Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЭССЕ
/
Ұжымдық кітап жазу мүмкін бе?...

16.07.2025 885

Ұжымдық кітап жазу мүмкін бе?

Ұжымдық кітап жазу мүмкін бе? - adebiportal.kz

«Елу жылда – ел жаңа». Жарты ғасыр бұрын басты байлық Кітап еді. Ауылда тұрсақ та 30-40 кітаптан тұратын қолтаңбамыз қойылған жеке иелігіміздегі кітаптарымызбен мақтанатынбыз. Достарымыздың туған күніне тек кітап сыйлау дәстүр еді. Қазір бәрі басқаша. Санадағы өзгеріс социалистік қоғамнан жабайы капитализмге өткенде өмірімізге енді. 

1994 жылы классик жазушымыз Сайын Мұратбеков жетекшілігмен «Халық Конгресі» газетін шығардық. Мен қатардағы тілшімін. Үйіне шәйге шақыратын.  Пәтеріндегі бай кітапханасының бір сөресіндегі Әлемдік таңдаулы 200 көркем шығарманы алғаш көрдім. 

Ағамыз сонда:

- Осы кітапты сұрап талай адам келді. Тіптен су жаңа «Жигули» мен «Волга» көліктеріне алмастырмақ болғандар да көп мазалады. Сата алмадым. Қазақ жазушыларынан Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» екі томдығы осы 200 таңдаулының қатарына енген, - дегені есімде.

Ол кезде қаражатын жетсе де  «Жигули» мен «Волга» көліктерін сатып алу үшін 10-15 жыл кезек күтетінсің.

Бүгінде кітап стататын сауда үйлерінде осы  кітаптар толып тұр. Әрқайсысы 10-25 мың теңге аралығында. Сол Сайын ағаның үйінде көзім шалған 200 томдықтай көркем безендірілген.  Қалай болғанда да кітап құны жыл жылжыған сайын қымбаттай бастады. Бұрынғыдай 500 - 1000 теңгеге сатылатын кітап жоқ. Кемі 5000 теңгеден басталады. Діліміз бастық болуға ынталы. «Кітап оқитындар кейін телефонға шұқшиғандарды басқарады» қағидаты жасөпірімдерге ерекше әсер етпек. Оқушы кезімізде дүкенде жоқ қызықты кітапты кітапханадан кездестіргенде ұрлайтынбыз. Ол әрекетімізді үлкендерден естіген әлқиссамен ақтап алатынбыз. Ежелгі Қытайда кітап ұрлаған адамды ешқашан жазаға тартпайды. Тек қазынаның елге арналған қаржысын ұрлағандардың басын шауып тастайды деп еститінбіз. Қытайда қазір бюджетті тонағандарды атып тастайды ғой.  Әлі де кітап ұрлығына жаза қолданбайды-ау шамасы.  Жатпай-тұрмай оқу қууы жаңа технологияларды игертіп дүниежүзін таңғалдыруы да содан шығар. 

Тіптен кешегі күні АҚШ Президенті Дональд Трампен арадағы жағдайы нашарлап кеткен Илон Маск Қытайға кетем деп қыр көрсеткенде:

- Қытайға Маск те, оның технологиясы да қажет емес. Өзіміздің данышпандар Масктен мықты жаңалықтарды ашып жатыр,- деп қытай жағы қиқар жауап қайтарған.

Көрші ел Оңтүстік Корея да дүрілдеп тұр. 1997 жылы Алматыда көптеп шығуы тиіс корейлік көліктің ізін қазбалап, журналистік зерттеумен Сеулден бір-ақ шыққам. КИА концерінің Шығыс Еуропа мен ТМД елдеріне жауапты вице-президенті үйіне қонаққа шақырған. Қазақстанмен бірлесіп автомобиль  шығаруға «Хабар» журналисінің қолғабысы тиіп қалар деп бәйек болған. Вице-президенттің екеуі студент, біреуі оқушы, үш қызы бар екен. Мейман сыншы дегендей әр нәрсені бажайлап отырмын. Оқушысы түнгі 10 - нан аса келді. Студенттің бірі түнгі 12-ге, екіншісі жарты сағат өте есік ашқан. 

Қазақтардай бірнеше рет иіліп сәлем етті.

-Түн ауғанша қыз баланың көшеде жүруін қазақтар құп көрмейді деймін.

- Олар кітапханадан келді. Корейде мықты білім алмасаңыз жақсы жұмыс қана емес, сүйген жігітіне тұрмысқа шығу да мүмкін емес жағдай қазір,-деген үй иесі.

Әлемдік экономиканың тізгінін тартуға бір қадам тұрған Қытай елі көп өнегені осы Оңтүстік Корей елінің тәжірибесінен алды. Жақсыдан шарапат деген осы шығар. 

Соған сәйкес үлкен көршіміз Қытайдан үйренер жәйттер аз болмас. Жер бетіндегі ең бай Илон Маске өктемсіп менсіңкіремей қайтарылған жауаптың бір себебі Қытай халқының «кітап ұрлығы – білімге деген құштарлық» қағидатын толық жүзеге асырғанының ақиқаты. 

Кітапқа құштарлық, түрлі шығарманы оқып мазмұнын жарыса айтып таласатын уақытты бастан өткеріппіз. Бүгінгі өссем дейтін өрелі ұрпақтың да кітапқа құмарлығы оянып келеді. Бірақ олар шетел кітаптарын таңдайды. Әлемдік бестселлерді 100 долларға, яғни 50 – 60 мың теңгеге де сатып алып оқиды. Өйткені қазақ тілінде қазіргі талапқа сай ондай оқулықтар да, мотивациялық туындылар да жазылған жоқ. Осыны көре отырып ойға қаласың. Бәлкім біздің әдебиетімізге де үлкен өзгерістер қажет шығар. Бұрынғыдай жалғыз отырып, қалың қауым оқи қоятындай шығарма жазу дәуірі өтіп кеткен жоқ па? Жан-жағымызға қарасақ ұжымдық еңбек нәтижелі екендігін көріп отырмыз. 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Архивтер, құжаттама және кітап комитетінің деректері бойынша, 1 қаңтарда Қазақстанда 12 мыңнан астам түрлі жүйелер мен ведомстволардың кітапханалары бар. Солардың 3890-ы жалпы кітапхана қоры және 72,6 млн дана басылымдар.

«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды», - деп   Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқаны жадымызда. 

Сондай-ақ, Мемлекет Басшысы  кітап оқырманға қолжетімді болуы керек дегені де, елімізде  кітап шығару бойынша мемлекеттік қолдаудың артқанына себеп болды. Нәтижесінде кейінгі жылдары  мемлекеттік тілде басылған кітаптардың саны артты. Мәселен, 2024 жылы еліміздің қоғамдық кітапханалар қорын толықтырған 1,3 млн кітаптың 70,3% — ы қазақ тілінде.

Қала мен ауылда кітапханаларға келушілердің жыл сайынғы өсуі байқалады. Егер 2023 жылы республика бойынша оқырмандардың кітапханаларға келу саны 51,9 млн болса, 2024 жылы республиканың қоғамдық кітапханаларына 54,5 млн адам бас сұққан.

Байқағанымыздай қайтадан кітапты көп оқитын ұлтқа айналып барамыз. Қуанышты жағдай. Ал өзгерген заман талабына қазіргі әдебиетіміз жауап беруге дайын ба? Талапты да талантты ұрпақтар ғаламдық құбылыстар мен заманауи шығармаларды ғана таңдайды. 

Осындай кезде бірнеше автордан құрылған мықты оқулықтар мен көркем шығармалар қажет секілді. Тақырыпты анықтап, сюжетін белгілеп, шығару мерзімін нақтылап бірнеше автор бірлесіп оқырманға қызықты туындылар ұсынбаса «жалғыздың үні де, шаңы да шықпас» замана келіп қойғанға ұқсайды. 

Бұған ғалымдарымыз бен жазушыларымыз не дер екен? Қазір ести жүргеніміздей шетелдік баспагерлер бірнеше автордың басын біріктіріп, бестселлер кітаптарды арнайы тапсырыспен шығаруды кәсіпке айналдырған. Бұл осы дәуір дәстүрі дейді. 

Махат Садық ,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар