Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Толғау

Толғау - қазақ, қарақалпақ, ноғай халықтарының ауызша поэзиясында кең тараған жанр. Толғау тектес сөз үлгілерін қырғыздар "санатна-сыятырлар", құмықтар "ойлу йырлар", башқұрттар "қобайыр" деп атайды. Ноғай мен құмық әдебиетінде ерлік толғауы мағынасында қолданылады. Толғаудың жанр ретінде қалыптасуы аталған халықтар әлі бөлініп үлгермеген 13 - 14 ғасырларға сәйкес келеді. 15 - 19 ғасырлардағы қазақ поэзиясында ерекше өркендеп, өзінің жоғары даму сатысына жетті. Толғау тарихы жыраулық поэзияға тікелей қатысты. Көрнекті өкілдері Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар, Дулат, Махамбет, Базар, т. б. Генетикалык жағынан магиялық функциясы болғаны байкалады. Хандык дәуірде аса зор идеологиялық мәнге ие болды. Толғауда терең азаматтық әуен, ірі қоғамдық, әлеуметтік, саяси философиялық тақырып ерекше орын алады. Негізгі бейнелеу тәсілі - дидактика. Толғауда кейде күрделі, көлемді лирикалық туынды, тіпті сюжетсіз поэма дерліктей сипат алады. Құрылысы тирада пішінді, буын саны аралас, кейінгі даму кезеңдерінде өзгеріске ұшырап, біртіндеп тұрақталған. Толғау ауызша дамып, біздің заманымызға ауызша жетті. Бір мақам мен музыкалық аспаптың сүйемелдеуінде орындалады.

Көп оқылғандар