Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
«Астана Опера»: ғажайып жетістіктер маусымы...

15.07.2024 835

«Астана Опера»: ғажайып жетістіктер маусымы

«Астана Опера»:  ғажайып жетістіктер маусымы - adebiportal.kz

«Астана Опера» XI театр маусымын К.Вебердің «Ерікті мерген» операсының концерттік орындаудағы премьерасымен қорытындылады. Бұл ғажайып өнер туындысы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткенін айта кетейік.  Жалпы алғанда осы маусым көрермен үшін де, «Астана опера» театры ұжымы үшін де ауыз толтырып айтарлықтай шығармашылық жаңалықтарымен, ерекше әсер мен көрермен ықыласына толы гастрольдерімен есте қалып отыр деуге болады. 

Былтырғы маусым Герман Левенскольдтың «Сильфида» балетінің премьерасымен басталып, төрт күн бойы – 29 қыркүйектен 3 қазанға дейін көрермендер балет өнерінен ерекше ләззат алып, әр қойылған сайын өзгеріп отыратын орындаушылар құрамының өнеріне тәнті болғаны туралы кезінде өз порталымызға жазған едік. Ал өткен сәуір айында опера труппасы К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында Г.Доницеттидің «Қоңырау, немесе Дәріханашының неке түні» комедиялық операсының премьерасын ұсынып, көрермен ілтипатына бөленді.  Бұдан бөлек, «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында отандық балетмейстерлердің қойылымында ұлттық балеттік нөмірлердің премьералары өтті, бұл – төккен тердің нәтижесі, ұлттық мәдениетті қолдаудың және дамытудың дәлелі ретінде көрінді. 

Естен кетпес өнер сапарлары

Театрдың гастрольдік кезеңіне тоқталатын болсақ,  былтыр қыркүйекте «Астана Опера» шығармашылық сапарын Грузия елінен бастады. «Тбилисидегі дала үні» концерті Ш.Руставели атындағы Ұлттық мемлекеттік академиялық театр сахнасында өтіп, қошемет пен қолдау білдірген көрермендердің ыстық ықыласы ерекше болды. Қазақстандық әртістердің биік кәсіби деңгейдегі өнері қос ел үшін айтарлықтай маңызды мәдени оқиғаға ретінде бағаланды. 

Қарашада театр труппасы Мәскеуге аттанып, ол жақта «Музыканы көру» VIII халықаралық музыкалық театрлар фестиваліне қатысты. Дж.Россинидің «Жібек саты» спектаклі қалың көрермен жинап, музыка сыншыларының жоғары бағасына ие болды, бұл өз кезегінде «Астана Опера» әртістерінің жоғары кәсіби шеберліктерін, үздіксіз дайындық пен еңбектің деңгейін дәлелдеп берді. 

Желтоқсанда театрдың балет труппасы, оркестрі алғаш рет «Дубай Опера» басшылығының арнайы шақыруымен Дубайда өнер көрсетті, гастроль осы «Дубай Опера» сахнасында өтті. Бағдарламада Араб Әмірліктерінің хор әртістерімен бірге Г.Ф.Гендельдің «Мессия» ораториясы, сондай-ақ П.И.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетінің бес спектаклі көрермен назарына ұсынылды. Бұл оқиға театрдың өнер насихатының көкжиегі мен жарапиясын кеңейтіп қана қойған жоқ, сонымен қатар оның халықаралық беделін де нығайта түскені анық

«Астана Опера» хоры да еліміздің мәдени өмірінде өзінің ізін қалдырды. Бас хормейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтың жетекшілігімен әртістер Қарағандыда гастрольмен өнер көрсетті. Мамырдың соңында «Шалқыма» концерт залында шығармашылық ұжым Дж.Пуччинидің «Messa di Gloria» туындысын таныстырды. 

«Астана Операның» баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, гастрольдер тізбегінің соңы балет труппасының Словения астанасы Люблянадағы 72-ші халықаралық жазғы фестивальге сапарымен түйінделді. «Астана Опера» труппасы А.Хачатурянның аңызға айналған «Спартак» балеттік спектаклін ұсынып, көрермендер мен сыншылардың оң пікіріне ие болдыБұл да театр тарихының бір жарқын белесіМұндай әдемі сәттер жиірек болғаны көрермен есінде шығар. Айталық, «Астана Опера» сахнасында былтырғы қарашада Өзбекстаннан Ә.Науаи атындағы мемлекеттік академиялық Үлкен театр опералық және балеттік нөмірлер енген ауқымды Гала-концерт ұсынып, елорда тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шыққаны да бір жарқын сәт деуге болады. Ал 17 ақпанда К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі Мадина Файзиева ұлы композитор Сергей Рахманиновтың 150 жылдық мерейтойына арналған жеке концерт берді. Бұдан бөлек 16 сәуірде осы зал сахнасы париждік жас әнші әрі композитор Габи Артманды қарсы алды. Контрабасшы Элен Бомон, баранбаншы Бруно Марми және пианист Флориан Робэн сынды музыканттардың сүйемелдеуімен Габи көпшілікке вокал мен аспаптық музыканың бірегей үйлесімділігіне толы ерекше бағдарлама ұсынды. Концерт заманауи музыкалық өнерді бағалайтын жандар үшін нағыз мерекеге айналды. 

Сахна төріндегі салтанатты шақтар

Есте қаларлық оқиғалардың бірі – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі тағайындаған өнер саласындағы Umai-2023 екінші ұлттық сыйлығы. Салтанатты рәсім «Астана Опера» сахнасында өтіп,театр спектакльдері түрлі аталымдарда мәдениет, өнер және спорт саласындағы жетінші Ticketon Award қазақстандық сыйлығын жеңіп алды. Ғ.Мүсіреповтің либреттосына қойылған Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» ауқымды ұлттық опера спектаклі «Жыл операсы» атағын иеленсе, ал Р.Ребектің қойылымында «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» әсерлі хореографиялық туындысы «Жыл балеті» сыйлығын алды. «Астана Опера» балетінің дарынды солисі Шұғыла Әдепхан «Жыл балеринасы» атанумен қатар жалпы дауыс саны бойынша барлық аталымдарда көш бастады, бұл оның жоғары шеберлігі мен көрермендердің оған деген махаббатының көрінісі. 

Ия, шынымен де бұл маусым «Астана Операның» беделді халықаралық байқауларда марапаттар иеленген жас солистері үшін де олжалы болғаны анық. Осы жетістіктердің кейбіреуіне тоқталып өткеніміз абзал. Мысалы, Дінмұхамед Көшкінбаев Opera Crown Tbilisi халықаралық вокалистер байқауында үшінші орын алды, сондай-ақ арнайы жүлде – Будапештегі концерт пен З.Палиашвили атындағы Тбилиси мемлекеттік опера және балет театрының қойылымына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Өнерпаздың табысты қадамы жалғасып, ол «Культура» арнасындағы «Большая опера» халықаралық телевизиялық жобасында кәсіби қазылар алқасын да, телекөрермендерді де өзінің ғажайып талантымен, харизмасымен тәнті етіп, жобада жеңіске жетті. Театрдың балет әртісі Қуат Кәрібаев та Ресейдегі «Одиссея-Arts» халықаралық көпжанрлы арт-олимпиаданың «Хореография» номинациясында I дәрежелі лауреат атанды. Өнер сарапшылары оның көрсеткен өнері жоғары шеберлігі мен көркемдік мәнерлілігі үшін айрықша бағалады. Бұдан бөлек, «Астана Опера» солистері Нұржамал Үсенбаеваның бірінші халықаралық вокалдық өнер байқауына қатысуы, онда Расул Жармағамбетовтың Бас жүлдені иеленуі осы маусымдағы айшықты сәт, ауқымды жетістік болды. Оның қуатты дауысы мен әсерлі орындауы қазылар алқасы мен көрермендер үшін ұмытылмас әсер болды. Екінші сыйлық «Астана Опера» Халықаралық опера академиясының тыңдаушысы Фируза Рахметоваға берілді, ал театр солисі Ұлпан Әубәкірова үшінші орынды иеленді. 

Бұдан бөлек, театр жас дарындарға қолдау көрсетіп, беделді музыкалық додалардың бірі – Познаньдағы Генрик Венявский атындағы ХVI халықаралық скрипкашылар байқауының жеңімпазы Меруерт Карменова сынды тамаша музыканттарға елордалық сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік тудырғаны. Сонымен қатар «Астана Опера» көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары Бекзат Рақымов (Мәскеу / Алматы) және Александр Кутузовтың (Алматы / Мәскеу) концерттерін өткізді. 

Шетелде де қошеметпен қарсы алды

Мақала басында айтылған өнер жеңістері мен иеленген марапаттардан бөлек, әртістер шетелде де «Астана Операның» атын шығарды. Театрдың бас дирижері Алан Бөрібаев Хельсинкидегі Фин ұлттық операсында 2024 жылғы 9 ақпан мен 19 наурыз аралығында өткен П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсының ондаған спектакльдерінің топтамасына дирижерлік етті. Бұған қоса, А.Бөрібаев Венгрия астанасы Будапеште М.Мусоргскийдің «Борис» Годунов» операсының премьерасын және С.Прокофьевтің «Соғыс және бейбітшілік» операсын ұсынып, сыншылар мен көрермендердің жоғары бағасын алды. 

«Астана Опера» театрының солисі Азат Мәлік Будапештегі Венгрия мемлекеттік опера театрының шақыруымен Дж.Пуччинидің «Богема» спектаклінің топтамасында Шонардың партиясында зор табыспен өнер көрсетті. 

«Астана Опера» балетінің әртістері де халықаралық сахнада тамаша өнер үлгісін көрсетті. Жетекші солист Бақтияр Адамжан мен дарынды солист Анастасия Заклинская Женевада Ролан Петидің «Бозбала және өлім» балетінің премьерасына қатысты. Сондай-ақ Бақтияр Адамжан театр примасы Айгерім Бекетаевамен бірге Кипрдегі Курион тарихи амфитеатрында өткен Гала-балетте табысты өнер көрсеткен еді. Олардың орындауындағы Риккардо Дригоның «Талисман» және Арам Хачатурянның «Спартак» балеттерінен па-де-де кипрлік аудиторияға зор әсер еткенін айта кетейік

Фестивальдер – ақ қанат армандар

Осы маусымда жас дарындарды қолдауға және дамытуға айрықша көңіл бөлінді. К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында өткен BALA MUSIC FEST Қазақстанның түрлі өңірлерінен балаларды жинады. Бұл республикалық ауқымдағы фестивальдің тұжырымдамасы жас дарындарға кәсіби өнер әлемінің есігін ашып, балалардың шығармашылыққа ынталанып, музыкалық дамуына қолдау көрсетуді мақсат етті. Сондай-ақ «Астана Опера» классикалық музыканы ұнататын жандардың назарына театрда дәстүрге айналған Double Reed («Қос түтік») фестивалін ұсынды.  «Астана Операның» баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, елордада 31 мамырда ашылған «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалін көпшілік асыға күткені мәлім, өйткені оның өткізілуі – әрқашанда жаздың ең айтулы мәдени оқиғаларының бірі есебінде. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Астана Опера» сахнасында ұсынылған жиырмадан астам қызықты шараға түрлі елдерден танымал әртістер қатысты.  Әртүрлі дәуірлердің өнерін біріктірген мәдени марафон 13 шілдеге дейін жалғасып, көрермендерге опералық қойылымдар, балеттер мен концерттік өнер көрсетулерді қамтитын мазмұнды бағдарлама ұсынды. 

Өнер бастауын мейірімнен алады

«Астана Опера» өзінің айтулы шығармашылық табыстарымен ғана емес, сондай-ақ қайырымдылық істерімен де жұртшылық көңілінде қалмақ. Осы жылдың басында елдегі Балалар үйлерін, жағдайы төмен отбасыларды қамтыған «Балалар және өнер» ауқымды қайырымдылық жобасына ізгі ниетпен атсалысты. Мысалы Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні (2 сәуір) театр «Abaqus-daryn» білім қорымен бірлесіп, «Күн баршаға нұрын төгеді» дәстүрлі қайырымдылық концертін өткізді. Бұл күні ерекше қажеттіліктері бар балалар өз шеберліктерін паш ету үшін К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасына шықты. Сонымен қатар театр ұжымы әлеуметтік жауапкершілік танытып, тасқын судан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жөнелтті. 

Жаңа маусымға жаңа күшпен...

Осылайша маусымды қорытындылай келгенде, бұл аралықта «Астана Операның» таңғалдырарлық нәтижелерге қол жеткізгенін көреміз. «Астана Опера» баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, тұтас маусым ішінде театрға 90 мыңнан астам көрермен келген. 54 балет, 59 опера (оның 43-і Үлкен залда), 93 концерт пен К.Байсейітова атындағы Камералық залдағы 16 шағын операны қосқанда 261 іс-шара өтіпті. Театр фойесінде репертуарлық спектакльдерге, имидждік шараларға, сондай-ақ «Астана Операда» ерекше орын алатын балалар шығармашылығына арналған 55 көрме қойылыпты. Бұның бәрі еңбек, қаншама ізденістер мен дайындық. Балалар қолөнер студиясының тәрбиеленушілері Наурызға және Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 2 маңызды көрме өткізді. Жалпы, театрда Балалар театр студиясының хор, балет және қолөнер бөлімдері қызметін ойдағыдай жалғастыруда. Масс-медиада үш тілде 504 баспасөз-релизі жарияланып, қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдері 5 мыңға жуық материал шығарған, бұл театрдың қызметіне жоғары қызығушылық бар екенін айғақтайды. 

Айтпақшы, алдағы күндері  театр кезекті демалыста болғанда елордалық көрермендер мен қала қонақтарын  гастрольшілер – Корея заманауи би ұлттық компаниясы мен Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының труппаларымен кездесу күтетінін ескерте кетейік. Сондай-ақ тамызда К.Байсейітова атындағы Камералық залдың есіктері ашық болады. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар