Азаттықтың төл перзенттері: жаңа буынның әдеби үні
1991 жылдан кейін дүниеге келген буын – азаттықтың ақ таңымен бірге түлеген, тәуелсіз елдің рухани кеңістігінде қалыптасқан ұрпақ. Олар еркіндікті аңсап емес, оның қадірін түйсініп өсті. Бүгінде сол буынның өкілдері сөз өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп келеді. Тәуелсіздік олардың шығармашылығында қалай көрініс табады? Азат елде өскен ұрпақтың әдеби мұраты мен азаматтық үні қандай? Еліміздің тәуелсіздік кезеңін бір көркем образбен сипаттау керек болса, қандай бейнені таңдар едіңіз? Осы сынды сауалдарды тәуелсіздік жылдары туған ақын-жазушыларға қойып, жаңа буынның әдебиетке әкелген жаңалығы мен көзқарасын бағамдап көрдік.

Айдын Байыс
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
«Құланиек» және «Алтын қазық» кітаптарының авторы.

Айзада Рахымжанова
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің 2025 жылғы лауреаты. Мәдениет саласындағы Мемлекеттік стипендия иегері. «Сарыарқаның жаңбыры» атты жыр жинағының авторы.

Дәурен Тілеухан
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Шабыт» халықаралық фестивалінің Гран-При иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. «Сағыныш сыбыры», «Нәзік түндегі ноктюрн» кітаптарының авторы
Сіз тәуелсіз елде дүниеге келген, азат елдің еркін ойлы ұрпағысыз. Егемендік дәуірінде қалыптасқан қаламгер ретінде «Тәуелсіздік» ұғымы шығармашылығыңызда қалай көрініс табады?
Айдын Байыс: «Еркін ойлы» деген тіркесіңіз ұнап отыр. Дұрыс айтып отырсыз. Бір ғана мысал келтірейін. Тәуелсіздік таңы атқан соң, өмірге келген ұрпақ образбен айтқанда, бетінен қақпай өсірген бала сияқты. Бұл бетімен кету деген сөз емес, әрине. Булығып өскен баланың жанында бұла боп өскен бала әлдеқайда батыл, ашық болмай ма?! Тәуба Құдай, жазуға отырғанда жалтақтамаймыз. Еркін ойдың «ойқастайтын» жері де осы тұс.
Айзада Рахымжанова: Егемендіктің ең қастерлі сыйы – еркіндік қой. Ой еркіндігі, цензурадан ада шығармашылық. Азаттықтың алтын таңы атқалы тұтас мемелекетіміз ғана емес, әрбір отандасымыз өз алдына дербес шешім қабылдай алу мүмкіндігін иеленді. Осы таңдау еркіндігі ең алдымен өнерде айқын көрінгені анық. Аяқтан тұсау, тілде бұғау болмаған соң, төл мәдениетіміз бен тарихымызды, руханиятымызды жатқа жалтақтамай жаза алып жатырмыз. Дәл осы тұста көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлiнің: «Бiздiң тарих бұл да бiр қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бiрақ-тағы!» деген өлең жолдары еріксіз ойға орағытады. Осы «оқулықты» қалыңдатар кез келді. Тәуелсіз ел ұрпақтарының алдында тұрған ең басты міндет те – осы! Былтыр ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлесіп қолға алған «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында «Сарыарқаның жаңбыры» атты жыр-жинағым басылып шықты. Меніңше бұл жинақ – тәуелсіздігіміздің рухани жемісі. Өйткені егемен елдің ең үлкен мүмкіндігі — өзінің тарихын түгендеп, туған жерін тануға, ұлттық құндылықтарын жаңаша зерделеуге жол ашуы. Бұрын тарихтың тасасында қалған тұлғалар мен тағдырлар бүгін әдебиет арқылы қайта сөйлей алады. Мен осы жинақта Ұлытаудың үнін, оның қатпарлы тарихын, даланың мінезін, сол топырақта туған ұлы тұлғалардың рухын өлеңмен өрнектеуге тырыстым.
Дәурен Тілеухан: Әрине, сананың егемен, шығармашылықтың шідерсіз болғаны тәуелсіздік сыйлаған бақыттың бірі ғой. Әсіресе, мемлекеттің «тілде өмір сүретінін» терең түйсінетін қаламгер қауымның «сөзі жоғалған елдің, өзі де жоғалады» деген алаңын арылтқан, күдігін күл қылған баға жетпес байлық. Егемен, еркін елде алаңсыз ер жеттік. Бала күнімде соның бәрі қалыпты дүние сияқты көрінетін. Есейіп, ес кірген сайын сол қалыпты өмірдің арғы бетінде талай ұрпақтың орындалмаған арманы мен күресі, құрбандығы тұрғанын тереңірек түсініп келемін. 17 жасымда Түркістанға тұңғыш табаным тиіп, жоғары оқу орнының табалдырығын алғаш аттаған кезде мықты ұстаздар санамызға жауапкершілік шырағын жақты деп ойлаймын. Белгілі әдебиет сыншысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбектің бауыры марқұм Сапарбек Ергөбек ұстазымның ең алғашқы дәрісте айтқан мына бір сөзі әлі жадымда: «Қазақ филологиясында қазақтың әдебиеті мен тілін ғана оқымайсыңдар, бұл – Қазақтану ғылымы! Қазақтың арғы-бергі тарихындағы сүйінген, сүрінген, жылаған, қуанған кезеңдердің бәріне үлкен ізденіспен, терең біліммен зерделеу парыз!» деген еді. Содан бері қалам ұстаған сәттің бәрінде «қанның - сияға айналатынын», ал біздің қанымызды тектілік, еркіндік, рух секілді қастерлі ұғымдар құрайтынын сезініп келемін...
Сіз үшін тәуелсіздік жылдары қазақ әдебиетінде ерекше із қалдырған шығармалар бар ма?
Айдын Байыс: Ойыма бірден сап ете қалғаны – Маралтай Райымбекұлы ағамыздың шығармашылығы. Тоқсаныншы жылдары тентіреп кеткен тұста тегеурінді жырларымен елдің рухын тіктегені ақиқат. Онысы тіпті өзінен кейінгі бірнеше буынға әсер етті. Сондықтан, ағамыздың «Кентавр» деген кітабын атап айтар едім.
Айзада Рахымжанова: Иә, тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті – ұлттық сананың жаңғыруы, тарихи жадының қайта оралуымен ерекшеленетін кезең. 1991 жылдан кейін қазақ әдебиетінде кеңестік идеологиядан тыс еркін ойлау, Алаш мұрасын қайта бағалау, ашаршылық, репрессия, Желтоқсан оқиғасы, ұлттық болмыс, рухани дағдарыс сынды тақырыптар кеңінен көрініс тапты. Әдеби ортада елеулі із қалдырған, оқырман мен сыншылардың назарын аударған шығармалардың қатарына мен Арал трагедиясын, адам мен табиғаттың байланысын, қоғамның рухани дағдарысын көтерген терең философиялық роман – Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Соңғы парызын», ашаршылық пен соғыс жылдары халықтың қасіретін суреттеген Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» шығармасын, адамның ішкі күресі, зұлымдық, ізгілік, адамзаттың рухани болашағы туралы философиялық туынды Төлен Әбдіктің «Парасат майданын» жатқызар едім. Бұлардың қай-қайсысы болмасын бүгінгі күнде де өзінің өзектілігін жоғалтпаған құнды шығармалар.
Дәурен Тілеухан: Жалпы әдебиетте ерекше із қалдыратын шығармалар оқырманның ойында ұзақ «өмір сүретін» сұрақ тудыратыны белгілі ғой. Солардың ішінен өзімнің сүйікті авторларым мен шығармаларымның түгелін тізіп шығу қиын, әрине. Дегенмен қазақ поэзиясына жаңа бояу, ерекше саз қосқан бірнеше ақынды атап кетейін. Мысалы, Талғат Ешенұлы, Жанна Елеусіз, Ерлан Жүніс сынды алдыңғы буын аға-әпкелерімізді айта аламын. Тоқсаныншы жылдардан бері қарай поэзияда түрлі ізденістерге толы туындылар жарық көргенін білеміз. Бірнеше жыл бұрын өзім де сюрреалистік сипаттағы каллиграммаларға, графикалық өлеңдерге қалам сілтеп көріп едім. Болашақта сол эксперименттерді әлі де жалғастырамын деп ойлаймын.
Еліміздің тәуелсіздік кезеңін бір көркем образбен сипаттау керек болса, қандай бейнені таңдар едіңіз? Немесе азаттықтың сіздің әдеби әлеміңіздегі бейнесі қандай?
Айдын Байыс: Ежелгі мифологияда Феникс деген құс бар ғой. Өз отына өртеніп, күл боп қайта жаралған. Серік Сағынтай ағамыз оны «Фәни-құс» деп жырлады. Алып империяның әбден тізесі батқан, атылған, асылған, аштан қырылған қайран қазағымды дәл осы құсқа теңер едім. Рухтың қайта түлеген бейнесі іспетті.
Айзада Рахымжанова: Мен азаттығымызды бұғаудан босап, тамырын тереңге жая өскен ағаштың бейнесімен сипаттар едім. Бұл образда әрі тарих, әрі жара, әрі үміт бар...
Дәурен Тілеухан: Меніңше, тәуелсіздік жылдарындағы әдебиеттің маңызды жетістіктерінің бірі - кейіпкердің ішкі әлеміне, қоғамдағы өзгерістерге еркін үңілуі. Қазір дәстүрлі әдебиеттен бөлек, түрлі жанрлық эксперименттер пайда бола бастады. Бұл да әдебиеттің жаңа кеңістігі. Бірақ, қойыртпақ емес, өз болмыс-бояуын сақтаған әдебиет қана ұлтқа қызмет ете алатыны анық. Мен үшін азаттықтың бейнесі Абайдан бері қарай Мағжан, Ілиястардың, одан кейінгі Төлеген, Мұқағали, Жұмекендердің біздер жаттап өскен жырларында кездеседі.
Тәуелсіздік құрдастары әдебиетке не әкелді? Қалай ойлайсыз?
Айдын Байыс: Ананы-мынаны әкелді деп айта алмаймын. Шығандап кеткеніміз шамалы. Сондықтан, жаңа ұрпақтың әдебиеттегі апогей кезеңі алда деп ойлаймын. Қосқан олжамызды сонда айта жатармыз.
Айзада Рахымжанова: Тәуелсіздікпен тең құрдас қаламгерлер – тоталитаризмнің шекпенін киіп көрмеген, еңсесін ешкімге бастырмаған сөз сүлейлері. Буырқанған бұла буын қазақ әдебиетінің бойына өзгеше қан жүгіртіп, ерекше екпін әкелді. Ордалы отыз бес жыл шын таланттарды шынықтырды, жастар шығармашылығы өзге тілдерге аударыла бастады. Темір шымылдық түріліп, шет мемлекеттерде шеберлігін ұштап жүрген жас қаламгерлердің қатары да арта бастады. Сондықтан Нобель сыйлығын иеленетін алғашқы қазақ қаламгері дәл осы Тәуелсіздік құрдастары қатарынан болады деген ойдамын.
Дәурен Тілеухан: Меніңше, тәуелсіздік құрдастары қазақ әдебиетіне, ең алдымен, ой еркіндігін, таным тәуелсіздігін және тақырып таңдаудағы батылдықты әкеле алды. Бұдан бөлек жаңа эстетикалық талғам, өзгеше көркемдік ізденістер де замандастарымның шығармаларынан, ізденістерінен жиі байқалады. Мұның бәрі бізге дейінгі әдебиетте болған жоқ деуге болмас. Бірақ қарап отырсақ, қазір әлем әдебиетін бұрынғыдай тек аударма кітаптар арқылы ғана емес, тікелей оқуға мүмкіндіктер мол. Алайда, әлемдік әдеби үдерістерге ілесеміз деп тамырынан ажырап кеткен туындылар да жоқ емес. Кейде күрделі ой айтқансып, ұлттық көркемдіктен мүлдем алшақтап қалып жататынымыз да бар. Мұның бәрін әлі-ақ уақыт өзі іріктеп береді деп ойлаймын. Дәл қазір қазақ әдебиетінде жауапсыз сұрақтар да, тың тақырыптар да, жаңа ойлар да көп. Бастысы, еркін жазу деген – ойға келгеннің бәрін қағазға түсіру емес екенін, еркіндік те үлкен талғамды, терең танымды талап ететінін қаперде ұстасақ, біздің әдебиет алдағы ғасырларға мол мұра тастайтынына кәміл сенемін.
Сұхбатыңызға көп рахмет!
