Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨНЕР
/
Байырғы қазақ танымындағы өнерпаз бүгінгі «артист»...

Байырғы қазақ танымындағы өнерпаз бүгінгі «артист» емес

145

Байырғы қазақ танымындағы өнерпаз бүгінгі «артист» емес - adebiportal.kz

«Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойласаңшы бос қақпай елең-селең…».

Кез келген адам өміріндегі музыканың орынын Абайдың осыбір өлеңімен ғана түсіндіруге болады.  Рас, адамның дүниеге шыр етіп келген күні де әуен болса, оны жер қойынына табыстаған қаралы жоқтау да ән.  

Дүниеде өтіріке көнбейтін жалғыз-ақ дүние болса, ол музыка шығар. Рас, сіз кейде жабырқап жылайсыз я шаттанып қуанасыз. Көкірекке көтеріліп, көзге жас болып құйылған сол қайғы мен қуанышты бұрмалауға әсте адам әмірі жүрмейді. Бақсаңыз бұл адам ауызынан әріптер тізбегі емес, тек әуез ғана болып сыртқа шығады.

Ал, сөз шіркін олай емес. Әр ахуалға қарай жүз шалқып, мың құбыла береді.
Егер де адам кеудесін домбыра шанағына балайтын болсақ, оның перне бетінен пенде пешенесінің әуезін ғана естуге болады. Себебі музыка  өз дәуірінің тамыршысы мен айнасы. Айталық, кешегі алапаты асқан Алтын Орда дәуірінде милитаристік (асқақ рухты, жауынгер) музыканың бәсі биік болды. 

Одан кейінгі отарлық езгі  ұлт музыкасына да өз әсерін тигізбей қоймады. Елдің сүйегі жасып еркіндігі шектелді. Енді қазақ музыкасы мажорлы әуезден  гөрі  минорлы музыка табиғатына қарай ауысты. Мұның басты себебі халқымыздың  көзінен жас, көкірегінен қайғы сейілмеген кешегі кермек тағдырымен ұштасып жатқандығы болса керек.  

Мұң мен қайғы  отар халыққа тән. Қарғыс пен сіле де сол секілді. 

Қарғыс – әділет принципі жұмыс жасамаған қоғамның негізгі көрінісі. Әгәрәки, қазақтың  қарғысын жинап құрастырар болсақ, қанша том еңбек шықса, оның көрген қорлығы мен шеккен бейнеті де сонша том  болады деген  қорытынды жасауымызға  болады. 

Жалпы музыканың  басты мандаты  көрермен  көңілін көтеру (секірту немесе билету) емес, адам эстетикасын қалыптастырып, танымын  ізгі ойларға жетелеу. Өйткені  музыка спорт секілді бұқаралық өнер емес, ол ең әуелі жоғары элиталық өнер.

 

***

 

Саз  өнерінің   ең  бір  синкретті  саласы  күй  өнері  екендігі анық. Күй   адамның дер (сол)  шақтағы көңіл  сезімі   дейміз. Біз  қатып-семген  осы бір  теориялық   анықтамаға  өзімізше   былай  деп түзету  жасаған  болар едік.   

Сөз – сүреңсіз,  ой – шорқақ.    Кейде сөздің  де  алымы мен шалымы  жетпейтін   кездері  болады  (Айталық,  мен  мұны  тілмен   айтып  еш жеткізе  алмаймын  дейтін ақуалымыз  осының шын  айғағы ғой). Қуаныш  пен  қайғының  адам  басына  алма-кезек аялдайтыны  рас  болса, мұндай  жағдайды  әрқайсымыздың бастан   кешіреріміз  анық. Бұдан  шығатын  ой жосыны,   күй  дегеніміз  адам   сөзі   түгесілгеннен  кейін басталатын  кеңістік.  Дәлірек айтсақ,  күй  дегеніміз – сөздің  шарықтау  шегінен (кульминациясынан)   кейінгі  орнайтын   хал.  Енді мына бір дүниені де қосымша айта кетейін.

Бұрнағы протоқазақ (арғықазақ)  күйді қара сөзше түсінген. Өзіңіз ойлап көріңізші, бүгінге дейін бес мыңнан астам ән, он мыңға жуық күйді есте сақтап келген мұндай ғажайып ұлт жадысын қандай қисынмен түсіндіріп беруге болады?

Бұған жалғыз-ақ феномен жауап бола алады деген пікірдемін. Ілкі қазақ нәсілі күйдің барлық сюжеті мен мазмұнын кәдімгі қара сөздей түсінгендігінде болып отыр. Бұған кешегі Кетбұғаның «Ақсақ құланы» мен Құрманғазының «Ертең кетемін» іспетті күйлерінің тарихы куә. Онсыз да екінің біріне мәлім бұл күйлердің тарихын айтып, асыл уақыттарыңызды алмай-ақ қояйын. 

Сосын, тағы бір қосақтап айтатын дүние бар. Бұрын қазақта «халық артисі» немесе «еңбек сіңірген қайраткер» деген секілді атақтардың ешқайсысы болмаған. Ендеше тыңдарман өз өнерпаздарын қалай бағалаған? 

Өнертанушы Т. Әсемқұлов бір жазбасында «...Барлық жағдайда төмен талант біріншілікке таласады, өзінен биік талантты шығармашылық кеңістіктен ығыстырып шығаруға тырысады» дейді. Таласбектің осы жердегі «төмен талант» тезисі ерекше ежектеуді қажет етеді. Әрине, бұл жерде кәсіби бәсеке ұғымы басқа мәселе. 

Негізінде өнердің төл қағидасына салып төрелетер болсақ, мәртебелі төрде (яғни біріншілікте) өнердің өз обалы мен сауабы, сосын ұлы жауапкершілігі ғана тұруы тиіс. Шын өнерпаз осы қағидаларды ғана өмірбақи төбесіне көтеріп тәу етеді. Бұл болмаған жерде сөз жоқ өлермендік  алдыңғы шепке шығады. Кешегі қазақ танымындағы өнерпаз бүгінгі «артист» емес. Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Адамдардан артист жасап, сол артистен қайтадан адам жасай алмай жүрміз» пайымы да осыған саяды. Ендеше шын өнерпаз бен «артисті» еш  шатастыруға болмайды. Кәсіби өнер ешқашан да публика мен сахна үшін жасалмайды. Хас өнер табиғаты сыр мен танымгерлікке тән.  Ал әртіс ше? Әртістің бар «біріншілігі» не дейсіз ғой? Олардың табынған «құдайы» тек ғана публика. Публикаға маталған «өнердің» бар шындығы шапалақ пен желбуаз мақтанға ғана тәуелді болады.  Айталық, бұрнағы күйшілердің  деңгейі мен дәрежесі  жер астындағы жыланды елітіп, сол секілді ботасы өлген аруана нарды идірген өлшемдермен ғана анықталатын болған. Неге десеңіз, музыка бір адам баласының ғана емес, барлық жан біткеннің өзара ортақ мүлкі.

Бұл сөзімізге кешегі «Нар идірген» күйінің тарихы куә (Айтпақшы, осы «Нар идірген» күйінің тарихын көркем шығармаға айналдырған Тахауи Ахтановтың «Күй аңызы» деген ғажайып әңгімесі бар).

Қайталап айтамыз, әуен дегеніміз  жалғыз адам баласына ғана емес,  жан-жануар,  керек десеңіз күллі тіршілік атаулыға тән, ортақ олжа. Ол Ахтанов шығармасында айтылған Естемес күйші секілді ұшқан құс пен жүгірген аңды өз үніне  елітіп, елжіреткенімен ғана өнер. Мінекей, кешегі қазақ танымы нағыз  дәулескер күйшілер мен саңылақ өнерпаздар деп осындай жандарды ғана айтқан. 

 

***

 

Өнердің де қарашаңырақ ұстар өз мирасқоры болады. Осы жағынан келсек, Нұрғиса Тілендиев музыкасы – шаңырақтағы сары уызға тойып бұйраланған сүт кенже перзенттің бетіне ешкім жел болып тимеген бұла мінезі сынды.  Рас, «Махамбет» күйі бұла мінез болса «Көш-керуен» ұлы философия. Ол ғұмырдың тым келте, сүтпісірім екендігінің баяны. Осы орайда біз жаңсақ түсініп жүрген мынадай бір дүние бар.

«Көш-керуен»  «Қыз-Жібек» көркем фильмінің ғана емес, ең әуелі бұл исі адамзат ғұмырының көші. Бір күні сіз бен біз дүрмегіне ілескен ғұмыр көші де көп ұзамай түгесіледі. Жол үстіндегі қара нардың да белі талып шөгеді дейді. Міне, музыканың қысқаша мазмұны осыған саяды. 

 «Көш-керуеннің» екінші нұсқасы бар. Дәлірек айтсақ мәтіндік интерпретациясы «Құстар әні».

Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып,

Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып.

Зымырайды менің бала кезімдей,

Бір жалт етіп өте шыққан сезімдей.

Құстар, құстар сызылтып ән салады,

Сол әнімен тербетеді даланы.

Ал, адамдар күліп бастап өмірін,

Кетерінде жылай да алмай қалады.

Біздің жаққа бауыр басып кеткен бе,

Тамаша әнмен келіп еді көктемде.

Өскен жерге сыймай кетіп барады,

Өскен жерін қимай кетіп барады.

Байқадыңыз ба, бұл да көш туралы өлең. Адамның түбі бір түпмекенге оралуы мен аттануын есепке алсақ, осы жердегі «құс» ұғымын Кемпірбайдың көкала үйрек түсінігімен де ұштастыруға болады. Ендеше, «қайтқан құс» шыққан жан есебінде бахиға бет түзейді десек, бұл әуен ең әуелі ұлы сапар туралы сыр болып саналады.Бұл әуен жаныңа бағышталып оқылған жаназа дұғасы іспетті...

«…ӨСКЕН ЖЕРГЕ СЫЙМАЙ КЕТІП БАРАДЫ

ӨСКЕН ЖЕРІН ҚИМАЙ КЕТІП БАРАДЫ…».

Шіркін-ай, қандай жүрек шабақтайтын қамырық сөз десеңізші…

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan