Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ. Альфонс...

14.02.2025 2481

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ. Альфонс 16+

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ. Альфонс - adebiportal.kz

 (Заманауи әңгіме)

Жахан жүрдек пойыздың ең қымбат, ең жайлы екі орындық купесіне жаңа ғана бас сұққан еді, артынан жын қуғандай болып, қиылта мұрт қойған бір жас жігіт омыраулап кіріп келді. Екпіні өте қатты. «Сен бірінші кірсең қайтейін, екінші орын мына біздікі» дегендей, ибалық та, сескену де жоқ, тіпті әй-шәйға қарар түрі байқалмайды. Өзі алкогольді ішімдік ішіп алған неме ме деп, көз қиығымен ұрлана үсті-басына қарады, олай емес сияқты. Киімі тап -таза, жүріс-тұрысы жинақы. Жол алыс болмаса да, жасы елуді алқымдаған соң, жайлы жатып, емін-еркін демалып барғанды көңіл қалай бастайды екен, сосын да қымбат ақысына қарамастан, бірінші рет болар, осындай вагоннан орын алғызған. Бір жағы жаңа қызметке тұрған жалғыз ұлдың – Жандостың «енді өзіңізге жағдай жасаңыз, үнемі жаратуға тартыншақтап, тықпыштай берген ақша неменеге керек» деп қолқалауы да себеп болып кетіп еді. Ақыл-есі де, сөзі де дұрыс адаммен сапарлас болу жарты бақытқа айнала бастаған уақыт. Кіргені жаңа ғана, әлі заттарын да реттеп үлгерген жоқ еді, тар жерге мол денелі екінші кісінің айнала қалуы, қалай десең де, ыңғайсыздық тудырады екен. Амалы қалмады. Үлкендігін алға тарта сөйледі. 

 – Інішек, мүмкін болса, сыртта кішкене кідіре тұршы– деді Жахан салқын үнмен. – Мына заттарымды орнына қойып алайын. – Даусының салқындау болуы «осыны мен айтпасам да білер жөнің бар емес пе» деген емеурін. Жас жігіт көз алартып, қиғаш мінез байқатпады, қайта сөзі салмақты шықты.

 – Оқасы жоқ, ағасы– деді ол. – Мен асықпаймын. Тек... мына портфелді қоя салайын. Сосын сыртта күтемін.

 – Е, сөйте ғой. 

 Оны-мұны заттарды реттестіріп, жеңілденіп алған соң, Жахан есікті ашты. Жас жігіттің жүзінен ешқандай кірбің ізі сезілмейді, арсалаңдай сөйлеп ішке енді.

 -Есімім – Бек! Толығы – Еренбек.

 -Жахан. 

 -Шымқалаға бара жатырмын. Сіз ше? 

 -Мен Манкентке! Шипажайға.

 – Сіздей жасы үлкен, салиқалы адаммен сапарлас болатыныма қуаныштымын, ағасы, – дейді сөзді жалғай түсіп. – Өзіңіздей өмірді салмақтап, ой тоқтатып үлгерген кісілермен асықпай, кең отырып сөйлесудің өзі неге тұрады! 

 – Рахмет, інішек! – Күткені де осындай елгезек жан болғандықтан, жаны жадырай түсті. Іші, неге екені белгісіз, мына бейтаныс жігітке жылып барады. Сәлден кейін поезд да қозғалды. Екеуі жайғасып алып, шәй ішуге отырды. Елгезек Еренбек мұндай қызмет көрсету шаруасына өте әпжіл болып шықты.

 Шәй үстінде:

 – Аға, – деді ол. – Сізден сәл-пәл ыңғайсызданып тұрғаным, айтсам ба, айтпасам ба деп...

 – Е, айта бер. Несі ыңғайсыз?

 – Мен жолға шыққанда ең қымбат виски алып жүруші ем...

 – Ал-л?

 -Рас айтам, мұндай өзі жұмсақ, өзі ішуге тартымды виски кім көрінгеннің қолына түсе бермейді. Шетелден арнайы алдырып едік. Бағасын айтайын ба? 

 -Жарайды, екеуміз саудаласып жатқан жоқпыз ғой, -деді Жахан оның сөзін бөліп. – Қымбат деген сөзіңе неге сенбеске! 

 – Сіздей сыйлы ағамен сапарлас болуды жаратқан ие тап бүгін қабыл көрген шығар! Ептеп дәмін татасыз ба деген ұсынысым бар.

 Сөзі барынша мәйін мына жігітке қарсы сөйлеу тұрмақ, көңіліне қаяу түсіруге де қимайтындайсың. Әр лебізі жанға майдай жағады, тіпті жүрегіңді ерітіп бара жатқандай. Біраздан бері осы спиртті ішімдік дегенді доғарып, біржола қоштасуға ыңғайланып жүрген жайы бар еді. Басты себеп - денсаулық жағдайы. Қан қысымы ойнамалы, аяқ астынан көтеріле салатын кінарат шыға бастаған-ды. Әуелі соны айтпақ боп оқтала берді де, Еренбектің қиыла қараған жүзіне көзі түсіп кетіп, ол ойынан айныды. 

 – Жалпы спиртті ішкілікке о бастан құмар емес едім. Дегенмен, көңілің үшін...

 – Түсіндім! – деді Бек орнынан ұшып тұрып жатыпСосын жолсөмкесінен ұстар жері қылдай екі рюмкені шығарды. – Мен қазір таза сумен жуып келе қояйын.

 Ол жүгіре жөнелді. Жүгірген күйі тез-ақ оралды. Қолында екі рюмкені енді төмен қаратып ұстапты. Сосын сөмкесіне қол жүгіртіп, қайта-қайта мақтауын асырған вискиді шығарды. Шынында да өте қымбат ішімдік. Жахан бөтелкесінен-ақ танып үлгерді.

 – Жарытып іше қоймаспыз, – деді енді. – Осыны жол үстінде жұлмаламай-ақ қойсаң қайтеді? Ертең үйге барған соң сыйлы қонақтарға ашарсың...

 – Ой,ағасы! – деді Бек. – Ол жағынан уайым жасамаңыз! Мұндай ішімдік үйде молынан бар. Жағдайым сіз ойлағандай аса жаман емес. Тиын санамаймын...

 Жахан ойланып қалды. «Шамасы, мына заманды бес саусағымен ойнатып, шыр айналдырып жүрген кәсіпкер жігіт болды-ау» деді ішімнен. «Әйтпесе, жол үстінде кездейсоқ кездесе қалған көрінген жолаушыға мынадай өте қымбат виски ұсыну деген екінің бірінің қолынан келер ме?»

 – Өзің қайда жұмыс істейсің? – деп, енді оны әңгімеге тарта бастады.

 – Шынымды айтсам, тұрақты жұмысым жоқ есебі. Бірақ жағдайым жақсы. Жақсы ғана емес, өте жақсы! 

 – Сонда еш жерде істемейсің бе? Сөйте тұра...

 Еренбек Жаханның ойын аяқтатпай, іліп алып, өзі жалғап әкетті. 

 – Қол қусырып отырмаймын, әрине! Бірақ, менікі - барып келу, алып қайту...

 – Сонда-а бұл қандай жұмыс болды екен? Жұмбақтап жібердің ғой?

 Жас жігіт мырс етіп күлді. Сосын қолындағы рюмкені столға қойды. Қойды да:

 – Сізге түсіндірейін, – деді. – Мен жалпы оқыған жаспын, жоғары білімдімін. Мамандығым да бар. Бұрынырақ, аз-кем мемлекеттік қызметте де істегенмін. Ал, бірақ...

 Ол тоқтап, мүдіріп қалды. Сөзі жалғанбады. Шыдай алмай, Жахан дереу сауал бере бастады.

 – Немене, жұмыста жолың болмады ма, інішек?

 – Олай емес.

 – Енді не?

 – Кішкентай қызметке жас өміріңді байлап қойып, ертелі-кеш уақытты босқа өлтіру, одан да қиыны - әр күн-айыңа әзер жететін татымсыз жалақымен өмір сүру өзіңнің алтын басыңды қорлау деп ойладым. Менде, шынымды айтайын, туабітті қабілет-қарым жетерлік. 

 – Сосын?

 – Сосын басқа тиімді жол іздедім. Сіздердің уақытты қайдам, мына біздің заманда өмірайла да керек. Әбден керек! 

 – Қызық екен ойың! Ол не айла? -деп, Жахан оның сөзіне ерекше ынтыға түскенін де байқамай қалды. Жас жігіт ашық әңгімеге ауысты. Әлде қымбат вискидің әсері, әлде былай да сөзшең бе, кібіртіктеуді қойды, өзі жайлы ағынан жарыла бастады. 

 – Ағасы, тыңдаңыз! Қазіргі кез бизнестің заманы! «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» дейтін уақыт! Ал, сол кәсіпкерлік деген шаруаңызды бір кісідей дөңгелентіп әкетіп бара жатқандардың арасында жас қыз-келіншектер көбейді. Молынан көбейді. Саусақпен санап тауыса алмассыз, сірә! Оларда ақша, дүние молынан жетеді. Тіпті асып-төгіліп жатады. Тек жетпейтіні...

 – Түсіндім, арғы жағын айта бер! 

 – Бір кәсіпкер келіншекті бұрыннан танушы ем. Күйеуі ертерек қайтыс боп кеткен-ді. Өзі маған өліп-өшіп, барынша ынтығып тұратын. Асылық айтқаным болмасын, өз ойымша, ол мені некелі күйеуінен де артық бағалады білем! Қазақта «өзің сүйгенді емес, өзіңді сүйгенді сүй» деген әдемі нақыл бар ғой. Сол нақыл дөп! 

 Әңгіме ыңғайы қайда бұрылып бара жатқанын сезе бастаған соң, тезірек соңғы жағын білейін деп жас жігітті асықтыра бастады. 

 – Тоқ етері – сол келіншекке үйлендің бе?

 Бек мүдіре түсіп, қайта-қайта жұтынып қойды. Жұтынған сайын «арғы жағын айтсам ба екен, айтпасам ба екен» дегендей көңілтоқтау сезім бойын билей бастағаны аңғарылды. Ағасы қайтадан қамшылады. 

 -Болары болған шаруа екен, ендеше енді несіне жасырмалайсың? Мен елуге тақаған, қызбалықты қысқартып, әңгіме-өсектен бойын аулақ сала бастаған адаммын. Тіл ұшындағыны іркіп қалма! Әу баста бастамау керек еді...

 – Әрине, ағасы! Несін жасырғандаймын? Сізге бар сырымды ақтарғым келгеніне өзім де аң-таңмын! – Кішкене мүдірді де: - Үйлендік пе, жоқ бірге былайша тұрып жатырмыз ба – соны өзім де ойламаппын, -деді. – Алайда, бір үйдеміз. Бір отбасы десек те болады. Оның мен дегенде ықыласы ерек. Жанын беруге әзір десем де артық емес! 

 – Ол қайда қазір? Жаңағы... 

 – Келініңіз бе? Ол алыс шетелде сапарлап жүр. Іскерлік шаруамен. Алдымен Америкаға барады, сосын Англияға келеді. Одан соң Францияға соқпақшы. Бір айдан соң, мүмкін екі айдан соң оралар? 

 – Е-е, – деді Жахан маңдайымды сыйпалап. – Жайың енді түсінікті бола бастады, інішек! Екеуің бір-екі айлап бір-біріңді көрмейтін болсаңдар, бір үйде тұрып жатырмыз дегеніңнің өзі құлаққа қызық естіледі! Жас адамға жарасар қылық па өзі?

 Жахан сөзін аяқтай бергенде қос құлағы шым-м ете түскені. Әлдебір үн алыстан талып жетіп жатқандай. «Жарығым, мені емдетіп-күтем деумен, үміттенумен жас өмірің зая бола бастады-ау! Маңдайыңа жазылғаны осындай зая тағдыр ма еді, Алла-ай!..» Басын қайта-қайта шайқады. Түсініксіз дауыстан басын алып қашты. 

 Осы сәтте Бек аяқ астынан дегбірі кете, міңгірлеуін қойып, әңгімесін жылдам айта бастады. 

 – Жоқ, сіз мені дұрыс түсінбеген сияқтысыз! Өзіңіз-ақ ойлаңызшы, егер мен сол кәсіпкер келіншекке үйленіп алмасам, әйтеуір бір еркек үйірсектейді. Ондайлар уақытша пайдаланып, түбі алдап соғуы да мүмкін. Мен оны алдамаймын. Іскерлігіне, бар шаруасына қолдау көрсетіп отырамын.

 Оның екпіндей сөйлеген лебізіне құлақ қоя түсіп, енді ғана өзді-өзіне келгендей болып, еңсе тіктеген. Еренбектің тағдыр жайлы әңгімесіне қызығушылығы оянды ма, немесе қиялындағы ауыр ойдан басын алып қашқаны ма, аяғына дейін тыңдамаққа ықылас байқата бастады. 

 -Өзің бұған дейін үйленбегенсің бе? 

 -Болды! Бірер жыл бірге тұрдық, - деп, Бек тұтана сөйлеп кетті тағы да. - Өзі тойымсыз, тек қана талап ететін, жалмауыз әйел еді. Шыдамымды тауысты. Сосын ажыраспай қайтейін? 

 Жахан мырс ете қалып: 

 -Оның жалмауыз екенін қайдан біле қойдың? -деген. – Әйел заты күйеуіне еркелегенді қатты ұнататынын сезбегенің бе? 

 - О, ағасы, еркелеудің нағыз шебері сол бұрынғы келініңіз шығар! Күні бойы айна алдынан шықпайды. Қалаға екі рет шығып қайтса, екі түрлі көйлек кимей, қадам баспайды. Кешкісін дереу төсекке жата қалу орнына тағы да айна алдында шоқиып отырып алады да, үсті-басын қымбат иісмаймен майлайды. Таңертең тағы да иісмай іздеп әлек. Үстіне иіссу сеуіп әлек. Көзін, ернін, екі бетін баттастыра бояғаны туралы айтпай-ақ қояйын. Қысқасы, ақшамыздың тең жарымы сол сылқым келіншектің бояуы, иіссуы мен иісмайына кететін. 

 -Е, жас келіншек болған соң, сыртқа сұлу көрінгісі келеді де! -деп, Жахан Бектің жеңіл ашуға жол берген тұтықпа мінезін қостамайтынын байқатты. – Егер әйел боянбай, үсті-басына қарамай, олпы-солпы жүре берсе, ер адамдар оларға назар салар ма? 

 Еренбек өзінің алған бетінен қайтар болмады. Кешегі келінге шынымен де көңілі қатты қалыпты. 

 -Аға, мен ондай еркек емеспін. Маған қай әйелдің де табиғи қалпы ұнайды. Ал, оған осы ойымды еш түсіндіре алмай-ақ қойдым. «Басқалар қарай ма, жоқ па – онда қандай шаруаң бар» деп талай рет ұрыстым. Жер-жебіне жеттім. 

 -Бірақ, әйел атаулы көшеге шыққанда немесе той-томалаққа барғанда сырткөз өзіне назар салғанын, көңіл бөлгенін және таңдай қаққанын іштей қалап тұрса ше? Ол табиғатында бар нәрсе емес пе! - деп, Жахан жас жігітті өзге ой сонарына жетелемек болды. Бек бұны да қабылдай алар емес. «Елдің бәріне ұнауым керек» дегені нағыз ақымақтық деп кесе сөйледі. Кесе сөйлеген жоқ, әрі қарай өз пәлсапасын жалғастырды. Жер-жаһандағы әйел затының ең ақылсыз ісі осы жерден басталады деп жырлап берді. Оны тыңдап отырғанда Жаханның құлағы тағы да шың-ң ете түскен. Әлгіндегі әлсіз үн енді жақындап қалғандай, анығырақ естіліп жатты. «Жан-жарығым, маған қымбат көйлек те, иіссу да, иісмай да керек емес, сен жанымда болсаң, сен жылы-жылы сөздеріңді сезімге орап айтсаң, жер бетіндегі ең бақытты әйел өзім секілді сезінем! Маған ең қымбаты – сенің бар болғаның!..» Жахан дауыс шыққан жаққа мойын бұрып, оны көргісі келгендей итініп, ұмтыла түскен-ді. Бірақ, дауыс тағы да жым-жылас болып кетті. Есін қайта жиғандай болып, енді жанында дамылсыз сөйлеп отырған жас жігітке үн қатты. 

 -Бала бар ма? 

 -Бір ұл тапты. Оны да менің төмпештеуіммен әзер көтерген шығар! Бірақ бала тәрбиесіне қарап жарытпады. Есіл-дерті ойын-сауық, той-томалақ...- Бек жұдырығын түйіп алды. – Ажыраспас та едім, қанымды ішті ғой қайтейін... 

 -Жалғыз ұлды өзімен ала кеткен болды ғой? Оның обалы кімге? 

 -Жоқ, өзіммен бірге алып қалдым. Ол келіншек көп ұзамай басқа бір дударбас, әуейі жігітке тұрмысқа шықты деп естідім. Боқмұрын баланы қайтеді? Арманы аяққа жастай тұсау салмай, жеке бас бақытын ойлау болған шығар? 

 Жахан қасында отырған сөйлемпаз жігіттің өмірін еш түсіне алмады. Айтқанын орындап, ұл тауып берген жас келіншектің аздаған еркелігін көтере алмауына не себеп? Сылтауының түрі анадай. Басқаны ұмытса да, иіссу, иісмай деген заттар әйел затының қолсөмкесінен түспейтін ең қымбат дүниесі емес пе? Бектің әлденеге дегбірсізденіп бара жатқанын байқап, енді оған бұл ойын айтпастан, керісінше басу сөз айтуды бастады. 

 -Ешкімге қиянат жасамағаныңды сезгендеймін! -деді Жахан. – Ең үлкен азаматтық қасиетің осында. Кіндігіңнен жаралған жалғыз балаң жаныңда. Ал, мына кәсіпкер келіншектің күйеуі қайтыс болса, өзі сені құлай жақсы көрсе, оған жүрек жылуын ұсынғаның да ерсі емес! Одан да үлкен жақсылығың – кәсіпкерлікті дөңгелентіп әкеткен қазақ қызының қабілетін бағалап, шаруасын ары қарай жалғастыруға мүмкіндік туғызғаның! 

 Жас жігіт едәуір масайрап қалды. Кеуде көтере дем алды. Елудегі жігіт ағасынан мынадай жақсы баға естігені көңіліне қанат байлап жібергендей. 

 -Сіз айтқан жағдайларды өзім де іштей ойлап, көңілге медеу етерім бар, -деді аға сөзін әрі қарай жалғағандай боп. - Десе де, өмірде адамның бақыты біржақты болмауы керек шығар? Мен оны бақытты етсем де, кейде өз басымды ойлап қинала түсерім бар. Бірге тұрып жатқанымызға төрт жыл болса да, арамызда дәнекер жоқ. Ортақ қуаныш дегенім ғой...

 -Ұлың ше? 

 -Оның шешесі бұл келіншек емес, сосын да аналық жылы мейірім бәрібір жетпей жатады. Ішім сезеді, бірақ қайтейін? – Бек қамығып қалды. 

 -Сен осы жолды өзің қалаған жоқсың ба? Егер өз мамандығың бойынша табысқа жетіп, биіктерге ұмтылам десең, кім қолыңнан қақты? Алғашқы келінмен шәлкем-шәліс болмай, кей еркелігін басыңнан асырып жіберіп, ымыра жасасаң, оған кім тосқауыл болды? 

 -Ешкімді де кіналамаймын! -деді жас жігіт. - Менің тағдырым – ол менікі! 

 Соны айтты да, кенет серпіле түсіп: 

 -Ағасы-ау, біз не айтып кеттік? Мына заманда күнін әзер көріп жүргендер мен тағдыр қиыншылығынан үнемі мұң арқалаған, тағдырына лағнет айтушылар баршылық қой! Бірақ мен емес! – деді лепіре сөйлеп. – Үлкен қалада қос қабатты коттеджде тұрып жатырмын. Қаржыдан қиыншылық көрер жағдайым жоқ. Бір басымда екі бірдей көлігім бар. Ал, банкідегі есепшотымда...

 Тоқтап қалды. Тоқтап қалды да, ағасына жалт қарап: 

 -Аға, айыпқа бұйырмаңыз, мен тым қатты мақтанып кеттім бе? -деген. – Талай рет жолға шықтым, ең қымбат қалаларға ең қымбат ұшақпен ұшып барып-келіп жүрдім. Сондай жол үстінде ешкімге дәл бұлай сыр ашпаушы едім. Сізге қалайша ағымнан жарылғаныма өзім де таңмын. - Тоқтады да, тамағын кеней түсіп: - Сіз де, ағасы, жақсы қызметте болған кісі екеніңізді бірден байқадым. Мына поезд тізбегіндегі мынадай қымбат орыннан кез-келген адам билет ала бермейтінін жақсы білем. Қалтасы көтере бере ме? 

 Жахан «Жоқ, інішек, барды бар дедің, бүкпесіз айттың, қандай жолмен болса да мол қазынаға қол жеткізгеніңді жасырмадың, ол мақтанға жатпайды» деді. Ал, өз басы елуге тақағанша әр тиынды есеппен жұмсап, бей-берекет шашпағанын, мынадай жайлы вагонға өмірінде бірінші рет отырғанын айтпады, тіл ұшында ұстап қалды. Бек ағасының жасырып қалған ойын сезгендей, жымия күліп қойды. Жахан да еріксіз езу тартты. Сосын көкейіндегі соңғы сауалды қойды. 

 -Баланың кейінгі тағдыры қалай? Ол қазір қайда?

 -Ағасы-ау, қайда болсын! Балам қасымда. Анығында – ол ұзартылған мектепте оқып жүр. Қаладағы ең қымбат мектеп! Айына бір рет барып, үйге алып келем де, ертесіне қайтадан апарып салам. 

 Жахан бір жағдаятты анық түсіне алмай: 

 -Неге олай етесің? -деді. – Қазір, құдайға шүкір, қолың бос емес пе? Үйден кіріп-шыққаны дұрыс болатын еді ғой. Анасынан тірілей ажыраған балаға әке мейірімі ауадай қажет екенін білмеймісің? 

 Осы сөздерді айтып бола бергенде тағы да құлағы шыңылдап қоя бергені. Тағы бір үннің сыбыры сезіле түскен-ді. Бірақ, бұл жолғы дауыс ересек кісінің емес, баланың даусы еді. «Әке, мен өзіңді көрмегелі үш күн болды, қайдасың? Қатты сағындым. Мені бұдан былай жаныңнан тастамашы! Өтінем, әкетай-й...» Жахан жаны шырқырағандай болып, «Балам-ау, міне, іссапардан енді оралып келем, жетем өзіңе, түн ішінде болса да алып кетем үйге...» деп күбірлеп сөйлей жөнелген. Ерні еріксіз жыбырлап кетті де, қасында бөтен адам барын ойлап, қайтадан бойын жинай бастады. 

 Енді көңіл аударып қараса, алдында отырған Бек еріксіз күлкіге көміліпті. «Даусым шығып кетті ме? Естіп қойды ма сөздерімді? Жо-жоқ, бәрі де ойында, қиялында еді ғой. Бәлкім, бұған дейін күлетіндей бірнеңе айтып па ем?..» Жас жігіт күлкісін әзер тиып болды да, сөзге көшті. 

 -Мені үйде қол қусырып отыратын яки шалқасынан жатып алып, қорылға басатын кержалқау еркек деп ойладыңыз ба? Жоқ, ағасы, менің де шаруаларым шаш етектен. Бизнес- келініңіз шетелде сапарлап жүргенде ел ішіндегі бизнеске қатысты ірілі-ұсақты шаруаларын реттеймін. Барып, жолығатын кісілермен тілдесемін. Шешілмей жатса, Русаға, иә, келініңізге телефон соғам. Жағдайды дереу баяндаймын. Ал, оның мінезі шалт. Шешілместі шешеді қайтсе де...

 Осы сәтте есік қағып, жолсерік-проводник купеге бас сұқты. «Сіздерге ыстық шәй әкелдім» деді. Бек шәйді былай ысыра салып, оған өз ойын айта бастады. 

 -Мысалы сіз, проводник жолдас, мынадай өте ауыр жұмысты не үшін атқарып жүрсіз? Бәрі де ақша үшін емес пе? -деген. Жолсерік жас жігіттің бетіне бажырая қарап алды да, жауап берді. 

 -Бұл менің өз жүрегіммен таңдап алған мамандығым! Жиырма жылдан бері проводникпін. Өміріме өкпем жоқ, -деді. – Әрине, үнемі жол үстінде болам, кішкене қолайсыздығы да бар. Алайда, сүйген мамандықта ол жағы тез ұмытылады, анығында миға аса көп салмақ салмайды.

 Еренбек оның сөзіне қанағаттанбай, екінші рет сауал берді. Бұл жолғы сауалы қатқылдау шықты.

 -Егер отбасыңызда ақша-қаражат жағы жеткілікті болып тұрса, «мамандық-қ» деп аласұрмай, тып-тыныш жатпас па едіңіз? -деді. – Мамандық деген айтуға жақсы, бірақ ол жалаң сөз! 

 -Олай емес, інішек! -деп, жолсерік кішкене қызарақтады. – Құдайға шүкір, бір ұл, бір қызым бар. Екеуі де жақсы қызметте. Қаржыдан мүлде таршылық көріп жатырмын десем, асылық болар! Сенерсің-сенбессің, мен өз өмірімді мына жүрдек поездан бөліп қарай алмайды екем...

 -Бәлкім, жеңгей...-деп, Бек тағы да бір қырынан сөз өрбіте бергенде, жолсерік оның айтпағын көзінен оқып қойғандай, жылдам жауап қатты. 

 -Жеңгең маған осы жұмысты қойсаңшы, қалған өмірді қол ұстасып бірге өткерейік дейді. Тыңдағым-ақ келеді оны. Бірақ, жаңа айтқанымдай, мына темір жол мен мына поездің исі мені өзіне тартады да тұрады, не керек...-Осыны айтты да, кешірім сұрап, купеден шығып кетті. 

 Бек біраз уақыт үндемей отырып қалған. Жахан жас жігіттің ойына әлдебір өкініш сызаты түсті ме екен дегендей, оған аяушылықпен қарап отырды. Бірақ ләм демеді. Бірақ, Бек кішкене кідіріп болып, еңсесін тіктеді де, қайтадан сөзін өктем үнмен жалғастырды.

 -Қысқасы, ағасы, бұл жолғы көңіл шешімім өте дұрыс болып шықты. Мынадай қып-қысқа өмірде «адамгершілік-к маңызды-ы...» деп, ауызды толтыра айтып, жаныңды қинап, ақ тер -көк тер болудың ешқандай маңызы жоқ, ақылың жетіп жатса, тұрмысыңды тез түзеп, әр күніңді мейрамдай өткере біл! Бұл -менің ұстанымым! 

 Жахан бұдан әрі әңгімені езбелеп айта беруді жөн көрмей, басын әнтек көтере түсіп: 

 -Балаға қиындау екен! -деп, бір ауыз сөз жорғалатқан. Бек ағасының бұл сөзін әлде естімеді, әлде мән бермеді, бір есінеп алып, былай деді.

 -Сіз өте байқампаз әрі сергек ойлы азамат екенсіз! Жол үстінде болса да танысқаныма қатты қуанулымын! Қаласаңыз, қалаға қайта оралған соң, үйімде, иә, үйімізде құрметті қонақ болыңыз! Біз кімді шақырмай жатырмыз? Біздің шаңырақта кімдер болмай жатыр? Ал, сіздің орныңыз, әрине, мүлде бөлек! Әдірісті жазып беремін. 

 * * *

 Сәлден соң купе ішті ысып кетті де, тынысы тарыла бастаған соң, Жахан тысқа шығып салқындап тұрды. Жас жігіт іште қалып, стол үстін тазартып жатыр.

 Ойланып тұрды. Ойламайын десе де, кеудесінде әлдебір түйдек ойлар асыр сала, атойлап қояр емес. Мына жас жігіттің басында тап осы уақытта бәрі де бар екен. Адамға не керек? Ақша ма? Ол жағы шешілген. Үй-жай ма? Оны да артығымен орындап үлгерген. Ең қымбат көлік астында, ең дәмді тамақ дастарханында. Былай алып қарағанда, бақыттан басы айналып жүрер бір жан болса, ол осы шығар? Жар сүю дейсіз бе? Жә, бұл жағынан да ұтылары бар ма? Өзін әу бастан ықыластана ұнатқан келіншекті ақыры бауырына басыпты. Ал, ол бұған салмақ жүктеп, «сен маған ананы жаса, мынаны жаса» деп мазаламайды, керісінше бұның ойлағанын еш қиналыссыз орындап отыр. Ендеше, мына жігіт неге әредік күрсініп қояды? Неліктен сөзден сүрінуі көбірек? 

 Осы сәтте құлағына әлдеқайдан бір өктемдеу үн естілгендей болды. «Соны да біле алмай тұрғаның ба? Қалайша аңғармадың? Аңқаусың-ау, аңқаусың...» 

 «Нені? Нені аңғаруым керек еді? Айтсаңшы ойыңды ашып?..» деп, дауыс шыққан жаққа көңілсіз кейіппен қарағыштаған. Сол сәтте көз алдына марқұм әйелінің жүдеу бейнесі елес болып тұра қалғаны. «Сен де баяғыда-а, мен айықпас ауруға шалдыққан кезде, көңіліме қарамастан, он жыл бойы күтпестен, төсек жаңғыртуың керек еді» деді елес-әйел екінші мәрте тіл қатып. Жахан жанұшыра сөйледі. «Сенің онсыз да жаралы жүрегіңе зіл батпан салмақ салып, бақытты болмай-ақ қойдым, бұл не сөзің, жаным-ау?..» Елес-әйел қайталап сөйледі. «Бәрібір мені қанша аяласаң да, бақытты ғұмыр сүре алдың ба? Жарты өмірің аурушаң әйелдің жайын жасаумен өтті, тағы жарты ғұмырың көңілің қалаған жұмыста абыройлы болсам деумен өтіп кетті, енді міне, тосыннан жарақат алып, мүгедектер қатарына қосылдың. Қызметіңе байланысты жалғыз ұлдың жас кезгі тәрбиесі бейтаныс әйелдің құзырына табысталды, жұмыс жағдайында қаншама қиындықтарға тап болдың. Жаның қатты күйзелген сәттерде жаныңда көңіліңе демеу болар ешкім жоқ еді!..» Жахан одан бетер екпіндеп, елес-әйелге жауап беріп жатты. «Жеке басымнан жүректі сығымдаған қаншама қиналу мезеттері өтсе де, жалғыз ұлды барлық қиындықпен күресе жүріп жетілдірсем де, ең үлкен бақытымды – саған деген махаббатыма кір жуытпай, кір ғана емес, қылау түсірмей, алақанға салып аяладым ғой, жаным-м...»

 Осы сәтте купеден жас жігіт Бек те шығып келе жатты. Жахан оған өз ойын оқып қойғандай қысыла қарады. Жас жігіт жанына келді де, ештеңе болмағандай, тағы да өз жайынан сөз жалғады. 

 -Мені былайғы таныстарым ең бақытты адам санайды! -деді тамағын кенеп алып. – Бақытты шығармын расында да. Бірақ, бақыт деген бір ауыз сөзге сиятын ұғым ба? Меніңше, жер бетінде жақсы, бақуатты ғұмыр кешіп жатқан адам біткен бәрібір арманды. Ғалым тағы бір еңбегі жазылмай жатқанын ойлайды. Кәсіпкер байлығым бұдан да мол болса екен деп күн кешеді. Жақсы өмір сүріп жатқан әйел де күйеуім бұдан бетер мені еркелетсе ғой дейді. Сол ұғыммен қарағанда, мен де сәл-пәл бақытсыз болармын? Бірнеңе жетпейтін сияқты болады да тұрады кей-кейде...

 Осыны айтты да, қол жуып қайтайын деп, әжетхана жаққа кетіп бара жатты. 

 Жаханды тағы да төтен ойлар қаусырмалады. Енді бақыт пен байлық жайын емес, басқаны ойлап тұрды. Турасын айтқанда, қазіргі уақыттағы барынша жауапсыз, мейлінше ұқыпсыз, тіпті өмірге мүлде жеңіл-желпі қарайтын адамдарға деген ішкі реніші кеудесінде дүңк-дүңк етіп, дүбір салып тұрып алған-ды. «Бүгінгі заман не боп барадыНе заман бұзылды, не болмаса менің таным-түйсігім уақыттан мүлде артта қалып барадыЕкінің бірі...» Бір ойы аяқталып, екінші ойы қылаң ете түсті. Неге екені белгісіз, өзінің ер азамат екенін еселеп еске алып, төтеннен намысы оянып кеткендей, қинала түскен. «Қайран, еркектер! Бәрін әйел затына беріп қойып, өзіңе не қалдырдың? Бұлай ете берсең, ертең ер азамат деген атыңды да біржола ұмытатын күн тумас па?..». Осы ойды аяқтап бола берді де, тағы бір қиялдың жетегіне ерген. «Өзінің шамасы жоқ, ал істі дігірлете дөңгелентіп бара жатқан іскер әйелге жалпақтап, алдында түлкідей бұлаңдап, төсек болған түріңе болайын! Бұл не? Бұл қай қылығың, еркектер-ау!..»

 Құлағының түбі шыңылдағандай болды. Басы зеңіп кетті. Ойы шашырап бара жатыр. Тағы да бір үн естіліп қалып жатты. Құлақ төседі. 

 «Сен осыны да түсіне алмай, бас қатырып тұрсың ба? Жақын заманның ер азаматтары өз ар-намысын аяққа таптап қана қоймай, бай да іскер әйел затының қолжаулығына айналады. Көр де тұр, осы айтқаным дөп келеді әлі! Ал, ондай ер азаматтар ездің бөркін киіп алады да, Отаны тұрмақ, өз отбасына да қалқан бола алмасы анық. Ондай еркектерді, ащы да болса, өз атымен атау керек! Олар – Альфонстар...» 

 Жахан жаны езіле, дауысқа елтіп тұрды да, кенет дауыс шығара: 

 -Бұл сен бе, Жанару? Жаным-ау, сенің сөзің бе? – деп даусы дірілдей сөйлеген. Алайда алыстан естілген үн қайтып тілге келмеді. Оны кім айтты – жұмбақ болып қала берді. Жахан сол сәтте тағы да жан жары – Жанарумен үйленген алғашқы жылын есіне түсіре берген. Екеуінің ең бір бақытты, шаттыққа молынан кенелген күндері еді ғой. Жанару бұның қолынан ұстап тұрып «сен мені ешқашан ренжітпейсің бе, мәңгі сүйіп өтесің бе?» деп дөп-дөңгелек жанарын боталата тіл қатқан. «Сертім сол! Мен сені сүю былай тұрсын, қабағыңа кішкентай кірбің кіргізбеуге тәуекел еттім!» «Шын сөзің бе? Ал, мен аяқ астынан сырқатқа шалынып, мүгедек болып қалсам ше, онда да сезіміңді кірлетпей ұстап жүре аласың ба?» «Артық айтпашы! Сен екеуміз ұзақ та бақытты ғұмыр кешетін боламыз, маған ақ қанат періштелер солай деп сыбырлап кетті, арамыздағы мөлдір сезім ешқашан суымайды». Осыны естіген сәтте Жанару шаттана күліп келіп, бұның мойнына асылып тұрып «мен ақ қанатты періштелерге ақ ниетті алғысымды жолдаймын» дегенде, жігіт жанары суланып кетіп еді. 

 Жахан кенет басын шайқап жіберіп, тәтті ойдың тұнығын бұзып алды. Қайтадан есіне түсірмек болып еді, бұл жолы таңғы шықтай тап-таза, мөлдір күндер емес, Жанарумен соңғы қоштасу сәті көзінің алдын көлбеген. Сырқаты әбден меңдеп, енді бойынан әл-қуаты кетіп жатқан сәтінде күйеуін қатты іздейді. Хабар тиісімен жұмысынан сұранып, алқынып жеткен Жаханға ұзақ қарап жатып алып еді. 

 -Жарығым-ау, мені шақырдың ба? -деп екі рет қайталап сұраса да, жанары мөлдіреген қалпы тіл қатпады. Жахан бұрынғы сұлу келбетінің табы азайып, әрі кетіп, терісі ғана қалған маңдайынан алақанымен сипап отырып: 

 -Мен сені жан-тәніммен сүйгем, әлі де сүйем! – деп жан сырын даусы дірілдей жеткізген-ді. Сол сәтте ғана Жанару әлсіз үнмен дыбыс шығарып:

 - Шашың өсіп кетіпті! -деді. Осыны айтты да тағы үнсіз қалып, көздерін боталатты. Күйеуі оның көзінен сөз оқыды. «Жалғыз ұлға пана бол!..». «Жаныңда болып, көмек көрсете алмадым...». « Өзіңмен өткізген аз күндік тағдырыма ризамын...». «Егер жаратқан ие қайтадан өмір сыйласа, мен тағдырымды тағы да өзіңе табыстар едім...». Бұл сөздер, асылында, екеуі оңаша қалған кездерде, өмір жайлы толғаныс сәттерінде жиі айтылушы еді! Қазір де әйелі ішінен қайталап жатқанына еш күмәні болмаған. 

 -Жаным! Жер жаһандағы жалғыз асылым! Менімен бұлай қоштаса көрмеші! Сенімен қоштасқым келмейді! Қоштаспа! Қоштаспа, жарығым-м... 

 Басын қайта-қайта шайқады. Жанына жас жігіттің келгенін де байқамады. Ол Жаханның мына дел-сал күйін түсіне алмай: 

 -Аға, сізге не болды? Түріңіз бұзылып тұр. Мүмкін...жаңағы қымбат вискиден аздап көреміз бе? -деді де, кеудесін кере сөйлеп: - Тауысып ішпесек, осында қалады бәрібір...-деген. – Жартылай ішілген бөтелкені, өмірі жарымаған жандай, қанша қымбат болса да, қайтадан сөмкеге салудың жөні бар ма? Жоқшылықтан сақтасын, жоқшылықтан... 

 -Жо-жоқ, інім, бәрі дұрыс! Жас емеспін, вискиді ішуге енді шамам келе қоймас. Мені түсінерсің...

 -Әлде, өз тағдырыңыздың да өкіне еске алар сәтсіздіктер болып па еді? Бәлкім, сол ой мазалай ма? Егер көмек керек десеңіз, қай жағынан болмасын, қысылмай айтыңыз! Сізді көргеннен ерекше ұнаттым. Самолетпен ұшудан әбден шаршап, қажыған соң, осы жолы поезға отырып ем. Кез-келген адамға бұлай елп ете қалатын әдетім де жоқ еді. Ашығын айтып тұрмын! Бір ауыз сөзіңіз мына жаман ініңізге заң! Орындай алмасам, маған серт! 

 Тағдырының қай жықпылын айтып тауысар? Өмір болған соң, жақсысы мен жаманы, дұрысы мен бұрысы, кемшілігі мен кеңшілігі болмай тұрар ма? Бірін жөнге салсаң, екіншісі кезек күтіп тұрады. Оны жөндей бастасаң, үшіншісі...

 -Дегенмен, жүзіңізде мұң бар. Ескі мұң! Сүрленген сызат! Қажет деп тапсаңыз, тыңдауға әзірмін, ағасы! – деп, жас жігіт елп-елп етті. 

 -Шаршағандық шығар? Жол салмағын көтере алмайтын жасқа жақындадық. Қандай мұң бола қойсын! – Жахан әрі қарай сөз өрбіткісі келмеді. 

 -Айтқыңыз келмесе, қинау да жоқ, аға! -деді Бек. – Бірақ, менің көп жағдайда түсінбейтінім – бірқатар ер азаматтар көңіліне қаяу түсіріп, жанын қинаған жойпат жәйттерді өмір бойы жасырып жүретіні. Адам өмірге ауыр тас арқалағандай болып, қиындықты көтеріп жүру үшін келмейді! Қандай қиындық кездессе де, онымен кескілескен күресу жүргізу керек! Күресіп қана қоймай, оны қалайда жеңу керек! Қандай жолмен де, тіпті айламен болса да! Осыны түсінетін уақыт жеткен жоқ па? 

 -Жетті! Жетті! -деді Жахан өз сөзіне өзі мән бермей. Көз алдынан бұралаңы мол, тайғақты тағдыры жөнкіліп өтіп жатты. Тұрмыстағы таршылық, қаржылай тапшылық, жазылмас науқасқа тап болып, он жылға жуық төсек тартқан аурулы әйелі мен басқа айласы қалмаған соң, бөтен біреудің қолына тәрбиелеуге берген жалғыз ұл! Ол ғана емес, одан да басқа толып жатқан тіршілік түйткілдері тап қазір миын матап тастып, жанын шырқыратты. Есіне түсірмейін десе де, еселеп сыбаға тарта берді. 

 «...Жарығым, Жанаруым! Сен мына жарық дүниені тәрк еткелі де талай уақыт сырғыды. Кейінгі өміріміз жайынан хабардар етейінші өзіңді! Баламыз Жандосты жоғарғы сыныпқа көшкен кезден бастап, жұмысыма жақын жердегі мектепке ауыстырдым да, үнемі сабағын қадағаладым. Жақсы оқыды, ақылды болып ержетті. Сосын жоғарғы оқу орнына түсіп, оны сәтті аяқтап, қызметке тұрды. Өз жүрегінің қалауымен бір жас сұлуға үйленді. Келінің жәй көрікті ғана емес, қандай ақылды, білемісің? Жақын күнде немерелі боласың, Жанару! Ал, мен...осыдан бес жыл бұрын көлік апатына тап болып, қол-аяғымды сындырдым, сосын мүгедектік жолымен зейнетке шықтым. Бүгін балам мен келінім алып берген жолдамамен ең жайлы вагонда Манкент шипажайына демалуға кетіп барам...» 

 Кенет жанындағы жас жігіт Бектің қалта телефоны шырылдап қоя беріп, тәтті ойын бұзды. Ол асықпай, баяу қимылдап, телефонды қосты. Арғы жағынан әйелдің даусы естіліп жатты. 

 -Руса! Сенбісің? Даусың жай естіліп тұр! -деп, Еренбек жылдам-жылдам сөйледі. 

 -Бекс! Бекс деймін! Қайдасың? Жолда? Ол жақты доғара тұр. Дереу үйге жет! Мен ертең таңғы самолетпен ұшып келем. Қасымда бір топ қонағым болады. Ірі-ірі бизнесмендер! Жақсылап күтуіміз керек. Бұлардың қолынан көп нәрсе келеді. Құдай қаласа, төбемізден көк қағаз жауатын күн алыс емес.

 -Түсіндім, Русажан! Мен келесі стансадан түсем де, дереу қалаға қайтам. 

 Поезд кезекті стансаға бақырып-шақырып келіп, тоқтай берген. Бек осы жерден түсіп қалуға жиналып жатып, арасында жолсерікті шұғыл шақырып, «маған қайтар жолға ең қымбат орынға билет керек, тапсырыс бере аласыз ба?» деп тапсырып жатты. Жолсерік бас изеп, «орындаймыз» деп, жүгіре басып кетіп барады. Енді заттарын алып, Жахан ағасымен қош айтысты. 

 -Ағасы, уәденің аты -уәде! Қалаға оралған бетте хабарласыңыз. Қонақ етем. Бар құрметімді көрсетем сізге! 

 -Рахмет, інім! Сәтіне қарай көре жатармыз! Әзірге сау боп тұр. 

 Жас жігіт вагоннан шығып кеткен сәтте бір күрсініп алып «Альфонс» деді. Неге айтты? Не үшін айтты? Кімге айтты? Оны өзі де аңғармаған. 

 Ал, купеге кіргенде әлгінде ғана Бектің әбден мақтауын асырған, тек жартылай ішілген өте қымбат вискиі «енді мені қайтесің» дегендей, стол үстінде бұған мөлие қарап тұрды. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар