Ақсұңқар Ақынбаба

Ақсұңқар АҚЫНБАБА – Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясының дамуына және қазақ аударма әдебиетіне еңбек сіңіріп келе жатқан танымал ақын, аудармашы. Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

1976 жылы 19 сәуірде Моңғолияда туған. 1993 жылы тарихи отаны Қазақстанға біржола қоныс аударып, 1993-1994 оқу жылында Павлодар қаласында С. Торайғыров атындағы Университетте оқып, оқуын Талдықорған қаласында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік Университеті, филология және тарих факультеті бойынша жалғастырып, 1997 жылы үздік тәмамдап, 1998 жылы Алматыда Әл Фараби атындағы ҚазМУ-ге аспирантураға түскен.

«Мен – Алтайдан ұшқан Ақсұңқар!», «Ғашықпын», «Жанартау», «Жарылыс» (Анна Ахматовадан аударма) кітаптарының авторы. «Жас ақындар антологиясы», «Қыз ғұмыр - жыр ғұмыр», «Күміс күйме», «XXI ғасырдағы қазақ ақындары антологиясы» (қырғыз тілінде), «Поэзия» (Халықаралық аудармашылар байқауының жүлдегер шығармалар жинағы), «Жыр Маржан» қазақ поэзиясының 10 томдық антологиясы, «Жетісу ақындарының антологиясы: Тау мен Өзен жырлары», «Күміс сырға», «Ата дәстүр. Асыл сөз» (халықаралық әдеби байқаудың жүлдегер шығармалар жинағы), «Шабыт берген Алматы!» (Республикалық мүшәйраның жүлдегер шығармалар жинағы) қатарлы ұжымдық жыр жинақтарға өлеңдер, аудармалар топтамалары енген. 

«Біз – түркілерміз!», «Сүлейменнің өсиеті» атты көлемді поэзиялық еңбектері Түркияда шығатын «Turktoyu», «Edebiyat» халықаралық журналдарында түрік тіліндегі аудармамен 2024 жылы жарық көрді.

Ақсұңқар Ақынбабаның аударма саласындағы еңбектері мол. Солардың ішінен «Күміс ғасыр» поэзиясының аса ірі өкілі Анна Ахматовадан жасаған аударма еңбектерін бөлек атауға болады. Анна Ахматованың қазақ тіліндегі аудармамен алғаш рет шыққан «Жарылыс» жеке жинағының 2024 жылы Ұлттық кітапханада өткен тұсукесерінде Ресей Жазушылар Одағының төрағасының атынан арнайы «Құттықтау хат» жолданды. Түрік поэзиясынан Назым Хикмет, Рыфат Ылғазы, Орхан Вели, Фазыл Хьюсню Даглараджа, Михри Хатун, орыс поэзиясынан Анна Ахматова, Марина Цветаева, Белла Ахмадуллина, Лермонтов, Алексей Толстой, Вероника Тушнова, өзбек поэзиясынан Сирожиддин Сайид, Нодир Жонузақ т.б. әлемдік классикалық поэзия өкілдерінен түпнұсқадан қазақ тіліне аудармалар жасаған. 

Еңбек жолы: 1998 жылы Республикалық «Қазақстан» телеканалы «Шапағат» таңғы бағдарламалар редакциясында, 1999-2002 жж. Алматы облыстық «Жетісу» газетінде, 2004 жылы «Жалын» журналында, 2004-2011 жж. «Қазақстан» ТРК, «Шалқар», «Қазақ радиосы», «Қазақстан» телеарнасында журналист, редактор–жүргізуші, жетекші сарапшы, 2013 жылы Алматы қаласы Әкімдігі Мәдениет Басқармасында бас маман, 2014-2015 жж. Республикалық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мектепте қазақ әдебиетінің мұғалімі, 2016-2018 жж. Қазақстан халқы Ассамблеясында өзге этнос өкілдеріне Мемлекеттік тілді оқыту бойынша методистік қызметтерді табысты атқарды.

Сонымен қатар, әр жылдарда «Президенттік телерадиокешені», «Балжан», «Заман Қазақстан», «Сұлтан» қатарлы ақпарат құралдарында автор - редактор, аудармашы, фрилансер, «Отырар сазы» оркестрінде (2002-2003 жж), «Гүлдер» ансамблінде (2014 ж.) концерт жүргізуші, медиаменеджер қатарлы қосымша қызметтер атқарған.

«Дарын» Жастар Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Жыл Адамы Алтын Адам 2010» атағының, «Алтын көпір» Халықаралық аудармашылар байқауының, Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығының халықаралық жыр мүшәйрасының, Ғ.Мүсіреповтің 100 жылдығына арналған Республикалық мүшәйраның, «Жетісу жастары» фестивалінің, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, «Ата дәстүр асыл сөз» Халықаралық әдеби байқауының, «Шабыт берген Алматы!» Республикалық мүшәйраның жүлдегері.

ҚР Президентінің, Мемлекеттік стипендиясының иегері. Мектеп жасында Моңғолия Жастар одағының алтын медаль, Моңғолия Пионерлер Одағының «Үздік оқушы» алтын медаль, Моңғолия мемлекеттік көркем акробатика олимпиадасының күміс медаль иегері және Халықаралық қазақ тілі мен әдебиеті байқауының жеңімпазы болған.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan