Елена Әбдіхалықова. Құдай сақтап, мен шенқұмарлықпен, атаққұмарлықпен, араққұмарлықпен ауырмағанмын
Әнді өзі жазып, өзі орындайтын, сол әні адамның жанын тербеп, ішкі әлеміндегі үнсіз жатқан сезімдерді оята алатын өнер иелері музыка тарихында аз емес. Ал енді әнді жазу мен оны орындау бір адамның бойынан табылғанымен, сан мыңдаған тыңдаушының жүрегіне жол табу – мүлде басқа. Олардың ерекшелігі – әнді сырттай бақылап емес, жүрегінен өткізіп жазатындығында. Содан да шығармаларында қолдан жасалған сезім емес, өмірдің өзінен тамыр тартқан шынайылық бар.
Елена Әбдіхалықованың «Есіңе мені алғайсың», «Көздеріңе ғашықпын» сынды әндерін жастайымыздан тыңдап өстік. Бұл әндердегі сағыныш – жай ғана мұң емес, адамның өткеніне, жоғалтқанына, туған жері мен аяулы жандарына деген үзілмес ішкі байланыстан туған. Бәлкім, бұл әндердің жүрегімізге соншалық жақын болуының сыры да автор мен орындаушының тұтастығында шығар. Өйткені Елена өз әндерін орындағанда, дауысындағы әрбір екпін, әр сөзге түсірген салмақ, үнінің табиғилығы шығарманың ішкі қатпарларын ашып, сезімді тереңдете түседі де, тыңдарман әнді ғана емес, сол әнді тудырған жанның жүрек үнін естігендей болады. Мәселен, «Доспен қоштасу» әнінде жеке қайғының терең драматизмге айналғанын сезінесің. Ал «Маңғыстауда» туған жерге деген сағыныш тұтас бір халықтың рухымен, ұлттық жадымен астасып жатыр. Бірі – адам жанының ең нәзік жерін қозғаса, екіншісі – елге, жерге деген сүйіспеншілікті оятады, екеуі де жеке сезімен көтерілі, көпшілікке ортақ рухани құндылыққа айналып отыр. Өнердің құдіреті де осылай бір адамның жүрегінен туған ән өзгелердің де өмірінен орын тауып, әр тыңдаушының өз естелігімен, өз сағынышымен, өз мұңымен астасып кететіндігінде шығар. Сөйтіп ән автордың ғана дүниесі болудан қалып, халықтың рухани жадындағы қымбат қазынаға айналады.
Біз әнді жай әуен ғана емес, адам жанының үні деп түсінетін композитор, ақын, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықованы әңгімеге тартқан едік.
- Сізден сұхбат алам дегелі өзімде бар кітабыңызды қайта ақтарып… «Менің жалғыз жұлдызым» және «Сағыныш-ғұмыр» деген екі атауды жайдан-жай таңдамағаныңыз анық. Кітаптың презентациясында «Егер мені іздеген жан болса, осы екі кітаптан таба алады» деген едіңіз.
Мысалы, «Қырық шырақ – қорғанышы жанымның» деген жолды оқығанда, әйелдің сыртқы қорғанынан бұрын өзінің ішкі рухы туралы айтылғандай. Ойлап қарасаң, өнер адамы сахнада көпшілікке өзін көрсетеді, бірақ шын мәнінде оның ішінде не болып жатқанын ешкім білмейді. Сіз өзіңіз туралы жұрт білмегенін қалайтын бір қырыңызды шығармашылығыңыздың ішінде әдейі жасыратын кезіңіз бола ма?
- Екі кітаптың атауына келсек, «Менің жалғыз жұлдызым» дейтін әнім бар, өлеңін де өзім жазғанмын, «Сағыныш ғұмыр» - өзім жақсы көретін әнім, өлеңі Ерлан Жүністікі, екеуі де менің өзімнің шығармаларым ғой. Kітапқа ат қою, өлеңге ат қою дейтін мен үшін қиын жұмыс, бірақ өлеңдерімнің атауының өзі бір шығарманың, бір кітаптың, бір жинақтың аты бола алатындай деп есептеймін, сол себепті алыстан іздемей-ақ, өзімнің шығармаларымнан атауын, кітаптарымның, шығармашылық кеш-концерттерімнің атауын солай қойып жүрмін. Баяғыда Фариза апам айтып еді, ол кісінің «Шілде» дейтін кітабы жарыққа шыққанда, кітабымның атын қоя алмай, «қалай қойсам болады?» - деп жүрген кезімде Ақселеу Сейдімбек «мына кітаптың іші тұнып тұрған өрт қой, өлеңдеріңнің бәрі өрттей күйіп тұр» сондықтан, «Шілде» деп атау керек» деп ат қойды» деп айтушы еді. Енді қазір жұрт кітап оқи да бермейді, біреудің не жазып жатқанына біреулердің қызығушылығы шамалы, бәріне немқұрайды қарайтын заманға кез келіп тұрмыз, амал жоқ, өз кітабыңның атын өзің қойып, «өз қотырыңды өзің қасып», ары қарай өмір сүруге тура келеді. Иә, кітаптың тұсаукесерінде «мені іздеген жандар болса, осы екі кітаптан таба алады» дегенмін, бірақ кімдер тауып, кімдер қойып жүргенін білмеймін. «Менің жалғыз жұлдызым» дейтін өлеңім өлең тұрғысынан келгенде махаббатқа, сезімге, адамгершілікке арналғанымен, шынында әрбір адамның мына көкте бір жұлдызы болады дейді ғой, ол жұлдызы жүрегіңдегі адамның бейнесі ме, жоқ сенің өмірің бе, сенің тағдырың ба, сенің бақытың ба, оны ешкім осы уақытқа дейін кесіп-пішіп, дөп басып айтпаған. Бірақ қазақ аспаннан бір жұлдыз ақса, «бір адам өмірден өтті» деп айтып жатады, «аққан жұлдыз көрсең, жұлдызым жоғары деп айт», – дейді. Осы тұрғыдан алып қарағанда «Менің жалғыз жұлдызым» – өзімнің өнерім шығар деген оймен осы кітапқа солай ат бердім. Ал енді «Сағыныш-ғұмыр» дейтін бұл – әндерімнің партитуралары мен ноталарының жинағы, бұнда менің барлық шығармам толық қамтылды демеймін, бірақ 40 шақты ән осы кітапқа енді. Соңғы кезде жазған әндерім ішінде өзіме қатты ұнайтын, жанымды тебірентетін, тыңдарманды да бей-жай қалдырмайтын ән – «Сағыныш-ғұмыр», яғни бұл менің сағыныш толы өз ғұмырым, тек қана сағыныш пен аңсаудан тұратын азабым, Сондықтан осылай деп атадым. Енді әйелдің ішкі жан дүниесі жайлы.
Мен мына әйелдер поэзиясы, әдебиеттегі әйелдердің қадамы, қарымы деген сөздерді түсінбеймін. Әдебиет те – өнер, өнер де – өнер, руханият деген жынысқа, нәсілге бөлінбейді деп ойлаймын. Адамға ортақ дүниенің барлығы осы әдебиет пен өнерге ортақ. Әрине, әрбір өнер адамының, жалпы жай қарапайым адамның ішінде өзі ғана білетін бір сыр болады, әркімнің өз тағдыры бар. Ондай тағдыр, ондай сыр менің де басымда бар, ешкімге айтқым келмейтін, тіпті өзіме айтпайтын, құпия дүниелер бар ғой, сол ішімізде тұрады, ішкі күйді жүрегімізден өткіземіз.
Соларды өнерге айналдырып, солардан тағылым, сабақ аламыз. «Жүрегіңді жарып шығар өнер» сол болмақ. Өмірде аңқылдақтау, аңқаулау болғаныммен, шығармашылықта ашық адам емеспін, «жұрттың бәрі мен туралы білсе екен» дейтін жарнама іздейтін де адам емеспін, көпшіліктің ортасынан тек сахнаға шыққанда немесе халықтың арасында жай жүргенде болмаса, көпшілікке онша бара бермейтін адамдар қатарынанмын. Әдейі жасырмаймын, солай туады. Ешқашан ештеңені әдейі істемеймін, жүрегім қалай қалайды, солай жасаймын.

Тыңдарманның талғамы түсіп кетті
- Сіз «не болса соны жазып, жұрттың миын ашыта бергенді жек көремін» дедіңіз. Қазір өнерде жазылған, ұсынылған өнімнің көптігі өнердің өзіне қауіп төндіріп тұрған жоқ па? Музыкадағы «үнсіз қалу» деген де шығармашылық жауапкершілік болуы мүмкін бе?
- Менің сол сөздерімді дұрыс ескерген екенсіз, шынында өзі «шөп те өлең, шөңге де өлең» не болса соны айтып, мәні жоқ, мағынасы жоқ, тіпті логикаға сыймайтын нәрселерді қазір адамдар жаңалық деп есептейтін болды, бұл дұрыс емес. Қазақтың өзінің бір ұстанымы бар, жалпы адамзатқа ортақ ұстанымдарды әрдайым ескеру керек деп ойлаймын. Иә, тереңдік те керек, кеңдік те керек, әдебиетке, өлеңге де, әнге де, бірақ соның барлығы кәдімгі деңгейі бар, дәрежесі бар, адамға ой салатындай дүние болу керек.
Қазір, мысалы, біреу ән жазып немесе біреу өлең жазып, соған «ей мына жері былайлау ғой» дей қалсаңыз, ол адам сенімен жауыға бастайды, «бұл неге олай деген, бұл неге менің жазған шығармама көңілі толмай тұр, неге менің шығармамды бұл кісі сынап тұр?» деген сияқты ойланудың орнына, керісінше «менің осы жазғанымды бұл кісі түсінбей тұр, соған өресі жетпей тұрғандықтан мені сынап тұр» деп , немесе «мені қызғанып тұр» деп, сенімен жауыға бастайтын ұрпақ пайда болды бізде қазір. Бұл өте қауіпті тенденция деп ойлаймын. Өйткені «әннің де естісі бар, есері бар» екенін ескерсек, әрбір шығармаға жауапкершілікпен қарасақ керек-ті. Сондықтан жауапкершілік тұрғысынан «осы мен не жазып жүрмін, не айтып жүрмін, осыным дұрыс па, бұл әдебиетке, өнерге не береді» дейтін сұрақты көп адамдар өзіне қоя бермейтін сияқты. Жауапкершілік керек. Мына бізде қазір мойындау керек, тыңдарманның талғамы өте түсіп кетті, оның себебі не? Мысалы, сіз кішкентай балаға аузына не болса соны тыға берсеңіз, бала қайсысы жақсы екенін, қайсысы жаман екенін ажырата алмайды, бәрін жей береді. Мысалы, «ауру – астан» келетін болса, астың да дұрысы, адалы болады, «мынаны же, мынаны жеме» демесең, бала не болса соны жеп, ол ертең мешел болуы мүмкін, ауруға шалдығуы мүмкін, біздің ұлт та сондай болып бара жатыр. Қазір барлық ақпарат қолжетімді, ешқандай сүзгі жоқ, ешқандай тағылым жоқ, тәрбие жоқ, кім не қалайды, соны тыңдайды, кім не айтқысы келеді, соны айтады, бұл өте қауіпті жағдай деп ойлаймын.
Мұны айтып келе жатқаныма бірнеше жыл болды. Тіпті, биліктегі біршама кісілерге де айттым. Бұның барлығына тоқтау қою керек, яғни бір сүзгі болуы керек. Халыққа есті ән, шын өлең , қисынды шығарма ұсынуымыз керек екенін қанша айтсақ та, бірақ әзір естір құлақ болған жоқ.
- Маған сіздің әндеріңіз бөлек ұнайтын болғандықтан, сұхбатқа да осы жағынан келсем деп едім. Әндеріңізде сағыныш, жалғыздық, мұң өте анық сезіледі. Бірақ бұл әлсіздіктің мұңы емес, ішінде қарсылық, намыс, төзімі бар мұң. Елена Әбдіхалықованың мұңының табиғаты жайлы ойланасың. Және сіз өз әндеріңізді өзіңіз орындағанда ғана оның қатпар-қатпары ашылады деп білесіз. Демек, әннің авторы мен орындаушысы екі бөлек адам емес, біртұтас дүние сияқты. Егер бір күні әніңізді басқа біреу сізден де өзгеше, бірақ өте терең деңгейде орындаса, сіз оған қуана аласыз ба?
- Менің шығармашылығым кешегі қазақтың сал-серілер тобының жалғасы. Өзімді Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Біржан сал сияқты өздерінің әндерін өздері халыққа танылған, қазақтың ақын, әнші-композиторлары деп аталатын шоғырының адамымын деп ойлаймын. Өйткені, мен кәсіби музыкант емеспін, консерватория бітірмегенмін, бірақ мына заманға сай көп музыканы аңғарып, түсіне аламын, шетел музыкасын да талдауға қабілеттімін, керек десеңіз, олардың құрылымын музыка тілімен болмаса да жалпы өзімнің қазақи тіліммен түсіндіріп бере алатын деңгейдемін . Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаеваның маған «сенің өз әніңді өзіңнен артық ешкім орындай алмайды, сен өзің жақсы айтасың» деген сөзін ылғи айтып жүремін. Өзімді асыра мақтағандай болмайын, мендегі артықшылық: менің ән салу мәнерімде қазақылық екпін, қазақы дикция, қазақы мәнер дұрыс жолға қойылғандығында деп ойлаймын. Өйткені мен маған дейінгі қазақи әншілердің барлығын тыңдап өскен қазақпын, екіншіден, әрине менің әнімді менен де асырып жақсы орындайтын мысалы, Жұбаныш Жексенұлы, Дәурен Сейітжанов сынды талантты әншілер бар. Жақында менің Табылды досым туралы Махамбет атындағы Атырау театры бір спектакль қойды, сонда менің «Доспен қоштасу» дейтін әнімді сол жердегі өте талантты Шаһизада Күзембай деген актриса орындап шығыпты. Өте керемет орындаған, мен риза болдым, мен шығарған әндерді жеріне жеткізе шырқай алатын таланттар қазақ даласының қай түпкірінен де табылатынына кәміл сенемін. Тіпті, мына республика деңгейінде әнімді өзінше жақсы үн қосып айта алатын әншілер жетерлік. Бұдан кейін де шыға береді деп ойлаймын. Мәселен, бірнеше жылдар бұрын Қызылордада менің әндерімнен республикалық байқау өткенде байқадым, біраз аймақтардан келген қыз-жігіттер өте жақсы деңгейде орындап шықты. Сол байқауда астаналық Мұратбек Хайролла деген әнші бас бәйге алды. Сонау Атырауда Айбар Ғаниұлы дейтін керемет, өте талантты әнші бар, ол да жақсы орындайды, Оралда Дастан мен Ернар, Маңғыстауда Аида мен Жоламан, жалпы әрбір жақта осындай адамдар бар, әрине, оған қуанамын және өзім әншілердің мүмкіндігін білгеннен кейін, өз әнімді кімдер айта алатынын ажырата аламын. Мысалы, мен өзім әлі көрмеген, бірақ дауысын ғана естіген кейбір әншілер бар, «осы әнімді айтса, сол ғана айта алады» деп іштей ойлап жүрген адамдарым бар, ондай нәрселер шығармашылық адамында көп болады деп ойлаймын.

«Ән айтып, шалқып жүр» деп ойлайды
- Сіз «ән жазуым керек» деп өлең іздемейсіз, өлеңді оқығанда оның ішіңізде бірден ән болып шығатынын да бір жерде айтқансыз. Сол сәтті түсіндіріп бере аласыз ба? Кейде жақсы өлеңге ән жазбай-ақ қойған дұрыс болатын кездер бола ма?
- Мені тақырып деген нәрсе ойландырады. Иә, мен кейде ән жазуым керек еді деп жоспарламасам да, кейде жас ақындарды оқимын, сосын оқып отырған кезде, әнге иіріліп келе қалатын бір шумақтар, сөздер болады. «Ойпырмай, осы өлең ән болып тұрса жақсы ғой» деп қызығатын өлеңдерім жетерлік. Мысалы, мен жоғарыда айтқан «Сағыныш ғұмыр» дейтін Ерлан Жүністің өлеңінің бірінші шумағын оқыдым, екінші шумағын бірден ән қылып айттым, сол сияқты кейде бірден әнмен туа қалады. Баяғыда Ұлықбек Есдәулетов ағам: «әрбір өлең жазған адамның ішінде бір ырғақ болады, біз өлеңге қабілеттіміз де, ырғақты шығаруға қабілетсізбіз, сенің мына «Көздеріңе ғашықпын» дейтін әнің сол менің ішімдегі ырғағым еді, сен дөп тауып тұрсың ғой» деп айтып еді. Сондықтан мен өзім аздап қалам ұстайтын болған соң, ырғақты сезе алатын қабілетім бар ғой деп ойлаймын. Көп әндерім өз өлеңдеріме жазылған ғой.
Мысалы, «Сыр елі», «Қазақ елі» болсын, «Қош дерсің» деген әндерімнің бәрін бірден өлеңімен бірге айтып шығарған, туа салған әндер. Оның қалай шығып жатқанын бір Құдайдың өзі біледі, бірақ ән жазбас бұрын қатты ауырамын, денем, басым, ішкі құрылысым түгел ауырады, қай жерім нақты ауырып тұрғанын білмеймін, дел-сал күй кешем. Түнімен ұйықтай алмай, аласұрамын. Кейде тіпті төсек тартып жатып қалам. Көп ойланамын, кітаптарды ақтарамын, әбден соны жүрегімнен өткіземін, содан кейін барып шығады. Неше күнгі ауырғаным да бірнәрсе жазған соң, сап тыйылады. Былай қарасаң, сау адамның тірлігі емес сияқты. Ал, былайғы жұрт өнер адамының осы күйін түсіне ме? Шығармашылықтың оңай емес екенін кім түсініп, бағалап жатыр? «Ән айтып, шалқып жүр» деп ойлайды ғой. 40 жылдан бері жазған әніміз ел аузында, неше ұрпақ айтып келе жатыр. Ал, құрметтің бәрі, үкіметтің атақ-мансабының бәрі беті жылтыраған, фонограммамен тойдың түк деңгейі жоқ әнін айтқан әншілерге берілетінін көргенде, таң қаласың…

Мен өзімнің атаққұмарлық, шенқұмарлық, араққұмарлық дертіне шалдықпағаныма құдайға мың да бір шүкір етем.
Өлеңнің бәрі бірдей ән болуға тиісті емес. Айталық, Төлеген ағамыздың, өлеңге революция жасаған Жұмекеннің кейбір өлеңдеріне ән жазбай-ақ қоюға болатынына мен келісемін, мысалы, «Бір тойым барға» да ән керек емес, ол өзі бір сондай әдемі, тау басына ілініп, жарқырап тұрған аспандағы ай сияқты дүние ғой, сен айдың үстіне апарып «одан сайын әдемі қыламын» деп орамал жауып, гүл тағып қоя алмайсың ғой, сол сияқты мынау аспанның көгінде жарқырап тұрған дүниеге шынында бір жаман-жәутік, қиқы-жиқы ән жазып қорлаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Баяғы қазақтарды көргендей болдым
- «Маңғыстау» әнін тыңдағанда туған жер туралы әннен гөрі, тұтас бір тарихи кеңістіктің үні естілетіндей. Осы әннің туу тарихын айтып берсеңіз. Маңғыстау сізге қашан және қалай «өз жеріңіздей» болып кетті?
- Маңғыстауды өте жақсы көремін, ол жақта тумасам да, ол жақта өспесем де ең алғаш 1991 жылы барып, бір-екі аптадай аралап жүргенім бар, Бекет атаның басына барып, содан бері Маңғыстау менің өзімнің ауылым сияқты, өзімнің елім сияқты болып кетті. Бір барғаннан кейін Маңғыстау мені тартып тұратын болды. Жыл сайын барып тұрдым, әйтеуір бір шара өтеді, жиын болады, қаншама достарым, жолдастарым, ел бар, халық бар дегендей, жиі барып жүріп, бір жылдары дәм тартпады ма, бармай қалдым.
Ол 1997 жылдары болу керек. Сонда Маңғыстауды қатты сағындым. Ол аймақтың халқын, адамдарын, ешқандай жасандылығы жоқ, өтірігі жоқ, тіпті өсегі де жоқ, тәрбие-тағылымы маған сондай ұнады. Халықтың ниеті, пейілі, ақ жүрегі… баяғы қазақтарды көргендей болдым. Қазір есепсіз, себепсіз, кәдімгі сені жақсы көріп, сыйлап, шынайы әңгіме айтып, шын жүрегімен күліп тұратын адамдарды кездестіру өте қиын ғой. Маңғыстау халқы сол кезде сондай болатын. Содан кейін бір күні, мен ол кезде Қызылордада едім, Оралдан Хатимолла аға келіпті Қызылордаға, ағаны үйге шақырып, шай беріп, әңгімелесіп, Маңғыстау туралы әңгіме болып кетті де Хатақаң адайдың жеті Қайқысының әндерін айтып, Маңғыстаудың әндерінің ерекшелігін айтып халқының, жерінің қасиетін сөз етіп, Досаттың, Қайыптың әндерін әуелетіп, «Босмойынды» «Жадау көкті», «Ақбөбекті» айтып біраз отырып, сол кезде өзімнің қатты сағынғанымды Маңғыстауды, қатты жақсы көретінімді біліп, ертесіне қонақ шығарып салып болғаннан кейін ойыма «Маңғыстау» дейтін ән оралды. Ән оралғаннан кейін әннің бірінші шумағын, қайырмасын өзім шатпақтап жазып, сосын Светқали Нұржанға телефон соғып : Сәке, мен бір ән жаздым, ал енді осының өлеңі мынандай болса, екеуміз доспыз, бірі аға, бірі қарындас, әрі дос, әрі қаламдас, осы бұл жалғанда мәңгі тұрмаймыз ғой, біздің достығымыздың бір ескерткіші болып қалсын» деп ұсыныс айтып, осы өлеңін Светқали жазды. Ертесіне жолдасы Бибіайша маған, «осындай деп жазды ағаң» деп телефонмен оқып берді. Қазір, мінекей, бұның да жарыққа шыққанына қырық жылға жуықтады, әлі халықтың аузынан түскен жоқ, Маңғыстау енді бұл қазақтың бүкіл қасиетін жинаған, өсиетін жинаған, мінез-құлқын жинаған бір жақсы жер ғой, Маңғыстауға барса, адам тазарады, өзінен-өзі жеңілдейді. Әрине, Қазақстанның барлық жері қадірлі, қастерлі ғой, бірақ мен осы Түркістанға барсам, Маңғыстауға барсам, сондай сезімде боламын. Тазарған сияқты, жанымның бір кірі аршылған сияқты, жүрегімнен бір жүк түскен сияқты жағдайға жетемін. Неге екенін өзім де түсінбеймін, сондықтан мен Маңғыстауды бұдан кейін де жырға, әнге қоса беретініме сенімдімін.
Біреу маған «сен» деп бір айқайлаған сияқты болды
- «Доспен қоштасу» әніндегі Табылдының гитарасын құшақтап жылауы, Жайықтың толқыны, қараша қаздың қаңқылы секілді детальдар өте кинематографиялық. Ерлан Жүністің сөзіне жазылған ән де, Сыр елі туралы ән де ұнады. Ән жазғанда алдымен музыка туа ма, әлде көз алдыңызға бір көрініс келіп, содан кейін әуен пайда бола ма?
- Алдымен сөз туады, «ең әуелі сөз болған» деген сияқты сөз бар еді ғой, мысалы мен Маңғыстауды жазған кезде, санамда мынадай сөз пайда болды, «дауылпаз далам менің». Маңғыстау рухы дауылпаз құсап дүркіреп тұрған жоқ па? Сондай дүние пайда болды. Ал енді Табылды Досымов өмірден көшкенін маған Фариза апай телефон соғып айтты, «естідің бе, Лена, Табылды қайтыс болыпты» деп, менің үйімде қонақтар бар еді, содан не істерімді білмей, қонаққа айтарымды да, айтпасымды да білмей, сөйтіп өте қатты қиналған шағымда жүгіріп, ол кезде қазіргідей билетті телефон арқылы алмаймыз, билет сататын агенттіктен ұшаққа билет алмақшы болып, көшені кесіп өтпек едім, бағдаршамның қызыл көзі жанып тұр екен. Көк жанғанын күтіп тұрып, алай-дүлей жан-дүнием, басымда не болып жатқанын білмеймін, сондай есеңгіреген жағдайда тұрғанда кептелістегі машиналар қатты сигнал басты. Сол кезде менің ойыма «сен» деген бір сөз келді, тура жаңа ғана сигналдың тональносімен бірдей, біреу маған «сен» деп бір айқайлаған сияқты болды. Содан нансаңыз, мен сол бір үйдің қасында шамамен 600–700 метр жерде билет алатын агенттік бар еді, соған барам дегенше қайырмасын айтып, «мәңгілікке кеткенің бе, сен» деген сөзді көшедегі көліктердің шуылынан жазып бардым, өйткені жаңағы бір-біріне басқан сигналы маған сондай миыма музыка берді. Тура жаңағы «мәңгілікке кеткенің бе, сен» деп айтылады ғой, сол «сен» деген ана «бип» деген бір машинаның сигналы еді. Бірінші сол сөзді сол жерден алдым, содан билетімді алып келгенше қайырмасын жазып келдім, әнімен қосып айтып келдім үйге. Содан кейін Атырауға барып, жерлеп қайтып келгеннен кейін барып жаңағы шумағын жаздым, оны да бірден студияға, аранжировщик Әсет Масабаевқа келдім де: «мен бір ән жаздым, бірақ ішімде тұр, айта алмай тұрмын әнімді» деймін. Ол болса: «онда сіз мына микрофонға тұрыңыз да айтыңыз, не айтқыңыз келеді, қалай айтқыңыз келеді» деп бірден компьютерін қосты да, мені дыбыс жазатын бөлмеге кіргізіп жіберді. Сол жерде тұрып жаңағы «Жайықтың асау толқыны жасып» деген сөзбенен, әннің шумағын түгел айтып шықтым. Табылдыға арналған дүние болғандықтан, «ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам, гитарамды алып елеусіз бұрышта қалған, бауырыңа басып егіліп жылайсың әлі» дейтін Табылдың өзінің әні бар, соған жауап ретінде «шынымен сондай болды ғой» дегендей, «гитараңды алып бұрышта қалған, бауырыма басып егілемін» дедім. Шын мәнінде сол жоқтау ән-аза жыр деп есептеймін. Сондай дүниелерді киногерлер көріп жатса, әрине, адамның өмірі ғой, барлығы көз алдыңнан бұлбұл ұшып кетіп бара жатыр, арыстай қазақтың азаматы… Менің санама бірінші сөз келеді, сосын жаңағыдай бір әуен келеді, кез келген дыбыстан бір әуен пайда болады миымда, жалпы мен ән жазған кезде бүкіл теледидардың, радионың дыбысын, керек десеңіз ана макбуктағы бір дыбыстардың барлығын қосып қойып жазамын, солардың барлығы жан-жағымнан сөйлеп тұрған кезде ортасынан бір дыбыстар келеді де, соны жазамын. Басқа ешқандай менде құпия жоқ, музыка да туады кейде, кейде сөз көбірек туады, музыка мен сөз кейде бірге туады.
«Реквиемге» кім билеп жүр?
- Сіз үшін ән адамның көңілін көтеру үшін ғана жазылатын дүние емес сияқты. Кей әндеріңіз адамның өткенін еске түсіруі, тіпті ішіндегі жазылмаған жарасын қозғауы мүмкін. Сонда өнердің кейде адамның жанын ауыртуға да құқы болып тұр ғой?
- Жалпы «өнер - адамның көңілін көтеру үшін» дейтін түсінік – өте қате түсінік. Бізде қазір осындай бір қисынға келмейтін пайымдар пайда болды, мысалы, сіз Моцарттың «Реквиемін» алыңыз, ұлы шығарма, әлемнің ұлы классиктерінің шығармаларының барлығы кімнің көңілін көтеріп, кім соған билеп жүр? Бұл өте дұрыс емес түсінік. Осы сөзді тағы да қайталауыма тура келетін шығар, Асқар Сүлейменовтің «Адасқақ» дейтін кітабы бар, сонда Ақанның : «ән дейтін зар» деп айтатыны бар. Жазушының пайымынша: «ән жазған адам мінәжат етпесе де, бес уақыт намаз оқымаса да, садақа бермесе де болады» дегенді меңзейді. Өйткені ән – мінәжат
Әннің өзі мінәжат, бұл да бір Құдайға құлшылықтың бір түрі дейді, ал енді ол Құдайға құлшылық көңіл көтеру үшін болмайды, әрине, егер өнер адамның ішкі сезімін дір еткізіп, санасына әсер ете алмаса, онда оны өнер деп есептемеу керек, жай даңғыраған музыканы қазір музыка деп қарайтын адамдар бар, олай емес, ол қате түсінік, адамның жанын ауыртуға да құқы болып тұр ғой деген сөздің өзі дұрыс емес, мысалы, бір жеріңіз ауырса немесе аяғыңызға тікен кіріп, ауырып тұрса, оны сіз сол тікенді алу арқылы емдейсіз, ол тікен сізге оп-оңай алынбайды, ол ауырып барып алынады, ауыртады, яғни оны аламын десе, қозғаса, тартса, суырса ол ауырады немесе үстінен тілсе ауырады, яғни адамның ішіндегі қайғы-мұң, шердің барлығы ауырып барып шығады, сондықтан бұл жерде бұл сұрақты басқаша қойған дұрыс шығар деп ойлаймын. Өнер, шын өнер адамның жанын ауырту да керек, шын өнер адамның жанын тебіренту де керек, қалғанының бәрі бос сөз, әшейін алдамшы дүние деп есептеймін.
- Бүгін әлеуметтік желіде «ұйқым келмейді» деген сияқты «халық шығармашылығы» (сарказм) бірнеше күнде миллион қаралым жинауы оның көркемдік құндылығын білдірмейді. Сіздіңше қалай, халықтың талғамы музыка арқылы қалыптаса ма, әлде музыка халықтың дайын талғамына қарай өзгере ме?
- Ондай жел сөзді «халық шығармашылығы» деп әспеттеудің қажеті жоқ. Халық шығармашылығы кешегі «Елім-аймен» өлшенсе керек-ті…
Осы күні басқа елдерді білмеймін, бірақ қазақ даласы үшін, қазақ қоғамы үшін бұл өте өзекті және өте қиын мәселе болып тұр. Осындай саны бар да, сапасы жоқ музыкалардан, әннің мәтіндерінен жұрттың құлағы әбден шаршады. Тіпті, зәрезап болды. Мысалы, жаңағы «ұйқым келмейдісі» бар, небір боғауыз сөздері бар, ешқандай поэтикалық критерийге жауап бермейтін әндер жүр, тіпті қазақша-орысша былапыттаған қойыртпақ дүниелер қаптап кетті. Мұның бәріне «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаса, онда халықтың талғамы өше береді. Егер шын зайырлы мемлекет болатын болсақ, шын өзіміздің ұлттық кейпімізді сақтайтын болсақ, шынымен болашаққа үмітіміз болса, осы мәселеде үлкен қозғалыс болу керек деп есептеймін. Бірнеше жиындарда, талай мінберлерде, айтулы телехабарларда осы мәселе менің өз аузымнан айтылды, басқалар да айтып та, жазып та жүр. Сөз қадірін білетін алдыңғы буын аға-апаларымыз да айтып жатыр, бірақ құзырлы ведомство құлақ аспайды. Ән деген ол үлкен саясат екенінен бейхабар, «әнші көп, ән көп, жәй ғана ән ғой» деп мән бермеу – мына біздің биліктегілердің үлкен қателігі және оның зардабын кейінгі болашақ, жастар көреді деп ойлаймын.
Мәселен, осы ән тұрғысынан Оңтүстік Корея болсын, басқа мемлекеттерде арнайы сүзгі қойылған, олардың сапасына, критерийіне, тіпті, сіз әрі қарай бармаңызшы, кешегі Кеңес үкіметінің тұсында да көркемдік кеңес деген болды ғой, әндердің барлығын, Шәмші, Әсет ағаларымыздың өзі әр ән жазған сайын соны дәлелдеп, оның сөзін арнайы кәсіби маман, бүгінгідей көшедегі асабалар емес, кәсіби ақындар жазған. Біз неге, мысалы, Шәмшінің әнін әлі ұмытпаймыз, өйткені олар сол сүзгіден өткен әндер. Біз неге Сейдолла Бәйтерековті ұмытпаймыз, олар да сүзгіден өткен, кәсіби деңгейі жоғары дүниелер. Қазір бүгін бар да, ертең жоқ әндердің заманы болып тұр, оның үстіне мынаның бағыты дұрыс екен, мынауың жөн екен, мынауың кем екен деп жатқан бізде қазір бірде-бір ұйым жоқ, бірде-бір телеарна жоқ, бірнеше мәрте айтылды, мен сияқты шырылдап жүрген бір шамалы адам ғана бар шығармыз деймін, қалғандарына ешкім сөзді тыңдамағаннан кейін бәрібір болып кеткен.
Ал енді осының арнайы ортақ бір базасы жасалып, арнайы сүзгіден кәсіби мамандармен отырып талдап, тек Қазақстанның территориясында бүкіл мемлекеттік бар, мемлекеттік емес арналар бар, тіпті YouTube каналдары бар, бәрін бақылауға алуға болады ғой, солай жасайтын болса, бұл сала біраз тазарар еді, қазір біздің мына өнер әлемі қоқыс жәшігіне айналып кетті. Мені қынжылтатыны да – осы . Бұндай бассыздық халықтың талғамын бұзады, жастардың бағытын бұзады, қазір ән айту мәнері де өзгеріп кетті, әннің мәтіндері не айтып тұрғанын түсінбейсің, не ән екенін түсінбейсің, ондайды көріп өскен, мысалы, бірыңғай быламықты жеп өскен бала қазы-қартаңның қадірін қайдан біледі? Білмейді ешқашан! Бізге сондай ұрпақ келе жатыр, ал енді ән де, өлең де бұл рухани азық, ол азықтың адал, дұрыс болғаны әрқашан керек.
- Бір сұхбатыңызда «Әні мен өлеңі бұзылған елдің сана-сезімі мен түйсік-танымы да бұзылады» деген пікір айттыңыз. Дегенмен бүгінгі музыкалық ортада сізді қуантатын, үміттендіретін қандай да бір жаңалықтар бар шығар? Біз кейде жоғалған құндылықтарды айтып отырып, жаңадан туып жатқан жақсы дүниелерді байқамай қалмаймыз ба?
- Әрине, қуантатын, былай өзін тыңдатуға мәжбүрлейтін өнерлі жастар өте көп. Біздің жастар өнерлі, қабілетті, бар кінә қазақ тілін дұрыс меңгермегендігінде болып тұр. Мысалы, жұрттың бәрі Димаш секілді тілдің де, сөздің де қадір-қасиетін түсінуге дәрежелері келмейді ғой. Мені Димаштың өнері қуантады. Кейінгі шығып жүрген біраз жастардың өнері қуантады, кейбір жақсы ән жазып жүрген де жастар бар, бірақ олар өте аз. Біздің елімізде бұған немқұрайлы қарамау керек, кейінгі ұрпақтың әнге, өлеңге сана-сезімін қалыптастыру үшін осы мәселені мықтап қолға алу керек деп есептеймін.

- Әдеби жиындарда кездесіп, тыңдап жүреміз, «Фариза апам, Әбіш ағам» деп ол кісілерді құрметпен еске алып жүресіз. Естеліктеріңіз де көп екені анық. Осы екі тұлғадан өзіңізге сіңіп кеткен, былайша айтқанда жұққан бір мінез, қасиет бар ма?
- Иә, мен Фариза апам мен Әбіш ағам туралы әрдайым айтып отырамын, тек қана халықтың алды емес, үйде де, оттың басында да, дастарқан басында да біз күніге ол кісілердің аты-жөнін, сөзін, шығармасын күніге төрт-бес рет айтатын шығармыз. Өйткені мен өзім көзім көрген нағыз ұлы адамдар сол екеуі-тұғын. Ол кісілерден көп қасиет, көп жақсылық, көп бір көрегендік көрдім. Солардың ішіндегі бір жұққан қасиеті – ешкімді алаламайтындықтары. Осы жұрттар «анау жерлесім, мынау туысым, мынау руласым» деп әлдеқандай болып жүреді, мысалы, маған бәрібір, есі дұрыс адам болса, есі дұрыс қазақ болса, тіпті ұлтына да қарамаймын, мысалы, маған орыс та келеді, кәріс те келеді, шетелдік те келеді, ешқандай ешкімді алалап көрген емеспін. Анау Өскеменде Родион Немцев дейтін бір балам бар, орыс, «вы мой кумир» деп менің әнімді айтады, телефонмен хабарласады, мерекеде құттықтайды, арасында бал жібереді, Астанаға келсе, арнайы соғып, сәлем береді. Ол менің ешкімім емес қой, бірақ сондай менің өнерімді сыйлағаннан кейін, өзінен-өзі сол жігіт менің бірнеше концерттеріме қатысты. Маған оның адамгершілігі ұнайды, ән салған стилі ұнайды, орыс болса да, менің шығармашылығыма тәнті болған адамдар шетелде де бар. Сондықтан осы мінез маған Әбіш аға мен Фариза апайдан жұқты ғой деп ойлаймын. Ал енді бұл кісілерді айтсам, көп нәрсе айта аламын, біршама мақалалар жазғанмын, болашақта да әлі талай жазыла берері һақ.
- Жақында «Шабыт берген Алматы» байқауында өлеңіңіз жүлдегер болды. Сіз өзіңізді ең алдымен сазгер ретінде таныған жұртқа ақындық қырыңыздың да бар екенін дәлелдегіңіз келді ме, әлде бұл өлең өздігінен туған дүние ме? Және сіз «соған жіберген өлеңімнен гөрі әнім мықты еді» дедіңіз «Синтез» театрында болғанда. Негізі өлең жазу мен ән жазудың екеуінде де адам өзінің ішкі сырын ашады ғой, қайсысында өзіңізді көбірек «жалаңаш» сезінесіз?
- Иә, енді жалпы мені көпшілігі ән шығарады және оны орындаушы деп қана біледі, мен негізі ақынмын ғой, бірақ сол ақындығымды көп дәріптемейді екем, оны соңғы кезде біраз адамдар айта бастады, «сен неге өлеңдеріңді халықтың алдына шығып оқымайсың, сені тек әнші-композитор деп қана біліп қалды халық, бірақ сен ақынсың ғой, өлеңдерің қандай әнге жазған, текстерің қандай» деп, маған осындай сөзді кейінгі буын да, алдағы буын да айта бастады. Ол – бір. Екіншіден, мен осы Алматыны өзім өте қатты жақсы көретін ем. Көптен Алматының шараларына қатыспай кетіп едім, сол бір жағы ортада жүрейін, екінші жағы осыдан бір бақ сынап көрейін дегенім еді, әрине, ақын екенімді әлдеқашан дәлелдеп қойдым деп ойлаймын, өйткені бұған дейін де бірнеше рет халықаралық мүшәйралардан жүлдегер болғанымды жұрт хабардар шығар. Иә, мен сөйтіп айтқаным рас, шын мәнінде жақсы ән жазған болатынмын, бірақ енді менің әнімді жюрилерге тыңдауға да кіргізбеген сияқты, бұл осындай конкурсты ұйымдастырушылардың өздерінің ішкі бір мәдениеттеріне байланысты ғой. Бізде қазір көптеген конкурстар «бармақ басты, көз қысты», Мәке, Сәкенің ыңғайына кетіп қала беретін сияқты көрінеді маған. Ол бір жағы ұйымдастырушылардан ьөлек, қазылар алқасының да өздерінің деңгейлеріне тікелей байланысты. Бұл жерде ән тұрғысынан айтып отырмын, қазір мәселен, әнді бір шумағы мен қайырмасын тыңдап қоя салу деген дұрыс емес, әнді тыңдағанда оның кульминациясы бар, оның орындалуы бар, оның аранжировкасы бар, соның барлығына баға берілу керек, сол тұрғыдан келген кезде «біз асығыс болдық, үйттік, бүйттік» деп, немқұрайлы қарау, өнерге құрметсіздік деп бағалаймын. Ал, конкурсант шағарманы жазу үшін біраз еңбектенеді, оның аранжировкасына қаншама ақша салды, оған неше күн барды, бірнеше адамға тәуелді болып жұмыс істеді, осындай мәселелер ескеріле бермейді. Бұл әнге байланысты айтып отырған дүние. Енді өлең, әрине, өлеңді жібересің, өздері оқиды, талқылайды, қояды ғой, өлең поэзия, басқа. Мен бұны әнге қатысты айтып отырмын, әнімнің жақсы ән екенін білемін, әнім бір жай әшейін ән еді деп отырғаным жоқ, өз әніме өзім өте қатты сынмен қараймын, сол себепті, «өлеңімнен әнім мықтылау» деп айтқаным еді.
Жаннаны жоғалтып алғаныма жүрегім шыдаса, ол туралы жан сырымды алдағы уақытта жазсам деймін…
- Ел жақсы ақынымен, Жанна қызымен қоштасып жатыр. Менің естігенім – елден саяқ жүретін Жанна ақын сізбен байланыста болған екен. Ол кісі не айтатын еді, сізге ашылушы ма еді? Ақын табиғаты, өлеңі жөнінде не айтар едіңіз?
-Иә, Жанна Елеусіз өмірде елеусіз болғанымен, өлеңде елеулі , шын ақын еді.
Жаннамен таныстығым 1987 жылдан басталған. Сол жылы мектеп бітіріп, алып-ұшып Алматыға ҚазМҰУ-дің журналистика факультетіне құжат тапсыруға барып, сол жерде таныстым. Екеуміз КазГУ-дің 5- жатақханасының 305 -бөлмесінде 32 күн бірге тұрдық. Түсу емтиханына бірге дайындалдық. 1986 жылы желтоқсан оқиғасынан соң, небәрі 6 ай ғана өткен 1987 жылдың жаз айы оңтүстік аймақтың балаларына жылы қарамаған уақыт еді. Желтоқсан оқиғасынан кейін, сол кездегі Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облысынан шыққан балалардың Алматыдағы жоғары оқу орындарына түсуін шектеу туралы Колбин үкіметінің жарлығы болды. Менің де құжат тапсырарда алғашқы естіген сөзім: «Қызылордадансың ба? Құжат тапсырмай-ақ қой, бәрібір түспейсің!» еді. Арман деген кеудемізге сыймай тұрған кез еді ғой, сонда да құжат тапсырдым, қолымда аудандық, республикалық басылымдарға шыққан буда-буда мақалаларым бар. Бар -жоғы 25 орынға 100 ге тарта талапкер болыпты. Ең бірінші шығармашылық байқаудан солардың ішінде 5 бала ғана «5» деген баға алыппыз. Оның бірі – мен, бірі – Жанна. Әйтеуір, есебін тауып, екінші емтиханнан құлатты да, мен елге қайттым. Жанна сонда 17 жасында керемет өлеңдер жазып келіпті. Нағыз ақын еді. Мен ән салам, ол өлең оқиды. Достығымыз осылай басталды. Мен құлап қалғаннан кейін, құжаттарымды сырттай бөлімге тапсыртқан да, вокзалда тұрып: «КазГУ-де сендей адам оқуы керек. Алматының төрінде жүруің керек, Қалайда қайтып кел! –деп маған үміт артқан да осы Жанна еді. Аққұба, сыңғырлаған күлкісі бар, өте сауатты һәм салауатты жан болатын. Мінезі өте ашық, ақжарқын, әділетсіздікке төзбейтін жан еді. Кейіннен әркім өз өмірі, өз соқпағына түсіп, жөнелдік. Аракідік хабарласып, мен Ақтөбеге барсам, жолығып, ол Астанаға келсе хабарласып жүрдік.
Соңғы 2-3 жыл хабарсыз қалдық. Ол дулы ортаны, жасандылықты, халтураны жаны сүймеді. Мына ырду-дырдудан өзін сақтады. Өлеңімен, өз әлемімен өмір сүрді. Өкініштісі сол, біздің елде билік тарапынан таланты бар адамдарды іздеу, қамқорлау деген әлдеқашан өлді ғой. Жанна ешкімге жағдай айтып, алдына бармады, адам салып атақ алып, жасанды абырой жинамады. Барлық болмысын өлеңде қалдырды деп ойлаймын. Өте өкінішті…. Екеуміз бір жылғы едік. Ол менен тура 7 ай кішілігі бар-тын. … Жаннаны жоғалтып алғаныма жүрегім шыдаса, ол туралы жан сырымды алдағы уақытта жазсам деймін.. Қазақ Жанна Елеусіз атты ұлы ақынан айрылды… соны түсіне ме екен мына шуылдақтар…
- Әңгімеңізге рахмет.
(Фотосуреттер Елена Әбдіхалықованың жеке архивінен)

