Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
«Mecenat.kz» – 2026 финалистері қалай таңдалды?...

«Mecenat.kz» – 2026 финалистері қалай таңдалды?

125

«Mecenat.kz» – 2026 финалистері қалай таңдалды? - adebiportal.kz

Әдеби байқаулар – әдебиеттің өрісін кеңітері сөзсіз, соңғы жылдары роман байқаулары да жаңа бір серпіліс бергендей, жазуға ден қойған қаламгерлер жаңа машыққа төселе бастады, жазудың жаңа белесіне шыққандай сапалы дүниелер жазыла бастады, жаңа есімдер көріне бастады. Бес жыл қатарынан өтіп келе жатқан дәстүрлі – Mecenat.kz романдар байқауы биыл бесінші рет өтіп, 2026 жылғы жеңімпазын марапаттап үлгерді. Биыл жазушы Есболат Айдабосынның «Бүкір» романы көп дауысқа ие болып жеңімпаз атанды. 

Биылғы «Mecenat.kz – 2026» романдар байқауына алғаш рет сарапшы-ридер ретінде қатысқан болатынмын. Байқаудың 4 маусымының жеңімпаз романдары туралы өткен жылы – 2025 жылы талқылау жиындарында рецензент болып қатысып, сараптамалық-сыни пікірімді жазып жариялаған да болатынмын. Биыл қолыма берілген 11 романды бастан-аяқ тапжылмай оқып, салмақтап шығуға мүдделі болғаным бар. Бұл мақаламда осы бір алғашқы да салмақты жауапкершілікті қалай атқарғаным туралы, үздік романдар қалай таңдалды деген сұраққа жауап бермекшімін. Байқауға жіберілген романдар туралы айтпай бұрын, бұл байқаудың ұйымдастырушы, жоба авторы Ерлан Асқарбековтың алдымызға қойған бірнеше қатаң талаптары болғанын айтып өтейін. 

Mecenat.kz – еліміздегі алпауыт компанияның бірегейі – Freedom Holding Corp. тікелей қолдау білдірген ауқымды тәуелсіз азаматтық жоба. Демек, байқауға қатысқысы келетін әрбір жазарман Freedom Holding Corp. даусы ғана емес, бет-бейнесі, әлемге ұсынар әмбебап тұлғасы болуы да тиіс. Анығын айтсақ, бұл талаптар тікелей байқаудың қолдаушысы Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турловпен біріге отырып бекітілген шарт-ережелер екенін атап айтқымыз келеді. Яғни, жеңімпаз роман Freedom холдингінің қандай да ұстанымына, көзқарасына қайшы да болмауы керек әрі Холдингтің беделіне нұқсан келтірмеуі керек. 

Саяси-ұлттық араздықты тудыратын, халықтың арасына іріткі салатын, түрлі саяси топтардың, брендттердің жарнамасын асыратын романдар бірден шеттетілетіні түсінікті шығар. Және байқауға қатысқан роман халықтық үлгіде жазылуы әрі заманауи жаңа әдебиеттің үлгісі болуы керектігі құпталады. Роман Қазақстан тарихын қозғаса да жаңа ізденістер көкжиегін кеңейтер қуаты, әлемге шыға алар формасы болуы байқау шарттарында айтылған. 

Роман жазу дегенде саяси-тарихи тақырыптарды, әсіресе ашаршылық пен бүгінгі тәуелсіздікке қол жеткізудің тарихын баяндау деп ұғынатын авторлар бұл байқаудың талап-шарттарын толық оқуы тиіс дер едім. Тарихты амбициямен бейнелейтін, саясатты сатирамен шиырлайтын қаламгерлер үшін аса сақтық пен шеберлік керек екенін қадап айтар едік. Саяси бояуы асқынған, Қаңтар мен Желтоқсанды қара аспан төндіре жазуға бейіл, орысты «жаман ұлт» деп (советті емес) көрсетуге (кемсітуге) құмар да кінәмшіл авторлық астыртын ойлары бар (авторлық ой мен кейіпкердің сөзінің ара жігіне баса мән беріледі) романдар бірден тіл тартпай жарамсыздар тізіміне кете баратынын түсіндірді. Байқаудың шартында, осындай кеп, астар байқалса талапқа сай емес болып танылады. Әрине, замана шындығы ғой дерсіз, жазушы шындықты жазуы керек дерсіз. Бірақ, бұл әдеби сыйлыққа қатысты ондай ұстанымыңызға басқаша қарау керек боласыз. Басқа қырынан. Байқауға қатысу үшін ең әуелі ереже-шартын түсініп алған жөн, өйткені сарапшы ретінде түсінгенім: жазушылар байқаудың мақсат-міндетін толық түсінбейді екен.

Mecenat.kz романдар байқауының тікелей авторы, 17 жыл бойы байқауды қолдауға меценат іздеген қайреткер азамат – Ерлан Қуанышұлының да бірегей бағалау модулі бар екендігін де атап кетейік. 

Алдымызда ақ шабақтай аунап жатқан романдарға кіріспей бұрын Ерлан Қуанышұлы романдарды мына этаппен бағалауды ұсынды: 

  1.  Егер ридер романның плагиат екенін анықтаса, сюжеті тартымсыз, ашылмаған, әрі тарихи-саяси фактілерде нақтылық болмаса, байқау шарттында айтылғандай шығарма соңы үміт сыйламаса – (жақсылыққа үмітті болуы керек), оқиға Қазақстаннан тыс жерде өтсе, бұрын жарияланған және ашық көшірілген болса, шығарма соңына дейін ридердің көз жасымен «зорланып» оқылса – демек ондай романға – 1 деген баға қойылады;

  2.  Егер роман тартымды оқылып, сюжет желісі, құрылымы, идеясы жағынан қызығушылық тудыра алмаса, жаңа ізденіс нышандары байқалмаса, авторлық қолтаңба, формалық, стилдік ерекшеліктер көзге түспесе, дәстүрлі баяндау шегінен шыға алмаса, ридердің (оқырманның) екінші рет қайталап оқуына ниетін тудырмаса, ондай роман – 2 деген бағаға ие болады. Бұл жеңіске жетеқабыл баға, бірақ автордың жіберген шығармасындағы грамматикалық, стилистикалық һәм редакциялық жұмыстарға шорқақ қарауынан да туындауы мүмкін. Байқау жеңімпазын талантына қарай емес - бәлкім, жауапкершілігі мен талаптануына қарай бағалау осы бір шарттарға сай жүзеге асады. 

  3. Егер роман бірден оқылып, өзіне тарта түсіп, ридердің көзі мен көңілін арбай түссе – ол романда стилдік, формалық ізденістер, жаңа ойлар мен жаңаша көзқарастар, жаңа заманның кейіпкерінің шынайы бейнесі ашылса – оқырманды (ридерді) жаңбырлы кеште қаланың ана шетінен мына шетіне дейін сол кітаптың тұсаукесеріне баруға ықыластандыра алса, қалтасындағы соңғы 5 мың теңгесін сол кітапқа беруге, авторды бір көріп автограф алуға құштарлығын оятса – бұл роман 3 деген бағаға лайық. 

  4.  Егер роман әдебиетке ашық тұлғаның келгенін әйгілей алса, мысалы Мұхтар Әуезов туды, Асқар Сүлейменов келді, жаңа әдебиеттің басы басталды дегізетіндей тұлғаның романы оқылса – демек ол роман – 4 деген бағаға лайық. 

  5. Егер роман әлемдік бестселлерлік қуатын байқатса, Нобельге лайық ауқымымен таңқалдыра алса – Орхан Памук, Мураками, Элиф Шафак секілді оқылымға ие шедеврлік мүмкіндігі болса – ол роман 5 деген бағаға лайық. 

Міне, Ерлан Қуанышұлының осындай бағалау модулінің аясында ридерлер құрамы барлық жұмыстарды осы тәртіп аясында қарастыруға тырысты. Берілген романдар бір апта көлемінде бір кабинетте отырып оқылды. Қол телефондар тапсырылды, авторлардың аты-жөнін сол байқаудың менеджері де, біз де білмедік. Әр күні кешке Ерлан мырза бөлек бір бөлмеде әр ридердің бағалауы бойынша талқылау өткізді. Ридерлер оқылған романдарға қойылған бағаларын ақтап немесе сол бағалауға сай дәлелдерін, талдауларын ашық айтып, бір күнін қорытындылап үйге қайтатын болды. 

Өкінішке қарай дейін бе, бұл бағалау аясында оқылған романдардың басым көпшілігінің әлеуеті – 2 деген бағадан аспады. Үштіккке ілінген романдарды әупірімдеп көтере бағалағанымызды да айтқым келеді. Өйткені, суперридер алдына 6 роман жетуі тиіс, ал біздің қолымызда 3-тен аспайтын роман ғана 3 деген бағаға ие болған болатын. Біз сұрыптаған үздік 3 роман суперридерден өтпей қалу қаупі де тұрды. Талғамда талас жоқ, әртүрлі көзқарас бар демекші. Дегенмен, Ерлан мырзаның айтуынша, алдыңғы 4 маусымға қарағанда, биылғы романдардың сапасы арта түскен, ережеге сай ізденістер жақсы байқалады. Демек, байқаудың жаңа сапалық деңгейі енді көтеріле бастады деген сөз. 

Құрметті оқырман, қаламгерлер! Осы тұста бір ескерте кетерім, байқаудың алғашқы кезеңінде барынша салмақты сұрыптау қажет екенін ұғындық, өйткені екінші кезеңдегі суперридерлер алғашқы ридерлер сұрыптаған 6 романның ішінен 3 романды ғана (жеңімпаз романды) дауысқа салуға жібереді. Һәм сол дауысқа салу барысындағы соңғы кезеңнің қорытындысы сарапшының (ридерлердің) нақты әділетті шешімі екенін білдірмейтінін де атап айтқым келеді. Өйткені, байқауды дауыспен жеңу - дауысқа салу осы байқаудың ең әлсіздеу, жағымсыз тұсы десек те келіспеске амал кем. Дегенмен, шартттың аты шарт, сол соңғы шешімге дейін ең салмақты романды жеткізу біздің мойнымыздағы міндет деп түсіндім, сіз де түсініңіз. 

Байқауға қатысудың ең басты критерий-ережелерін атап өтейін (шығармада болмауы тиіс кілтсөздер): 

- Бейәдеп сөздерден тұратын лексика, адамды суицидке бейімдейтін немесе зиянды заттар тұтынуға шақыратын нақты жарнама қолданбауы керек, сонымен бірге қандай да болмасын идеологияны немесе экстремистік насихат жүргізбеуі тиіс. Ұйымдар мен коммерциялық брендтерді жарнамаламауы тиіс. Сондай-ақ Қазақстан президенттерін артық дәріптемегені жөн – елге президенттер туралы емес, халық туралы романдар қажет; 

- Қазақстанда тұратын түрлі ұлт мәдениеттерінің өзара ықпалдастығының шығармашылық әлеуетін ашып көрсету керек; 

- Сюжет 1900 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі кезеңді, осы кезеңдегі кез-келген мерзімге созылған кез-келген уақытты қамтуы тиіс;

- Шығармада оқиғаның өрбитін орны Қазақстан болуы керек;

- Шетелдік оқырмандар үшін тартымды болуы тиіс, үздік шетелдік баспаларда және «салмақты» журналдарда жарияланатын әлеуеті болғаны жөн;

- Оқырмандарға үміт беруі тиіс (шығарма соңы үмітсіз күйде, болашаққа деген сенімсіздікпен аяқталмауы керек); 

- Роман жаңа ізденістерге жол ашып, дәстүрлі көркемдік форманы байытуға назар салуы тиіс; 

- Романның кез келген жанры – (балаларға арналған роман, фантастикалық, тарихи, өлеңмен жазылған жанрлар және т.б.) байқауға қабылданады. Егер роман тарихи жанрда болса, онда ол архив құжаттарына сүйенуі керек. Тарихы нақтылық тексеріледі; 

- Көлемі – қатысушылар шығармаларды жоба серверіне Microsoft Word форматындағы бір файлмен жүктейді. Романның көлемі бос орындармен, тыныс белгілерімен қоса есептегенде 150 000 белгіден бастап, 300 000 белгіге дейін болуы шарт.

- Композиция, стилистика мейлінше әдеби кәсіпқойлықпен зерделеніп, көркемдігі шынайы пысықталуы тиіс.

- Қолжазбалар рецензияланбайды және қайтарылмайды. 

Байқаудың шартында айтылғандай – «Қазақстанда тұратын түрлі ұлт мәдениеттерінің өзара ықпалдастығының шығармашылық әлеуетін ашып көрсету керек», яғни ұлт арасындағы араздық, қандай да қақтығыс ашық авторлық көзқарасқа айналмауы шарт. Осы тұста, Ерлан мырзаның ридерлер алдына қойған шараттары да болды. Яғни, романда ұлтараздыққа бастайтын, митингіге ашық шақыратын тыйым салынған «кілтсөздер» кездессе байқау аясында қарастырудан бірден шеттетіледі. Және байқауға жіберілмейтін қауіпті «кілтсөздерді» қолдану да құпталмайды. Мысалы, «орыс-орыс оңбаған, он шошқаға тоймаған» деп әдемі классикалық дүние жазсаңыз да, қазіргі орыс халқының көңіліне тиіп, талағын тарс айырса, Холдингтің атына кір келетіні, абыройына нұқсан түсері сөзсіз болса бірден шеттетіледі шығарма. Мұны да ридерлердің өзара тартысты таласы, талдауы арқасында ғана ажыратып алуға болады. Бұл байқаудың шартына сай жазылған роман ғана қарастырылатынын түсінген боларсыз. 

Ендеше, биыл қолға түскен 11 роман (байқауға түскен романдар саны әлдеқайда көп, алайда техникалық тұрғыда сай келмеген романдар бірден алынып тасталған) туралы аз кем талдауымызды, қысқаша шолуымызды өзіңізге ұсынамын. Ескерте кетейін, ридер ретінде ешбір романның авторын білген жоқпын, жорамалдасам да нақты автордың қолтаңбасын таныған жоқпын. Мына талдауымды да авторларды білмеген күйі жазып отырмын. Байқауға түскен роман авторларының наразылығын тудырмау мақсатында талдауымды романдардың атын атамай ұсынуға мәжбүрмін.

  1. «Бүкір» романы – алғашқы сөйлемінен-ақ кәсіби жазушының қолтаңбасын таныдым, тілі шұрайлы, ойы орамды, кейіпкер жаны тірі, сюжет мистикасымен, шынайы өмірдегі ситуациясының жүйелі өрілуімен тарта түсті. Шыны керек, осы романға иық теңестірер ешбір туындыны атап айта алмас едім. Туынды таңдандыра, таңқылдыра авторын білуге де ынтықтыра түсті. Менің назарыма іліккен алғашқы осы бір туындының іріктеуден өтеріне нақ сендім. Бұл роман туралы арнайы бір мақаланы арнап та жаздым. 

  2.  «Бүкірлер елі» романының – құрылым-өзегі бар, жазуы жатық жазушының қолтаңбасын таныдым. Ақыл-ой азабы, өзінің ішкі күйзелісінен жеңілген журналисттің тозған болмысы жақсы ашылған, бірақ автордың жастығы, өміртануындағы кемшімдік, кейіпкерінің жан хәлін терең танымауы – әр сөйлемінен танылып тұрды. Дегенмен, екінші бір кейіпкердің образы шынайы ашылғанымен, оны құтқарам деп ұмтылған кейіпкердің ішкі линиясы толық ашылмай қалғанын байқауға болады. Бұл роман байқаудың іріктеуінен өткен екінші қазақ тіліндегі роман болды. Жазуы жатық болғанымен, кәсіби машықтың аздығытақырыбын терең түсінуі, һәм Төлен Әбдікше ойлануы күмән тудырды алғашында. Дегенмен, көп дүниенің ішінен көзге түскен, көңілге ұнаған осы бір романның жаны тірі, айтары бар шанайылығы сүйсінтті. Роман атауын оқысаңыз – бірден қарсылық сезімін тудырады, автордың ішкі қарсылығы, ортасына деген қарсылығы, кейіпкер қарсылығы – роман стилін, бояуын қанық ашқан, бұл қаламгердің аяқ алысына қарап қуанамыз, алдағы уақытта жақсы дүние жазарына сенеміз.

  3.  Көлемді келесі бір роман – тарихи шындыққа құрылған, ашаршылық жылдарының ауыр зардаптары мен сол кезеңнің шындығын шерленіп жазған роман екен. Роман көлемі ауқымды, алайда оқиғаны баяндауы ұзақ, эмоциялық реңк романның басынан аяғына дейін өзгермейді. Қайғылы заман болған деп автор «ойбайдың» әсерін, зарлаудың суреттеуіне көп күшін салады. Характерді ашу кемшін, жинақылау аз, автормен кейіпкердің ойы бірігіп кетуі секілді байқалмайтын құбылыстарға қарап – машығы аз, әуесқой жазушының шығармасы деуге болады. Тарихи оқиғалардың дәлдігі жоқ, сюжет барысы жетілмеген. Кейіпкерлерін терең сезінбейді, сырттай суреттеуге әуес, ішкі болмыс-сұранысы ашылмайды. Автор әр жерде «орыс» деп атап тұрып тікелей жазғыруға көшеді. Осы тектес тарихи романдарды жазуда жас авторлар өткендерден үлгі алып, тарихқа кешегілердің көзімен емес, өзінің, бүгінгінің көзімен қарауға тырысу керек дер едім. Өйткені, сіз бен біз бәрібір қазіргі ғасырдамыз, ал сонау ғасыр адамының ішкі дүниесін беру үшін Майлин, Мүсірепов секілді оларды көре, терең сезіне білуіңіз керек. Осы тұста, формалық ізденістерге баруға батылсыз романдар қанша шындық айтса да, көркемдік тұрғыдан құндылығын жоғалта бермек. 

  4.  Келесі бір роман – бұл Алматыға періште болып келіп осы қаланың мыстаны атанатын қыздардың тағдыры туралы. Роман қарапайым рилстік сценарийлер форматында жазылғандай әсер береді, қысқа-нұсқа диалогтар, келте сюжеттер, ішкі конфликтті ашуға емес сыртқы эмоцияға құрылған романның бір әңгіме немесе новелланы көтерер тақырыптық аясы бар. Бірақ, роман жазу дегенің сөйлемдерді көбейту, сюжеттерді араластыру, кейіпкерді диалогтар арқылы ашу деп түсіну – қаншалықты дұрыс екенін түсіну қиын. Роман көлем көтереді, көпсізділікті емес. Роман ішкі сезім толқыны, ішкі монологтарды, ішкі конфликтті шешер алаңға айналуы тиіс болса керек-ті. Алайда, біз диалогтар құрылымын осы күні инстаграмдық рилстік сценарийлерден айыра алмай бара жатқандаймыз. Дегенмен, автор көтерген тақырып актуалдылығымен, кейіпкеріне деген жанашырлығымен қызықтыра түсті, алдағы уақытта шығармашылық шыңдалуда асу-белдерден өтуде аянбай еңбектенуді тілеймін.

  5.  Келесі роман – формасы жағынан жаңашыл көрінді, роман бастан-аяқ диалогқа, ара тұра тарихи фактілерді нақтылайтын архивтік құжаттарға, тарихи деректерге, өмірбаяндарға толы. Бас кейіпкерлер – қыз бен жігіттің өзара қарым-қатынасы осы бір тарих арқылы ашылады. Олардың диалогтары арқылы сюжет барысын түсінесіз. Дегенмен, егер чат жипити болмағанда, бұл романды жаңа форма деп айтуға да болар ма еді деп ойлаймын. Автор бейнебір орыс тілінен аударғандай жазған, болмаса орыстілді қазақ болуы да мүмкін. Сөздің жаны жоқ, жүрекке тиер жылуы жоқ. Суық образдар суық әңгімелеседі, өткен тарих туралы да суық жазылады, кейіпкердің нақты көңіл күйін, ішкі хәлін түсініп болмайды, ол біресе көңілді, біресе түк сезімсіз өлі адамдай сөйлейді. Автор киносценарий бағытында жақсы машықтанған болуы мүмкін, бірақ ішкі психологиялық күйді, кейіпкер өсуін, оқиға желісінің дамуын еш байқай алмадық. Дегенмен, романның ішкі идеясы, патриоттық көңіл күйі – автордың тарихқа деген зор құрметіне қарап ізденістің жолында екені сезіледі. 

  6.  Бұрын соңды кездестірмеген тақырыбы таңсықтау келесі роман – жынысы нақты емес, қос жынысты адамдардың проблемасын көтереді. Бұл роман – екі жыныстың де белгісі бар адамның өзін табу туралы тарихи баяны. Автор жас болуы мүмкін, жазуында сезімталдық, аса бір ықтияттық бар. Дегенмен, бұл проблеманы жақсы білетін, терең білетін автор деп ойладым, өйткені роман қос жынысты адамның әр кезеңдік жасын жақсы бейнелей білген. Әр жастағы кезеңдік ішкі күйзелісі, өзгерісі жүйелі сипатталады, айналасымен қақтығысы, өзімен қайшылығы да ашылады. Романды соңына дейін, соңғы ойына дейін бейіл қойып оқыдым. Автордан соңғы ойдың түйінін күттім. Алайда... Роман идеясы – өзін табу туралы болғанымен, «биологиялық табуды» басты нысанға алу қаншалықты орынды? Өзін табу – ішкі хәлдің күйі емес пе? Өзінің кім екенін білмейтін адамның жынысын анықтауы, өзінде еркектік жыныс анық көрінсе де әйел болуға шешім шығарып, ота жасатуын, одан кейінгі өзін бақытты да бақытсыз сезінуі – адамның жанының ішкі сұрақтарына жауап бере ала ма? Жас авторға осы тұстан шынайы өзін табу туралы ойлануды ұсынар едім. Һәм роман соңында бұның бәрі түс еді деп бір сөйлеммен қайыра салуы – «ұйықтаңдар!» деп тіке жазуы оқырманға деген құрметсіздік деп қабылдадым. 

  7.  Патриоттық сарындағы келесі бір роман – азаматтық ұстаныммен «Отанға қызмет қылудың» үлгісі секілді бағзы бір жүйелік формада жазылған. Автор жас болуы керек (жаңадан жазуға отырған жасамыс адам), сюжетті ұстай алмайды, кейіпкер жанына үңілуі аз, адам жүйенің, бір зауыттың бөлшегіндей – көне жол реалистік ұстанымда жазылған. Кейіпкер жаны жалаң, суреттеуі құрғақ, шығармаға жан бітпегендей қалыпта жіберілген. Қазіргі жазушы сезімталдығымен, түйсікшілдігімен өзгешеленіп, айнала әлемге өзінің көзімен қарауға талпыну керек. Қандай да принцип, ұстаным, патриоттық-ұлттық деген сезімдер ішкі сұраныстан, генеологиялық тарихынан туатынын түсінуі керек. Яғни, батырды батыр ететін айналаның қақсайтын батыр болу туралы аңызы емес, кейіпкердің ішкі жеке мотиві болуы керек. Жазушының осынау бір еңбегі алдағы уақыттағы зор белеске баспалдақ боларына сенемін, жазуға сену керек, ішкі дүниеге үңілуге тырысу керек дер едім. 

  8.  «Ойлан, қазақ» романы – ойлантып қойған романның бірі осы болды. Өткен буынның өткергені мен құндылығы, бүгінгі буынның уәжі жақсы ашылған. Автор кейіпкерін жақсы таниды, жақсы бейнелейді, шынайы түсінеді. Фантастикалық жанрдағы шығарманың жазуы жатық, тілі деректі прозаға келеді. Қазіргі әдеби тіл ғылыми айналымға түскенде өзгеше түс алғанын байқауға болады. Дегенмен, романда жинақылық аз, жинақтау аз, баяндауға күш салады, эмоциялық реңкке басымдық береді. Дегенмен, осы аталған шығармалар арасында озық тұрған романның бірі дер едім. Сюжет құруы, идеясын соңына дейін тап тұйнақтай алып шығуы – романның көлемін ақтайды. Жеңімпаз үштіктің қатарына енген романның бірі. Роман идеясындағы ұрпақтар ара қатынасы, ұрпақтар сабақтастығы, құндылықтар ауысуы – жақсы өрілген, өз өмірін өзгертуге талпысы, өзінің өткеніне баруы да шынайы ашылған. Дегенмен, көркем образ жасауда әлі машықтың аздығы байқалады, ғылыми жаңалықтарды – заманауи көркем әдебиеттің жаңа ізденісі деп қарауға да бола ма, болмай ма, бұл де шешуі жоқ сұрақ. Әдебиетте түрлі деңгейлер, түрлі тақырыптар өмір сүруге хақысы бар, әрине. 

  9.  Таңғажайып хикаялы келесі бір роман – кең көлемді, жазуы бөлек, ғылыми-ғаршы тілінде (ғаршы тілі дегенімді кешірерсіз), сұмдық мистикалық-фантастикалық стильдегі шығарма. Оқылуы күрделі, жазылуы жатық, ұғынықты болса да түкке түсінбейтін ғылымилық пен «әумесерліктің» тілінде жазылған романды қандай фактормен бағалауды басында түсінбедік. Шынын айту керек, бұл роман ба, әлде бұл ғарышқа сапарлап қайтқан адамның, әлемдерді зерттеп жерге келген, жерде жүрсе де аспанда қалған адамның миымен жазылған сана ағысы болар деп қалдым. Талантты шығарма қарапайым да түсінікті һәм шынайылығымен баурайды дегенге кәміл сенетін біз оқырмандар мұндай деңгейдегі шығарманы роман санатына қосудың өзін қиянат санар едік. Бәлкім бұл, бүкіл дүниенің құпиясын ашқан адамның түсіндегі сандырағы, бәлкім бұл нағыз шатасқан адамның миының жазбалары, бірақ қалай да әдебиет емес екенін нақты айта аламын. Бұл қолжазбаны іздеп тауып оқудың қажеті де жоқ дер едім, егер оқи қалсаңыз – сау жаныңызды, сау отбасыңызды сақтаңыз дегім келеді. Бұл роман туралы ашық айта алмаймын, бірақ, авторға келесіде жазылар дүниесінің жүйелі де түсінікті дүние болғанын ұсынар едім. Роман деп айтуға келмейтін сөз жинақтың кейіпкері анық емес, сюжеттік құрылымы жоқ, айдан жерге, жерден айда жүретін, кез келген планетада қалқитын кейіпкер шоғырын ойлап тауып, сұхбаттар алаңына айналдыру, таңбалармен сөйлету бәлкім, болашақтағы генийлер оқитын дүние болар деп те болжадым. Бірақ, әдебиетте сау адам жаны керек, сау сана керек. 

  10.  Еліміздегі табиғат қорғаушылары, орман аңшылығы мен жануарларды қорғаушы – қорықшылардың өмірін өзек еткен келесі бір роман көлемді жазылған. Жазушының стилі қанық, жазуы жатық, тақырыбы мен кейіпкерін терең білетіні байқалады. Роман тартымды көрінді, ондағы кейіпкер тағдыры шынайы. Алайда, телесериалдық форматта әр бөлім әр кейіпкердің линиясын ашу үшін арналады, бейнебір сериалдық сценарий оқып отырғандай күйге бөлендім. Дап-дайын телесериалға сұранып-ақ тұр. Шығармада мистикалық жәндіктер туралы аңыздар қозғалады, кейіпкер сол бір жәндіктерді қорғауға барын салады. Алайда, автор көлем қуа ма, әлде оқиғаны ширықтыру үшін қазбалай ма, тым ұзақ баяндап, әрбір деталды бүге шүгесіне дейін тәпсірлейді. Тілі тақа тұқ, сериалдық диалогтар, қалалық сөз саптаулар мен әлемдік кинофильмдегі «шындық іздегіш» кейіпкерлер тізбегі оқиғаның бірден немен аяқталарын байқатып, білдіртіп қояды. Үндістандық, голливудтық сценарий ізімен жазылған диалогтарда жан жоқ, кейде автордың кейіпкер характерін бере алмай қиналғанын байқайсың. Детективтік әлеуеті зор, телесериалдық мүмкіндігі бар романның редактурадан өтпей (стилистикалық, грамматикалық қателерін түзетпей) келгені байқалады. Автор жазуында машық аз, жаңа ізденістердің көкжиегіне қарай қадам басса да ауылдан ұзай алмаған. Көлемді романды сәтті аяқтаған (хэппи эндтік) лебінен автордың болашақта тамаша дүинелерді жазуына, аяқ алысына сенемін. Бұл роман алғашқы 6 роман қатарында болған романның бірі. 

  11.  Бесінші маусымдағы «Бүкірмен» иық тірестірдей әлеуеті бар қазақ тіліндегі романның бірі боларлық келесі роман алғашқы сұрыптаудағы 6 романның қатарына іліккен еді. Балалар әдебиеті жанрындағы роман тілі, стилі «Балалық шаққа саяхатқа» ұқсаңқырап кеткен. Автор сол бір стильде жата-жастана жаттығып, авторлық жан-стиліне айналдырып алғанын байқадық. Оқиғалар құрылымы әдемі, сюжеттер сүйкімді ашылады, характерлер бейнесі шынайы, сүйсініп оқуға тұратын дүние. Кейіпкердің өсуі, толысуы жүйелі, сендіреді, нандырады – негізгі роман құрылымына толық жұмыс істейді. Жазуына қарап машықтанған, кәсіби жазушы екенін таныдым. Алғашқы үштіктің сапына кіретін-ақ қуаты бар, бірақ... Тарихи шындықты жазудың осы байқауда шекарасы барын басында айтып өттік. Кейіпкерлер шын өмірде солай-ақ болса болған шығар, бірақ «әкең аузы» деп шектен тыс пайдалану көркем шығармаға қаншалықты көлеңке түсіретінін нақты айту қиын. Осы сөзді бір бөлім тақырыбы етіп алуы да күмәнді. Одан қалса автор кейіпкердің ішкі дүниесін ақтара келіп «Шалдардың сөзіне қарап орыс деген оңбаған халық болғанын бірден танимын» деп авторлық ойға қарай ойысқаны ридерлер ортасында да талас тудырды. Одан қалса кейіпкерлер «Орыс-орыс оңбаған, он шошқаға тоймаған» деп әндетеді. Кейіпкердің осылай айтуында тарихи шындық бар, жас кезімізде бәріміз әндеткен, айтқан сөздер екені шындық. Алайда, кейіпкер мен авторлық көзқарас кірігіп-араласып кеткенін байқау қиын емес осы тұста. Автор мен кейіпкер бөлек өмір сүру керегін, осы тұста қылдай қиын шекара барын аңғару керектігін де бас жағында айтқан болатынбыз. Бұл сөздер тікелей кейіпкердің аузымен айтылуы, ойлантуы тиіс. Жалпы, осы байқауға ұсынар романда айтылмағаны құба-құп. Бұл роман суперридердің алдынан өтер алғашқы үздік 6 романның қатарында болса да кейінгі үштікке кіре алмады. Автордың таланты мен жазуына ешқандай айтар сын жоқ, әр сөзі әдемі, шынайы, кейіпкерлері қызықтыра түседі, тартымды берілген. Дегенмен, жазуында жаңа ізденістер мен жаңаша ойлана алатын кейіпкерлер көре алмадық. Бағзы-баяғыдағы ауыл әңгімелерінен шықпау - бүгінгіні мансұқтау, бүгінгіге қарай алмау секілді бір кілтипанның ұшын байқататындай бізге. 

Бұл талдау біздің әлемдік деңгейде теңдесі жоқ «Меценат кз» романдар байқауына алғаш рет ридер ретінде таңдалып, салмақты жауапкершілік арқалаған міндетімді адал атқаруға тырысқан есебім деп білерсіз. Қаламгер қауым арасында бұл байқау туралы түрлі сөз-пайымдар жүгіріп жүр, бірақ бір айтарым, жоба авторы Ерлан Қуанышұлы жеке өз басыма ешқандай қысым көрсетіп, қандай да жұмысты алға шығарып, осыған дауыс беру керек деп, ақтап алып өз қалауын орындатқан жоқ. Ол біздің даусымызды құрметтеді һәм кәдімгі кәсіби әдебиетшідей әр романның талдауын мұқият тыңдады. Түсінгенім, ол тұнып тұрған әдебиетші, терең білімдар адам. Ол бизнес саласынан әдебиетке келген жоқ, оның жан дүниесі әдебиетші бола тұра өмір бойы басқа салада жүруге мәжбүр болған. Өзі де өлең жазады, жан дүниесімен ақын. Өзі ғана сенетін жобасы қазіргі таңда елдік жобаға айналды, алғаш рет елімізде жазушылардың жақсы жазуына, ден қойып сапалы жазуына мүмкіндік туып отыр.

 Ендеше, сіз де сеніңіз, жазыңыз! Тағы да жазыңыз! 

Сағадат Ордаш, Сыншы, прозаик 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan