Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Ұлттың асыл қазынасы...

02.07.2025 4322

Ұлттың асыл қазынасы

Ұлттың асыл қазынасы - adebiportal.kz

Астана қаласы мемлекеттік архивінде Ұлттық домбыра күніне және ақын Жібек Болтанованың құжаттарын архив қорына қабылдау аясында «Домбыра – ұлттың асыл қазынасы» атты көрме және «Жайықтың ақын Жібегі» атты дөңгелек үстел өтті. 

Астана қаласының Мемлекеттік архиві  Ғылыми зерттеу және ақпараттық-түсіндіру жұмысы қызметі басшысының орынбасары Ұларбек Дәлейұлы жиынды мемлекет дамуындағы өнер мен мәдениеттің ролі жайындағы пікірмен бастады: 

–  Әдебиет те, өнер де жеке тұлғалар арқылы жасалады. Ұлттың ұлт болуы, елдің ел болуы ең алдымен руханиятына, мәдениетіне байланысты, ол екеуі кемтар ел ешқашан ел болып жарытпайды. Черчилль айтты деген сөз бар ғой, соғыстың қызып жатқан кезінде министрлер есеп тапсырып жатыр дейді, темір өнеркәсібіне осынша миллион бөлдік, қару-жараққа, әскерге, егін шаруашылығына мынанша миллион бөлдік деп. Сонда Черчилль сұрапты: 

– Мәдениетке қанша бөлдіңдер?

– Соғысқа байланысты ақша бөлмедік.

– Онда не үшін соғысып жатырмыз, – депті Черчилль. 

Мемлекет басшысының Жарлығымен бекіген бірінші шілде Ұлттық домбыра күні. Домбыра – ұлттық мәйегіміз, ұлттық тарихымызда орны бар ерекше аспап, киелі санада қазақ үшін орны бөлек.  Бүгін, міне, Ақжайықтан түлеп ұшқан Жібек Болтанованың құжаттарын Астана қаласының мемлекеттік архивіне қабылдап отырмыз. Өткенде елге белгілі қоғам қайраткері Оразкүл апамыздың да құжаттары қабылданған. Жалпы, қазақтың тарихында, мәдениетінде, Астананың қалыптасуында кез келген салада еңбек сіңірген тұлғалардың құжаттарын осында жинап, жеке қорын ашып, сақтайтын дәстүрі бар, сондықтан да осы екі шараны біріктіріп отырмыз.

Жангелді Бимолдин, Астана қаласы мемлекеттік архивінің директоры: 

 - Бұл архивтің алар орны, салмағы өте үлкен. Бұл – тарих сақталатын, өткенді сақтап, болашаққа жеткізетін бір қастерлі орын. Өйткені жеке құжаттарыңыз өздеріңіздің үйлеріңізде сақталатын болса, архивке келіп түскен құжат - жалпы халықтың, көпшіліктің мұрасына айналады. Кезінде өзіміз айтысын тыңдаған замандасымыз, осы қаланың он жылдығы қарсаңында үлкен жүлдеге ие болған Жібектің бүгінгі таңда қағазға түскен ойлары, пікірлері, шығармалары біздің архивке тапсырылып отыр. Архив дегенде баяғы Мұқаң айтқан «шаң басқан архивтерден табыламыз» деген бір сөз жатталып қалды ғой, ойымызда сол ведомстволық архив, кабинет ішінде құжаттар үйіліп жатыр деген сияқты қалған ғой. Жоқ, архив бұл үлкен рухани зерттеу орталығы. Біз, мысалы, биылдан бастап  ғылыми бағытта зерттеу, зерделеу жұмыстарын алдық. Мысалы, Әлмұқан Сембинов осы жерде болған, үш рет Даңқ орденінің иегері, партия қызметінде жасағанда халық үшін көп еңбек сіңірген, сондай білікті, білгір, қазақ дегенде сондай жаны ашитын адам болған. Жеке құжаттарында оның бәрі жазылған екен. Одан кейін «екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Ақмола қандай үлес қосты?» деген бағытта кітап шығарып отырмыз. Бұл үлкен зерттеу орталығы. Осы бағытта қазіргі таңда жыл аяғына шейін бірнеше жобамыз бар. Осындай кітаптар шығарып, одан кейін дөңгелек үстелдер өткіземіз. «Архив және болашақ ұрпақ» деген үлкен жобамыз бар. Оған студенттерді шақырамыз. Әрине, бүгінгі таңда өздеріңіз көріп отырған экспедиция бойынша көп проблемамыз бар. Бірақ енді әкімдік тарапынан көп қозғалыс болып, үлкен қаланың ортасында жақсы ғимарат салып береді деген бастама көтерілді. Оның бәрі уақыттың еншісінде. 

Бұдан кейін сөз алған қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы Астана тарихына қатысты қызықты естеліктерге  ойысып, Кенесарының ескерткіші ашылған кездегі зиялы қауыммен бірге халықтың соншама қуанған тебіренісін еске алды. 

«Астана руханиятты бағалауымен – астана. Кез келген жерде қарынды тойдыруға, көк көйлек киюге болады. Ал бірақ руханиятты бағалайтын мекеменың орны бөлек. Жібек сіңліміз алдындағы Тәушен апасы, Әселхан апаларының қасында жүріп эстафетасын қабылдаған адам. Кезінде неге айтысты жапты? Өйткені біздің барымызды көрсететін қазақ халқының маңдайына біткен – ол фольклоры еді» деп тілектестік лебізін білдірді. 

Тілеуғали Қышқашбаев, композитор, педагогика ғылымдарының докторы:

– Шынында да үлкен мереке. Мен өзім домбырашымын. Ол кезде жиырмасыншы ғасырда бір кереметтей ұстаздар болды. Кереметтей ғалымдар болды. Бір Мансұр Сағатовтың өзі ештеңеге жетпейтін. Сондай бір салмақты адам. Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер атағын екі рет алғанда өзі де білген де жоқ. Ол кездегі адамдар атаққұмар емес, барлығы творчествомен айналысады. Бізге жайлы Алматыны тастап, сабақ беріп жүрген жерімізді тастап келу оңай болған жоқ, бірақ,  осы Астана қаласының мәдениетін, өнерін көтеру бізге жүктелген міндет болды. Қаншама үлкен өнерпаз, кешегі біздің атақты Мәмбетов сияқты режиссерлеріміз бәрі не үшін келді? Осы қазақтың көк байрағын желбіретіп аспанға көтерейік деп келді. Өздеріңіз білесіздер, ол кезде 230-250 мыңдай халық бар, соның жетпіс пайызы басқа халық болды. Бұл жерде қазақтар өте аз еді. Светлана Жақиянова деген азаматша болды. Сол кісі қазір көп атала бермейді, қазаққа жаны ашып тұратын адам еді.

Домбыра күні деп жатырмыз. Мысалға консерваторияда ол кезде мына домбыраны жетілдіреміз дейтін, домбыраның өзі жетілген аспап, бес мыңдай күйі бар аспап қалай жетіледі? Домбыра да, әншілігің де жетілмейді. Содан жаңағы орыстың шығармаларын тартып, скрипканың, балалайканың саусақ басу дәстүрін алып келді де,  өзіміздің ескі дәстүрімізді жоғалта бастадық. Сол кезде Қасейін ағамыз, ауыл-ауылдан Сержан Шәкірәт, анау Төлеген Момбек, Шымкентте жатқан Генерал Асқар, Мағауия Хамзиндерді консерваторияға айлап алдырып,  сабақ бергізген, содан кейін Жанғали Жүзбайдың шәкіртері жалғастырып жатыр» дей келіп, Астана қалыптаса бастаған алғашқы жылдары айтысты ұйымдастырудағы естеліктен сыр шертті. 

Асхат Маемиров, Астана қаласы Музыкалық жас көрермен театрының директоры:

- Жібекті отыз жеті жылдан бері біледі екенмін. Екеуміз де бір аймақтан, бір өңірденбіз. Біреулер айтысты тек тәуелсіздікпен байланыстырады. Меніңше, нағыз айтыстар сол сексенінші жылдардың басында болды, сол Жүрсін ағамыз ұйымдастырып, командалық айтыс, командалық жыршыларды, термешілерді, дәстүрлі әншілерді жинау сол кезеңде басталды. Сол сексен сегізінші жылдары бізде де оқушылардың айтысы жанданып жатқан кезде айтыста таныстық. Әрі қарай сол таныстығымыз өнердегі, өмірдегі үлкен достыққа ұласты. Сол тоқсаныншы жылдары екеуімізді жиі шақырды. Себебі қыз бен жігіттің айтысын көрсетуіміз керек. Тіпті өзіміз он бесте болсақ та. Сол кезде не айтып, не қойғанымызды қазір еске түсіре алмаймын. Неге бізді шақыратындығын кейін түсіндік. Себебі Оралдың европа жақ беті орыстанып кетті. Сол кезде «қазақтың домбырасын қастерлеген жастар осылай болады, сіздер де осы жастар сияқты елдің ықыласына бөленіңіздер, домбыра ұстаңыздар, қазақтың ұлттық өнерін құрмет тұтыңыздар» деген бағытта болған ғой. Себебі айтысымыздың аяғы бір жарты сағаттық концертке ұласатын. Екеуміз жаңағы екі дауыста отырып, домбырамен ән айтатынбыз.. Біздің олимпиадада қазақ тілі, әдебиет пәнінде жеңімпаз болғанымыз бізді Оралдың педагогикалық институтына оқуға түсірді. Мәтжан Тілеужанов ағамыз бастаған Серікқали Шарабасов, Отаралы Бүркіт, небір мықтылардың тәлім-тәрбиесін көрдік. Біз педагогика институтында оқыған кезде бізде айтыскерлер мектебінің үлкен буыны қалыптасты. Оның көшбасында біздің Мэлс Қосымбаев тұрды. Жібек енді Мэлс ағасымен бірнеше мәрте айтысты. Әрбір айтысы ерекше болды.

 Жібекті иісі қазақ айтыскер ақын ретінде таниды. Дәстүр мен жаңаршылдық тек қана дәстүрді сақтап қоймай, орындаушының өзі сол дәстүрді жалғастырушының өзінің бір мәнерін алып келеді. Бүгінгі сипат береді. Жібек Есенқұл Жақыпбеков ағамыз бастаған, Қатимолла аға болсын, бірталай аға буын өкілдерімен айтысып, солардың батасын алды. Шолпан апамыздың ізбасары болды. Соның барлығы Жібекті ары қарай халықаралық ақындар айтысына республикалық айтысқа шығаруға мүмкіндік берді. Елорда болған кезде қазақтың үлкен айтыс өнерінің жалауын желбіретеміз деп тұңғыш осы Астанадағы республикалық ақындар айтысын өткізгенде Жібек шын мәнінде айтыстың аруына айналды. Жиырма бірінші ғасырдың кәдімгі Сарасының болмысы қандай болу керек, соны алып келді. Сондықтан Жібектің шығармашылығын, айтыстағы қолтаңбасын. ақындық әлеуеттін екі түрлі аспектіде қарастыруға болады, бірі – дәстүрді жалғастырушы, екіншісі – сол айтысқа алып келген әрі ғалым ретінде, әрі айтыскер ақын ретінде жаңашылдығы. Мысалға, үлкен жекпе-жек айтысының ең көш басында Аманжол Алтаев пен Жібек Болтанованың қыз бен жігіт айтысы келді. Бұл айтысқа ерекше тоқталған «Қазақ әдебиеті» газеті, ол кезде газетке айтыстың мәтінін басу сирек кездесетін құбылыс. Жібек Рымғали Нұрғали сияқты қазақтың академигінің тәлім-тәрбиесін көрді. Ол ғылыми ізденістің қандай болатындығын, өзінің жасаған жұмысын ғылыми жүйелеу қандай болатынын сол үлкен мектептен үйренді.

  •  

    Күйші Қайрат Хамитұлы мен дәстүрлі әншілер  Оразалы Игілік, Нұржан Тыныбек, Мұхаммед Бейсен, күйшілер Рахат Өміржан өнер шашып,  домбыра күніне арналған жиынның ажарын ашты. 

     

     

    Домбыра күніне орай өткізілген дөңгелек үстелдің соңында ақын Жібек Болтанова бабалар аманатын арқалаған, ұлттың рухымен тыныстайтын домбыраға құрметін жеткізе отырып, Астананың келбетін қалыптастыруда тер төккен, ел руханиятына үлес қосқан тұлғалардың бәріне алғысын білдірді. «Жұмекен ақынның «Күй» кітабында  күй анасы Дина әжемізге арнаған:

     «Үн төгілді түрленіп – көк гауһардан кетті аумай, 

    Жарқындығы – күлкідей, мұңдылығы – жоқтаудай, ащылығы – шындықтай, тәттілігі – шабыттай, 

    Жеңілдігі – көбіктей, ауырлығы – табыттай»,

     деп келетін өлеңі бар. Өмірдің мәңгілік жалғасы өнер. Домбыра – ұлттың үні, өнер – ұлттың жаны, мұрағат – ұлттың жады.   Ұлттың рухымен тыныстайтын осы үшеуі үндескенде ғана қазақ рухы тұғырлы, болашағы нұрлы болады», –  деп түйіндеді ақын Жібек.

     


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар