8 тамыз күні Семей қаласындағы Абай театрында Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай «Адамзаттың Абайы» атты республикалық айтыс өтті.

Семейлік көрермендердің сонау бір жылдарда дүркіреп өтетін аламан айтысқа әбден шөлдегені байқалып тұрды.

Он сағатта басталатын айтысқа тоғыз аса жиналып келіп, театрды лықа толтырды.

Орындықтарға сыймағандары еденде отырып, өзгелері тікесінен тік тұрып тыңдаса, сыртта орнатылған экранның жанына қойылған орындықтарда да көптеген көрермендер іштегі айтыс барысын сырттан тамашалады.

Айтыс аламанына қатысатын ақындар мен әділқазылар алқасы алқызыл кілемнің үстімен жүріп өтті.

Айтыстың тізгігін ұстаған белгіл айтыскер ақын, қазіргі ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев мырза көрермендерге Абайдың 180 жылдығына орай өткізіліп жатқан республикалық айтыстың маңызы туралы айтып өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Абай Құнанбайұлы – ұлт руханиятының алтын қазығы. Абайдың 180 жылдық мерейтойын жоғарғы деңгейде атап өтуіміз керек», - деп ерекше мән бере айтқан болатын. Ендеше халық болып қоштап, қолдап, кемеңгердің тойын биік деңгейде атап өтіп жатырмыз. Абай облысы әкімінің қолауымен бүгін қоңырауы соғылған айтыс та Абай тойындағы іс-шаралардың ең маңыздыларының бірі. Ендеше бүгінгі айтымысыз сәнді, салтанатты болсын, ағайын! – деп атап өтті айтыстың жүргізушісі.

Бүгінгі аламан додаға шығатын он екі ақынның өнеріне әділқазылық жасайтын алқаны таныстырды. Қазылар алқасының тең төрағалары – қалам герлер Жүрсін Ерман, Сауытбек Абдрахманов, Төлеген Жанғалиевтер болды. Сондай-ақ Жанарбек Әшімжан, Дәулеткерей Кәпұлы, Ринат Зайытов, Қалқаман Сарин, Серік Қалиев, Дәулет Сметовтер әділқазылар үстелінен орын алды.

Бүгінгі республикалық айтыстың додасын қыздыратын он екі ақын сахнаға шақырылды. Он екі ақын: Рүстем Қайыртайұлы (Абай), Мұхтар Ниязов (Қызылорда), Әсем Ереже (Астана), Айбек Қалиев (Арқалық), Жансая Мусина (Орал), Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда), Серік Қуанған (Өскемен), Аспанбек Шұғатаев (Павлодар), Шұғайып Сезімхан (Алматы), Мақсат Ақанов (Қарағанды), Айбек Жеңісқазин (Абай), Қуандық Кенжебек (Абай) – бірінші айналымда алты жұп құрап, көрермендердің алдында әрқайсысы тамаша өнер көрсетті.

Мұның өзі кейінгі кездері аз да болса белең алып жүретін «айтыстың қажеті жоқ», «жаттанды, суырыпсалмалылық жоқ» дейтін айтылымдарды теріске шығарғандай болды. Көпшіліктің алдында сөз бастау, бастағанның өзінде табан астында жіксіз ұйқаспен түйдек-түйдек тамаша жырлар тудыру – әлемнің әр халқының қолынан келе қоятын қабілет емес. Міне өз бойларындағы осы қабілет, қасиетті ақындарымыз көрермендер алдында жақсы көрсете білді.

Негізгі тақырып Абайға байланысты болған соң, Абай өлеңдері, қарасөздерінің мазмұны мен формасына құрылған түйдектер барлық дерлік ақынның айтыс мәнерінен анық көрініс тапты. Әсіресе, асықпай-ақ алымдылық танытып, қарсыласты жіпсіз тұсаудың шебері Мақсат Ақанов, ерекше екпінмен ағыл-тегіл жырлайтын Жансая Мусина, төгілтіп, қазып тастаудың шебері Аспанбек Шұғатаев, ойлы айтыстың шебері Рүстем Қайыртайұлы, қарсыластың кез келген тықсырмасына сабырмен келе отырып ұтымды да, ұшқыр жауап қататын Мейірбек Сұлтанхан – барлығы да бүгінгі қазақ айтысының кеңейген көкжиегін танытады.
Бұл айтыста қарпысу, шарпысу да, терең толғау да, Абайша ойлап зар шегу де, қыз бен жігіт арасындағы жарасымды әзілдер де болды. Ең бастысы – жеті сағат бойы көрермендер жалықпады. Қолдап, қошеметтеп отырды. Олардың дем беруін сезінген ақындар да барынша көсіле шапты. Ақындардың ең көп тоқталған мәселесі – еңсесін қайта тіктеп жатқан Абай облысының бүгінгісіне ризашылық пен ертеңіне нық сенімі болды.
Жеті сағат бойы театрдың іші-сыртын лық толтырып, қазақтың төл өнері айтысқа деген ерекше ілтипат көрсеткен Семейдің халқына алғысын білдіріп қазылар алқасы мен айтыс ақындарын сахна төріне шақырды.
Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай өткізілген республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетіп, қазылар алқасы он екі ақынның бүгінгі өнерін бағалаған нәтиже таныстырылды.
Қазылар алқасының тең төрағасы, заманауи айтыстың сан ондаған жыл бойы көшін алға жетелеп келе жатқан ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жүрсін Ермановқа сөз берілді. «Осы күнге дейін мыңдаған айтыстарға куә болдым, мыңдаған көрермендерді көрдім. Дәл осындай әділ де белсенді, көрерменді еш жерден көрген емеспін. Семейдің асыл халқына мың да бір алғыс. Ақындардың әрқайсысы тақырыпты жақсы ашып, сипаттап жырлай алды деп білемін. Екі қарындасымыз да жақсы өнер көрсетті. Мақсат сияқты жалындап тұрған ақынмен табан тіресіп айтысу оңай емес. Көп-көп жақсы сөздер айтылды. Әсіресе Абайдың адами болмысын, ойларын ашу жолында көптеген сел еткізер шумақтар болып жатты. Мен өз басым, Абай табиғатын ашуда Рүстемнен артық айтқан ақын жоқ қой деп білемін. Қазылар алқасы өз ортақ шешімдерін айта жатар. Аман болыңыздар, рақмет!" - деп өз сөзін аяқтады.

Айтыстың мәресіне келіп жеткен тұста жүргізуші, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев өз сөзін былай тұжырымдай келе: “Абайдың 180 жылдық тойын өте биік деңгейде атап өтіп жатқан, соның ішінде он күннің бір күнін қазақтың дара өнері айтысқа арнап, республикалық ақындар айтысын ұйымдастырған Берік Уәли мырза бастаған Абай облысының азаматтарына барша өнерсүйер көрермендердің атынан рақметімізді айтамыз! Амандық болса алдағы жылдары үлкен айтыстар осы Абай облысында өтеді деп Берік Уәли мырзамен келісіп жатырмыз. Бұл да жақсы жаңалық, ағайын!” - деп жағымды жаңалығын жариялады.
Бұдан соң жүлделер табысталды. Қызылордалық Мұхтар Ниязов, абайлық Айбек Жеңісқазин, жетісулық Шұғайып Сезімхан, семейлік Қуандық Кенжебек, шығыс қазақстандық Серік Қуанғандар 500 мың теңгелік жүлдеге ие болды. Ақынға жүлдесін тапсырған қазылар алқасының мүшесі, ақын, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов арнайы сөз алып, жас ақынға семейлік сөз зергерлерін дайындағуға үлкен үлес қосып кеткен – «Наркескен» ақындар мектебінің жетекшісі, марқұм Сиязбек Сүлейменов отбасы 200 мың теңге ұсынып отырғандығын жариялады. Сыйлықты Сиязбек марқұмның баласы табыстады.
Әділқазылар алқасы үшінші орынға екі ақын қызды лайық деп таныпты.

Жайықтың жағасынан келген Жансая Мусина үшінші орынның бір жүлдесіне ие болды.

Үшінші орынның келесі иегері, абайлық Әсем Ережеқызы да миллион теңгелік жүлдеге ие болды.
Екінші орынға екі ақын лайық деп танылған екен.

Ол екі жүлденің бірін Торғайдың төрінен келген ақын Айбек Қалиев қанжығалады.

Бір жарым миллиондық келесі жүлдеге арынды ақын Мейірбек Сұлтанхан лайық деп танылды.

Абайлық ақын Рүстем Қайыртайұлы бірінші орынға берілетін үш миллиондық жүлдеге лайық деп танылды.
Ал бүгінгі айтыстың бас жүлдесіне Қарағанды облысынан келген ақынның ақбоз темір тұлпардың кілтін тапсыру үшін Абай облысының әкімі Берік Уәли мырза сахнаға көтерілді: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп", - жырлаған гуманист, бегзат ақынның ұлы ойшыл Абай атамыздың тойына арналған «Адамзаттың Абайы» атты республикалық айтысы өте жоғары деңгейде өтті деп есептейміз. Абай атамыздың атындағы айтыс Семейдің төрінде жыл сайын өтуі керек. Келесі жылдан бастап осыны қолға алатын боламыз.
Абай атамыздың тойына байланысты өздеріңізге ұсынылатын ерекше бір дүние – Абай атамыздың бірнеше суретте киіп отыратын қаусырма шапаны. Осы шапанның көшірмесін жасатып, тақиясын осы тойға арнайы дайындатқан болатынбыз», - дей отырып, облыс әкімі осы үлгідегі ең бірінші Абай шапан мен тақияны, Шымкентте әзірленген Абайдың кілемші портретін қазақтың төл өнерін өрге сүйреген Жүрсін Ерманға табыстады. Сондай-ақ осындай шапан мен сыйлықтарды Сауытбек Абдрахманов, Төлеген Жанғалиев, бүгінгі айтыстың тізгінін ұстап, тамаша жүргізген Аманжол Әлтаев мырзаларға тапсырды.

Бас жүлде, жеңіл автокөліктің кілтін облыс әкімінің қолынан бүгінгі айтыстың жеңімпазы Мақсат Ақанов алды.

Осылайша көрермендерді ерекше бір серпілтіп тастаған республикалық айтыс та аяқталды.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.