Салттық өлеңнің ескі үлгісі
Тұңғыш Президенттің бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бір топ ғалымдары 2012-2013 жылдары Ресей, Моңғолия, Қытайдағы қазақтар арасында экспедициялық сапарда болған еді. Осы ғылыми сапарда ұмытылып жоғала бастаған қазақ фольклорының байырғы үлгілерін жазып алуға мейлінше мүмкіндік туған болатын. Сондай соны үлгінің бірі – «Диуанабәйіт».
Ғұндар заманынан жалғасқан бақсы типі ислам дінінің ықпалы ел арасына дендеп күшеюіне байланысты кедергіге ұшырап, санадан біртіндеп ығыстырылып, бақсылықтың кейбір жұрнақтары кейіннен мұсылмандық жоралғылармен қабысып-жымдасып өмір сүрген болатын.
Дәл осы өлара кезеңде ислам дінінің жұрт арасында кең жайылып, санаға сіңуіне үлес қосып, екінші жағынан ескілікті бақсылықтың жұрнағын жаңа бояумен әрлеп, әрі қарай басқаша тұрпатта жалғастыруға үлес қосқан ерекше рухани дәнекерші тұлға болды. Ол – бүгінге дейін лайықты зерттелмеген Диуана типі.
Осы тұрғыдан көне наным-сенімге қатысты ғұрыптық үлгілерді жіті тексергенде диуаналар айтып жүретін фольклордың тағы бір жанрлық түріне негіз болатын соны үлгі табылды. Ол – «Диуанабәйіт» өлеңі.
Әдетте диуанабәйітті ел ақтайтын кезбе диуаналар айтатын болған. Оның мәтіні туралы алғаш пікір білдірген – алаш зиялысы Отыншы Әлжанов.
Ол «Бақсылардың қылған кәсібін диуаналар да қылады. Бұлар мұсылмандықтың жөнін айтып жүруші еді. Қаріп-қасір жетімдерге ақылды сөздер айтып һәм өзге жәрдемшілік қылар еді. Дуаналық әуелі Шайқы-Бұрқы диуанадан үлгі болып қалған еді. Осы уақыттағы дуаналар Шайқы-Бұрқы дуанаға сыйынады. Дуаналар сыйынғанда «Шайқы-Бұрқы диуана пірім, қолдай көр» деп сыйынады» деген мәліметті «Дала уалаяты газетінде» жариялайды.
Бұдан байқайтынымыз, қазақта бақсының пірі – Қорқыт болса, диуананың сыйынатын иесі – Шайқы-Бұрқы диуана.
Бізге жеткен «Диуанабәйіт» өлеңдерін тексергенде оның адамдарды емдеу, құмалақ ашу, бата беру, отбасында тату-тәтті болуды, ата-ананы сыйлауды, әдептілікті сақтауды дәріптеп, ғибрат айту, ислам дінін насихаттау секілді қызметтер атқаратыны көрініс тапқан.
«Диуанабәйіт» әдетте «Ах, пәледен қақ, Диуана келсе есiктен, Пәлекет қашар тесiктен», деген дәстүрлі жолдармен басталады.
«Диуанабәйіт» өлеңінде диуананың мақсаты, іс-әрекеті, мінез-құлқы да көрініс тапқан. Сонымен бірге оның шайтанды қуып, пәле-жаланы аластап, елді имандылық пен хақ жолына, татулық пен береке-бірлікке үгіттеп, асатаяғын сылдырлатып, рәсім орындап жүргені бейнеленеді.
Қызырдың алып батасын,
Мұсаның тұттым асасын.
Шарапат бар бойымда,
Бәлекет-шайтан қашатын.
Бақыт берсiн жұртыма,
Бағы шалқып жататын.
Ах, пәледен қақ!
Диуана дүниеден безініп, құдай жолында құлшылық етіп, ел кезіп, өзіне тән ешқандай меншік зат иеленбей, құр алақан өмір сүруге бекінген тақуа адам деуге болады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Шайқы Бұрқы диуананың қырық күн, қырық түн шыркөбелек айналып, шыңнан секірсе де жерге құламай аман түсетін қасиеті болғанын жазады. Жалпы, диуана, дәруіштер шыркөбелек айналып билеу арқылы ләззат алып, Жаратқан иенің дидарын көруге ынтық болады деген ұғым бар.
Дастандарда Шайқы Бұрқы – адам баласына жанашыр, тақуа, таза құлшылық иесі, сол себептен де Құдайдың сыйына бөленген, Жаратушыға тілектерін орындата алған ерекше жан иесі бейнесінде суреттеледі. Ол түрікмен, өзбек, тәжік, татар секілді халықтардың барлығында кездеседі. Борх диуананың есімі Мұса пайғамбардың замандасы және ол Құдайдан жаңбыр тілеп жауғызған керемет иесі ретінде бейнеленген дерек бар.
Ал, диуанабәйітте «Мұсаның тұттым асасын... Шайқы-бұрқы диуана, жын шайтанды қуала» деп диуаналардың түпкілікті пір иелері Мұса мен Шайхы Бұрыққа қатар сыйынуының тарихи терең мәні бар секілді. Диуананың асай-мұсайы деген сөз орамы олардың қолындағы аса таяқ Мұса пайғамбардан қалған мирас дегенді білдіреді.
Диуана басына аққу терісін бітеу сойып киеді, қолында аса таяғы бар, қоржынында дәрі-дәрмек, асай-мұсайы бар, ел ақтаумен күн көреді. Оның бұл қызметтері «Диуанабәйітте» суреттеледі: «Диуана келді асалы, Жын-шайтан көрсе қашады».
Диуананың басына аққу терісін киюі – Сібір түркілерінің шамандығын елестетеді. Ол бал ашады, сәуегейлік танытады, жын-шайтанды аластап қуып, тілек тілейді. Бір сөзбен айтқанда, оның ерекше үлгідегі киім-кешегі, сырлы жүріс-тұрысы, жұмбақ тіршілігі, асатаяқ сылдыры ырғағымен айтатын нақыл ғибратқа толы өлеңі сақара жұртын қайран қалдырып, аузын ашып, көзін жұмдырған. Оның осындай кейіп-кеспірі өлеңде айқын көрініс табады: «Аққу кидім басыма, Киелі құстың терісі».
Қазақ диуанасы әдептілік пен татулықты ерекше дәріптеп, бата беріп, түс жорып, қырсықты қуатын дуагөй жан екені байқалады. Ағайын арасындағы алауыздық, шаңырақтағы келін мен ененің қатынасы, дүниеқоңыздық пен ұрыс-жанжал оның өлеңінен шет қалмайды, ол бұл пәниде береке-бірлік сақтауды үгіттеп, қауымның әлеуметтік-психологиялық түйткілдерін шешетін адамгершілік негіздерді уағыздайды, өлеңін әрдайым орамды бата-тілекпен көмкеріп отырады.
Ашкөз болса, пейiлiң,
Иманың қашар терiстен.
Ұрыспай өткен пенде бол,
Ұялмай қайта көрiскен.
Татулығың табылмас,
Тай-құлындай тебiскен.
Қазақ диуанасы елді ізгілік пен хақ жолына үндеумен бірге тек қана дінді насихаттамай, отбасының өнегелі, инабатты болуына тәлімгерлік уағыз айтатындықтан қасиетті саналып, ел аузында нақыл өлеңдері сақталып қалуына негіз қаланған. Оның өлеңдері бақсы сарыны секілді тек қана жын, аруақ, пері тәрізді арғы әлемдегі құпия рухтармен тілдеспейді, кәдімгі тұрмыс-тіршіліктегі қарапайым адам өміріндегі ахуалдарды шынайы суреттеуімен маңызды:
Ұмытып Құдай, тәубеңдi,
Ұмытсаң ата-анаңды,
Қырсығың мiнiп желкеңе,
Шулатсаң қатын-балаңды,
Сайтан келiп мәз болып,
Ажыратар араңды.
Осыны ойлап пақырың,
Ел аралап ақырын –
Айтып келем, «ел ауған»
Әулиелер ақылын.
Алайда «Диуанабәйітте» ең негізгі түйін – бұл пәни жалғанда нәпсі күнәдан тыйылып, түпкі мақсат – о дүниеде нығметке, сауапқа бөлену:
Дүние қумас жақсылар,
Жамылған жалғыз
матасын.
Кешiре гөр, тәңiрiм,
Пәндесiнiң қылған
қатасын?
…Адал болсаң тартарсың,
Сыйлы орында жемiстен.
Алла жар боп мақшарда,
Табысайық пейiштен!
Қорыта айтқанда, көне наным-сенімге қатысты ғұрыптық фольклорды жүйелегенде стадиялық тұрғыдан бақсы сарынынан кейін «Диуанабәйіт» өлеңі орын алуға лайықты жанрлық түр екендігін ел арасына таралған үлгілер дәлелдеді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.