Шәмші Қалдаяқов
1930 жылдың 15 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында ата-анасының зарыға күткен перзенті дүниеге келді. Әкесі Қалдаяқ (шын аты - Әнәпия) ұл туса Жәмшид патшаның атын қоям деп жүргенде түс көреді. Түсінде ұлының айдын көлде аққу құс болып жүзіп жүргенін көріп, жақсыға жориды.
Созақтың той-думанының көркі де Қалдаяқ пен Сақыпжамал еді. Олар әуелетіп ән салғанда жиылған жұрт бірге қосылып, ортақ қуаныштың көрігін қыздыратын. Өз кезінде Шәді төренің ұстаханасы болған жерде Қалдаяқ ауыл шаруашылығына қажет құрал-саймандарды жасап, шеберлігімен ауылдастарының сый-құрметіне бөленген жан еді.
Сөйтіп, айы-күні жетіп Сақыпжамал босанып, сәби жарық дүниеге келіп есімін Жәмшит қояды.
Бала анасының әлдиін тыңдамаса ұйықтамайды. Анасы Естайдың «Қорланын» ыңылдап айтып отырып тербеткеннен бе, Шәмшінің өмір бойы сүйіп айтатын әні «Қорлан» болыпты...
Шәмші мектеп жасында әкесінің домбырасын ұстап, сырнайын тартып жүрді. Ауылға келген сыган жігітінен мандолина сатып алды.
Бала кезінен әкесінің әперген патифонынан Күләш Байсейітованың жүрек толқытып, сезім тербейтін күміс дауысын тыңдап, жаны жадырады. Қолына мандолинасын алып сол әуенге ілесті. Естіген сайын бойы балқыды. Сөйтіп, Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнін мектеппен қоштасу кешінде мандолинамен орындап, ауылдастарының алдында мерейі өсті.
Шәмші бірден өнер жолына түскен жоқ. Әуелі Қапланбектегі зооветтехникумды бітірсе, кейін Сахалиндегі әскери училищені, елге келген соң Ташкент қаласындағы Хамза Ниязи атындағы музыка училищесін, содан соң Қазақтың Құрманғазы атындағы консерваториясының композиторлар дайындайтын факультетінде оқыған. Әлдебір себептермен Шәмші диплом ала алмай қалғандықтан өмірінің соңына дейін әуесқой сазгерлер қатарында жүрді.
Осы орайда белгілі өнер зерттеушісі, композитор Илья Жақановтың Шәмші жайлы ойын ортаға салсақ:
«1957 жылдың қоңыр күзі әлі есімде. Опера театрының үстіңгі этажында композиторлардың музыка тыңдайтын кеші өтетін, сонда Әбілахат Еспаевқа жолықтым. Қағылез келген бір жігіт «Қыз сағынышы» әнін айтып тұр екен.
Орта бойлы, көзі нұрлы, сөзінде жинақылық бар жігіт екен. Әбілахат: «Әнебір жерін сәл көтерсең қайтеді?» - деді.
Қағылез жігіт: «Ол жерін көтерсем татаршаға ұқсап кете ме деп қорқам», - деп, өз ойын айтты. Сол жерде біз таныстық. Бұл Шәмші Қалдаяқов еді. Ол кезде мен Шәмшінің не жазып, не қойғанын білмеймін. Шәмшінің әндерін тыңдағанда Сыдық Мұхамеджанов, Садық Кәрімбаев, Әбілахат Еспаевтың әндерінен өзгеше бір сазды, шуақты ғажайып әнге кез болдым. Шәмші әнді еркін жазады. Мен Шәмшінің бойындағы импровизаторлық қасиетке таңғалдым. Шәмші ағыл-тегіл, бұл әуенге ие бола алмайды. Менің шығарған әндерімді Шәмші ойнағанда менің қиялымды байытып отыратын».
Шәмші Қалдаяқов Ташкентте оқып жүрген кезінде ән сапарымен Жамал Омарова келеді. Шәмші ол кісіге арнайы жолығып, сүйікті апайына ән шығарып жүргенін, консерваторияға түскісі келгенін айтады. «Жақсыдан шарапат» дегендей, Жамал апай болашақ композитордың үлкен өнер жолына түсуіне септігін тигізеді. Бұл 1956 жылдың маусым айы еді. Кейін Шәмшінің «Қайықта» алғаш Жамал орындады.
Шәмшінің музыка мамандары «вальстің королі» деп те атаған. Ол кезде вальс ырғағымен жазылған әндер аз болса, өнердің осы түріне ерекше ден қойған да Шәмші ағамыз еді. Енді осы жайлы композитордың алтын қорымызда сақталған естелегі былайша сыр шертеді:
«Біздер жас кезімізде вальсті билейтін едік. Танго, факстроттарды билейтін едік. Ташкентте оқып жүргенде «Мен Алматыға барып оқуға түссем вальс мәселесін қатырып жазар едім» дейтінмін. Бұрын Латиф Хамидидің «Қазақ вальсін» деген бір ғана вальсі бар еді. Қалған вальстерді мен жаздым ғой деймін».
Шәмші ағамыз әннің халықтық әуеннен нәр алғандығы жайлы ойын одан әрі жалғастырсын:
«Сабырхан болса да, қай-қайсымыз болсақ та, біздер ауылдан шыққан композиторлармыз. Сондықтан да біздің әндеріміз ауылдағы халықтың айтып жүрген әндерінен нәр алған халықтың әндерімен суарылған деп түсінуіміз керек».
Шәмші ән шығармаса әлденені жоғалтып алғандай күйге түсетін. Үнемі ызыңдап әуен іздейтін, әннің өзі шабытты шақта ғана туатыны белгілі. Бір күні Шәмші ой құшағында асыға басып ұстазы Латиф Хамидиге келеді.
«Өзім таңмын, аға! Маған ғашықтық сезімді жырлайтын бір тамаша ән келіп тұр, ғажап әуен!» - дейді қуанышын жасыра алмай . Ұстазы әнді тыңдап көріп еді, самалдай жұмсақ, назды да сазды ән жүректі еріксіз тебірентті:
«Бұл әннің бағын ашатын тек Роза Бағланова», - деді ол.
Шәмші: «Мен әнді «Ақмаңдайлым» дегім келеді. Енді сөзін іздеу керек», - деді дегбірсізденіп. Бұл аптаның ішінде Мұзафар ағамыз өлеңін жазып, оны Роза радиодан орындағанда тыңдаушы бірден үйреніп алып, ауыздан-ауызға тез тарап кетті.
Шәмші әуелі әуенін шығарып, өз ойын түсіндіріп, бірқалыпқа түсіріп ақынға өлең шығаратын. Осы жайлы алтын қорымызда сақталған Сабырхан Асанның ойына кезек берсек:
«Менің бір айта кететін нәрсем, кейде бұл кісі сары майдай сақтап, «осыны сен жазшы» деп бір тақырыпты алып келеді. Соңғы кезде денсаулығына қарай елде жүрді ғой. Жамбыл жақта жүрді. «Осыны сен жазшы!» - дейтін. Соны мен әлім келгенше жазып беретінмін. Бір рет қана денсаулығыма байланысты «Дүнген қызы» деген әнге сөз жаза алмадым. Тілегін қайтарған емеспін».
«Аңшыны аңшы алыстан таниды» демекші, Шәмші ағамыздың тұстасы, өнер әлеміне бірдей құлаш сермеген Қазақстанның халық әртісі Мыңжасар Маңғытаев Шәмшінің шығармашылығы, адамгершілігі жайлы көзі тірісінде айтып кетіп еді:
«Мен ойладым, Шәкен өлместің адамы, өйткені із қалдырған азамат. Тірі адам ешуақытта жанында жүрген адамды өз деңгейінде бағалай алмайды. Өкінетін жағдайым Шәкең ерте кетті. Ол жиырмасыншы ғасырдың серісі еді. Бұл азамат күншіл емес еді. Өсек айтпайтын, ешкім туралы қызғаныш айтпайтын. Бір кездесуде Шәкеңнен әңгіме естідім: - Сізге неге атақ бермеді, дер кезінде?»- дегенде, «Халқым-ау, менің алдымда Әблахат тұр ғой»,- деді. Сонда мен бұл кісінің бойындағы адамгершілік қасиетті сезінген едім».
Шәмшінің лирикалық әндері тыңдаушы жүрегіне нәзік сезім ұялатып, өткенін аңсатып, келешекке үмітпен қарауға көп септігін тигізді. Осы жайлы Шәмшінің ойын ортаға салсақ:
«Қазақ халқы - батыр халық және лирик халық, жүрегі толған лирика. Көптеген әндеріміз сезімге, махаббатқа толы. Махаббат деген қыз бен жігіттің арасындағы махаббат емес, кең тұрғыда іске қосылып отырған құбылыс деп түсінем өзім. Махаббат деген Отанды, елді, жерді, отбасын сүю. Осы да тақырыпқа сияды деп санаймын. Менің әндерім ел мен жерге, Отанға деген сүйіспеншіліктен туған.»....
Шәмші іссапармен Қазақстанның әр облысында болып халқымен қауышты. Жайыққа барғанда «Ақерке Ақжайық», Сырға барса «Сыр сұлуы», Арысқа барса «Арыс жағасында», Жамбылға барса «Мойынқұмда» сынды тақырыптық әндерді шығарған. Ал Шәкеңнің патриоттық әндері қаншама!?..
Осы жайлы Шәкеңнің өз кезінде: «Менің Қазақстаным» әнін алпысыншы жылдардың басында жаздым. Қазақ жері өлке болып бөлініп жатқан. Бір жағы сол саясатты қолдамағаным шығар деймін. Сол кезде отыздар шамасында едім. «Менің Қазақстанымды неге бөлесіңдер?» - деген мағынада шығарғам. Бұл менің отансүйгіштік әндерімнің ең алғашқысы. Астын сызып жазған әндерімнің бірі еді. Оны Жамал Омароваға үйретіп едім, тез үйреніп күнде радиодан айтып тұратын болды».
Шәмші атақ-даңқ қуып, есік тоздырмаған адам. Тумысынан қарапайым да қажырлы, аса еңбекқор жанды қай ауылға барса да құшақ жая қарсы алды. Одан асқан бақыт бар ма?
Ол кісінің өз ұстазы Василий Великанов «біздің Шәмші полифониялық көп дауысты әндердің шебері» деуші еді. Оның «Шынарым», «Арыс жағасында», «Ол жалғыз, біз екеуміз» әндері қос дауысқа арналып жазылған.
Шәмші Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Нұтфолла Шәкенов, Қадыр Мырзалиев және Сабырхан Асанов сынды ақындармен бірге шығармашылық байланыста болды. Өмірінің соңғы кезінде біраз уақыт елде тұрды. Тұрмыс тауқыметін көрді. Ол атақтылар қатарында дүниенің молшылығын көріп, зор құрметке ие бола алмады. Қайта қарапайым халықпен терезесі тең, қоян-қолтық араласып адами қасиетімен өмір сүрді.
Шәкеңе атақ та тым кеш келді. Ол өмірінің соңғы айларында Қазақстанның халық әртісі деген атаққа ие болды.
Шәмші Қалдаяқовтың көптеген әндері Роза Бағланова, Ришад Абдуллин, Бибігүл Төлегенова, Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева сынды әншілердің ән бағдарламасынан берік орын алды. Шәмші 1965 жылы Республика жастар сыйлығының лауреаты болды. 1991 жылы Шәмші Қалдаяқов жайлы «Жылдарым менің, жырларым менің» (реж. Т.Ахметов) атты ғұмырнамалық деректі телефильм түсірілді. Артына музыкалық мол мұра қалдырған Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы 29 ақпанда Алматы қаласында қайтыс болды.
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай» деп жыр жолында айтылғандай, алтынымызды дер кезінде тани алмай өткеннен соң аяулы болып, алтын сөзімізді қиып жататынымыз рас.
Шәмші Қалдаяқов жайлы жазушы Құттыбек Баяндин «Ән-ғұмыр» деген естелік кітап жазды.
2002 жылы «Шәмшіғұмыр» атты естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді.
1992 жылдан бастап Шәмші Қалдаяқов атындағы небір ән байқаулары өтіп, Шәмшінің рухын асқақтатып жатырмыз. Шымкент қаласындағы облыстық филармония, Шымкентте, Алматы қалаларында көше аты, Шәуілдірдегі аудандық музыка мектебі Шәмші Қалдаяқовтың есімімен аталады. Шымкент филормониясының алдына сазгердің ескерткіші орнатылған. Ең бастысы - Шәмшінің «Қазақстаным» әні гимнге айналды. Ендігі жерде вальс патшасы атанған Шәмшінің қолжазба түрінде қалған ән-романстарын жинақ етіп шығарып, Қазақ радиосындағы әсем әндерін, дискі, кассета арқылы толық шығарып, халыққа ұсынсақ, Шәмші әні ескірмейтін халық әндерімен пара-пар, халықтық әуенге айналған құндылығымен ерекше. Шәмші әндері келер ғасырға өзінің мәнімен, әсерімен жетіп, жыл өткен сайын жаңғырта берері сөзсіз.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты,
Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі
Алтын Иманбаева
Көп оқылғандар
Маржан Ершу. Пишта
Жадыра Шамұратова. Жеңеше
Өмірзақ Қажымғалиұлы. Сергу
Ақжан Аманжол. Біз неге жаздық тағдырсыз өлең...
Франц Кафка. Кезқұйрық
«Ауылым» әнінің авторы өмірден озды
Көкбөрі Мүбарак. Ырғақпен сөйлеген ақын
Әбіш Кекілбаевтың «Дәурен кешкен» жыр жинағы жарық көрді
Жақсының көзі. Салтанат Мұстафина. Б.Майлиннің шөбересі
Таулықтың жары (авар ертегісі)
Юй Хуа. Соқыр ішек
Эрих Фромм "Еркіндіктен қашу"
Абай университетіндегі «Латын» ғылыми-практикалық зертханасы
Сауытбек Абдрахманов. Құран және Пушкин
Жексенбай Қайыпұлы. Дүниені бағамдасаң биіктен...
Екеудің Эмиль Чоран жайлы әңгімесі
Қос шынар
«Менің бақытым алған атақтарым мен марапаттарымда емес...»
Гүлжамал Майлина. Аяулы жолдас, адал жар
Бір күні бәріміз оянармыз
Айбек Оралхан. Менің хан апам...
Сен маған керексің
Ләйлі Құндақбайдың «Сәруар сарын» жинағы жарық көрді
Талапбек Тынысбек. Шығыстың қоңыр аюы...
Жасанды интеллект және әдебиет
Жақсының көзі. Дәнел Әлкейқызы Марғұлан
Қуандық Түменбей. Социалистік бәсеке