Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Мифтегі ең маңызды қозғаушы күш – эмоция...

23.11.2023 2611

Мифтегі ең маңызды қозғаушы күш – эмоция 14+

Мифтегі ең маңызды қозғаушы күш – эмоция - adebiportal.kz

Бүгінгі сұхбаттасымыз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор, «Жамбыл» ғылыми зерттеу орталығының директоры – Алмасбек Анықбекұлы Мәуленов.

- Дүниежүзінде мифологияның қандай түрлері бар? Мифтің категорияларына тоқталсаңыз... Біздің әдебиетке солардың қайсысы жақындау? Қайсысы қаттырақ дамыған?

Мифтің табиғатын тану туралы зерттеу антикалық дәуірден басталады. Ежелгі грек ойшылы Аристотель түсінігі бойынша мифті заңды шығарушылар жасақтайды: «Для внушения толпе, для собюдения законов и для выгоды закону». Ал Эвгемер болса, мифте халықтың тарихы, ілкі ата-бабалары мен қаһармандардың жасампаздық істері, ерліктері және т.б. жатады дейді.

ХҮІІІ ғасырдың ағартушылық дәуіріне дейін «мифке» деген көзқарас: ойдан шығарылған, қиял, ертегі сияқты өтірік мағынасында беріліп келді. Тек Дж.Виконның «Жаңа ғылым» атты еңбегінен кейін ғана мифті қайта бағалау, оның мәніне үңілу дәуірі басталды.  Дж.Вико миф қиял ойыны ретінде қалыптасады деп санады. Эмерсон мен Нищше мифтің жаңа мағыналық үстемесін: поэзияға ұқсас «миф» ақиқатқа парапар немесе оның баламасы (эквиваленті), ол ғылымның тарихилығы мен ақиқаттығына күдік келтірмейді, қайта оны толықтыра түседі дейді. Миф метафизикалық ақиқат – ол руханияттың құндылықтарын жоғары көрсетуге жол салады.

Дегенмен де, мифті нағыз зерттеу дәуірі ХІХ ғасырдың үлесіне тиеді. ХІХ ғасыр ортасынан бастап, миф этнографиялық, философиялық, лингвистикалық, діни-ритуалдық, фольклорлық материалдар ретінде қарастырылып, кең көлемде зерттеле бастады. Ағылшын этнографы Э.Тайлор «Алғашқы қауымдық мәдениет» атты зерттеуінде миф пен діни нанымының негізінде – анимизмге (лат. anima жан)  жатады деп санады. Ғалым өз пікірінде, мәдениеттің байырғы кезеңдері туралы ежелден сақталып келе жатқан этнографиялық белгілерде, әдет-ғұрып пен наным-сенімдерде көптеген мәліметтер бар екеніне тоқталады. Алғашқы қауым адамдары айнала қоршаған ортаны өздерінің «балалық» танымы мен ой-түсінігіне орай қабылдағанын жеткізеді. Ол көне наным-сенімдерді, соның ішінде,  анимизмді жете зерттеді. Оның шәкірті классикалық ағылшын антропологиялық мектебінің өкілі Дж.Фрезер өз пайымдауында «миф – магиялық әрекеттермен қабысып кеткен» деген ойға келді. Аталған ғалым өзінің маңызды шығармасы – «Алтын бұтақта» адамдардың дүниенің түйсінуінің  үш сатысын – магиялық (сиқырлы), діни және ғылыми жолдары бар екендігін атап көрсетеді. Дін мен магияның арасында көптеген айырмашылықтар мен ерекшеліктерді ғылыми жолмен түсіндіре отырып, магияны ежелгі дүниенің әмбебап көрінісі деп таниды. Мифтің поэтикалық метафорамен, әлемнің тысқары жатқан құпиялылығының байланысын өзіндік тілімен жеткізгісі келген ақындар шығармашылығы негізінде пайда болған ағым – символизм. Күнделікті дүниедегі болып жатқан шынайы шындықты символистер жоғары ақиқат әлемінен іздестірді. Осының негізінде олар әдебиетті, мәдениетті, өнерді танытудың пәрменді құралы – поэтикалық рәміз (символ) деп таныды. Дегенмен миф жеке индивидуум (фәрд) тұлғаның емес, ол ұжымдық шығармашылықтың жемісі. Мифтің символикалық теориясы жайындағы құнды пікірлерді неміс философы Э.Кассиер еңбектерінен көруге болады. Ол «мифтің символикалық жағына мән беріп, мифологиялық ойлаудың интелектуалдылық ерекшеліктерін» нақтылап берді. Символ – мифтің басты ерекшелігі. Символ мен мифтің өзара байланысы тек құрылымдық, семантикалық, функционалдық қана емес оған өзгеше сипат беретін генетикалық байланыс екендігіне басты назар аударды.

Мифті зерттеуде үлкен интеллектуалды толқу туғызған мектептің бірі – психоаналитикалық бағыт. Психологиялық мектептің өкілдері З.Фрейд, К.Г.Юнг, В.Вунд және т.б. алғашқы қауым адамдарының айнала дүниені түйсінуі ішкі эмоциялық сезімдерге тән қасиет ретінде таныды. К.Г.Юнг мифтің бойында болатын санада сақталып қалатын жады белгілерін архетиптік ұғым арқылы тануға болатынын жеткізді. Ол: «архетип дегеніміз – адам табиғатынан, оның түп санасынан тамыр тартатын архаикалық мәңгі идея» - дейді. 

ХХ ғасырдан бастап орыс әдебиеті мен мәдениеті өкілдері де мифтің қоғам өміріндегі аса қажетті мәдени-әдеби және идеологиялық құрал екендігіне көз жеткізе бастады. Мифтің табиғи мәні мен құрылымдық, этнографиялық және т.б. ерекшеліктерін жан-жақты зерттеу – адам өміріндегі алар орнын анықтау мәселесі орыс ғылыми ортасында күн тәртібіне қойылды. Осының негізінде  мифологияны ауқымды түрде  әртүрлі бағытта алып қарастырып зерттеген мектептер қалыптаса бастады. Қоғамдық даму уақыт пен кеңістік әлемінде өзгеріссіз қала алмайды. Адамзат өзінің саналы қоғамдық-мәдени даму жолында қоғамдық-экономикалық өзгерулердің көптеген сатыларынан өтті. Осыған орай  мифтік түсініктер де өз дәуіріне сәйкес жаңғырып, жаңасын қабылдап отырған. «Бардан жоқ, жоқтан бар пайда болмайды» деген түсінік бойынша жаңа қондырмалар, сол ежелгі түсініктердің негізінде қалыптасады, және оны жоққа шығара алмайды. Қоғамдық формациялар ауысқан сайын көне мифтер де оған ілесе өзгеріп отырады.

Мифологиялық түпсана бүгінгі әдебиетке қаншалықты әсер ете алады? Ағылшын этнографы Б.Малиновский: «Миф бірінші кезекте дәстүрді сақтаушы әрі мәдениеттің сабақтастығын дамытатын практикалық функция деп қарастырамыз» деген. Осыған қатысты біздің мифологияның практикалық қызметін қалай атар едіңіз? 

Ағылшын зерттеушісі Бронислав Малиновский қарабайыр қоғамдағы мифтердің табиғаты мен функциясы жөнінде: «Егер мифті өмірге толы әлдене деп қарастыратын болсақ, онда ол ғылыми білуге деген құштарлықты қанағаттандыруға жарайтын түсінік бере алмас еді; ол ілкі болымдылық (реалдылық) қайта тірілетін, терең діни қажеттіліктерге, рухани ұмтылыстарға, тіпті күнделікті өмірдің талаптарына жауап бере алатын әңгімелеу болмақ. Қарабайыр халықтың өркениетінде миф ауыстырары жоқ функцияны атқарады; ол сенім-нанымды көрнекілеп көрсетеді; ол абырой ұстанымдарын тағайындайды және қорғайды; ол жоралғылық рәсімінің әсерлігінің кепілі болады және күнделікті өмірге адамзаттың өркениетіне қажетті ережелерді ұсынады; ол мазмұнынан ада болған ойдан  шығарылған емес, қайта керісінше, ол – адамдар үнемі бет бұрып тұратын тірі болым (реальность); бұл ешқандай да елеңсіз (абстракция) теория және бейнелердің қарапайым өсіп-өрбітілуі (развертывание) емес, бұл қарабайыр халықтардың діннің және олардың практикалық кемеңгерлігінің кодификациясы» - дейтін ой түйінінен, яғни мифтің тек қарабайыр қоғамда ғана емес, адамзат өркениетінде қаншалықты үлкен рөл атқарып отырғандығына ғылыми тұрғыдан ерекше мән береді, екіншіден, мифтік ойлаудағы «бәрі де бар, бәрі де өмір сүреді» деген принциптің үстемдігін аңғаруға болады. Сондай-ақ, мифтің рухтық субстанциясының негізінің бірден-бір сақтаушысы, оны алға қарай апарушысы – ежелден келе жатқан әдет-ғұрып пен дәстүр, жоралғылық рәсім мен ережелер және т.б. болады. 

Қазіргінің ғалымдары «миф – танымдық әдебиет емес, әр ұлттың дәстүрінің қалыбын көрсетеді» дейді, келісесіз бе?

Жалпы миф пен мифологияның бір-бірінен ажыратып тұратын өзіндік ерекшеліктері бар. Осы турасында академик С.Қасқабасов: «Миф пен мифология екі бөлек дүние сондықтан оларды жүйелеп зерттеу барысында көптеген болжамдар айтылады», - дей келе шартты түрде адамзат (яғни әлемдік) мифологиясының үш сипаты болатынын: біріншісі – алғашқы қауымда пайда болған рух иелік мифтер, екіншісі – құл иеленуші мемлекеттер тұсында туып, қалыптасқан көпқұдайлық мифтер, үшіншісі – топан су туралы мифтер деп тұжырымдап береді.

Шын мәнінде, мифология ғылымы «мифті әдеттен тыс түсінік» ретінде ғана қарастырып қоймайды, сонымен қатар, дүниенің біртұтастығын және қайнар бастаудың бірлікте екендігін білдіретін айырықша ілім мен ерекше тылсымды түсінік деп зерделейді. Қазіргі таңда мифте сакральдылық (лат. sacer (sacri) – діни жоралғы мен ғұрыптық жоралғыға қатысты қасиетті тылсым) пен магия белгілері қалмағанымен, мифологиялық ұқсастық іздері сақталып қалған деуге болады. Оның осы сілемдерін қазақ әдебиетінің әр дәуіріндегі классикалық туындыларынан кездестіреміз.

Миф адамның болмысты, өзін қоршаған ортадағы өмірдің мәнін тануға ұмтылуындағы бірінші бастау көз, бірақ, әлеуметтік және тарихи даму процесінде бірте-бірте бір кездердегі тотемдік наным, мифтік кейіпкерлер сакральсызданып, этиологиялық (гр. aitia себеп + ...логия – бұл арада түпкі түрткі деген мағынада қолданылып тұр) бастаулардағы (этиологический начало) әдет-ғұрыптың бұрынғы жалпыға ортақ деп танылған өзінің қасиетті бөлігінен біртіндеп ажырап, мәнісі жоғала бастайды. Оның орнына ендігі жерде өнер, ғылым мен дін, оның ішінде, философия мен эстетиканың жаңарған ұғымдары біртіндеп ене бастайтындығының куәсі боламыз. Дүниедегі барлық түп негіздер мен бастаулар, білім мен эстетикалық түсініктер көпқабатты, көпқырлы мифтің астарында жасырын жатыр. Мифтегі ең маңызды қозғаушы күш – эмоция (сезім) қуаты мен рух. Себебі, ол сан мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан белгілі бір ұлтқа ғана тән сезімдік таным мен психологиялық ішкі толғаныстың нәтижесінен жинақталған этникалық қор болып табылады. Миф тудырушылық пен мифологиялық сана (мифологические сознание) әлемдегі «бар» мен «жоқты» ажырата алмады деп түсінуге болмас, қайта реалдылық пен ирреалдылықты түйсінуге, оны бейболмыстық (небытьие) тұрғыдан ұғынуға негіз қалағанын ескеруге тиіспіз. Адам баласының ой-санасының терең психологиялық көңіл-күйінің өзінің түкпірінде бұққан тұңғиық мәні мен тылсымдығын ашу мифологиялық ойлаудан (мифологические мышление) келіп туындаған қажеттілік.

Дүниежүзіндегі халықтың көбінде өлімнің пайда болуы туралы мифтері өте ұқсас болуында бір уәж бар ма? Темір дәуіріндегі революция үнді-еуропалықтардың жұлдызды аспан туралы түсініктерінде нені өзгертті? Ал көшпелілер көші моңғол, орыс, француз ертегілерін қалай жақындатты?

Әсіресе шумерлік асыл қазына, аккадтық батырлық эпос «Гілгәмеш туралы дастанда» (Бәрін көріп білген жан) өлімсіздіктің жайын іздеу, адам өмірінің мәнін ұғыну туралы көркемдік деңгейі аса жоғары поэтикалық шығарма тудырған. «Гілмәш деген есім аккад (семит) тілінде бұрмаланып айтылған, бұл сөздің түпкі негізгі мәні, шумеролог ғалым И.М.Дьяконов анықтағандай шумер тілінде Білгәмес (Бильгаемес) Bilgames» деген есім шумер құдайларының қатарында б.з.д. ХХVІ ғасырларда кездесетінін айтады. Осы Білгемес есімінің түркі тілінде «білу» деген мағына беретінін алғашқы зерттеушілер анықтап отыр. Ал түркітанушы ғалым А.Аманжолов бұған басқа ғылыми жорамал ұсынады: «Оның сөзбе сөз аудармасы «Баба батыр». Bilge «Баба, батыр», mes «батыр, ер» - деп көрсетеді. Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі «Білге қаған» есімінің де негізсіз емес екендігін алға тартады.

«Гілгәмеш» эпосының түпкі негізіне көз жібере қарасақ, адам баласын ерте кезден-ақ толғандырып келе жатқан «Мәңгілік өмірді іздеу» аңсары бар екендігі байқалады. Бұл ұлы көне поэтикалық мұра бүгінгі оқырманды өзінің көркем-пәлсапалық дүние танымымен ғана емес, сол кезеңнен жеткен көлемді поэмалардың ішіндегі ең  бағзылығымен де өзіне тартып, қызықтырып отыр. Ол атақты Гомер жырлаған «Иллиадан» да ары мың жылдық тарихи-шежірелік сипатымен ерекшеленеді. Поэмадағы Гілгәмеш – Уруктың абызы әрі патшасы, тарихта болған тарихи тұлға. Эпикалық жырда ол күн құдайы Оттың (Утудың) ұрпағы, Күн құдайын шумерлер Уту, ал аккадтықтар Шамаш деп атағаны жырдан белгілі болып отыр. Ғалымдардың анықтауынша, Гілгәмеш жайлы 5 шумер, 3 аккадтық жыр үлгілері сақталған.

«Гілгәмеш жырында» «адам неге өледі?», «өлген соң жаны мен рухы қайда кетеді?», «адамның өзі қайдан пайда болған?» деген негізгі терең пәлсапалық сұрақтарға жауап іздеуден тұратынын аңғарамыз. И.Н.Дьяконовша айтсақ, поэманың өзегінде «адам өмірінің мәнсіздігі, бәрі бір түбі бір келмей қоймайтын, алмай қоймайтын ажалдың әділетсіздігі» туралы тылсымдық ой жатыр. Бұл адамның жабайы табиғаттан ажырап, ес білгеннен бастап, есінен әсте шықпайтын «Өлім» құбылысына қарсы амал-айла іздеп, оның қорқыныш үрей ұялататын негізгі, түпкі мәнін білуге ұмтылған адам санысының күрделі танымдық-эпистемологиялық бастауларынан нәр алатын сияқты.

Фольклор, мифология және эпосқа салыстырмалы тарихи талдау жасауға арналған қандай толымды еңбектер бар? 

Әр дәуірдегі сөз зергерлері өздерінің өмірлік материалдарын мифтік-діни, мифтік-рухани дүниетаным негізінде шығармашылық сүзгісінен өткізіп, ұлт санасындағы архетиптік белгілердің жаңғыруына жүгініп отырады.

Қазақ әдебиетінде көркем шығарманың идея мен сюжет, композициялық тұтастық пен көркемдік ерекшелік, кейіпкер болмысы, жазушы шеберлігі, тілі мен стилі Б.Кенжебаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, З.Ахметов, М.Қаратаев, Х.Сүйіншәлиев, З.Қабдоллов, Т.Кәкішев, С.Қирабаев, Ш.Ысмағұлов, К.Сыздықов, Р.Нұрғали, М.Базарбаев, Ә.Нарымбетов, Ш.Елеукенов, Ш.Сәтпаева, А.Қыраубаева, Ө.Күмісбаев, Ә.Дербісалин, С.Негимов, А.Еспенбетов, Ж.Дәдебаев, Б.Майтанов, З.Бисенғали, Қ.Ергөбек,  Қ.Әбдезұлы, Н.Жуанышбеков, А.Жақсылық, Ө.Әбдиман, А.Егеубай, Қ.Мәдібай, А.Шәріп, Б.Омаров, Д.Қамзабек. Қ.Жүнісов және т.б. ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты сараланып зерттелген. 

Әлемдік гуманитарлық ғылымдарда әр елдің ұлттық мифтері бірінде ерте, бірінде кеш қарастырыла бастады. Мифтуындыгерлігінің өзіндік көркемдік ерекшеліктерін, айшықтау амал-тәсілдерін, поэтикалық нысандарын Батыс Еуропа ғалымдары бірінші болып қолға алып зерттеді. 

Кеште болса, отандық мифтуындыгерлігі туралы ізгі ғылыми ізденістер өрістеп, қазақ филологиясында Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан, С.Қасқабасов, Ә.Қайдар, Р.Бердібай, Е.Тұрсынов, А.Акишев, С.Ақатай, А.Төлеубаев, А.Қыраубай, А.Жақсылықов, А.Қасымжанов, Д.Кішібеков, М.Орынбеков, С.Оспанов, Н.Аюпов, Т.Еңсегенұлы, З.Сейітжан, И.Жеменей, М.Бұлұтай, С.Қондыбай, Ә.Қодар, Қ.Затов т.б. ғалымдардың әр кезеңде, не тарихи-этнографиялық, не әдеби-фольклорлық, не бірыңғай лингвистикалық, не мәдени философиялық қисында қарастырылды. Аталған ғалымдар қазақ әдебиеттану ғылымының өсіп өркендеуіне отандық ғылымның дамуына өздерінің сүбелі үлестерін қосты. 

ХІХ-ХХ ғғ. гуманитарлық ой-пікірде миф теориясы жайында зерттеу жүргізген орыс тілді С.С.Аверинцев, Д.Н.Затонский, С.М.Иванова, А.С.Кирилюк, Ю.М.Лотман М.М.Бахтин, Е.М.Мелетинский, И.И.Толстой, А.Л.Топорков, В.Н.Топорков, И.М.Троиский, Б.А.Успенский, И.Г.Франк-Каменцкий, т.б. ғалымдардың пікірлері ескеруге тұралық. 

Тайпалық жүйе және алғашқы мифология шежіре таратуға үлес қосты ма? 

Жалпы алғанда, мифтер – дүниенің, оның перзенті адамның – ілкі тіршілігінен сыр шертетін рухани бастауларға түп негіз болып, сондай-ақ, өткен тарих пен болашаққа ие екендігін және де осы тарихтың еленуге тұратын, айырықша құндылық ретінде танып білуге тұрарлық үлгі болатындығын көрсетеді. Әрбір халықтың өзінің шығу тегі мен жаратылысты тану туралы туғызған мифтері болатындығы – дәлелдеуді керек етпейтін өмір шындығы. Сол себепті, әр халық өзі үшін осындай мәңгі таусылмас қажыр мен қайраттың бұлағынан нәр алып отырады.

Мифологияны типологиялық тұрғыда зерделей, зерттей түссек, ондағы түрлі сюжеттік мотивтердің трансформациялануы, әрбір қоғамдық формацияда қайта туып, жаңа бастауларға ие болуын көрер едік. Сондай-ақ, түркі халықтары мифтеріндегі ортақ сюжеттік желілердің тамырластығын, тектілігін айқындап, олардағы ерекшеліктер мен ұқсастықтарға үлкен назар аудартады. 

Көшпенді және жартылай көшпенді ата-бабаларымыздың арғы тегі ежелгі шумер-аккадтықтардың мифологиялық-фольклорлық мәдениеті мен өркениет құндылықтарына өздерінің асыл мұрасын аманаттап, әлем өркениетінде өшпес ізін қалдырды. Рухани мәдениет құндылықтарын туғызуда әр халық ең бірінші өзіндегі бар көне дәуірден ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани мифологиялық байлықтарын қайта қарап, қайта өңдеп қорытып шықса, сонда ғана жаңа сапалық қасиеттермен байи түсері анық.

Егер де мұндай сапалы мифтік-рухани көркем мәдениет байлығы өз топырағында тумаса, онда ол басқа халықтардың мәдениетіне әсер етті деп те айтуға, сірә, болмас. Арғықазақ мифтерінің көршілес жатқан отырықшы және жартылай отырықшы елдердің мифологиясына трансформациялануы енді ғана қолға алынып, жан-жақты зерттеліне бастады. 

Мифті дүниетаным мен таным формалары ретінде бағалау заманауи ғылыми контексте қай парадигмаға сүйенеді?

Осы орайда әдебиеттегі көркем ойдың жаңа парадигмалық көрсеткішіне қол жеткізудің көркемдік құралының бірі ретінде мифтік дүниетанымды атап өтер едік. Көркем шығармадағы көрікті ойдың танымы мен пайымына, көркемдігі мен құпиясына үлкен энергиялық қанат беретін күш – мифте жатқаны шындық. Миф – адамзат баласының архетиптік санасында кодталып қалған құпиясы мол сырлы дүние. Оны бүгінгі заман талабына сай қайта түлетіп, қайта жоғары сапалық деңгейде іске асыру талантты қаламгерлеріміздің шеберлігіне байланысты.

Міне, бүгінгі қазақ прозасындағы орын алып келе жатқан мифологиялық және неомифологиялық үрдістер – осындай сан мың жылғы өзгерулердің ең соңғы нәтижесі, сарқыты десек те болады.

Бүгінгі қазақ прозасындағы орын алып отырған мифологиялық және неомифологиялық үрдістерді зерттеудегі жетекші идеялар қаламгер ашатын шынайы жаңашыл мазмұнмен байланысты. Сонымен қатар дәстүрге арқа сүйей отырып, әдебиеттегі соны бір сүрлеуге алып келетін өзгеше бір көркемдік форманың қалыптасуына жол ашып отыр.

Мифтің әдебиет пен өнердегі символдық мәні анықталып, оның метафоралық, аллегориялық, құбылушылық амал-тәсілдерімен жүзеге асатындығы белгілі. Әрбір қазақ қаламгерінің шығармашылығынан мифологизм мен неомифологизм үлгілерінің анық көрініс табуы кездейсоқ болатын көркемдік дүние емес. Оның бастау көзінде дәстүршілдік пен жаңашылдықтың біріне-бірі алмасып отыратын жанды әдеби үрдіс жатады. 

Бүгінгі қазақ әңгімелерінде мифология қазіргі қоғамдық санада, оның басқа түрлерімен қатар өмір сүруді жалғастырады. Сондай-ақ, олардың құпия жасырын түрде арғықазақ мифологиясын қамтитынын және негізі бар екенін қазақ жазушыларының шығармаларынан айқын аңғаруға болады.

Бүгінгі өмірде қоғамдық сананың рационалды тазартылған түрін тарихи санамен байланыстыру ғылыми теориялардың мифтерден пайда болғанын дәлелдей түседі. Олар пайда болғаннан кейін мифтер жойылмайды, бірақ олар ғылыми теорияның және жалпы ғылымның бөлігі болып өзгереді.

Мифтің таңғажайып өміршеңдігі оның сарқылмайтындығынан, қайнар қуат көзінің кемімеуінен ғана емес, сонымен қатар қоғам мен мәдениеттегі түбегейлі өзгерістерге бейімделу қабілетінен көрініс табады. Бірақ мұның бәрінің тасымалдаушысы мифология болып табылады, ол қазіргі ғылымның жетістіктері қаншалықты таң қалдыратынына және оның теориялық тұрғыдан қаншалықты мінсіз көрінуге тырысатынына қарамастан, адам санасында өмір сүруін жалғастырады.

Мифология тақырыбында ізденетін қай жазушыны атар едіңіз? 

Жалпы ұлттық әдебиетімізде мифке бірыңғай бет бұру ХІХ ғасырда Ы.Алтынсарин мен А.Құнанбайұлының шығармашылық мұрасында бой беріп, ХХ ғасыр басындағы Ш.Құдайбердіұлы, С.Торайғыров, М.Көпейұлы, М.Сералин, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Т.Жомартбаев, С.Көбеев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, т.б. шығармаларында өз жалғасын тапса, ХХ ғасырдың басынан бастап соңына дейін Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, І.Есенберлин, Т.Ахтанов, Ә.Нұрпейісов, С.Жүнісов, Ә.Әлімжанов, Т.Әлімқұлов, С.Мұратбеков, Ә.Тарази, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, Қ.Ысқақов, Қ.Жұмаділов, О.Бөкей, Т.Әбдіков, Д.Исабеков, К.Сегізбаев, Б.Мұқай, С.Елубай, т.б. мифті өз шығармаларында орынды пайдалана білді.

Ал, ХХІ ғасырда Тынымбай Нұрмағанбетов, Дидахмет Әшімханұлы, Жүсіпбек Қорғасбек, Асқар Алтай, Талғат Кеңесбаев, Думан Рамазан және т.б. қаламгерлер туындыларына арқау болды. Осындай шығармашылық жетістікке қазақ әдебиетінде де дәстүрді сақтай отырып, жаңаны жатырқамай, әдеби үдерістің бөлінбес бір бөлшегіне айналдырып жүрген қаламгерлер арасынан прозалық неомифологияның алғашқы бастамашылары шыға бастады. 

Қазіргі қазақ прозасында көркемдік ізденістер жоқ емес. Бүгінгі таңда бұрынғы барлық әдістердің танымдық тұрғылары бірге көрінуде. Көркемдік танымның жалпы нысаны болып табылатын субьект пен обьект қарым – қатынасы әр дәуірде әртүрлі болған. Орта ғасырлық дін өнері негізгі таным обьектісі етіп адам мен құдай арасындағы қарама-қайшылықты бейнелеген. Ал, Қайта өркендеу дәуірінде – адам мен табиғат арасындағы өзгешелік пен ерекшелікті ғылымиландыра түседі. Ең алғашқы Құдайға қарсы шығармалар туындай бастайды.

Біз әңгімелерін өз зерттеуімізде қарастыратын Г.Шойбекова, Д.Қуат, Қ.Әбілқайыр, А.Нүсіп, Д.Бейсенбекұлы, М.Мәліков, Н Қабдай, А.Мантаева және тағы басқалардың туындыларындағы мифологизмдер кей кезде ортақ тарихымыздан іргесі ажыраған түрлі халықтар мифологиясының сілемдері мен синтездік тоғысуынан тұратынын көрсетіп келеді. Сондықтан, тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ әңгімелерінде ұшырасатын миф «екінші реалдылықты» өмірге әкелу амалы түрінде, енді бірде бұған керісінше, кейіпкерлер мен автордың өмірді түйсінуі түрінде ұшырасатынын байқауға болады. 

Қазіргі әңгімелердің бір ерекшелігі кейіпкер саны екіден аса қоймайды, сондай-ақ, алдымен монологқа құрылады да, одан соң диалогқа ұласады. Оның дәлдігі, сенімділігі үшін монолог қандай қызмет атқарса, диалогтың да идеялық – көркемдік орны сондай үлкен. Адамның мінез – қырларын белгілі бір сәттердегі сезім – күйлерін тапқыр әрі ұтымды, қысқа да мағыналы бейнелеуде диалог ерекше тәсіл. Яғни, автор кейіпкер характерін ашу үшін диалогты орынды қолдана білуі керек. Әрине кейіпкердің іс-әрекетімен сөйлер сөзінде тамырластық болу шарт. Жалпы кейіпкердің сөзі өмірдегі ауызекі тілге мейлінше жақын болып келеді. Көркем диалог пен ауызекі әңгімелесу тілі толық сай келуі мүмкін де емес. 

Қазақ әдебиетіндегі мифопоэтиканың алар орны? 

Қазақ әдебиеттануында да миф, мифологизм, мифтудырушылық туралы жазылған еңбектер бар болғанымен де, мифтік таным-түсініктердің прозалық туындыларға арқау болуы, сол арқылы мифологиялық ойлаудың терең қатпарларында ашылмай жатқан жұмбақ дүниелерді тауып қарастыру мәселесі кейінгі кездері жіті зерттелініп, қолға алына бастады. Бұл туралы белгілі ғалым Ж.Дәдебаев былай дейді: «Жалпы миф – ол біздің ата-бабаларымыздың өзін қоршаған ортаны тануы болса, яғни ол біздің тектік санымызды айқындауға болатын негізгі қайнар көздердің бірі» ретінде шығармашылық процестегі түпкі санадан, архетиптік белгілерден ақпарат алуға болатындығын атап өтеді. 

Көшпенділер дүниетанымына негізделген мифологиялық танымдар жүйесі: мифтерге, архетиптерге, ритуалдық салт-жоралғыларға, аңыздық шежірелерге және т.б. сондай-ақ символдық образдарға сүйенеді.

Еуразия құрлығын мекен еткен көптеген халықтардың өкілдері адамзат мәдениеті мен өркениетін дамытып қана қоймай оның прогрессивті алға жылжуына әсер еткенін бүгіндері ешкім жоққа шығара алмасы анық. Алып құрлықтың Орал тауынан бермен қарай созылып жатқан ең үлкен бөлігі Азия атауын алғаны да баршаға белгілі. Осы аталған Азия бөлігі адамзат өркениетін дамытуға, мәдениеттердің алмасуына қосқан үлесі кейінгі кездері ғана қолға алынып зерттеліне бастады. Бүгінгі таңда көтеріліп отырған арғы түркі халықтарының мифологиясының мәселелерін жан-жақты сараптап қарастыру, оны генеологиялық, тарихилық және типологиялық тұрғыдан зерделей зерттеу көптеген ғылыми болжамдардың белгісіз болып келген сұрақтарына жауап берер үлкен бастаманың «мифтік бастауларға қайта оралуы» екені анық. Бұл көтеріліп отырған мифологиялық күрделі ғылыми мәселе тек лингвистиканың, тарихтың, философияның және т.б. гуманитарлық ғылымдардың ғана емес, сонымен қатар, әдебиеттану ғылымының да еншісіне тиер үлкен бір салалық мектептің де несібесі. Еуразияның апайтөс даласында үш мың жылдан аса уақыт көшпелілер мәдениеті өзіне көршілес жатқан отырықшы жер өңдеушілер мәдениетіне ықпалын тигізіп, керісінше отырықшы мәдениет көшпелілер мәдениетінің дамуына игі ықпалын тигізіп, бір-бірін рухани құндылықтарымен байыта түскені ақиқат. 

Ал ұлттық мифологияның жан-жақты тереңдетіле зерттелінуі С.Қоңдыбайдан басталады. Ол турасында С.Оспанов: «С.Қондыбай қазіргі қазақстандық мифтану саласындағы өте үлкен құбылыс. Ол біз зерттеп отырған арғытектерімізден бастау алатын мифтік дүниетанымға қатысты бай материалдар негізінде арғықазақтың мифтік әлемінің энциклопедиялық жүйесін салды деп бағаласақ болады...Қалай болғанда да Қондыбайдың еңбегі байлығы мен өзіндік жүйеленуінің мұқияттылығы бір адамның ғұмыры үшін жасалған ерлік десек қателеспейміз. Оның еңбектері мен мифологияны талдау ерекшелігінің өзін талдау келешектің ісі» деген орынды пікір айтады. Енді қазақ мифологиясының арнайы зерттелуіне құлшыныс берген С.Қоңдыбайдың пікіріне кезек берейік: «Қазақта мифология бар ма?» деген сауалдың қойылуы заңды. Өйткені, қазақта осы салада, осы тақырыпта әртүрлі газеттік сипаттағы мақалалар болмаса, арнайы ғылыми-зерттеу бағыты жоқ. Ал ақиқатында, ол бізде бар, тек біздің «мифология» дегенімізге басқаша анықтама берілуі керек. 

Әңгімеңізге көп рақмет! 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар