Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әдебиет. Рух. Қоғам...

19.01.2024 962

Әдебиет. Рух. Қоғам 12+

Әдебиет. Рух. Қоғам - adebiportal.kz

        ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан Жазушылар   одағының Астана филиалы мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен республикалық әдебиет, мәдениет және өнер газеті «Қазақ әдебиетінің»  90 жылдығына арналған «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты дөңгелек үстел өтті.                                                                       

        Жиналған көпшілік сонау 1934 жылдан бері елмен бірге жасап келе жатқан, кезінде Сейфуллин, Майлин, Жансүгіровтер ақылдастар алқасында болып, Ғабит Мүсірепов тұңғыш редакторлық еткен, содан бері  талай қабырғалы қаламгердің қолтаңбасы қалған газеттің тарихына тоқталып, естеліктер айтылды. 

    ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Егемен Қазақстан республикалық газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы өз сөзінде басылымдардың жазылым, таралу мәселесіне тоқталды:

    - Ұлт баспасөзі үлкен қиындықтарды бастан кешіп отыр. Бұрын бұл  қоғамды оқырманы көп деп мақтанатынбыз, қазір олай емес. Соңғы кездері қоғам жаңалықтарға қалай аяқ басады деген кезде, ол үшін дәстүрлі классикалық дүниелерден бас тарту керек деген технократтық ойлар басым болды. Биыл «Ана тілінің» жазылым саны күткендей жеті мың емес, бес мыңның үстінде ғана. Елімізде қазақ тілі мен әдебиетінен мектеп мұғалімдерінің саны қанша, сонымен есептегенде шыға келеді, яғни сол жүйемен есептегенде, пән мұғалімдерінің өзі газетті алмайтынын көруге болады. Егер білім жүйесімен айтатын болсақ, ұлтқа қызмет ететін басылымның бәрі де оқу-әдістемелік құралдарының қатарына кіріп, күнде оны мұғалім пайдаланатын болса, басылым өмір сүреді, мұғалімдер Ахмет Байтұрсынов кезеңіндегідей халықтың мақсат-мүддесін қоғамға жеткізетін көпірге айналар еді. Бұрын бір одақта болғандықтан салыстырып отырамыз ғой, мысалы, Ресейде 145 млн. халық тұрады, ең танымал «Российская газетаның» тиражы 135 мың жазылым ғана, яғни осынша халық қана жазылып отыр деген сөз, халық санымен есептегенде біз біршама алдамыз. Ал енді балалар басылымының жағдайы біршама тәуір, оның маңызын халық түсініп отырғанымен, бірақ, мектеп кітапханалары қалыс қалып отыр. Балабақша саны он мың болғанымен, «Балдырғанның» тиражы 4 мыңға түсіп кеткен. Біз осы күні әлемге қараймыз, мысалы, жапон елінде халықтың елу пайызы дәстүрлі басылымдарға жазылады, европада, мысалы, Англияда, Германияда да сондай. Ең күрделі жағдай Алматы мен Астанада қалыптасып отыр, ұлттың сүт бетіндегі қаймағы, зиялысы осында дегенімізбен, газетке  жазылым өте төмен деңгейде.

    ҚЖО басқармасы төрағасының орынбасары, белгілі ақын Бауыржан Жақып Алматыдан Zoom арқылы қосылып, «Қазақ әдебиеті» газетінің баспасөз кеңістігіндегі роліне тоқтала келіп: «Қазақ басылымына жазылу жағы үлкен проблемаға айналып отырғаны рас, дегенмен мәселені мемлекеттік деңгейде шешетін тетіктері бар. Жақында тоқсаныншы  жылдардағы «Қазақ әдебиетінің» тігіндісін қарап шықсам, сол кезде әдебиет, өнер, руханият, тәуелсіздік тақырыбы, тіпті Оралдағы казактар көтерілісі, өз қазағымыздың тарихи отанына оралғаны жайлы, алаш зиялылары, би-шешендер туралы материалдар беріліпті, бұл Шерағаңдар мен Орағаңдар бас редактор болған кез екен. Алда да рухани әлемімізді өркендетуге жасалып жатқан шаралар жалғасады. Астана қаласында, Атырау, Түркістан, Алматыда жас ақын-жазушылардың мерекелік көшпелі пленумы өткізілмекші,  бәрі биылға жоспарланып отыр, – деді. 

        Қазақстан Жазушылар Одағының Астана филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы Президент мұрағатынан алынған деректі мысалға келтірді.  Оның айтуынша, 1956 жылы 22 сәуірде «Ана тілін ардақтайық» деген мақала шығып, сол жылы 13 тамызда бір топ қызметкерлер Кәкішев, Сәрсенбаев, Қасенов, т.б. қол қойған тіл мәдениетіне қатысты атышулы мақалалардан соң Қазақстан компартиясы қазақ әдебиетінің қателіктері туралы жасырын қаулы қабылдаған. Газет саяси қателіктері үшін айыпталып, газет редакторы Сырбай Мәуленов компартияның тарапынан жазаға тартылған. Соның бәрі ұлттық мәселелерге байланысты. Міне, осы кезде «Қазақ әдебиеті» қазақ қоғамы үшін шынайы бет-бейнесін көрсеткен екен. 

    Бір кездерде Мәдениет министрлігінде жұмыс істеген жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әлібек Асқар тәуелсіздік жылдары газет шығаратын қағаздың өзі мәселе болғаны туралы естелік айтты. Сондай-ақ, белгілі журналист Жарылқап Бейсенбайұлының сол кезде баспасөз жұмыстарын ұйымдастырушы ретіндегі  әңгімесі әсерлі шықты. 

   – Газетте Сырбай Мәуленов редактор болып тұрған кезде Рахманқұл ағамыздың тіл туралы шырылдап жазған мақалалары, оның дүмпуі, ол кісінің жұмыстан шығып кеткені, соның бәрі халықтың рухын көтергені анық. Одан кейін газеттің бір көтерілген шағы – сексенінші жылдары Шерағаңның редактор болған кезі. Ол кезде ресей, балтық бойы елдерінің басылымдары Горбачевтің қайта құру идеясы кезінде сәл сілкініп кетті. Біз үндемей жаттық.  «Огонек» деген  журнал айтылмаған талай тақырыпты қозғады. «Қалай қорықпайды?» деп таңғалатынбыз. Мысалы, Латвияның «Советская молодежь» деген газеті көп мәселені сұмдық ашық айтатын, біз сондайды оған дейін қазақы болмыста айта алмайтынбыз, соны алғаш айтқызған Шерағаң! Ол кісі 1980-1989 жылдары «Қазақ әдебиетінде» болды. 1983 жылдары Ақселеу Сейдімбек келгенде «Білім және еңбек» журналы мүлде өзгеріп, бұрын айтылмаған қазақ тарихын қопарып ашты. Кейін 86-да оны ұйымдастырушылардың бірі деп біраз қуғындады ғой. 1960-1970 жылдары қазақ сыны дамыды, Рымғали Нұрғали, Зейнолла Серікқалиев, Асқар Сүлейменовтердің мақалалары «Қазақ әдебиетінде» шығып отырды, солардың бәрінің дүмпуі оқырманды тартып отырды. Сананы сілкіндіретін материалдар тәуелсіздікке алып келді. Тиражы көп болатын, сексенінші жылдары тиражы 300 мыңға дейін көтерілді. Әдеби сындардың барлығы, журналистердің еркін көсілуі сол жылдары болды. Меніңше тираж санының түсіп кетуінің бір себебі – ауылдан қазақтың кетуі, қалаға келіп үйсіз-күйсіз, мекен-жайсыз жүргені, бұл да бір себеп. Әлеуметтік желілердің дамуы да әсер етті. Мүмкін, жазылымға сайттардың есебін алу керек шығар, сайттан да оқиды ғой. Бұрын негізгі мықты ақын-жазушылар «Қазақ әдебиетінде», «Жұлдызда» жұмыс істейтін. Тәуелсіздік жылдары да үлкен қаламгерлер жұмыс істеді. Қазір ондай тұлғалар көрінбейді. Айлықтары да мәз емес көрінеді. 

     «Қазақ әдебиеті» газетінің  90 жылдығына арналған дөңгелек үстелде   Р.Мұқанова, Қ. Жиенбай, Б. Әлімжан, С.Рахметұлы т.б. ақын-жазушылар, сондай-ақ газет оқырманы С.Жүнісовтың қарындасы сөз алып, газеттің ролі жайлы айтты.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар