Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Қуаныш Жазай. Тау бізден басталады...

Қуаныш Жазай. Тау бізден басталады

03.10.2025

2112

Қуаныш Жазай. Тау бізден басталады - adebiportal.kz

Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп, «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» атты ауқымды жобаны қолға алып келеді. 

Бұл – ұлттық әдебиет кеңістігінде жас ақын-жазушыларды қолдап, олардың шығармашылық дамуына тың жол ашатын бірегей бастама. Үлкен мектеп. Әрбір жас ақын-жазушының шығармасы бүгінгі күннің тынысын жеткізіп, ертеңгі әдебиеттің бағыт-бағдарын айқындайды. Бағдарлама шарттарына сәйкес жас қаламгер өзіне белгіленген облыстар мен қалаларды аралап, ұлы даланың тылсым табиғаты мен бай тарихын, жергілікті халықтың өмір салтын туындыларына арқау етеді. Бүгін біз солардың қатарында Сыр өңіріне арнайы ат басын бұрған жас ақын, талантына талап ерген Қуаныш Жазайдың топтама өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«СЫР ТОЛҚЫНДАРЫ» 

(әзіл өлең)

«Күншілдердің» өзегіне от тастап, 

Ақын досым мадақ жырын төкті асқақ:

– Дарияның толқынының бәрі – ақын!

Ақынының бәрі – толқын! – деп бастап...

 

Келісем! 

Жоқ! 

Келіспеймін!

О, бірақ...

Не айтпағымды түсінерсіз соңырақ. 

Бір толқынға Әбділдә¹ деп ат берді, 

Көп толқынның арасынан тауып ап...

 

Дарияда – тура көзім алдында, 

Барады ағып адуынды «Әбділдә». 

– Анау толқын – Зейнолла² ғой! – деп қалды, –

Басын имей өткен асау тағдырға!

 

Ұқсап-ақ тұр. 

Оған, тіпті, таласпан, 

Зейнолланы жақын тұтам о бастан!

– Айналасын «шымшып» кетіп барады, 

Дәу де болса, міне, мынау – Жарасқан³!..

 

Паңсынбай-ақ алдындағы кіл дүрдей, 

Толқын өтті күмбір, күмбір, күмбірлей.

– Ал, бұл, – деді, – Есенғали⁴!.. –

Барады

Дарияның тереңдігін білдірмей...

 

Ақынды да, толқынды да тауыпты-ақ!

Қарап тұрды. 

Қарай берді анықтап.

Әділді⁵ іздеп досым кенет күрсінді,

Езу тартты Байботаны⁶ танып қап...

 

Дауласпадым...

(Өзі де жоқ егеске,)

Әлденені түсіргендей ол еске, 

Деді сосын:

– Тентектеу, ә, тентектеу, 

Мына толқын Шәкизада⁷ емес пе?.. –

 

Сөйлеп кетті күтпей менен жауапты:

«Ескі толқын», 

«Жаңа толқын» – бәрі ақты. 

...Барлық толқын дарияға айналып, 

Қарт Аралды толтыруға баратты...

 

Досым солай тебірене «жырлап» кеп,

Тоқтады Арал табанындай құрғақ боп...

Дарияға тастай салғым келді оны, 

«Өзің айтқан «толқындармен» бірге ақ!» – деп...

 

¹Әбділдә Тәжібаев 

²Зейнолла Шүкіров 

³Жарасқан Әбдірашев

⁴Есенғали Раушанов 

⁵Әділ Ботпанов 

⁶Байбота Қошым-Ноғай 

⁷Шәкизада Әбдікәрімов 

* * *

Сабыр ет, жаным Арал, 

Қорқытып алсам, кешір, 

Тұрғызып дауыл, Арал, 

Толқытып алсам, кешір.

 

Кешірші, көңілшек ем, 

Кірпігім шыққа тұнып, 

Тас болған небір шемен, 

Кеудемнен шықты атылып...

 

Жүрегім егілді, рас, 

Бір өксік кернеді де,

Еріксіз төгілді жас, 

Тобықтан келгеніңе. 

 

Бас ұрып әз басыңа, 

Басылдым толқып әрең. 

Толмайсың көз жасына, 

Әйтпесе, толтырар ем. 

 

Кетейін құрбаның боп, 

Қылығым үшін соңғы, 

Мүсіркеп тұрғаным жоқ, 

Сен мені түсінші енді. 

 

Толқының қарсы атылып,

Құлады алдыма дәл. 

Неліктен жел шақырып, 

Бұрқана қалдың, Арал?

 

Әлде, бұл жұбатам деп, 

Жүгіріп жеткеніңде, 

Көз алдың құбақан боп, 

Сүрініп кеткенің бе?

 

Демер ем қолтығыңнан, 

Айналам бұлдыраумен,

Қайықтай толқын ұрған, 

Қалтылдап тұрмын-ау мен...

 

Жоқ, әлде, мендегі ішкі, 

Құлатқан таудай қарғын, 

Толқынды тербелісті, 

Көтере алмай қалдың?

 

Неліктен, армандасым 

Жанарың мұңға бөкті?

О, бәлкім тамған жасым, 

Жараңды тырнап өтті?

 

Содан ба бұрқануың, 

Кенеттен қаның суып?

Үзіліп бір тамырың

Кеткендей ауырсынып...

 

Толқының қарсы атылып,

Құлады алдыма дәл.

Неліктен жел шақырып, 

Бұрқана қалдың, Арал?

 

Кешірші, әуреледім...

Неліктен тастың екен?

Көз жасым, әлде, менің, 

Сенен де ащы ма екен?..

 

БІЗДІҢ «АРАЛ»

І

Сыр да болып шертілдік, 

Жыр да болып арналы. 

Бәрін... бәрін толтырдық, 

Арал ғана толмады. 

 

Аралдан да бетер біз 

Құлазып ап... 

Ақ, адал

көңілменен екеуміз, 

Жасап алдық жаңа «Арал»...

 

Неткен ыстық күй мына, 

Түсе жаздап бірге еріп. 

Сол «Аралға» құйдық, ә,

Әму болып, Сыр болып.

 

Таңы сайрап бұлбұлша, 

Күндер, күндер өтті көп, 

Біздің «Арал» тым құрса, 

Ортаймасын деп тілеп…

ІІ

Жібін үзсек үміттің, 

Жанымызға дерт қонар. 

Сөзге берік жігітпін, 

Сыр секілді сертке адал. 

 

Айтпасам да мәлім ғой, 

Айнам, саған ар жағы. 

Соңғы сәтте Әмудей, 

Сырт бермесең болғаны...

 

БАЙҚОҢЫР 

«Атағымды ғарышқа атқан» – Байқоңыр, 

«Отанымды қарыштатқан» – Байқоңыр.

Алыс болып тұрсың маған бір түрлі, 

Жақын тартпай тұрсың мені әйтеуір. 

 

Ағам бар-тын. 

Жақын ағам – қалалық.

Алып-ұшып барғанымда, 

Қабарып,

Ол да мені дәл осылай қарсы алған, 

Дәл осылай жатырқаған – ол анық. 

 

Менің сөзім оған жат боп естіліп, 

Оның сөзі маған жат боп естіліп, 

Түсіне алмай ол да мені, мен де оны, 

Үнсіз ғана отырған ек кешкілік. 

 

«Бірге туған ағайыннан, 

Бауырдан, 

Кім айырды?» – деп қайысқан қабырғам. 

Сонда ағама айтқым келген бірдеңе, 

Сонда «неге келдім, – дегем, – ауылдан?..»

 

Кейін жолдар жатты алдыда жосылып, 

Жүре алмадым мен ағама қосылып. 

Жәй, әншейін, түсті есіме сол ағам, 

Саған мұның қатысы жоқ – осыны ұқ. 

 

«Атағымды ғарышқа атқан» – Байқоңыр, 

«Отанымды қарыштатқан» – Байқоңыр.

...Ағам түбі бауырым деп таниды,

Мен осыған сеніп келем әйтеуір…

 

ЖАРАСҚАННЫҢ¹ «АРАЛЫ»

Алмайды, тіпті, ойға атын, 

Өзегін, мейлі, өртесін. 

Сағынған жоқпын! – дейді ақын, 

Аралын – туған өлкесін. 

 

Жол түсіп, елге барар күн,

Аяғы тартпай тосылар. 

Дұрыс қой, дұрыс! 

Аралдың

Сағынатындай несі бар?!

 

Көк теңіз болып, көк аспан, 

Батыра көрме енді оны. 

Қол бұлғап, бала Жарасқан, 

Шақыра берме енді оны. 

 

Көрсетпе ақын көзіне, 

Тартылып бара жатқанын, 

Теңізбен бірге өзі де, 

Сарқылып бара жатқанын. 

 

Өзегін, мейлі, өртесін, 

Күнімен дағы, 

Түнімен, 

Аралын – туған өлкесін, 

Сағынған жоқ ол, шынымен. 

 

Паңдана қарап жаһанға, 

Өлеңнен тапқан мұратын, 

Алматы – ару шаһарда, 

Алшаңдап басып жүр ақын. 

 

Қайтеді босқа қамығып, 

Қамықса – күні біткені. 

Бармайды ақын! 

Сарылып, 

Аяулы Арал, күтпе оны. 

 

О, қандай мұңлы шақта да,

Тік ұстап асқақ еңсені, 

Тек қана, Арал, 

Тек қана, 

Ойлаған болса ол сені:

 

Шағала көңілі шарқ ұрып,

Тарылып оған алып түз, 

Ваннаны суға толтырып, 

Уыс та уыс салып тұз,

 

Жағасы жатқан солқылдап, 

Айдынды шағың елестеп, 

Толқынды ұрған толқынға ап,

Айбынды шағың елестеп,

 

Табардай содан жан дауа, 

Мұңаймай, 

Күлмей, 

Тек кейіп,

Жатады үнсіз ваннада, 

Сағынған жоқпын! – деп қойып…

¹Жарасқан Әбдіраш

 

ҚОРҚЫТҚА

Жай, Баба, кілеміңді дарияға,

Қайта естірт «Өлмес күйін» жарияға. 

Ұмытып дүниеде ажал барын, 

Көбірек ойнап-күлсін сәби, ана.

 

Мың тұрған күйініштен, 

Мың жығылып, 

Орнасын кеуделерге бір жылылық.

Ажал да қажып кеткен шығар, бәлкім, 

Төрт құбыла арасында зыр жүгіріп...

 

Ол да аздап... 

Мызғып алсын құдай да анау, 

Оңай ма қалт жібермей сынай қарау?!

Тарт, Баба, қобызыңды! 

Тіршіліктің, 

Жүзіне қайта ойнасын шырайлы алау!

 

Күйіңнің құдіретін етіп өлең, 

Дарияның жүріп өтіп бетіменен, 

Дарияның жүріп өтіп бетіменен, 

Отырам кілеміңнің шетіне мен...

 

Күй тоқтап, тарқағанда осы «жұмақ»,

Дүние түр танытса тосынырақ,

Ажалдың ішін мен де күйдірейін, 

Жырыма «Өлмес күйін» көшіріп ап…

ШИЕЛІДЕ

Кенжеханға 

…Осылай Сырдың сапары,

Жалғасып жатты біртіндеп.

Мыңжылдықтардың жатағы,

Қарадым қанша:

– Шіркін! – деп.

 

Асыл да болған сүйегі,

Тасының өзі жәдігер.

Тақырын сондай сүйеді,

Осында жатқан қалың ел.

 

Сол бір сәт ұмыт қалған жоқ, 

Естимін әлі даусын-дүр:

– Бізде де, інім, тау бар! – деп,

Төбеден қойып қалсын бір.

 

Сөзіне тұрғам ұйып, түк 

түсінбей аң-таң боп лезде, 

Мен күткен асқақ биіктік, 

Шалына қойған жоқ көзге. 

 

– Тау қайда? – дедім, 

– Міне! – деп, 

Көрсетті жайдақ төбені.

Жатыр-ау бірақ кім елеп,

Болса да қанша көлемі.

 

Шығыстан шыққан көш керуен,

Бетке алған сынды батысты.

Бәрі де онан сескенген,

Қараған емес ат үсті.

 

Паң болып өрден қараған,

Жанарын көптің қарық қып,

Бас иер саған әр адам,

Таулар-ай!

Таулар, жарықтық!

 

Батысқа бұрған бетіңді,

Мұқалтып кімдер тастаған?

Тоналған керуен секілді,

Жалаңаштана бастаған.

 

Атан да басып, келе де,

Дәл осы жерді аптапты.

Шың – тауға, 

Ал, тау – төбеге,

Айналып солай тоқтапты.

 

Сиреген жәймен қатары,

Бейне бір нәубет жеткендей.

Керуеннің соңғы атаны,

Осында келіп шөккендей…

 

Зулаған күндер, зулаған,

Жылдар мен жылдар алмасып.

Құрғаған бәрі, құрғаған,

Жәдігерлерін шаң басып.

 

Шеше алмай тұрмын, әлде, мен,

Бұл жұмбақ сөздің түйінін. 

— Осы ма, — дедім, — тау деген?

— Осы ма, — дедім, — биігің?

 

Қайтеміз босқа дүрлігіп,

Ой жүгіртейік әрірек.

Саспайды ол да, 

Тұр күліп:

— Тау бізден басталады! — деп...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan