Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Абай – тұтас бір әлем» атты кітап көрмесі және көрнекті халық жазушысы, абайтанушы-мұхтартанушы Кәмен Оразалиннің «Абайдан соңғы арыстар» атты үш томдық кітабының таныстырылымы өтті.
Абайдың 180 жылдық мерейтойына арнап ұйымдастырылған іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, журналистер, оқырмандар қатысты.
Көрменің ашылу салтанатында ҚР Ұлттық академиялық кітапхана директоры Күміс Қарсақбаева ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы жоспары құрылып, сол жоспардың аясында республика бойынша бес жүзден астам шаралар өткізіліп жатқанын, ол шараларға Ұлттық академиялық кітапханасы да белсенді қатысып жатқанын айтты. «Жылдың басынан бастап бірқатар шаралар осы кітапханада және кітапханадан тыс өткізілді. Оның бірі осы өткен айда өткізілген Халықаралық дөңгелек үстел болса, күні кеше Мәдениет және ақпарат министрлігі және Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Черногория республикасында Абайдың орталығы ашылды. Ол орталық осы Ұлттық академиялық кітапхана және Семейдегі республикалық «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени қорық-музейінің қорынан алынған жәдігерлермен, кітап қорларымен ашылды. Черногория республикасы Ұлттық кітапханасына жүзден астам құжаттар тапсырылды. Өзім сол шараға қатыстым. Черногория зиялы қауымы белсенді қатысып, өте үлкен қызығушылық білдірді» , – деді кітапхана басшысы.

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов:
– Кәмен Оразалин менің ұстазым, ол жалпы айтылған ұстаз емес, оныншы, тоғызыншы класта қазақ әдебиетінен тікелей сабақ берген ұстазым. Егер де белгілі бір дәрежеге қолым жетсе, сол кісінің ақылмен берген сабағы, ұстазымның тәрбиесі деп білемін. Абайды әлемге көтерген Мұхтар Әуезов болатын болса, Мұхтар Әуезовтің де кеңесшілері, көмекшілері өте көп болды. Ұлы эпопеяны жазу Мұқаңа оңайға соққан жоқ. Оған көптеген материалдар жинау, тарихи құжаттар жинау керек болатын. Елдің арасындағы әңгімелер, қағазға түскен әңгімелер бар. Солардың бәрін елдегі Кәмен ағадан сұрап, сол кісіге тапсырма беріп отырған.

Көрме жайында айтсақ, ақынның 1909 жылы Санкт-Петербургте шыққан алғашқы басылымнан бастап, кейінгі толық жинақтар түгелге жуық қамтылған.






«Абай және музыка» бөліміне – Абайдың ән мұрасы, әндерінің кейінгі опералық, симфониялық шығармаларға арқау болғаны жайында баяндалған «Абай әуендері», «Песенное творчество Абая», «Көңілімнің санасы» атты еңбектер қойылған. Ал енді «Абай – әлем тілдерінде» бөлімінде – Абай шығармаларының ағылшын, араб, француз, қытай, жапон, орыс және тағы басқа тілдерге аударылған нұсқалары тұр.






Көрмені тамашалаған қонақтар бұдан кейін үлкен мәжіліс залына өтіп, Семей облысы, Абай ауданы, Құндызды ауылының Қылышбек жайлауында дүниеге келіп, өмір бойы Абай мұрасын зерделеп, өмір бойы ұстаздық қылған ғибратты ғұмырында Абайтану ғылымының негізін салған Кәмен Оразалин туралы фильмді көруге мүмкіндік алды. Уағында әкесі Оразалы білген әңгіменің көбін Кәменге зор ынтамен айтады екен, соны бала Кәмен жас зердесіне төкпей-шашпай құя берген. Бұл жөнінде кезінде Мұхтар Әуезов те жазған екен.

Биыл туғанына 105 жыл толып отырған жазушы Кәмен Оразалин әйгілі Мұхтар Әуезовтің рухани байланыстағы ізбасары, інісі болған. Оразалин ұлы жазушы Мұхтар Әуезовті жан жүрегімен құрметтеген. Олардың араларындағы рухани бірлікті, тығыз қарым- қатынасты Мұхтар Әуезовтің дүниеден өтерінен қырық сағат бұрын Кәмен Оразалинге жазған соңғы хатынан аңғаруға болады: «Қымбатты Кәмен, мынау Мұрат Әуезов менің туған балам, Москва университетінде оқиды. Әкесі туған жерді, елді көруге бара жатыр. Өзің бар, Балташ бар, елді жетік көрсетуді сұраймын. Мен ауырып, Москвада больницада жатырмын, мән-жайды Мұрат айта жатар» деп хат жолдайды.
Қырық жыл бойы Абай ауданындағы Абай атындағы орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарған Кәмен Оразалин мектеп жанынан үзбей шығып келген «Абай ұрпақтары» қолжазба журналында редактор болып, ауданның зерек жастарына Абай мұрасын насихаттаудан жалықпаған. Жазушыға арналған деректі фильмде ұлағатты ұстаздың алдынан қанаттанып шыққан шәкірттерінің бірі Төлеген Жанғалиев: «Менің ұғымымдағы Абайлардан кейінгі, Мұхтарлардан кейінгі үлкен дарынды тұлға – ол менің ұлы ұстазым Кәмен Оразалин. Мың сан шәкірт бала күнінен Абай жырларын оқып, өлеңдерін жаттап өсті» дейді.





Бұдан соң Кәмен Оразалиннің кітаптарының лентасы қиылды. Осы іс-шараға арнайы келген жазушының ұрпақтары қуаныштың құрметіне шашу шашты. Үш бөлімнен тұратын «Абайдан соңғы арыстар» кітабы «Фолиант» баспасынан жарық көріп отыр. Ұлт арыстарының ел тәуелсіздігі үшін күрескен кезеңін суреттеуге арналған эпикалық роман-трилогияда «Алаш» басшылары Әлихан мен Ахмет, Жүсіпбек, Халел, Әлімхандардың сол кезеңдегі іс-әрекеттері жан-жақты суреттеледі. Әсіресе, Алаш» өкіметі 1918 жылдың жазында Орынбор қаласынан Семейге қоныс аударған кезеңдер, «Алаш» өкіметін қазіргі Абай ауданының Шаған өзенінің бойында қарсы алу салтанатына жазушы егжей-тегжейлі тоқтала отырып, бұл келелі істің үлкен маңызы болғанына назар аудартқысы келеді. Сол кезде осы айтулы оқиғаға Қызылжар, Қараөткел, Қарқаралы, Көкшетау, Кереку, Сергиополь, Зайсан мен Өскеменнің ел басшылары қатысады. Сонымен бірге Шәкәрім, Абай баласы Мекайіл, Мұхтарлар да барлық оқиғаларға тікелей араласып отырады. Автор бұл еңбегінде халқымыздың ардагер ұлдарының асқақ бейнесін әр қырынан сомдап, жұртшылық санасында қайта жаңғыртуды мақсат тұтқаны анық. Есіл ерлер сол кезде анық мақсатқа қол созғанымен, онысы нәтижелі болмаса да, елшілдік тұрғысынан бұл өте биік серттен шыққан әрекеттер еді, бұны келер ұрпақтың білгені жөн.






Абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай:
– Абайдың жиырмасыншы ғасырдағы діңгектерінің бірі және тамырын елден үзбеген, осы отырғандардың көпшілігінің ұстазы Кәмен ағамыздың үш томдық «Абайдан соңғы арыстар» атты кітабының тұсаукесерінің өтуі бұл – құрмет: Абайға құрмет, Мұхтар Әуезовке құрмет. Бұл құрмет – Кәмен Оразалин ағамызға құрмет, иісі Абай еліне, қазақ халқына көрсетілген құрмет деп есептеймін. Өйткені мен Кәмел ағамен мың тоғыз жүз алпыс төртінші жылы кездестім. Содан бастап өмірден өткенше, тіршіліктің жолы түйіскен сайын амандасып, бас иіп тұрдым. Ол кісінің атағы, айтқан әңгімесі әлі есімде. Сол Шағанға келген жылдары «Абайдан соң» романына деректер жиып жүрген. Сонда үлкен адамдармен кездесті. Мұхтар Әуезовтің және Абайдың, соның ішінде елде болған оқиғаларын, Мұқанасқар, Тәуірбек деген мұғалімдер бар еді, сол кісілерді жиып сөйлескені менің қаперімде және менің алғашқы көрген жазушым. Ал ол кісінің «Абай ұрпақтары» журналы сол кезде мектептің өздерінде талқыланып, өздері үшін талқыға түсетін. Оны мен досым Жәнібек Кәрменов арқылы және жаңа ғана сөйлеп кеткен сарыауыз құрдасым Төлеген арқылы біліп жүретінмін. Ол кісінің жүрісі Қарауылда жалғыз бәйтерек сияқты. Түп-түзу. Көшеде кетіп бара жатқанда басқа адамды мысалы, жүрістен танымайсың, Кәмекеңді көшенің басынан бірден білесің. Ол кісінің Мұхтар Әуезов, Сапарғалин Бегалин және Жәнібек Кәрменовтің бақытын ашқан Жүсіпбек Елебековпен болған күндері, жүздесулері және Қарауылға келген әр қаламгердің оның үйінен дәм татпай шықпайтыны сол. Енді егер де Жәнібекті қазақтың аспанындағы ұлы дауыс деп есептесек, соның аспанға көтерілуіне себепші болған шаңырақтың бірі – қазіргі музей болып тұрған Кәмен Оразалиннің үйі деп есептеймін. Алпыс алты-алты жетісінде болу керек, «Абай аулына саяхат» атты шығармасы шықты. Бұл кеше де, сол дәуірде де, бүгін де, менің ойымша, ертең де Абай елін, оның жер үлгісін білетіндер үшін энциклопедиялық құрал деп есептеймін», – деп сырлы естелік айтты.
***

Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов жаңа кітап жайлы оралымды пікір білдіріп, «Фолиант» баспасына осындай сапалы кітап шығарғандары үшін алғыс білдірді.
– Кәмен ағамыздың «Абайдан соңғы арыстар» дейтін үш томдық трилогиясы бір мың жеті жүз сексен төрт беттен тұрады. Бұл шын мәнісіндегі роман-трилогия. «Абай жолы» роман-эпопеядан кейін, Рамазандық Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» дейтін романынан кейін мынандай роман-трилогия тудыру ол өте күрделі шаруа. Ең кереметі – романның жаңағы басты шарттарына лайықты жауап беретіндігі. Әуелі тарихи, әлеуметтік, психологиялық, философиялық шығарма.
Ғалым осылай дей келіп, ұзағынан толғап, бірінші томдағы 1911 жыл суреттелген Семейдің келбетінен бастап, қазақ арыстарының бір-бірімен кездескендігі, дастархан басындағы сыйластығы, (ет келгенде оны мүшелеп, әркімнің орны мен құрметіне қарай ет тартылғаны жайындағы мысалдар), ол арыстардың одан бөлек қоғамдағы азаматтық істері, елдің келешегі үшін құрбандыққа бару жайында кеңірек айтты.

Сонымен бірге жиында опера әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбаев, ақын Қалқаман Сарин, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы және басқалар сөз сөйлеп, Кәмен Оразалин мұрасы жөнінде пікір білдірді.



Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.