Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Құлбек Ергөбек. Қазақтың дәл өзіндей қарапайым...

27.05.2019 6683

Құлбек Ергөбек. Қазақтың дәл өзіндей қарапайым

Құлбек Ергөбек. Қазақтың дәл өзіндей қарапайым - adebiportal.kz

Қазақ халқы дарындыларға қашан да бай келеді. ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр көгінде тарих сахнасына шыққан жазушыларға қараңыз, қандай ірі, қандай сом жаратылысты жандар?! Жаңа ғасыр көгінде жарқырап шыққан дарындарға қараңыз, қандай ірі, қандай шоң табиғат?! Соның бірі – Бейімбет Майлин.

Бір дәуір, азын-аулақ жылдар беделінде әдебиетке А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, С.Торайғырұлы, М.Жұмабайұлы сияқты, бір жылда (1894 ж.) С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлинді бере салған табиғаттың жомарттығына сүйсінеміз. Бір жыл, санаулы уақытта сайдың тасындай осы жазушыларды опат еткен қатыгез тағдырға күйінеміз. Аталмыш аяулы ақын-жазушылардың алды алпысқа жетпей, соңы қырықтың қырқасына шығар-шықпаста қоштасыпты мынау жарық жалғанмен. Жас. Алайда, жазып қалдырған рухани мұраларына қарасаңыз, жасамыс. Әлдеқайда асыққандай апас-қапас еңбектенген жарықтықтың қай-қайсысы да. Соның баршасы қазақ әдебиетінде болмаған жанр үлгісін болдырамыз, ұлт әдебиетін ұлы мұратқа жеткіземіз деген тілек жетегінде. Әрине, олар рухани қазына жасау мұратына жетті. Алайда, бар саналы ғұмырды баянды бейнетке арнаған олар адам-пенде ретінде қызық көріп, ұзақ жасай алмады, қырық пен алпыс арасында жарық дүниемен хош-хош айтысты. Бірегей жаратылысты жандардың бәрі бірдей атылды. Арыстардың бәрін бірдей түрмеде сөнген шырақ деп жүрміз. Бүгін ойлап қарасақ, өлім де мойындата алмаған секілді-ау сол жандарды. Жазғандары том-том кітапқа айналып, сөрелерді қайыстырып тұр. Ұрпағы – бірінен кейін бірінің мүшелтойларын дүркіретіп өткізіп жатыр. «Ұрпағымен мың жасау…» – дегеніңіз осындай-ақ болар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Құлбек Ергөбек. Қайран да, қайран Бейсекең!


Аймүйіз марқасқалардың әрқайсысының өмір жолы, шығармашылық тағдыры да ұқсас. Жеке-жеке алып әңгімелей бастасақ мол ғибратқа кезігеміз. Айталық Биағаң…

Биағаң шығармашылық жолын өлеңмен бастады. «Ғалия» медресесінде оқып жүрген кездің өзінде «Садақ» аталатын қолжазба журнал шығарды. «Талағының биті бар» – талапкер жастарды қалам жұмысына осы қолжазба журнал арқылы тәрбиеледі. Қатар-құрбы, бозбаланы бауырына тартып, талаптандырды, тырнақалдысын медреселік қолжазба журналға жариялап қанаттандырды. Олардың қатарынан кейін Жиенғали Тілепбергенов секілді журналист, жазушылар өсіп шықты. Бұл кезде Бейімбеттің өзі әлі түбітиек бала емес пе? Соның өзінде өзге қатарластарына қамқор болып жүр. Үлкен жүректілік қой бұл. Бойында дарын дәні бүр жара бастаған талапты жастарды табу, тырнақалды туындысын баспасөзде жариялап, талант көзін ашу Биағаңның кейін ұдайғы дағдысына айналды. Айталық, атақты жазушы, кейін Еңбек Ері атанған Ғабит Мүсіреповты қабырға газетіне жариялаған алғашқы әңгімесі арқылы тауып, талант деп танып, тәрбиелеген. Мәскеуде – Күншығыс халықтары университетінде оқып жүрген студент – Бейсенбай Кенжебаевтың «Абай» аталатын алғашқы мақаласын алғанда, тарығып қалмасын деп қаламақысын алдын ала жіберіп, мақаланы «Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылғы екі нөміріне жариялаған да Биағаң. Биағаң ашқан осындай дарындар көп әдебиетте. Олар да толайым жеміс беріп өтті өмірден.

Бейімбет Майлиннің өзін көрген жоқпыз, әрине. Ал көзін көрген, жақсылығын бастан кешкен, інісіндей бейілде жүрген шәкірттерімен кездесіп, жүздесіп, талай әңгімелестік. Аты аталған дөй жазушы Ғабең де, көсем әдебиетші Бейсекең де Биағасы жайында ет жүрегі езіліп, естелік-әңгімелерін маздатып айтар еді. Еңбектің еш болмағаны, ұстаз жақсылығының шәкірттері жадында жаңғырып жүрерін осы жайлар айғақтайды. Бейімбет Майлин – керемет еңбекқор болыпты. Жиналыста отырып, үстел басында жаза береді екен. Бұл көз көргендердің айтуы. Солай болған да шығар. Жүрек түкпірінен сезім маздап, ой шыңырауынан қиял шарықтап, дамыл тапқызбайтын болғаны ғой жазушыға. Жарықтық жаза береді екен. Тіпті айналасындағы балалары улап-шулап, Күлжамал анамыз бұрқан-талқан ашуланып (олардың да жас шағы ғой) жатса да Биағаң күліп қойып, шашын сұқ саусағымен бір ширатып тастап, қаламына тас кенедей жармасып, жаза береді екен. Тас бұлақтың көзінен шыққан судай бұрқырап ой келсе, оны шабыт жебесе, жазғанға не жетсін шіркін?! Қиялсыз, ойсыз, нәрсіз жаза берер жазғыштар да көп. Биағаң ондай емес. Биағаң қаламы тиіп кеткен жері өмірдің өзіне айналып жүре береді. Кейіпкерлері өмірден кітапқа қалай көшсе, кітаптан өмірге дәл солай қоныс аударып, тірі адамға айналып өзара айтысып-тартысып, болыстыққа таласып, ерлі-байлы екеуі ренжісіп қалып, байқаусызда ерінің ернінен «талақ» деген епетейсіз сөз шығып кетіп, екеуінің де зәре-құты қашып жүріп жатады.

Биағаңды жиырмасыншы жылдары сыншылар өмірді көшіріп жазады, шығармаларында натурализм элементі басым деп сынаған бөктіріп.(Сынаушылардың бірі басқа емес, өз шәкірті, досы Бейсембай Кенжебайұлы мен Мансұр Ғатаулин...). Білместік қой! Өнердің өзі өмірден бастау алады. Бейімбет Майлин өмірге етене жақын жазушы. Өмірден көргенін қалт жібермей, әңгіме, хикаяға айналдырып, қағазға түсіре қояды. Зерттеушілер «Он бес үй» әңгімесінің негізі өмірде болғанын, тап солай он бес үйден артель құрылғанын анықтады. Жазушының өз ауылдастары екен. Міне, қызық! Сонда, жазушы өмірде болған оқиғаны жазып отыр-ау. Тап солай. Өмірді боямалауға ұлы жазушы Ф.М.Достоевский де жан-тәнімен қарсы болған уақытында. Сонда қалай, жазушы өмірді көшіре берген бе? Көшіре білу үшін де көре білер көреген дерлік талантты көз керек. Биағаң көре білген, әрлі, нәрлі сәттерді типтендіріп, көркем дүниеге айналдырып бере білген. Соның нәтижесінде Б.Майлин қазақ әдебиетіне мәңгі өлмес, өшпес әңгімелер берді. Бейімбет Майлин әңгімелері – шағын жанрдың әрі қарапайым, әрі әлемдік деңгейге көтерілген классикалық үлгісі. Жап-жас кезінде жазған «Шұғаның белгісі», кейінірек туған «Талақ», «Он бес үй», «Құрымбайдың жігітшілігі», «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры»… бәрі де классикалық ғаламат үлгі.

Бірде досы Бейсембай «Сен қазақтың Чеховысың» – десе керек. Биағаң «Ой, бізге Чеховтың ауылы алыс қой...», – деп ат-тонын ала қашыпты. Бейсекең Чехов әңгімелерін қазақ тіліне аударған адам. Біліп, түсініп, тұшынып барып айтып отыр. Ал, Биағаң? Жазушылық табиғат өзара ұқсай береді. Ұқсастық қайталау емес, бірақ... Чеховты Биағаң еміс-еміс білсе білген де шығар-ау. Бірақ, алыс жапон елінде өзінен мынау жарық жалғанға екі жыл ғана бұрын келген, келген де аз ғұмырын – бар ғұмырын әдебиетке арнап, «өнер бәрінен де жоғары...», – деген ұстаныммен тіршілік етіп, небәрі отыз алты жасында өмірден өтіп кете барған Рюнескэ Акутагаваны біле қоймаған шығар-ау. Бірақ, бірақ ұқсайды. Әңгіменің хас шебері Стефаникті ше? Стефаникті білуі тіпті мүмкін де емес. Ұқсайды алайда. Әдебиетке ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары келіп (кешігіп келген), аз уақытта орыс мұжығының бар характерін жырлап өткен Василий Шукшин есесіне кейін туғанына қарамай біздің Биағаң Майлинді білмей-ақ өткен болуы керек мынау өмірден... Алайда, ұқсайды. Көрмей, білмей құрылықтың әр қиырында жатып суреткерлердің бір-біріне ұқсай беретіні несі екен, а? Бұл – жаратылыстағы жазушылық табиғат ұқсастығынан. Мұның бәрі өнер атаулының, оның ішінде сөз өнерінің де әуел баста анасы – шынайы өнер болғанын байқатады. Оның үстіне әдебиетте «натуральдық мектептің» болғанын жоққа шығара алмаспыз. «Натуральдық мектеп» қашан, қайда туып, қалай әлемді шарлап кеткенін дәл басып айту қиын. Алайда, ХХ ғасыр басында ол мектептің тәлімі қазақ даласына, қазақ әдебиетіне келіп жеткені анық. Жүсіпбек Аймауытұлының «Қартқожа» романы, «Күнікейдің жазығы» дәлел бұл пікірімізге. Қала берді қара сөздің классигі Биағаң – Бейімбет Майлиннің барлық шығармасы куәлікке жүре алады. Қазақ даласының бір қиырында туып, жазушы болып қалыптасқан Бейімбет Майлиннің әлемнің әр шалғайындағы әріптестеріне «ұқсау» сыры міне осында! Әлемнің әр шалғайында туып, өзі өмір сүрген қоғам шындығын суреткерлік көзбен көріп, «көшіре» бейнелеп берген қайран қаламгерлер. Оларды әдебиет әлеміне алып шыққан өздері өмір сүрген қоғам шындығы. Біздің Бейімбет Майлинді де әдебиет көгіне қалықтатып көтере жөнелген қазақ қоғамы өмірінің кемшілікті, қайшылықты, іштей түлеп, сырттай қоғамдық бұғалық булықтырып бұрқырап жатқан шындығы. Жазушы соны көре білді, іріктеп ала білді, алғанын сұрыптап суреткерлік ой елегінен өткізіп, көркем шығарма етіп жарата білді. Уақытында сыншылар не десе ол десін, қалай бағаласа олай бағаласын, Бейімбет Майлин – ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамы шындығын мөлдіретіп суреткерлік мәнермен, адамдардың бірде бұйығы, бірде әйелдік табиғатына қарамай жұлқынып шыға келетін, бірде ішіне қулық сақтап өтірік аңқаулана қалатын нешетүрлі мінездерін бетке алып шебер характерлер арқылы өшпестей, өлместей етіп бейнелеп беріп кеткен классик жазушымыз.

Бейімбет Майлин әңгімені молынан жазған, сонымен бірге бірсыпыра повесть (хикаят деп жүрміз) жазып қалдырған қаламгер. «Раушан-коммунист», «Көктеректің бауырында», «Құсайын Құлбек-ов» секілді шығармалары да ауыл өмірінен жазылған туындылар… Аталмыш туындыларда да қазақ ауылының жай-күйі, ауылдағы өзгерістер әңгіме болады. «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз», – деп өзі жырлағандай, өлең, әңгіме, повестерінде Биағаң ауыл жыршысы. Ауыл өмірін кім жазбады ол жылдары?! Белгілі бір науқанды коммунистік партия бастап кеп жіберіп, белгілі бір тақырыпқа жазушылар ұрандап бет бұрып, ат қойып барып жазатын уақыт. Бірақ, өзгелер ауыл тірлігін қарпып жазды, Биағаң бар құбылысын қамтып жазды. Өзге жазушылар қазақ ауылының өмірін билік басындағы атың өшкір коммунистік партия нұсқауына сәйкес адамдарының қолына қызыл жалау беріп, адамдарының қалтасына қызыл билет салып беріп алаулатып-жалаулатып жазса, Бейімбет қоғам өзгергенімен адам табиғатының өзгермегенін, сыртқы түр-келбеті өзгерген қоғамның ауыл адамдарының ішкі рухани жан-дүниесін өзгерте алмай отырғанын жазды. Әрине, қоғам өзгерсе соған орай адам табиғаты да не жаңаланып, не жадауланып өзгерері хақ. Оны да жазушы көрмей қала алмады. Алайда, сөз жүзінде адамзатқа қызмет етеді деген коммунистік қоғамның алдамшы ұран, жалаңқай сөзбен адам табиғатын бұзғанын жазды қазақуар жазушы. Өзгелер шаруашылықтағы өзгерісті жазды, Биағаң ол өзгерістерді адам бойындағы, ойындағы, мінезіндегі құбылыстар арқылы көрсетіп жазды. Өзгелер баяндады, Биағаң бейнеледі. Міне, суреткерлік болмыс… Ол жаңалық атаулыға – адам жанындағы жаңару, түлеу арқылы келді. Оның шығармалары жиырмасыншы, отызыншы жылдардың «Мырқымбайлары». Мырқымбай дегеннен шығады, қазақ өмірі қашан да соншалық гүлді болмаған ғой. Қазақтың көбі нашар тұрған. Сол қазақ кедейінің өткелектерден өтіп, жаңалық атаулыға біртіндеп жылжуын Мырқымбай аталатын кедей типі арқылы жинақтап көрсеткен, типтендіріп берген де Биағаң. Биағаң десек – Мырқымбай, Мырқымбай десек – Биағаңның бірден еске түсетін бір себебі де осында. Қатарлас-қанаттастарында Мырқымбай секілді бірнеше шығармада қатар бейнеленген, жалғаса тұлғаланған желілі кейіпкер жоқ. Сәбит інісі Күңшаш, Шұнақ, Тезек атап Биағасының Мырқымбайы секілді кейіпкерлер жасағысы келген. Шықпады бірақ, шығара алмады бірақ. Қандай кейіпкер алып одан қандай образ жасамақ жазушылық табиғаттан туындайды. «Мадам Бабари – мен» (Флобер) болатын себебі сол!

Өмірінің соңында роман жанрына талап қылған жазушы «Азамат Азаматыч», «Қызыл жалау» романдарын жазды. Үлкен жанр үлгілері – өмір материалдарын кең қамту, қазақ халқы бастан өткеріп жатқан тарихи оқиғаларды ересен сипатты кемел көрсету талабынан туған еді. Шынайы суреткер жан бұл міндетті де ұрандамай, саяси плакатқа айналдырмай, мейлінше табиғи көрсетіп, сәтті атқарып келе жатыр екен. «Қызыл жалау» романын қанаттастарын жиып (Сәкен, Ілияс, Сәбит, Ғабит), оқып бергенде сүйсінген Сәкен Сейфуллин:

– Өкірткен екенсің, Бисақал! – депті. Амал қанша, көп ұзамай жазушы ұсталған, қолжазба жоғалған. Әзіргі оқып жүргеніміз журналда жарияланған үзігі ғана…

Алайда, жазушы даңқына құл болмай турасын айтсақ, Биағаңның табиғаты – эпикалық туынды емес. Биағаңның суреткерлік табиғаты – шағын жанр. Онда да әңгіме. Шіркін, Биағаңның әңгімелері-ай! Бейімбет Майлин драматургия жанрында да табысты еңбек етті.

«Ауыл мектебі», «Майдан», «Талтаңбайдың тәртібі», «Неке қияр», «Торсықбай» секілді пьесалары қазақ драматургиясын сапалық санатқа көтерді. Жазушы пьесасы бойынша әлі күнге қазақ театрла-рында спектакльдер қойылады. Бұл – жазушы шығармаларының өміршеңдігінің кепілі. Кинодраматургия саласындағы еңбегі де енді-енді гүл ашып келе жатыр еді. Қазақ киносының тұңғышы «Амангелді» кинофильмі сценарийі авторларының бірі де – Бейімбет Майлин. Всеволод Иванов, Ғабит Мүсіреповпен тізе қосып, қазақ киносының тұңғыш қадасын қақты. (Алдында Жүсіпбек Аймауытов кинодраматургия жазамын деп жүреді екен жарықтық, мақсатына жетпеген).

Жазушы өмірінің соңғы сәттері. «Амангелді» кинофильмі түсіріліп жатыр. Жазушы күндіз-түні труппамен бірге. Ақыл-кеңесін айтып, бітер істің басы-қасында жүр. Қашан кинофильм түсіріліп біткенше жазушыға НКВД тимеген. Қалай фильм түсіріліп аяқталды, солай Биағаңды тұтқындаған. Арғы жағы түсінікті. Азаптау, қорлау, ату…

Шығармашылық толысу сәті, кемеліне келіп жеткен жазушыны коммунистік партия қайдан аясын? Оның үстіне орысқа бодан едік қой, бодан едік...

Жазушының кезекті мерейтойы. Өзінсіз өтіп жатыр. Түсінікті. Жазушылық табиғатқа емес, атақ-даңққа қарайтын қазақ сыншылары Биағаңды ақын деп те, әңгімеші деп те, повесть, романшы деп те, тіпті сатирик деп те жазып жатыр. Бір жағы сыншы пақырлардың онысы да жөн. Жазған, Биағаң әлгі айтқан жанр, жанрлық үлгінің қайсысын да қалам қуатымен байқап көрген. Байқап көргенде де жанрды байытқан жазушы Биағаң! Оны қалай теріске шығарарсың? Алайда, жазушы қандай жанрда еңбектенсе де бағы жанары болады. Бар жанрда талантты жазған Биағаң жайында әңгіме айтқанда біз әмсе оның әңгімелеріне ден қоямыз. Ол әңгіме жанрында классик! Әңгімелерінде қандай болмыспен көрінеді жазушы? Бейімбет Майлин өмірдің өзіндей табиғи, қазақтың дәл өзіндей қарапайым, кең де кемел, жайдары, сан құбылысты, шынайы суреткер. Ол соңына өлмес, өшпес классикалық туындылар (әсіресе әңгімелер) қалдырып өтті өмірден. Уақыт әрдайым жаңарып тұрады. Уақытпен бірге жазушы шығармалары жаңарып, жасаңсып, соны сипатымен жарқырап ашыла береді.

1994 – 2013 ж.

Алматы – Түркістан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар