«Жалғыз өмір сүрем. Шекпен, шен берме. Ел де тіпті еркелетпес «Ақын» деп...»
Өткен аптада өлең оқитын, сөз өнерін бағалайтын жұртшылық жақсы ақыны Жанна Елеусізбен қоштасты.
Ып-ыссы Ойдан құрып...
жатыр әлім.
Сап-салқын Күзді сүйем!
Ақырабын -
сәл ғана Үп... еткен Жел көтеріп ап,
ұшырар... дәрмені жоқ Жапырағын... - деген жолдардың авторы өзі сүйген күз айында бұрынғылардың көне де көне қара жолына түсіп, қайтпас сапар шекті.
12-сі күні осының рас-өтірігіне сенбей, кешке дейін дүдәмал күйде болдық. Фейк ақпарат шығар дедік. Өлімді фейк қылу батыстың шоубизнесінде болатын шығар, айдалада өзімен-өзі тұйық ғұмыр кешкен ақынға қатысты бұлай айтылуы мүмкін емесін біліп тұрсақ та, Жанна Елеусіз қайтыс болыпты дегенге бірден сенбедік. Қимағанымыз шығар.
Сәрсенбіде ақынды тірісінде көрмегендер оның жаназасына жиналдық. Негізінен, орта жастағы қаламгерлер келді. «Елде болса, бұдан басқаша болар ма еді», деді ЖО филиалы директоры Бауыржан Бабажанұлы қамығып тұрып. Не айтқысы келгенін түсіндік.
Ақын жаны өлеңнің ақ құсына айналып ұшып кетті. .ҚазақтыңЖаннасы Көкшетауға шығар жолдағы қорымға, әйгілі әннің себепкері болған Нұрикамал Сейітжанова мен әнші Ғазиза Жүмекенова апаларының қасына жерленді.
«Қаралы жұрт бұйырған күн көмгенде,
қарай алсам болды өзіңе Жақын кеп!» - деген жолдары бар еді Жаннаның.
Сол өлеңде жасырын тұрған «сен» дегені Құдай ма, әлде өзіне жақын бір ақиқаты ма, әлде ақынның бүкіл өмір бойы іздеген ішкі тыныштығы ма еді.... егер соңғысы болса, ол оған жетті...
Асында үлкен қаламгерлерден жазушы Толымбек Әбдірайым болды, ағамыз үлкендік жолымен көңіл айтты. Ақын, композитор Елена Әбдіхалықова сонау жылдары мектеп бітіріп, Алматыға оқуға барған кезден Жаннамен бір бөлмеде тұрғанын, одан кейін де байланыста болғанын еске алды. Оны ашық-жарқын адам еді деп суреттеді (Елена апаймен алдағы күндері шығатын сұхбатымызда Жанна ақын туралы аздаған естелігі болады). Оның «Жанна мынау дүниенің кір-ласын бойына жұқтырмай, таза кеткен ақын» деген сөзіне тыңдап отырғандар түгел бас изесті. Одан кейін сөз алған ақын Маржан Ершу Жаннамен Фариза апайдың 70 жылдығында жолыққанын айтты. «Ақынның туған күні 22 қараша ғой, қырқына қарай жоспарлап, академиялық кітапханада еске алу кешін өткізейік, өлеңдерін оқиық»,- деп ұсыныс айтты ол. Белгілі журналист Аманғали Қалжанов Жанна Елеусіздің өлеңдерін ғылыми айналымға енгізу туралы ұсынысын білдірді. Ақтөбе облысы әкімдігінен, Шалқар ауданы әкімдігінен келген адамдар да көңіл айтып, жұбату сөздерін жеткізді. «Бұл жиналыс емес қой», - деді үлкен кісілер, бірақ біз сол жерде отырған 2-3 курстасының сөзін тыңдағымыз келген. Өйткені естелік аз ед. і Өйткені… біз нағыз өлеңнің иесін, шын жақсы ақынды жоғалтқанымызды енді түсініп отыр едік. Өзі елден саяқ болса да, Жанна Елеусіз деген ақын осы өмірде бар, бір жерде жүр бар деген ойдың өзі кеңістікті толтырып тұратын. Кейде бір адамның қасында пәленбай жыл жүрсең де, оның жанына жете алмайсың ғой, Жанна елге өзін таныстыруға тырыспаса да, өлеңімен әрқайсымыздың ішімізде жасырын жатқан бір мұңды танып қойғандай еді.
Ол жерде тек біз емес, жиналғандардың дені оны көптен көрмегенін, сөйлеспегенін айтып жатты. Басқалар бір жағы таңырқап, бір жағы құрметтейтіндей осы мінезі оның бүкіл болмысын беретіндей. Ойланасың. Адамнан жеріп, қоғамнан шаршаған ба, әлде ішкі дүниесінде кідірген тазалығын сол күйі сақтағысы келген бе... әлде өзінің ішкі бір шындығына опасыздық жасамаудың амалы ма... Бәлки айнала дүниеден безгендіктен емес, дүниеге тым сезімтал болғандықтан алыстған шығар, бәлки басқалар елеусіз өткізіп жіберетін нәрсе оның жүрегіне батып, басқалар ұмытып кететін сөз оның ішінде ұзақ жаңғырып тұрғаннан солай болған шығар. Ондай жан үшін оңашалық бос кеңістік емес, о бастағы өзін жоғалтпай сақтап қалудың жолы шығар...
«Жаннадай ақынды басқаша шығарып салуымыз керек еді», - деді қайтып келе жатқанда қасымдағы ақын қыз. Біртүрлі жұпыны болды ма деген алаң көңілін таныдым. Ал егер әлдебір атағы болса, онда басқаша болар еді, адамды оның ішкі мазмұнына қарап емес, сыртқы салтанаты - атақ, дәреже т.б. сүйенген «балдағына» қарай бағалайтын біздің елде бұл деген өте маңызды екені өтірік пе? Басқаны білмеймін, өзіме өлеңі сондай, өмір сүру принципі де басқаша ақынның соңғы қонағы да осылай болуы тиіс болып көріне берді. Егер ақынды шығарып салу ресми не салтанатты болса, ол жерде асқақ сөздер айтылса, жасандылықты жек көргеннен де өзінің жеке әлемін жасап алып, соған біржола көшіп алған ақынға бұл бәрібір ұнамас еді (ақынды шығарып салуда шаруаның бас-аяғын реттеп, ұйымдастырған азаматтарға рақмет).
Ұмытылып жазатайым есімім,
мені біреу «Ұлы» десе жылар ем!..
«Жалғыз өмір сүрем. Шекпен, шен берме» деп жаза алған Жаннаның ешқандай атағы жоқ, сыйлық алмаған. Жазушылар одағының мүшелігіне өтпеген деп естідік. Жаннаның атақсыз өмір сүргені жай ғана кездейсоқтық емес, оның ішкі дүниесіне сәйкес келген ұстаным шығар.
Біздің халықтың жақсы көргені де бөлек, жақсы көрген өнер адамы жайлы, жақсы көрген ақыны жайлы аңызды халық өзі жасайды. Қарап тұрсаң, біреу өмір бойы елге көрінуге тырысады, біреу ешкімнің көзіне түспей-ақ тұтас бір әлем жасап өтеді. Жанна сондай ақын еді. Оның тірі кезіндегі елеусіздігі қарсылығы ма, әлденеге жауабы ма,, әлде өзі сенген дүниеге айнымаудың амалы ма, оны енді ешкім дөп басып айта алмайды. Ал шынында, адамның қадірі көпшіліктің мойындауына тәуелді емес, жұрттан алыстаған адам өзін тыңдауға уақыт тапқан болуы мүмкін, ал жұрттың ортасында жүрген адам өз үнін мүлде естімей қалуы мүмкін, осы себептен де оның жалғыздығы саналы таңдауы да болуы мүмкін, біз оның өмір жолын толық білмейміз ғой. Сондықтан ақынның жұмбағын шешіп тастаудан гөрі, сол жұмбаққа құрметпен қараған дұрыс.
Оның өлеңі басқа еді. Өзі кеткен соң да қаншама жүрекке үнсіз жетіп жатыр… бір қарасаң ақын о баста нәзік жанын жаралап алып, содан бері ауырсынып ғұмыр кешкендей. Содан бері өз әлемінің ішінде қамалып, жанымды кірлетпейін, жүрегімді бекерге ауыртпайын деп аяншақ ғұмыр кешкендей көріне береді.
...Мені көру - міндетті емес.
Қызықпа...
Бағалама қарап - киім, түр-өңге.
Аты жоқта жер өртейтін бұзықтар
онсыз да жетіп жатыр - мына Елде...
Бір Ертегі бар еді -
өлмес.
Мен - Сенер.
Көрем талдан - үлкен Жұмбақ.
Ой - гүлден...
- жанымды шын түсінгің келсе,егер,
жырымды оқы!..
демей-ақ қойдым мен...
Мүмкін, оқшау.
Үнсіз ғұмыр кешермін...
Мекенімді әуреленбе білгің кеп.
...өзім әбден ығыр болған көшемнің
Көгершіні ғана таныр:
- жүрдің... деп.
Мүмкін, мүлде құшағына алар мұң...
Мен туралы Жерден сұрай көрмеші.
...өзім іштей сүйіп өтер Ғаламның
өтініші аз мен шығармын - пендесі...
Тірлігің мен Төңірегің.
Бәәрі - У боп.
Бар өмірің кешсе күйін бөтеннің!
...бір Жып-жылы сәулелерді Дәру ғып.
Өлең болып.
Өзім - іздеп жетермін...
Солай… өлеңі ғана оқылып, өзі көрінбеген ерекше ақынның ғұмыры аяқталды. Соңғы кездері «Екінші ғұмыры басталды» деген сөзді тауып алдық қой, өзімізді жұбататын шығармыз осы сөзбен. Несі бар, жаман сөз емес, ақынның өлеңінің оқылуы, шығармасының зерттелуі, шынымен де екінші ғұмырдың белгісі. Бірақ бұл сөз тірі адамның жалғыздығын кейін барып ақтап алатын жұбанышқа айналмауы керек.
Сол күні фейсбук бетінде Жаннаның жалғыз суреті айналып жүрді. Сол күні әркім баяғыда мессенджерде сөйлескендерін салып жатты. Сол күні елдің бәрі Жаннаның өлеңін оқыды. Осынша сөзге, осынша сағынышқа себеп болған өлеңдер кеше ғана жазылған жоқ қой, бірақ, біз кейде адамның бар екенін оның жоқтығы арқылы ғана сезетіндейміз. Тірі кезінде үндемеген ақынның жазғанын өлген соң бәріміз қосылып оқимыз.
Бізде солай, өлең оқылуы үшін ақын өлуі керек сияқты.
Шеңберден шығу
Адам - қоғамның емес,
Құдайдың баласы…
Кезі жоқ шаттанбаған, күрсінбеген,
Мен деген Жүрекпін ғой дүрсілдеген!..
Көңілімнің көшесін сүйген
Жанға,
Жүректің ойып тұрып бұрышын берем!..
Бұлақтай қосыла ағар күлкіңменен,
Мен деген Бүйрекпін ғой бүлкілдеген!..
Өзін-өзі тыңдауға мұршасы жоқ,
Өмір өтіп барады күңкілменен!..
Көгімде қазым ұшып, қаңқылдаған,
Мен деген Бауырмын ғой аңқылдаған!..
Сарайлардан - салтанат салқындаған -
Сыбағам бар менің де тартылмаған…
Соңымнан ақ сабын боп сабылдың ба, Ой!..
Мен-дағы сағындым ғой, сағындым ғой!..
Жас болсам - жалғыз түйір Жасыңмын ғой!
Қан болсам - жалғыз түйір Қаныңмын ғой!
***
Пенделерге бере көрші кешірім -
Ұлы аспан. Ұлы Тәңір. Ұлы Әлем!
Ұмытылып жазатайым есімім,
мені біреу «Ұлы» десе жылар ем!..
Балалығым, сәтті, сәтсіз тұстарым,
қуанышым, реніштерім, көз жасым -
берсін, мейлі, ойып Дүние пұшпағын,
бір ажалдан анық түбі озбасым!
Темір-өмір кете берер бір іліп.
Пендешілік жүгіреді жалаңбұт!
Адамдықтың ұлылығы - Ірілік.
Ұлылықтың құрбандығы - адамдық.
Жалғыз өмір сүрем. Шекпен, шен берме.
Ел де тіпті еркелетпес «Ақын» деп…
Қаралы жұрт бұйырған күн көмгенде,
қарай алсам болды өзіңе Жақын кеп…
Ақынның соңғы жылдары өз қолымен жазған өлеңдері барын бауыры айтып еді, қызы Арайға хабарласып, алдағы бір күндері «Әдебиет порталына» басуға алатын болдық. Жақсы ақынын жоғалтқан жұртқа бұл да бір медеу.
Соңғы үш-төрт жыл Жаннаны қайда жүр екен, неге ол туралы дерек жоқ деп сұраушылар болды. Ақтөбе Оралға жақын ғой деп ойлағаннан ба, әйтеуір, 3-4 адам, соның ішінде ақындар Ұмтыл Зарыққан мен Айжан Табарак бірнеше рет сұрады, біліп беріңізші деген соң, Мейірхан ағамыздан да сұрағанымыз бар. Әсіресе, әріптес болған Ұмтылн сұрай беретін. Жанна туралы білгісі келетін, оның өлеңі жайлы пікірлескісі келетін. Сөйтіп жүріп «Жанна, сіз қайдасыз?» деген өлең жазды. Оны қыркүйектің 1-і күні парақшасына жариялады. Кеше ақынның асында айтылғандай, бұл да бір ақындардың бір-бірін сезінуі, бір-бірін іздеуі шығар.
Ұмтыл Зарыққан. Жанна, Сіз қайдасыз...
Жанна, Сіз қайдасыз?..
Көкірегіне ат басындай шер байланып,
Жағада уақыт тұр ойланып.
Көшеде теңселген тағдырлар
Біріне бірі байланып
Біріне бірі айналып...
Сіз үшін тосыт көтерер едім,
Өмір сүре алмадық айла қып,
Онсыз да бірәз тойладық...
Мен сізді іздедім, Жанна,
Тас бейіт, обалардан,
Ескі жұрт, молалардан,
(Сүйегің табылса қазып алғалы)
Жазып алғалы
Қазыналарды...
Өзің кеткелі өлең жазбадым,
Жыр оқымадым,
Қысырақ қиял кемірдім
Бар болғаны...
Жанна,
Осылай аяқтала ма екен,
Басталмай жатып дәуір.
Мені де сегіз қиыр
Сексен тарапқа шашыратты
Бокалдар ішіндегі дауыл.
Қарашада өмір тұр, Жанна,
Іргеде желтоқсан таяу.
Қаңтар қайталанар мүмкін,
Бәрі де жылдам.
Бәрі де баяу.
Сіздің бар болғаныңыз жақсы еді, Жанна,
Таңғы бір самалдай үлпек.
Бір жұтым жырға шөлдеймін Жанна,
Тұмадай тұнық,
Жұлдыздай үркек.
Сүмбіле жырдың жұпары қайда,
Алдық біз қалай ұрлатып?
Қараңғы түннің құрсауын сілкіп,
Бар болсаң
Қойшы тіл қатып.
Жанна, Сіз қайдасыз?..
Ораласыз ба?
Көп жылдар салып араға.
Мәйітімді менің таптап кетпесе
Күтермін алыс жағада...
