Абай атындағы мемлекеттік сыйлық неге берілмеді?

Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық. Осының аражігін ажыратып алған дұрыс. Атақты біреуге ұнау немесе жағу үшін, ренжіп қалмасын деген себеппен беретін болсақ, өнер одан дамымайды, бұл атақтың мәртебесі артпайды.

168

Абай атындағы мемлекеттік сыйлық неге берілмеді? - adebiportal.kz

Биыл Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық ешкімге берілмейтін болды. Комиссия мүшелері конкурсқа ұсынылған шығармалардың ешқайсысына қатысты ортақ шешімге келе алмаған. Осыған байланысты комиссия төрағасы, вице-президент Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында шешімнің себептерін түсіндірді.

31 қазанда Ерлан Қариннің төрағалығымен Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы өткені белгілі болды. Жиында әдебиет, театр, музыка және бейнелеу өнері салалары бойынша конкурстың екінші кезеңіне өткен жеті жұмыс қаралған. Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев ұсынылған туындылардың қоғамдық талқылау қорытындысы туралы баяндама жасап, дауыс беру нәтижесінде комиссия мүшелері үміткерлер ұсынған туындылардың ешқайсысына қатысты ортақ келісімге келе алмаған.

Комиссия төрағасы Ерлан Қарин конкурсқа қатысқан қаламгерлер мен өнер өкілдерінің еңбегін құрметтейтінін, алайда мемлекеттік сыйлық белгілі бір тұлғаның еңбегі мен беделіне емес, нақты шығарманың көркемдік және шығармашылық құндылығына берілуі керек екенін айтты.

«Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық. Осының аражігін ажыратып алған дұрыс. Атақты біреуге ұнау немесе жағу үшін, ренжіп қалмасын деген себеппен беретін болсақ, өнер одан дамымайды, бұл атақтың мәртебесі артпайды», – деп жазды ол.

Вице-президенттің түсіндіруінше, ұсынылған шығармалардың барлығы дауысқа салынғанымен, бірде-бір жұмыс комиссия мүшелерінің айқын басым дауысына ие болмаған. Керісінше, туындыларды қолдамағандар мен қалыс қалғандардың үлесі басым болған.

Ерлан Қарин мұндай жағдайдың мемлекеттік марапаттар тәжірибесінде бұрын да кездескенін еске салды. Мәселен, 2023 жылы гуманитарлық ғылымдар саласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлық лайықты жұмыстардың болмауына байланысты берілмеген.

Сонымен қатар комиссия төрағасы Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты тағайындау жүйесін түбегейлі қайта қарау қажеттігін көтерді. Оның пікірінше, сыйлықтың талаптары мен ережелерін ғана емес, мазмұны мен сипатын да заман талабына сай өзгерту керек.

«Әлемдегі ең беделді Нобель сыйлығы 50 не 70 жасқа толғаны үшін емес, жаңалық пен жаңашылдық үшін беріледі», – деген Ерлан Қарин Абай атындағы сыйлықты үміткердің мерейтойына, материалдық жағдайына немесе өзге де жеке себептерге байланысты тағайындауды дұрыс емес деп санайтынын жеткізді.

Осыған орай мемлекеттік сыйлықтың тәртібі мен ережесіне елеулі өзгерістер енгізілмек. Комиссия отырысында да шығармаларды бағалау өлшемдерін қайта қарау, сараптамалық сүйемелдеу тетіктерін жетілдіру және конкурстық іріктеу рәсімдерін жүйелеу жөнінде ұсыныстар айтылған.

Айта кетейік, 2000 жылдардан бері Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты 60-қа жуық адам иеленген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен сыйлық иегерлеріне берілетін ақшалай марапат көлемі де ұлғайтылған. Демек, алдағы уақытта Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатын шығармаларға қойылатын талап та күшеймек. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – марапаттың беделін арттырып, оған ұсынылатын туындылардың көркемдік және шығармашылық деңгейіне басымдық беру.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan