Соңғы жылдары «модернизм», «постмодернизм» деген атауларға құлағымыз үйір бола бастады. Модернизм дегеннің басын ашып алмай жатып, постмодернизмге ұрынғанымызға қарамастан, біздің қоғамда осылардың екеуінің де елесі жүр. Бүгін олар өнерде кеңінен көрініс тауып отыр. Әсіресе, өнерде алдашабарлар саналатын музыка, кескіншілік, суретшілікте бұл тіптен айқын сезіледі. Мұны Алматының көшелері мен галереяларынан айқын сезінесің.
Ол әдебиетте де бар. Батыстың өнер эстетикасында модернизм мен постмодернизм аты көрсетіп тұрғандай бір-бірімен тығыз қатысты. Бірақ олардың арасында өткел бермес ордай айқын айрмашылық та бар. Образдап айтар болсақ, айдарынан жел ескен модернис ақындар шығарма жазуды қирап қалған әдемі гүл құмырасын қайта қалап-құрап шыққанға ұқсас, быт-шыт болған рухани дүниені өнердің құдыретімен қайта тұрғызу деп біледі. Ал әдебиетке модернистерден кейін келген постмодернистер аға буындарынан да асып түсті. Олар гүл құмыра қираған екен, қираған құмыраны қайта құраудың қажеті жоқ, оны өнер сол қираған күйінде айнытпай көрсетуі керек деген эстетика ұстанды. Постмодернистер өткен ғасырдың 60-жылдарында «капитализмнің ақырғы сатысына аяқ басты» делінген АҚШ-та төбе көрсете бастаса, бүгінде бұл ағым шығыс пен батыс елдерінде кең етек жайып отыр.
Сириялық Уахид Асад жаңа ғасыр басындағы Араб әдебиетінде бой көтерген осы ағымның өкілі. Әдебиетке ақын болып келген оның «Тынысым менің» (1997ж), «Анарға түскен сызат» (1999ж) жинақтары постмодернистік ерекшелгімен көзге түскен, 2000 жылы жарық көрген «Тұлғаның бөлшектері» әңгіме жинағында бұл ерекшелік тіптен айқын көрініс табады. Постмодернизмдік ғаламдану жағдайында, көптеген шығыс елдері сияқты араб дүниесі де күрделі сынақтарға дөп келіп отыр. Ұзаққа созылған орта шығыс жанжалы, діндер, ұлттар арасындағы қақтығыс, обадай жайылған жоқшылық пен ашаршылық, кәсіпсіздік, өзін-өзі жарған террористік оқиғалар, оған қосып дәстүрлік талғам-таразыға түбірінен қайшы — баса көктеп кірген батыс өркениетінің ықпалы. Осылардың бәрі бүгінгі араб дүниесін, ондағы дәстүрлі көзқарас пен тарихи-дүниетанымды үлкен өзгерістерге ұшыратып отыр. Жиып келгенде, бүгінгі арабтардың рухани дүниесі шым-шытырық постмодернистік түс алған.
Араб жазушылары өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап постмодернистік шығармалар бере бастаған. Айталық Палестин жазушысы Ыбырай Насролланың «Тұмауға шалдыққан балапан әтеш» (1985ж), «Тек, екеу ғана» жинақтарында, Мысыр жазушысы Едуард Дилаттың «Теңіздегі өлім», «Жарықтың көзіндегі қара қарға», «Жүзімдіктің көлеңкесі» жинақтарында, тағы бір Мысыр жазушысы Бах Тахаридың «Мен бұрын сені түсімде көргенмін» кітаптарында постмодернизмнің эстетикасы көрініс берген еді. Уахид Асадтың шағын 21 әңгімеден тұратын жинағының өнбойынан постмодернизмнің қасиеті түгелге жуық табылады: бірізді сюжет жоқ, композиция қираған, шығарма бөлшектік түс алатын қиындылардан тұрады, сөз-сөйлемдер екіұшты болып келеді, уақыт пен кеңістік өзгеріске жиі ұшырайды, шығарманың тілі автордың меңгеруінен гөрі, өзін өзі жасауға бейім тұрады, тіл мен ол сөз еткелі отырған объекті арасындағы жік жоғалуға жақындайды, мазмұн мен формадағы «қалыпсыздық» шығарманы көп мағыналы, көп қатпарлылыққа сүйрейді. т.б.
Бұл әңгімелер жұрттың ойында жүрген, ақылдық танымның таразысындағы ақиқаттарды айтпайды, қалаберді ақылмандыққа да салынбайды. Оның орнына шым-шытырық, керағар дүниенің сезім мен түйсіктегі орнын дәл тауып, бүгінгі адамдардың рухани дүниесін тереңірек ашуға тырысады. Шығарманы түсініп жетудің кілтін автор тілге, тілдің бойындағы сөзге, сөздің тегінде жатқан, бүркенген адам рухынан жол ашқан бояулардың реңіне – жиып келгенде сөздің болмысына тапсырады. Дегенмен, бұны постмодернистер сөздің гүлбаққа ұқсап жайнаған реңінен емес, маңдайын күн қақтаған осызаман адамының таңдайынан тепсіп шыққан сөздерден сығып алады. Бұл сөздер романтикалы асқақ әуенде емес, қайта албарынды айғаймен жер басып жүрген бүгінгі адамдардың болмысына бір табан жақындығымен ерекше. Белгілі мағынадан алғанда, постмодернизм дегеннің өзі осы қалыпсыз – тұрақсыздықты жеріне жете тектеу. Мұқағали Мақатаевтың мынадай бір өлеңі бар:
Аттандырып тым тәтті сәттерімді,
Мен аяқтап келемін дәптерімді.
Сәттерімді айттым ба, әттеңімді,
Әйтеуір жуып алдым пәк көңілді.
Осы шумақта линзаға түскен жарықтың түрлерге айырылып сынатынындай – тіл де өмірдің үш түрлі бояуын – үш түрлі ағысын кескіндеген. Ақын басынан өткен бір ғана өмір болғанымен, бұл шумақта үш қырлы көрініс бар. Өлеңнің алдыңғы екі тармағы үндесіп қабаттасатындай болғанымен, бір-бірінен айқын парықталатын екі түрлі күйді кескіндейді, соңғы тармағы «жуып алдым» деген тіркес ақын образын объектендіреді де, өлеңде алдыңғы екі күйдің ортасындағы үшінші бір күй – алдыңғыларға ұқсамайтын лирикалық бояуымен көрініс табады, алдыңғы екі тармақтан туындаған сезім жиылып кеп осы арнада бір арнаға тоғысады. Осыған ұқсас өмірдің ұқсамаған реңнен (дегенмен романтикалы емес), көп қырдан тұратын тасадағы болмысын – арабтардың бүгінгі жан-дүниесін Уахид Асад та сондай бояумен бейнелеуге тырысқан. «Қуыс дененің айғайы» әңгімесінде «мен» кейіпкер мен оның досының кім екені, «менің» оны неге өлтіргені айтылмайды. Тіпті досының өлген-өлмегіні де белгісіз. Әңгімені оқып болған соң, бұның біреудің түсі немесе өңі екенін де бірден айыра алмайсың. Әңгімедегі өмірдің бірінші бояуы «менің» досына пышақ салып, оны сүйреп жүрген көрінісі, екінші бояу көп нүктемен аяқталатын жалғыз сөйлемнен тұратын үшінші бөлек, одан кейінгі бояу соңғы екі ауыз диалогтан туындаған мазмұн. Автор осыларды қиыстырады да, ендігісін өзің тап, қиялда дейді. Ал «Рухтың дегені болды» «Құрандағы» Ибраһим Пайғанбардың баласын құрбандыққа шалуға ниет еткені турасындағы жазбаны қайталаған. Көктен көк қошқар түседі делінетін аңызға автор жаңаша түс беріп, одан «басы жоқ адамдар!» деген мазмұн туғызады. Басы жоқ әке зыр жүгіріп жүріп өзінің басының жоқ екенін ұмытып қана қоймайды, ұлының да басы жоқ екенін есінен шығарады. Әңгіме бастаған бұл шиырды тіпті бүгінгі біздің болмысымызға, біздің босағамызға дейін созуымызға болады. «Жұлым-жұлымы шыққан суреттің екі паршасы» болса суретке қатысы бар әңгіме. Әңгіменің бірінші бөлімінде уақыт пен кеңістіктің түрліше анықтамасы сияқтанып қараңғылық, бір буда кілт, қалай өсетіні білінбейтін ағаш пен бала, құстың қызыл шақа балапаны айтылады. Қай уақыт, қай жер екені белгісіз болғанымен, адам өз өмірінің бір сәтінде әйтеуір «қараңғылықтың» бетіндегі пердесін ашады дейді автор – өмірдің ұзыннан ұзаққа созылған сапар екенін, «біздің» де сол сапарда, сол қатарда екенімізді бәрі бір біліп қаламыз. Біз әуелден-ақ әлденені іздеп сапарға шыққанбыз, оны өмір бойы тынбай іздейміз, бет келген әр күн біз үшін қарсы алдымыздан кездескен бөлменің есігі тәрізді, бізді бөлменің өзінен гөрі оның есігі көп қызықтырады, содан да біз кілтке – топ кілтке барынша құштармыз. Уақыт жылыстап өтіп, есік бірінен кейін бірі ашылғанына қарамастан, соңғы есіктің болмайтыны – біздердің топ кілтке қолымыздың жетпейтінін мойындай бермейміз. Өкінішті-ақ! Үмітсіздіктен үміт күту біздің табиғатымыздың таңдауы. Содан да қалай өсетіні белгісіз ағаш сияқты қалай өтетіні белгісіз өміріміздің бала кездей ғайып болып кететінін аңғармай қаламыз, қайта өзімізге берілген қамшының сабындай аз ғана уақыттың уысында қызылшақа балапанның тірлігіндей мазасыз ұмтылумен тірлік кешеміз. Біз ұзынан-ұзаққа жалғасқан сапардың өзіміз аз аңғаратын қатарындамыз, оны ауыр болсада мойындауға тиістіміз. Көкейде бүлк еткен бұл ойды автор әңгіменің екінші бөлімінде тасадан көрнеуге шығарған. «Қай уақыт, қай жер?» деп бастап, оған «бүгінгі жоқшылық, соғыс, өлім жайлаған араб дүниесі» дегенге жақындатады: Өлі мен тірінің сұхбаты, тірі адам өлген досына кебін мен көр таба алмай дал болып, өзгенің көріне жасырып жерлейді, ал өлген адам тірі дүниеге қайырылып қарағысы да жоқ. «Аласұрған біреу өз мүрдесін көтеріп жүр» постмодернистік түс алған қоғамның келбетін тіпті де көп қырынан ашады. Әңгіме бастала салысымен «мен» кейіпкер «менің ішімдегі әлгі адамды өлтірді» деп жар салғандай мәлімдейді. Бұл мәлімдеме әңгіменің кейінгі қырық құраудай көрінетін бөлімін тұтастырып тұрған жіп сияқты. Алғашқы бөлікте өмірден қайта тұрмастай таяқ жеген, табыт ағашта жатқан біреудің үйіне, әйелінің қасына оралсам деген ойы, одан ақын мен досының ортасындағы қысқа сұхбат, үшінші бөлекте лоторея билетіне қатысты туған адам бойындағы іс пен ойдың арасындағы түсініспеушілік, одан қара әйел сияқты «қап-қара өмір», одан барып сондай қап-қара өмірде де жалыны бір сәт өшпейтін нәпсі...
Жиып келгенде аласұрған қоғам мен адам. Жоғарыдағы әңгімелерде «Өлім», «Өлу» деген сөздердің мағынасы бастан ақыр көлбеңдеп көз алдыңнан кетпейді. Автор осы екі сөзге барынша мән берген. Күнбе күн бастан кешкен уақиғалардан сезіп-біліп отырғанына қарамастан, осы сөздердің шынайы мәнін адамзат бүгінге дейін жете түсіне алған жоқ дегісі келетіндей ол. Алайда әңгімелерде отқа оранған Орта Шығыс, күрделі мәселелердің шырмауынан шыға алмай отырған бүгінгі араб дүниесі деген мағынадағы сөздер атымен кездеспейді. Автор әңгіме жазып отырғанын жақсы білген. Жазушының қоғамға қай тұрғыдан келуі керектігін де өз тұрғысынан шешіп қойған. Дегенмен әңгімелер постмодернизмнің араб үлгісін айнытпай сақтаған.
Төртінші кезекті араб жазушыларының басқосуында Уахиф Асадқа негізгі баяндама жасау міндеті жүктелген екен. Бұдан араб дүниесінің осы жазушыдан көп нәрсе күтіп отырғанын аңғарамыз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.