямағанын, жасанған жауды талқандауда нешелер тамаша ерлік көрсеткенін еске алды. Бүгінгі батырлар да сол ерлік дәстүрді ілгері дамытып, фашистерге аяусыз соққы беріп отырғанын, осындай ерлік күрес үстінде көптеген жас батырлардың шыққанын мақтан ете жырына қосты.

Жәкең ұраны бір, тілегі бір көп ұлтты Совет халқының қаһармандық күш-қуатын, Коммунистік партияның даналық басшылығын, батырлық пен ерлік совет адамдарына ғана тән асыл қасиет екендігін жырлап отыр. Бүгінгі кеште жыр-әңгімесін ол біраз айтып та бастады. Содан кейін:

– Міне, үйдің үш ауызы осымен болды, – деді.

– Тәте, шаршап қалған шығарсыз, демалыңыз, – деді Сәкең.

– Тапқан екенсің, мұндайда шаршайтын Жамбылды, – деп Жәкең қолына домбырасын қолына қайта алды. – Бір кеш емес, бірнеше күнге жырларлықтай жайым бар. Тек өздерің шаршамасаңдар болды.

– Біз шаршамаймыз, – деді манадан бері үндемей отырған Төлеген Тәжібаев, – жырыңызды тыңдаудан жалықпаймыз да...

Осы кезде кешкі астың даяр болған хабары келді. Қонақтарына арнап Жәкең бағылан сойдырған екен. Бәріміз асқа отырдық. Төргі үйде қонақтарымен бірге болған Тезекбай (Жәкеңнің үлкен ұлы) әрқайсымызға жаутаңдап әлденеге қипақтағандай қарай берді. Оны түсіне қалған Сәкең:

– Болмайды ғой, – деп Жәкең жаққа көз тастады.

Бұлардың нені айтып, нені жұмбақтап отырғанын біле қойған баласына:

– Барың болса берсейші, – деді. Содан кейін бізге қарады:

– Мыналардың сөзі арақ туралы болып отыр ғой. Мен өзім ол пәлеге жуыған жан емеспін. Бұл үйде еш адамға арақ татыртпаушы едім. Ал бүгін рұқсат етейін. Бірақ шектен шығып кетпеңдер.

Ас ішіліп болған соң, әңгіме дүкені қайта құрылды. Ауылдың алты ауызы да, басқа өлең, ән де айтылды.

– Тәте, бағанадан бері өзіңіз сөйледіңіз, басқамыз сөйлеп жатырмыз, – деді Сәкең, – ендігі әңгімені майданнан келген балаңыздан естісек қайтеді. Жаумен соғысып жүрген батырлардың ерлігі де үлкен жыр, хикая ғой. Тыңдайық.

Мен әңгіме айтуға шорқақ адаммын. Солай болса да Жәкеңмен бас қосқан кеште майдан өмірінен біраз нәрсе айтып бердім. Фашистерге қарсы күресте совет жауынгерлерінің, соның ішінде қазақ жігіттерінің тамаша батырлық істер жасап жүргенін баяндадым. Бұған дәлел ретінде есімдері Жәкеңе таныс генерал Панфиловтың, Бауыржан Момышұлы мен Төлеген Тоқтаровтың тағы басқаларының ерліктерінен мысал келтірдім. Жәкең де, басқалар да майдандағы жауынгерлердің ерліктері сүйсіне тыңдап отырған сияқты. Бір мезгілде Жәкең:

– Әттеген-ай, Панфиловтан айырылып қалғандарың өкінішті-ақ. Оның қол астындағы жігіттердің бір командирін сақтай алмағаны бейқамдық болған екен, – деді.

– Соғыс шығынсыз болмайды ғой.

– Ол рас. Бірақ сақтықта керек шығар, – деп Жәкең бір ойын айтып салды. – Жаумен соғысып жүрген жігіттердің ерліктеріне бұдан бұрын да қанық едік. Енді оны өз аузыңнан естіп, разы болып отырмын. Осылай соғыссаңдар фашистерді тез күнде құртып шығасыңдар, оған сенемін. Менің Алғадайым да жаумен батырларша соғысқан екен, соған шүкіршілік етудемін. Айтпақшы, майданда Алғадайды кездестірген жоқсың ба?

– Алғадаймен бір бөлімде болған жоқпын. Бірақ оның ерлігіне қанықпын, сүйсініп отырамыз. Жауға қарсы талай рет атой салғанда «Алғадай үшін!» – деп фашистерден кек алғанымыз бар. Және де жаумен Алғадайша аянбай күресуді көздейміз.

– Уа, бәрекелді! Міне, осылай еткендерің жөн. Жаудан кек алу, жауды жайрата соққыға жығу үшін бірлесе қимылдаңдар, бірің бастап, басқаларың қолдап отырған шақта істерің нәтижелі болады, – деп жатыр Жәкең.

Соғыс майдандарында фашистерге қарсы ұрыс жүргізіп жатқан совет жауынгерлерінің ерліктері жайындағы әңгімеміз түн ортасына дейін созылып кетті. Мұндай әңгімені тыңдаудан жалығар кісі жоқ та секілді.

– Ал енді қонақтар демалсын, – деді Жәкең, – батырдың әңгімесін ертең де тыңдармыз. Бүгін шаршаған боларсыңдар, жатып тынығыңдар.

Ертеңіне Жәкең бөлмесіне қайта жиналдық. Жәкеңе уақытымыздың аздығын, күтіп отырған жұрт барын айтып, қайтуға рұқсат сұрадық. Ол рұқсатын берді.

– Сізге әдейі арнап сәлем беруге келген балаңыз, – деді Төлеген Жәкеңе, – енді біраз күнде қайтадан майданға аттанады. Майдандағы жігіттерге айтарыңыз, жолдайтын сәлеміңіз болса, қазір соны естиік. Және сіздің бұл сәлеміңізді мына балаңыз өзімен бірге ала кетсін.

– Дұрыс сөз, мұны өзім де түнімен ойлап шығып едім. Майдандағы жігіттерге арнаған сөзімді бұдан бұрын да талай айтқам, тағы да айтайын, қайталағанның артықшылығы жоқ болар, – деп Жәкең домбырасын қолына алды.

Жәкең майданшыларға деген сәлемдемесін жырлауға кірісті. Біз тына қалдық, тыңдай қалдық. Ол Совет жауынгерлерінің фашистерге қарсы соғыста, әсіресе Москва түбінде, Сталинградты қорғауда аса тамаша ерліктер жасағанын айта келіп, ұлы күрес пен зор айқастың әлі алда екенін ескерте жырлады. Содан кейін «майдандағы әрбір совет жауынгеріне Жамбылдың жолдаған сәлемі деп айта бар» дегені: «қасиетті Отан үшін жан аяма, басқыншы жауды жапыра соқ! Жеңіс кілті сенің қолыңда Жеңіске жету үшін керекті көмекті біз аямаймыз. Еліңе жеңіспен орал! Жеңіспен оралған күндеріңді жырлаушы өзім болам!»

– Сәлеміңізді бұлжытпай жеткізем, – дедім.

– Сөйт, қарағым! Осы айтқандарыма разы бол, амандықпен көріселік, – деп Жәкең мені құшағына алды. Сонан соң қош айтысып аттанып кеттім.

(Материал М.Ғабдуллин музейінің қорынан алынды)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар