Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Уақыт – үнсіз куәгер......

26.08.2025 930

Уақыт – үнсіз куәгер... 14+

Уақыт – үнсіз куәгер... - adebiportal.kz

Әу баста «Тармақтар» – ақындардың лирикаға толы өлең жолдарын, жазушылардың махаббатқа арналған ой-толғамдарының ең көркем үзінділерін бөлісетін қарапайым ғана парақша еді. Қысқа да нұсқа, жүрекке жақын тармақтар әлеуметтік желі қолданушыларының назарын бірден баурап алды. Желі кеңістігіндегі мыңдаған оқырман осы парақшадан өзіне рухани демеу тауып, өлең мен прозаның нәзік иірімдерінен қуат алатын.

Оқырман ықыласы – әдебиеттің ең басты бағасы. Әлеуметтік желідегі үздік өлең жолдары мен үзінділер кейін арнайы сұрыпталып, баспа бетіне шығарылды. «Тармақтар» жинағы жарық көрген сәттен бастап-ақ оқырман тарапынан үлкен сұранысқа ие болды. Оның басты ерекшелігі – бір автордың ғана туындылары емес, әртүрлі қаламгерлердің жүректен шыққан ең нәзік жолдарын бір арнаға тоғыстыруында еді.

Бұл жинақ оқырман үшін поэзия мен прозаның жаңа үлгісін көрсетті: қысқа, бірақ терең ойлы сөйлемдер; сезім мен сырды бейнелейтін ықшам тармақтар. Оқырмандардың көңілін толқытып,  сезімін қозғады. Жазбаның кітапқа айналу барысын авторлар: Еламан Төлеутай мен Рысгүл Досжанова былай деп жеткізеді.

«Оқырманның талғамына сай жұмыс атқарып келе жатқан парақшамызға «Жан тыныштығы министрлігі» деп жазып қойғанбыз. Осындай махаббатпен басталған жобаның «парақша» деңгейінде қалуын қаламадық. Әлеуметтік желі деген дүние мәңгілік емес қой. Сондықтан, бұл идеяны кітап ретінде көру дұрыс деп шештік. Ал, біздің осы кітапты шығарып, кішкентай идеямызды жүзеге асыруға түрткі болған «Молоко и мед» кітабы. Тұңғыш кітабымызға 200-ден астам қазақ авторының ең үздік лирика-философиялық тармақтары топтастырылып, өз ерекшелігімен жарық көргені қуантады. Десе де біз ойлаған дүниенің бәрі оп-оңай жүзеге аса салмады. Бірақ, мақсатқа жеттік. Бастысы осы», - деді.

Парақшадан кітапқа ауысқан «Тармақтар» мұнымен тоқтап қалған жоқ. Жүрекке жақын жыр жолдары сахналық қойылымға айналып, сөздің сиқыры енді тек қағаз бетінде емес, театр сахнасында да жанды кейпін тапты. Әдеби үзінділердің сахнада көрерменмен тілдесуі – поэзия қабысқан прозаның қуатын жаңа деңгейде танытты. Сахналық қойылымдарда әр тармақ тірі дауыспен, эмоциямен, актерлік шеберлікпен өрнектеліп, көрермен жүрегіне ерекше әсер етті. 

«Уақыт – үнсіз куәгер» қойылымы сыңарын іздеп шарық ұрған, жастықтың отына күйіп, балауса махаббаттың дертіне ем іздеген жастардың монологі мен диалогінен құралады. Сахнаның әр бұрышына қойылған орындық пен жарық шамдар үміт пен жалғыздықтың белгісіндей. Қою қараңғылық пен әр бұрышқа қойылған орындыққа жайғасқан әртістердің бейнесі,  дара бірақ жанына серік іздеген жетім сезімнің егесі – ессіз жастар. Махаббатқа сауал тастап, сезімге сұрақ қойып, ғашықтықтан ем іздейді де – уақыттың қойнына сүңгиді. Көрген жанның сезімін қытықтап, көңілін қозғап: «Сен махаббатыңа қалай қарайсың, сезіміңді қалай бағалайсың», - деген сауал тастайды. Махаббат жолын таппай жүрген жасқа ой тастайды, сезіміне сенім ұялатады. Ғашықтыққа ешкімнің кінәсі жоқ. Тіпті сенің де, уақыттың да, оның да дегісі келеді. Ойлы жас ойша көз алдына ғашығын елестетіп, өзі де іштей сахнадағы әртіске айналады. Қойылымның айтқысы келгені, жеткізгісі келгені, жеңісі де осы болса керек. 

Белгілі күйші Қайрат Айтбаев «Тармақтардың» театрға айналған нұсқасы туралы былай деді:

««Уақыт – үнсіз куәгер» қойылымы - махаббат пен сағыныш, уақыт пен өмір тақырыбындағы жас ақындардың өлеңдерінен құралған поэтикалық спектакль. Еламан Төлеутай мен Рысгүл Досжанованың бастамасымен бой көтерген театрдың Жастар театрындағы қойылымын көріп, поэзия оқыған актерлер шеберлігіне тәнті болдық. Орыстың Д.С.Лихачев деген текстологының: «Орыстың тілін, орыстың актерлері сақтап жүр», - деп айтқаны бар. Кейбір жас актерлер қазақ ақындарының өлеңін оқығанда қазақ тілін қатты меңгерген орыс ұлтының өкілі сияқты оқиды. Интонациядан қазақылықтың иісі шықпайтын. Ал, мына Тармақтар театрының актерлерінің өлең оқуында шынайылық бар, қазақылық бар екен. Театрдың болашағы жарқын болсын!», - деп шынайы тілегін жеткізді.

«Тармақтар» – бүгінгі қазақ әдеби кеңістігіндегі жаңаша құбылыс ретінде танылып келеді. Ол поэзия мен прозаның әлеуметтік желіде де, кітап бетінде де, сахна төрінде де өмір сүре алатынын дәлелдеді. Сахнаға айналған әдеби кешке белсене келген жастардың ықыласы мен пейіліне қарап риза боласың. 

Бұл – жаңа заман оқырманына жаңаша насихаттың керек екенін шын түсіндіргендей болады.

 

 

 

 

 

 

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар