Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, жазушы, киносценарист Мұнайдар Балмолданы көпшілік 1991 жылғы Орал оқиғасынан біледі. Бұл казактар тарапынан Оралды автономиялық қылып бөліп алуға қатысты сепаратистік ұрандар естіліп жатқан кез, казактардың Ресейге қызмет еткеніне 400 жыл толуын тойламақшы болып, одан әрі билеп-төстеп кете жаздаған сол шақта алаңда болып, бірнеше күн бойы аштық жариялап, қазақтың рухын көрсеткендердің бірі осы Мұнайдар Балмолда еді. Сонымен бірге бұл кісі жазушы. «Көкбөрі», «Ақ тұлпар», «Он төрт», «Адамның хикмет кеудесі», «Дала көкжалы», «Арлан», «Күй», «Азу», «Абадан», «Жалқара», «Баянқара», «Бөріде не арман бар?» т.б. кітаптары жарық көрген. Қаламгер негізінен туған жер тарихын, қазақтың қасиетті ұғымдарын қаламына арқау етеді.
Жуырда Мұнайдар Балмолданың 55 жасқа толуына орай туған жерінде көптеген іс-шаралар өтті, осыған орай қаламгердің өзімен сұхбаттасқан едік.
- Мұнайдар аға, жақында Оралдағы Атамекен үлкен өнер шаңырағында «Махаббат бер маған, тағдыр» атты үлкен кешіңіз өтті, Н. Островский атындағы театрда қойылған «Кітапқа бай үй» деп аталатын Қадыр Мырза Әліге арналған пьесаның авторы да өзіңіз екенсіз. Жұбан кітапханасында оқырмандармен керемет кездесу болыпты, осындай кездесулер шығармашылық адамына қалай әсер етеді екен?
- Негізі бұл мезгілде көп нәрсе қаңтарылып жатады ғой, басқасын айтпағанда бюджеттің өзі де, ал біздің айтулы "Махаббат бер маған, тағдыр" атты поэзиялық картинамыз, яки шығармашылық кешіміз бен екі романымыздың тұсаукесері осындай қиын шақта жүзеге асты. Аллаға шүкір, елдің азаматтарының көмегімен жоспарлы іс-шаралар елдің игілігіне айналды. Бұған мен тек қуанам, риза болам! Ел-жұртқа, оқырманға пайдамыз тисе, қазағымның руханиятын байытуға өз шығармаларыммен үлес қоссам, сол шын асыл мұрат. Қадыр ағам айтпақшы, "Маған түк те керек емес - сенсеңіз!" Көңіл-күй ауаны осы, Абай хакімге құлақ асқан жан сарайым "Пайда ойлама, арды ойланың" ау-жайында. Иә, кешімде шетелде жүрсе де уақыт тауып, мені Димаш інім, бауырым құттықтап, бейнеролик жіберді. Бұл да елдің мерей-рухына үлкен серпіліс берер қуаныш, жақсылық.
- Оралдағы 1991 жылғы казактар көтерілісінде Жайық жұртының тұтастығы үшін тәуекел етіп алаңға шығып, аштық жариялап, ұлт намысы үшін тас жұтуға дайын екендігін көрсеткен азаматтардың бірі едіңіз. Кезінде бұл жайында «Алтын Ордаға» сұхбат алғанымыз бар, тарихи фотолар да бар, бірақ осы оқиғаға тарихи баға берілмейтін секілді, мысалы, Қазақстан тарихындағы осы кезең жайындағы материалдарға көңіліңіз тола ма?
- Кейбір кісілер ел басына күн туып, ұлт ұнжырғасын түсірген кездегі менің сол бір іс-әрекетімді жастықтың оты, албырттықтың аптығы көреді. Ол олай емес! Құдай бетін ары қылсын, алайда сондай күн туса мен сол істі қайталауға, одан да бетеріне баруға ойланбастан бас тігер едім! Бұл менің жоғары мақтанмен, пафоспен айтқаным емес, бұл бар болмысым, жан-жүрегімнің үні, рухымның дауысы осы! Иә, оқиғадан соң елдегі біраз басылымдар 1991 жылғы Орал оқиғасы жайында жарыса жазды. Соның ішінде Мейірхан Ақдәулетұлының басшылығымен шыққан "Алтын Орда" ұлт басылымы да бар және бұл газет аталған тақырыпты ашып көрсетуде мейлінше батыл кірісті. Өкінішке қарай, тарихи оқулықтарда Орал оқиғасы жоқ. Тарихшы ғалым Кеңес Нұрпейісов ағамыздың ақыл-кеңесімен 8 сыныптың тарих кітабында болған, шағын ғана мәлімет. Қазір ол да алынып тасталған. Ресми тарихта ұшты-күйлі жоқ деуге болады.
Оның себебін мен мынадан көремін. Елімізге отыз жыл ұрдажық өпірем билік жүргізген, о баста таққа жалған жолмен келген Нұрсұлтан Назарбаев сайлау алдында Оралға келген сапарында: "Оралда болған текетіреске нендей баға бересіз?" деген сұраққа: "Орал оқиғасы - шіріген бір жұмыртқа. Оны сөз етуге келмейді" деді. Міне, өзі сол 1991 жылдың ызғарлы қыркүйегінде Қарабақта әзербайжан мен армияндардың арасына татулық орнатам деп, бітімгершіл мақсатта жүрген болды. Ал өзі басқарып отырған елдің батысын жау бөліп алып, казачествоның автономиясын құрғалы тырысып жатты. Қазақ халқы егемен елдің батыс аймағын қарумен жасанып келген дұшпаннан жалаң қол, жалаңаш жүрекпен қорғап қалды! Бұл Назарбаевқа "шіріген жұмыртқа" болыпты! Осы себептен әлі күнге саяси бағасы берілмей келеді.
Желтоқсан, Жаңаөзен, Қыркүйек, Қаңтар деген атаулар қазақ тарихының ақтаңдағы. Біршама айтылған, жазылған. Алайда осы оқиғалардың біреуінде Назарбаевтың атына қатысты нашар пікір, сөз жоқ. Неге? Ол Оралға келгенде оған казактар сый-сияпат жасап, өздерінің "құрметті атаманы" етіп сайлап та алғаны бар. Назарбаев қазақ ұлтын тұқыртудың нағыз шебері болды. Мен бұндай сөзді бүгін емес, бұдан бұрын, ол тақта отырғаннан бері айтып келемін. Иә, ілгеріде бояуы сәл өңсіз болған болар, оны мойындаймын, бірақ уақыт өте келе көп нәрсеге көзіміз жетіп жатыр, енді ашығын айтпасақ, қашан айтамыз? Сондықтан мен Орал оқиғасы қақында деректі телефильм дайындадым, пьеса жаздым, өлеңдер топтамасы бар, мақала мен әдеби әңгімемізді ақыры "Азу" атты төрт томдық романда қаузадық. Бірақ мұның бәрі аз, аздық етеді. Марқұм Орынбай Жәкібаев аға, ақтөбелік дәрігер Нұрлыбай Қошаманұлы бірнеше кітап жазды. Аракідік тілшілер сюжет түсіріп, эфирден таратады.
Мұның барлығы Қожекеңнің, "Ей, теңіз, тұщы су мынадай болады, дәмін татып көр!" деп бұлақтың суын көсіп алып, ащы дарияға шашқанындай ғана әрекеттер. Мардымсыз. Арғысын жылы жауып қойғызды, 300 жыл болған Ұлы Отан соғысы туралы жұмған ауызымызды ашпай өтіп барамыз, қазақ пен жоңғар соғысын айтам, 1916 жылғы қазақ пен орыстың арасындағы шайқасты да әдемі айналып өттік. Аштық пен қуғын-сүргін тақырыптарын да айтқан, жазған болып, бәрінен әдемі-әдемі түрде сырт айналып, асып кетеміз. Құдды соның барлығы қазақтың басында болмағандай, қазақтың тарихына қатысы жоқтай жыл сайынғы жалаулатпа жолдаулар мен ұрандатып, сүрініп-қабынып, өлерменденіп, көзіміз өткенді де, өтіп бара жатқанды да көрмей, шапыраштанып, алға төпеп басып барамыз. Арғымызға осылай қарасақ, бергімізге бүйрегіміз бұрылған ба? Жоқ. Бұл да сол. "Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады" деген ата тарихтың тағылымын қаперге алмадық. Басқа-басқа, ұлттың рухын көтеретін осыдан 38 жыл бұрынғы Желтоқсанды, 33 жыл бұрынғы Орал оқиғасын әлі күнге сондай асқақ сезіммен айта алмай келеміз. Жаза алмаймыз. Оқиғаның бел ортасында болғандар өмірден өтіп жатыр. Ер Махамбет, Ер Бауыржандар өзінің өмірі мен ұлтқа істеген қызметін бірі өлеңімен, бірі естелігімен кейінге қалдырғаны сияқты біз де өз шығармаларымызбен аруақты аталар кеткен көштің соңынан ілесетін шығармыз. Басқа не жұбаныш? Қазағымның тілі әлі мұңды. Ділі түрік пен араб шатыс. Діні тағы солай. Алаштың айбоздары мемлекет мықты болып тұру үшін ошақтың үш бұтындай, оның тілі, ділі және діні үстем болмақ керек деп өсиеттер кетті. Бізде осы үшеуі де шатқаяқтап тұр. Қаңтарда өз отымызға өзіміз күйіп, өртене жаздадық. Қасірет тарттық. Неге? Міржақыптың: "Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты! Өткізбей қараңғыда бекер жасты! Жер кетті, дін нашарлап, хал һараб боп, Қазағым, енді жату жарамас-ты!" дегенінен бері арада жүз жылға да жетпейтін уақыт өтіпті. Сол заманғы күй - бұл заманғы күй. Осы. Айтатындар табылар, «жер кеткен жоқ, дініміз бар, хал шүкір»,- деп. Бірақ неге мен тәуелсіз ел болсам, қытайы, тағы басқасы жерімде талтаңдай басып, оны саудаға салады? Дінім неге ала-құла? Халім нешік? 20 млн. халық бір қаланың тұрғыны. Бір қаланың тұрғынын бақытты қылуға болады ғой?! Қымбатшылықпен ауық-ауық қысады, наразы болып, көшеге шықсаң, қамайды, азаптайды, халыққа алым-салықты үстемелеп сала береді. Арғысын емес, бергісінен қайырсам, жүз жылдық соғыстар мен орыс отаршылдығынан көз ашпаған, маңдайының соры бес елі қазағым 1991 жылы тәуелсіздік алдым, енді өз қолым өзімнің ауызыма жетеді деп күтті. Жоқ. Олай болмады. Тіл де, діл де, дін де, ұлтымыздың өзі де тапауда қалды. Бізге өмір, күш-қуат беріп тұрған нәрсе ол Ұлт болып ұйыса білгеніміз. Ұ - Ұлыққа (Ұлылыққа) Л - Лайық. Т - Тек. Ал бұдан шығатын Текке келсек,Т - Тамыры, Е - Ерекше, К - Күш. Осындай мән мен маңызға ие қасиет біздің халықты Құдай алды сақтап келеді. Жұбан атам: "Мың өліп, мың тірілген қазақпыз"деп осыны білген соң айтқан. Біз соны қайталаушымыз.
- Шығармашылыққа ең алғаш ден қойған кезде діни бағытта әңгімелер жазып жүрдіңіз. Адамгершілік, қанағат, сабыр жайында айтатын сол әңгімелерден кейін көлемді дүниелер жаза бастадыңыз, қасқырлар, жылқы тақырыбы бар. Ал соңғыда жазып жатқан «Ақжібек» романыңыздағы оқиға колхоздастыру, аштық жылдарындағы елдің басынан өткені, соның ішінде өзіңіз туған жердің тарихын қамтитындай көрінді. Жалпы идея қалай келеді?
- Идея ата тарихтан, өскен ортадан, оқыған-түйгеннен, көп жүріп, көп сұрағаннан, ең бастысы ұлттың уызына жарып өскен ұл болғандықтан болады дер едім. Иә, рухани сарындағы, оның ішінде дінмен астарланған әңгімелерден, тақырыптан алыстап кетпедім, қайта сол алғашқы тамыр басуды үлкен хикаяттарға, ақыры романдарға айналдырдым деп білем. Шыны солай. Егер менің сен айтқан шағын әңгімелерімді оқып, сосын қазіргі дүниелеріме көз салса, оқырман байқайды, менің жазушылық жолым сатылап жоғарылайды, немесе сырықтап тереңдейді. Кейінгі кезде көкбөрі мен жылқы тақырыбын көбірек қозғап, бірнеше роман жазғаным рас. Жазайын деп жазбаймын, жазбасыма қоймай жазғызады. Сол қасқыр, сол жылқы! Мен үшін қыран құс, Көкбөрі және қылқұйрық үшеуі - қазақы рухтың тасымалдаушы күші! Осы үшеуінсіз бұл даламыз босап қалады. Ұлан-ғайыр жерімізді толтырып тұрған осылар. Әйтпесе, бүгінде 140 миллион болуы керек қазақтың ұзын қарасы небәрі 20-ақ миллион. Оның ішінде нағыз қазақтың есебі тең жартысынан сәл асады. Біздің ұлтты әдейі құртты. Ілкі айтқан соғыстар, аштық пен қуғын-сүргіні, Тәуелсіздік алдық дегеннен бергі жылдарда да қазақтың басын өсірмеу саясаты жүріп жатты. Тілді тұншықтырды. Қолдан. Қос тіл деп зарлап жүргенде үш тіл, тіпті қытайшасын тықпалап, жан-жағынан қысып, жүрекпен қоса өкпемізді ауызымыздан шығара жаздады. Осының барлығы тағдыр талқысы, тарихы мен әдебиеті. Біз соның бел ортасында жүрміз. Идеялардың қайнап жатқан қопармасында батып-шығып, ағып барамыз. Сонау буырқанған жиырмасыншы ғасырда Әлихан Бөкейханұлы көкеміз: "Тірі тұрсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!" деді. Ол заман қандай, бұл заман қандай? Олардың тағдыры қыл үстінде, жүрегі нысанада тұрды. Ал біз бейбіт елдеміз. Ендеше қазаққа, ұлтқа қызмет етудің кезі енді келді. Ұлтыма еңбек етсем деген адам идеядан тарықпайды, оның қиял құсы қашанда шыңнан асып, аспан сүңгіп, ғарышқа шарықтайды! Мен әзірге қасқыр мен жылқы қақында он роман жаздым. Соның жарық көргені онның жартысы ғана. Маған жазушы Абай Мауқараұлы ағамыз, "Мұнайдар, сен бөрілер туралы енді жазбасаң да болады. Өз міндетіңді орындадың. Басқа тақырыптарға көшсең, сені ешкім сөкпейді" дегендей сөз айтты. Ағаның бұл айтқанында шындық бар. Жан-дүнием келіседі. Алайда мен бөрімен алты жасымнан бері таныспын, доспын. Ал қай қазақ досын орта жолда тастап кетеді? Әзірге біз біргеміз. Солай.
- Сіздің сөзіңізге жазылған «Елге сәлем», «Жарығым», «Ақ маңдай» әндерін, Тамара Асар орындайтын «Мен саған жетем» деген әнді, Қарақат Әбілдина «Беу, дүние», Мәдина Сәдуақасова орындайтын «Әлди» аталатын әндерді ел біледі, тыңдап жүр. Дегенмен, Димаш орындайтын «Махаббат бер маған, тағдырдың» жөні бөлек. Сіз бұл өлең арқылы Жаратушыға, елге, отбасыңызға сезіміңізді жеткізген екенсіз, жалпы сүйіспеншіліктің энергетикасы дегенге сенесіз бе?
- "Махаббат бер маған, тағдыр" әні туралы өте жақсы айттың. Менің бұған алып-қосарым жоқ. Адамдар осылай қабылдап жатса, онда әннің авторы ретінде Айгүл Бажанова мен менің һәм Димашымыз болып үміттің үдесінен шыға білгеніміз деуге болар. Димаш Құдайбергендей ұлымыздың асқан талантымен әлемді шарлап жүрген бұл ән шынымен де сондай қасиетке ие деп білем! Қазағымның тілін төрткүл дүниеге таратқан ән мен әншіге тілекші болу асыл сезім, мен қазағыма осыны тілеймін. Біз бір-бірімізді шын сүйе білсек, қайғы-қасіретіміз азайып, әлем сүйсінер ел боламыз ғой! Осыны жүрекпен сезінудің өзі бір бақыт! Біз бұл әнімізбен әлемге қазағымның тілі мен ділін, тіпті дінін насихаттап жүрміз. Өзіңнің әуелгі сауалында ғаламға, адамға, Жаратушыға деген сезім энергетикасы бар ән дедің емес пе, дөп сөз. Бұл ән тумастан бұрын мен Димашпен арамызда шығармашылық бір байланыс боларын екі ай бұрын сездім. Әрі және бір қызықты айтайын, білуімше Димаштың алғашқы шырқаған әні "Ақ көгершін" екен. Иә, балалық шағында. Ал менің бала кезімнен қағазға қойып келе жатқан қолымда кептердің суреті бар. Бізді рухани туыстық ерте бастан баураған ғой! Ақыры осындай әнмен әсерленіп, әлемге ұлтымыздың үні болып тарап жатыр. Ұлттық сезімге бөлену үшін қай істе де адалдық керек. Арды ойлаған азамат бас пайдасын ешқашан ұлт мүддесінен жоғары қоймайды.
- «Сырым батыр», «Махамбет», «Махамбеттер тірі екен», «Буыршын мұздан тайған күн», «Шығыс шолпаны», «Қос қыран» деген деректі фильмдеріңіз бар. Сіздің сценарийіңізбен «Ақ қоян», «Жаяу әскер» деген көркем фильмдер де түсіріліпті. Әрине, сценарий деген туындының басты тегершігі, оған қаншама ізденіс пен еңбек керек... «Қағаз ұшақ» фильмі жақында Оралда тағы көрсетіліпті. Біздің елде интеллектуалдық еңбектің бағалануы деген үлкен мәселе екені даусыз. Осы еңбектеріңіз сізге қаржылай табыс әкеле ме?
- Осы айтылған еңбегімнің бірде-біреуінен қаржылай табыс алған жоқпын. Мендегі асыл мұрат-мақсат - қазағыма қызмет ету. Болды. Мен, бәлкім, осы мінезіммен, таным-түсінігіммен көптен бөлек тұрған болармын. Сыртымнан мені ақымақ санап, күлетіндер табылар. Бола қойсын. Аман жүрсін. Бәріне де алғыс айтам. Менің осындай мінезде, болмыста қалуыма, бәлкім, олардың да үлесі бар болар. Басқаларды білмесем де, өзімді-өзім жақсы білем ғой. Ал мен енді осындаймын. Заман ауысып, уақыт жаңарып, дүние құбылса да мен құбыла алмадым. Кімді дос тұттым, әлі доспын, кімге іңкәр болдым, әлі іңкәрмін, балалық шақтан осы күй жан сарайымда күмбірлеп келеді. "Еңбек ет те, міндет ет" дегенді білем, бірақ жоғарыда аталған дүниелерді мен біреулердің тапсырысымен істемедім, барлығын өзім үшін, өзімнің ұлтыма деген махаббатыммен жасаған шығармаларым. Сондықтан оған бола қаржы күту мен үшін болмайтын нәрсе. Ондай еңбекті бағалалайтын механизмдер мемлекеттік деңгейде шешіліп, мәдениет саласы ма, еңбектің қай жанрға жататын түріне сай, соған қарайтын мекеме қаржы мәселесімен қолдап жатса жақсы ғой. Өкінішке қарай біздің елде ондайды айтсаң, саған күледі. Менің сөзіме жазылған әндер телеарналар мен радиода, сахналарда шырқалып жатады. Фильмдер мен пьесалар да сирек те болса, сағындырып барып экранға, сахнаға шығып тұрады. Бірақ ешқайсысынан маған тиын-тебен түспейді. Әлгі "Абырой", "Қазақ" па, сондай қорға мүше болып тіркелгенбіз, басында "Абыройдан" аздап бірдеңе төленді, қазір түк те жоқ. Сол пайда ойламай, арды ойлаумен жүрміз. Тележурналистік қызметіме айлық еңбекақы алам, арасында жазған кітабымнан оны-мұны түскен болады. Кітаптікі кітапқа кетеді. Болды. Менде басқа табыс көзі жоқ. Оған бола күйініп, таусылмаймын. 1991 жылы ел мен жер үшін өліп-тірілдім, одан кейін де денсаулығыма байланысты ана жаққа барып қайттым. Содан ба, қайдам, маған жай адам болып өмір сүру, ұлтқа қызмет қылу - зор бақыт!
- «Абадан» деп аталатын қасқыр туралы шығармаңыз бар екенін білеміз, соңғы кезде қасқыр тақырыбына қызығып кірісіпсіз, осының себебін білуге бола ма? Осы тіршілік иесі несімен қызық, неден басталды?
- Алты жасымда әкеммен қыр аралай шықтым. Жиі солай болатын. Бірде далада, жолдың жиегінде отырған, бізді күтіп отырғандай бір зау көкжалға кезіктік. Біз көліктеміз. Жалдың жанынан жаймен жылжып өте бердік. Әкемнің шопыры: "Қап, мылтықтың жоғын-ай. Мына қасекең бізде қару жоғын біліп, мазақтап отырғанын қарашы", - дегендей сөз айтты. Әкем: "Бұл көкжал қасқыр! Оның бізге жаулығы жоқ. Өзімен-өзі тұр. Несіне атамыз? Қаруымыз болған күнде де оны атуға болмайды. Көкбөрі біздің даламыздың киесі, рухы ғой!" деді. Әкемнің осы сөзімен көкжалдың көзі менің жүрегіме кірді де кетті! Мен көліктің терезесіне жабысып қалдым. Бөрі менен, мен одан көз айырмаймын. Соңымда бір қимас досым, баяғыдан білетін жанбауырым қалып бара жатқандай екі алақаным мен бетім әйнекке жабысып, ағарғанша одан көз алмадым. Әке - балаға сыншы. Менің сол сәттегі қалпым әкеме ой салса керек. Аз күннен соң, иә, алты жасымда мектеп табалдырығын алғаш аттарымда әкем маған арнап бір жақтан сатып әкелген матростың киімімен бірінші сыныпқа бардым. Басымдағы телпекте "Герой" деген алтын түстес жазу айқайлап тұр. Сонымен сыныпқа кіріп бардым. Мектеп киім үлгісін бұздым. Әкем сынып жетекшіміз, бастауыштың мұғалімі Әжәй апайымызбен өзара сыйлас жандар екен. Мен жайлы ескертіп қойса керек, мектептегі ең қатал апай маған үндемеді және өзге оқушылар менің киіміме қызығып, ағаларының әскери бас киімін, тағы бірдеңесін киюге бола ма десе, бізбен бірге апайдың немересі де оқыды, ол да қиғылықты салыпты. Әжәй апай бір балаға да рұқсат етпеді, "Тек қана Мұқастың бөлтірігіне ғана рұқсат" дейтін. Осылай әкем менің ең алғаш рет көкжалды көргендегі қылығыма бола "Батыр" деген жазуы бар киім әперіп, онымен бірінші сыныпқа берсе, үйде ылғи батырлар жырын оқып, түннің ішінде қараңғыға жұмсап, мал жайлағанда аяғыма шұлғау оратып, ұлтарағын қалыңдатып, қолпылдақ керзі етік кигізіп, не керек, сарбазша тәрбиеледі.
Менің қасқырды білуім, қасқырды тануым, қасқырлар қақында ізденуім осылай басталған еді. "Әке көрген оқ жонар" демекші, әкем Мұқамбетжан Әлімұлы мені қара жұмысқа да салудай-ақ салды. Студент кезімде үйге бір күнге келсем де ол маған қорадан шөп аудару, қи ою, қоқыс шығару, құдық қазу сияқты жұмыстарды әзірлеп қоятын. Мен соның бірін де қиналмай істедім. Берген жұмысын істеп тастап, тағы не бар деп сұрайтын жағдайға жеткенше әкем мені жұмсай берді. Ал қасқыр қақындағы білігім менің ой-санамда ылғи жүрді, көп тыңдадым, жалпы бес-алты жасымнан бергі оқиғаларды ұмытқаным жоқ. Әлгі күдірей жон зау көкжалдың көзқарасы да әрқашан менімен бірге. Түсіме көп енеді. Жалпы қазақ атын атаудан жалтарып, итқұс, ұлыма, жаман ауыз, көксұр, сұр, бөрі, бөрте, көкбөрі, шене, құрт, құртқа, беріш, біршек тағы да басқаша ат беріп, атаған қасқыр аса ақылды, өте қасиетті мақұлық. Менің ұғымымда қасқыр аң емес, жыртқышқа да жатпайды. Ол өзінше бір бөлек ел, тайпа. Рух патшалығының өкілдері. Ашина патшалығының сарбаздары. Қасқыр да қазақ сияқты. Кең даланы сүйеді. Таза ауаны, сұлу табиғатты жақсы көреді. Ұнататын ас-суы - ет пен тұнық су. Еті көбіне даламыздың аңы және біздің төрт түлігіміз. Олар да жемтігін бауыздап барып ас қылады. Арам қанын ағызбай жемтігіне тісін батырмайды. Қасқыр ешкім ұрынбаса, табиғатта еркін өмір сүрсе, онда 17 жыл жасайды. Алайда адамдар оларға ондай мүмкіндік бермейді. Тікұшақпен, жол талғамайтын жылдамдығы құйын-перен бұт артпа көліктермен, дүрбілі қарулар, түнде көру құралдары шыққалы менің достарыма өте қиын күн туды. Бес-алты жылдан артық тіршілік құруы неғайбыл болып кетті. Қасқыр қақында том-том әңгіме айтуға болады. Ең бастыларынан шолып өтсем, бөрі мен бөрте, яғни жал мен құртқа махаббатқа адал, бір сүйеді, өмір бойына жарына сүйеу болып өтеді. Бірақ аңшы-қаскерлер олардың бұл болмысын да бұза жаздап жүр. Арланы өлген жас қаншықтар иттің сырттанымен ұйығып, бөлтіріктейтіні бар. Бірақ нәтижеде одан қасқыр тумайды. Түрі қасқыр, іші ит сландар, будандар шығады. Олар жемтігін қасқыр құсап тартпайды, ит құсап тістелейді. Қасқырдың өлі денесі шірімейді, оған құрт түспейді. Өзінің иісі бар, химиялық сұйығымен ізім-ғайым жоғалады. Оның өлі денесіне ештеңе жоламайды. Бәрі қорқады. Тек екі көзін сауысқан шұқып алуы мүмкін. Ол ол ма, қасқырдың кіші және үлкен дәретінен бүкіл аң мен құс сақтанады. Қасқыр онымен өзінің шекарасын белгілейді. Ал ұлуы енді ғажап құбылыс! Мен үшін қыранның қиқуы, жылқының кісінеуі және қасқырдың ұлуынан асқан әуен жоқ! Қасқырлар ұлып, бір-бірімен хабар алысады. "Біз бармыз, тіріміз" деп жаһанға жар салады. Өзгелерге өздерін мойындатады. Абаданның қазақ сияқты әулиенің зиратына барып-шығатыны тағы бар.
Бұдан 300 жыл бұрын қазақ жер бетінен тұқымы тұздай құрып кете жаздады. Ұлы Отан соғысын өткерді. Қазақ пен Жоңғар соғысты. Екі жауынгер халық бірін-бірі аямай қырды. Жоңғарды бізге қытай мен орыс империясы айдап салды, оларды от құсарлармен қаруландырып отырды. Сондағы екеуінің ындынында қазақты тып-типыл етіп, жерін басып, бөлісіп алу. Бірақ Құдайды Тәңір деп білген қазақ олардың отты ойынынан сау шықты, қырылды, туған жерінен қашып, босып, Ақтабан шұбырынды болды. Алайда жерін қайтарды. Менің айтайын дегенім, осы Ұлы Отан соғысына шейін біздің қазақ атамыз жер-жаһанда ешкімге бас имеген ғой, өзінен асқан күшті бар деп білмеген, білгісі де келмеген екен! "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан" соң қазақтың ойы өзгеріске ұшырады, себебі, әбден титықтаған елді орыс мүсіркеген болып, одақтасып, артынан шеңгелін салды. Жүз жылдық соғысулардан қажыған қазақ ұлты өзгенің күшіне сүйенуге, бөгденің күшін мойындауға осылай мәжбүр болды. Ал көкбөрілер сол рухты сақтап қалған, сақтап келе жатқан бірден-бір тайпа! Кім үшін сақтар жүр? Біз үшін! Бірақ біздің балаларымыз жалының бір ұшы көктегі темірқазыққа, екінші ұшы біздей қазақтың жүрегіне байлаулы көкбөрілерді, рухымызды аманаттаушы киені жыл он екі ай бойы атып жүр. Тірілей терісін сыпырсаң да қыңқ деп дыбыс шығармайтын жалғыз осы бөрі ғой! Арыстан, аю, жолбарыстың бір тырнағын суырсаң жүрегі жарылып өліп кетер. Және осылардың терісі аяқ астында жатса, бөрінің терісі қазақтың төрінде ілулі, еркектің иығында жабулы тұрады. Қасқырды бізге жек көрінішті етіп көрсетіп келді, әлі күнге солай. Мөлтек фильмдерінде де қасқыр жаман, онысын мен қазақты жамандағаны деп ұғам. Асылында қасқырдан ақылды, айбатты, үйіршіл мақұлық жоқ. Біздің көшпенді бабаларымыз соғысу тәсілдерінің барлығын және елдің шекарасын белгілеуді осы көкбөрілерден үйренген. Қасиетті Құран Кәрімде "Юсуп" сүресінде қасқыр қақында айтылады. Жақсы мағынада жазылған. Қасқыр пайғамбарымыздың с.ғ.у. келіп, ислам дінін насихаттап жүргенін адам баласына жеткізгені жөнінде әңгіме бар. "Сен мені аулағанша, Меккеге бар, онда Мұхаммед деген Алланың елшісі ең ізгі дінді таратуда. Соны қабылда" дейді. Және Әзірет Әлидің жеті күші болған, соның жетіншісі қасқырдан деген сөз бар.
- Жақында парақшаңызға видео салып, пост жаздыңыз. Одан сіздің қасқырдың киесін таныған адам екеніңіз өз алдына, өзіңізді түз тағысымен рухтас сезінетініңізді байқадық. Бұның сырын білуге бола ма?
- Өзі де сондаймыз. Біз қазақ пен қасқыр рух әлемінде Тәңірді бір деп таныған жаратылыспыз. Ол Тәңіріміз - жүз де бір есімі кем Алла-Тағала. "Иттің иесі болса, Бөрінің Тәңірі бар" деп білген қазақпыз. Мың сан айтылған аңызды қысқа ғана қайырайын.
Сеземін,
Бойымда көкбөрінің қаны бар қасарысқан,
Әр қадамым қауіп-қатерге толы,
Мені міз бақпай бақылап,
Төңіректеп ажал ұшқан.
Өзегім – өлең:
Қобыз сарын қасқырдың ұлығаны.
Бойымды балқытады Көк Бөрі Ашинаның жылы қаны.
Ал анталаған көп дұшпанға керегі –
Бөрілердің тұқымы тұздай құрығаны.
Жоқ!
Онысы бола қоймас!
Мен – бөріден тарағанмын,
Қорқау ит тағбаштар көк түрігімді жабылып талаған күн...
Әлі есімде.
Мың сан оқ тескен жарақатымды жалаған түн...
Мен – Адам Атадан жаралып,
Хауа Анадан нәр алып,
Кейін, көп кейін,
Ақиқаттан айналып аңызға,
Нағыз маңызға.
Көк Бөріден тарағанмын
Десем,
Біреу сенер, біреу сенбес.
Ей, мейілің.
Тәңірім қылған мейірім:
Жауырынымда көк қалыдай мөрі бар,
Оны шақалақ шағымда көріп ал.
Әйтпесе кеш,
Оны бүгін мың қабат терімен жамағанмын.
Солай,
Басқа-басқа,
Мен топырақтан жаралып,
Мың өліп, мың тіріліп,
Жаңарып,
Бөріден тарағанмын!
Осы өлеңімде айтқанымдай, есте жоқ ескі заманда біздің ата-бабамызды қытайлар Ордостан Алтайға дейін қуып, қанды қасап қып қырды. Сонда аман қалған жалғыз (қазақты) баланы дұшпан құй батпаққа батырып кеткенде, оны бөлтірігінен айырылып, емшегі сыздап жүрген құртқа аяп, асырап алады. Кейін ол бала өсіп, өзі сияқты тірі қалған (қазақ) көшпендінің қызымен қосылып, үй болады, одан Ашина тайпасы тарап, үлкен хандыққа айналады. Бұл енді біздің дәуірімізге дейінгі 429 жылдар деп көрсетеді ескі деректерде. Ал сенің келесі сауалыңа келсек, қасқырлар біз көрмейтінді көре алады. Жын-шайтандар қасқырдан қорқады. Шамалысын қасқыр аулап, ас та қылады. Аңшылар қасқырдың ізіне түсіп, ашық жерде оның әлденені атылып, қарғығанын ізі арқылы білген және ол арада түсі біртүрлі сасық қан жатыр дейді. Жынды аулап, ас қылғанына бір мысал. Осы қасиетін білген қазақ қасқырдың, онда да арланкөктің терісін төріне ілетін болған. Бесіктің басына құйрығын ілген. Мұның барлығы дін исламға қайшы емес, бұл біздің халықтың ілім-білімінің, этнографиялық жадының табиғаттың тылсым сырларымен қаншалықты үндесіп жатқанынан хабар беретін жайттардың бір азғантай ауқымы ғана.
- Ел арасында да қасқырдың тылсым сыры туралы айтылатын аңыздар жетеді. Мысалы, жындар қасқырдан қорқады екен, сол үшін қасқыр терісін іліп қояды деген сөз қаншалықты қисынды? Тағы да егер қасқыр шөккен түйенің үстінен секіріп кетсе, түйе орнынан тұра алмай қалады деген рас па?
-Иә, шөккен түйенің екі өркешінің арасынан қарғып өтсе, түйе тұра алмай қалады. Ондай оқиғалар ертеректе қырда, құмда көп болған ғой. Біз естіп өстік. Түйенің үстінен секіретін көксұр дұғалы болуы шарт. Кез-келген қасқыр оны істей алмайды, солай істесе де оған бола түйе жатып қалмайды. Мысалы, 1995-97 жылдар шамасында мен бір жылқышыдан сұқбат алдым. Оның шөп пен су таситын жалғыз түйесі бар екен. Өзі өте күшті, қос өркеші шыңдай тіп-тік бура санның өзі екен дейді. Бір аш қасқыр далада шөгіп жатқан түйенің екі өркешінің ортасынан қарғымай ма? Түйе сол сәтте тізесін тіктеп, тұрып кетеді. Қасекең қос өркешті ортасында қыстырылып қалыпты. Арлан болса да аштық діңкелеткен соң неғылсын, қалай бұлқынса да екі таудың қыспағынан құтыла алмайды. Түйе салып отырып, қыстаққа алып келіпті. Жылқышы сойылмен соғып алыпты. Негізі Тәңіріне сиынып жүретін көкжал мұндай күлкілі жайтқа ұшырамайды. Әлгі қасекеңнің ажалы солай болу керек болған ғой. Егер қасқыр кісінің үстінен қарғып кетсе де, бүкір болып, құрысып қалуы кездескен. Бөрілер оны кектескен адамына істейді. Бөлтірігін алсаң, қорадағы малыңа қысы-жазы шұрқан салады. Ал егер жұқпалы індет келіп, қой жаппай қырыла берсе, оны тоқтату үшін қазақтар малына қасқыр шапқызған. Әдейі. Қойға қасқыр шапқанда барып, қырылу тиылады. Бұл - қазақтың Құдайға іс-әрекет, яки ишара құлшылығы. "Өзің бердің, өзің ал" деп тұр ғой. Құдайға мал керек пе? Ештеңеге мұқтаж емес Құдайға қазақ солай депті. Ал малына топалаң келуі, әрине, адамның күнәсінен не Алланың сынағысы келген қалауынан. Оны бізге біліп те керек емес. Біз Құдайға мұқтажбыз. Қасқыр кім зекет бермесе, қайырымсыз болса, ондай байдың малына шұрқанды аямай салады. Төлемсіз зекетін артығымен шығарып, зор шығынға батырады. Қазақ: "Бөлтірігін алма шуланның, Шұрқан салар қораға" деп ескерткен. Бұрынғының байларының малына қасқыр шапса, ұялған, өйткені олар оның не мақсатпен келгенін іштері сезген ғой. Ал бүгінде ондай сезіну қайда, қасқырды кез-келген жерде, жылдың төрт мезгілінде атуға рұқсат. Мен саған бір қорқынышты айтайын, егер қасқырды жойып жіберсе (бірақ ол жойылмайды, адамзаттан 35 млн. жыл бұрын жерге түскен жаратылыс қой), осылай қыра берсе, онда табиғат құбылып, климат өзгеріске, апатқа ұшырайды. Шөп шықпай, су ақпай қалады. Қасқырлар бүкіл табиғаттың күзеті, сақшылары. Ормандағы алуан ағаштың өсіп, жасыл жамылғы болып мүлгіп тұруы - қасқырлармен байланысты. Барлық тіршілік көк бөрілер болмаса, өз-өзінен құрып кетеді. Бұған Американың Йеллостоун ұлттық саябағының тағдыры мысал. Оның қайта түлеуіне ғалымдар дүриттерді әкелді. Дүриттер - өзіміздің көкшуландар ғой! Әлгі Йеллостоунда 1872 жылдан 1926 жылға шейін аң-құсты аулауға рұқсат еткен. Қорық қан сасыған. 1926 жылы ең соңғы қасқырдың көзін жояды. Осыдан соң бұл ұлттық саябақ па, қорық па, елдің көз алдында құри бастайды. Азулы аң жоқ, есесіне шөппен, сумен қоректенетін жануарлар күрт көбейіп кетеді. Жыртқыштан қауіптенбей өскен марал сияқты аңдар бәрін жайпайды, тал-терек те, су да қалмауға айналады, жұқпалы індет жайылады. Ағаш түрлері солып, гүлдер де өледі. 1995 жылы Йеллестоунға 14 қасқыр жіберіледі, содан көз жетеді. Індет тиылады. Аңдар өз болмысына оралады, бір сөзбен айтқанда қасқырлар барлығын тәубесіне түсіреді. Қасқыр - Құдайдың сарбазы. Адам жердегі орынбасары болса, бөрілер сондай қасиетке ие. Айтпақшы, менің көпшілік ортада қол алыспайтыным - қасқырдан алған сабақ. Мен көп жөтелдім, қысы-жазы. Ем қонбады. Содан қасқырлардың аштық кезінде де адамның екі алақаны мен табанын жемейтіні маған ой салды. Оның үстіне Тарих ғылымдарының докторы Уәхит Шәлекеновтың сұқбатын оқыдым, қазақ қолын көкірегіне қойып амандасқан деген. Мен қол қысудан тиылдым, жөтелім де басылды. Өзгені өзімнен және өзімді өзгелерден осылай қорғамасқа амал қалмады. Алақан деген аты айтып тұр. Ол жерде бүкіл ағзаның қан тамыры тоғысып, алақан боп ұйысып жатады. Саусақ - сау сенің өзің, ал сақ ол сауды сақтаушы, сақтандырушы құрал. Ыссыдан, суықтан, өткірден саусақпен басып қарау арқылы сау денемізді сақтаймыз.
- Осы бөрісырғақтың мағынасын кеңірек ашып бере аласыз ба?
- Бөрісырғақ амал ғой, ақпанның 17 - 25 күндері аралығында бөрі мен бөрте жұптасады. Бұған қатысты біреулер қаңтарда деп жалған ақпар таратып жүр бұрын сол күндері көк түріктер суға шомылған, балаларын суға түсірген деп бөседі. Бұл өтірік! Бұл күні су қасиетті болады деп бөледі. Су қашанда қасиетті. Ащысы да, тұщысы да қасиетті. Себебі суды Алла жаратты. Әлемнің тең жартысынан көбі судан тұрады, адам да солай! Сондықтан су тек 18-19 күні қасиетті болады деген түсінік өтірік, бос сөз! Су - тіршіліктің көзі.19-шы қаңтар христиандардың мұз ойып шоқынба суға түсетін күні. Осы күні мұсылмандар, соның ішінде қазақтар шоқынба ойыққа түссін, не содан су алсын деп әдейі елді шатастырып істеп отыр. Бұл арандатушы ібілістің әскерінің арам ісі! Оған алданбаңыздар! Кәпірге ілесіп, діннен байқамай шығып кетпеңіздер! Пайғамбарымыздан (с.ғ.у.) һәм әулие аталарымыздан ондай үлгі-өнеге қалған жоқ. Пайғамбар үмбетіне, ата-бабамыз ұрпағына ондайды аманаттамаған! Адасудан сақтасын! Қаңтар - бәрі қаңтарылулы деген сөз. Және қаңтар айы жылдың басы да емес. Жыл басы - наурыз! Қаңтарылып тұрған суда ерекше қасиет болмайды. Көк мұз болып қатып тұр ғой. Оның қасиеті кристалдай мөлдірлігі, суықпен күшейгені, бұл Алланың осы уақытқа берген бір нығметі ғана. Негізі ағынды су қасиетті. Қозғалыстағы суда өмір бар. Зәмзәм сондай су! Кәусар бұлақ қой ол! Ерекше қасиетті десең, сол су сондай бағаға әбден лайық!
- Сіз негізі сурет мамандығын оқыған адамсыз, журналистікке қалай ойыстыңыз?
- Мен ұяттан өліп кетсем де шындықпен өлем! Айтайын. Алты жасымда көкжалды көрсем, тап сол жасымда көрші отырған парталас қызға ғашық болдым. Ол маған жоғары сыныпта сенен журналист шығады, соның оқуына барсаң қайтеді деді. Мен оныншы бітіре салысымен Алматыға ұштым. Әл-Фараби атындағы оқу орнына бардым. Алайда жолым болмады. Комиссия құжатымды қабылдамады. Себебі мен алты жасымнан мектепке барып, жас түлек ретінде әскери міндетті деген бір болмашы қағазды апармаппын. Әкем жеті жастан бергенде... Бірақ онда бұл тағдыр жолы маған бұйырмас еді ғой. Есесіне бір ай әйгілі күйші Қали Жантілеуовтың жанында болдым. Сол кісінің батасын күнде алдым.
- Атақты Қали Жантілеуовпен бұл бір керемет кездесу екен, бұл жайында естелігіңіз бар шығар?
- Оның атақты адам екенін кейін білдім. Ол кезде маған ата жай бір қазақтың шалы болып көрінді. Жасы ұлғайып отырған шағы. Күй де тартпайды. Маған домбырасын алғызып, күнге бір-екі рет шертіп, қайтып орнына қойғызады. Сөйтіп Алматыдан ауылға қайттым, достарымның бәрі жан-жаққа кетіпті, жалғыз қалдым, қайда барам, әкемнің қолына түстім, бір жылда мен пеш жағушы, шөп шабушы, құрылысшы, қойшы, қара жұмысшы, не керек совхоздың ең ауыр жұмысына қиналмай жегетін, ақшасыз еңбек ететін қара күші болдым. Еңбекақым болды, оны әкем алады. Оған басым қатпады. Мен бірақ, бір жыл кез-келген жұмысты істей жүріп, оқуға қатты дайындалдым. Әсіресе, әдебиет пен тарихты, тағы басқа ғылымдардан оқып, ізденумен жүрдім. Үлкендердің әңгімесін тыңдаудан жалықпадым. Қолға көп су құйдым, көп бата алдым. Оралдың көркем сурет және графика факультетіне құжат тапсырдым. Бірақ емтиханда "начертателный геометрия" деген пәннен қиналатынымды, тіпті оқуға соның кесірінен түсе алмайтынымды сезіп, Аллаға жалындым, тым болмаса осы жылы емтиханда сол пәнді алып таста дедім ғой! Сенесің бе, марқұм факультет деканы Төлебай Әбіловтың өзі беретін сол пән мен институтқа барғанда алынып тасталды! Мен сөйтіп бүкіл пәнді беске тапсырып оқуға түсіп кеттім! Ал келесі жылы әлгі деканымыздың пәні сынға қайтадан қосылды. Бес жыл көркем сурет және графика бөлімінде оқып, көп нәрсе үйрендім. Дипломдық жұмысымды киіз басудан қорғадым.
-Неге киіз басу? Сурет өнерінің жаңа бағытына қатысты тақырып алмадыңыз ба?
- Суреттен, не сүйсінген тағы басқасынан да қорғауыма болатын еді, мен қазағымның қолөнерін біле түсу мақсатымен киізді таңдадым. Киізде ұлтымыздың сан ғасырлық ізі жатыр. Бұл өте терең ғылым. Киіз төселген үйге улы жылан да, бүйе де жоламайды. Киіз киіз болмай тұрғанда ақ қой, қара қой болып өрісте жайылған атамыздың адал малы ғой. Оны "Біссімілләсін" айтып сойып, ас етті, дұға жасалды. Ал сол қой жайылып жүргенде бүйені де, қарақұртты да, жыланды да өлтіре салады. Әлгі улы жәндіктерді жеп қояды. Енді қараңыз. Қойдың жүнінен әжелеріміз киіз басады. Ол киізге улы жәндіктер өлсе жуымайды. Киіздің үстінде ауылдың ауызы дуалы көне көздері қанша бата жасады, қанша намаз оқыды, қанша бала асық ойнады, қанша ана сәбиін емізді?! Соның барлығы, тіпті ауылдың дауылына шейін киізге кіріп, туған жердің топырағын бойына сіңірді! Міне, мұның барлығы қасиет емей немене?! Киізге түскен ою-өрнек ше? Оның жиегін ала жазған жазу қандай әсем? Қазақ адам атын киелі ізге ою ғып түсірген. Қыз бала ұзағанда оның жасауын ерте бастан дайындаған, себебі ол киізге туған үйінің, ауылының қасиеті әбден сіңуі керек болған, оған ұзақ уақыт қажет. Бірақ аяқ астында жатқан қасиетті бұйым өзіне керек жақсының бәрін қыз бойжеткенше сіңіріп алған ғой!
Бұл әңгіменің көші биыл тоқтамас, асылы осы тұстан тізгін тартып, аяқ суытып, тізе бүксек қайтеді? Айтарым, марапат пен мақтауға семірмей, қашанда қазақ болып қалайық. Мар - оның артында апат тұр. Мақтау - мақтадан тау тұрғызу. Босқа жанып кетеді. Абай хакім айтқан нақылды қаперде ұстасақ асыл, әр нәрсенің өлшемін біл, мөлшерінен асырма, асып-тасып кетсе, жүрек былғанады. Иә, "Атымды Адам қойған соң, қайтіп надан болайын?" Еліміз аман, рухымыз қашанда асқақ болсын!
- Әңгімеңізге рахмет.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.