Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

10.08.2023 1765

Абайдың үш бейнесі 12+

Абайдың үш бейнесі - adebiportal.kz

Семейдегі «Жидебай-Бөрлі» мемлекеттік қорық-музейінің асыл қорында хәкім Абайдың үш бейнесі сақталған. Оның екеуі фотосурет, біреуі Лобановскийдің еңбегі. 1887 жылы қарындашпен салынған. Авторы Павел Дмитриевич Лобановский – әуесқой суретші екен. Ол патша үкіметінен саяси қуғын-сүргін көріп жазасын өтеп жүріп, 1884 жылы Семей қаласына жер аударылып келіпті. Осында тұрып, қызмет еткен.


ҮСТЕМЕ: 

Павел Дмитриевич Лобановский айдаудағы жазасын бастабында Өскемен уезінде өтеген. Содан кейін 1884 жылы тамызда Семейге жеткізіледі. Осы қалада ол өзі секілді «саяси қылмыскерлермен» танысып, әңгімелесу барысында ел ішіндегі ерек тұлға Ибрагим Құнанбаев туралы естіп, біледі. Танысады. Таныстық достық-сыйластыққа ұласыпты.


П.Лобановский ақынның суретін салғанға дейін өз айналасындағы жақындарының, туыс-туғандарының бейнесін қағазға түсіріп көрген. Ал 1887 жылы әуесқой суретші Абай Құнанбайұлының портретін салады. Лобановскийдің «Семей уезіндегі адамдардың типтері» деген арнайы сериямен салынған жеті сурет бар. Солардың бірі, әрі таңдаулысы – бізге жақыны деп те айтайық, ол – осы Абайдың бейнесі болып отыр.

 Семей уезі Шыңғыстау облысының құрметті қазағы Ибрагим Құнанбаев 45 жаста.  Облыстық статистикалық комитеттің мүшесі

Ол кезде Абайдың қырық екі жасындағы суреті салынған. Толықша келген кісі бейнеленген. Әрине ақынның басқа бейнелерімен салыстыра отырып, бұны суретшінің өзіндік шығармашылық көзқарасы деп айтуға толық негіз бар. Себебі содан он жылдан кейін түсірілген фотосуретке қарасаңыздар, 1887 жылы қарындашпен салынған Абай бейнесімен арадағы айырмашылық жер мен көктей.


ҮСТЕМЕ:

П.Д. Лобановский өзі қарындашпен салған ақын бейнесіне былай деп естелік лебіз қалдырады: «Ибрагим Құнанбаев – Семей уезі, Шыңғыс болысының қазағы. Қазақ даласына ерекше белгілі Құнанбай Өскенбаевтың (ол 1886 жылы өлген) баласы. Өзі де жеткілікті мөлшерде әйгілі адам. Өз халқының әдет-ғұрпының білгірі. Қазақтар арасында үлкен ықпал иесі. Қырық бес жаста». 


Абайдың алғашқы фотосуреті 1896 жылы Семейдегі Кузнецовтың фотосалонында түсірілген. Абай суретке Ділдәдан туған үлкен ұлы Ақылбай, Әйгерімнен туған ұлы Турағұлмен бірге түскен. Бұл суретті 1941 жылы академик-жазушы Мұхтар Әуезов осы ақын музейіне әкеліп өткізіпті. Бұл Абай музейіндегі қандай да бір жәдігерді қабылдау акт-құжаттарында №40-шы деп көрсетілген. Қатты картон қағазға жапсырылған, 9х13 сантиметрлік сурет. Арнайы жол көрсеткіштері бар, одан кейін Абайдың толық шығармалар жинағы бар, бәрінде ақынның осы бейнесі пайдаланылып жүр.

Ақылбай Абайұлы, Абай, Турағұл Абайұлы

Өздеріңіз білетіндей, Ақылбай Абайұлы ел ішінде сері-мырза атанған ақын, әнші, сазгер, домбырашы. 1904 жыл Құнанбай әулеті үшін өте ауыр, қайғылы жыл болды. Өйткені сол жылы 14 мамырда Мағауия дүние салады. Отыз төрт-ақ жаста еді. Содан Мағауияның қырқын берген күні, 1904 жылы 23 маусымда, 59 жасында Абай қайтыс болады. Абайдың қырқын ауылда емес, Семейге әкеліп, орталық мешітте береді. Бұл – 4 тамыз күні болатын. Және сол күні 43 жасында Ақылбай да қайтыс болады.

Турағұл да Абайдың ақындық мектебінің белді өкілі. Ол Максим Горькийдің «Челкаш» әңгімесін қазақша сөйлеткен. Ол еңбек 1924 жылы «Таң» журналында жарияланған. Сондай-ақ Невзоровтың «Мен өмірге жерікпін», «Ортақшыл Мария» шығармаларын,Джек Лондонның «Балалық туралы еңбегін» және «Балалы әйел не білу керек?» деген ғылыми-медициналық кітапшаны тәржімалаған.

1928 жылдан бастап Турағұл кеңес үкіметінің қатты қудалауына түседі. Сөйтіп өмірінің соңғы жылдары оңтүстікте, Шымкент шаһарында өткені белгілі. Сол жақта қайтыс болған. Бейіті бүгінгі Шымкент қорғасын зауытының астында қалды.

1903 жылы Жидебай қыстағында, Абай шаңырағында түсірілген бұл суреттің нақты түпнұсқасы Алматыда, Әуезовтың музей-үйінде сақтаулы. Семейдегі ақын музейіне 1959 жылы көшірмесі келіпті. Бұл суретте бізге өте жақын таныс, Абайдың айналасына қатысты адамдар бар. Яғни Мағауия, Турағұл Абай балалары, ақынның әйелі Еркежан, немере келіні Кәмәлия (Әубәкірдің әйелі), сосын Әубәкірдің өзі, бөрік киіп отырған Пәкизат есімді қыз бала. Бұлар Абайдың немерелері. Ал негізінде бұларды Оспан өзінің бауырына салып, асырап алғандықтан, ел аузындағы естеліктерге құлақ асар болсақ, бұлар Құнанбайдың да немерелері есепті адамдар.

Бірінші қатарда Мағауия Абайұлы, Еркежан, келіні Кәмалия. Екінші қатарда Абай. Үшінші қатарда Пәкизат Ақылбайқызы, Турағұл Абайұлы, Әубәкір Ақылбайұлы

Абай осы суретке түскеннен кейін, бір жылдан соң, елу тоғыз жасында дүниеден қайтады. Балашақпақ деген жерде. Туыс-туғаны ақынды Ақшоқыға, әкесі Құнанбай қажының қасына апарып жерлемекші болған. Бірақ шілденің шіліңгірінде мәйітті ұзақ сақтап, алып жүру қиындайды да, Абайдың ұлы денесі мәңгілікке Жидебайда байыз табады. Мағауия мен Турағұлдың тағдырын жаңа айттық. Әубәкір де Абай ұрпағы ретінде өмірі қуғын-сүргінмен өткен адам. Ал Еркежанды біз көбінесе Абайдың әмеңгерлік жолмен үйленген әйелі деп білеміз. Негізі бұл кісі Ұлжан шешемізді үлкен сапарға шығарып салуда көрегендігімен ел аузында қалған кісі.

Абай мен Еркежан қарым-қатынасы туралы айтар болса, Жидебай қыстағындағы ақын шығармашылығының өте мазмұнды, толымды болуын Абай отырған Еркежан шаңырағының құтты қоныс болғанымен түсіндірер едік.


ҮСТЕМЕ:

Жидебай кезеңі Абай шығармашылығының аса өнімді жылдары. Сонда өткізген он жыл ішінде 75-76 өлеңі, Лермонтов пен Крыловтан 25-26 аударма, 27 қара сөзі және екі әні дүниеге келген. «Әкем көбінесе өлеңді қысты күні жазушы еді», - деп еске алады Турағұл Абайұлы. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар