Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
Әдебиеттанушы: Қазіргі кейіпкер өзінің ішкі әлемін...

Әдебиеттанушы: Қазіргі кейіпкер өзінің ішкі әлеміне көбірек үңіледі

01.04.2026

158

Әдебиеттанушы: Қазіргі кейіпкер өзінің ішкі әлеміне көбірек үңіледі - adebiportal.kz

Биік аспанға шырқай ұшып, ауада қалықтап жүріп, заман шындығын бейнелейтін кейіпкерлерді дүниеге әкелу – қаламгерлерге тән қасиет. Бірақ кейде ол да аздық етеді. Әр оқырман шығарманы үдере оқу барысында үрейі, әлсіздігімен күресетін, қоғамға өзгеріс әкелетін, кісілігі мен пендешілігі қатар көрінетін кесек-кесек катализатор кейіпкерлердің сипатын іздейтіндей. Оқырманның қалауына сай бейнелер қазақ әдебиетінде бар ма? Бүгінгінің бас кейіпкері кім? Олардың құндылықтары қандай? Әдебиеттанушы, ҚР БҒМ ҒК М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Алмира Қалиевамен осы сұрақтар төңірегінде ой қозғаған едік.

- Қазіргі қазақ әдебиетіне берер бағаңыз қандай? Әлем әдебиетімен салыстыра айтып өтсеңіз...

- Қазіргі ұлттық әдебиеттің ең басты құндылығы оның еркіндігі дер едім. Жалпы өнер атаулының кез келген бағытта өрістеуіне жол ашық. Тек өнер тудырушы қауым соған қаншалықты дайын? Шығармашылық еркіндік дегенді қалайша пайымдайды? Қазіргі үлкен мәселе – осы. Бүгінгі қазақ әдебиетінде мифтік дәуірден бүгінге дейінгі тағдыр, тарих, әпсана бар. Жанрлық, пішіндік, мазмұндық, стильдік ізденістер барлық буын өкілдерінің туындыларынан байқалады. Бірақ әлі де өз қазанымызда қайнап жатқандай көрінетіні алаңдатады. Бәлкім, белгілі бір арнадан шығуға мүмкіндік бермей тұрған санадағы құрсау шығар. Шаблондық ойлаудан құтылғанда ғана еркіндік дегеннің шын қадіріне жете алармыз. Соңғы жылдары «Қазақ қаламгерлері неліктен Нобель сыйлығын алмайды?» деген сауал жиі қойылып жүр. Ұлттық көркем сөз бен шетел әдебиетінің ара-жігі, міне, осы тұста айқындалады. 

- Бүгінгінің кейіпкерлері кім және оның көркем шындық тұрғысында тұлғалануы қандай?

- Қазіргі әдебиеттегі кейіпкерлер галереясы алуан түрлі: фантастикалық, ертегілік, мифтік бейнелерден бастап, бүгінгі замандастар тұлғасына дейінгі типология айтарлықтай кең. Солардың қатарында, мысалы, тарихи қаһармандар (хан, батыр, би, т.б.) ұлттық сананың ішкі табиғи жаңғыру үдерісін кейіптейді. Қазақ санасы қазір, бейне бір пазл тақтасындағы ойсыраған ақтаңдақтарын түгендегендей, өзін-өзі іздеу мен тану жолында. Тіпті тарих бойында кесел болып жабысқан дерттерден өзін өзі рухани емдеу үстінде. Мұны біз шетелдік ғылымда көп айтылатын «ұлттық травма» тұрғысында тілге тиек етіп отырмыз. Ал замандас бейнесіне келетін болсақ, 1990-2000 жылдардағы әдебиет пен дәл қазіргі көркемдік процесс арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Әлеуметтік контекстінің кейінге жылжып, рухани-моральдық, психологиялық негізде сомдалатын кейіпкерлер қатарының өскендігі байқалады. Реализм, сюрреализм, магиялық реализм, модернизм, постмодернизм аяларында тұлғаланған кейіпкерлердің әрқайсының өз көркем шындығы бар. Өткен тарихты тұжырымдау, қазіргі заманғы саяси-қоғамдық ахуалға қатысты өзіндік азаматтық көзқарасын білдіру, өмір мен өлім, адами бақ пен бақыт, ар мен күнә жайлы таусылмас экзистенциалдық сауалдарға жауап іздеу үстіндегі алуан түрлі кейіпкерлерді М.Мағауин, Н.Дәутайұлы, Н.Ақыш, Қ.Түменбай, С.Досжанова, Т.Сәукетаев, Ж.Қорғасбек, Р.Мұқанова, А.Алтай, Н.Ораз, А.Кемелбаева, Д.Рамазан, Д.Амантай, Н.Қуантайұлы, Д.Қуат, М.Омарова, Ы.Дәбей, Қ.Тілеухан, Ж.Шамұратова, Қ.Әбілқайыр, Р.Әлішер, Е.Әбікен, Ә.Байбол, Д.Жылқыбай, Б.Сәрмекова, т.б. прозалық туындыларынан кездестіреміз. 

- Замандас бейнесінде ойы мен іс-әрекетінің кереқарлығы, жан дүниесінің «ішкі дауылы», сана қақтығысы қатты байқалады. Сонда психологиялық дертті кейіпкерлер 21 ғасыр адамдарының психологияға көп үңіле бастағанының жемісі ме?

- Қазіргі кейіпкерлердің өз ішкі әлеміне көбірек үңілетіні рас. Бұл әлем әдебиетінде көркемдік үрдіске айналып бара жатқандығы да шындық. Интроверт болмысты тұлғаның жиірек сомдалуы жалпы қоғамның өз ішкі даусын тыңдауға ден қойғандығын байқатса керек. Адамзаттың қазіргі тым асығыс тіршілігі қысқа ғұмырдағы құндылықтар қатарын қайта саралау қажеттігін байқатады. Өз рухымен және айналасымен үйлесім іздеп өмір сүріп жатқан замандастарымыздың ішкі конфликтілеріне әдебиеттің де тереңірек үңіле бастағаны қуантады. Психологиялық дертсіз қоғам жоқ шығар. Дертсіз кейіпкер тек утопияға тән деп ойлаймыз. Ал қазіргі кейіпкерлердің осы ыңғайда ашық бейнелене бастауы – қандайда бір рухани-психологиялық дертті мойындаудың және оның себеп-салдарын іздеудің шынайы көрінісі болса керек. Бір кездері әдебиеттегі антипсихологизм туралы тұжырым белең алған еді. Әсіресе постмодернизм шеңберінде адамның ішкі әлемін егжей-тегжейлі суреттеу мұраты жоққа шығарылатын-ды. Ал адамның рухани сезім-күйін жеткізе алмаған өнердің құндылығы қандай болмақ?..

- Сөзіңізге тұздық, драматург Мадина Омар: “Қалам тартар дүниең тікелей саған қатысты болу керек” дейді. Ал кей жазушылар шизофрениялық дискурстан тұратын туындыларды жазуға бір табан жақын келеді.  Бұған қарап, кейіпкердегідей жазушыда да медициналық ауытқу бар деген тұжырым жасай аламыз ба?

- М.Омардың жоғарыдағы қағидасын кеңірек түсіну керек деп ойламын. Қоғамның қандайда бір проблемасын өз жан жүйесінен өткізіп, терең зерделеп барып қалам тербеу қажеттігін айтса керек. Алайда бұл барлық шығармалар автобиографиялық сипатта жазылады дегенді білдірмейді. 

Асылында, жазушы қауымның үстірт қабылдаған өмір шындығы нанымсыз көркем шындыққа ұласады. Белгілі бір саяси, қоғамдық, мәдени жағдайларда қоғамдағы шындық үні «тұншыға» бастағанда, символизм, аллегория, ирония белең ала бастайды. Оны тарихи поэтика айғақтайды. Сондықтан әдебиеттегі шизофрениялық дискурсты ақиқатты астарлап жеткізудің бір формасы деп түсінген жөн. Бірақ әдебиетте шын мәніндегі медициналық ауытқудың, рухани-психологиялық дерттің нәтижесі ретіндегі дискурстардың болатындығын ескеру қажет. Әлемге танымал Дж.Джойс, Д.Хармс сынды әйгілі жазушылардың туындыларын осы ретте зерделеуге болады. 

- Кейіпкер - жазушының осал тұсы деген тұжырыммен келісесіз бе? 

- Келісемін. Себебі шығарманың өміршеңдігі кейіпкердің сәтті не сәтсіз сомдалуына байланысты. Кейіпкер – жеке-дара тұрғанда, мәдени санада қандайда бір идеяның мәйегі ретінде өмір сүре алады. Шығарма ұмыт болғанмен, кейіпкер қоғам жадында қалып қоятын сәттер болады. Кейіпкер жазушы шеберлігінің өлшемі екені даусыз. Мысалы, ұлы тұлғалар жайлы кез келген қаламгер шығарма жаза салмайтыны қандай мықты қағидат болса, кейіпкердің жазушы ой-өресіне тәуелділігі де – сондай шындық. 

- Сұқбат барысында «қазақ жазушылары неге Нобель алмайды» деген сауалдың иектеп жүргенін тілге тиек еттіңіз. Сіздіңше, Нобель алған “Ет жемейтін әйел” романынының кейіпкерлерінде қандай артықшылық бар деп ойлайсыз? 

- Қоғамдық санада ғасырлар бойы қалыптасқан нормалар болады. Қауымдасып тіршілік етудің салт-дәстүр, әдет-ғұрып сынды жазылған-жазылмаған қағидаларының шекарасында өмір сүру «өзгеше ойлайтын» адам үшін оңай емес. Жалпы қоғам тіршілігіне дәстүр мен жаңашылдық тұрғысынан қарау қашанда конфликтіге апарады. Алайда ірі тарихи, мәдени эволюциялардың өзі сондай шектеулерді бұзып-жарып шығудан басталатыны рас. Хан Ганның «Ет жемейтін әйел» романындағы әртүрлі көзқарастардың шиеленісі, жан қалауы мен тыйым, ой мен таңдау еркіндігін мойындау сынды мәселелер бір әулет шеңберінде зерделенеді. Роман идея, поэтика аспектілерінде бірнеше қабаттан тұрады. Жаңа дәуір адамының бойында өзгеше ойлайтын, өзгеше қалауы бар адамға деген төзімділіктің болуы керектігін айқындайтын шығарма деп бағалаймыз. 

- Хан Ганның осы романында да, жалпы әлем әдебиетінде де эротикалық сюжет ашықтау, айқынырақ көрсетіле береді. Бізге де сондай батылдық қажет пе, қалай ойлайсыз?

- Бұл мәселеге келгенде, әр мәдениеттің өз шегі бар. Ұлттық әдеппен үйлесім тапқан эпизодтар, шағын штрихтар фольклордан басталады. Арнасынан асып-тасымаған суреттеулер классикалық әдебиетте де кездеседі. Эротикалық суреттеулерді одан сайын жалаңаштай түсу тұтастай туындыға айрықша көркемдік сипат дарытып, құндылығын асыра қоймайды деп ойлаймын. 

- Жазушы Агата Кристи Эркюль есімді кейіпкеріне арнап 33 роман жазған екен. Бізде де құдды бір өмірге келгендей осындай кейіпкерлер бар ма?

- Бір қызығы, мұндай феномендік құбылыс ретінде Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романындағы Судыр Ахметтің бейнесі романнан тыс өмір сүріп жүрген, уақыттан тыс мәңгілік кейіпкер тәрізді көрінеді. Әрине, бұл – менің оқырман ретіндегі жеке көзқарасым.

- Франсуз жазушысы Ги Де Мопассан шығармаларында жаны ауыра отырып, олқылықтарды келемеждеуді, кейіпкерді күлкілі етіп көрсетуді мықты қару етіп алған. Ал қазақ әдебиетіндегі Бейімбет Майлиннен кейін ирониялық туындыны жаза алып жүрген қай қаламгерді атар едіңіз?

- Ирония – шындықты игерудегі мықты қару дедік. Езуінен шындық сорғалаған көркем иронияның бүгінгі буыны ретінде Ерболат Әбікенді атар едім. Зілсіз әзіл, ашулы күлкі, мысқылды әжуа, т.б. ирония, юмор мен сарказм реңктерін шебер суреттейтін жас қаламгердің әр туындысынан бүгінгі қазақ қоғамының тыныс-тіршілігі жайлы сыни көзқарасты байқаймыз. Дидактизмге бой ұрмай, қоғамның дертін ирониямен сипаттау да – өнер.

- Қанат Әбілқайыр “Ағыраптағы аты жоқ адам” деп есімі жоқ бас кейіпкерді дүниеге әкелді. Ал кейіпкері жоқ прозалық шығармаларды жазуға біздің жазушылардың қаламгерлік қуаты жете ме?

- Қ.Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» атты романы – қоғамдық ой-санаға едәуір қозғау сала алған көркем туынды. Жас жазушы өз қоғамынан орын таба алмаған өгей ұрпақ туралы толғағы жеткен мәселені тереңінен қаузады. Аты болмағанмен, заты тиянақты, реалды кейіпкердің тағдыр-талайы арқылы ұлт ұғымына қатысты көптеген проблемалардың қамтылғанына риза болдық. Қ.Әбілқайырдың осы романдағы әр кейіпкері – бақыт үшін тартысқа түскен жандар. Меніңше, кейіпкерсіз, сюжетсіз шығармалар дәуірі де алыс емес. Қазіргі сөз өнеріне араласып жүрген кей жазушылардың сюжеттік желіге емес, ой динамикасына ден қоя бастағандығын аңғарамыз. Мысалы, Д.Амантайдың, М.Қосынның шағын туындыларында осындай ізденістер көрініс береді.

- Нағыз қазақи мінез-құлықты, ұлттық болмысты тереңінен ашатын қай кейіпкерлерді межеге алар едіңіз?

- Нағыз қазақтың болмысын бір ғана кейіпкер аша алмас. Қазақы мінез бен жаратылыстың шынайы көркем бейнеге ұласқанын М.О.Әуезовтің Абайы, Ә.Нұрпейісовтің Сүйеу қарты, Ш.Мұртазаның Айшасы, М.Мағауинның Тоқсобасы сынды тұғырлы тұлғалардың бойынан көрдім.

- Әуезовтанушы ретінде Мұхтар Әуезовтің “Қорғансыздың күні”, “Қаралы сұлуы” секілді шығармалары әйел жанын терең түсінуге бағытталғанын жақсы білесіз. Ал бізде феминистік дәуірдің бірте-бірте аяқ басуына орай феминистік әдебиет рухындағы шығармаларды өндіре жазып жүрген жазушылар бар ма?

- Әйел әлемін барынша терең зерделеген қаламгерлер қатарында Ш.Мұртаза, Н.Ақыш, Т.Әсемқұлов, Р.Мұқанова, А.Кемелбаева,  М.Омарова, Л.Қоныс, т.б. атауға болады. Әрине, ізгілік пен зұлымдық, долылық пен «періште» мінездің, ақылшы мен азғырушының шегіндегі әйел табиғатының қыр-сырын кейде шағын штрихпен-ақ ашып жіберетін қаламгерлер қатары мұнымен шектелмейді. 

- «Қазақ әдебиетіне жаңа кейіпкерлерді әкелген жазушылар» дегенде есіңізге кімдер түседі?

- Егер модерндік тұрғыда қарастырсақ, тым әріден бастар едім. Мысалы, З.Шашкинның доктор Дархановы, М.Мағауиннің Едігесі, Д.Исабековтың Жасыны, О.Бөкейдің Тағаны – айрықша болмыстарымен, тосын мінездерімен, бөгде көзқарастарымен көзге түсіп, есте қалатын толымды бейнелер. 

Сұқбатымыздың соңында жас қаламгерлерге қай тақырыпта қалам тербеуге кеңес бересіз?

- Жастар әдебиетінен, жалпы әдебиетімізден ойшыл, ізденімпаз тұлғаны көргіміз келетіні рас. Баянды шығармашылық – тек танымалдық қана емес, автордың туындыларының қоғам санасына әсер ете алуы; ізгілік дәнін егіп, шындық шырағын тұтата алуы деп білемін. Сондықтан жас қаламгерлерге ҚАНДАЙ тақырыпты жазуды емес, кез келген тақырыпты ҚАЛАЙ жазуды ойлау керек деген кеңес айтар едім.

Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен Ақгүл Айдарбекқызы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan