Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
Қайролла Мұқанов. Шежіре - қатпары терең қазына...

Қайролла Мұқанов. Шежіре - қатпары терең қазына

18

Қайролла Мұқанов. Шежіре - қатпары терең қазына - adebiportal.kz

Қазақ арасында «шежіре» сөзінің көп тараған мағынасы адамның арғы ата-бабаларынан бері қарай тарау жөніндегі мәлімет. 

Бұл ерте кезде көбіне жазу арқылы емес, еске сақтаумен жүзеге асып келген. Атақты жазушы Сәбит Мұқанов өзінің «Қазақ қауымы» атты соңғы кітабында «Шежіре деп кімдерден кімдер туып, қалай өрбігенін баяндайтын ерте заманнан атадан балаға мирас болып келе жатқан ауызша деректерді айтады», - дейді.

Әр халықтың өз тегін, қайдан шыққанын білуге деген құштарлығы, өзінің түп-тамырын тереңнен таратқысы келетіні тым әріден келе жатқан құбылыс.

Ру, тайпалардың өрбуін ұрпақтан-ұрпаққа ұластырып, жеткізіп тұратын шежіре тарқату салты мәдениетті елдердің бәрінде бар. Шежіренің көп томдық жинақтары Ресей, Германия, Англия, Франция және Шығыс елдерінде арнайы жарияланып келеді. Шежіреге ерекше көңіл бөлетіндердің бірі біздің қазақ халқы. Бірақ, өкінішке орай жазу-сызуымыздың көп уақыт бойы кенже қалып келуі салдарынан Қазақ руларының шежіресі ұрпақтан ұрпаққа негізінен ауызша алмасып жетіп отырған.

Қазақ ойшылдары М.Дулатидың, Қ.Жалаиридың шежірелері, Мәшһүр Жұсыптың «Қазақ шежіресі» қымбат қазыналар болып табылады. Сондай-ақ, шежірені топтау ісінде 1911 жылы Орынборда басылып шыққан Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік-қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», 1903 жылы Қазанда басылған Нұржан Наушабайұлының «Манзұмат Қазақия», Құрбанғали Халидидің 1910 жылы жарық көрген «Тауарих хамса» сияқты кітаптарының да орны бөлек.

Советтік дәуірде шыққан В.Востров пен М.Мұқановтың «Родоплеменной состав и расселение казахов (1968), «Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза» (1974), Марат Мұқановтың «Из исторического прошлого («Родословная племен Керей и Уак»)» (1998) атты еңбектерінде бірталай мәліметтер бар.

Ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов «Қазақ шежіресі» деген еңбегінде: «Қазақтардың әрбір ру басылары өз ру – тайпасының шежіресін, шыққан тегін, елдің әдет-ғұрып заңдарын, ескі жарлықтарын, халықтың басында өткен жағдайларды көп жасаған ақсақалдардан ықыласпен үйреніп, өзінің шешендік өнерін шыңдауда көптеген аңыз-әңгімелерді, мақал-мәтелдерді, маңызды оқиғаларға қатысты ұлағатты асыл сөздерді ұзақ уақыт жаттайды. Сондай дайындығы бар билердің аузынан шыққан сөздерді халық ұйып тыңдайды. Ол нақыл сөздердің мәні өмірдің бар саласын қамтитындай өсиет-өнеге, тәлім-тәрбиелік, патриоттық мазмұнда болып келеді», - деп көрсетті.

«Қазақтардың адам шыққан тегін, жеті атасын білу қажет деп санайтын талабы да ғажап. Бұл талапта терең тарих, толғамды тұжырым, тәжрибе тағылым жатыр. Дәл осы тегін білуі қажеттігінің бір ғана сыры – қасиетті қара шаңырақты, ата-бабаны, әке-шешені, ұрпақ, ұшқан ұяны, отбасы берекесі дәстүрлерін қадірлеу, құрметтей білу» - деп жазды филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Қ.Сәтпаева. «Уақыт шуағы», «Влияние времени» (таңдамалы мақалалар мен зерттеулер. 2 томдық. – А., «Ғылым» - 2005. 565 бет) деген кітабында.

«Әрине, шежіре қазақтың тарихи кеңістігін қамтитын бірден-бір ұлттық ғылым ретінде сақталып келді. Өйткені шежіре аталардың аттарын тізіп қана қоймайды, олардың өз кезінде атқарған тарихи іс-әрекеттерін де әңгіме етеді», - дейді белгілі жазушы Нұрғожа Оразов.

Соңғы кездерге дейін кеңестік идеологияда шежіреде аталатын жүз, тайпа, ру, аталар дегендер надандықтың белгісіндей көрсетіліп, жұртты рушылдыққа бөліп, кертартпалы жолға түсіретін пәле деп саналды.

Қазақстанның белгілі демограф ғалымы Мақаш Тәтімов рулық туралы былай дейді: «Руыңды білу руға бөліну емес, шыққан тегіңді, өз тарихыңды, ата шежіреңді білу ғой, жазу-сызу сақталмаған заманда қазақ өз тарихын көкірегінде ұстады, баладан балаға жеткізді. Шыққан тегін, руын айтса, батысы Қырымдағы мен шығысы Қытайдағы қазақ та бірін-бірі тез ұғысып, білісіп жатты. Руды білудің қазір де әбестігі жоқ. Руыңды айтсаң, сенің географияң, кім екенің, маңдайыңда жазылып тұрғандай. Өйткені қазақтың әрбір руының ата қонысы белгілі, ол сол маңайда өсіп өрбиді. Мәселен, Арғын, оның ішінде Атығай, Қарауыл десең оларды Көкшеден табасың, Қарабалық-Қыпшақты Қостанай табанынан кездестіресің».

Енді біз шежіренің, ру дәстүрінің өткен кезеңде орын алғанын байқап көрейік. Сонда біз аталарымыздың көрегендігін, даналығын тереңірек сезінеміз.

Орыс халқында белгілі бір адамды тауып алу үшін оның адресін, яғни губерниясын, уезін, қаласын, көшесін, үйін анық білу керек. Ал сондай бір адамды біздің көшпелі қазақтар жайлаған ұлан-байтақ даладан қалай тапқан? Аталарымыз ол үшін ол адамнан қай жүзге жататынын, оның ішінде қай тайпаға, қай руға жатып, қай атаға бөлінетінін, қай ауылдан екенін біліп отырған. Сондықтан іздеуші адам өзіне керек кісіні оп-оңай тауып алатын болған. Міне, руды білудің бір пайдасы!

Екінші жағынан, халқымыз жеті атасына дейін қыз алыспаған, қан араластырмаған. Бұл басқа халықтарда жоқ дәстүр. Қазақ халқы некеге тұруды жеті атадан әр асқаннан кейін ғана дұрыс деп санаған. Мұның өзі бір жағынан тұқым асылдандыру сияқты. Аталарымыз осыны баяғыда-ақ білгенге ұқсайды. Және олар осы заңды қатал ұстаған, жеті атадан бері де жастарға қосылуға араластырмау, руды анық білу арқылы жүргізілген.

Сондықтан да қазақ балаға жеті атасын жаттатып отырған және сол аталардың әрқайсысының қабілет-қасиеттерін, қоғамда алған орынын саралап білдіріп отырған. Жас бала өскен сайын жатталған, білген аталар қатары көбейе береді. Ол енді өзге руларды да ажырата бастайды. Ақырында түгел үш жүзді ажыратып, олардың атақты адамдарын да танитын болады.

Шежіренің қазіргі және келешек ұрпағымызға да қажеттілігі мол. Қазақ халқындағы туыстық, жұрағаттық құдандалықтың атаулары өзге халықтардың бірінде де кездеспейді. Мысалы, біздегі бірге туғандарды көрсететін аға, іні, апа, сіңлі, қарындас деген сөздерді орыс ағайындар екі-ақ сөзбен «брат, сестра» дей салады да соған үлкен, кіші сөздерін тіркейді. Бізде әке, ата, ұлы ата, баба болып жоғарылап, төменге қарай бала, немере, шөбере, немене, шөпшек, әлдене болып ұзарса, орыста бұлай ерекшеленбей «пра» қосымшасы арқылы бір сөзбен қайталана береді. Бұған қоса бізде бөле, жиен, жиеншар, нағашы, балдыз, қайынбеке, қайнаға, қайын іні, қайын ене, қайын әже, қайын ата, бажа, құда, құдағи, құдаша, кіндік шеше сияқты жекжат, құдандалы болып кете береді.

Сөйтіп, адамдар арасындағы туыстық қарым-қатынасты байқататын сөздердің көптігі қазақ халқының ілік-жұрағат байланыстарын берік сақтайтын белгісін танытады. «Қарға тамырлы қазақ», «Қазақ сұрай-сұрай қарын бөле болып шығады» дейтін сөз тіркестері содан шыққан. Аталарды анық білу және жеткіншекті бауырмалдыққа, туыстыққа баулитын тәрбиенің бір түрі. Жас ұрпақ сол аталарды анық біліп, оған енетін ағайындарын жақын тарту арқылы әрі қарай ұлғая барып, рулық, халықтық біртұтастықты қалыптастырады да бір ел, бір жердің адамы болып, соны қорғауға, соны қайткенде де бір қажеттілігімен перзенттік парызын өтеуге бой ұрады. Бұл, әрине, аса қажетті адамдық қасиет.

Қазір бұрынғыдай тек коммунистік идеологияның үстемдігі жоқ. Өмірге келген еркіндік, әсіресе еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін халқымыздың ұлттық сана-сезімін оятты. Ғасырлар бойы жиналып, бірақ жарық дүниеге шыға алмай құлыптаулы жатқан асыл дүниелерімізді қайта қарап, халқымызға таныстыруға мүмкіндік туды. Сол асылдарымыздың бірі ата-бабаларымыздан келе жатқан шежіре. Енді тәуелсіз еліміздің беріп отырған еркіндігін пайдаланып, әркім өз жанұясының түпкі тегін, қайдан шыққанын, ата-бабасының кімдер болғанын тарих етіп жеткізсе әбестігі жоқ. Түбінде ұрпағың бүгінгі өзіңнің кім болғаныңды білгісі келер. Әйтеуір білгенге маржан, білмегенге арман ата-баба шежіресін және олардың осы кездегі жалғасын ұрпақтар білгенге не жетсін.

Осы күнгі жұрт қолына түскен шежірені қарап, өзіңнің тұқымын, өзі білетін бес-алты бабаларын іздейді, өйткені әркім өзі өз аталарын білгісі келеді. Оның ішінде атақты батыр болса, білікті би, айтыскер шешен, төкпе ақын, немесе шипагер емші, бақсы-балгер, әнші, күйші, палуан, саяткер, зергер, тағы басқа ерекше көзге түсер адам болса, соларды мақтан тұтып жастар оларға еліктеп өседі. Дәл сондай болмаса да соларға сай болуға тырысады. Жоғарыда аталған өнерлерді құрмет тұтып, өз халқының өркениетін асқақтату, соны ілгері дамытар білікті жан болуға бастау болып табылады.

«Адам баласы өлшеулі өмір сүреді, кетеді, орнын кейінгілер басады. Ғұмырымыз бітісімен атымыз өшіп жатса, ең болмағанда жетінші атамыз пәленше екен деп бір ұрпағың есіміңді айта алмаса, кім үшін өмір сүресің. Бұрынғылар зердесіне сақтап келген екен, жазу-сызуы болмады, ал бізде қағаз да, қалам да, құжат та бар ғой. Мен әрбір қазақ үйелменінің жазылған өз шежіресі өз үйінің қабырғасында ілулі тұрса артық демес едім», - дейді Мақаш Тәтімов аталған кітабында. Өте дұрыс айтылған!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan