«Манас» жырындағы қазақ тақырыбы

Қазақ пен қырғыздың достығының, бауырластығының мәнін түсінеміз. Бірақ бүгінгі жас қазақтар мен жас қырғыздар осыны қаншалықты түсінеді? Мені ойландыратын мәселе – осы. Біздің арамызды қоздырғысы келетін адамдар бар. Біреулер Абылай ханның заманындағы оқиғаларды айтады. Енді біреулер Кенесары мен Наурызбайдың тарихын қозғайды. Әрине, тарихты білу керек. Тарихты ұмытуға болмайды. Бірақ өткен тарихты бүгінгі екі халықтың арасына өшпенділік салу үшін пайдалануға болмайды. Біз тарихтан сабақ алуымыз керек. Ол бізді бір-бірімізге қарсы қоюға емес, өткенді түсініп, болашақта қателікті қайталамауға үйретуі тиіс. Қазақ пен қырғыздың арасында ғасырлар бойы қалыптасқан туыстық байланыс бар. Тіліміз жақын, діліміз жақын, салт-дәстүріміз ұқсас. Батырларымыз ортақ, жырларымыз ортақ. «Манас» жырындағы Ер Көкше бейнесінің өзі осының айқын дәлелі.

«Манас» жырындағы қазақ тақырыбы - adebiportal.kz

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында  ұлты қырғыз болмаса да «Манас» жырын айтатын жалғыз манасшы Баянғали Әлімжановты шақырған еді. Дәріс «Манас» жырындағы қазақ тақырыбы» төңірегінде өрбіді. 

– Ассалаумағалейкум, ардақты ағайын! Бауыржан жаңа «адам аз» деп қысылғандай болды. Нұртөре Жүсіптей, Ғалым Жайлыбайдай6 Рақымжан Тұрысбектей бекзат азаматтар отырғанда адам аз деуге бола ма?! Мен баяғыда концерттерде, кездесулерде айтатынмын: «Маған бір ата, бір әже, бір азамат, бір бала, сосын бір әдемі қыз болса болды. Қалғандарына қарамай сөйлей беремін», – деп. 

Мен дәріс дегеннің не екенін білмеймін. Дәріс оқуға Рақымжан Тұрысбек жақсы. Ал мен дәріс оқысам, әңгімем шым-шытырық болып кетеді. Мына Бауыржан жай жүрген кісіге, «дәріс оқыңыз» дейді. Сөйтіп, екеуміз тақырып таңдадық. Бауыржан «Манасты айтсаңызшы» деді. Әйтпесе, мен жазушы, ақын ретінде бүгінгі қазақ поэзиясы, әдебиетіміздің ойы мен қыры туралы сөйлесем бе деп ойлағанмын. Ал Баукең мені өзіме оңай, өзіме жақын тақырыпқа бұрып отыр. Ендеше барымызды айтып, сырласып отырайық.

«Манас» жырының басты қасиеті

«Манас» жыры туралы сөз болғанда, ең алдымен, «Манастың ең үлкен қасиеті, қадірі неде?» деген сұраққа ой тоқтатсақ. «Манас» жырының ең үлкен қасиеті, оның қадірлі болатыны – Манастың өмір бойы өз халқының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен батыр екендігінде. Ол ешкімнің жерін тартып алмаған, ешкімді басып алмаған, ешкімді қорламаған, ешкімге күш көрсетпеген. Бар арман-мақсаты – өз елін қорғау. Бұл бір ғана қырғыз халқының шеңберіне сыймайды, одан асып кетеді. Негізінде, эпостағы оқиғалар тек қырғыздардың ғана соғысы емес. Эпосты ашсаңыз, қара қытай, манжұр деген атаулар кездеседі. Бұларды қазіргі Қытай мемлекетімен тікелей байланыстыра беруге болмайтын шығар. Бұл Қидан мемлекетінің заманы болуы керек. Сол Қидан мемлекеті тұсындағы қытайтектес, манжұртектес, қалмақтектес халықтар мен түркітектес халықтардың арпалысы ғой, тоқ етері.

Манас күллі Тұранның атынан сөйлейді, күллі түркі халқының атынан сөйлейді. «Алаштың ұлы, бәріміз Алаш ұрығымыз, Алаштың тұқымымыз» деп сөйлейді. Міне, «Манас» жырының ұлылығы осында!

Манас тумай жатып қуғын көрген. Қаған, Қаңғай, Қидан, Қытай, Манжұр деген атаулар бар. Бұлардың тарихи байланыстары туралы әртүрлі пікір айтуға болады. Мен өз нұсқамды жазғанда «Қидан-Қаңғай» деп алдым. «Қидан» деген сөз ұйқасқа да жақсы келді. Сондықтан көп жерде осы атауды қолдандым. Манас батырдың жорығы да, күресі де осы халықтармен арадағы тартыстарға байланысты өрбиді. 

Манас дүниеге келмей тұрып-ақ қағанның бал ашатын адамдары: «Манас деген батыр дүниеге келеді де, сенің тағыңды тартып алады», – деп болжам айтады. Содан сол жылы туған қырғыз балаларының бәрін қырып жоймақ болып, Манасты іздей бастайды. Сөйтіп, Манастың шын атын жасырып, оған «Шоң жынды» деген ат қояды. Ол он екі жасқа келгенше жасырын өсіреді. Осылайша Манас тумай жатып жауымен арпалысқан, тумай жатып қуғын көрген батыр!

Қырғыз бен қазақ 

Енді Манастың біз үшін қызықты екінші бір қырына тоқталайық. Қырғыздың қашан да қасында жүрген, айырылмас қанаттасы – қазақтар, Қазақ хандары! Манас пен Ер Көкше кішкентай күндерінен бірге ойнап өседі, бірге ержетеді. Алтайда бірге жүреді. Қазақтың да арманы сол – ешкімге тәуелді болмау, азаттық үшін күресу. Сөйтіп, қазақ пен қырғыздың арманы үйлесіп, екі халық тізе қосып, қанаттасып, сыртқы жаулармен соғысады. Міне, осы тұста Ер Көкше туралы айтуымыз керек. Қазір «Манас» жырын толық оқыған адамдар аз. Бұрынғылардың да толық оқығандары шамалы шығар. Біздің ұрпақ кезінде қазақша аудармасынан оқып өсті. Ал қазір ол кітаптар кітапханалардың қорында жатыр. Көп адамның қолына тие бермейді. Оның үстіне көлемді жырды толық оқып шығу да оңай емес. Сондықтан кейбіреулер Ер Көкшені Манастың қырық чорасының бірі деп ойлайды. Олай емес! Манас қырғыздың ханы болса, Ер Көкше – қазақтың ханы. Екеуінің дәрежесі тең. Екеуі де хан!

«Чора» деген атау көне түркі жазбаларында да кездеседі. Күлі-чора, Бойын-чора деген атаулар бар. Чора – хан мен бектің арасындағы лауазым, дәреже.

Ал Манастың қырық шорасы, қазіргі тілмен айтқанда, оның жеке гвардиясы. Олар – ханнан кейінгі ел ұстап тұрған, өзіндік дәрежесі бар таңдаулы адамдар, элита.

Енді Ер Көкше батырға, жалпы қазаққа қатысты бір сөзді айтып берейін. Осы сөзді тапқанда мен қатты қуандым. «Айкөлдің ақ жолын» жазып жүргенде Манастың аузына мынадай сөз салдым:

Қырғызға жақын ауыл көп,

Ішінде талай тәуір көп,

Бір ойлап, бірақ қарасаң,

Қазақтан асқан бауыр жоқ, - деп жаздым да, ойланып қалдым. Ертең қырғыздар не дейді, қазақтар не дейді? «Мұны өз ойынан шығарған екен» деп жүрмей ме? Сөйтіп жүргенде «Манас» жырының Бағыш Сазановтың нұсқасынан Манас батырдың өз сөзін тауып алдым. Онда былай дейді:

«Кармасып жүрүп каапырга,

Канчалык кылсам көрбөдүм,

Казактан бөлөк жөлөкті», - дейді.

Мұндағы «жөлөк» деген қырғыз сөзі – тірек деген мағынаны білдіреді. «Ойда тұрсам өбөгүм, қырда тұрсам жөлөгүм» деген сөз бар. Яғни тірегім дегені. Сонда Айкөл Манас батырдың өзі: «Қазақтан бөлек тірегім жоқ!» – деп айтып кеткен екен ғой! Бұл мен үшін үлкен жаңалық болды. Қазір бір қырғызбен осы тақырыпта сөйлессем: «Әй, Манас атаңның өзі қазақтан жақын тірегім жоқ деп айтып кеткен!» – деймін.

Қазақ рулары мен жер-су атаулары

Қазақ пен қырғыздың арасындағы бірлік – «Манас» жырының үлкен тақырыптарының бірі. Жырдағы қазақ тақырыбына келсек, онда Қазақ хандығыы мен Қырғыз хандығының қалай қалыптасқаны, Алтайдан бері қарай көшіп, арпалысып жүріп, қалай ел болғаны суреттеледі. Сол ел болу жолындағы оқиғалардың бәрі жырда айтылады.

Мұнда қазақтың жер-су атаулары, кісі есімдері, ру атаулары өте көп кездеседі. Арғын да бар, Алшын да бар, Жаппас та бар, Найман да бар.

Мысалы, Сағымбай Оразбақовтың нұсқасында 400-500 этноним бар екен. Яғни халықтар мен ру-тайпалардың атаулары. Не деген ғажап! Соншама атауды жаттап, жырдың ішінде қалай жеткізген?! Топонимдер, жер-су атаулары қаншама! Солардың ішінде қырғыздан кейін ең көп аталатын халық – қазақ.

Мұхтар Әуезовтің «Манас» жырын қорғауы

Біздің жас кезімізде «Манас» жырының қазақша төрт томдық тамаша аудармасы болды. Ол 1961 жылы шыққан. Бірінші томы 47 мың данамен, ал екінші, үшінші, төртінші томдары 31 мың данамен басылып, бүкіл ауылға тараған. Біз «Манасты» сол кітаптардан оқып өстік. Ол кітаптың жарық көруіне Мұхтар Әуезовтің тікелей қатысы бар. 1952 жылы Қырғызстанда «Манас» жырына байланысты үлкен ғылыми конференция өтті. Сол кезде жырды «пантүркістік, панисламистік, байшылдық, феодалдық туынды» деп айыптап, халықтық мұра ретінде тануға қарсы шыққандар болған. Үлкен дау туады. Қырғыздың мықты азаматтары жырды қорғауға күш салды. Саяқбай Қаралаев та, академик Болот Юнусалиев те күресті. Бірақ Мәскеудің саяси ықпалы күшті болып, жырға қарсы пікір басым түсіп бара жатқан кезде Мұхтар Әуезов сөз сөйлейді. Мен мұны Шыңғыс Айтматовтың өз аузынан естідім. «Ай маңдайлы қазақтың жазушысы орнынан тұрып, өзінің ғылым-білімімен, зердесінің күштілігімен дәлелдеп, «Манастың» халықтық жыр екенін қорғап қалды!», - деген еді.

Сөйтіп, қырғыздар «Манас» халықтық жыр ретінде сақталып қалғанына қуанды. Қырғыз халқының Әуезовті ерекше жақсы көретіні де содан. Бірақ Әуезов өте ақылды, білімді адам ой. Ол бірден қарсы шабуылға шықпай: «Иә, жырда артық кеткен тұстар бар. Оларды алып тастап, кеңестік нұсқасын жасайық», – деген ұстаным білдірген. Сөйтіп, жырды сақтап қалудың жолын тапқан. Ақырында қырғыздар 1958 жылы Бішкекте «Манастың» құрастырылған төрт томдық нұсқасын шығарды. Ол кейін кең тараған классикалық басылымдардың біріне айналды. Сол кітапты біздің классик ақындарымыз бірігіп қазақ тіліне аударған. Бірақ ол «үкіметтің көзқарасы оң болып тұрғанда шығарып үлгерейік» деп асығыс шығарылқандықтан біраз қшалағайлықтар да бар. Дегенмен біздің Манас жырына деген махаббатымызды оятқан сол кітаптар болды. Бұл рухани қазына. 

Ер Көкшенің қалмақ батырымен жекпе-жегі

Бірақ сол құрастырылған нұсқада Ер Көкшеге қатысты көптеген оқиғалар қысқарып қалған екен. Соның ішінде Ер Көкшенің бір ерлігі айтылады. Қашалық деген қалмақ батырымен жекпе-жекке шығады. Екеуі найзаласады, қылыштасады. Бірақ бірін-бірі жеңе алмайды. Содан кейін садақпен атысуға келіседі. Қалмақ батыры Ер Көкшеге: «Сен тұр, алдымен мен атайын», – дейді. Сөйтіп, Көкшені тұрғызып қойып, садағын қолға алады. Жырда осы көрініс былай суреттеледі:

Көктей болған көк күтік,

Көтеріп қолға алғаны.

Өтімді болсын оғым деп,

Дөкөрсіген қазақтың

Шығарамын боғын деп,

Қытайдың қызыл дәрісін

Қырып-қырып салғаны, - деп келеді.

Сөйтіп, қалмақ батыры қаруын кезеп, оқ атады. Бірақ оқ қасқайып тұрған Ер Көкшенің төбесінен екі елі жоғары өтіп кетеді. Ал енді Ер Көкшенің ату кезегі келгенде, әлгі қалмақ батыры шыдамай қаша жөнеледі. Ер Көкше оның соңынан атып, әуелі оң қолын талқандайды. Содан кейін қуып жетіп, ақыры өлтіреді. Бұл – Ер Көкшенің жырда суреттелген ерліктерінің бірі ғана.

Сөйтсек, төрт томдыққа енбей қалған басқа нұсқаларда Ер Көкше туралы керемет оқиғалар бар екен. Оның ерліктері, жекпе-жектері, Манаспен қарым-қатынасы кеңінен суреттеледі. Түптеп келгенде, Манас пен Ер Көкше бөле болып шығады. Екеуінің де шешелері Естек елінен, Бұлғархан әулетінен тарайды. Оның үстіне, екеуі бажа да болып шығады. Екеуі де Бұқар елінің қыздарына үйленген. Көкшенің әйелі – Ақеркеш, Манастың әйелі – Қаныкей Темірханның қызы. Сөйтіп, екеуінің арасында туыстық та, достық та байланыс бар. Олар бір-бірімен әзілдеседі, кейде тартысып та қалады.

Енді Алмамбет батыр туралы айтайық. Алмамбет – тегі қытай батыры. Жырда Түп Бейжін және Шет Бейжін деген атаулар кездеседі. Түп Бейжін – қазіргі Бейжің, яғни Пекин болуы мүмкін. Ал Шет Бейжін – қырғыздарға жақын орналасқан Бесбалық қаласы болуы ықтимал. Сол елдегі Азиз ханның жалғыз ұлы болып Алмамбет дүниеге келеді. Ол сиқыр ілімін үйренеді, айдаһардан тәлім алады, асқан батыр болып өседі. Кейін қытайлармен егесіп, өз елінен кетуге мәжбүр болады. Сөйтіп, түркі халықтарының арасына келеді. Ал түркі халықтарының арасына келгенде ең алғаш оны қарсы алған Ер Көкше батыр болған.

Ертістің бойында, Қарасұр төбенің түбінде Алмамбеттің алдынан аты таудай, айбынды бір батыр шығады. Оның келбетіне сүйсініп, қарсы алады. Сөйтсе, ол Ер Көкше екен. Ер Көкше Алмамбетті қазақтың ішіне алып келеді. Қазақтар оны құшақ жая қарсы алады. Алмамбет те қазаққа қызмет еткісі келеді. Елдің жауларына қарсы шығып, айдап кеткен жылқыларын қайтарып береді. Бірақ осы кезде қазақтың алпыс биі Алмамбетті жақтырмай қалады. Олар бұрын ағайын арасындағы дауларды шешіп, ел ішіндегі билікті өз қолдарында ұстап келген. Ал Алмамбет келгеннен кейін жағдай өзгереді. Сөйтіп, билер Алмамбет пен Ер Көкшенің әйелі Ақеркештің арасында бірдеңе бар деген қаңқу сөз таратады. Осы сөзге сенген Ер Көкше ашуға бой алдырады. Ақыры Алмамбет батыр ренжіп, елден кетуге бел буады.

Кетіп бара жатқанда Ақеркеш:

– Батыр, қайда кетіп барасыз? – деп сұрайды.

Сонда Алмамбет:

Терек көрсем қонармын, аяш,

Тербелмей мені көтерсе,

Тағы осы жерде болармын.

Қайың көрсем қонармын, аяш,

Қайыспай мені көтерсе,

Осы жерде болармын...,– деп жауап береді.

Сөйтіп, Алмамбет кетіп қалады. Ертеңінде Ер Көкше есін жиып, Алмамбетті шақыртады. Бірақ Алмамбет жоқ. Сонда Ер Көкше қатты өкінеді. Яғни өзінің сенімді серігінен, үлкен батырдан айырылғанын түсінеді. 

Ал Алмамбет болса, Манасқа барады. Кейін Манастың ең сенімді қолбасшысы, бас стратегіне айналады.

Көкөтайдың асы

Енді Көкөтайдың асына келейік. Көкөтай хан дүниеден өткеннен кейін оған қырық күндік ас беріледі. Сол асқа алыс-жақыннан небір батырлар, балуандар жиналады. Солардың арасында қытайдың Жолой деген алып балуаны болады. Жолойдың денесі сондай зор екен. Екі иығына қарасаң, екі үйшік қонғандай. Арқасына қарасаң, ат шаптырым даладай. Оны көрген адамның зәресі ұшады. Ешкім онымен күресуге батылы бармайды. Сонда жасы сексен беске келген Ер Қосай: «Мен шығамын!» – дейді. Жұрт таңғалады. Осындай алып балуанға сексен бес жастағы қарт қалай қарсы шықпақ? Бірақ Ер Қосай алған бетінен қайтпайды. Енді күреске түсейін десе, лайықты шалбар табылмайды. Қарт батырдың денесін жауып тұратын, күреске жарайтын берік киім керек. 

Сонда Манастың әйелі Қаныкей дайындаған, Ер Көкшенің әйелі Ақеркеш сақтап жүрген қандағай табылады. Қандағай – батырлар киетін, теке терісінен иленген ерекше берік шалбар. Оны киіп күреске түскен адамның киімі жыртылмайды, қозғалысына кедергі болмайды. Ер Қошай сол қандағайды киіп, Жолоймен белдесуге шығады. Жұрт демін ішіне тартып қарайды. Ақыры қарт Ер Қосай алып Жолойды көтеріп ұрып, жеңіске жетеді. Бұл – үлкен ерлік!

Жеңістен кейін Ер Қосай Манас пен Қаныкейге қолын жайып бата береді.

Құдай сендерге бір ұл берсін!

Оның аты Семетей болсын!

Семетей атасындай шер болсын!

Манастың тұқымы таусылмасын,

Ұрпағы ер болсын!

Міне, осы бата – «Манас» эпосындағы ең әсерлі, рухани мағынасы терең көріністердің бірі. Бұл жерде ұрпақ жалғастығы, елдің болашағы, батырлық дәстүрдің үзілмеуі туралы үлкен идея жатыр.

Чоң казат және Шыпшайдар мерген

Енді жырдың ең қайғылы тұсына келейік. Бұл – «Чоң казат», яғни Ұлы жорық. Манас бастаған бүкіл Тұран елі үлкен жорыққа аттанады. Бұл – қырғыздардың өз шекарасынан шығып соғысқан ерекше жорығы. Бастапқыда қазақ пен қырғыз қолы жеңіске жете бастайды. Бірақ осы кезде қарсы жақтан Шыпшайдар деген сұмдық мерген шығады. Қазіргі тілмен айтқанда, нағыз снайпер. Ол мергендік өнерді жетік меңгерген, көздегенін мүлт жібермейтін адам. Алмамбеттен де артық оқыған, әскери өнердің қыр-сырын жақсы білетін мерген ретінде суреттеледі. 

Шыпшайдар жалғыз өзі талай батырды атып түсіреді. Алмамбет, Сырғақ, Чубақ сияқты атақты батырлар оның оғынан қаза табады. Біздің Ер Көкше де осы шайқаста оққа ұшады деп баяндалады. Шыпшайдар оны маңдайынан дәл көздеп атады. Сөйтіп, батырлар бірінен соң бірі шейіт болады. Манас батырдың өзі де ауыр жараланады. Оған Қоңырбайдың найзасы тиеді, кейін оқ тиеді. Ауыр жараланған Манас елге қайтып келе жатқанда дүниеден өтеді. Бұл – жырдың ең үлкен трагедиясы.

Осы оқиғаларға байланысты кейбір нұсқаларда Ер Көкше сол шайқастан аман қалып, кейін Манастың сүйегіне түседі деп те айтылады. Адамның сүйегіне түсу – қазақ пен қырғыздың дәстүрінде үлкен сенім мен құрметтің белгісі. Мұндай қасиетті міндет ең жақын, ең қадірлі, ең сенімді адамға ғана тапсырылған. Бұл да Манас пен Ер Көкшенің арасындағы туыстық пен достықтың қаншалықты терең болғанын көрсетеді.

«Манас» жырын зерттеген қазақ зиялылары

Енді «Манасты» зерттеген, жазып алған, насихаттаған қазақ зиялылары туралы айтайын. Бірінші кезекте әрине, Шоқан Уәлиханов.  1856 жылы Шоқан Ыстықкөлге барған сапарында үлкен манасшыдан «Көкөтайдың ертегісін» жазып алған. Бұл қырғыздың ауыз әдебиетін хатқа түсірудегі алғашқы ірі еңбектердің бірі болуы мүмкін. Шоқанның еңбегі ерекше.

Ол жырды жазып алып қана қойған жоқ, ғылыми тұрғыдан таныстырды. Орыс тіліне аударып, «Манас» деген ұлы эпостың бар екенін әлемге танытуға үлес қосты. Сондықтан Шоқан Уәлихановты «Манасты» ғылыми тұрғыдан зерттеген алғашқы ғалымдардың бірі деп айтамыз.

Екінші үлкен тұлға – Мұхтар Әуезов. Оның еңбегін жаңа айттық. 1952 жылғы қиын кезеңде «Манас» жырын қорғап, оның халықтық сипатын ғылыми тұрғыдан дәлелдеген адам.

Үшінші – Әлкей Марғұлан. Әлкей ағамыз Шоқан жазып алған нұсқаны зерттеп, оның факсимилесін жариялауға еңбек сіңірді. «Шоқан және Манас» деген үлкен зерттеу жазды.

Одан кейін Мағжан Жұмабаевты да айтуымыз керек. Мағжан да қырғыз халқының рухани мұрасына ерекше көңіл бөлген. «Манас» жырын жазып алу мәселесіне назар аударған, қырғыз тақырыбына өлеңдер арнаған. Рахманқұл Бердібаев ағамыз «Манас» жыры мен қазақ эпостарының ұқсастығын зерттеді. Ол қазақ пен қырғыздың эпикалық дәстүріндегі ортақ белгілерді ғылыми тұрғыдан қарастырды.

Әбіш Кекілбаев та «Манастың» мың жылдығы кезінде терең ойлар айтты. Оның толғамдары да ерекше.

Жалпы, қазақ зиялыларының арасында «Манас» туралы бір ауыз пікір айтпаған адам жоқ деуге болады. Өйткені «Манас» – қырғыз халқының ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің ортақ рухани қазынасы.

Мен бала кезімнен «Манас» жырын сүйіп өстім. Мейрамбай деген ағам бар еді, он тоғыз жасында қайтыс болды. Сол ағам маған «Манасты» оқытатын. Бірде ол: «Бізге қырғыздан жақын халық жоқ», – деген еді. Осы сөз менің жадымда мәңгі сақталып қалды. Содан бері қырғыз халқына, оның ұлы эпосына деген ықыласым ерекше болды. Мен қырық жылдан астам уақыт «Манас» жырын айтып келемін. Осы уақыт ішінде ешкімнен бір тиын ақша сұраған емеспін. Бұл – менің жүрегімнің қалауы, рухани парызым. Бір күні «Манасты» қазақша қайта жырласам қайтеді? Қазақ оқырманына түсінікті, қазақтың жыр дәстүріне жақын, бірақ түпкі мазмұны мен рухын сақтайтын нұсқасын жасасам қалай болады? деген ой келді. Сөйтіп, тәуекелге бел будым. «Манас» жырының әртүрлі нұсқаларын оқып, салыстырып, зерттеп, қазақша қайта жырлауға кірістім. Ақыры «Айкөлдің ақ жолы» деген қазақша дастан жазып шықтым.

Бұл – мен үшін үлкен еңбек, үлкен жауапкершілік болды. Қырғыз ағайындар бұл еңбекті ерекше қабылдады. «Бұл – тарихи оқиға. Бұрын-соңды болмаған еңбек», – деп бағалады. Бішкекте өткен таныстырылымда  қырғыз елі маған ерекше құрмет көрсетті. Екі бөлмелі пәтер сыйлады. Тоқтағұл атындағы мемлекеттік сыйлық берді. Мұның бәрі – қырғыз халқының қазақ халқына, қазақтың рухани дүниесіне деген құрметі деп білемін. Мен бұл еңбегімді екі бауырлас халықтың достығына қосқан үлесім деп есептеймін.

Біз – зиялы қауым өкілдеріміз. Қазақ пен қырғыздың достығының, бауырластығының мәнін түсінеміз. Бірақ бүгінгі жас қазақтар мен жас қырғыздар осыны қаншалықты түсінеді? Мені ойландыратын мәселе – осы. Біздің арамызды қоздырғысы келетін адамдар бар. Біреулер Абылай ханның заманындағы оқиғаларды айтады. Енді біреулер Кенесары мен Наурызбайдың тарихын қозғайды. Әрине, тарихты білу керек. Тарихты ұмытуға болмайды. Бірақ өткен тарихты бүгінгі екі халықтың арасына өшпенділік салу үшін пайдалануға болмайды. Біз тарихтан сабақ алуымыз керек. Ол бізді бір-бірімізге қарсы қоюға емес, өткенді түсініп, болашақта қателікті қайталамауға үйретуі тиіс. Қазақ пен қырғыздың арасында ғасырлар бойы қалыптасқан туыстық байланыс бар. Тіліміз жақын, діліміз жақын, салт-дәстүріміз ұқсас. Батырларымыз ортақ, жырларымыз ортақ. «Манас» жырындағы Ер Көкше бейнесінің өзі осының айқын дәлелі. Қазақтың батыры қырғыздың ұлы эпосында ерекше орын алып отыр. Манас пен Ер Көкше бір-біріне сүйеніш болған. Екі халық сыртқы жауға қарсы бірге күрескен. Олардың арманы бір болған. Ол – азаттық, тәуелсіздік, елдің амандығы. Бүгінгі ұрпақ осыны түсінуі керек.

Қазір екі халықтың арасына от тастағысы келетін арандатушылар да бар. Сырттан ақша алып, қазақ пен қырғызды бір-біріне айдап салғысы келетіндер кездеседі. Жастар сондай арандатуға ермеуі керек. Бір халықты екінші халыққа қарсы қою ешкімге жақсылық әкелмейді.  «Манас» жырының өзінде: «Казактан бөлөк жөлөк көрбөдүм» яғни «Қазақтан бөлек тірегім жоқ», – деген сөз бар. Бұл – жай ғана сөз емес. Бұл – екі халықтың ғасырлар бойғы бауырластығының көрінісі. Біздің міндетіміз – осы достықты сақтау. Қазақ пен қырғыздың арасындағы бірлікті нығайту. Кейінгі ұрпаққа осыны жеткізу. Өйткені біз – тамыры бір, тарихы ортақ, тағдыры сабақтас халықтармыз. Осы бауырластықты сақтау – бәріміздің қасиетті борышымыз!

Түйін: Қырғыз ғалымдарының айтуынша Манас жырының 80-нен астам нұсқасы бар. Мысалы, Саяқбай Қаралаевтың нұсқасы – 503 мың өлең жол. Жүсіп Мамайдың нұсқасы 18 том кітаптан тұрады. Сағымбай Оразбақов «Манастың» бірінші бөлімін ғана жаздырып үлгерген. Оның нұсқасы – 180 мың жол. Бағыш Сазан уулуның нұсқасы – 100 мың жол, Мәмбет Чокморовтың нұсқалары – 400 мың жол. Ыбырайым Абдырахмановтың нұсқалары да 100 мың жолды құрайды. Ал Тоғолоқ Молдоның нұсқасын қосып, қалғанын өзің есептей бер.

Енді бір қызық айтайын. Сол томдардың бәрінің негізінде бір ғана Манас жатыр. Батырдың өмір тарихы, басынан кешкен оқиғалары ортақ.  Бірақ әр нұсқаның өзіндік ерекшелігі, бір-бірінен айырмашылығы бар. Әркім өзінше жырлаған. Қысқасы, өзеннің бастау көзі мен құяр жері бір болғанымен, оған дейінгі ағысы әртүрлі ғой. Нұсқалар да сол сияқты. Жаңа айтқанымдай бір нұсқада ел қоршауға түссе, екіншісінде Манас соғыста қаза болады, енді бірінде жеңіске жетеді. Оқиғалардың баяндалуы әр нұсқада әрқалай. Ал сол 80-нен астам нұсқаның бәрі менің қолымда жоқ. Олардың көбі әлі кітап болып шықпаған, Қырғызстанның архивтерінде жатыр. Жаңа нұсқалар әлі де табылып, жарық көріп жатыр.

Ал біздің санамызға сіңіп, негізгі нұсқа ретінде қабылданып кеткені – баяғы төрт томдық. Оның қырғыз тіліндегі нұсқасы да менің қолыма түсті. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Той-қазына

19.10.2026

1151

Taza Qazaqstan