Қаракөз... Осы бір киелі есім қазақ санасы мен сахнасына байырқағалы қаншама заман өтті?! Алаш үшін бұл есім ең бір аяулы ат екені белгілі. Жаңа туған сәбидің көзіне қарап-ақ «Ботагөз, Қарагөз, Танагөз» деп, эстетикалық талғамы жоғары ат қойған халқымыз ертең кең дүниені танитын жарық шыраққа тегіннен үңілмесе керек.
Әйгілі Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» драмасы әлі күнге күллі қазақ сана-сезімінде тайға басқан таңбадай таңбаланып тұрғаны хақ. Алаш сахнасының киелі төрінде қазақ қызының тағдыр-талайы ғасырдан астам уақыт бойы өз биігінен бой түзеп, өз биігінен үн қатып келеді. Жазушы Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романы мен Мұхтар Шахановтың «Танагөз» поэмасы да қазақ қыздарының көзіне ғана емес, сырт келбет керімімен қоса жан сұлулығына арналуы жайдан жай емес.
Асылында, эстетикалық таным-түйсігі терең ұлтымыз «көз» арқылы ұрпағының да тағдыр жолын дөп басып танығандай болып көрінетіні бір хикмет. Аталарымыз бір туған Қарагөз әпкем Болатоваға да сәби шағында есімі тегін қойылмағандай көрінеді де тұрады. Бабамыз Шонжырбайдан бастау алған шар шаңырақтар – Болат-Әбдіке мен Жылқышы-Алпысбай әулетінен тараған ұрпақ ішінде біріміз музыка мен актерлік, біріміз сөз өнері жолын таңдаппыз. Ол да пешенемізге жазылған шығар, бәлкім!
Қарагөз көкемнің айтуына қарағанда, ағасы Амантай Болатов «желдің өтінде, елдің шетінде» ескерусіз қалған Қалғұты ауылында – сонау 1962-1966 жылдары ауыл жастары ішінен әнші-күйші, өнерге жақын адамдарды ұйымдастырып, өзі режиссер болып, спектакль қойғызыпты. Сонда ұлы Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» драмаларын қоюға талпыныс жасапты. Сол кезде Қарагөз апай дайындап жатқан спектакльдердің сөзін қағылездігімен жаттап алады екен. Тіпті, Тақыр ауылына барғанда рөлде ойнағаны да бар.

Мұны неге айтып отырмын, ауыл сахнасында «Еңлік-Кебек» драмасын қойғанда тау басында қалатын Еңлік-Кебек сәбиінің рөліне туған қарындасым Жаннаны ойнатыпты. Ол рөлде шырылдап жылауға тиіс, бірақ шымшыласа да жыламай қойыпты... Соны анам Меңсұлу бертінге дейін күліп еске алушы еді. Амантай ағамның «Қайсар қыз болдың, жыламай қойғансың» деп Шірікаяқ ауылында айтқаны құлағымда қалыпты.

Ал кейін кеңшарларда бас экономист болған Амантай Болатов қарындасы Қарагөздің бала кезден өнерге талантын байқап, 8-класты бітіре сала Семейдегі М.Төлебаев атындағы музыкалық училищесіне ертіп әкепті. Қарагөз әпкеміз бұрын қобыз көрмесе де, бірден қыл ішекті шалып, ұстаздарды таң-тамаша қалдырыпты. Бойына туабітті өнер қонған жан қобыз сыныбы бойынша 1968-ші жылы бітіріпті.

Училищені бітіре сала Күршім ауданындағы Құйған орта мектебінде еңбек жолын бастаған. Бір жылдан кейін Марқакөл ауданының Мәдениет үйіне қызметке ауысады. Ол бір таңның атысы, күннің батысы тек шығармашылықпен айналысқан жылдар болатын... Бала күнінен он саусағынан ине түспеген, тігіншілік өнерге де жаны жақын, ісмер болған ол спектакльдерге киетін костюмдерді де өзі тігетін еді.

Жалпы, Қаракөз Болатова үнемі басты рөлдерде ойнады. Ұлы Әуезовтің «Қарагөз» спектаклінде Қарагөздің, «Махаббат машақатында» Тегене ханымның, «Дауылдан кейін» қойылымында мұғалиманың рөлін, Қалтай Мұхамеджановтың «Қуырдақ дайын» атты комедиясында Әлиманың образдарын тамаша сомдаған. Кез келген күрделі спектакльдің сөзін қолма-қол жаттап алатын жады да мықты болғанын көзкөргендер әлі күнге жыр қып айтады.

Бала болсақ та, Қалғұты ауылына Марқакөлден Марат Сақатов, Ораз Кәкеев, Әнуарбек Отарбаев, композитор Анатолий Әбедимов, Рахметолла Тұрабаев, Шайқуали Есетов, Минутбек Шідерин, домбыра жасаудың шебері, домбырашы Жолаушы Тұрдығұлов, Қабди Матпаев, Айтжамал Сақатова, Шәкен Қабдолдина, Бану Бақыраева, Гүлнар Кемешова, Ришат Тұрабаевтар келгенде жұртпен бірге есіміз шыға қуанып, ауылдағы аядай мәдениет үйіне сыймай қалатынбыз. Сахна алдындағы сыр тақтайлы еденге бала біткен жапа-тармағай сығылысып отыратынбыз. Олар ауылдағы үйді-үйге бөліне қонып, ғажап концерт пен сұрапыл спектакль қоюшы еді.

Әкем Құмар мен анам Меңсұлу өз қолымен салған еңселі, бес бөлмелі кең үйге Марат Сақатов бастаған әртістер келетін. Марат аға мен Ораз Кәкеевтер әкеммен жата-жастана әңгіме шертісіп, Қарагөзбен басқа да сұлу, әртіс қыз-келіншектер үйде ән айтып, таң атқанша шат-шадыман қылушы еді... Ол да бір дәурен! Аузымнан суым құрып, солардың арасында таң-тамаша қалып жүруші едім.
Жалпы, 1970 жылдар Марқа өнерінің жұлдызы жарқырап көрінуі тегін емес. Өзінің табиғи талантымен Марқакөлді күллі Қазақ еліне, қала берді, сол кездегі Одаққа танымал еткен ғажайыптардың бірі – ауыл мәдениетін көтеруге талмай еңбек еткен аудандық сахна шеберлері еді... «Марқакөл ғажабы» деген атауға әбден лайық, теңдессіз феномендік құбылыс әлі де өз бағасын алған жоқ деп білеміз.

Ауатком төрағасының бірінші орынбасары Қабыкен Хасенұлы Сәйкенов пен аудандық мәдениет бөлімін басқарған Зейнолла Қайырханұлы Омаровтың бас болуымен 1972-ші жылы ауданның төрт бірдей өнер ұжымы «Халықтық» деген атаққа ие болды. Олар – «Ақтолқын» халықтық ән-би ансамблі, Марқакөл халықтық драма театры, «Халықтық ұлт-аспаптар ансамблі» және «Сәуле» халықтық үгіт-насихат театры еді. Ол кезде бұндай биік атақтарды Мәскеуден келетін арнайы комиссияның талқысынан өтіп барып қана алу мүмкін болатын.
Қаракөз Әбдікеқызы 1976 жылы Өскемен қаласына ауысып, елге танымал режиссер Марат Сақатовпен бірге Металлургтердің мәдениет сарайында қазақ оркестрін құруға белсене кірісті. Өкінішке қарай, қазақ оркестрін дамытуға ешкім құлық таныта қоймаған жылдар!... Өскеменде үйсіз-күйсіз жүрген көкем Күршімге қайтады. Туған жерінде 23 жыл мәдениет саласында, он бес жылдай аудандық Мәдениет үйінің директоры болып қызмет істеді.
Кейіннен облыстық мәдениет басқармасының маманы Нұрбану Кісебаеваның фольклорлық ансамбль құру туралы ұсынысын қабыл алып, Алматыға өзі барып, қобыз, домбыра секілді ұлттық аспаптарды жасаттырып алып келді. 1986 жылы Күршімде «Сарын» атты фольклорлық ансамбль дүниеге келеді. Ансамбльде Жомарт Әміренов, Марат Бүрлібаев, Серікхан Ахметов сынды жақсы музыканттар көп болды. Ансамбль облыстың барлық аудандарын аралады. Еуропаның Румыния, Молдавия секілді елдеріне де гастрольдік сапармен барып қайтты. Бұл өнер ұжымы да халықтық фольклорлық ансамбль деген атаққа ие болды.
Қаракөз көкем 2001 жылы Ұлан ауданының Мәдениет үйіне жұмысқа ауысты. Осындағы «Бескөл» ансамблінің бас қобызшысы болады. Тумысынан бесаспап жан Ұлан ауданының да өнері мен мәдениетін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқаны белгілі. Костюмерша болып, таңертең керек деген дүниені түнімен тігіп, әртістерді сахналық киімдермен қамтамасыз етіп отырған кездерін кім ұмытады... Қазіргі күні Қарагөз көкем өзінің жеке тігін шеберханасында еңбек етіп отыр. Өнердің бір саласынан кеткенімен, екінші саласында аудандық Мәдениет үйінің тапсырыстарымен сахналық киімдер де тігеді.
Әйгілі актер, Мемлекеттік сыйлықтың қос дүркін лауреаты Досхан Жолжақсынов бастаған, домбырашы һәм домбыра жасаушы шебер Жолаушы Тұрдығұлов сияқты көкемді ұстаз тұтатын шәкірттері бір төбе... Жолаушы ағамыздың өзін профессионал домбырашылыққа үйреткен Қарагөз дейтін өзгеше қырлы әңгімесі – көкемнің көп адам біле бермейтін, өнерге келгенде ерінбейтін, аса жауапкершілікті, талапты жоғары қоятын профессинал жан екеніне тәнті болатыны бір ғажайып сырдай естіледі бүгінде.

Біз «Жас дәурен, жас дәурен, ризамын мен саған!..» деп көгілдір Алтайды көз алдыма әкелетін атақты әнші ағамыз Талғат Кәрменов екеуінің қол ұстасып жүрген, бақытты сәттерін де бала кезден көрдік. Әкем 1979 жылдың шіліңгір шілдесінде Шірікаяқ ауылында аяқ астынан мерт болып, анам тамыз ортасында топты бала-шағамен Алматыға көшіп бара жатқанда көзіне жас алып шығарып салған да Талғат аға мен Қаракөз көкем, Амантай ағатайым еді.
Жасынан Күршім-Марқа қызы атанған, мамырлаған жаздың басы майдың соңғы күндері 80-нің сеңгіріне шығатын көкем күні бүгін халық ішінде қазыналы жан болып, қобызын шалып, тігінін тігіп, көкжасаң дүние қызығын халықпен бірге көріп, салауатты да барақатты күн кешіп келеді. Алтайдың аймаңдай Қаракөзі – сізді еліңіз аялай береді, көке!
