Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Нұрғабыл Жеңісбек. Көз жасымды отқа жағып отырмын....

19.07.2024 1338

Нұрғабыл Жеңісбек. Көз жасымды отқа жағып отырмын...

Нұрғабыл Жеңісбек. Көз жасымды отқа жағып отырмын... - adebiportal.kz

Түңілу

Бүгін тағы соқыр қайғы, соқыр мұң,

Саған ғашық болғаныма өкіндім.

Көкжиекті кірпігіме кілкітіп,

Көз жасымды отқа жағып отырмын.

 

Құбыланың етіп алған гүлін мең,

Сағыныштың иісі аңқиды іңірден.

Бұрымыңдай боп өрілген ойыма,

Асылам да өліп алам бүгін мен.

 

Асылам да алам өліп, сене бер,

Байғұздардың зарына орап көмеді ел.

Аршып ал сен көз жасынан бейуақтың,

Жүз жылдан соң іздеп келсең мені егер... 

Аңсау

Оралар ма екем бала шағы ма,

Құлпырар ма екем далаша мына?!

Қып-қызыл шарап ұсыншы маған,

Толтырып гүлдің қауашағына. 

 

Шайырша шалқып тебіренейін,

Ерке бокалдан ерін емейін.

Ертегі болған ерке көкемді,

Еркелеткендей еміренейін.

 

Көз жасы тамған көбелектердің,

Гүлі шарап қой көне бөктердің.

Көне бөктерде күн көре бермей,

Көк белді тастап неге кеткенмін?!

 

Жол ашамын деп болашағыма,

Ақымақ басым адасады да. 

Өзімді өртейін...

Шарап ұсыншы,

Толтырып гүлдің қауашағына…

Ішу

Жаратылған жас жүректің мұңынан,

Па, мына түн,

неткен тұнық, сұлу ән.

Өртенейін, тамызып қой бойжеткен, 

Бокалыма көз жасыңның  уынан!

 

Періштенің қанаттары еппен бір,

Кірпігіңе іліп кеткен мөп-мөлдір

Мұз жақұт па

маған арнап әдейі,

Шарабына сап ішсін деп кеткен бұл.

 

Мен шайыр ем, уайыммен күресіп,

Гүл жинағам көбелекке ілесіп.

Маған сыйла көз жасыңды бір талдан,

Әр тамшыда әр бір шумақ тұр өсіп.

 

Кірпігіңнің ұшына кеп тұныған,

Әкел бері көз жасыңның уынан.

Шарабыма қосып ішіп жылтайын

Бұл өмірді,

Жүрегімді суыған.

Бокалыма іңір құй

Өзгешелеу шертіледі бүгін күй,

Бокалыма шарап құймай, іңір құй.

Қалың қара жапырағын жайқалтып,

Бір мұңлы ойға жетелейді түн ылғи.

 

Ұсақ-ұсақ жұлдыздарды үгілген,

Осы түннің бұтағына кім ілген?!

Тыйым салған жеміс қой бұл,

Ал, үзсең – 

Қоштасасың мынау жұмақ ғұмырмен.

 

Кел, ендеше, ішісейік бауырым,

Түнде жатыр деп бір ұлы тағылым.

Жұмақтағы жемісті үзу – қылмыс та,

Фанидегі жұлдызды үзу – арылу...

 

Уақыттың саусағында ғұмыр – күй,

Шертілуде...

Шертіледі бұл ылғи.

Арылуға аңыз қылып ап барар,

Бокалыма шарап құйсаң іңір құй.

 

Кел, ендеше, ішісейік бауырым!... 

Құйттай құс

Әмірхан Балқыбекке

Шелли ақын суға батып өлерде,

Ненi ойлады асау толқын көмерде?

Сездi ме екен асыл жүрек тұншыққан,

Өлiмi де айналарын өлеңге. 

                                               – Әмірхан Балқыбек

Сонау балғын, сонау сәби кезіңнен,

Бірге өсіп, бір жетілген өзіңмен,

Сол құйттай құс

сен асылып өлерде – 

Шырқырап кеп ұшып шықты көзіңнен.

 

Ұшып шығып – 

алдашыны амалдап,

Жіпті шоқып үзбек болды, обал не?

Пыр-пыр етіп табаныңнан көтерді

Шыр-шыр етіп құтылдырмақ ол әлде.

 

Әмірхан деп, Әмірхан деп атыңды,

Шыр-шыр етіп қайталады,

Аһ ұрды.

Ол өлімге қия алмады шынымен,

Жерде туып көкте өлетін ақынды.

 

Ау, Әмірхан!

Айтшы енді ғаламда,

Сені қимас жарандарға обал ма?!

Бейуақтарда сайғағыңа кеп қонып,

Сол құйттай құс шырылдайды молаңда!

 

Шырылдайды:

«Шелли ақын суға батып өлерде,

Ненi ойлады асау толқын көмерде?

Сездi ме екен асыл жүрек тұншыққан,

Өлiмi де айналарын өлеңге.

 

Туған жердiң тәркi еткендей қолатын,

Не себептi суға кеттi сол ақын?»

... ... .... 

Мен білмеймін, сенбеймін бе, сенем бе,

Сыймайтұғын тағдырлар бар өлеңге... 

*** 

Ымырт қызды бауыздаған...

Қадірлемей қайран жарын,

Түн келеді тереземе,

Қолына алып ай қанжарын.

 

Жанарына жұлдыз толып,

Жалғыздық тұр өмірге асық.

Өмір жайлы ойлады түн,

Шам нұрынан шөлін басып.

 

Ойлады түн,

Ойланды түн...

Бүрлегенде күн иісі,

Қалды сөйтіп тереземде

Көлеңкенің жымиысы!..

Іңір көбелектері

Отына сұлу орап бар

Сағыныштарды көктегі – 

Қарашығыма қонақтар,

Іңірдің көбелектері.

 

Іңірдің көбелектері

Көкжиектегі бақтардан,

Ұжымақтан да шеткері,

Сәулелі топырақтардан!

 

Тамшылап тамып нұр,

ішкі із – 

Тәңіри аян тілінде.

Келеді ұшып...

Дыбыссыз,

Қиялдың кеңістігінде.

 

Аяиды біздей пендені,

Аспаған қорған тәнінен.

Бояйды құсыни ғаламды,

Бояулы қанаттарымен.

 

Сағынштарды ол аппақ,

Бауырына жиып көктегі – 

Қарашығыма сіңер

қонақтап

Іңірдің көбелектері…

Естелік

Кезім еді ол менің ес білетін,

Ертегі тау...

Қыстауы – 

                 ескі, жетім.

Қызыл иек іңірдің сақалынан,

Байғұз үні тамшылап...

                       кеш кіретін!...

 

Жіберген самайына ақ шашып уақыт,

Бастайды атам әңгіме

асыл, ақық.

Жусан кешіп келеміз, екеуіміз

Адым сайын шегіртке шашыратып...

 

Ол қыстауда бар дейсің қайсы қызық, 

Күрсінеді қария айтып, үзіп, – 

Қара таудың басында

                      күзеттегі

Арқарменен тұратын ай сүзісіп. 

 

Екеуінің қарап-ап мүйізіне,

Апаң ою салатын киізіне... – 

Солай айтып тағы да күрсінеді,

Кеудесінен бір мұңлы күй үзіле!...

 

Жүзіне әжім тастаған қашап уақыт,

Еске алды атам кездерін

асыл, ақық.

Жусан кешіп келеміз, екеуіміз

Адым сайын шегіртке шашыратып...

 

Кезім еді ол менің ес білетін... 

Түн жылқылары

Сойғақтаған соқпағы мол із қамап,

Сорланғандай күрсінеді күзгі алап.

Қуалаған құрықтардан құтылған,

Сол құр аттар

              қалдырып кеп жүз жолақ,

Тұрады ылғи байырқалап, байқұстар,

Алтын науа – ай бетінен тұз жалап!...

 

Жануардың жанарынан түн жанған,

Мен бір нәзік сәуле көрем мұңданған.

Оқыранса ойдан ауыр мұң қамап,

Осқырынса отқа оранар бұл жалған.

Шашырата шауып өтсе сулардан,

Көкке асылып қалатын-ды мың маржан. 

 

Бота тірсек, бура бітім саны бар,

Тамырында һәм қызулы, һәм қытықшыл қаны бар.

Қабырғада қанаты егіз,

                     бабы ұнар.

Жалына әлі жаттың қолы тимеген,

Оңайлыққа ұстатсын ба жануар?!

 

Жатқан анау қырандарын самғатып,

Көкейдегі көкжиегім мәңгі ақық.

Тұяғымен түнді турап дүрілдеп,

Кілең саңлақ шауып өтер шаңдатып.

Қиялымнан қырық құлаш шумақтап,

Қуалаймын шалма атып!

Түн жылқыларын…

Елес

Түн.

Жанарыңа ай жасырып, от іліп,

Осы бақта екеуміз қосылып

Құшақтасып

             өбісетін күн қайда,

Жапырақтың алақанына отырып.

 

Кірпіктерің түн құшақтап, екеуміз

Елжіресіп табысқанда, көкем, біз...

Жалғыздықпен жабырқайтын жас төгіп,

Жасыл ерні дір-дір етіп шетен-қыз.

 

Бал күлкіңді шашып тастап көп баққа,

Жатушы едік жасыл шөпте – көк тақта.

Енді бүгін елес іздеп отырмын,

Ескі баққа еніп кірген соқпақта.

 

Екеуміз түн жамылып қосылып,

Жапырақтың алақанына отырып

Құшақтасып

             өбісетін күн қайда,

Кеудемізде іңкәрліктің оты ұлып?!

 

Нұр түн қайда,

          күлкің қайда,

                    қысыр мүң,

Бәрі де жоқ, бәрі де өлген, түсіндім!

...қарғалардың қанатына жабысып,

Қара түннің қиқымдары ұшып жүр!...

Бәрі де өлген,

Бәрі де жоқ,

түсіндім…

Нұрғабыл Жеңісбек. ҚХР, Шынжаң өлкесі Іле обылысының Текес ауданы Қарадала өңірінде дүниеге келген. 2011 жылы Іле педагогикалық уинверситетінің аз ұлттар тіл ғылымы мамандығын тамамдаған. 2016 жылдары тіл ғылымы бағыты бойынша қайталай білім асырған. Текес аудандық Мәдениет үйінде және «Текес толқыны» журналының қызымет атқарған. Шығармалары мемлекет ішіндегі түрлі әдеби басылымдарда жарияланып келеді. Бірнеше дүркін жыр мүшайрасының бас жүлдегері.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар