«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жазушы, ІТ маман Мейіржан Жылқыбай шығармашылығы туралы сөз
Қазіргі қазақ балалар әдебиетінде өз қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан жас жазушылардың бірі де бірегейі – Мейіржан Жылқыбай. Ол әдебиетке ерте келген буынның өкілі. Мен Мейіржанды танығалы он бес жылдың жүзі болыпты. Алғаш танысқан күннен бері арамыз бірелі ажыраған емес.
Ежелден ақын, жазушы я әдебиетші болғысы келетіндердің бәрі филфак немесе журфакты жағалайтын. Ал біздің Мейіржан әдебиет аулына жолы мүлде қиыспайтын ІТ саласын таңдап, төрт жыл компьютерлік инженерия, жаңа технологияға қатысты пәндерді оқып шықты. Және онысы ұтымды, нәтижелі шешім болды. Бүгінгі заман Мейіржан сынды озық ойлайтын, компьютер құлағында еркін ойнайтын ІТ мамандардың кезеңіне айналды.
Жә, әңгіме Мейіржанның мамандығында да емес. Оның жазушылық ізденісі жайында. Жазушы досымның шығармашылық әлеміне кеңірек тоқталсам деймін:
Жазушының шығармашылық қадамы мектеп қабырғасынан басталды. Біз – «Ұлан», «Ақ желкен» сынды газет-журналдың шеберханасынан шыңдалған, мектеп кезінен-ақ республика деңгейіне «жас тілші», «жас қаламгер» болып танылған шығармашыл өрендер едік.
2015 жылы Мейіржан Жылқыбай, Алпамыс Файзолла, Думан Смақов және осы жолдар авторының туындылары бас құраған «Ақ желкеннің ұландары» деген кітап жарық көрді. Өрімдей төрт жастың үлкен әдебиет есігін ашқан алғашқы кітабы болатын. Тұңғыш кітабымыздың тұсауын кесіп, ақ батасын берген – классик жазушымыз Дулат Исабеков еді. ҚР Ұлттық кітапханасының үлкен залында өткен жиынға мүйізі қарағайдай небір жазушылар келіп қатысып, біздердің аяқалысымызды көрген. Сол жиында Дулат аға Мейіржанды мектеп оқушысы кезінен бері танитынын, ең алғашқы туындысын оқып, риза болғанын айтты. Иә, Мейіржанның «Тауға саяхат» деген хикаяты – қазақ әдебиетінің мэтрі Дулат Исабеков ағамызды ерекше қуантқан, толқытқан шығарма еді.
Мейіржан Жылқыбай шығармашылығының басты ерекшелігі – оның балалар әлеміне сырттай емес, іштен қарап, бала жанына үңіле білуінде. Көптеген авторлар бала туралы жазғанымен, баланың жан дүниесімен сөйлесе алмай жатады. Ал Мейіржанның кейіпкерлері – шынайы балалар. Олар қорқады, қуанады, таңырқайды, қиялдайды, кейде қателеседі. Бірақ ешқашан жасандылыққа ұрынбайды. Сондықтан оның шығармалары балаларға да, ересектерге де жақын. Өзім де балаларға арнап ертегі, әңгіме, хикаят жазып жүрмін ғой. Қос қолымды кеуде тұсыма қойып, шынымды айтайыншы, осы Мейіржан Жылқыбай жазған «Тауға саяхат» сияқты бір шығарма жаза алсам ғой деймін…
Жазушының әдеби ортаға кеңінен танылуына «Қырық бірінші өтіріктің соңы» деген шығармасы ықпал етті. Бұл туындысы халықаралық «Дарабоз» әдеби байқауында жүлдегер атанып, балалар әдебиетіндегі үміт күттіретін жас қаламгер ретінде көзге түсті. Кейін бұл шығарма жеке кітап болып жарыққа шығып, жазушының дебюті атанды.
Оның шығармаларына тән тағы бір сипат – жануарлар мен табиғат әлемін адам болмысымен астастыра суреттеуі. Кейіпкерлердің көпшілігі аң-құс, жануарлар болғанымен, автор олар арқылы адам қоғамындағы мінездерді көрсетеді. Бұл тұрғыдан келгенде Мейіржан Жылқыбай қазақ балалар прозасындағы Максим Зверев бастаған анималистік бағытты жаңа деңгейде жалғастырып жүрген жазушылардың бірі. «Мақта қыз бен мысығы», «Тауға саяхаты» т.б. шығармалары осы сөзімізге дәлел.
Мейіржан Жылқыбайдың қаламгерлік болмысын айқындаған тағы бір шығарма – «Батыр қоян». Қазақ ертегілерінде қорқақтықтың символына айналған қоянға батырлық қасиет дарыту арқылы автор балалар әдебиетіндегі қалыптасқан стереотиптерді бұзады. Ол баланы дайын ұғымдарға бағындырудан гөрі, өзгеше ойлауға жетелейді. Қорқақ деп танылған кейіпкердің де ерлік көрсетуі мүмкін екенін дәлелдейді. Бұл – жазушы дүниетанымының ерекшелігі. Осы шығармасын кәрістер аттай қалап сұратты. Кәріс тіліне сапалы қылып аударды. Кореяда керемет таныстырылымы жасалды.
Өткен аптада маған «Ертегілер елінде...» ертегі-хикаятын жолдапты. Жазушы ізденісінің жаңа белесін танытатын дүние екен! Егер бұрынғы шығармаларында балалар психологиясы мен жануарлар әлемі басым болса, бұл туындысында автор қазақ ертегілерінің тұтас кеңістігін қайта құрастырады. Қотыр торғай, Ер Төстік, Керқұла атты Кендебай, Бекторы, Самұрық құс сияқты ұлттық фольклор кейіпкерлерін бір арнаға тоғыстырып, оларға бүгінгі заманның мәселелерін жүктейді. Әсіресе ертегілер әлеміне енген «сиқырлы қобди» арқылы цифрлық тәуелділік мәселесін көтеруі жазушының тақырыптық ауқымының кеңейгенін көрсетеді.
«Ертегілер елінде...» атты ертегі-хикаяты – бүгінгі қазақ балалар әдебиетінде сирек кездесетін құбылыстың бірі. Өйткені шығарма балаларға арналғанымен, оның көтеріп отырған мәселесі ересектерді де ойландырады. Автор ертегі әлемін жай ғана қызықты оқиғалар өтетін қиял кеңістігі ретінде емес, бүгінгі қоғамның рухани ахуалын көрсететін көркем алаң ретінде пайдаланған.
Шығарманың алғашқы жолдарынан-ақ оқырман кәдімгі ауылға жол тартқан балалармен бірге жұмбақ әлемге енеді. Батырхан мен Әлияның ертегілер еліне тап болуы – сырт қарағанда балалар әдебиетіне тән дәстүрлі тәсіл. Алайда автор осы таныс сюжетті мүлде жаңа мазмұнмен байытқан. Өйткені бұл жолғы ертегілер әлемі бұрынғыдай әділдік пен батырлықтың мекені емес. Керісінше, бұрынғы ертегідегі бір кезде халықтың қорғаны болған батырлар әлсірепті, ал зұлымдық жаңа сипатқа ие болып түрленіпті.
Шығармадағы ең маңызды көркемдік жаңалықтың бірі – Бекторы бейнесінің жаңаша интерпретациясы. Классикалық қазақ ертегілеріндегі дәстүрлі жауыз кейіпкер бұл шығармада заманға бейімделген модерн әрі жаңа сипатқа ие тип. Ол енді бұрынғыдай қарадүрсін күшпен емес, адамның санасын билеу арқылы үстемдік жүргізеді. Оның қолындағы басты қару – ертегі кейіпкерлері «сиқырлы қобди» деп атайтын құрылғы. Автордың меңзеп отырғаны – қазіргі цифрлық әлем. Бекторының батырларды жеңуі олардың білегін емес, ойын тұтқындауы арқылы жүзеге асады. Шығармадағы ең терең ой да осы тұста жатыр. Ер Төстік пен Керқұла атты Кендебай секілді алып батырлардың өзі экран ішіндегі жалған әлемнің шырмауынан шыға алмай қалады. Олар бұрын айдаһармен, жалмауызбен шайқасса, енді көзге көрінбейтін тәуелділікпен күресіп отыр. Автор осылайша бүгінгі заманның ең күрделі мәселелерінің бірін балалар әдебиетінің тілімен жеткізеді.
Батырхан бейнесі арқылы жазушы жаңа дәуірдің қаһарманын жасаған. Ол дәстүрлі эпостағыдай қара күштің иесі емес. Оның басты ерекшелігі – ойлай білуінде. Алты басты айдаһармен шайқас кезінде ол қылышқа емес, айнаға жүгінеді. Бұл көрініс кездейсоқ алынбаған. Мұнда білім мен ақылдың күштен жоғары тұратыны көркем түрде көрсетілген. Батырханның қарындасын қорғауға ұмтылуы, қиындық алдында мойымауы оның рухани биіктігін танытады.
Әлия бейнесі де шығарманың идеялық жүгіне қызмет етеді. Ол айналасындағы тіршілік атаулыға мейіріммен қарайды. Қотыр торғайды емдейді, тиіндерге жанашыр болады, кез келген қиын жағдайда адамдық қасиетін жоғалтпайды. Жас жазушы Ф.Достоевский тәмсіліне салып, әлемді тек батырлық қана емес, мейірім де құтқара алатынын меңзейді.
Шығарманың тағы бір құндылығы – ұлттық фольклорды жаңғыртуында. Автор қазақ ертегілерінің көптеген кейіпкерлерін бір кеңістікке жинап, олардың жаңа өмірін көрсетеді. Қотыр торғай, Самұрық құс, Ер Төстік, Керқұла атты Кендебай, Мыстан кемпір, Бекторы сияқты бейнелер балалардың әдеби жадын жаңғыртып қана қоймай, ұлттық танымның сабақтастығын да танытады.
Табиғаттың көркем бейнеленуі де шығармаға ерекше реңк береді. Мұнда күн – дос, ағаштар – сырлас, гүлдер – тірі кейіпкер. Осындай поэтикалық тәсілдер арқылы автор бала мен табиғаттың арасындағы ежелгі байланысты қайта жаңғыртады. Бұл қазақ дүниетанымындағы табиғатты жанды құбылыс ретінде қабылдау дәстүрімен үндеседі.
Жалпы «Ертегілер елінде...» – балаларға арналған шытырман оқиғалы шығарма ғана емес, ұлттық ертегі кеңістігін қазіргі заман мәселелерімен ұштастырған шығарма. Мейіржан Жылқыбай балалар әдебиетінің мүмкіндігін кеңейтіп, бүгінгі қоғамның рухани мәселелерін ертегілік форма арқылы шынайы бейнелей алған. Сондықтан бұл туындыны балалар әдебиетіндегі сәтті ізденіс қана емес, ұлттық фольклордың жаңа дәуірдегі көркем жалғасы деп бағалауға толық негіз бар.
ІТ мамандықты тауысқан Мейіржан ауыл мәдениетін де, қала мәдениетін де өте жақсы меңгерген. Жаңатас аймағында туып, балалық шағы ауылда өтіп, ортаншы сыныпты Алматыда жалғастырған жазушының болмысы – қызық, ойы – озық, қиялы – ұшқыр, сөзі – тосын, қылығы да бала сияқты өзіне жарасып тұрады. Қос мәдениеттің синтезін бойына сіңірген қаламгер ауыл не қала тақырыбына қалам тартса да, жалпы не жазса да сенімді оқылады. Оқырманын бейжай қалдырмайды. Сондықтан біздің ІТ маман заманауи шығармалар ғана жазатын жазушы.
Мейіржан Жылқыбай ұлттық ертегі дәстүрін сақтай отырып, оны қазіргі заманның көркемдік талаптарымен ұштастыра алатын креатив қаламгер. Оның шығармаларынан балалар әдебиетіне деген жауапкершілік, бала психологиясына деген құрмет және ұлттық дүниетанымды жаңаша танытуға деген ұмтылыс анық сезіледі.
Бір сөзбен қысқа қайырғанда, Мейіржан Жылқыбайды қазақ балалар прозасының жаңару кезеңін қалыптастырып келе жатқан ізденімпаз жазушылардың бірі ретінде бағалауға болады.
