Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АҢЫЗ-ӘФСАНА
Қазақ прозасына миф керек пе?...

28.08.2017 14537

Қазақ прозасына миф керек пе?

Қазақ прозасына миф керек пе? - adebiportal.kz

Миф және біз

Мифтік тұрғыда ойлау адамзаттың санасының сәби шағына тән деген тұжырымдар қазір ескіре бастады. Тіпті бүгінгі прозадағы көркемдік шындықты бейнеленуде мифтік образдарды пайдалануды арнайы тәсіл етіп алған қаламгерлер бар. Демек ұлттық әдебиетімізде мифтік дүниетаным түрлі бейнелерге негіз бола алды. Қазіргі қазақ прозасындағы мифопоэтиканың өзіндік қырлары әдебиеттің көркемдік деңгейіне қаншалықты әсер ете алды? Қазіргі прозадағы мифтің қызметі қаншалықты?

Анығында миф - адамзат қалтқысыз және сөзсіз сенетін нәрсе. Себебі адамзатты ұстап тұрған - сенім. Адам бұл дүниеде жоқ әділеттің о дүниеде бар екендігіне сенгісі келеді. Адамдардың көбі бір тістелген нәпсі жемісі үшін жаза кеңістігінде жүргеніне нанады. Бізге белгілі һәм белгісіз қоғамның барлығы да Құдайдың бар екендігіне сенген. Осы сенім – Құдайды іздеуге, қаһарына ұшырап қалмауға, жаза мен кие деген кесімнің бар екендігін түйсінуге мүмкіндік берген. Демек, миф болмаса, адамзаттың санасында сенім де болмас еді, ал сенім болмаса Құдай да жоқ деген сөз. Егер адам түйсігінен сенім деген ұғымды шегеріп тастайтын болсақ, онда мына дүниенің тас-талқаны шыққан болар еді. Демек мифтің тек қана әдебиет емес, өнердің өзге саласында, дінде, дамыған ғылымдар арасында бар болуы заңдылық.

Ұлттық таным және миф

Әлемдік әдебиеттану мифті жаратылысты түсінудегі, дүниені танудағы рухани мәдениеттің алғашқы сатысы ретінде түсіндіреді. Ендігі мезетте бүкіл адамзатқа ортақ миф бар да, жекелеген ұлт пен ұлысқа лайықты мифтер бар. Мәселен, қазақтың ұғымындағы перілер - көшпелі. Олар да үй тігеді, мал бағады деген сенім болған. Демек миф - ұлттық дүниетанымның түп-тамыры. Егер ұлтқа қатысты белгілі бір мифтерді білмейтін болсаңыз, мифтік таным қалыптаспаған болса, белгілі бір ұлтқа тән түсініктердің мәніне бойлай алу қиынға соғар еді.

Миф және жанр мәселесі

Мифке бет бұра бастаған тенденцияның орын алуы тегіннен тегін емес. «Миф ( грек mesthos-баян, аңыз, мысал) - халық творчествосының өте ертеден қалыптасқан ең көне жанрларының бірі» деп «Әдебиеттану терминдер сөздігінде» ашық түрде жазылғанымен, оны түбегейлі жанр деп айтуға жүрексінетініміз бар. Осыдан соң "қазақта миф жанры жоқ" деп айтылатын уәждерге қарсы тұруға қауқарымыз да қалмай қалатын секілді.

Миф және идеология

Әрине құрғақ жерден миф қалыптаса салмайды. Анығында мифтің өз дәуірлеу кезеңі болған. Ол кезеңде миф - үлкен идеологиялық қызмет атқарғанын аңғару түк те қиын емес. Ит культі кезінде күллі түркілер қаншық қасқырдың сүтін еміп өскен он тайпадан тұратын ел болған деген сенім міндетті түрде қажет болған. Осыдан кейін мифтің идеологиялық қызмет атқарғанына келіспей көріңіз. Ғалымдардың қасқырдың түркілік тотемге айналуына оның айға қарап шығаратын дауысы себеп болған деседі.

Шоқан Уәлиханов қазақтардың отқа қатысты нанымы туралы «Қырғыздардағы шамандықтың қалдығы» деп аталатын көлемді мақаласында былай дейді: «От шаңырақтың жебеушісі, сондықтан қырғыздарда келін жаңа отбасының табалдырығын аттаған кезде үлкен үйдегі отқа табынуы керек. Бұл моңғолдарда да бар салт және ол некелесу салтының орнын ауыстырады. Қырғыздарда ол көптеген ұсақ-түйек жақтарын жоғалтқан, яғни моңғолдармен салыстыратын болсақ, бүге-шігесіне дейін қолданылмайды»

Миф және культ

Мифология бізге дейінгі культтер тарихына тоқталмай өзінше ірге көтере алмайды. Оның себебі біз жоғарыда айтқан ұлттық танымдарда жатыр. Соған сәйкес, мифтік шығарма жазамын деп ойлаған жазушы міндетті түрде ол культтерден хабары болуы тиіс. Мәселен, бір жазушы ордалы жыланның киесі туралы қалам тергемек болды делік. Ол міндетті түрде қазақ танымындағы үш әлем, соның ішінде жер асты әлемін білуі тиіс. Бағзы замандардағы жылан культінен әбден дерлік хабары болуы тиіс. Оны білмей, ордалы жыланның көші, жылан мен адам арасындағы арбасу деген секілді тақырыптарға бару қиындау. Мифопоэтикалық проза жазбақ болғандарға осыны ескеру керек.

Жылан култіне кейінгі біздің қазақ қоғамында айырықша орын алатынын - от культі.

Отбасы мен ошақ қандай киелі болса, отқа қатысты кәсіп иесі де түркілік танымда қадірлі болған. Мәселен ұсталық кәсіпті меңгергендерді киелі адам деп есептейтін болған. От тазарту құралының рөлін атқарған. От - ұрпақ жалғастығының кепілі. Жас баласы бар үйден нәресте шетінеп кетпесін деп, күн батқан мезгілден таң атқанға дейін сыртқа от алып шығуға қатаң тыйым салынатын болған. Бұл тыйым бұзылса, ұрпақ жалғаспай қалады дегенге кәміл сенген. Отқа май құйып, ақсарбас қойды құрбандыққа шалу арқылы осы үрейдің басын қайтарып отырған. Демек, ұрпақ жалғастығынан айрылу-трагедиялық жағдай. « Түтінің түзу шықсын», «отың сөнбесін» деген тіркестің барлығында күнделікті өмір-тіршілігі отпен сабақтасып жатқан халықтың танымы көрініс береді. Көш кезінде отты сөндірмес үшін қоздаған шоқты күлімен бірге жаңа қонысқа ала көшу, отты үшкір затпен көсеуге тыйым салу, оттан аттауға, отты тебуге, шаш, тырнақ секілді лас нәрсені отқа тастамауға, отқа түкіруге, су шашуға, оттың орнын басуға, шамды үрлеп өшіруге болмайтын тыйымдар халық санасына сіңіп кеткендіктен, қоғам өмірін реттейтін маңызды тетікке айналған. Бүгінгі жазушылардан отқа қатысты танымның ұшығын байқау мақсатында кейіпкерлер аузына осындай элементтерді салып отырса, деген ұсыныс айтқым келеді. Күлді баспау туралы жазушы Қойшыбек Мүбәракта кездеседі.

Асқар Алтайдың «Киллер Сауысқан» әңгімесіндегі кие мотиві

Ислам дініне дейінге мифтік танымда кие мотиві алғашқы орында тұрған. Барлық заттың иесі мен киесі бар деп ұғатын халық «кие ұрады» деп қорыққан. Ал күнә туралы түсінік қазаққа исламның келуімен, діни ұғымдармен толықты. Қазақ санасында күнә туралы білімдер ислам дінімен келген халық жадындағы Құран аңыздарындағы білімдермен байыды.

Кие - халық ұғымындағы жанды, жансыз заттарда болатын ерекше тылсым күш, қасиет.

«Киллер Сауысқан» әңгімесінде бөрі – танымы көркемдік деталь ретінде пайдаланылған. «...бөрінің көк жалыны ғайып болып, орындарында үңірейген қос үңгір қарауытады», «Арлан бөрінің» «сұғанақ сауысқаннан» ажал тапқаны әңгімедегі оқырманды бір селт еткізіп, өзіне баурап алатын тосын деталь десе де болғандай. Себебі әдетте азуын айға білеген түз тағысының сүйкімсіз ала құстан мерт болуына сену қиын. Десе де, автор арлан бөріні символдық кейіпкер етіп ала отырып, біздің түркілік танымымызға қатысты астарлы ой айтқысы келетіндей. Қасқыр мифі пайда болғалы бері қаншама дәуірлер дөң асты? Халықтың ғұрыптары мен дәстүрлерінің түп негізі мифтің тасасында жасырынып жатады. Ал қалам ұстағандар соны таным көзімен байқай қалып, ары қарай дамытады десек те болғандай. Қазақтағы «көзі ашық, көкірегі ояу» деген тұрақты тіркестің мәнін осы шығармадан аңдауға болады. Көкірек көзінің ағып түсуі адамды рухани кембағал етеді. А.Алтай да көз мүшесі арқылы осы идеяны шебер бере білген. Сауысқан көзді ойып түсіреді. Көзі жоқ аң өз әлеміне өзі қамалады да қалады. Сыртты бағдарлай алмай, өзіне-өзі қамалған кез-келген жаратынды басқаның басқаруына өтеді. Соның бағытымен жүреді. Барлығына бас изегіш келеді. Өзге де аңдарды көзқамаққа түсірген сауысқанның мінезін аша отырып, автор кие мотивін де көркемдік деталь ретінде пайдаланады. «Кеше түнде келіннің аман-есен жаны қалып босаныпты. Бірақ сәби көзсіз туыпты. Көзсіз, қассыз туған нәрестенің бет-жүзі жып-жылмағай көрінеді Дәрігер мұның ұлына «жүз жылда бір ұшырасатын жұмбақ құбылыс» депті». Түсінікті болу үшін, тоқтала кетейк; сауысқан арқылы аң ұстайтын кейіпкердің жүкті келіншегі көзссіз бала бала дүниеге алып келеді.

Мақсат Мәліков шығармашылығы

Жердегі адамдар әрекетіне жиіркеніш пен Жердің өзін сағыну психикасын Мақсат Мәліков «Үшінші әлемнің тұрғыны» деп аталатын көлемді әңгімесінде ашып көрсете алған. Прозаик өзінің жазушылық мүмкіндігін осы әңгімеде көрсете алды деуге болады. Өзге әңгімелеріндегідей баяндау кезінде логикалық қателер жіберіп алған тұсы да жоқ емес. Атап көрсетер болсақ: «Бөлмеге енген кезде патша тағынан тұрып, бізге қарай аяңдады. Ол да мені алып келе жатқан адамдарға ұқсайды», «Мынау сиқырлы шар. Оны тек патшаның өзі, оның қызы және мен ғана ұстай аламын. Бұл шарды көріп тұрған сіз төртінші адамсыз. Сіз зерікпесін деп беріп жіберді». Анығында ол үшінші әлемнің бөгде бір болмыс иесі, адам емес. Жазушы адамдардан безіп, бөгде болмыс иелеріне, басқа әлемге тап болған адамды жазып отырып, сондағы кейіпкерлерді де адам деп жазып жіберген. Мұндай логикалық қателер мистикалық, мифтік сарындағы жанрдың ішіне еніп кеткен оқырманды кері итереді. Көркемдік шынайылыққа күмәнмен қарауға итермелейді.

Әлемнің үш деңгейіне қатысты қатысты мифті арқау ете отырып прозаик кейіпкерін жоғарғы әлем тұрғындарының кеңістігінен бірақ шығарады. Кеңістігі - жер, арман-мұраты да Жер бетіндегі тіршілікке негізделген кейіпкер жаңа әлемді тосырқай қабылдайды. Жерді сағынады. «Адам деген қызық қой, жалғыз болса да, қарғыс атса да, жағасында толқыны тулап жатқан, суы, ну орманы бар аралға тап болған Робинзон Крузо қандай бақытты деген ой келеді» кейіпкерге. Бірақ автор осы әңгімеде бір детальді өте оңтайды пайдаланады. Ол-шарайна.

Тағы да оқи отырыңыз: Ықылас Ожайұлы. Хиндсайт қателігі

Бүгінгі жас прозаиктер шығармашылығына үңілу үсінде, мифтік элементтерді іздестіру барысында Мақсат Мәліковтің «Жердің жанасазы» деп аталатын еңбегінен жылан культін байқауға болады

Кеңістік қараңғы болмай мистиканың толық болмысы ашылмайтындай көрінеді. Ал оның барлығы түннің, қараңғының адамзат баласы үшін-тылсым екендігін білдірсе керек. Біздің сезу мүшелеріміздің мүмкіндігі жеткен жерге дейін біз түйсіне аламыз, білім жинаймыз, зерделейміз. Ал сезу мүмкіндігіміздің шектелген тұсы бізге үрей тудырады. Қараңғыда көру мүмкіндігіміз төмендейді. О дүниені бес мүшеміз де сезіп көрмеген. Демек тылсым, мистика- біздің мүмкіндігіміз аяқталған жерден басталады. Адамзаттың осы бір ерекшелігін көркем әдебиетте, бүгінгі қазақ прозасында Мақсат Мәліков өте жақсы пайдалана білген. «Талақ таң» деп аталатын әңгімесінде таң атпай, күн мүлде шықпай қалады. Мұнда да уақыт және кеңістік мәселесі байқалады. Кеңістік қап-қараңғы, ал уақыт белгісіз. Күн жоқ болғандықтан уақытты межелеу қиындау. Сондықтан автор мынандай жолдарды берген: «Күн өткен шығар, ай өткен шығар, мүмкін арада сан жылдар сырғып өткен болуы мүмкін, бәлкім бір секунд та алға жылжымаған шығар, әйтеуір бір заматта ұшып келе жатып, әлденеге соқтығысып қалды» «Талақ таң» әңгімесін Мақсаттың прозасының ішіндегі ерекше бағалап айтуға лайық шығарма дер едім.. Дәстүр жалғастығыынан автор жауынды іздеп жолға шыққан «Толағай» туралы аңыздың формасын пайдаланады. Тек бұл жолы жауын емес, кейіпкер күнді іздеп шығады. Тағы бір айырмашылығы Толағай тау көтерген мықты жігіт болса, күнді іздеп шыққан әлсіз де нәзік, өзі жетім қыз баласы. Фантастикалық элемент қыз күнді іздеп жолға шыққанда ауыл ақсақалының қызға ақ қанат байлап беруінен көрініс табады

Аягүл Мантай шығармасындағы мифтік элементтер

Жаһандану кезеңінде өмір сүріп жатқан ұлтымызға батыстық дүниетанымның да әсері соқпай өтіп жатқан жоқ. Атап айтсақ, прозаик Аягүл Мантаеваның «Қабір гүлі» деп аталатын әңгімесі біздің дүниетанымызыға батыстық салттың да ықпал етіп жатқандығын анық көрсеткен. Әдетте, исламды қабылдағанына бірнеше ғасыр болған қазақ бейіттің басында құран оқиды. Топырақ салады. Ал Аягүлдің кейіпкерлері қабірдің басына гүл қойғысы келеді. « Қабір гүлінде» батыстық мифтік элеметті жазушы көркемдік деталь ретінде қолданған. Қызыл гүлге қатысты Наполеон мен Жозефина туралы оқиға кірістірілген. Жас жазушыға бұл көркемдік детальді кірістірудің қаншалықты қажеті болды? Бастысы мифтік таным белгілі бір ұлттың дүниетанымының ақпаршысы деп қабылдаған күннің өзінде біздің санамыздың өзгергендігін, жасалып жатқан көркем шығармаларымыздан да анық аңғара аламыз. Батыстың мәдениетін игеріп, ғылымын оқып жатқан Ұлы жібек жолының торабында орналасқан байырғы түркінің бүгінгі ұрпақтары Шығыспен де, Батыспен де мәдени-саяси байланысқа түсті. Ал байланыс бар жерде таным дүниесіне өзгерістер енетіні тағы бар. Енді батыстық мифтік деталь деп отырғанымыз қандай деталь? «Наполеонның әйелі фиалканы жақсы көретіні сондай өзі қастерлейтін сол гүлді шашына тағып жүреді екен. Даңқты қолбасшы Жозефинамен қосылған күнді жылда есінен шығармай, оған фиалка гүлін сыйлайды екен. Бір жылы базарға фиалка гүлін әкелуге жұмсаған қызметшілері құр қол оралыпты. Жарының жанарынан кірбің көргісі келмеген қолбасшы гүлді өзі іздеуге шығады. Базарды аралайды, жоғын таппайды. Көше бойлап, іздейді. Іздегені жоқ. Қолбасшы «Фиалка гүлінсіз Жозефинаның көзіне қалай көрінемін?» деп уайымдайды. Іңірде фиалка гүлін өткізе алмай тоңып, бүрісіп тұрған бүкір кемпірге кезігеді. Қолбасшы құшағын фиалкаға толтырып, үйіне оралады. Көзінде нұр ойнаған Жозефина фиалканы иіскей беріп: – Мынау моладан жұлынған гүл ғой, – деп талықсып кетеді. Өлмелі бүкір кемпір гүлдің моладан жұлынғанын мойындап, жанына сауға сұрап, қолбасшының аяғына жығылады. Көп ұзамай Наполеон ақылды Жозефинасынан айырылып қалып, жалғыздық мұңына қамалады. Қолбасшы сүйікті жарының қабірінің басына фиалка гүлін ектіріпті. Өмірінің соңғы азапты күндерінде Наполеон Жозефинаның қабіріне барып, бір тал фиалка гүлін жұлып, төс қалтасына салады. Арада көп уақыт өтпей ұлы қолбасшының өзі де мерт болады». Аягүл өзінің «Қабір гүлі» әңгімесінде де Бұрым есімді қыздың қабірде өсіп тұрған әдемі қызыл гүлді жұлып алып иіскегеннен кейін қайтыс болып кететіндігімен, осы детальді өз шығармасына кірістірген. «Сарша тамыздың соңғы күнінде Есіркеп көкемнің қызы Бұрымның өлімі туралы қаралы хабар жетті. Түнде ұйықтағаннан қайтып оянбапты. Зиратқа барғанымызда Бұрымның топырағы кеппеген қабірден қып-қызыл әдемі гүлді жұлып алғаны есіме түсті.

- Мұндай иісі жұпар шашқан гүлді бірінші рет көріп тұрмын. Не деген әдемі гүл!-деп құшырлана иіскеген. Сол жұпар иісі аңқыған гүлді кейін еш жерден кезіктірмедім. Сонда ол: «Бұл гүлды саған сыйлар едім, бірақ қимай тұрғаным»,-деп әдемі күлімсіреп еді».

Жоғарыда көрсеткеніміздей мұндағы кейіпкер де Қабір гүлін иіскегеннен кейін көз жұмады. Әлемдік мифтік әңгімені деталь ретінде пайдаланып осындай жаңаша, қазақ қоғамына қатысты тың бір әңгіме жазылған. Аягүл өзінің бауырына арналған әңгімені жазып бастағанда «Қабір гүлі» туралы француздық мифті кіріктіремін, тіпті әңгіменің атын соған сәйкес қоямын деп ойламаған екен. Есесіне «Қабір гүлінде» жылан культі туралы жолдарды да ұшырастыруға болады. «Үлкендердің : жалбыздың арасында жыландар көп, суға көп түсе бермеңдер, жыландар патшасын ашуландырып аласыңдар» деген сөзін жай қорқытады деп қабылдайтынбыз. Бір күні шомылып жүрген Масақбайдың Көккөзі Андрейден қашып, жалбыздардың арасына барып жасырынады.Үркіп кеткен жыландар бір-біріне оратылып, су бетіне шыққанда, зәре құтымыз қалмады». Демек, үлкендер айтқанда жыландар патшасы ашуланатын болғаны ғой. Осыдан кейін ойнап жүрген балалар өз-өзінен ұрысып қалады. Жазушы оны жыландардың ашуының кесірінен дегенді айтып жатпайды. Өзге замандастарына қарағанда Аягүл Мантаева қалыптасқан дәстүрлі жазу стилін құп көреді. Оқырманын алдымен психологиялық тұрғыда дайындап алады, сосын мүмкіндігінше астарлап кеткен ойларының шешімін ашып беріп, түйін жасап отырады.Қабір гүлі» адамның өлімді алғаш рет түйсінуі туралы. Бір данышпанның таңғалатыны бар еді, «Менің ең бақытсыз күнім – адамдардың бәрі өлетінін түсінген күнім. Ересектер, дүниеде бәрінің жойылатынын біле тұра қалайша түк болмағандай өмір сүре береді?» деп. «Қабір гүлінің» кейіпкері кездесетін алғашқы өлім – бұларды ойнататын бүкір шалдың өлімі. Ал адамдардың бәрі түбінде бақилық екенін білгенде ол ересектерге сұрақ қоя бастайды. Әңгіменің сәтті шығуының кілті − баланың атынан баяндалуындадеп ұқтық. Сондықтан тілі, стилі барынша қарапайым. Диалогтары шартты емес, шынайы.

Аягүл Мантаева әңгімесіне қанша батыстық детальді енгізген деп қарастырған күннің өзінде, балалардың мазар орналасқан жерге қатысты дауы қазақтың өліге деген құрметінің ерекше екендігінен хабар береді. Өлді болды, өлген адаммен шаруасы жоқ ұлттың балалары мазарға бола ондай қақтығысты жағдай туғызбаған.

Қала тақырыбындағы мифопоэтика. Нұрлан Қабдайдың әңгімесі

Бүгінгі прозаиктердің ішінде Сайтан кейіпкерін әңгімесінің тақырыбы етіп алған жас жазушы - Нұрлан Қабдай. Ол өзіне дейінгі прозада қалыптасқан суреттеу мен айшықтауды, психологиялық параллелизм жасауды жат көрмейді. Дәстүр сабақтастығын жалғай отырып, өзінің тың стилі мен ұстанымын алып келген. Әдетте қазақ прозасындағы қала тақырыбы турасында сөз қозғалса, жазушыларымыздың қаламы бұл тақырыпқа онша жүрдек еместігін алдыға тартатындары көп. Ал Нұрланның «Сайтан» әңгімесі шын мәнінде қазақ қаламгерлері де қала тақырыбын өте жақсы меңгере алатындығын, қаланың өзіне де қазақы таныммен қарауға болатынын көрсетіп берген. Мәселен «Ажары етегіне жеңгетайлық еткен жезөкшедейін сырты жылтырап тұрғанымен, іші құрттап жататын сидиған шыны ғимарат мұның да жұмыс орыны». Қаланың қоғамдық көлігін ол былай кейіптейді «Дымқыл асфальттың күсін бауырына көшіре жеткен автобус ысылдап аз тұрды. Кісісі аз екен. Түскен ешкім жоқ. Қайта терезеден бұған телміріп емес, болсаңшы деп одырая қалған қалың көз. Бір жаққа безіп бара жатқан, бір жақтан безіп келе жатқан екі аяқтыға аялдаманың өзі аял бола алмай қалғандай. Іштегі олар ерте кетті ме, сырттағы бұл ере кетті ме, автобус бұны бүйірімен қылғытып алып жөнеп берген». Өзге жас прозаиктерге қарағанда тілі жатық автор портрет жасағандығымен де олардан айрықшаланады. «Әудемнен көрді. Әйнек қабырғалы аялдамада жалғыз отыр. Кезбе. Кезбе екенін де әудемнен: ұзын иен орындықтың шетінде ғана бүкшиіп отырған арқасынан, дал-дұлы шыққан пәлтесінен, күлдірей домбыққан оң беті мен қабарта салбыраған үстіңгі ернінен-ақ аңғарған. Қаланың қақ ортасында қайдан жүр? Былтыр көрген бұлтын іздеп келді ме деп ойлады. Не қылса да, автобус тосып отырмағаны анық». Бұл әңгіменің де кейіпкерлерінің аты жоқ. Кеңістік-қала, бірақ қаланың да аты жоқ. Уақыт: таңғы мезет. Жауын жауып тұр. Екі кеңістік бар. Біреуі - үйдің іші, екіншісі - жауынды қала. Анығында кейіпкер жауынды қалада үйінен қашып, өзін жалғыз сезініп кетіп бара жатады. Осылайша жалғыздықтан жабыққан келіншек қаладағы көлігі сапырылысқан жолға өзін өзі тастағысы келеді. Бірақ тәтті жанын қимай, бірақ жалғызсыраған өмірді де тәрк еткісі келіп тұрғанда бұның қасына ұзын бойлы, келбетті жігіт келеді. Танысады және оның үйіне еріп барады. Әңгіменің соңында мұның барлығы келіншектің жай ғана түсі болып шығатындығы. Өзінің күйеуімен ұрысып қалмағандығы, қалыпты өмірдің бір таңында бастырылып қалғандығы мәлім болады. Бір кейіпкердің түсі арқылы адамы көп, сонымен қоса жалғыздығы көп қалада сайтанның арбауына адамдардың оп-оңай түсе қалатыны әңгіменің негізгі идеясы деуге болады. Кейіпкер бір түннің ішінде бүкіл қаланы кезбей-ақ бақытты өз үйінен табуға болатынын, өзіңді өлімге қию, жалғыздықты сезінген адамның қасына Сайтанның жақын жүретінін түсінеді. Барлық күрес – адам мен Сайтанның арасындағы күрес. Тек ол мифтік кейіпкердің мүмкіндігі жоғары. Ол адам кейіпіне ене алады. Өз кезегінде әңгімесіне осы тақырыпты арқау еткен прозаик тақырыбын жақсы аша алған.

Айнұр Төлеу


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар