Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Сенен мұңды, мұңнан сені қызғандым......

17.07.2024 2805

Сенен мұңды, мұңнан сені қызғандым... 14+

Сенен мұңды, мұңнан сені қызғандым... - adebiportal.kz

Салтанат Мадиярқызы 1996 жылы  қазіргі Түркістан облысы, Сарыағаш қаласында өмірге келген. Төлеби ауданындағы мектеп-интернатта оқыған. Кентау қаласында арнаулы кәсіптік колледжді, Шымкент қаласында SilkWay халықаралық университетін бітірген. Мамандығы — Экономист. Еңбек жолын Отандық өндіріс компанияларында бухгалтерлік қызметтен бастаған. Баспаханаларда редактор-корректорлық қызметтер де атқарған.  Аудандық, облыстық, республикалық мүшәйралардың жүлдегері. Өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде жарық көрген, сондай-ақ «Жаңа ғасыр әуендері» атты жас ақындар антологиясына енген. 2021 жылы «Шахмат» атты тұңғыш өлеңдер жинағы, 2023 жылы «Жолаушы» жинағы жарық көрген. Әділ Ботпанов атындағы әдеби сыйлықтың иегері.

 

         БІЗ 

Сенім қымбат, 

Сенім қымбат күдіксіз! 

Терезеден үңіледі күліп күз. 

Біз — әкеміз арта алатын Сенімбіз,

Біз — анамыз үлбіреген Үмітпіз! 

 

Біз тілекпіз, Хақтан сұрап әперген, 

Біз — Жүрекпіз, бәрін үнсіз көтерген. 

Біз — Рухпыз, ешкім сындыра алмаған, 

Еркіндікпіз, шектеулерге еті өлген... 

 

Біз — жауынбыз, бәрін шайып өтетін. 

Біз — дауылмыз, дегеніне жететін. 

Жарық, жылу бере алатын бір кезде 

Біз — жалынбыз, түгел өртеп кететін! 

 

Біз — болмыспыз, қиянатқа қимаған. 

Біз — мінезбіз, еш қалыпқа сыймаған. 

Төңірекке сәуле шашып жүретін —

Махаббатпыз!

Махаббатпыз, иланам. 

 

Қаншама жол бізді күтіп жатыпты, 

Біз жеткенше, сағынышқа батыпты. 

Бізді көріп, қайғы өкініп барына, 

Бізге кезіккелі

Бақыт бақытты! 

 

Біз де қонақ бұ жалғанға, 

Алашқа. 

Біз аңғалмыз, 

Біз арманбыз, таласпа. 

Біз — Құдайды құлай сүйген жүректің

Қабыл болған дұғасымыз, о баста!

 

                          ***

...жай ғана ұққан кім жайыңды? 

Шаттықты, 

Сағыныш, 

Уайымды 

Тәрк етіп, жұбанғың келеді,

 Күбірлеп «қайырлы, қайырлы...» 

 

Бір тамшы сонша ауыр жан мұңын, 

Ол мұңның

Көзіңнен құлаған тағдырын, 

Сен үшін аяулы сәттердің елесін, 

Шарасыз қалуың мүжіген жігерді... 

Жүрекпен сезінем барлығын. 

 

Есіңді жия алмай, 

Өткенге 

Бір қарап, өзіңді сөккенде, 

Ақ жауын сырларын төккенде, 

Жырлары жеткенде, 

Ай қарап, ұлығың келе ме, 

Әлемге сия алмай кеткенде? 

 

Құшақтап алғың кеп аспанды, 

Аспандай әдемі көзіңнен жас тамды. 

Барлығы

 «бәрі де бітті» деп 

Ойлаған сәтіңнен басталды. 

 

Көңілдің бағасы, ар құны 

Тереңге тартады жалқыны. 

Жазмыштың желкенін ту еткен кемеңді, 

Соғады тағдырдың толқыны. 

 

Сезімнің, сенімнің өлгенін

Көрмедің. 

Көрмедің алаудың сөнгенін. 

Барыңмен қорғаған сол жалғыз Үмітті

Сенгенің жерлеуін,

Ауыр ғой, көргенің. 

 

Әспеттеп күніңді, айыңды, 

Сырлас қып қаратал, қайыңды, 

Ой құшып, иланғың келеді, 

Сабыр деп. 

— Қайырлы? 

— Қайырлы!

 

Қырсығып сөздерге әмірлі,

Ойға алып хан төрін, 

Қабірді... 

Өзгеге

Ұсынғың келе ме, өмірді?! 

Түсінгің келе ме, Тәңірді

Бір сәтке?. 

 

Адалдық түбіңе жетердей, 

Парыздар қалғандай өтелмей

Күй кешсең, 

Сұрашы кіммін деп 

Сатқындық сындырып кетердей?! 

 

Құзға айдап көп ойдың жетегі, 

Тау-тасқа соққылап шекені, 

Баз кешіп безінген ғұмырда

Барлығы, 

Бәрі де өтеді. 

 

Өзіңнен биік боп мұратың

Тұрғанда,

Сен қалай сынасың?! 

Құласаң,

Күмәнсіз сене бер

Күшің бар қайта тік тұратын! 

 

Демеші «сұрықсыз неге өмір?!» 

Арманға, 

Таңдарға ере біл. 

Ойлашы, 

Осынау әлемде

Сен барсың — 

Тәңірлік шедевр! 

 

                          ***

Тау-тасқа соғылған маңдайды

Күн өпті. 

Қыран — Ой

Қалықтап көгімде, 

Бұл жүрек шым етті.

Уақыт оюлап мән жайды, 

Мезгілдер мөлт етіп

Көзімде…

Күміс шық дір етті.

Уақыт сағынышты үдетті. 

Сағыныш жүдетті. 

Сонша үлкен сезім де мекендейді екен ғой,

Кішкентай жүректі.

Қазір тек Көк қана құштарым. 

Мұншалық тартылыс күш барын

Сезбегем. 

Мұң шағып, 

Құлшынып күн сүйген, 

Түн салып құлшылық игерген

Көңілдің биігі — тұмсалық. 

Биіктік — мендегі ұстаным. 

Көк жүзі. 

Күн күлді тағы да.

Қыран ой қалықтап бағыма. 

Көркемсөз кестелеп оюын, 

Шаттандым, байрағым табыла. 

Тәңірлік шедевр сурет бұл, 

Өмірлік мағына! 

Табиғат тосылмай, қазақтың байрағын

Көтерді тағы да. 

Ой ғана басы да, соңы да ертектің. 

Соншалық сүйкімді мөлтек мұң. 

Қырандай ұмтылып биікке, 

Төмендеп кетпеуге серт еткем, 

Төмендік етпеуге серт еттім! 

Саналмай кештердің батарын, 

Сыналмай таңдардың атарын

Ұқтырып, 

Көзімде шық тұнып,

Сезіммен тұп-тұнық

Әлемді тануға бағыттап, 

Жалғасын табады сапарым. 

Мен сенің инедей бір сәулең ғанамын, 

Отаным!

 

                          ***

Бәріміз де шаршадық, 

 Барлығынан және де... 

Тіршіліктің жазылмаған заңдары қалауыңа көне ме? 

Өртке оранған өзегіңдей

Қанша жерде ормандар

Кей балалық армандардай жанып кетті... 

О, неге?!

 

Мың бір күдік, бір арман

Көңіл неге күзден бұрын қуарған? 

Жүрек неге бұрынғыдай жұбанбауды шығарған?! 

Іштей ғана егілетін бір сәттердің жасындай

Қайта-қайта өлкелерді су алған... 

 

Барлығы да сондай таныс

Және сондай жат маған. 

Жауабы бар сұрақтар бар, бірін-бірі таппаған. 

Ой ішінде адастық па, ел ішінде жүрміз деп? 

Кей сұрғылт бір ойымыздай кеселдер де қаптаған.. 

 

Аспан бізге сыр айта ма, түссіз мұңын төккенде? 

Ол оны да мұңайта ма, көк күркіреп өткенде. 

Мейір кеміп, пейілдер тым тарылған сәттерде

Бір сілкілеп алсам дей ме, жер сілкініп кеткенде?. 

 

Ой ішінде сенделгенбіз

Кеше, алдын, бүгін де. 

Қонақ болып келгендерміз, қайтатұғын түбінде. 

Кейде ойға бір нүкте алып, ұмытамыз басқасын. 

Құдай бізге хат жазады табиғаттың тілінде. 

Құдай бізге хат жазады табиғаттың тілінде. 

 

АСПАН ЖАҚҚА ХАТ ЖОЛДАҒЫМ КЕЛЕДІ 

 

Картинаны көргім келіп ойлы, жылы, көлемді 

 Тамшы сүйген терезеге телмірем. 

 Түн ішінде кофе ішуге шақырмаймын сені енді, 

 Әткеншекке отырмаймын енді мен

Бұрынғыдай... 

 

Бұрынғыдай 

Енді ештеңе болмайтынын білемін. 

Уақыт бәрін қабылдауды үйретті. 

Жарақатын таңып еді жұдырықтай жүрегім, 

Сенгенім де күйретті. 

 

 Енді ешкімге хат жазбаймын, сұрақ қойып көл-көсір, 

Сауалым да, жауабым да ішімде. 

 Еркелігім болар ол да, айтқаным да желге сыр, 

Жауап қатты ол

Түсімде...

 

Өткергенің, сенгенің де, жек көргенің бекердей, 

Өкінішін өппек кім?! 

Мен сөйлесем дауыл тұрып, жауын құйып кетердей, 

Үндемейтін боп кеттім.

 

Қайғы-мұңды қатар кешіп жүріп-ақ, күле аламын. 

Күлкім дағы шынайы. 

Кеуде тұста азынайтын тыным бермей бір уақ,

Сағыныш бар, (ұдайы). 

 

Ескі әдеттің бәрін бірге, бәрін мүлде қойғаным —

Өзімменен ерегес. 

Өлеңге де айтылмайтын, жай тұрмайтын ой барын

Ұғатындар жоқ емес. 

 

Бала көңілім бір үміттің жеңеріне сенеді, 

Кірпігіме шық қонған. 

Аспан жаққа бар ойымды хат қып жазғым келеді, 

Жүрегіме жүк болған. 

 

Таязға да шын тереңдік һәм кемелдік тіледім. 

Сосын... 

(арзанға айтқан қымбат сөз деп мұңайдым.) 

Мен бәрібір мына әлемді, адамдарды сүйемін, 

Олар көркем туындысы құдайдың!

 

                                 ***

Жылылық та, салқындық та — бір өзі. 

Біз сияқты түсініксіз мінезі. 

Сары алтынға ораймын деп барлығын, 

Бояуларын төгіп алған Күз өңі

Шақыртусыз кіріп алған көңілге. 

Сен де қалдың сол көңілдің төрінде. 

Жауын, 

Дауыл, мейлі, сағым бола бер, 

Тек, ағаштан жапырақ боп төгілме! 

 

Көңіліңді суытпасын ызғар-күн, 

Сен деп ойдың қамалына жүз бардым. 

Жанарыңның мұңын кешіп мөп-мөлдір, 

Сенен мұңды, мұңнан сені қызғандым! 

 

Әлденені, әлденеше іздеген, 

Жазғыратын,

 Жаздыратын бізге өлең, 

Сағыныштар сағым құшып алданар, 

Жаңылыстар мезгілі ғой, күз деген. 

 

Біз секілді кім жалықты сөздерден?! 

Сөздер, сөздер... 

Айта берер кез келген. 

Бастапқыдай қалу керек шын сезім, 

Күздей болмай түсі талай өзгерген. 

 

Бақтың ішін кезген желдей, сандалып

Отырамын мың ойланып, толғанып. 

Хақтан келген хат секілді үңілем, 

Жапырақтай жүрегімді қолға алып. 

 

Тағдырыңа тағып берер мың айдар, 

Тізбектеліп өте бермек күн, айлар. 

Мені жалғыз деп алаңсың, нанарсың. 

Ал, мен жалғыз емеспін ғой, 

Құдай бар!

 

 

 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар