Бүгінгі сұқбат драматургия тақырыбына арналады. Жәнібек Әлікен – драматург. «Ұлағатты ұрпақ» қорының жетекшісі. Еліміздің әр өңіріндегі театрларда қойылып жүрген «Құпия», «Үнсіздік», «Сиқырлы терезе», «Күйеу бала» т.б. пьесалардың авторы.
- Қазіргі қазақ драматургиясының ахуалы нешік?
- Қазіргі қазақ драматургиясының ахуалы алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырған тура Қазақстанның ахуалы сияқты. Мол шикізат пен кең байтақ жерді игеріп қызығын көре алмай отырған Қазақстан секілді мол фольклорлық мұраны, бай әдебиетті пьесаға айналдыра алмағаны өз алдына, елімізде болып жатқан түрлі драмалық, трагикомедиялық, абсурд, фарс оқиғаларды жетер жеріне жеткізіп жаза алмай құрып отырмыз.
Бұған біздің – драматургтердің (бел ортасында өзім бармын) дарынсыздығы ғана кінәлі деп бір жақты қарауға болмайды. Драматургтерге мүлде қолдау жоқ. Жазған пьеса арзанға бағаланады, авторлық құқықтан түсетін болмашы дүниені мүлде ұмыттық десек те болады және біз не жазушыларға не театр одағына жатпайтын түсініксіз бірдеңеміз. Елімізде қаншама театр фествальдары бар, соған барып қатысқан бірде бір драматург жоқ. Ал ол драматургтерге өте керек дүние. Біз де барып көрсек еді, үкімет қолдаса еді, театрмен біте қайнассақ еді, сонда, бәлкім, тың дүниелермен қуантар ма еді?! Өкінішке орай мұның бірі де жоқ.
Театр – синтездік өнер болғасын, драматург сол театрмен біте қайнасып, қойылатын спектакльдің бір бөлшегі болып, оқылымына қатысып, дайындық жұмыстарында бірге жүрсе, әрі сапалы спектакль туар еді, әрі драматург үшін де үлкен мектеп болар еді. Ол сол процестен өтсе, келесі шығармасын жазғанда іс-қимыл мен актерге, сахнаға лайықтап жаза бастайтыны анық.
Бірақ, мұны істеп жатқан режиссерді көрмедім, дайын дүниені алады да, премьераға бір-ақ шақырады. Бұл тұрғыда режиссерлер мен театрлар бір рет қойылатын қойылымды емес, алдағы уақыттағы алатын азығын ойлап, келер күнге дән егіп, соның игілігін көруді ойласа, драматургтермен өте тығыз жұмыс жасауы керек.
Ал әлдебір мерейтойлар мен әдеби бәйгелердің сыйлығы үшін жазылған пьесадан драматургия дамымасы анық.
- Соңғы кезде қазақ пьесаларына қарағанда аударма пьесалар көп қойылады, бұл нені білдіреді?
- Бұл сұрақтың жауабы жоғарыда айтылған секілді.
Біз лайықты дүние ұсына алмаған соң шетелден алады. Шекспир, Чехов бастаған шетелдік классиктерді қоюы дұрыс қой, бірақ заманауи шетелдік авторларды қоятыны қынжылтады. Біріншіден, неге солай жаза алмайтынымызға, екіншіден, нақты тапсырма беріліп, дұрыс қаламақы ұсынса, біз де содан кем емес жазып беретін едік қой деп ойлаймын. Себебі, драматургтерге кенде емеспіз, алайда жақсы пьеса бәрібір аз. Біздің шығармаларды аударып қойып жатқан елдер аз. Арасында бірді-екілі пьесаны қырғыз бауырлар қойғанын білем. Сәбит Досановтың елде қойылмаған пьесасы Бішкекте қойылды. Содан кейін отырамыз, жеңілгеннің сөзі құрысынның әңгімесін айтып...
- Жалпы алғанда драматургия әдеби заңдылықтарға бағынбай дамыған сала, қазір пьесаға деген сұраныс қай шамада?
- Пьесаға деген сұраныс өте жоғары. Театрлар пьеса таппай қиналатыны рас. Олардың пьеса таппай шырылдауы тілі жоқ ерке баланың жылағаны секілді. Ананы апарып берсең, лақтырып жібереді, мынаны апарып берсең, лақтырып жіберіп жылайды. Не керек екенін өздері де түсінбейтін секілді. Түсінсе де айта алмайтын екіұдай күйде. Жақсы дүние қалап тұрғаны анық, соның көңіліндегісін тап басып драматургтер де бере алмай жатады. Біздің әрең қимылдап жүріп жасаған тамағымыз дайын болғанша шетелдің дайын тамағын жылытып жей береді.
Сосын бізде бір жайсыз дүние бар ғой, пәлен батырдың 300 жылдығына, пәлен ақынның 100 жылдығына театр бірдеңе қою керек деген. Мемлекеттен ақша алып отырған соң мемлекеттің саясатын, тапсырмасын орындауға тиіс болады. Ой, сол кезде театрлар пьеса таппай шырылдайды дейсің. Жоқтан бар жасап бір композицияларды көрсетуге, иә болмаса дарынсыз драматургтің тапсырысқа жазылған нашар песасын көңілсіз режиссердің қоюына, оны актерлер ықылассыз ойнауына тура келеді. Осындай дүние өнерді буындырып жатыр. Осы тенденция түбімізге жетпесе не қыл дейсіз?! Ол жерде қандай өнер болсын? Бірді айтып, бірге кетіп жатырмын, негізгі айтайын дегенім бізде пьесаға деген сұраныс өте жоғары. Жоғарылығы сондай, қалам ұстап, екі сөздің басын қоса алатындардың барлығы драматург болып кете жаздап жүр. Көбіне жазылған пьеса жазылған жерінде қап кетіп жатады. Уақыттың талабына сай, қоғамның ащы шындығын айқын беретін өзекті тақырыптарды тап баса алмай келеміз. Сосын өзгенің жылтырағына құмартамыз. Қазіргі таңда шетелдік драматургтердің дүниелері сахналанып жатқаны да елдегі мәдени үдерістің көрерменге қандай сапалы дүние ұсынсам деп емес, көрерменге не қызық дегенді қуып кеткеннен деп ойлаймын.
- Пьеса әр заманның лебін сезіндіретін туынды десек, бүгінгі пьесалар не туралы болуы тиіс деп ойлайсыз?
- Пьеса өзіңіз айтқандай заман лебін тудыруы тиіс. Адам сахнадан өзін көруі тиіс, өзінің проблемаларын, мұң-мұқтажын, қасіреті мен қуанышын көріп, бұл өмірде жалғыз емес екенін ұғынуы тиіс. Дәл осы қалпы кете берсек, енді елу немесе жүз жылдан кейін болашағымыз қандай болатынын болжау өте қиын. Ел болып ойлануымыз керек. Өткен тарихи пьесалар қойылса да, ол бүгінгі заманмен, бүгінгі және болашақтағы құндылықтармен сабақтасып жатуы керек. Осы заманның лебін сезіндіретін туынды болғанымен әлемнің қай елінде қойылса да, қай заманда қойылса да – өзекті болып тұруы тиіс. Мен шетелге шықсам, сол елдің батырының 500 жылдығына арналған спектакльге емес, өзіме түсінікті, заманауи спектакльге барар едім. Сол сияқты ғой.
- Нью-йорк десе, театрдың синонимі деп қабылдайды былайғы жұрт. Нью-Йоркке барып спектакль қойғыңыз келмей ме?
- Келеді, әрине. Жалғыз менің емес, қазақ авиорларының дүниесі әлемде қойылып жатса екен, солардың театрынан түспесе екен деп армандаймын. Ол соншалықты қиын әрі бізге мүмкін емес дүние емес екенін Димаш көрсетіп берді ғой. Күндердің күнінде Әлібектің, Қолғанаттың, Мияның шығармалары шетелде қойылып, шулатып жатса, мен оған таңғалмас едім. Жастардан үміт мол. Қазіргі таңдағы абстракциялы дүниелерге құмартатын жастар көп. Олардың ойлау жүйесі мен танымы біздерден, біздің замандастардан мүлде бөлек. Жастар әлемді басқаша бағамдайды, басқаша көреді. Кейде қызығамын, кейде таң қаламын.
- Он үздік драматург деп замандастарыңыздан кімді атар едіңіз?
- Орыстардан Иван Вырыпаев, Валерий Печейкин, Олжас Жанайдаров, Павел Пряжко мен Дмитрий Богославский деген белорус жігіттер өте жақсы жазып жүр, украиндық Наталья Ворожбит деген қыздың шығармасы әлемдік сахналарда қойылып жүр. Өзімізден Әлішер Рахат, Айдана Аламан, Мия Алғожаева, Қолғанат Мұрат, Әлібек Байбол секілді қазақ драматургиясына қызмет қып жүрген қыз-жігіттердің барлығын бөлместен үздік деп атар едім.
- Өтпелі кезең драматургиясының басты проблемасы неде?
- Өтпелі кезең драматургиясы сол кезеңде өзекті болғанымен, келесі кезеңде өзектілігін жоғалтып жатады. Көзі тірі классик жазушы Тынымбай Нұрмағанбетов ағамыз 90-жылдардың жоқшылығы мен ауыртпашылығын өз уақытында керемет жазды, суреттей білді. Енді осы күндері қарасаң өзектілігі жоғалған, дәл сол кездегідей жоқшылық жоқ. Соған қарамастан осыдан екі-үш жыл бұрын Әуезов театрында 90-жылдардағы базар туралы шығармасы сахналанғанда таң қалдым. Яғни, көріп отырып сезіне алмадым. Құдай оның бетін арғысын, 90-жылдардағыдай жоқшылық пен жұмыссыздық қайта келсе, сезінуім мүмкін. Бірақ, бірақ, кім біледі...
Өтпелі кезеңінің шығармаларының проблемасы осында.
- Қазіргі драматургия қоғам психологиясына қалай әсер етіп жатыр?
- Ешқандай әсері жоқ деп ойлаймын, әсер етсе де ең минималды. Кино мен смартфон, эстрада заманында драматургия әсер етеді деп ойламаймын. Театрдың айналасында жүрген, театрмен ауыратын аздаған топтың әсерленуі тұтас қоғамның бейнесін бере алмаса керек. Ол үшін насихаты мен жарнамасы тоқтаусыз жүруі тиіс. Ал біздің елде пьесаға жарнама жасалмайды. Афишаны ашып, күтіп жүрген азын-аулақ тұрақты көрермен ғана әсерленуі мүмкін. Былайғы жұрт мәдени әлемдегі жаңашылдықтан, жаңалықтан мүлде бейхабар қалып жатқандай көрінеді.
- Құндылықтар алмасып жатқан алмағайып замандағы драматургияның көтерер жүгі неге тіреледі? Құндылықты сіңірудің орнына «тобырдың» сұранысын қанағаттандыру басым емес пе?
- Құдайға шүкір, Отандық драматургия «тобырдың» сұранысын қанағаттандыру ойынынан жоғары тұр. Театр әлемі кино саласы секілді КВН-шыларға есігін ашып, тұрпайы әзілдерге экранын толтыртқандай қадамға бармады. Замандастарымның қайсысының болмасын пьесаларын оқысам да, биік құндылықтар жайлы, зор гуманистік көзқараспен жазады. Құрылымы жағынан нашар болса да, идеялары асқақ. Қай заманда болса да драматургияның көтерер жүгі осы болмақ.
- Драматург үшін көрермен – ол кім?
- Драматург үшін көрермен сырласың, сыншың, төрешің. Өзімнің премьераларымда жүрегім аузыма тығылардай қатты қобалжыдым. Көрерменге ұнамай қалмаса екен деп қорқамын. Спектакль барысында сахнаға емес, көрермендерге қарап отырамын. Телефон шұқылап отырғаны жоқ па, есінеп-қалғып отырғаны жоқ па, ортасында тұрып кетіп қалмаса екен деп иненің ұшында отырамын. Бақытыма орай ондай жағдайлар әлі болмады. Болмай-ақ та қойса екен деп тілеймін. Көрермендердің менің шығармамды көргендегі жай-күйі мен үшін барлық сыншылар мен режиссерлердің мақтауы мен баға беруінен артық. Менің мамандығым маркетолог, сондықтан түпкі тұтынушының қанағаттануына жұмыс істеймін.
- Бүгінгі театрдың технологиялық әлеуеті қаншалықты дамып жатыр?
- Технологияның қарыштап дамуы театр мен киноға өте жақсы әсер етті. Шегінен асырып жібермей шебер пайдалана білсе де лэд экранның өзі пәлен декорацияның орнын толтырып, мықты атмосфера бере алады. Интернеттен шетелдік спектакльдерді көріп қалам, құдды кино. Джунглиді аң-құсымен сахнаға шығарып береді. Бірақ маған сонда да сахнаның минимализм мен шарттылыққа құрылғаны, актердің ойынына басымдық беретін спектаклдер ұнап тұрады. Кім білсін, жаңағыдай технологиялық спектакльдерді өз көзіммен көрген соң ойым өзгеруі де мүмкін. Өзгермеуі де мүмкін.
- Сізге драматургия не берді?
- Драматург деген ат берді. Мен оған лайық болсам да, болмасам да қазір өзімді драматург сезінемін.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.