Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
САРҒАЙҒАН ПАРАҚТАРДАН...
«Қаңғыбас Иттердің» жертөлесі...

16.03.2022 3635

«Қаңғыбас Иттердің» жертөлесі 18+

«Қаңғыбас Иттердің» жертөлесі - adebiportal.kz

1915 жылы 16 наурызда Петроград жандармериясы Михайловский алаңындағы №5 үйде орналасқан «Қаңғыбас Иттер» жертөлесінің есігіне құлып салады. Ол өзі бір Күміс ғасыр ақындары мен әртістері жиналатын атақты клуб болатын. Театрландырылған кафе немесе арт-жертөле атанып кеткен «Қаңғыбас Иттердің» жертөлесідегі поэтикалық өмір сонау 1912 жылдан бері қыз-қыз қайнап жататын. Жазуда да, басқа тірлікте де аяқты алшаң басып, еркін көсілуге құмар жұртқа осындай «жерұйық» жасап берген адам – өзі де театр режиссері әрі актер Борис Пронин еді. Ал әр кештің бағдарламасы, тіпті маскарадтық костюмдердің өзі кафенің қабырғаларын панномен көркемдеп шыққан суретші С. Судейкиннің қолынан шығатын.

Қас қарая бас қосып, таң ата тарқасатынын қыдырымпаздар арасында футуристерден гөрі акмеистердің үні басымырақ естіліп жатар еді. Осынау бір ызың-шу жертөледе олар империя астанасының құдайларын сомдай жүріп «өздері үшін» және «публика үшін» өмір сүретін.

Мұнда театрлық қойылымдар қойылып, біреулер дәріс оқып, тағы бірде поэтикалық, музыкалық кештер дүркіреп өтіп жататын. Талай ақын мен режиссердің сиясы кеппеген өлеңдері мен музыкалық пьесалары алғаш «Қаңғыбас Иттердің» жертөлесінде көппен қауышқан.

Күміс ғасырдың азулы өкілдері Анна Ахматова, Осип Мандельштам, Николай Гумилёв, Игорь Северянин, Надежда Тэффи, Владимир Маяковский, Велимир Хлебников, Всеволод Мейерхольд, Михаил Кузмин, Артур Лурье, Константин Бальмонт, Тамара Карсавина, Алексей Толстой, Аркадий Аверченко, Сергей Судейкин, Николай Сапунов, Николай Кульбин, Николай Евреинов, Рюрик Ивнев, Паллада Богданова-Бельская, Дмитрий Тёмкин, Алексей Лозина-Лозинский және басқаларды іздеген жұрт осы арт-жертөледен табар еді. Тіпті Анна Ахматованың «Сүйдім мен сол бір түнгі жиынды...», «Мұнда біздер бұзақымыз, жүргішпіз...» сынды өлеңдері осы «Қаңғыбас Итке» арналған.

Күндестері бір өзі тоғыз музаның құшағында толқып жүретін деп күңкілдесетін футурист-ақын Бенедикт Лившиц «Қаңғыбас Иттер» жертөлесінің аужайын: «Ондағы «ит» тірліктің алғышарты адам біткенді өнер өкілдері мен «фармацефтер» деп екі категорияға ғана бөлетін», - деп еске алады.

Бірақ еркін ойдың қамалындағы дырду-думан ұзаққа созылмады. Соғыстың алғашқы суық демі «Қаңғыбас Иттердің» тура қызарған бетіне үрлеп тұрған еді. Ресми құжатта кафенің жабылуына ондағы заңсыз ішімдік саудасы себеп болғаны айтылады. Ал шын мәнінде қаржы тапшылығы түбіне жеткен көрінеді. Екінші жаһан соғысы жылдары аталмыш жертөле жау бомбасынан сақтану орны болыпты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар