Қазақ радиосының алтын қорында сақталған талай хабардың артында қолтаңбасы тұрған белгілі журналист, «Дарабоз», «Сәуле-ғұмыр», «Кейіпкер», «Сахна сыры» атты авторлық бағдарламаларымен руханият жанашырларының, ойлы тыңдарманның ықыласына бөленген Жанар Оразымбеттің кітабы қолымызға тиді. Бұл кітапқа белгілі жазушы, публицист Мағира Қожахметова апай алғысөз жазған екен. Жазғанда да бар ниетімен бұрылып, автордың қоғамның ішінде жүріп өзі бастан кешкен жайларды түсіргенде өмірлік материалға сүйенгенін, ондағы жайттарға қатысты авторлық менінің айқындығын, т.б. ерекшеліктерін тізіп, тап басқан. Ол кісіден асырып не айтамыз? Дегенмен, оқырман ретінде біз де бір қайырым жасасақ па дедік. Жанар әріптестің әлеуметтік желідегі жазбаларын оқып жүргендер автордың адамды тануға құштар, естелікті қадірлеу және өмірдің өзінен әңгіме таба білу қасиетін аңғарар еді.
«Мені бір жанрмен шектемеңіздер»
Маған әуелі кітаптың аты қызық көрінді. «Жанры жоқ жазбалар». Қазіргі әдебиетте «жанрлар аралығы әдебиеті» деген түсінік барын бар ғой, бұл әлеуметтік желідегі мәтіндерге де қатысты. Алдымен Facebook-та, не блогта, күнделікте жазылған қысқа жазбалар, мысалы, жазушы Шархан Қазығұлдың «Он-лайн ойлары», публицист Бауыржан Омаровтың «Желіде желген жазбалары» кейін кітапқа айналып жатқанын көріп отырмыз.
Бұл жерде кітаптың «Жанры жоқ жазбалар» деген атауы әдеби анықтама емес, авторлық ұстаным екенін түсіндік, Жанар бізге «мені бір жанрмен шектемеңіздер» деп отырғандай. Сондықтан бұл атауды шығармашылық еркіндікті білдіретін метафора деуге келетін шығар. Шынымен де оқып шыққанда кітапты таза эссе жинағы деуге келмеді, әдетте классикалық эсседе автор белгілі бір идеяны, мәселені ой елегінен өткізеді, ал Жанардың жазбаларының біразы таза оқиғаға, естелікке, қызықты детальға құрылған. Шынында да адам өзінің өмірін жалғыз сүріп, жалғыз жасамайды ғой, бұрылыста жолыққан адамдар, алған тәлімі, көрген ортасы, естіген әңгімесі оның тағдырына араласып жатады. Сондықтан өмір туралы жазу өзің туралы ғана емес, сені қалыптастырған адамдар туралы да сөз қозғау деген сөз. Олай болса өмірдің өзі де бір ғана жанрға бағынбайтыны рас, бір күні естелікке ұқсайды, бір күні очеркке, бір күні комедияға… деген сияқты.
Кітап туралы айтпас бұрын, автормен аз-кем сұхбат құрған едік, соны ұсынайық.

Сұхбат.
Жанар Оразымбет. Өмірді жазамын. Өзіме де күлемін.
- Жанар замандас, кеше «Бұны кітап қылып шығарамын деген ойым болған жоқ еді» дедіңіз бе, бұл бір жағынан естелік айта отырып, өзіңізді түсінуге арналған күнделік сияқты ма дедім. Адам естелік жазған сайын өткен өмірін пазл қылып қайта құрастырып отырғандай болатыны бар, осы кітапты жазып отырып, өзіңіз туралы бұрын байқамаған қандай шындықты түсіндіңіз?
- Бұл, өзіңіз байқаған шығарсыз, әр түрлі уақытта, әр түрлі кезде әлеуметтік желіде жарияланған жазбалардың жиынтығы ғой. Рас, бұл жазбаларды жазған кезде оның бәрін кітап қып шығарсам деген ой мүлде болған жоқ менде. Әлі де «Кітап жаздым» деп айтуға аузым бармайды. Өмірдегі қас-қағым сәттер, күнделікті өмірде кездесетін жағдайлардың қаз-қалпында жазылып алынған суреттері, жұрт аузында жүрген қызықты әңгімелер, табан астында тауып айтылған тіркестер, шашырап, шашылып түскен шымшымалар, өзім куә болған тосын көріністер – осының барлығы менің әлеуметтік желідегі жазбаларыма арқау болған еді. Соның бәрі жылдар бойы қатталып, жинала беріпті. Соңғы жылдары оқырмандарым мен әріптестерімнің тарапынан осының бәрін неге жинақтап кітап шығармасқа деген ұсыныстар көптеп түсе бастады. Тіптен қалам ұстаған қауым - жазушы аға-апаларымыздың тарапынан да осындай сөздер жиі айтылатын болды. Сосын жазбаларды кітапқа жинақтауды бастаған кезде қандай мазмұндағы жазбаларды енгізген жөн болады деген мәселе туындады.
Жазбаларымның арасында естелік-эссеге келетіндері де бар боп шықты. Журналист болғаннан кейін қоғамда болып жатқан дүниенің бәріне сергек қарап, ой түйіп, қорытып, оған талдау жасап үйренгенбіз ғой. Соның барлығын реті келгенде желіде жүйелі түрде жариялап отырған екенмін. Олар бар. Журналист ретіндегі өзімнің ұстаным, көзқарастарымды білдіретін ой-толғаныстарым, қоғамда резонанс тудырған кейбір мәселелер жайлы пікірлерім, қоғамдық, әлеуметтік, саяси мәселелерге үн қосқан жазбаларым да бар еді. Бірақ оның барлығы бір ғана кітаптың көтеретін жүгі емес екеніне көзім жетті.
Сол себепті бұл кітапқа тек жеңіл оқылатын, оқырманның санасына салмақ түсірмейтіндей, мейлінше юмормен жазылған, жұрт жазып жатқандай, «күлдіре отырып, ойға жетелейтін» жазбаларды ғана топтастыруды жөн деп таптым. Сондықтан бұл кітапты тек өзімнің өмірімнен алынған жазбалар деп айтуға болмайтын шығар. Ал енді осы кітапты құрастыра отырып, өзіңіз туралы қандай шындықты түсіндіңіз дегенде, мен айналамда болып жатқан нәрселерге ешқашан бейжай қарай алмайды екем. Сосын юмор менің жаныма жақын екен. Ең күрделі деген мәселенің өзіне күлкімен қарауды меңгеріппін.
Ешбір жазбамды ойымнан шығарып, ойымнан құрастырған жоқпын. Бәрі өмірдің өзінен ойып алынған шындық.
- Сіз өміріңізде болған жақсы адамдарды көп жазасыз. Өмір болғасын көңіліңіз қалған адамдар да болған шығар, неліктен сіз оларды емес, жүрегіңізде жарық қалдырған адамдарды көбірек жазуды қаладыңыз?
- Адам болғаннан кейін барлық адамның өмірінің күнгейі мен теріскейі, көлеңкелі тұстары болатыны хақ. Менің де көңілімді қалдырған, сатқындық жасаған, опасыздық жасаған адамдар болды. Менің аз-кем танымалдығымды, талантымды көре алмай, аяғымнан шалған, шаужайыма жармасып, жолымды кескен адамдар, болмады емес, болды, әрине. Өмір ғой. Бірақ оның бәрін жария етіп, жұрттың жүйкесіне салмақ жүктегенді қаламаймын. Ал енді өмірде кездесетін ұсақ-түйек пендешіліктерді сөзбен түйреп, сарказммен сазайын берген тұстарым бар. Оны кітаптан оқыған да шығарсыз. Маған солай адамдарды «мақтамен бауыздаған» ұнайды)
- Көптеген танымал тұлғалармен жүздестіңіз. Уақыт өте келе олардың атағы маңызды болып қалды ма, әлде адамдық болмысы ғана есте қалды ма?
- Мен тұлғалар тақырыбында қалам тербеуді тым ерте, Қазақ радиосына келген алғашқы жылдары-ақ бастадым. Алғашқы хабарым «Жас дәурен» деп аталған болатын. Оған елге танымал тұлғалардың балалық шағы мен жастық шағын арқау еттім. Кейін тұлғатану тақырыбының аясын кеңейте түстім. «Сәуле-ғұмыр», «Сахна сыры», «Кейіпкер», «Дарабоз» хабарлары әуе толқынына жол тартып, тыңдарманның көңіл көкжиегінен орын алды. Журналистің тағы бір аты – психолог қой. Хабар жасау барысында кейіпкерлердің ішкі жан дүниесіне үңілесің. Үңілген сайын, адам болмысының қалтарыс-бұлтарыстарын ақтарған сайын кез келген тіршілік иесінің бойында қаншама тұншығып жатқан құпиялардың, түрлі қасиеттердің барлығына көз жеткізе түсесің.
Адам дегеннің қаншалықты күрделі болмыс иесі екенін бағамдайсың. Танымал тұлғалардың да көпшіліктен жасырған құпиялары, ешкімге ақтара алмаған сырлары, жан дүниесінде, болмысында қарама-қайшылықтары бар екенін байқадым. Олардың да пендешіліктері, әлсіздік танытқан, қызғаныш пен көре алмаушылыққа бой ұрған, өмірдің сынақтарына сынып кеткен кездері болғанын аңғардым. Тіпті кейбіреулері соны өздері де айтып, мойындаған кездері болды. Ешкім періште емес. Пенде болғаннан кейін тұлғаларға да сондай дүниелердің тән болуы заңды шығар. Кемшілікті теріп, адамның басындағы мінін көрсету емес менің мақсатым. Мейлінше, мүмкіндігінше тұлғалардың жақсы атын сақтап қалу, көпшіліктің көкейінде сомдалған сүйкімді бейнесіне кір жұқтырмау. Керісінше олардың халқымызға, әдебиет пен руханиятқа, өнеріміз бен мәдениетімізге сіңірген еңбегі мен орнын айшықтау, болашаққа үлгі етіп көрсететіндей жақсы жақтарын ғана насихаттау керек деп ойлаймын.
Танымал тұлғалардың адами болмысын, көпшілік біле бермейтін қырларын аша отырып, талай адамның адами, шығармашылық портретін жасадым. Жасаған хабарыңның бәрін қаз-қалпында есіңде сақтау мүмкін емес. Бірақ солардың адамшылық қасиеттері мен біреуге жасаған жақсылық-шарапаттары ғана есімде қалады екен. Негізі мен өзім де жап-жарық адамдарды жақсы көрем.
- Радиода мыңдаған адамның дауысын тыңдадыңыз. Өзім радиода істеп көрмегендіктен осыны білгім келеді, адамның кім екенін оның дауысынан тануға бола ма?
- Радио үн арқылы тарайтын, үн арқылы жететін адамзат өркениетінің ғажап жетістігі ғой. Адамның көзі сияқты үн де ешқашан өтірік айтпайды. Адамның үні арқылы оның шын айтып отырғанын немесе керісінше жалған сөйлеп отырғанын бірден аңғаруға, тіпті дауысына қарап-ақ қандай адам екенін бағамдауға болады.
Үн деген адамның көңіл күйінің нотасы ғой. Адамның аста-төк пейілін де, шат-шадыман көңіл күйін де, көңіліндегі кірбіңді де оның дауысынан-ақ тап басып тануға болады. Өзіңіз айтып отырғандай, әуе толқыны арқылы қаншама кейіпкерлердің жан сырын ақтартқызған адам ретінде мен осыны байқадым. Телевидениеде көп жүкті бейнетаспа көтереді. Кейбір адамның айтып жеткізе алмаған тұстарын, бейнетаспа арқылы көмкеріп, кейбір артық-кем тұстарды видеомен «жауып» жіберуге болады. Ал радиода ондай мүмкіндік жоқ. Сол себепті радио – ең шынайы ақпарат құралы деп айтуға негіз бар.
Тіпті газетке сұхбат алғанда да журналист оның негізгі айтпақ ойын қалдыра отырып, оны қалай өңдеп берем десе де өз еркі ғой. Ол жерде сұхбат беруші мен кейіпкердің көңіл күйі, мәселеге көзқарасы журналистің шеберлігіне қарай өріледі. Ал радиода сіз адамның үніндегі дірілді, тербелісті, оның жанайқайын қолдан жасай алмайсыз ғой.
- Сіздің жазбаларыңызда юмор бар. Кейде бұл да адамның мұңын жасыратын тәсіл сияқты көрінеді. Сіз үшін әзіл өмірді жеңілдетудің жолы ма, әлде өмір шындығын айтудың ең қауіпсіз формасы ма? Фейсбукте бәрі өз оқиғасын жазады, сіздікі шынайылығымен алады, сіз жазып отырғанда өзіңізді қаншалықты жасырасыз әлде…?
- Бір ғана көріністі бірнеше суретші қатар отырып салуы мүмкін. Бірақ нәтиже әрқайсысында әр түрлі боп шығады. Себебі оны әр суретші әр түрлі ракурстан салады ғой. Өмірде де солай. Әркім өз шындығын жазады. Бір мәселеге әркім әр қырынан келеді деген сияқты ғой. Тек жазу формасы, ақпаратты беру формасы әрқилы. Юмормен беру, тұспалдап жеткізу, әлдекімдердің сарказммен сазайын тартқызу менің стилім шығар… Онсыз да қиын өмірді одан сайын қиындатып қайтеміз?!
Мен ештеңені жасырмаймын. Қалай бар, солай жазамын. Өткенде өзіңіз айтқандай, менде ешкімге ұнайын деген, мінсіз болып көрінейін деген мақсат жоқ. Жалпы әр адам, әр қаламгер жазу барысында өзінен, өзінің болмысынан алыстап кете алмайды деп ойлаймын.
Жазушы өзін жазады ғой, айналып келгенде. Белгілі бір деңгейде өзінің мұңын, өзінің жан тебіренісін арқау етеді өз туындысына. Өзінің сезінгенін шымырқанған шабытпен қайта қорытып, ой түйеді. Соны қағазға түсіреді. Мен де өзімді жазамын. Өзіме күлемін. Ал менің жазғанымнан оқырманым өзін көріп, танып жатса, өзіне өзі бір табан жақындап, өзінің мойындағысы келмей жүргенін менің жазбаларым арқылы, іштей болса да, мойындап жатса, менің жазба авторы ретіндегі мақсатымның орындалғаны емес пе?!
- Оралда жас кезінен зорлық, қиянат көрген келіншек туралы кешегі жазбаңыз әлеуметтік желіде елдің бәріне қозғау салып жатыр, қаншама мәселе бар, бірақ, соны сіз сияқты танымалдығы бар, кісілік принциптері бар журналистер көтергені жақсы. Ол көпшілікке жетеді. Ал енді айтыңызшы, осы кітапқа енбей қалған, айтылмаған, кейінге қалдырған маңызды дүниеңіз бар ма?
- Жоғарыда айтып өткенімдей, журналист ретіндегі кейбір ой-толғаныстарым, әйел, ана ретіндегі көзқарастарымды білдіретін көптеген жазбаларым бұл жинаққа енбеді. Кезінде әйел тағдырына, жер, тіл мәселесіне қатысты өткір мәселелер жаздым. Еліміздегі мәйітханалар тақырыбын да көтерген едім. Менің сол жазбамды арқау етіп, бір кездері журналист әріптестерім телеарнада осы тақырыпты көтермек те болған. Бірақ бұл «жабық тақырып» деп танылып, сол күйі жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Бұл жазбалардың да бір күні туар. Уақыт көрсетер, әзірше ештеңе айтпай-ақ қояйын. Мен қоғамда болып жатқан мәселенің барлығына өте сергек қараймын деп айттым ғой.
Бір қызығы мен ешнәрсеге тұтынушылық көзқараспен қарай алмайды екенмін. Тіпті, кино көрсем де, кітап оқысам да оған қарапайым оқырман немесе көрермен ретінде қарай алмайды екем. Оқиғаны қалай өрбіткен, оның кульминациясын, яғни шарықтау шегіне қалай жеткізген? Кейіпкерлердің болмысын қалай ашқан? Жай ғана елеусіз бұрышта тұрған қураған гүл арқылы автор не айтқысы келген деген сияқты сұрақтармен бас қатырып, талдап, сараптап кетеді екенмін. Соған қарағанда журналистика менің сүйегіме сіңіп кеткен-ау деймін.
Ал енді әйел тағдыры мен балаларға қатысты мәселеге тіпті бейжай қарай алмаймын. Наташа Қалымбетованың мәселесі де дәл сондай ұлттың жан жарасына айналған тақырып деп ойлаймын.
- Журналист ретінде өзгелерге сұрақ қойып үйрендіңіз. Ал өзіңіз қашып жүрген сұрағыңыз бар ма немесе өзгелердің өмірін көп тыңдаған журналиссіз, өзіңізді тыңдап көруге уақыт табыла ма деп сұрағым келіп отыр.
- Маған өмірі уақыт жетпей жүреді. Өзіме қойғым келетін сұрақ көп. Радио деген бір алып конвейер сияқты дүние ғой. Күнделікті қаншама дүние жазылып, ол әуе толқыны арқылы толқынмен тербеліп, ауаға ұшып кетіп жатыр. Толқында журналист, желіде белсенді болғанымызбен, үйде әйел, ана, әжеміз ғой. Қарбалас өмірде бір күніміз бір күнімізге ұқсамай, аласапыран тіршіліктің иірімінде өзіме уақыт таппайтын кездерім көп. Егер өзіме уақыт тапсам, көкейімде көгенделген дүние көп, соларды басқа формада қағазға түсірсем деймін. Ол енді тағы да уақыттың еншісіндегі шаруа. «Арық айтып, семіз шыққанды» жөн көрем өз басым.
- Кітабыңыздың бір бөлімі «Өмірдің өзі» деп аталады. Сіздіңше, өмір адамға ең алдымен нені үйретуге тырысады, ал адамдар сол сабақтың қайсысын көбіне түсінбей өтеді?
- Өмірдің үйретері көп қой адамға. Әңгіме өмірден кімнің не алғысы келетіндігінде. Жанды сыздатып, жүректе сызат қалдыратын жағдайлар, өкпе, реніш деген нәрсенің бәрі жүрекке салмақ салады, күйзеліске ұшыратады екен. Кешірім ғана сіздің жүрегіңізде тыныштық орната алады. «Бақыт дегенді қалай түсінесіз?» деген сұрақты көп қояды маған. Мен ол - жанның тыныштығы деп ойлаймын. Біз, қазіргі адамдар, осындай өмірдің қарапайым қағидаларын түсінуден қалып бара жатқан сияқтымыз. Кейде өмір мүлде басқа, біз ойламаған жолмен жүруге мәжбүр етуі мүмкін. Сондықтан болған жағдайды өмірлік тәжірибе ретінде қабылдауға тырысу керек тәрізді. Соған сай әр адамның өмір жолы да әрқилы, жарық дүниеден алатын тәжірибесі де әртүрлі. Бұл жерде нақты бір формула жоқ сияқты.
- Шағын сұхбатымызда тек кітап бойынша сұрадым, ал негізі Мағира апайдың сізге бір кезде «сен актриса болуың керек» дегені ойымда тұр, неге олай деді, мүмкін, шынымен қабілетіңіз бар шығар?
- Иә, көп адам менің болмысымнан актриса көретіні де рас. «Неге актриса болмағансыз?» деп сұрайтындар көп. Бір мәрте киноға, эпизодтық рөлге түскенім де бар, айтпақшы. Актрисалық қабілет бар ма, жоқ па, ол жағын байқап көрмеппін. Ал жалпы біздің бәріміз өмірдің сахнасында өз рөлдерімізді бірде сәтті, бірде сәтсіз сомдап жүрген әртістерміз ғой…
- Уақыт бөліп, сұрағымызға жауап бергеніңізге рахмет.

Енді кітап туралы айтайық
Жанар Оразымбетті өмірде бетпе-бет көргенім жоқ, бірақ кітапты оқып отырып, автордың адамдарды құрметтей білуі, өмірдің қызық тұстарын байқап, оларды тартымды әңгімеге айналдыра алатын қасиеті барын байқадым. Өмірдің байлығы адамның жинаған дүниесімен емес, жадында сақталған адамдары мен әсерлерінің көптігімен өлшенеді. Қарап тұрсаңыз, біреу артында үй қалдырады, біреу кітап қалдырады, ал кейбір адамдар өзгенің жүрегінде жылы естелік болып қалады, бұл кітап сондай адамдардың қадірін уақыт озған сайын тереңірек түсінуге шақырады десек болатын шығар.
Бір кезде Қонаевтың қолынан қос алма алған қыз бұны жақсылыққа жорығанын көреміз.Фариза ақынның ықыласына бөленгені, атақты Әнуар Байжанбаевтың көзін көре қалғаны, Жолымбет ағасынан бағыт алуы, атақты Оралханмен дидарласу, Көпен Әмірбекке, Мәдина Ералиева, басқа да өзі сұхбат алған, кейін жора-жолдас болып кеткен адамдарға қатысты мысалдар оқыған адамға жылы әсер сыйлайтыны анық. Өйткені ел білетін адамдар бізге атағымен айбарлы көрінеді, ал бірақ, Жанар әңгімелеген кезде олардың да қарапайым адам екені, кейде жылуға, ықыласқа зәру адам екенін көресіз.
«Өмірдің өзі» деп аты айтып тұрғандай өмірде болған оқиғалардан жазылған мысалдар шынайылығымен баурайды. Мысалы, «Атам главный врачтың балтырын қайдан біледі» деген сияқты, одан бөлек қайта құру кезіндегі Алматы, жас отбасылардың өмірі, жатақхананың көрінісі, жұпыны тіршілік, экономикалық дағдарыстан өткен халықтың өмірін боямасыз көз алдыңа келтіретін мысалдар қаншама. Автор қазақтың кейде аңғал, кейде ерсі көрінетін біраз мінезін, тойға, құдалыққа барардағы шектен тыс әбігершілігін, тіпті сарқыт алған кездегі бала мінездерін («біздікінің ішінде лепешкісі бар» деген сияқты), тіпті бәсіреге мал атаудағы мінезін сол күйі берген. Оқып отырып танисың, танып отырып күлесің. Адамның ғұмыры үлкен оқиғалардан ғана құралмайды. Кейде бір ауыз сөз, қысқа кездесу, бала күнгі әсер немесе жол үстінде көрген қарапайым көрініс оның өмірлік танымына айналады. Сондықтан өмірдің шынайы мағынасы ерекше сәттерде емес, күнделікті тіршіліктің ішінде жасырынып жатады.
Біздің әлдеқашан істен шыққан мақыра-мүкәммалымызды қимайтын дүниеқоңыздығымызды да «бетімізге айтады». Және о баста әлеуметтік желіге жазылған жазбалар болғандықтан жазбаның беті күлген смайликтен көрінбейді, несі бар, бұл да «жанры жоқ жазбаға» ерекшелік беріп тұр. Әзілмен жеткізіп отырғаны – көбіне әлеуметтік мәселелер, мысалы, «қазіргі заманның әжесі қандай болуы керек, еркегі қандай, жауапкершілік мәселесі», т.б. оны біз желіде зарлап, жылап, жылатып күнде жазамыз, автор оны күлдіріп те жаза алады...
«Ауылдың айтқыштары» бөлімінде ауыл адамдарының жағдайға қарай жөппелдемде айта салған сөздері берілген. Жанардың соның бәрін мән беріп, зердесіне жазып жүргені – оның ауылға, өзі көрген, таныған адамдарға деген құрметі, бәлки сағынышы деп түсіндік. Бұның ішінде «Радио деген ғажабым» деген бөлімі бөлек ұнады. Радиоға қайта келгенде Жүрсін ағасы жұмысқа алмай, телевидениеге кеткенде қайта шақырып, содан көп өтпей оның кеңесшісіне айналған оқиғадан бастап, Бауыржан Момышұлын әлі тірі деп ойлап, «нәкөне де батырдан сұхбат алмақшы болған» келіншектің оқиғасымен жалғаса береді. Бұл бөлімде журналистердің қандай қабілет-қарымы болса да, басқа жұрт үшін жұпыны көрініп тұрса, оның кәсібилігі, қоғамға қылған қызметі өз деңгейінде бағаланбайтыны да… көп жайды аңғартатыны да айтылып өтеді. Әріптестерін де ұмытпайды, Бақыт, Гүлбағыш, Советхан. Актерлер өмірі де Жанардың назарынан тыс қалмаған екен. Қысқа жазбалардың әрбіреуінің астында жазылған уақыты көрсетілген, соған қарағанда автор өзіне әсер еткен жайды сол бойда күнделігіне тізіп отырғаны көрінеді. Дәл сол сәттегі қабылдауымен, эмоциясымен.
Жанардың эфирдегі бөлек сырлы даусы, жасаған хабары салмақты, танымдық, мәні терең, тыңдарман соны аңғарады. Әзілхан Нұршайықов, Дулат Исабеков, Есмұхан Обаев, Ескендір Хасанғалиев, Сәбит Оразбаев, Сұлтанәлі Балғабаев… олардың бәрі осы қазақтың өнері мен мәдениетіне адал тер төккен адамдар, осы Жанардың хабарына қатысып, халықпен тікелей эфирде қауышқан жандар. Уақыт кей сәттерді алыстатқанымен, естелік жоғалмайды. Адам есейген сайын сол өткен шақтыңөз бойында қалдырған жарығына сүйеніп өмір сүреді. Жанардың жазбалары да сол жарықты жоғалтпай сақтаудың бір жолы секілді. Сондай-ақ «Балалық шақ» бөлімі де әркімге ыстық, ауыл баласының ойыны, мойнындағы міндеті, жастай шаруаға араласуы, өзіне шақ киім кимей өсуі кеңес кезінде өскен балалардың ортақ естелігі - кейде жетіп, кейде жетпей жатса да, әркімге ыстық балалық шағы ғой. Естеліктеріңді оятып, ішіңді қозғайтын бұл әңгімелерді әркім өзінікіндей қабылдауы мүмкін. Адам өмірді алға қарай жүре түскен сайын түсінемін деп ойлайды. Шын мәнінде, біз өмірдің мәнін артқа қарап ұғынамыз. Балалық шақ, жолыққан адамдар, естіген сөздер, көрген жақсылықтар уақыт өткен сайын оқиғаның өзі емес, адамды қалыптастырған рухани тірекке айналады. Сондықтан естелік өткен күнді сағыну емес, өзіңнің кім болғаныңды және кімге айналғаныңды тану.
«Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деген бөлімде ішінде ештеңе сақтамайтын, бары аузында, кейбір пікіріме кім қалай қарайды демейтін адамды көреміз. Адам өзін-өзі кекетіп, кей қылығын күлкіге айналдырып, өзіне-өзі айна болып отырады. Бұл жақсы ма, жаман ба? Әрине, жақсы. Өзіне әділ, шыншыл баға бере алатын адам басқаларға да солай қарайды. «Бала тілі – бал» деген бөлімде Жанардың тағы да бала әлеміне жақын, солардың қасында өзі куә болған немесе естігендерін қаз-қалпында беріп отыруға асық екенін, сол арқылы баланың әппақ әлемін, риясыз мінезін көрсетуге асық екенін байқаймыз. Оның бәрі тазалықты көруге құштарлық, көргеннен ләззат алу секілді. Ал енді өзіме «Жолжазбалары» ерекше ұнады. Стамбулға, Тай еліне, басқа елге барып-келіп жатқан қанша адам бар ғой, бірақ, олар Жанар сияқты барған жағынан әсер алып, әңгімесін майын тамызып айта алмасы анық. Бәдәуилер, Мысыр сапары, Гүржі, Мальдив аралы туралы оқып болғанда, автор тағы бір жаққа саяхаттауға барса екен деп ойлайды екенсің, сонда тағы бір жақсы әңгімесін оқып әсерленер едің. Аудармалар Жанардың танымдық дүниеге қызығатын, елең еткізетін, адамның күрделі жаратылысын, қабілетіне қатысты қызықты деректерге есі кететінін көрсетеді. Өйткені қай аудармасын алсаңыз да, оның танымдық жағы тартып әкетеді. Студент болып көрмеген академик бола ма? Болады екен, Жанардың көзіне түскен сол дерек. Тастанды балаларға мейірімін төккен қытай әйелі, ақ аюлармен бір жыл тұрған әйел, бәрін тізіп жатпайық, осылай кете береді. Негізі бұл танымдық деректерді біздің әрқайсымыз әр жерден оқығанымыз, кездестіргеніміз анық, бірақ, Жанардың қазақша аудармасында артық-ауыс, бөлек-салақ ештеңе жоқ. Сонысымен қызық. Ол осылай кейбір жас жазушыларға да әсер етеді, мысалы, жас журналистердің Жанар жазған «Атақты Кристиан Диордың музасы кім» дегені кәдімгідей елді елең еткізіп жаңалық болды. «Өмірді өнерге жалғаған алаяқ» дегенін оқып көріңізші. Бізде алаяқтар көп, бір салада жетілген, үлкен компанияларды басқарған, сосын елді алдап қашқан, олар мыңнан асқан шығар. Бірақ, алаяқтың да қайырымдысы бар екен. О бір замандарда әлжуаз, шала туған сәбилерді құздан лақтырып жіберген, жаугершілік заманда оларға кім қарасын, одан бері де бәрібір адам болмайды деп… ал Майкл Коэн оларды өз мақсатына пайдаланған, және сол балалардың 85 пайызы адам болып кеткен. Бұл керемет емес пе! Қалғанын Жанардың кітабынан оқып аласыздар. Біздің мақсат – жай кітап жайлы айтып өту.
Сонымен, кітап несімен ерекше? Үлкен оқиғаларды емес, өмірдің өз ағысында байқалмай өтетін ұсақ детальдарды әдеби материалға айналдыра білгенімен. Кейіпкерлері де, оқиғалары да қолдан құрастырылмағандықтан, оқырманға жасандылық сезілмейді. Жанардың жазбаларында біреуді таңғалдыруға немесе ерекше көрінуге ұмтылыс жоқ, керісінше адамға жақын, таныс дүние бар. Сондықтан бұл кітапты оқығанда бөтен біреудің өмірін емес, өз өміріңіздің бір сәттерін оқып отырғандай әсер аласыз.

