Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Терминжасамның калькалау тəсілі арқылы ақпараттың ...

25.07.2023 1547

Терминжасамның калькалау тəсілі арқылы ақпараттың беруі 14+

Терминжасамның калькалау тəсілі арқылы ақпараттың беруі - adebiportal.kz

Негізінен қандай тілдік мәселе жөнінде сөз етіп немесе талдау жасасақ та, оның қалыптасу, даму тарихына соқпай өте алмайтынымыз белгілі. Жалпы қазақ терминологиясы туралы сөз еткенде, қазақ тіл білімінде ең алғаш рет термин туралы сөз қозғап, оны жасап, қалыптастырған ұлы ұстаз, ғұлама тілші Ахмет Байтұрсынұлының есімін атамау мүмкін емес деп ойлаймыз.

Біздің терминдік жүйеміздің жасалу барысы ешқандай талас-тартыссыз, тып-тыныш жүріп жатпаған. Алғашқы, яғни 20-30 жылдарда қазақ тілінде термин жасау процесі Ахмет Байтұрсынұлы үлгісінше жүріп жатты. Яғни, ол үлгі бойынша – атау сөздері (терминдерді) жасап, тұрақтандыруда негізінен, қазақ тілінің өз байлығын барынша сарқа пайдаланып, іске қосу болатын. Ол кезде түзілген сөздіктерге үңілсек, біз осыны аңғарамыз. Бірақ, өкінішке қарай, бұл бағыт әрі қарай баянды жалғасын таба алмады. Ұлт саясатындағы өрескел бұрмалаушылықтар терминжасам мәселесіне, жалпы тіл дамуына салқынын тигізбей қоймады. Тіпті 80-жылдардың екінші жартысында-ақ қазақ тілінде терминжасау принципіне түбірлі өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер терминжасам ісін ғылыми арнаға салғанымен, тіліміздің әдеби және ғылыми тіл ретіндегі болмысына едәуір нұқсан да келтіргенін жасыруға болмайды. «Қазақ тілін дамыту, оның сөздік құрамын жаңа терминдермен толықтыру» деген сылтаумен, интертерминдер шеруіне шек қойылмады. Орыс тілі арқылы енгізілген сан мыңдаған терминдер тілімізге ешбір өзгеріссіз, баламасыз сол қалпында қабылданды. Мұны бұлтартпас қағида ретінде емле ережелеріне ендіріп, заңдастырып алдық. Ахмет заманынан бергі жердегі терминжасам процесі осы негізде жүргізіліп келді. Тек соңғы он-он бес жыл ауқымында ғана бұл мәселе ұлттық сұраныс тұрғысынан қайта қарала бастады.

Жалпы тілімізде кірме терминдердің толық санын дөп басып айту қиын, оларды барлық саладан кездестіруге болады. Қазақ тіліндегі кірме сөздерді І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев, Л. Рүстемов, Р. Сыздықова және т.б. ғалымдар өз еңбектерінде екіге бөледі. Бірінші топ –  араб-парсы тілдерінен, екінші топ – орыс тілінен және орыс тілі арқылы өзге тілдерден енген.

Байырғы сөздерден қарағанда бөтен тіл арқылы келген физикалық терминдердің көп екендігін айта келіп, тілші-ғалым С. Еркебайқызы: «Физикалық терминдерді кірме атаулардан құралған терминдер (электрондар дрейфі – дрейф электронов, плазмалық спектроскоп-плазменный спектроскоп т.б.) және кірме, төл сөздерден құралған аралас терминдер (абсорбталған зат – вещество абсорбированное, радиоактивті ине – игла радиоактивная т.б.) деп жіктеуге болады. Қазақ тіліндегі физикалық терминдер басқа тілден сөз қабылдау, аудару арқылы жасалумен қатар, тіліміздің өз қоры, өз мүмкіншілігі арқылы да жасалады. Тек кірме сздер арқылы термин жасау мүмкін емес. Шындығында, халық тілінің мол қазынасын сұрыптап, саралай білсек, ғылыми терминология дәрежесіне дейін көтеруге болатын сөздер аз емес» - дейді.

Калькалау – өзге тілдердің терминдерінің жасалу үлгісі мен мағынасын пайдалана отырып, ұлт тілінде термин жасау болып табылады. Кальканың тілдік табиғаты түрліше түсіндіріледі. Мысалы:

а) Калькалау термин шығармашылығында айрықша орын алады, осының өзі оны терминжасамның жеке амалы ретінде қарастыруға негіз болады.          

 ə) Калькалауды сөз алмасудың байқалмайтын түрі, оны «жасырын

сөзалмасым» немесе «жабық сөзалмасым» (скрытое заимстование) деп түсіну

керек.

б) «Калькалау терминдену, терминжасам жəне терминалмасым сынды негізгі үш тəсілдің бірігуінен (қиылысуы мен өзара əсерінен) тұрады».

Калькада алдыңғы екі (а, ə) түрлі сипаттың болуын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен үшінші тұжырымның негізі берік деуге болады. Калькалау барысында өзге тілдегі сөздің мағынасының, құрылымының пайдаланылатыны рас. Өнімділігіне қарай жеке тəсіл ретінде танылып, өзге тілден сөз алынбай ұлт тілінің өз сөзі пайдаланылатындықтан оны «жасырын

сөзалмасым» немесе «жабық сөзалмасым» дейтіні де сондықтан. Калькалау барысында бір тілден екінші тілге сөз мағынасы да, сөздің құрылымы да алмасумен қатар нəтижесінде қабылдаушы тілде жаңа термин жасалады. Яғни мұнда тіларалық терминдену мен терминжасамдық сипат бар. Сол себепті калькалауды үш тəсілдің бірлігінен тұратын, терминжасамның құранды тəсілі ретінде қарастырудың негізі бар.

Калька құрылымы мен мазмұнының қабылдаушы тілде игерілуіне, қабылдануына қарай сөзжасамдық калька, семантикалық калька, фразеологиялық калька деп жіктеледі. Сөзжасамдық калька – шет тілі сөзін əр морфемасы бойынша дəл аудару.

Семантикалық калька – шет тілі сөзінің ауыспалы мағынасын алу.

Фразеологиялық калька – фразеологизмді сөзбе-сөз аудару.

Сондай-ақ, кальканың сөз тіркесі түріндегі, сөйлем түріндегі синтаксистік калька деген де түрі бар.

Шетел тіліндегі сөздердің толық немесе жартылай игерілуіне қарай да калькалар жіктеліп жатады. Егер өзге тілдегі сөз үлгісі жартылай көшірілсе,

оны жартылай калька ал тұтастай көшірілсе, онда оны толық калька дейді.

Басқаша айтқанда, толық калька – кальканың шет тілі сөзінің мағынасы мен

мазмұнын ашуға оның терминнің барлық компоненттері қатысатын түрі. Ал

жартылай калька – терминнің мағынасын ашуға сыңарларының бір бөлігі

(немесе біреуі ғана) қатысып, қалған сыңарларының терминнің дыбысталуына ғана ықпал етіп, дербес мағынасы болмайтын түрі.

Шет тілдері сөздерінің семантика-морфологиялық құрылысын дұрыс түсінбеуден туындайтын, қате жасалған калькаларды жалған калька дейді. Қазақ тілінің терминқорында калька тəсілімен жасалған термин сөздер көптеп саналады. Олар негізінен кеңестік дəуірде қалыптасқан терминдер. Қазақ тіліндегі калька терминдердің басым бөлігі орыс тіліндегі терминдер үлгісімен жасалған. Кеңестік дəуірде терминалмасым негізінен «орыс тілінен

→ қазақ тіліне» түрінде біржақты бағытта жүзеге асырылып, біздің тіліміз үшін орыс тілі терминқор қалыптастырудың бірден-бір сыртқы көзі, үлгі тіл ретінде танылды. Сондықтан да қазақ тіліндегі калька жолымен жасалған терминдердің негізгі бөлігінің үлгісі орыс тіліндегі терминдер болып келеді. Бізде осы тəсілмен жасалған терминдерді дұрыс қабылдап, бұл тəсілді термин шығармашылығында ұтымды пайдаланып, оның өнімділігін арттыра түсу қажет деп санайтындардан гөрі, бұл жолмен жасалған терминдерді сөзбе-сөз аудару, жасанды деп жатсыну көбірек байқалады. Оның бір себебі – кеңестік кезеңде үстемдігі өткен орыс тілінің ықпалынан арылып, соңғы жылдарда байқалып отырған ұлт тілінің сөзжасам тəсілдері мен ішкі лексикалық байлығын барынша тиімді пайдалануға ұмтылу үрдісімен де байланысты болса керек деп пайымдаймыз. Əрине, өзге тілдерге орынсыз көп жүгінудің реті жоқ. Алайда іргені аулақтаудың да жөні бар екенін естен шығармағанымыз жөн. Калькалау өзге тілдердің сөздерін дайын өзгеріссіз көшіру емес. Біздіңше, жалпы калькалауды шет тілдерінің сөздерін игерудің тəсілі деп қарайтын ғалымдардың пікіріне көбірек ден қойған орынды. Толық калька жасау кезінде ұлт тілінің сөздері мен қосымшалары пайдаланылады. Термин жасаудың жаңа үлгілері туындайды. Семантикалық калька жасау барысында да метафоралау, алмастыру жолымен тіліміздегі сөздердің арнайылану, терминдену процесі жүзеге асады. Калькалауды механикалық түрде айнытпай көшіру деп қана қабылдамай, оның белгілі дəрежеде шығармашылық процес екендігін де ескерген дұрыс. Бұл орайда «Калька – тіл тұтынушыларының шет тілдерісөздерінің еш өзгеріссіз ұлт тіліне енуіне қарсылығы» деген пікірдің негізсіз емес екеніне назар аударған абзал. Əйгілі тілші-ғалым Л.Блумфилд кальканы шет тілінің сөзін аудару немесе шетел тілінің сөзі арқылы берілген ұғымды өз тіліңнің сөзімен атай отырып, жаңа сөз жасау деген болатын.

Жалпы қай тəсілмен болмасын жаңа сөз, жаңа термин жасауды оп-оңай шешімін табатын, əркімнің де қолынан келе беретін бұқаралық іс емес. Бұл арнайы біліктілікті, машықтануды, көп ізденісті қажет ететін, шығармашылықпен жүзеге асатын жұмыс. Калькалау да солай. Термин шығармашылығында бұл тəсілді пайдалана отырып арнаулы сала атауларын жасағанда бұл мəселенің «Калькалау тəсілімен термин жасау – оңай іс емес. Аударма сəтті болуы үшін шет тілі сөзінің семантикасын, морфологиялық құрылымы мен қолданылатын саласын жақсы білу керек», – деп Г.Ц.Пюрбеев атап көрсеткен қырларына жете көңіл аудармай болмайды.

Кейбір тілдерде калька шет тілдері сөздерін игерудің бірден-бір тəсілі болып саналады. Біз де солай етейік деп өзге тілдерді үлгі ете берудің реті бола қоймас. Бірақ қажетіне қарай, термин шығармашылығында бұл тəсілді де жатсынбай пайдаланып, оны тіліміздің табиғатына сəйкестендіріп жетілдіре білсек, терминжасам тəсілдеріміздің өрісі кеңейіп, өзге тілдердің сөздерін игеру мүмкіндігіміз арта түспек.

Қорыта айтқанды, ұлттық тілдегі сөздердің терминдену деңгейі бірдей бола бермейді. Тілдегі əр алуан лексика-семантикалық топтарға қатысты болатын сөздердің де терминологиялық жүйеден орын алу мүмкіндіктері əркелкі. Мəселен, бір ғана өсімдіктер дүниесіне қатысты лексиканы алар болсақ, өсімдіктердің құрылым-құрылысын білдіретін сөздер мен (сабақ, жапырақ, тамыр, буын т.б.) өсімдік атауларының (бидайық, долана, жоңышқа, селеу, тобылғы т.б.) терминдену деңгейін салыстыруға келмейді. Алғашқылары толық мəніндегі терминдер ретінде өсімдіктану ұғымдарының жүйесінен берік орын алса, кейінгілері сол жүйеге тікелей қатыссыз, яғни терминдік емес атауыштық (номен) қызмет атқарады. Немесе кейбір ғалымдардың айтуынша терминденудің екінші сатысындағы сөздер.

Терминжасам тәсілдерін ғалымдар түрліше атап, түрліше топтайды. Терминдік жүйені жасаудың терминжасам тәсілдері туралы В.П.Даниленко, С.В. Гринев, О.П. Фролова, А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы, Ж.Күдерин т.б. ғалымдар зерттеулерінде сөз болғаны белгілі.  Сонымен қатар әр термин жасаушы элементтер, әр термин жасаушы тәсілдер өзіне тән терминдік ақпарат береді деп тұжырымдауға болады.

Жалпы өмірдің қай саласы болса да терминдерді, арнайы сөздерді қолдануды қажет етеді. Сондықтан да бұрыннан келе жатқан семантикалық жақтан күңгірт, «интертерминдер» деген атқа ие болған кірме терминдерді талапқа сай келтіру, жаңа қоғамдағы, жаңа ұғымдарды жаңа сөзбен – терминдермен атау қажеттілігі – көшірме, жат тілдік терминдерді қабылдау кезінде жүгінген принциптеріміздің кемшіліктерін көрсетіп берді, жаңа терминдер жүйесін дамытудың сан алуан мәселелерін алға тартты.

Яғни, осы тұрғыдан алғанда қазіргі терминжасам мәселесі қазақ тіл біліміндегі өте тың, өзекті мәселе деп білеміз. Жалпы мәселеге әрбір ізденуші өз тұрғысынан қарайды.

Қазіргі кезде көптеген терминдер талқылауға ұсынылып, олардың біразы бекітіліп жатқандығы мәлім. Егер де терминологиядағы басты талаптардың бірі – мағыналас ұғымдарды ұялық әдіспен беру керек.

Қорыта айтқанда, біз жоғарыда қазіргі терминжасамдағы ерекшеліктер мен терминологияның кейбір мәселелері туралы сөз еттік. Сондай-ақ тақырыпқа байланысты ғылыми еңбектер мен пікірлерге сүйене отырып, бұл мәселені талдап, өз тұжырымдарымызды да жасауға тырыстық. 

Дегенмен де, бұл мәселелерді толықтай қамти алдық деп айта алмаймыз. Себебі, бүгінгі күннің ең өзекті проблемаларының бірі болып отырған терминология мәселесінде – терминжасам мен сөзжасамның қарастырып, талдау қажет етерлік жайттары әлі де баршылық. Ал бұл мәселелердің бәрі – болашақ тілші-ғалымдардың үлесінде болмақ.

Демек, қазіргі кезде, яғни «қазақ терминологиясына жаңаша көзқараспен қарап», қайтадан жасалып жатқан шақта, бұл мәселелерінің қай-қайсысы да байыппен қарап, әрі жан-жақты қарастырып, зерделеп, зерттеуді талап етері хақ. 

Білім мен ақпарат өзінің мәні бойына ажырағысыз, дегенмен олардың арасында теңдік белгісін қоюға болмайды.  Адамның ешкімге хабарлағысы келмейтін білімі ешқашан шынайы болмайды. Бұл әлеуетті ақпарат. Білім, оны өзге адамдарға беру мүмкіндігімен, яғни коммуникация мүмкіндігімен байланысты болғанда ғана ақпаратқа айналады. Терминологиялық ақпараттың түсініктік сипаты көбінесе ғылыми ақпарат анықтамасымен сәйкес келеді және таным процесінде алынатын табиғаттың, қоғам мен ойлаудың құбылыстары мен заңдарын адекватты көрсететін және қоғамдық-тарихи практикада пайдаланылатын логикалық ақпарат деп түсінеміз.

Ғылыми ақпарат мәтіндер мен «қоймаларда», оның ішінде электрондық қоймаларда тіркеледі. Кәсіби-ғылыми ақпараттың ерекше қоймасы ретінде бұқаралық ақпарат құралдарына қарағанда арнайы ақпарат құралы болып табылатын терминологияны есептеуге болады. Дәл осы ақпарат жүйелік сипаттаудың және нақты терминологиялар мен оның құрамдас термин бірліктерінде шоғырланған арнайы білімнің негізі, базасы болады. Термин жүйесі дамуының ұзақ уақытына қарамастан, қазіргі кезде оның қоғамда қызмет етуін қамтамасыз ететін тілдік құралдармен толығуын және қалыптасу кезеңін өткізуде.

Тіл – әрбір ұлттың мәдениеті, тарихы, ұлттық дүние танымы. Әлемдегі барлық ұлттарды топтастыратын да, даралайтын да – тіл. Кез келген халықтың болмысында, тұрмыс-тіршілігінде, мәдениетінде, ғылым-техникасында әрбір тілдің атқаратын қызметі ерекше.

Ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып отырған бүгінгі күні ғылымның даму бағытымен бірге дамып, жетіліп отыратын термин жүйесін қалыптастыру, сонымен қатар терминологиялық ақпаратты қалыптастыру, зерттеу ғылым тілінде күн тәртібіндегі мәселе.

Сонымен талдауымызды тиянақтай келгенде, мынадай тұжырымдар жасауға болады:

Ең алдымен, термин сөздер – ғылыми ұғымдардың мазмұнын ашатын ақпараттар көзі болып табылады.

Екіншіден, терминологиялық ақпарат – сөздің терминологиялық мағынасы арқылы алуға, таратуға болатын мәліметтер жиынтығы.

Үшіншіден, жалпы қолданыстағы сөздердің көпшілікке жақсы таныс лексикалық мағынасында сақталған ақпараттар ұғымның қарапайым белгілерін білдірсе, термин сөздер арқылы берілетін ақпараттар ғылыми ұғымның арнайы зерттеулер нәтижесінде анықталған көбінесе әр саланың мамандарына ғана таныс болатын, жалпы жұртшылық немесе маман еместер біле бермейтін белгілерден тұрады.

Төтріншіден, термин сөздердің мағыналары арқылы берілетін ақпараттар көп жағдайда ғылыми дәлдігімен және өзге лексикалық қабаттарға жататын сөздер мағыналарында сақталатын мәліметтермен салыстырғанда толымдылығымен, ақпараттылығымен ерекшеленеді. Басқаша айтқанда, терминологиялық мағына – ақпаратқа бай мағына ретінде айрықшалана алады.

Бесіншіден, терминологиялық мағына арқылы берілетін ғылыми ақпарат негізінен арнаулы мәліметтермен, терминологиялық жүйемен, сала мамандарының кәсіби тілмен шектелетін, таралу аясы мен толық қабылдану мүмкіндігі адамның интеллектуалдық деңгейімен, мамандануымен байланысты болғандығымен де бұқаралық ақпараттан ажыратылады.

Диссертациялық жұмысымызда терминдердің ақпаратты беру жолдары мен ауқымын талдай отырып, жалпы терминдердің, салалық терминдердің, омоним терминдредің, сонымен қатар терминжасам тәсілдерінің ақпараттылық ерекшеліктерін көрсеттік. Және де терминдердің ақпаратқа ең бай тіл білімінің салаларының бірі екені барынша мысалдар арқылы дәлелденді. 

Көріп тұрғанымыздай, терминологиялық атаулар тек қана сыртқы мақсаттарын ғана емес, сонымен қатар өз кезегінде, жаңа шешімдермен толысатын жарнаманы да көрсетеді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар