Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Жеңіс Кәкенұлы. Бейнелеу әлемінің алғы шарты – ком...

22.10.2023 2709

Жеңіс Кәкенұлы. Бейнелеу әлемінің алғы шарты – композиция 14+

Жеңіс Кәкенұлы. Бейнелеу әлемінің алғы шарты – композиция - adebiportal.kz

Жеңіс Кәкенұлы елімізге танымал суретшілердің бірі. Суретші ғана емес, сурет өнерінің қыр-сырын, құпиясын ақ қағазға ақтарып жүрген эссеист. Суретшімен әңгіме дүкен құрудың өзі бір ғанибет. Соның сәті жақында түсіп, сурет әлемі төңірегіндегі көкейде жүрген сауалдарымыздың бір ұшын шығарып едік. Назарларыңызға қалпын бұзбай ұсынып отырмыз. 

- Менің балалық шағым Алтай дейтін ырысты мекенде өтті. Қысы қыс, жазы жаз. Төрт маусымның арасы жер мен көктей. Мың бояулы бір әлем. Тұтас Алтай атырабын айтпағанда біздің алақандай ауылдан үлкенді-кішілі суретшілер көп шықты. Оның бірәзі сіздің шәкірттеріңіз болуы керек. Бұның бәрін қоңырсытып отырғаным, суретші мен табиғаттың байланысы туралы болмақ. Бір жерден оқығаным бар, табиғаты жұтаң, бояуы солғын, құмды, сұрғұлт түсті аймақтардан суретшінің шығуы некен саяқ деп (мүмкін бұл пікірде айнымалы). Демек, адам бала кезінен табиғаттың таңғажайып бояуын әуелі жанары арқылы жандүниесіне жұқтырып өскені ләзім. Сіз бұл туралы не айтар едіңіз?

- Мен туған Қарабұлақ ауылының төңірегін түгел таулар қымтап жатушы еді. Шығысы атақты Үш Меркі мен батысы әйгілі Қайыңды мен Көлсай-тұғын. Қапез жарықтық әніне қосқан, жағасындағы шыршасы көк тіреген өзендерін кешіп өтіп, белуардан келген шөп, кілемдей құлпырған гүлді алқаптарға «жүзген» қонақ біткен «бееу, мұндай жерде туған сенің суретші болмасқа әддің жоқ екен» деп таусылатын.

Рас, менің туған жерімнің тіл жетпейтін көрінісі Жаратқан иемнің қазаққа берген ұлы байғылығына есеп. Алайда ол жерде туған балалардың бәрі суретші болып кетпегені тағы шындық (осы күнгі қазақтың сурет әлемінде үш-төртеуіміз әрең-әрең бармыз ба жоқпыз ба, белгісіз).

Арғы ғасырда қазақты, оның салтын, дәстүр-салтын шын жақсы көріп, жазғытұры келіп, киіз үйде тігіп, қазақтармен бірге көшіп-қонып жүретін, Павел Кузнецов дейтін суретші өткен. Соның «Даладағы сағым» дейтін картинасы болды. «Бұдырсыз дала мен зеңгір аспан» дейтін аса кедей, екі-ақ  сөйлемнен тұратын, бояуға аса бай, колориті көз суыратын-ақ картина. Қазақтардың өзінің палитрасына түспей, қылқаламына ілінбей кеткеен ерек туынды.

Ілгері бір жылдары суретші Аманкелді Кененбай шеберханама алғаш кіріп, «сенде бәрі бар екен, Жеңіс, тек этюд жоқ көрінеді. Жүр Қызылордаға, этюд жазуды үйретейін» деп, шығып жүре берген. Тағы да рас, сол өзіңіз айтқан «табиғаты жұтаң, сұрғылт, құмды өңірден» Сахи Романов, Салихитдин Айтбаев, Өркен Мамақова, Йассауи Ағытаев секілді колорист суретшілер көп шықты. Қостанайда, Қоржынкөлдің жағасында туған суретші Ғани Баянов та сол «сұрғылт өлкеге» барғыш. Этюд жазғыш.

- Менің ойымша әр бояудың өз жаны, өз демі, өз бітімі, өз жарасымдылығы бар. Бояулар шоғырын оркестрге теңесек, суретші солардың алдында тұрған дирижер іспетті. Сіз бояулардың үндестігін қалай жарастырасыз? Әлде одан да маңызды дүниелер бар ма?

Осы күнге дейін табиғаттың жеті бояуын қалай жағуды меңгерген суретші қауым кескіндеме өнерінің талай шыңдарын бағындырды. Түр-түстің жетпіс жеті атасын адақтап, қай түстің жанына қайсы түсті қойса шоқтай жанып шыға келер қасиетін танып, адамзат баласының көру, қабылдау сезімдерін тәнті етуде.

Біз де шама шарқымызша, үйренгеніміз бен оқыған-тоқығанымызды малданып жүрміз. Түрлі тәжірибелер жасап, табиғатқа үңіліп, жанымдағыларға қарап, әрідегілерге мойын созып, жарасым іздеп, тапқанымызды өзімізде өзімізше қорытып, бояуды қанықтырып, рең тауып дегендей, сурет әлемінің палитрасын ашып-қарап жүрген жайымыз және бар.

Бейнелеу әлемінің алғы шарты – композиция. Жазатын картинаның он екі мүшесі, қаңқасы деген сөз. Суреті, бояуы оның «қан-тамырлары, бұлшық еті, әрі-келбеті» десе құп. Копозицияның кереметтігінен картинаның бояуы алдымен көзге түседі. Суретіне көрермен тәнті болады.

- Қалай болмасын қазақтың сурет өнері социалистік кезеңмен бірге қанат жайды. Бұл тенденция ұлттық сурет өнерінің тағдырына, болмысына қаншалықты әсерін тигізді? Социалистік режимсіз қазақ сурет өнерінің болашағын елестетіп көрсеңіз?

Кеңестік қоғамның қазақтың жақсылары мен жайсаңдарын, ел бастайтын көсемдерін, айрықша ақылдыларын аштықпен, репрессиямен қырып салып, қуғын-сүргінмен бездіріп, орнында қалған әлжуаздарды өткенінен, тарихынан, ата-баба құндылықтарынан жиіркендіріп, тәлім-тәрбие беріп, тегін оқытып, ақысыз білім ұсынып, өз идеологиясына сай тәрбиелеп алғаны рас. Соның бірі сурет өнерін Еуропаша үйрету, соцреализм дәстүрін сіңіру-тұғын. 

Тумысынан дарынды қазақ оны тез игеріп, айтарлықтай нәтижесін де берді. Реалистік сурет өнрінің барлық қыр-сырларын аз-ақ уақттта меңгеріп шықты. Кеңестік система орталықтан дарынды оқытушылар әкеліп, жүйелі түрде, табандап тұрып, дәріс беріп, уақытын аямай білім беруі арқасында суретшілер Қазақстан кеңістігіне қаулап өсіп шықты. Берісі Ресей, әрісі шетелге танымал болды. 

Бұл өнер, жақсыларымыздан айырыла отырып жеткен ірі жетістігіміз болатын. 

- Сіз «Сәйгүліктер сементикасы», «Қала көріністері», «Таңбалы тас», «Күміс қауырсын» сынды бірқанша сериалды суреттер топтамасын салдыңыз. Сериалды суреттер салудың түпкілікті себебі неде? Әлде ішкі қанағатсыздықтан ба?

- Оған «Шимай», «Құлынды даласы», «Көз көргендер», «Жартас пен жапырақ», «Монеге параллель», «Менің суретшілерім» серияларын қосыңыз.

Меніңше суретші бір орнында тұрақтап қалып қоймауы тиіс. Қалыптасып алып, өзін-өзі қайталап, омалып отырмауы және керек. Бір картинасы екіншісіне ұқсамай, бір бояуы екіншіге көшпесе қанекей? Ат үстінен түспей, үнемі ізденіс үстінде болғаны ше? Сурет өнеріне арналған мыңдаған мүмкіндіктер бойынан өзіне ләззат тауып, олардан жаңа мотивация алып отырса қандай жақсы? Һәм суретшілерің мен көрерменіңнің кәдесіне жарап отырғаның қандай ғанибет?

Әнебір суретшідей мыңдап, жеті-сегіз мыңдай картина салып, салғаным егіз қозыдай ұқсас шығып, сюжетім де бояуым да тақырыбым да бірін-бірі қайталап, Сізді мезі, көргенді ығыр етіп отырғанымның несі абырой?

- Түрік тектес баурлас халықтардың суретшілерін бақылап жүресіз бе? Араласып тұрасыз ба? Олар не салып жүр? Қазіргі Батыс Еуропа суретшілері қандай тақырыптарды қаузауға әуес?

 Өкінішке қарай бақылап отырғаным жоқ. Сурет өнері керексіз, һас суретші бағасыз заманда бес күнім жұмысқа, екі күнім әрең дегенде сурет салуға, жазуға кетеді. Берісі түркі, әрісі Еуропа сурет өнерін бақылап, сараптап отыру үшін уақыт керек. Әрі өнертанушылық мамандық керек.

ТҮРКСОЙ бағдарламасымен шетелде барып аз-кем, өзге суретші бауырлармен қанаттасып жұмыс істеп келгенім болмаса, олармен тығыз араласа алмадым.

- Өзіңіз қазақ суретшілерінің еңбегі, шығармашылық жолы туралы бірәз дүние жаздыңыз. Қазіргі қазақ сурет өнеріндегі сын жанры қандай? Былайғы оқырман суретші қауым туралы кеңірек біле бермейтіні неліктен? 

- Суретшілер туралы жазылған «Ақ зер» кітабымыздың алғашқы томы елге тарап, кезекті эссеміз баспасөз бетінде жарық көргенінде бір танысымыз кекесін сұрақ қойып еді:

- Енді бұл суретшіңнің бір міні жоқ па? Осынша дәріптеп, айбынын асырғаннан кейін, жарылып кетпей, киіміне сыйып қалай жүр? – деп.

- Біз жазсақ, әріптесіміздің өзіне қарап емес, шығармаларына қарап жаздық. Олардың қолайына жағайын деп емес, таланттарына тәнті болғаннан, картиналарын тап бір өзім салғандай, түйсіне сезінгендіктен жазыппыз.

Жүздеген суретшінің атын атап, түсін түстеп жүрсек, оның осы күнге дейін қырық шақтысына арнайы тоқталып, баса назар аударыппыз. Барының шығармашылық үйіне кіріп, шеберханаларына барып, бұл өмірден озып кеткендердің альбомдарын ақтарып, олар жайлы жазылған кітаптарды парақтап, әлемжелідегі дерегін сүзіп жүріп, эссе жолдарын түсіріппіз. Портреттерін салып, сөзіміздің жақсысын арнап, сөйлеміміздің шұрайлысын ұсыныппыз. Жаратқан сыйлаған мінсіз Өнеріне бола.

Қазіргі таңда суретшілерге қойылатын сын жоқ. Суретшілердің орыны мен бағыты белгіленіп, оқу орындары мен істеген ісі жүйеленбеген соң кімге не деп сын айтасыз? Қалың қар астынан тебініп нәпақасын тауып жеп жүрген жылқылар секілді, бүгінгі суретшіге не деп мін таққандайсыз?

ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінде ғұмыр кешкен қазақстандық суретшілер мемлекеттің назарынан бөлек, оның қолдауынан жырақ та қалыс қалды. Шығармашылық иелерінің қоғамнан тысқары өмір сүре алмайтыны бесенеден белгілі еді. Өкініштісі, олардың шығарма аясы халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей байланысты күн кешетіні ескерілмеді. Суретшілер мен мүсіншілер, кәсіби қолөнер шеберлері өзінің өмір сүріп отырған ортасының сұранысы мен ынтасына тәуелді болатын.

Былайғы оқырманды да суретші қауымды біле бермейді деп жазғыра алмаймын. Санасын тұрмыс билеп, алған несиесін жабу үшін зыр жүгіріп жүрген әлеуметті «бізге мойын бұрмадың, көрмеге келмедің, картина сатып алмадың» деп қайтіп кінәлайсыз? Оның үстіне Сөз өнеріндей жалпыға бірдей түсінікті емес, бірегей сурет өнерін тез қабылдап, оңай сезіне кету мүмкін емесін де қосыңыз. Көпшілікке арналған бейнелеу өнерін тану сабақтары жүрмейтіні және бар…

- Жақында жазушы Таласбек Әсемқұловтың суретші Мұхтар Құлмұхамедов туралы жазған «Тұйық әулеттің тұяғы» деген шағын мақаласын оқыған едім. Сонда автор суретшінің аузына мынандай сөздерді салады. «Өнер жайлы әңгіменің көп пайдасы жоқ. Құдайсыз қоғамның құдай туралы көп айтатыны сияқты, өнерсіз қоғам да өнер жайлы көп айтады. Өнер – тұйық әулет, оған біліммен емес, тек қана ата-тегіңмен кіресің». Сіздің бұған алып қосарыңыз бар ма?

- Маған «Менің суретшілерім» сериясын жазуға итермелеген де осы, жазушы, өнертанушы, журналистердің суретшілер туралы жазбалары еді. Олардың бәрі бірдей бізді сырттай, көріп, бағалап қана жазатын себебінен-тұғын. Олар суретшінің сезініп жазуы үшін өз мамандықтарымен қоса суретші болуы тиіс еді. (Суретші Жұмақын туралы ол кісінің туған ағасы Жұмабай Қайранбаевтың «Өнермен өрілген өмір» дейтін хикаятын оқып, інісінің суретші болмысына кіре алмағанына куә болғанымыз бар.)

Суретшілер туралы жазған авторлардың шығармасынан Мұхтар Мағауиннің «Қыпшақ аруы» ғана («Торғынның суреті» емес) маған жақын. Қалғандары суретшілер туралы жазылған жазушы-журналистер пайымы ғана. Жақсы көріп, оқитын Таласбек жазушымның да өзіңіз айтқан шығармасындағы пікір – өз пікірі. Ол жалпыға бірдей ережесіне кірмейді.

- Әңгімеңізге көп рақмет аға!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар